Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Үш тоғыс...

13.01.2016 4203

Кәдірбек Сегізбай: Үш тоғыс

Кәдірбек Сегізбай: Үш тоғыс - adebiportal.kz



469883_487982634_927_Segizbay_Kadirbek.jpg


1. Тау тұтқыны


Дөңгежат қомыт-қомыт ескі туырлықпен қапталған есікті таңға таяу келіп тырмалап, ұзақ қыңсылады. Қыстың қандай қызылшұнақ аяздарында қора маңын шола айналып жатпайтын сақ төбеттің де сүрепетінің кеткені ме, әлде қырының қашқаны ма, соңғы екі-үш күннен бері осындай өнер шығарып жүр. «Текті иттің тұқымы адам жатқан баспанаға бас сұғар ма, шіркін. Аштық алапаты хайуан екеш хайуанды да қанға сіңді қасиетінен жаңылдыр­ған-ау. Сорлыны үйге кіргізіп итаяғына тым болмаса су құяйыншы».


Бәтес жып-жылы болып бауырына кіріп ұйықтап жатқан Өлместі тұлып тонмен қымтаңқырады да ауыр қозғалып, орнынан көтеріле берді.


– Тәте, Дөңеят па?


Ол селк етіп, қараңғы үйдің ішіне үдірейе үңілді. Қапелімде оқыс шыққан үннен үріккендей оты сөніп, әлдеқашан суынып қалған тас пешке сүйене берді. Азынаған суықта қараңғы үйдің іші сол сәтте тіршілік иелерінің мекеніндей емес, елсіздегі иесіз үңгірдей тым қорқынышты көрінді. Жаңағы дауыс иесі енді-енді алқымнан ала түсердей тұла бойын әлдеқандай бір суық ызғар қарып өтті.


– Тәте, қайда баясың?


Ол сонда ғана тосын үн иесінің өз сәбиі Өлместің даусы екенін есіне алып, жер төсекке еңкейе берді.


– Ешқайда бармаймын, жаным! Қорықтың ба, құлыным, есікті тырналап тұрған өзіңнің Дөңгежатың ғой, – деді ол қызын бауырына қысып.


– Дөңеят па? Е, мен қасқи екен деп...


Үш жасар сәбидің өзінен әлдеқайда сабырлы шығып, мынау меңіреу қараңғылықтың ішінде үлкен адамдай орнықты сөйлегеніне Бәтес бір жағынан таңданса, бір жағынан ұялғандай күйге түсті. Ол баланы құшақтаған қалпы барып, есіктің ілгегін ағытты.


– Қасқыр емес, жарығым. Дөңгежатың ғой өзіңнің. Тоңдым дейді, әне қарашы, дірілдеп кетіпті. Қасқырдың бізде несі бар? Олар біздің Дөңгежаттан қорқады... Әй... әй, қасқырлар, кетіңдер аулақ! Жоласаңдар, Дөңгежатты жіберіп, бір-ақ өлтіртем... Әне, көрдің бе? Ештеңе де жоқ. Ол баласын ғана емес, өзін де алдандырып жүргендей. Итті үйге кіргізіп, есікті ілгенше әлдебіреу сәбиімен қоса мынау үңірейген терең шатқалға қарай сүйреп ала жөнелердей сезінді.


Ашылған есіктен итпен бірге бір құшақ аяз да ішке лап қойды. «Ием-ау, неғып мұнша құтымыз қашып кеткен? Жуынды-шайындыны да құюды қойғаның ба?» дегендей, тілсіз мақұлық өздерінің де өзегі талып, өмірлері өксіп тұрған панасыз қос тірі жетімнің аяғына қыңсылап оратыла түсті. Тілі болса дәл осылай деп мұңын шағып, жылап жатыр дейтіндей.


Бәтес қойнындағы сәбиіне сездірмейін дегендей, үнсіз көз жасына булықты. Іштей егіліп, бүкіл жұмыр жер үстінде иесіз-панасыз қалған осы үшеуіндей ғана сезінді, тұщы өмір үшін тайталаста халдері таусылып, мүлдем жығылуға шақ тұрған күйлерін әбден мойындағандай. «Қайтейін-ай, қайтсем шыбын жаныңды қорғап қалармын?! Қайтсем ит қорлықты өмірімді сенің тіршілігіңнің өтеуіне құрбандық қып беремін! Лағынет атсын да бүйткен күйді, бүйткен күнді! Бұл пендеңді жаратып алып, осынша қор етермісің, тәңірім?! Қандай күнәміз, қандай қылығымыз үшін осынша қорладың біз бейбақты?!» Кеудесін булықтырған өксік сыртқа лықсығанда ол өзін өзі ұстай алмай иен үйде дауыс салып қоя бергені. Тек анасының кеудесін ұлы қорған көріп, құйттай жанын сол ұлы қорғанға ғана паналатқан сәби де қараңғы үйде дауыс салып күңіренген ана үнінен үрейі ұшып, шыр­қырап қоя берді. Оянса есі, ұйықтаса түсінен кетпейтін жалғыз үміт, жалғыз тірегі әкесін шақырып, «көкелеп» безілдесін-ай.


Бәтес ешкімге шаға алмаған мұңын, ешкімге айта алмаған зарын өзіне ғана айтып, неше күндей жанын қинаған зіл-запыранды көз жасымен жуып жеңілдетейін дегендей, біраз уақытқа дейін өзін тежемей, емін-еркін жылады. Аштық алапатымен бірге жанын жегідей жеп бара жатқан жалғыздықтың құсасы кеудесіне сыймай, дәл осы сәтті тосқандай, толастамай ақтарылсын-ай. Мүлгіген меңіреу орман, мелшиген құз-жартастардың ортасына қамалған жалғыз тіршілік ұясы – қашқын Қоңырбайдың үй-іші беймезгіл кезде өстіп ұлардай шулап жатты.


«Төбеңнен жүргір, Қоңырбай, өзіңнің су аяғы құрдымға батқаныңмен қоймай, бізді де ит пен құсқа жем қылып, екі көзімді төрт етіп кеттің-ау! Маңдайсыз жаралған қу сорлы-ай, өлімтігіңді де көре алмай қапасқа қамалған түріміз болса мынау!»


Ол енді бағанадан тәңіріне тіккен кәрін кешегі мәңгілікпіз дескен, бүгінгі өлі-тірісі белгісіз, хабар-ошарсыз жоғалған қосағы Қоңырбайға бағыштады. «Жетер, жетер енді, қой-ей!» дейтін ешкім жоқ, еркінше біраз егілген соң өзін-өзі тоқтамға келтірді. Не де болса қарда қуат, бойда әлің барында бүгін бір қам жасап қалмаққа белді бекем буып тұрған беті. Көз жасын сығып тастап, Өлмесін уата бастады.


Егер осылайша қам-қарекетсіз жата берсе, әрі кетсе үш-төрт күннен соң екеуінің де аштан өлетінін ол жақсы біледі. «О, жаратушым, мені Өлмесімнің алдында ал!» Бірақ ол өз ойынан өзі шошып кеткен. Бұл бұрынырақ көз жұмса, құрттай сәбиі не болмақ? «Жо-жоқ, не болса да, тіпті ажал атты зұлматты да бір сәтте, бір-ақ көрулері керек. Егер перзенті бұрын үзілсе, бұған да жарық дүниенің жарты бақырлық құны жоқ. Не болса да бір сәтте, бір-ақ көрулері керек. Әйтпесе, әлі қу тіршіліктің жағасына жармасып көреді...»


– Қоя ғой, жаным! Көкең келеді. Көп-көп ет әкеледі. Екеуіміз ет пісіріп жейміз әлі. – Бала да жылауын қоя қойып, өзек жалғар ас атын естігеннің өзіне алданғандай бір сәт тыншып, ұзақ өксіді.


– Қазір, құлыным, от жағамыз. Содан кейін... Содан кейін...


Ол от жаққан соң «тамақ пісіреміз» дей жаздап барып, сөзінің соңын айтпай, көмейінде бөгеп қалды.


Жалма-жан пештегі күлді көсіп-көсіп жіберіп еді, жатардағы тастаған кесек томар әбден жанып бітіпті. Бәтестің екінші бір қор­қынышы дәл алдынан тағы да шыққандай. Аштықпен қоса бой жылытып отырған оттан айырылса не болғаны? Қара көсеуді қара пештің ішіне емес, қатыгез тағдырының қолқа-жүрегіне көмейлете салғандай, жан ұшыра күлді ақтара бастады. «Амалым бар ма? Енді қайтейін?! Албасты басып, ұйықтай қалғанымды қарашы!» деген ой сол сәтте өзі күйреп отырған адамды одан әрі күйіндіре түсті. Әйтеуір, бір кезде үміт отындай болып, түймедей ғана қып-қызыл шоқ қалың күл арасынан жылт ете қалды. Жаңағы шоқты күлімен қоса жалаңаш қолымен көсіп алды да, пештің аузына таман алып шықты. Дәл сол кезде көздің қарашығындай шоқ емес, ат басындай алтын табылар болса, дәл осылай қуанып, дәл осылай қарбалас халге түспеген болар еді. Ыстық қоламтадан шыққан бетте жайнаған шоқтың жүзі бірден қарауытып, сол сәтте-ақ өшіп бара жатты. Жаңа ғана жылт етіп көрінген үміт ұшқынын, тіпті өмірдің ащы-тұщысының дәмін татып көрмеген құйтақандай сәбиі екеуінің мынау жарық дүние­де әрі қарай тіршілік етулеріне хұқылары бар-жоғын да үзілді-кесілді шешіп бергелі тұрған бір түйір шоқты сөндіріп алу Бәтес үшін бәрінен де айырылып қалумен бірдей еді. Жаңа ғана суық үйден салқын тартқан денесі бір ысып, бір суынды. Жүрегі аттай тулап, қолы дірілдеді. Жаңа ғана қатты торыққан сәтінде қуалап әкеліп қу мединеге қамаған қу тағдырына лағынетін жаудыра-жаудыра ақ өлімді төсегінде сәбиін жүрегінің соңғы жылуымен жылытып жатып, қарсы алмақ та бол­ған еді. Енді сол тұщы өмір үшін арпалысты осынау көздің жасуындай ғана шоқты сөндіріп алмаудан бастағандай... Не үшін арпалысады? Тағы да миына әбден орнығып алған жалғыз ой, жалғыз мақсат қана. «Өзін қойшы, тіршіліктің аз-кем қызығын, бір басына жетерлік қырсығын көрген шығар. Өмір сапары осы иен шат­қалда тұйықталып тұрса шара қайсы, істер айла-шарғысы қайсы?! Құдай-ау, мынау қу жалғыздың, құрттай періштенің жазығы не еді? Жарық дүние үшін жаралған жап-жарық дүниеден тез кету үшін ғана келуі керек пе екен?! Соңғы рет қайрат жұмсаса, ақтық рет ит тіршіліктің жағасына өле көрдім, өлермендікпен жармасса – ол да Өлмесі үшін ғана!»


Оның шынында да қарауытып, мүлде сөніп бара жатқан бір түйір шоқ үшін жанталасуы өмір үшін күресінің соңғы ышқынысы еді.


Сол үшін жанын құрбан ғып бермек болып жүрген Өлмесі дәл сол сәтте қол-аяғы шидиіп, анасының қасына келген еді, Бәтес оны бір қағып, қалың ғып төселген жер төсекке шалқасынан түсірді де, қамзолының астарын тісімен жыртып, бір шөкім мақтаны алып шықты. Мақтаға түскен шоқ қоңырсық, бірақ жан­ға сонша жайлы түтін иісін бұрқ еткізді. «А, құдай-ай, бар екенің рас болса, жылатпа біздей пақырларыңды!» Ол тағы да үш-төрт үзім мақтаны алып, шуда жіптің жіңішкелігіндей көгілжім түтін шыққан тұсқа тастап, ақырын үрлей бастады. Өлеусіреген шоққа жан бітті. Ескі мақта бықсып түтіндеп барып лып етіп, құс тіліндей ғана жалын шығарды. Пештің аузында жатқан күйік шеке ұсақ шөмшектерді тұтанған от үстіне бір-бірлеп еппен тастап еді, олар да тұтанып үлгірді. Сол-ақ екен Бәтес қарағайдың асықтай-асықтай көмірлерін үйіп, үстіне тамыздықтарын тастай берді. Адам-анаға От-ана қайырымдылық жасады. Әрі-беріде-ақ бұрышын қырау жапқан атам заманғы ағаш кескендер салған қарағай үйдің ішіне тұнған қою қараңғылық от сәулесінен бірден серпіліп, бұл мекенде әлі де тіршіліктің таусылмағанын сездіргендей болды. Жаңа ғана үзіле жаздаған тіршілік талшығындай от жалыны ештеңе болмағандай, жаңа ғана көздің жасуындай шоқпен бірге осындағы үш бірдей жан иелерінің үміттерін де үзе жаздаған алауға жан кірді. Күндізден тасып үйге кіргізіп қойған қу қарағай бір тұтанып алған соң лаулай жөнелсін. Мынандай тар заманда оттық, сіріңке деген дүние өте қат бұйымға айналған. «Қандай-қандай заман болады?» деген оймен ішінде он шақты шырпысы қалған сіріңке қорабын бірер жылдан бері алтынның сынығындай ғып сақтап жүретін. Мынау елсіздегі мекендеріне келгелі сол сақтықшылдығының пайдасын көрген еді. Ең соңғы шырпысымен Қоңырбай барда от тұтатып, одан бері пештегі отты өшірмеуді ойлап есі шыққан. Енді міне өше жаздаған үміт оты қайта маздады.


Бәтес қазанға су құйып, отқа қойды. «Шынымен тамақ пісірер ме екен?» дегендей Өлмес қалқиып, қара қазанға еміне қарайды. Қазандағы қара су қайнағанша биік-биік таулар қоршаған терең шатқалдағы ұйып жатқан қараңғылық та серпіліп, айнала бозамық тартты. Осында келген бетте Қоңырбай қақпанға түсіріп ұстаған құлжаның қарнын керіп жасаған соқыр терезеден түскен сәуле тағы бір азапты түннің өткенін хабарлағандай.


Маздаған от пен сақылдаған қазан ішінде қайнаған қара судан дәмеленгендей, тынышсызданып отырған қызын ол кеудесіне қысқан күйі терең ойға шомды.


Уайымсыз, қайғысыз бұлаңдап өтіп кеткен опасыз қайран жас дәурен. Берекесі, бәтуасы жоқ, «Қайран ғана жастық шақ!» дегізіп еске түсірер буалдыр елес болып өте беріпті-ау, әттең. «Жастық шақ – қар суымен жөңкілген тау тасқыны іспетті, ал­қын-жұлқын бір дүние-ау. Буырқанып қалар, бұрқанып қалар, күні өтіп, күші қайтқан соң жаяу өткел, жайдақ суға айналар» деп отырар еді әкесі марқұм. Бұл жастығында тасқын болып тас бұзбаса да, келер күнге көз тікпей өмірін өткен дәуреннің салмағымен ғана бажайлап, уайымсыз күн кешіп еді. Асып-тасқан дәулеті болмаса да, қоңыртөбел тіршілігі бар әке жалғыз қызын жұрттан кем еткен жоқ. Сол әкенің: «Қалқам, қыз үшін қалыңмал сұрар заманды қасқыр жеген. Сол заман тұрса да, сен үшін мал сұрар кісің мен емес екенімді жақсы білесің. Өзің тапқан теңің ғой, өкінбей жүрсең, жыламай жүрсең болғаны. Құдайым Қоңырбаймен қосыныңды жарастырсын. Бердім батамды! Үй болып, түтін түтетіп отырсаңдар, отыңның басынан бірлікті тірліктеріңді көрсем сол да жеткілікті» деп, қол ұстастырған азаматы еді бұл. Енді міне, сол Қоңырбайдың жағадан жау алғанда бұларды ит өлген иенге тастап, өзінің қандай күйде жүргендігінен де беймағлұм қалдырып кеткені мынау. «Ей, опасы жоқ, обыр дүние, қандай тауқымет көрсе де, ағайын арасында жүріп, қай зобалаңды жұртпен бірге қарсы алса да, арман жоқ екен-ау».


– Тәте, қайным ашты! – Өлмес зарыға күткен қара қазанның қақпағы көтерілмегеніне шыдамы таусылғандай тағы да қыңқылдап қоя берді.


– Қайт дейсің, жаным! Тумай жатып тозағына салған құдайыңа жыламасаң... Шешең сорлы қоң етін пісіріп бермесе, басқа етер айласы қалып па еді?!


Өзінің де бар қажыр-қайраты таусылғандай жер тіреп, шұбалаңдап барып орнынан әрең тұрды. Төрт-бес тәулік бойы аш өзектен шеңгелін көме салған аштық әлегі буынды алып үлгіргендей. Тағы да сықсима саңылаудан ақ шаңқан қар тұмшалап тастаған елге асар асудан Қоңырбайды көздемекші. Жаман торымен ертелеп шыққанда күн түске тармаса асудың шоқтығына әрең ілініп еді. Содан бері үш-ақ тәулік өтті. Үш жылға бергісіз, үмітпен үздіктірген үш тәулік.


– Бәтесжан, қолда қару да жоқ. Жалғыз қақпанға жорғалаған жәндік түспегеніне де бір айдан асты. Қол қусырып қарап отырып өлмейік. Түнделетіп ел шетін шолып қайтайын. Менің жолымды тосып, аңдып отырған ешкім жоқ болар. Барып қайтайын. Құр қол оралмаспын. Аяз қайтқанша талғажау ететіндей азық тауып келсем болды. Біз әл жиғанша, көктемнің де шеті көрінер. Одан әрі күнгейдің жуасын теріп жесек те өлмеспіз, ілдәлдалап шекарадан да асармыз. Ол жаққа сүлдемізді сүйреп, аман-есен бір жетсек аштан өліп, көштен қалмаспыз. Қара тасқындай болып, ағылып барып жатқан аш-арықтың бәрі де жұмаққа кіргендей болмаған шығар, дегенмен ол жақта да іргесі бұзылмай отырған қалың жұрт бар еді ғой, аштан өлтірмес. Бірақ оған жеткенше де әл жинап, қорек қылатын бірдеңе таппасақ болмайды ғой... Мен ел жақты бір шолып қайтайын. Қолыма тоқты-торым ілінсе де олжа ғой, – деген ол бір тәуекелге бел буғандай.


– Қайдам, қорқамын, Қоңырбай! Колхоздың аз малын саған алдырмас, – деп Бәтес қауіп айтқан. – Мал аламын деп жүріп, қолға түссең күнің не болар, біздің күніміз не болар?! Оның үстіне малын алдырған өзің сияқты бір сорлының обалына да қаларсың. Бір тұяқты жоғалтқанның халық жауы болып, көзі жоғалып жатқанын да жақсы білесің. «Аш құлақтан – тыныш құлақ». Онан да осы торының шандырын қаужасақ қайтер, – деп, Бәтес қауіп айтып еді. Қоңырбай: «Жаман торыны жәукемдеу қашпас, тауанымды бір сынап келейін. Адамның алдында айыпты болсам қайтейін, алланың алдында кінәлі емесім хақ. Алсам күні кеше табан ет, маңдай теріммен табылған малды аламын. Адам малды аштан өлмес үшін жинайтын, ал сол адамдардың өзі аштан ісініп, өліп жатқанда кәдеге аспаған мал – арам. Қасақана барармын!» – деп қыңыр шауып, көнбей қойған.


Күнбе күн келетін кісінің уағдалы уақыты өткеннен бері күдікшіл қу көңіл маза бермей, әлде бір үрей шақырды. «Егер, егер...»


Оның жүрегі мұз кесегі болып қатып, шыт-шыт айырылып кеткендей болды. «Сақта, тәңірім, жаман атыңнан!»


Бәтес қаудырлап қатып қалған қарын терезенің бір бұрышын түріп, қарсы алдындағы қия беткейге көз салды. Түнімен үрлеп шыққан жаяу борасын үстірттің қарын жал-жал ғып, сай-салаға үйіп тастапты. Аспанмен тілдескен мәуе қарағайлардың көпшілігі белуарына дейін қарға көміліп, мүлгіп қалған. Өлі тыныштық. Елсіз жатқан төр жайлаудың аң-құсы да ауып кеткендей.


Өмір үшін күресте титықтап тұрған жан дәл қолының астында тұрған талғажауды да көрмей келіпті-ау. Қақпыш болып қатып қалған арқар қарнының да о баста ет дегеннің ауылынан шыққаны, оның да аш өзекті бір алдарқатуға жетерлігі еске түскенде ол бар азаптан құтылғандай қуанды. Терезе әйнегін жоқтатпаған болып, панасыз жандарға мынау сыртқы кең әлемнен соқыр сәулені көмескілендіріп қана жеткізіп тұрған аң қарыны қолма-қол дар-дар айырылып, қара қазанға түсті. Жалғыз саңылау құрыммен бітелген соң, үй ішін тағы да қара мақпал қараңғылық басты, бірақ қазаннан ұшқан қарын сорпасы буының жаңаша бір жағымды иісі бүкіл қолқаны қытықтап, есті арбағандай.


Қазандық пен пеште жанған от қызуына еліккендей шөкелеп, қимылсыз жатқан Дөңгежат та қозғалақтап, мынау жанға жағымды иіс аранын қоздырып жібергендей ыстық қазандыққа төніп, қыңсылаудан танбады.


Көп ұзамай ит те иесімен бірге нілі аз қарын сорпасынан татқанды қанағат етіп тыныш тапты. Бәтес әбден көзі қарауытқан соң қарыннан бір үзіп алып, ұзақ талмады. Екінші рет үзіп алуға дәті жеткен жоқ. «О, тәңірім, құйттай сәбиімнің алдында, тым болмаса бір шәй қайнатым бұрын ал!» деп күніне он мәрте тілеу айтып отырғанда қайдан өтсін өңештен. Жүдеп-жадап мойны қылқиған Өлмесі алақандай қақпышты жұлмалап, бірер кесе ыстық сорпасымақты ішкен соң аш өзегіне түскендей ұйықтап кетті. Ана жүрегі езіліп, тағы егілді. Мұңсыз, қамсыз сәби ұйқысы, тумай жатып, тағдыр тауқыметі маңдайына жазыла келген періштенің бір сәттегі қанағат тапқан түрі Бәтес жанына оның күн ертеңгі, ертең емес-ау, тіпті бүгінгі күйі ой салып, есін тандырғандай. «Есімін Өлмес қойғандағы бар тілегі осының амандығы емес пе еді. Жүрекке майша тиіп болған алдыңғы үш бірдей сәбиінің араларына апта салмай мынау тартысты, тіресті лаңға толы өмірден бейхабар күйлерінде аттанып кетулері мұны қанша қайғымен езгілеп, жаныштаса да осы Өлмес орталарына келген соң бәріне амалсыз көнгендей, көнгенді қойып, тәубаларына келгендей көрген. «Береріңді алсаң да, бергеңіңді алма» деп мойнына бұршақ салып еңірегенде көрген сәбиінің көрері осы ма еді! Балалары бірінен соң бірі шетінеп тұрмаған соң ырымдап, есімін де «Өлмес» деп қойып еді. Сол Өлмесі дерт емес, ашаршылықтан өлсе не болғаны? Обалы сенде Қоңырбай!..» Қарап отырып жан тәсілім еткенше, қарсыласып, қарманып қалмаспын ба бұл тіршілікпен! Жолға шығайын, су ішкілігіміз болса, ел шетіне іленерміз. Қоңырбай үшін екеуімізді де тірідей үйтіп жеу­ге даяр отырса да ел шетіне жетіп жығылайын».


Ол Дөңгежатты ертіп сыртқа беттеді. Терең сайдың қазан шұңқырынан сонау көз ұшында керіліп жатқан асуға жетудің жолын барлап қайтпақшы. Қоңырбай салған іздің орны да жоқ, жып-жылмағай етіп, қар басып тастаған. Өрге қадам баспай жатып-ақ сірне боп қатып қалған қардан тайып жығыла берді. Өкшесімен қар ойып, біраз жүрген соң алыстан теп-тегіс болып көрінген беткейдің әр жеріндегі үрінді қар жарқабақтанып қал­ғанын көрді. Баланы көтеріп шыққанды қойып, өз басын алып жүруі де кәдік. Биіктен құлаған көшкін іздері де тайға таңба бас­қандай сайрап жатыр. Тіпті баланы көтеріп, жоғары өрлей алған күнде де екеуінің көшкін астында қалулары әбден мүмкін еді. Ол жоғары өрлеуден ештеңе өнбейтініне көзі жеткен соң сай бойын құлдап біраз жүрді. Қысты қойып, жаз айларында жаяу адам жүріп болмас Қайындының кәнігі шатқалының сырын біле тұрса да жан далбасамен ұмтылып келеді. Қож-қож болған биік құздар жоғарыдан құдияды. Бәрі де «Қайт кейін, сен қамауда қалдың!» дегендей.


Бәтес біраз құлдаған соң алда келе жатқан Дөңгежаттың жал­ғыз қарағайдың түбіне шұқшиып, қыңсылап тұрғанын көрді. Иә, өлім, иә өмір деген тұйыққа тірелсе де, пенде шіркіннің пендешілігі оны да мойын бұрғызды. Қарағай түбіндегі қазан аузындай қуыстан бұрқырап шығып жатқан буды көрді. Ол жақындап келіп көрмек болып еді, ит қыңсылап алды-артын орай берген соң шегініп кетті. «Аю жатқан апанның аузын қар баспайды». Әлдекімдерден естіген осы сөз есіне түскенде ол жығылып-сүрініп кейін қарай қашты. Әбден амалы таусылғандай қалжырап келіп жығылды. Адамға құрылған ашаршылық тұзағынан, одан кісі қанының өтеуінен қашып құтыламыз деп жүріп, табиғаттың тұтқынында қалғанын әбден мойындап келіп жығылды. Мынау түйе бойламас қалың қар басқан терең шатқалдан амалдап шыққанымен бір күншілік ел шетіне күнде бораны ұлып тұрған қыс ішінде жас баламен жетудің орындалмас қиял екеніне көзі де жеткендей. Ендігі қолдан бар келері иә ажалмен, иә тіршілікпен ұштастырар күнді сабырлылықпен тоса білу.


«Сорлы-ау, аштан өлсең де адам қанын неге ғана көтердің? Еркек болып, мал бауыздаудан тайсақтай беруші едің, әлде неге бастадың? Қай көрмеген құқайыңды көрсетіп, қандай қасіретке бастадың біз сорлыны?!» – деп еңіреген еді сол сұмдықты алапат түнде Қоңырбайға.


– Сыңсыма әрі, колхоздың сырты түк, іші боқ бір малы үшін ырысы шайқалып, байлығы төгілгендей болып, басымызға әңгір таяқ ойнатқан құқайы үшін ғана өлген жоқ Байдәулет. «Жаңбыр бір жауса, терек екі жауады» деп, жоғарыдан «Шаш ал десе, төменде тұрып, бас алған» осындай итаршылардың кесірі – ел басына нәубет болып тиген. Өлсе сол итаршылығы үшін өлді. «Оспадар үкіметтің малын аяған бір сорлыны ғана азайттым мен. Ағайындары аштан қара шыбындай қырылып жатқанда өз қарнының тоқтығын күйттеген Байдәулеттер құрымай, елге жақсылық жоқ. «Болары болып, бояуы сіңді», аянар жерім қалған жоқ, олар да бізді енді аяй қоймас, жинал онан да! Таңға дейін тау сағалап үлгірейік, – деген-ді, Қоңырбай бар шешімін бірден айтып.


Айтқанындай алдымыздан бір шығар ма деген кебі енді келгендей. Адамды адамның қан жоса еткені түгілі біреудің ала жібін аттауды қиянат деп білер әйел жүрегі сол түннен бері-ақ Қоңырбай қолына жұққан адам қанының кесірі алдымыздан бір шықпаса неғылсын, деп үрейленер еді. Таңның атысынан күннің батысына дейін жаратушы тәңіріне жалбарынып, қосағының иә ақ, иә қара екені бір жаратушыға ғана аян қылмысының бодауына өзінің шыбын жанын ұсынып, жұдырықтай Өлмесін аман қалдыруын сұрар еді. Бүгінгі иықтан зіл болып басқан мынау зауал шақ қу медиен елсізде жатқан панасыз тірі жетім мен тірі жесірді қосып жалмамаса неғылсын деген суық ой да оның тұла бойын қалтыратып жіберді. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» сол күнгі Қоңырбайдың артық әрекеті, аңдамай асыра сілтеген шоқпары еді бұларды осынау күйге ұшыратқан. Бәрі де ойламаған жерден басталды...


«Жұт – жеті ағайынды» деген ып-ырас. Жаз бойғы аптап колхоздың аз ғана егінінің берекесін бек кетіріп, ерте пісірткен. Атқамінер белсенді атаулы қырманға дән түсе ұйқы-күлкіден айрылып, қызыл бидайды қызыл алтындай қорыған. Ол аздай ауданы ма, әлде одан жоғарысы ма, әйтеуір түстері суық, жүрістері суыт уәкілдер қара қарғадай қаптап, масақ терген бала-шағаны қуалап, ысқырынып алған. Тіпті, шиеттей төрт баласымен күйеуінен жесір қалған Дәмелі дейтін бір сорлы әйел сол аш-арық балалары үшін белін буған көйлегінің кеудесіне бес-алты уыс бидай жасырып әкелемін деп «халық жауы» атанып, сотталып кете барған. Жай ғана соттап жіберсе арманы жоқ-ау, колхоз бастығы деген лауазымға ие болғаны үшін құдаймен құда болғандай шіренген Байдәулет тамам жұрттың көзінше қорлап, Дәмелі байғұсты шырылдатып, таяққа жықты. «Байеке-ау, құдайдан қорықсаңшы» дегендердің өздерін де «Жаумен сыбайлассыңдар, сендерді де түрмеде шірітемін» деп доң-айбат көрсеткен. Сөйтіп, Дәмеліні құрбандыққа шала жүріп, аз бидайды алаулатып, жалаулатып аудан асырып, тасып алысты. Бұған дейін де тері-тарамысына ілініп келген жұрт бидай талқанына бір тойына алмай аштық алапатымен бетпе-бет келген. Оның үстіне қарашада қалың түскен қар бұл қыстың малға ғана емес жанға да алапат боларын ерте байқатып еді.


Күз ырысынан бір шағылдақ дән ала алмаған, оның үстіне қолында тышқақ лақ, соқыр тауығы қалмаған колхозшылардың көбі-ақ жер қара, күн жылыда түн жамыла көшіп, арғы бетке қарай шұбырған. Оларды тоқтатар күш табылмаған. Қанша үгіт-насихат жүргізілсе де, құрғақ уәде аш өзекті жұбата алмаған соң неше жерден қорқытып-үркіткеніне қарамай ел шіркін шұрық тесік ыдысқа салған құм сияқты сауылдай төгіліп, ортайып-ақ қалған.


Сонда Бәтес Қоңырбайға:


– Заман тарылып барады. Әл-қуатымыз барда біз де өлмес күнімізді қарастырайық, – деп құдайдың зарын қылған. Сонда ғой Қоңырбай: «Әке-шешемнің моласы жатқан мекенімді тастап қайда кете қояйын? Уақытша ғана күйзеліс қой. Етін жеп, сүтін ішіп жан баққан халықтың бар малын қидай сыпырып тартып алып, осынша опатқа ұрындырып отырған Байдәулет сияқты ақкөздердің қылмысын орталық әлі ести алмай жатқан болар. Бүтін бір жұрт уқорғасын жеген қойдай қырылып жатқанда қарап отырар деймісің? Күн-көсем аман тұрса, біздің халден хабардар болар. Нағыз халық жауларының Дәмелілер емес, Байдәулеттер екенін айтар. Қырқына шыдадық қой, қырық біріне де шыдайық!» дегенді айтып, орнынан қозғалмай қойған.


Қыс түсе колхоз басшылары Қоңырбайды колхоздың екі жүз қараға жетер-жетпес жылқысын бағуға шақырған. Елден аумай мекенінде қалғандардың ішіндегі ең сенімді, қарулы деген екі-үш жігітке осы бір аса қиын да жауапты жұмысты тапсырған. «Елдің шеті, желдің өті» дегендей, қыстың боранды қызылшұнақ аязында жүрген жігіттерге егін жиналып болмай қамбасын сыпырып алған колхоз бір шағылдақ дән тауып бере алмаған. Сойталдай үш-төрт жігітке берілген азық жалғыз қара серкенің ұшасымен тұйықталған. Шиеттей бала-шағалары қара қазанға қарап телміріп отырғанда қара серке тамақтан қалай өтсін, бөлісіп, үйлеріне апарып беріп, өздері ашыға бастаған.


– Жә, үйір-үйір жылқыны айдап жүріп, аштан өлгеніміз жараспас. Қасқыр да жеп кетер бір тулақ, семіз біреуін түн қараң­ғысында жығып алып, бала-шағаны бір тойдырайық, – деген жас жыл­қышының бірі.


–Иә, қасқыр жеп кетті дерміз, басымызды ала ма? Өйте берсе, осы колхоз үшін күні кеше жетелеп әкеліп қосқан өзіміздің маңдайға басқан қыл құйрықтарымыздан жиналған қос емес пе еді бұл бағып жүргеніміз. Қарап жүріп бала-шағаны аштан өлтіреміз бе? – деп, қостаған екіншісі.


Қоңырбай:


– Жігіттер, ойланбай еткен істің кесірі ауыр болушы еді, сәл шыдайық. Жылқы баққан төртеуіміздің бала-шағамыз ғана емес, бүкіл елді ақ сүйек қып отырар деймісің? Бір қайырын күтейік, – деп басалқы сөз айтып, бәрін кідірткен. Бірақ аштық алапаты ақылды жеңді. Ертеңіне қалың шіліктің ішіне апарып, бір ту биені жәукемдеп, сорпа-суға бір кенелген.


– Атасына нәлет, «Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» деуші еді, мұнымыздың ұрлық емес, өлместің қамы екенін бір құдай да білер, – десіп, жігіттер өз істерін осылайша өздері жуып-шайыс­қан. Сөйткен де кезек-кезек түн жамылып, бала-шағаларына өз үлестерін тасыған болатын.


Бұл қырсықты қойсаңшы, Қоңырбай биенің екі жілігін әкеліп, Бәтесті қуандырған түні аңдып тұрғандай басқарма Байдәулеттің үйге кіріп келгені. Аман жоқ, сәлем жоқ, келе тіміскіленіп, жан-жағына үңіле қараған.


– Басеке, бұл қай жүріс? «Тышқанға – өлім, мысыққа ойын керек» дегенің бе бұл? Байын жылқыға жіберіп, түнделетіп келіп, қатынымның қойнын жылытып жүр ме едің? – деп Қоңырбай әдейі қызғаныш білдірген.


Байдәулет мұның «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, оңтайсыз тұстан жасаған шабуылына айылын да жиған жоқ.


– Керек еді сенің жаман қатының? – деді, ол да шақшиып. Сырт киімін шешпеген қалпы үйдің ішін ғажайып хош иісімен алып, бүлк-бүлк қайнап тұрған қазанның қақпағын көтерді. – Па, шіркін, жылқы етінің иісін-ай, жарықтық! Бәсе, «Қоржыны тоқ, жолсызбен жортып келе жатқан жүрісі суыт» деген сөздің тегін емесін қу ішім сезіп еді-ау. Қане, тұр киін! Колхоздың малының сұраушысы жоқ дедің бе, әлде жаулықты осылайша жасайын дедің бе? Не болғанда да бұлтарар жерің қалған жоқ, Қоңырбай! Жаман қатыныңды қызғанған болып едің. Көрерміз, сенің көзің жоғал­ған соң кімнің қойнынан табыларын. Қалған ғұмырыңды тор темірдің ішінде шірітейін, жау неме!


Қоңырбайдың расында да бұлтарар, бұғар жері қалмаған. Бірден жуасып, бастығының аяғына жығылған.


– Бәке-ай, бір жылдың төлі едік қой. Кеш! Көз қарайып, өліп бара жатқан соң басқа амалымыз болмады. Өз қолымызбен колхозды құрғанда аштан өлу үшін құрып па едік?! Осы нәубеттен жан қалса, мал табылар, – деген ол бастықтың ақ пималы аяғын құшып жатып. Өз ісі үшін қанша намыстанса да ол отбасы үшін, әсіресе құйттай сәбиі үшін азамат басын аяққа жығып еді. Бірақ бастығы жібігені сол, одан әрмен үдей түсті.


– Оттама, контра! – Байдәулет алдында етпеттеп жатқан арыс жігітті ыңқ еткізіп, басынан ақ пимамен бір тепті. Айыбы мол Қоңырбай оған да шыдады.


– Басеке-ау, кешір біз бейбақты! – деп Бәтес те дауыс қой­ған. Оны да өңменінен бір түйіп қалып, ықылық аттырып қойды. Кінәсі батпан Қоңырбай сорлы оған да шыдаған. Әке-шешесін бірдей сабап жүрген бөгденің әрекеті зәресін ұшырса керек, шырылдап ұмтыл­ған құйтақандай Өлмесін қағып қалып, талдырып түсіргенде Қоңырбайдың бар қаны лықсып келіп, көзіне құйылған. Ол шыдам, ұстамдылық деп аталар бар қасиеттен әп-сәтте жұрдай болып, босағада жатқан балтаны ала ұмтылған. Одан кейінгі Қоңырбайдың бар білері балталы қол көтеріле бергенде Байдәулеттің көзінің ұясынан шығып кетердей аларып бара жат­қаны ғана, сонан соң адамнан гөрі жабайы айуанның үніне ұқсас барылдаған жанұшты айқайы ғана...


Одан кейінгі Бәтестің бар білері Байдәулеттің ыңқ етіп барып, қорқырағандай жат үнмен ұзыннан сұлап түскені, оның өлі денесін күйеуінің сүйреп апарып, ауыл сыртындағы үрінді қар астына көміп келгені, одан кейін жаңа ғана жарты әлемнің байлығындай қуаныш, тіпті бір рақат күйге бөлеп отырған қара қазанның ішіндегі шала піскен «қазынаны» Қоңырбайдың сүзіп алып, қоржынға салып жатқаны, ал одан кейін аз жүктерін жалғыз атқа теңдеп, үшеуі Байдәулеттің кертөбел айғырына мінгесіп-ұшқасып, таң қылаң бермей тұрған шақта Қайындының терең шатқалына құлдилап келе жатқандары ғана...


Олар суыт жүрген бойлары күн шыға шатқалдың табанындағы осы ескі үйге келіп, аттарының басын тіреген.


Қоңырбай аттан түсіп, үйге кірді:


– Осында біраз дамылдап, көліктердің белін жазып, аяғын суытайық. Бала да шаршаған болар. Демалсын. Өзіміз де ас-су ішіп, ес жинайық, – деген сыртқа қайта шыққан Қоңырбай. – Бір кездері қарағайшылар тұрғызған ескі мекен ғой. Даладан гөрі ық, от жаққан соң ұядай болып кетеді.


Дәл сол сәтте Бәтес бұл мекеннен сәл тыныстап қана аттана алмайтынын білген жоқ еді...


Олар кеше желінбей қазаннан түсіріп алған шала піскен етті қайта асып, шай қайнатып ішкен соң тыңайып-ақ қалған.


– Мен алдымен жолдың бағдарын шолып қайтайын. Қыстың күнін айтпағанда жаздың жайма-шуақ күнінің өзінде жол тауып жүру оңайға түспес қиын жолды таңдадық, бәйбіше. Ақырының қайырын берсін! Әйтпесе, әрі-бері жұрт шұбырып жатқан Шаған­оба, Кергентас арқылы тартсақ, ендігі ала бағанды асып та кетер едік... Оған қолымыздың қаны болған соң, соңымыздан қуғыншы түсе ме деп қорықтық қой.


Ол кешелі-бергі әрекеті үшін ақталғандай болып сөйледі.


Терең шатқал ішіне қыстың қарға адым күнінің сәулесі енді түсе бастаған кезде аттанған Қоңырбай іңір қараңғысы үйіріле бекеттеріне шаршап-шалдығып жаяу оралған.


– Әлгі арам Байдәулеттің арам қатқыр атынан айырылып қалдым, – деді ол жүзі өрт сөндіргендей түтігіп. – Бір ағаштың бұтағына байлап қойып, жотаға жаяу шығып, жол қарап едім. Әлде неден үрікті ме, тізгінін үзіп тастап, ел жаққа бір-ақ тартқаны, арам қатқырдың.


Бәтес үшін хабардың ең сұмдығы Байдәулет мінген кертөбел айғырдың қашып кеткені емес еді, бәрінен де үрейлісі Қоңырбайдың арғы бет асар жолдың жаз шыққанша өткел бермес қамалға айналғаны туралы әңгімесі болатын. Сауырдың биігінде аспанмен таласа біткен Мұзтаудың етегін жағалап өтер жалғыз аяқ соқпақты көшкін басып, адамды қойып, аң жүрер жол қалдырмаған.


– Ендігі амал, із суығанша осы жерде байырқалай тұрып, қайтадан Шағанобаның жолына түсу. Ол үшін төрт-бес күн аялдауға тура келеді, – деген еді отағасы. Бірақ ол сәтте де Бәтес жазған иен шатқалдағы ескі қарағай үйдің еріксіз тұтқыны боларын қайдан білсін...


* * *


Қоңырбай кеткеннен кейінгі жетінші таң да кейінгі екі-үш күнгідей үп еткен желсіз, мөп-мөлдір ашық аспанымен түк болмағандай, монтансып бір түрлі бейбіт атты. Терең шатқал іші ерекше бір маужыр күйде мүлгіп қалған. Бірақ осынау өлі тыныштық иендегі елсізде жатқан панасыз әйел мен сәби тынысы қашан таусылар, болмаса итжанды адам қаншаға дейін шыдай алар екен деп сабырмен қасақана, әдейі күтіп тұрғандай. Ең аяғы ит екеш ит те барлығынан түңілгендей қыңсылауын да қойып, екі күннен бері бүк түсіп жатып алған. Бәтес түнімен көкесімен сөйлесіп, сандырақтап шыққан қызын кеудесіне қыса құшып, күн көтерілгенше орнынан қозғалмай жата берді. Тұрып от жағуға да әлі таусылып, шамасы келместей. Пешке түн ортасында салған екі-үш томардың әлі сөне қоймағаны ғана көңіліне медеу. Оған бір сәтке осынау қойнауда тұрған қарағай үй қарағай мола болып та елестейді. Бұл жатқан өздері емес, тек о дүниеде шала ес күйде жүрген шыбын жандары сияқты. Осындай екі дүние ортасында ұйқылы-ояу жат­қан кезде жылауға да әлі қалмаған. Өлмес қырылдай сандырақтайды:


– Көке, мен шыламаймын. Көке, бейі, бейі кейші, көп нәм-нәм әкейдің бе? Менің шегім кеймейді.


Сонда ғана өздерінің тіршілік атты мынау қу дүниемен әлі қоштаса алмай, әлі де тірілер санатында жатқандары Бәтестің есіне түсті. «Тезірек, тек тезірек болса екен не болса да. Өлу деген бір рақат дүние болар, аштық азабы да жоқ. Тоңып қалтырамайсың да. Жо-жоқ, Өлмесім аман қалса екен, өзім кетсем де. Онда қалай болмақшы? Мен кеткен соң оның аман қалуы мүмкін емес қой?»


Сұп-суық ой оның буалдыр дүние құшағында бейғам жатқан есін бір сәтке жиғызғандай болды.


«Жо-жоқ, тым болмаса жылы жатып өлсін. От жағайын, иә от жағайын». Ол өз-өзінен күбірлеп, сүйретіліп барып, орнынан көтерілді.


Лау ғып от жаққан соң үш күн бойы қорек еткен алақандай қарыннан қалған соңғы түйірін шайнап жұмсартты да, Өлмесіне талматты. Бар үміт сол соңғы бір жапырақ қатқан қарынмен бірге кеткендей от алдында шөкелеп отырып қалды. «Егер Дөңгежатты өлтірсем ше? Тәңірім сақтасын, ит етін жегенше адал өліміммен аттанайын. Шіркін-ай, Өлмесім «Дөңаятым» деп қандай жақсы көруші еді....»


Ол есіне бір ой түскендей үш ұмтылып, асығыс орнынан көтерілді. Буындары дірілдеп, дәл бір төсек тартып ұзақ жатып тұрған адамдай тәлтіректейді. Көзі қарауытып, қарағай үйдің қабырғалары теңселіп кетті. Жан-дәрмен есіктен қос қолдай ұстап, жығылмай қалды. Бірақ ол бойында қалған соңғы қуатын жинағандай сәл тұрды да, оқыс қимылға көшті. Қиюы қашып қираған есікті зар еңіретіп, шалқайта ашты да тысқа беттеді. Дәл бір жұмысына асыққан адамдай жіті қимылмен омбылап, тартып барады. Ол тас лақтырым жер шыққан соң үйге қайта кіріп, Байдәулеттің басына қадалған ақ балтаны қолына ұстай шықты. «Қайда кетсең де мені тастама» дегендей сүйретіліп, соңынан Дөңгежат ерді. Есікті сыртынан ағашпен тіреп, үш-төрт күн бұрын жол іздеп, сайды құлдаған ізіне түсті. Аштық пен суықтан қатып-семіп қалған денесі жіпсіп, маңдайы бусанды. Өмір атты тұщы дүниені аз уақытқа болса да кідірте тұратын бір үміт шырағы мен мұндалап жетелеп келеді.


Өткен жолы көрген суағар жарқабақтың үстінде өскен қарағай түбіндегі апанды жаңылмай тапты. Ол жолғыдай бойын қор­қыныш емес, өлегөрдімге жақын әлде бір батылдық билеп алған. Иә, осы апанда біржола қалып, өмірін беру, иә осы апаннан өмір алып қайтпақшы. Апанның ернеуіне келіп үңілгенде әлде бір күлімсі иіс қолқасын атып, бетіне жылы леп білінді. «Иә, құдай-ай, жар бола гөр!?» Іштей тәубесіне сиынды. Балтасын кезене ұстап, ішке қарай үңілген. Әлде бағы, әлде соры, аю апанның кірер аузын көп бекітпепті. Айбақ-сайбақ ағаш бұтақтары ғана тастал­ған екен, оны Бәтес жанұшыра жүріп, бір-бірлеп алып тас­тады. Сонан соң аяғын еппен басып, еңкейіп апанның ішіне кірген. Түрегеп жүруге келмесе де, тағының мекені біршама кең екен. Жүрегін тоқтатып, біраз кідірді. Ауыз жақтан келіп тұрған алакөлеңке сәулесімен апан ішіне көзі үйренген кезде үш қадамдай ғана жерде бүк түсіп жатқан домалақ денені көрді. Манағы жіпсіген маңдайдан енді бұршақ-бұршақ болып домалаған ащы тер көзіне құйылды. Баспалап қасына келді де, бауырына тыққан аюдың бас тұсын мөлшерледі. Жан дәрмен қасқа маңдайдың тұсын көздеп, тізерлеп отырған күйі бар күшімен ақ балтаның жүзімен бір салды. Маңдай сүйекке қадалған балтаны суыруға шамасы келген жоқ, жан ұшыра тырмысып, ауызға шықты да, суағар жыраға қарай домалай жөнелді. Өкіріп-бақырып, күңіренген мақұлықтың жан шошырлық ащы ақырған үні айналаны түгел жаңғырықтырды. Ту сыртынан келіп бүре түсетіндей ол домалаған күйі қар басқан өзен арнасына жығылды да, орнынан қайтадан тұрған жоқ. Қозғалатын шамасы да жоқ еді. Дегенмен тәтті тіршілік әл-қуаты қанша бітсе де апан жаққа мойын бұрдырмай қоймады. Көзі-басын қан жуған құнан өгіздей сұр аю да жан ұшыра апан сыртына шығып, төмен аунап келеді екен. Дөңгежат та жалғыз тірегі иесінің жанына келіп тызақтап жүр. Бәтес «Иә, тәңірім, бере гөр!» деп сиынды. Аю ақ қар үстін қып-қызыл қанымен бояп, тулап жатты. «Сәбиімнің бір күндік тіршілігі үшін бере гөр!»


Дәл қасқа маңдайдан жараланса да, жыртқыш өкіріп, ұзақ уақытқа дейін жан тапсыра алмай қиналды..


* * *


Таң саз бере Саздыдан шыққан жалғыз салт атты күн еңкейе Көктекшенің күнгейіне әрең жетіп, тізгін тежеді. Көкектің көкөзек шағындағы биылғы қыстан қалт-құлтпен әупірімдеп әрең шыққан Шектібай да амалсыз үйде жата алмай ұлы жайлаудан құр, шіл аулап қайтпақ болып атқа мінген. Қандай жұт жылдары қар жатпайтын Көктекшенің күнгейлі күн шуағын осы маңның жүгірген аң, ұшқан құсы паналайтын. Аңшылықты кәсіп қып көрмесе де қайтсем бала-шағаны ашаршылық апатынан сақтап қаламын деген жан далбасамен ат құйрығынан ескен қыл тұзақтарын медеу тұтып келген беті еді.


Ол асықпай жүріп, таң алакеуімде құр ойнайтын бүйрек-бүйрек төбешіктердің бірінің басына тұзақтарын құрды да, тасқа отырып тынықты. Елсіз меңіреу дала да бұл маңдағы қатарынан қаһарлана келген екінші қыстан әбден қажып қалғандай, тым-тырыс жатыр екен. Шұп-шұбар болып күнгейде жортып жүрер кекіліктердің үні естілмейді. Күн жылына ұрпақ жалғау қамына кірісер құрлар да жым-жылас. «О, құдауанда, бұлардың да бірі қалмай қырылып қалған ба?!» деп таңданды ол. Кенет ол Қайыңдының терең шатқалынан жіп-жіңішке болып көкке өрлеген көкшулан түтін шудасын көрді. Түтін шудасы сай табанынан емес керісінше аспаннан сай табанына төгіле түсіп тұрғандай. Алты ай қыс адам баспайтын бұл маңнан түтін ұшуы Шектібайды таңдандырмай қоймады. Ол иен далада түнегенше от иелеріне барып қонбақ болып, атқа қайтадан ер салды. «Қарағайшылардың ағаш үйіне бірлесіп келіп, аң аулап жатқан мен сияқты адамдар болар ма?» деп түйді ол өзінше.


Бірақ жалғыз атты күн түс ауа бере елсіз терең шатқалдағы жалғыз үйге кіргенде күтпеген жағдайға тап болды. Пеш аузындағы құрым кигізге оранған жас бала мен әйелді көрді. Екеуінің де шықпаған қу жандары құр сүлдеріне ілініп қалғандай. Бұрышта бүк түсіп жатқан ақ төс ит те сүйретіліп келіп қыңсылап, бей уақыттағы жүргіншінің аяғына оралды.


– Құдай-ау, Бәтеспісің? О жазмыштың жаратқаны-ай, қалай ғана мұндай күйге тап болғансыңдар, сорлылар-ау? –дей берді Шектібай абдырап.


– Адамсың ба, әлде перімісің? Адам болсаң Қоңырбай... Қоңырбай қайда? Бізді көмуге келмегені ме? – Жолаушы Бәтестің сүйретіліп келіп, өзінің аяғына оралғанымен оның сандырақтап жүргенін білді. – Менің әлім барда әкелген отыным да таусылайын деді. Қоңырбай-ау, келгенің жақсы болды ғой. Өлмесіңді алшы анау, Өлмесімді өзіңе аманат етейін...


– Бәтес! Мен – Шектібаймын ғой, Шектібай ағаңмын ғой, айналайын! Қоңырбай аман, ертең ол да келеді.


Ол Қоңырбайдың жайынан жақсы хабардар болатын. Көзі қарауытқан сорлы таң алдында келіп, колхоздың қотанына түсіпті. Иттердің абалағанынан күдіктенген қойшы тысқа шықса, бір қойын өңгеріп бара жатқан салт аттыны көреді ғой.


– Ойбай, әкетті! – деген ащы даусынан оянған қонақтары – ауданнан арнайы келіп жатқан қос уәкіл дереу атқа қонады. Қар үстінде жосып жатқан із таң жарығымен сайрап жатады. Қос уәкіл жаман ат мінген ұрыны үш-төрт бел асырмай ұстап әкеліп, жау түсіргендей болып, орталыққа байлап-матап әкетеді. Бұл жайды тау қуысында қамауда жатқан Бәтес білмегенімен елдің бәрі де естіп болған жай болатын. Ел сөзі рас болса, қоғам мүлкіне қол сұққанымен қоймай, үкімет адамын өлтірген қанқұйлы жау ретінде сотсыз-ақ атылыпты-мыс. Бірақ өзі де екі дүниенің ортасында тұрған мынау әйелге ол сұмдықты қалай ғана айта алсын?! Айта алмаған.


– Қатты жығылғаныма үш-төрт-ақ күн болды. Суық тисе керек... Шамам бітіп барады ғой, ағатай. Өлмесімді... – деп Бәтес ыңырсып жылай бастады. Бірақ арнасы кепкен бұлақтай жанары сынған қос шырақтан бір тамшы жас тамған жоқ. Не зобалаң көрсе де көзіне жас ала бермейтін Шектібай ауыл маңына адам жолатпайтын ит екеш иттің де тағдырдың тәлкегінен әбден қажып, оның да хайуан тіліне тән мұңын шағып қыңсылағанын көргенде, мынау қаршадай тірі жетім мен сол сәби үшін қыс бойы ажалмен арпалысып келген ананы көргенде көзінің жасын сығып алған.


– Ой, кері кеткен кер заман-ай! Қашанға дейін жұртыңды зарлатып, қашанға дейін бейкүнә елдің көз жасын жұтар екенсің! – деген ол кеудесіне кептелген бар запыранын сыртқа шығар­ғандай болып.


Содан екі күн, екі түн бойы сандырақтап шыққан ана Өлмесін бауырына қысқан күйі таң алдында жан тәсілім етті. Шектібай бұған дейін үш бірдей тіршілікке пана болып келген иендегі қарағай үйді енді Бәтестің моласы етіп, оны төр алдына жерледі. Адам қанын жүктеп, бар кесірдің себепшісі болған, одан соң түз тағысы аю қанына бұлғанып иендегі үш бірдей тіршілік иесінің өмірлерін жалғауға септігін тигізген ақ балтаның жүзі тасқа шақылдай тиіп, көр қазған құрал болды. Содан кейін өлмейтін өмірге себеп болған аю етінің қалған-құтқанын бөктіріп алды да, әбден әлсіреп, балдұр-бұлдыр тілінен де қалған Өлместі қойнына тығып, үйден шыққан. Ақ төс ит иесі мәңгі мекендеп қалған иен үйдің алдында көкірегінің көбесін сөгердей озандап, ұзақ ұлып отырды. Сонан соң бұлар көз көрім жер ұзағанда ғана кирелеңдеп аттың ізіне түсті.


Ақ шуда қыстың арыны қайтқан, мұрынға көктемнің исі келеді, төскей қарларының беті жіпсіп, бусана бастаған. Бар табиғат қолдан келген құқайын бұл пенделеріне істеп болып, монтаны кейіпте, түк көрмегендей бұғып жатқандай. «И-и-и, жарықтық-ай, бәйшешек те шешек ата бастапты ғой», – деді Шектібай сірне қардың көбесінен көріне бастаған қозықұлақ қарасты гүлін көріп. Қойнындағы сәбидің кішкентай танауы пысылдап дем алғанын ол анық сезіп келеді.


2. Ар тұтқыны


Бүкіл аспан қақ айырылып, найзағай дәл төбеден шатыр ете қалды. Сеңгір-сеңгір таулы алқап та қас қағымда айналаны күндізгідей жарқыратып жіберген өткір жарықтан самаладай болып, анық көрінген. Найзағайдың оқыс шатырлауынан барша өлі табиғат та бір сәтке тітіреніп, селк ете қалғандай. Иек артпада тізіле мүлгіген сабалақ қарағайлардың бірінің алып балтамен шау­ып түсіргендей қақ айырылып, екі жаққа құлап түскенін де Өлмес ап-анық көрді. Оның қара қостың босағасынан біржола аттадым деп шыққан беті де сол болатын, найзағайдың оқыс шатырлауынан шошынғаны сонша, қалың шөпке етпеттей құлап түскенін білмей қалды. «Бісміллә, бәсміллә, сақтай гөр, жаратушым!» деді ол жер құшып жатқан күйі күбірлеп. Құлағы тас бітіп, жаңағы өткір сәуледен кейін бар әлем бұрынғыдан да тұңғиық көрсоқыр қараңғылыққа тұншығып қалғандай. Оның жан-дәрмен тұра беріп естігені баласының даусы еді. Найзағайдың шатырлауынан шошып оянса керек, тәтелеп шырылдап отыр. Одан кейін:


– Опыр-ой, Өл-мес-с-с, өй, қайда жоғалып кеттің, Өлмес -­с-с? Әу-у-әй, әл-әл! Өл-ме-с-с! – деген Сағидың барлығыңқы үні жетті.


Өлмес өз құлағына өзі сенбегендей, орнында состиып біраз тұрды да терең сайға қарай аяңдай берді.


– Тә-те-е-е! – Құралайдың даусы. Күндегі еркелік шолжың үні емес, бір түрлі үрейлі де жалынышты сияқты болып естілген. Дәл төбесінен біреу қос қолдап ұрып жібергендей күйге ұшыраған келіншек тұрған орнында теңселіп кетті. Тура бір қатты ұйқыдан шошып оянған адамдай, апырақтап үйге қарай қайта ұмтылды.


– Опыр-ай, қайда шым батып кеттің? Уатшы мынаны, – Сағи қолындағы баланы әйеліне ұстата берді де, күпісін жамылып, тыс­қа беттеді. – Нөсер келе жатыр-ау тағы да! Бұл құдайдың жаңбыры күнде төпелеп, ес жиғызбайтын болды-ау! Әлгі отыныңды жау­ып па едің?


Өлмес «иә» демекші еді, бірақ неге екені белгісіз, тыныс жолы бітеліп қалғандай, айтпағы көмейіне кептеліп, үні шықпай қалды. Тұла бойы қалшылдап әрең отыр. Ол анасының исін сезісімен жылауын қойып, қанатының астына паналаған ақ үрпек балапандай монтиып, ұйқыға кеткен Құралайды кеудесіне қыса түсті. Сәби кіп-кішкентай қолын күндегі әдетімен шешесінің көйлегінің жағасынан төсіне сұғып жіберіп, ең асыл қазынасын сипалады. Ана атты ұлы қорған, асқар тауының көңілін қандай ғана сұмдық ойдың жайлағанынан бейхабар, мүлде бейхабар, бейбіт бір тәтті ұйқыға кеткен. «Ертең, дәл ертең бақытсыз жаннан туған бұл бейбақ кімге еркелеп, кімнен мейірім табар?! Балажан сау­лықтай күніне үстіне он түсіп, он үйірілсе де, Сағи жазғанның әкелік ықыласы, шеше мейірімін ауыстыра алар ма? Құлыным-ай, өмір бойы шешеңді кінәлап, есімімді атауға арланармысың?! Арлан. Білемін, қайтейін, мен де бұл күндеріме дейін қарығым ашылмай, алдағы бұлыңғыр тіршілігімнен үмітімді, бақытымды іздеп қарманған бір бейбақпын. Бұл қадамым оң ба, әлде теріс пе, қарайлап қарар шамам қалған жоқ. Кешір анаңды, ботақаным! Кешір, сені өмірге әкелгенім үшін кешір, жарық дүниеге әкеліп алып, тірі жетім қалдырып, өз басымды күйттеп аттанғаным үшін! Мен сенен тіріде көз жазам деп ойлап па едім? Жоқ, ондай сұмдық ойдың ауылынан алыс-ақ сияқты едім. Амал қанша, айдың-күннің аманында адасқан жайым бар. Сені ала кетуге – алдым тұңғиық, жолым қиыр. Құрдымыма құрысам өзім ғана кетейін, оның үстіне әкең жазған екеуімізден тірі айырылса не болмақшы?! Су ішерлік өмірің болса шешесіз жетерсің, арманым сені бір көруді аңсау ғана болғай, лайым. Ертең, дәл ертең сен шіркін мені іздеп шыр­қырармысың?»


Өлместің күні бойы санасына сан оралып, жанын жегідей жеген осы ой қазіргі сәтте де көкірек қойнауына ұялап алып, сояудай тырнағымен тұп-тура жүрегінің қанын сорғалата бүріп жат­қандай.


Тағы да аспан қақ айырылып, түнгі тұңғиық көктен жерге от найза шаншылды. Қиғаш-қиғаш іздері аспан кеңістігін әрлі-берлі тіліп өткендей.


– Опыр-ай, мына күннің түйілуі жаман екен. Әлгі Сари малға ие бола алмас. Жылқыны іңірде Жыландыға қарай құлатып бара жатқан сияқты еді, артынан барайын. – Киіз үйдің есігін шал­қайта ашып, үйге кірген Сағи қорбаңдап келіп, кереге басынан қамшысын алып сулығын сыпырды. Жылқыдағы інісінің артынан аттанбақшы. Өлмес оған бірден қарсылық білдірді.


– Ештеңе етпес, ірі қараны ықтырып әкететін ақпанның ақ түтегі емес қой... Оның үстіне кешке дейін асау жылқыны үйретемін деп тізе бүкпей шаршаған да шығарсың... Көз шырымыңды алып, малыңа таңға таяу аттансаң да болар. – Өлместің үні қамқор жарға тән ерекше бір жылылықпен естілген. «Сорлы, қысы-жазы мал-мал деп жүріп, арбиып бітіпті ғой өзі де. Мен қайтейін, өзің де о баста маңдайың тайқы жаратылған жан екенсің де!».


Дәл осы тұста Өлместің үш жыл отасқан қосағына шын жаны ашып, жолынан тоқтатқан жайы бар еді. Оның үстіне баланы иен үйге жалғыз тастап кете алмайтын болған соң, мұны қалай жібермеуім керек екен деген есепшіл тағы бір ой келіп кимелеген. Жылы сөз жанына жаққандай бір саптамасын киген күйі үнсіз омалып отырып қалған Сағи:


– Онда мені ертерек оятарсың, – деді де, төсегіне киімшең құлай кетті. Арбиған денесі, балуанға бітер кесек тұлғасы болғанымен адам атаулыға күдік, күмәнмен қарау дегенді білмейтін ол да жарым деп тапқан жанының қандай сұмдық та қатыгез ойға бекініп отырғанынан мүлде бейхабар еді. Жастыққа басы тиер-тиместе қор ете қалды. Тыста құдайдың күнінің күркіреуіне үн қосатындай бұл шіркін үй ішінде күн күркіретуге өзінше кіріскендей. Жер жылжыса жылжымайтын баяғы бір мінезі. Қаршадайынан бірге ойнап, бірге өскеннен бе, Өлмес білмейтін мұның болмыс-бітімінің бір қалтарысы қалмаған сияқты. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» дегендей төбесіне мосы құрып, шай қайнатсаң да, қыңқ демейтін момындығын пайдаланып, Өлмес мұны өмір бойы жүнжітумен келген.


– Көке, мына Өлместі қарашы, кісіге жазықсыз тиісе береді, әншейін, – дейтін кейде кішкене кездерінде мұны мұқаттырмақ болған Сағи.


– Өй, ынжық неме! Өлмесжандай кеудеңде отың болса, алдыма арыз айтып келмеген де болар едің, – деп отырар еді ондайда Шектібай марқұм тумасынан тым момын ұлына көңілі толмағандай наразы кейіпте. Сонан соң Өлместің бетіне мейірлене қарайтын. – Қызым, мұны сенің қолыңнан ешкім алмайды, аяма.


Уа, бұл өмір атты тіршілік тартысының бұралаңды, бұлтарыс­ты жықпыл-жықпыл жолдарының көп боларын абайлап, аңдап па еді ол кезде?! Сол қой аузынан шөп алмас момын Сағидың құдай қосқан қосағы болып, қол ұстасарын, бірі – шеше, бірі – әке боларын ойлап па еді?! Ойлай алмаған. Бәрі де көрген түстей, өкінішке толып өте шыққан бір дүние...


Өлмес Шектібайды да әкем деп, Момынқызды шешем деп өскен. Тумаған деп ойлап көрмеген. «Тумай жатып, ата-анасын жалмаған жетім» деп олар да бұл туралы тірі жанға тіс жарып, тіл қатып көрмеген болар. Іштен шыққан қос ұлым деген Сағиы мен Сариын – күмісіміз десе, мұны – ақжолтай алтынымыз деп мәпелейтін. Алланың өз пешенелеріне берген балаларынан кем көрмей, бұны да өз баламыз деп жеткізді. Тетелес туып, тел өсіп келе жатқан қос тентек ұлдың кенже қарындасындай болып, Өлмес те қайғы-мұңсыз жетіп келе жатты.


Бір күні Шектібай оңаша отырып, бәйбішесіне бір кепті бастаған.


– Момын, сенің қандай ойда жүргеніңді білмеймін. Мен болсам кешегі өткен Қоңырбай мен Бәтестің аруақтарының алдында ұрлық жасаған адамдай күйдемін. Өлмесжан амандық болса он үш жасқа келіп, ақыл тоқтатты дегендей. Баланың өз әке-шешесін білетін уақыт жеткен сияқты. Аруақтардың алдында арылғанымыз дұрыс, бәйбіше.


Момынқыз болса, Өлмесін өз әке-шешесіне қазір қайтарып беретіндей, көзі боталап қоя берген.


– Қайдан білейін Шектібай, бала неменің жүрегіне жарақат түсіріп алып жүреміз бе деп қорқамын, – деген Момын­қыз. – Оның үстіне бізден, ағаларынан суынып кетіп жүрмесе...


– Суынбайды. Қайта, бұрынғыдан да жақсы көре түсер деп ойлаймын. Тек әке-шешесінің тәлейлі тағдыры жас жаны, бос мойнына салмақ болары анық. Алайда, бәйбіше, ақиқат барлық ауыртпалықтан артық болмақ, – деп өз байламын айтқан. Сөйткен де төрт қара көзі түгел отырған бір сәтте отағасы балалары үшін тосын бір сөз бастаған.


– Балаларым, бүгін шешелерің екеуіміз сендер білмеген бір құпияны айтқалы отырмыз... Бұл сырдың ашылуының жүрекке салмақ салар түйткілі де болар. Алайда, ақиқатты балалардан жасыру әке-шеше үшін ауыр күнә болмақ....


Бір сұмдық хабарды күткендей Өлместің қарақат көзі жәудіреп, анасына қараған. «Жүрекке салмақ түсірердей ол қандай ақиқат еді?» дейтіндей. Момынқыз жаулығының шетімен көзін сүртіп, «Құлыным, сол! – деп Өлместі құшағына тартқан. – Шошынба, құлыным, бәрі бір сен – менің қызымсың!»


Енді ерлі-зайыпты екеуі Қоңырбай мен Бәтестің тағдырын суыртпақтап, кезектесе айта отырып, Өлместің солардың баласы екенін қиялап жеткізген. Бұл шындықты ашудағы мақсаттары Өлместі сыртқа тебу үшін емес, қайта бауырға бұрынғыдан да жақынырақ тарта түсу үшін, ең бастысы Өлместің тар заманның тақымында дегендеріне жете алмай кеткен қос мұңлық – Қоңырбай мен Бәтестей әке-шешесін біліп, солардың аруақтарына арнап, перзенттік ілтипат-ықыласын іштей болса да айта жүруі үшін екенін айтқан.


Өлместің үні ышқына шығып, алдымен Момынқыздың мойнынан тас қып құшақтап:


– Бәрі бір менің анам – сенсің! – дегенде Шектібайдың да көңілі босаған.


– Иә, қызым, сені дүниеге әкелген анаң Бәтес болғанмен, өсіріп-жеткізген осы жаман шешең. Сен – біздің баламызсың, қызым! – деген.


– Е, бәсе, әке сенің кірпігі әрең қимылдап ауырып жатқан Өлместі түн ішінде біздің үйге қалай әкелгеніңді білемін ғой. Ертеңінен бастап-ақ «Бұл – біздің баламыз» дегендеріңді бір түрлі ұға алмай жүруші едім, – деп Сағи білгішсінген.


– Ой, ынжық неме, «ұға алмай» жүрсең, енді ұққан боларсың. Бәрібір Өлмес екеуіңнің қарындастарың! Осыны біліп қойыңдар, – деп Шектібай сөзді тұйықтаған.


Сол әңгімеден кейін де жас қыз жаны өзін олардан бөгде санап, өгей-қағай деген ойдан аулақ болатын. Қоңырбай есімді әкесі, Бәтес есімді шешесі болғанын анда-санда есіне алғаны болмаса, оларды ойлап уайымдап, қайғы жеп көрген емес. Көз алдында жүрген Шектібайды әкем, Момынқызды шешем деп танып, көңілдегі әке-шешесін іздемейтін.


Сөйтіп жүргенде бал дәурен бел асып, бойжетіпті. Сөйтіп жүргенде Момынқызды оралмас сапарға өзінен бұрын аттандыр­ған Шектібай әкенің де пәни тіршілікпен бақұлдасар уақыт жетіпті. Қатты жығылған әке айналасы бірер айдың ішінде бетін қайта бұрмастай күйге жеткен. Тек өтерінен үш күн бұрын ғана Сағи мен Өлместі екі жағына отырғызып қойып, өз шешімін, шешімі емес-ау, жатса түсінен, тұрса есінен кетпеген көңілінің жалғыз қалауын айтқан.


– Балаларым, менің де оралмас сапарға жиналар шағым таян­ған сияқтымын. Айтып келген аурудың алмай қоймас түрі бар. Сондықтан әлім барда бір өтінішімді екеуіңе айтсам деп едім, – деген екі баласының да қолдарын әлсірей соққан жүрегінің тұсына басып жатып. – Арманда аттандым демеспін. Артында сендердей ұрпағы бар қай әке өкініштімін дей алар. Жалғыз-ақ бұл жарық дүниеден көрем дейтін бір қызығымды көрсем деп армандаушы едім. Жанымды дерттен бетер қинап жатқан да сол орындалары беймағлұм ой ұшығы еді. Бұрын шешіп, бұрынырақ қиялдасам да, ол ойды жарыққа шығарып айтуға екеуіңе батылым жетпеді...


Қайран әкенің қайрылмас жолға шындап бекінгеніне көздері біржола жеткен екеуі қорсылдап жылай бастағанда әкелері тыйып тастаған.


– Қойыңдар, балалар! Мен өлген соң жыласаңдар да жетер. Артымда сендердің жылап қалғандарың жарасар. Мен жылап аттансам жараспас. Елуді енді ғана еңсерген келтелеу ғұмырыма риза пейілмен аттансын десеңдер жалғыз тілегімді қабыл алыңдар. Мұны менің ғана емес, кешегі өткен аналарың Момынқыздың да тілегі деп біліңдер. Бере алармысыңдар сұрарымды?


– Алыңыз, әке, – десті, екеуі де ойланбастан.


– Асықпай, ойланып айтыңдар. Бірер күндік су ішкілігі қал­ған мен сендер берер жақсылықты өзіммен бірге суық көрге ала кетпеймін. Өмір – сендердің еншілерің. Маған істер жақсылықтарың да өз бастарыңа баянды болып қонақтаса ғана дегеніме жеткенім. Мен үшін дегеннен гөрі, өздерің үшін ойланғандарың құп болмақ.


Әке демін алып жатты ма, әлде өз ойының түйінін жеткізуге қиналды ма, аз үнсіздіктен соң әңгімені негізгі арнаға қайта бұрды.


– Сағиым ішімнен шыққан ұрпағым едің, Өлмесім, сен де өміріңнің жолына өз өмірін өтеу ғып берген анаң Бәтестің, әкең Қоңырбайдың ұрпағы едің. Бірақ біз, Момынқыз екеуіміз сені сыртымыздан жаралған баламыз еді демеген сияқтымыз. Бөтенсінбей, бауырымызға қысқандай едік. Тел қозыдай тең өстің. Ендігі айтарым, құп көрсеңдер Қоңырбай мен Шектібайдың шаңырағын өмір бойы бірігіп көтерсеңдер. Екі отбасында өткенмен, тіршілік-тыныстары ұқсас әкелерің мен шешелеріңнің өмірлерін бір босағада жалғастырсаңдар. Менің сендерге салар соңғы салмағым да, өтінішім де осы...


Сағи сазырайған күйінде үнсіз отырып қалды. Иә, қоштағанын, иә қарсы екенін білдірмейді. Өлмес еңіреп келіп, қарттың кеудесіне жығылды.


– Тілегімді ойланып беріңдер! – деді, қарт Өлместің жас жуған бетін тарамыс-тарамыс қолымен аялай сипап. Бірақ Өлмес ойланып жатқысы келмеді. Әке орнына әке болған адамның жал­ғыз да соңғы тілегін титтей қарсылықсыз қабыл алған.


Сол күні Шектібайдың көптен науқас күтіп, жабырқаулық қонақтаған қараша үйінде шағын той болып, бала күннен ағалы-қарындастай бірге өскен, бірақ басқа-басқа жандардың ұл мен қызы – Сағи мен Өлместің некелері қиылған.


Той тарқап үлгермей дегеніне жетіп, армансызбын деп аттан­ған Шектібай қартқа арналған қонақасы берілді. Сөйтіп ағалы-қарындастай болып өскен екеуі содан бергі үш жыл ішінде іш-шәй деспей, бір түңліктің астында тіршілік құрыпты...


Өлмес Сағидың көрпесін қымтап қойды да, қолын күйеуінің иығынан көтермеген күйі үнсіз отырып қалды. «Сол баяғы қалпы еркек болып «еһе» деуді де білмей өтесің-ау, момыным» деп ойлады ол. Алпамсадай алып денелі болса да ұйқыдағы кейпі ояу кезінен де момақан, бала бейнелі көрінеді екен. «Ертең осы уақытта сен қайтер екенсің?! Атыңның үзеңгілігін жер сыздырып, аяқ жеткен жеріңе дейін іздермісің, әлде «әзәзіл алдаған бір қатын кеткен шығар, мен қайтейін?» деп тоң-теріс қалпыңда жылқыңа аттанармысың?!»


Сағидың тірі жанға тіс жармай түнеріп жүрер өзіне ғана жарасымды түрін ерекше жақсы көретін. Күйеуінің сол бейнесі көз алдында тұр. Жылы жымиып, езуіне күлкі үйірілді. «Арсыздық-ай, неменеге жетісіп отырмын мен? Шіркін-ай, болмаса, бір қиянатын көріп, бір рет жапа шексем-ау бұдан. Айтуыммен отырып, айдауыммен жүрген жаннан бездірердей бұл тәңірге неден жаздым екен?» Құшағындағы сәбиімен, жанындағы жарымен қазір, дәл қазір біржола қоштасатыны есіне түскенде бағанадан бекіндім деген көңілі бұзылып, өз деміне өзі тұншықты. Екі иығы селкілдеп, ұзақ ықылық атты.


Жаңағы найзағай ойнатып, түйіліп келген қара бұлттың кесек-кесек тамшылары сатұр-сұтыр жауып берген. Бүкіл табиғат та мұның мұңдасындай бірге жылап тұр. «Қандай лағынет жауған күні ұшырап едім сол жанға?!» Көкірегінде лықсыған өксік пен өкініш аралас ыстық леп қос жанардан жас болып төгіліп жатты. Оның уайым-мұңсыз бір қалыпты тіршілігіне өшпестей өзгеріс әкелген, Сағимен ғана бірге елестетер бар болашағын сеңдей бұзып, мүлде басқа арнаға әкеткен осынау бір ылаңды оқиғаға ойда жоқта ұшыраған еді...


* * *


Осыдан екі-үш күн бұрын Сағи екеуі Үңгірлідегі бір үйлену тойына барған болатын. Ғұмырында бірінші рет мұның жігіт дегенге сұқтана көз тастап көргені. Күресте болсын, ән-күйде болсын, алдына жан салмай өзгелерден шоқтығы бөлекше биік көрінген Сырым есімді жігіт еді ол. Көрші ауданнан жолаушылап келе жатып, тойдың үстінен шыққан жалғыз жігіт ауыл азаматтарын жігіт намысы сынға түсер талай шақта жерге қаратып кеткені. Бір қаға берісте Өлмеспен де сөз қағыстырып үлгірді. Қос жанары шоқтай жайнаған тығыншықтай, қараторы жігіт Өлмеске тасқа салсаң да кесіп түсер алмас қылыштай көрінген. Тойға келгенімен, мал сойып, отын жарып кеткен Сағимен іштей бұл жігітті бір сәтке салыстырып, өзінше салмақтап көрген. Сонда сезген ол өте берді-ау, дәуренім дейтін өкінішке толы бір сезімнің тұла бойын билегенін. Қас қылғандай, Сырым жанары да бұған қайта-қайта қадала берген. Бұл да бір көрген бейтаныстың әр сайыстан дара көрінуін, әйтеуір, іштен қалайтын сияқты. Қас қылғандай, ол дағы бұның тілеген жерінен шыға берген.


Қыз қуу басталғанда жолаушының билеп тұрған көк қасқасының алымдылығынан қорықты ма, әлде ауылдас жігіттердің намысына шоқ тастай бермейік деді ме, қыздардың бірде-бірі ортаға шыға қоймады. Сол кезде қандай сайтан түрткенін өзі де білмейді, ел алдына Өлмес шыққан.


– Асқанға тосқан, бұл жігітке қыздар батпай тұрса, жон терісін өзім сыпырайын. Қыз емес, қатын қуып көріп пе едің? – деп, бір қос жылқының ішінен бүгін Сағи таңдап жүріп ер салған Қозыкүреңнің айылын шаптай тартты. Дөненінде бәйгеге түсіп, бестісінде даңқы шыға бастаған осы маңдағы дәмелі жүйрік еді бұл.


– Егер сіздің ауылда бұл ойынның атын «Қыз қуу» емес, «Қатын қуу» деп атаса, менің істер амалым қанша, даярмын, – деген жігіт те іркілместен.


Той дүбірін сезісімен ішін тартып үлгерген әккі жүйрікті мінген Өлмес төстиіп жатқан сары доңғал басы – тізгін тартар жерге жеткенше көк қасқаға шалдырған жоқ. Бірақ Сырымның жүзіне тағы бір назар тастайын дегендей, ат басын тежеп, назды күлкімен жігітке мойнын бұрған.


– Жон арқаңыздың қышымасы жоқ па еді? Қышымасы болса, бұзау тіс сегіз өрім қамшымен емдеп берейін.


– Қамшыңыз тиіп жон арқамның қышымасы қанса де, назарың­ыздан жарақат алған жаным қайтсе емделер екен? – Өзі шешен сөйлейді екен. Өлместің жүрегі шымыр ете қалды. Осы бір сәт ұзағынан, ұзағынан болса екен деген бір жымысқы тілек көкейінен бас көтергендей. Еті қызған күрең доңғал басына жете тізгін тежегеніне көнбей әрі қарай лекілдетіп аса берген. Қалың нөпір тойшы жұрт қас пен көздің арасында көзден тасаланып, доңғалдың арғы жағында қалды. Атты әрең тоқтатып, қайта бұрыламын дей берген келіншек жанасалай берген жігіттің қарулы қолы оны өзіне қарай тартып бара жатқанын білді. Сөйткенше болған жоқ, бетіне от шарпыған ыстық дем білінді де ернін іле одан да ыстық жігіт ернінің құшырлана өпкенін сезген. Ол есін жиғанда жігіт:


– Енді жон арқамды қойып, өзім де сендікпін, – деп, ауылға қарай қайтадан көсілте салды. «Өзіме де сол керек, үлкен бар, кіші бар демей, бұл қай желіккенім? Неткен арам пиғыл адам еді мынау қаңғыбастың өзі?»


Ол шыныда, күреңге сенгендіктен ел көзінше бейтанысқа сүйгізбек түгілі жігіттердің намысын қайтарып жүндеп келермін деп те ойлаған еді. Мынау жігіттің тосын әрекетіне ренжіп, қайтар жолда күреңге құшырлана қамшы басқан. Ол елдің ортасына жеткенше Сырымды жүндей түтіп, арқасына қамшысын біраз ойнатқан. Бірақ жігіт жеткенше:


– Мен сені таппай қойман, – дегенін қайталаумен келген. Тізгін тартар жерге жеткенше сіз деп барған еді, енді қайтарда «сенге» көшіп, мүлде билеп-төстеп алды.


Ауыл азаматтарының жалғыз аттыға кеткен намысын қайтар­ғандай болған Өлместің бұл әрекетіне қайсы біреулер сүйсіне қараса, қайсы біреулер «о заман да бұ заман күйеуі тұрып, көлденең өткен көк аттымен қыз қууға түскен қатынды көргендерің бар ма? Бұл сұмдық қой!» десіп, жаратпай-ақ қалған. Өлместің өзі де соңғы сөзді екінің бірі айтарын біле тұра шолжың өсіп, күйеуінен де «тәйт» дегенді естіп көрмегендіктен бе, әйтеуір, қызды-қызды қызыққа ойда жоқта түсіп кетіп еді. Ол екінші жағынан Сағиды бір сынамақ болған. Болмағанда осы жолы еркек болып, қызғаныш білдірер деген. Жоқ, пәруайына да алған жоқ.


– Біздің күреңнің аяқ тастасы бөлек қой шіркін, қалай, қалай сілтейді! – деп өз алдына күпілдеп жүр.


– Атыңды білмеймін, қатыныңның аяқ тастасы ұнамады, – деген жеңгелерінің сөзін де құлағына ілген жоқ. Көк қасқаның адымын аштырмай тапап кетердей болып келген күреңнің басы-көзін сипалап, өзімен-өзі болып жүре берді. «Әй, саған ба, саған дауа жоқ екен! Қызыға, қызғана білмеген жанның тілсіз мақұлықтан қай жері артық?» деген ой келді Өлмеске. Күйеуінің мына қылығын неге жорырын білмеді. Япырым-ай, адамдар неге осынша түрлі-түрлі болып жаратылды екен? «Мал аласы – сыртында, адам аласы ішінде» деген осы екен-ау. Мал аласы бірден көрінсе, адам жанын жылдар бойы ұғудың осынша қиын болғаны ма? Туған ағайымдай бірге өскен момын Сағиды қаншалықты қымбаттым дегеніммен оның сезімді селт еттірмейтін тоңмойындық қасиеті неге ғана мені тұйыққа тірей береді? Анау жігіт бүкіл тұла бойымен неге қызыл шоқтан жаралғандай болып көрінеді?» Ол жаңағы бір сәттегі жігіттің әбес те тым батыл қылығын сұғанақтыққа санап еді. Енді міне шай қайнатым уақыт өтпей әйелге ғана тән ерекше бір ықыласпен еске алды. Мұның әлдеқашан сөніп қалған, сөнген емес-ау, бір қалыпты да бұйығы тіршілігіне көндіккен жан-тәнінің ұшқынын жігіт ернінің жалыны тұтандырып кеткендей. «Егер менің ерім Сағи емес Сырым болғанда... Сақтай гөр, жаратқан әзәзіл ойыңнан!» Өлмес өз ойынан өзі шошып кетті. «Ағекемнің аруағы алдында қарабет бол­ғанша, өлсемші». Ол ағекем деп Шектібайды айтатын. Сағимен оның бір шаңырақ астындағы бүгінгі тіршілігін бекемдеп тұрған да екінші әкедей болған сол кісінің рухы ғана сияқты көрінді оған.


Мынау дүрілдеген той, анау ақ жарқын адамдар енді оның жоғалтып алған көңіл-күйін қайтадан оралта алмады.


– Кетейік, басым ауырды, – деді ол Сағиға. Үні өтініштен гөрі өктемдеу, бұйрықтай естілді.


– Өй, әлі көкпар да басталған жоқ қой! – Сағи өз қарсылығын айтқанмен, сыралғы қосағының райынан қайтпайтынын түсінген соң оралымсыз қозғалып, орнынан көтерілді.


Сол күнгі Өлмес өміріне өшпестей таңбасын салып кеткен оқиға көнерер де еді, бірақ Сырым да соңдарынан шырақ алып түскендей тойдың келесі күнінде ымырт үйіріле Көктекшенің аңғарында отырған жалғыз үйлі жылқышы ауылына келіп, ат басын тіреді. Өзінің де көрші ауданның жылқышысы екенін, жоқ қарап жүргенін айтқанда Сағи еш секемсіз оның қонақ болып аттануын өтінген. Ал кешеден өзіне қайта-қайта елестей берген жанның құдайы қонақпын деп кіріп келгенін көргенде Өлместің бойын бір түрлі жымысқы шаттық еркінен тыс билеген. Бірақ әйел жүрегі қонақ әңгімесінің бар болғаны сылтау екенін тез аңғарып, тез секем алғандай еді.


Ертеңінде күн шыға атқа қонған жолаушы бір қаға берісте Өлмеске сыбырлап үлгірген. «Үркер туа тұма басында тосамын...» Өлмес ол сөзге жауап қайырған жоқ. Бірақ ғұмырында дәл мұндай жанын қинаған күйге түспеген болар, сірә. «Мынау сенің қай қылығың, есіңді жи, заманың өткен, ендігің есіріктің ғана ісі» дейді ол өзіне-өзі. Сол кезде тағы бір әзәзіл ой көлденеңдейді. «Көзіңді ашып көрген, есіңді біліп сезінген жалғыз ғана бақытты күндерің бұл. Бір күндік өкініштің мың күндік уайымы жаман. Тәуекел, тәуекел ет те, тас жұт...»


Ол Сырым аттанып, Сағи жылқыға кеткен ертеңгіліктен бері көп жұмыс тындырды. Бір сәтке тыным көрмегенін біледі. Бірақ сол істеген істерінің қайсысын тындырды, қайсысы жол ортада аяқталмай қалды – оның бір де бірін дәл қазір, кеш батқан шақта айта алмас еді. Шақшадай басы шарадай болып, ойдан босаған жоқ. Бірде көз алдына Сырымның кісінің өңменінен өтердей шоқтай жанған қос жанарын елестетеді. Қос жанар, құмарлыққа толы қос жанар... Жігіт жанында лаулаған жалынның, ала-құйын сезім селінің хабаршысындай... Бірде ол қияқ мұртымен бетті, алқымды қытықтап барып ерінге келіп, сүліктей жабысқан жігіт ернінің жылуын сезінді. Өзі бұрын-соңды сезініп көрмеген ыстық ағыс толқыны тұла бойын шарпып, әл-қуатын алып, соншалықты бір әлсіз, бірақ соншалықты бір рақат күйге бөленгендей сезінеді. Жігіттің қоладан тұтас құйғандай денесін, қабырғаларын сындырардай болып, ат үстінен өзіне қарай тартқандағы қарымын, ұмсын­ғанын алмай, ұмтылғанына жетпей тынбас қайратын аңсайтындай.


Ол істеп отырған жұмысын тастай беріп, қиял теңізіне қияндап кеткен өзінің әзәзіл ойынан шошынады. Сөйтеді де: «О, ар­уағыңнан айналайын, Ағекем, кеш мендей бейбақ балаңды. Санам уланды, ойым ойрандалды. Соныммен-ақ аруағыңның алдында күнәһар болдым ғой мен бейбақ! Сабыр көңілім, сабыр!» деп қиялшыл көңілге, пана іздеп шырылдаған жанына әлдеқайдан араша сұрайды. «Болды! Жетер Өлмес, есіңді жина! Тоқтайтын тұсың осы!» деп тоқтап қалған піспегіне қайта жармасады. Құшақ жетпес қарны жайылып жерде жатқан сабаның іші ала құйын қымыз тасқыны. Әлжуаз ғана келіншектің тұла бойы да ала құйын ой тас­қынына толы. Қымыздың хош исі қара қостың ішін толтырып, кеңсірікке кептеледі. «Шөлдеп қалыппын ғой!»


Ол жұмысын тоқтата салып, ағаш тегенеге сабаның аузын шешіп қымыз құйды. Шөлден келгендей екі тостақ қымыз құйып ішкен. Сарайы ашылып сала берді. Көпіршік атқан бесті қымыз санасын да сергіткендей. Күні кеше осы тостақпен төр алдында малдасын құрып, тіп-тік болып отырған Сырымға қымыз ұсын­ғанын, оның тостақты ала беріп, саусағымен мұның саусағын аялай сипап қалғанын, қымызды ішіп болған соң тостақты қайта ұсын­ғанда да сәл кідіре сипағанын... Бәрі-бәрін сонша бір ұқыптылықпен есіне түсірді. Жайлаудың жайын, малдың қоңын, тағы сол сияқты әлде нелерді әңгімелеп отырған Сағидан көзін ала бере екеуінің жанарлары қайта-қайта ұшыраса берген. Отты жанардың жалыны шыдатпады, әлде жанында отырған күйеуден жас­қанды, әйтеуір келіншек жанарын жиі-жиі алып қаша берген.


Иә, оның тұла бойы, жаратылысынан, не бір қылығынан, не сөзінен келіншек кемшілік таба алмай қойған. Ол сабаның аузын қайта байлап жатып, тағы бір оқыс ойға киліккен. «Жерге жаныштап, кеудеге тыныс бермей тұншықтырардай салмағын... есі кіресілі-шығасылы, шала мас күйде талықсып жатып, салмағына жаншылып, өрттей ыстық демін жұтар ма еді?!»


Өлмес орнынан тұрып барып, шәугімін қолына алды. Түс ауып кеткелі қашан. Ошаққа от тұтатып, мосыға шәугімін ілген...


* * *


Некелері қиылған кешкілік... көрші үйдің келіншегі сандық түбінде жатқан көне торғын шымылдықты оң жаққа құрып, Сағи екеуінің ақ неке төсегін бірге салды. Бірақ дәл сол сәтте де өзін бұл үйдің я қызы, я келіні екенін біле алмай ұйқылы-ояу жүрген Өлмес шымылдықтың ішінен басталар өзгеше өмірді ойлана да алған жоқ болатын. Ол туралы ойлануға шамасы да жоқ болатын. Жаратушыдан жалбарынып жалғыз сұрағаны – Ағекесінің шыбын жанын қалдыру ғана болатын. Ол тізе бүкпей, неке қиылған соң да, екі түн науқасты күтіп, оның таңдайын жібітумен болды. Сағи анда-санда басын бір көтеріп, ауру әке жүзіне үнсіз үңілгені болмаса, сол қамсыз қалпы ұйықтап шыққан. «Сен аздап демалып алшы, мен күзете тұрайын» дегенді де айтпаған...


Әкені арулап аттандырған соң, да келімді-кетімді кісі марқұм­ның жетісін бергенше де Өлмес некелі төсегіне жата алмаған. Кез келген жерге жантайып, көз шырымын алған болады. Қайта мұның жай-күйін кешегі тете ағасы, бүгінгі қайны Сари көбірек ойлап, көбірек күйттейтін.


– Өлмес, сен демалып алшы, мен істей саламын ғой, – деп кез келген шаруаға кірісіп, кешегі қарындасы, бүгінгі жеңгесіне жаны ашып тұратын.


Әкелерінің жетісі беріліп, төрт қанатты қараша үйде үшеуі – ерлі-зайыпты екеуі мен Сари қалған алғашқы күн де ұясына батып еді. Кешкі тамақтарын ішіп болған соң көп жасағыр Сари:


– Мен мал жаққа барайын, сендер неше күннен бері шаршадыңдар ғой, демалыңдар, – деп қамшысын сүйретіп, тысқа беттеген. Сағи болса бұл тіршілігінде ешқандай өзгеріс болмаған адам сияқты шешінді де, шымылдық ішіне кіріп, үнсіз қалған.


Өлмес өмірінде болар бір ерекше өзгерісті іштей күтулі болатын. Күні бүгіннен, дәл осы түннен басталар ерлі-зайыптының өмірден күтер өзгерісінің қалған тіршілігіне қуаныш, рахайлы, жарастықты бақытты күндер әкелерін, болмаса көздің жасын іштей жұтар өкініші мол, азапты реніш әкелерін болжай алмайды. Рас, күні кешеге дейін аға болып келген Сағидың жаманшылығын көрген емес, қайта қамқорындай, сенімді қорғанындай көретін. Енді бүгін өмірлік қосағы болған шақта біртоға момын, тіпті ынжықтай болып көрінер жігіттің қай биіктен көрінеріне ойы жете бермейді. Өмірлік қосақтарды бір-біріне мәңгілік қып табыстырар ұлы көпірдің мынау шымылдық ішіндегі жар төсегі екенін қыз біледі. Біле тұрып, шымылдықты ашып: «Ал мен дайынмын!» дегендей кіріп баруға жүрегі дауаламас. Жұмыр басты пенде тіршіліктің қай құқайына көнбеген. Жазу солай болса, күні кешегі әке орнына әке болған жанның соңғы тілегі сол болса, көнеді де... Бірақ, бірақ ол ыдыс-аяқтарды жинастырған болып, кіріп-шығып, біраз жүрсе де, терең ұйқыға батып үлгірген күйеуінен еш хабар, еш ықылас болмаған. Ол керегенің басында ілулі тұрған Ағекесінің тұлып тонын төр алдына жайып, үстіне құлай кетті. Жан-дүниесін ыстық толқын буып, қос жанардан жас болып төгілді. Некесі қиылған жеті-сегіз күннен бері жар демін сезінгенді қойып, мұның қолына қолын тигізгенін көрмеді. Ол шарана күнінде-ақ әке-шешеден бірден айырылған, одан кейін қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, әке орнына – әке, шеше орнына – шеше болған жандардан айырған мейірімсіз тағдырына налыды, бәлкім-бәлкім, қалған тәләйімді түгелімен өзіне тапсырдым деген жарының дәл бүгінгі қадір түніндей қасиетті сәтте соншама мылқаулық, меңіреушілік танытып, ұйқы – жаудың құшағында қамсыз жатқанынан түңілді, әйтеуір Ағекесінің исі сіңген тұлыптың жағасына тұмсығын тығып еңіресін-ай. Дау­сы да шығып кеткен.


– Тоңдың ғой, төсегіңе жатшы! – Сағи екен. Ақ дамбалы ағараңдап, шымылдықтың сыртында тұр екен. «Бәлкім көтеріп апарар, аймалап сүйер» деп ойлаған. Жоқ өйтпеді. Дамбалы ағараңдап, сыртқа беттеді. Дәрет сындырғалы шықса керек.


– Әйтеуір күн ашық екен, – деді ол. – Жүр, төсегіңе жат.


«Сөзіңе болайын!» деп ойлады Өлмес. – «Менің көңілімде дауыл соғып тұрса, күннің ашықтығын қайтейін». Ол алғаш рет Сағидан көңілі қарайды. Қарая тұрса да бұған емес, бүкіл тағдырына егескендей бір өр тәуекелге бел буған. Орнынан атып тұрып, шымылдықты түріп тастады. Не істеп, не қойып жүргенін өзі де аңдаудан қалғандай батыл бір қимылға көшкен. Көйлегін сыпырып жерге тастады. Мынау әрекетке таңғалғандай мылқыйып орнында қалшиып тұрған Сағидың көзінше тізе киімінің де бауын шеше бастаған.


– Мені алғаныңа өкініп тұрған жоқсың ба?


– Жоқ-жоқ! Ол не дегенің?


– Өкінбейтін болсаң, байым екенің рас болса, енді не ғып меңірейіп тұрсың?


Сағиға алғаш рет батылдық пайда болып, жартылай жалаңаш келіншегін бүре түскен. Әрі қарай оның сілемейлеп сүйгенін білді, әрі қарай жар төсегінің алғашқы ләззаты емес, жан даусын шығарған азапты сәтін ғана біледі. Ертеңгі күннен күтер арман, тәтті қиялдың бәрінің көз алдыда көлбеңдеген пердесі де сол азапты сәтпен бірге быт-шыт болып, дүние қаңырап бос қалғандай өзекті өртеген бір күйді кешкен.


Сағи жар төсегінің алғашқы қиын асуынан өткеніне масайрағандай шала-жансар күйде солықтап жатып, тағы қор ете қалған...


Өлмес ерлі-зайыптылардың әрқайсысы атқарар парызына адал болатын. Ерінің ықылас-пейілі өзіне қай кезде ауса, соған даяр болуға үйренген. Бірақ сол зайыптық парыздың өзі ел айтқандай ләззатты сәт емес, азапты шаққа айналған. Жұптық өмірден көрген жалғыз рақатым деп ол құйттай ғана перзенті өмірге келгенін ғана мойындаған.


* * *


Өлмес қанша ойланып, қанша толғанса да, бір шешімге келе алмай дал болған.


Күн ұзаққа санасында алма-кезек алыса алмай майдандасқан өз ойларының екіншісі кесімді мерзім таяған сайын бекемдеу шыққандай көрінді.


Әлдебір күш оны орнынан тағы да тұрғызып, түн құшағында қарауытқан қалың қарағай ішіндегі тұмаға қарай жетелей жөнелген. Өз қойнындағы жатқан жарының жанын жеп, арпалысқа салған сұмдық шешімнен бейхабар Сағи тәтті түс құшағында бейғам күйі жата берді.


Өлмес есін жинап үлгіре алмаған күйі өзін тағатсыз күтумен тұрған жігіттің құшағына келіп құлай берді. Ештеңені көргісі де, естігісі де келген жоқ. Өмірі өзі сезініп көрмеген ессіз де есірік халде қабырғасын қаусата қысқан қарулы құшаққа көміліп бара жатып, төбесінен жамырай үңілген сансыз жұлдыздарға қарауға да жүзі шыдамағандай, қос жанарын тас жұмып алды...


Иә, ол той күнгі бір сәтке ғана құйындай соғып өткен, содан бері жатса түсінен, тұрса есінен кетпеген рақатты шақты тағы сезінді. Нәзік әйел денесін сығымдап тастардай сол қарулы құшақ, өзін де өртеп жіберердей еріннің сол оттай ыстық лебі. Жігіт кеудесіне дейін жалаңаштап, өліп-өшіп сүйген кезде келіншек бұрын-соңды сезініп көрмеген ерекше бір күйге түскен. Бүкіл тұла бойы түгелдей қорғасын болып балқып бара жатты. Ақыл-есінен ада, әлдебір масаң күйге, бірақ соншама ләззатты күйге түсіп, ыңырси ғана тіл қатқан.


– Жаным-ай, осындай ма едің?


Дәл сол сәтте оның өліп-өшіп аймалауына, тұла бойын түгендеп аралап кеткен алақанының сипалауына қарсылық білдірерге шамасы жоқ еді. Қайта осы бір сәт ұзағырақ болса, өрекпіген жүректі тыншытып, тәнді тояттатар күйді бар болмысымен тілейтіндей.


Өлмес өмірінде тұңғыш ұшырасқан ең бақытты сәттен есін жинаған соң жайлаудың шалғын шөбін қос қолдап уыстап жатып, өз-өзінен жиренді. Тап-таза жанына дақ түсіруге себепші болған опасыз өз тәнінен жиренді. «Қанатын отқа күйдіріп тынған жынды көбелектен қай жерім артық? Мен де хайуан сезімнің құлы болдым ғой! Енді менің періште сәбиімді «анаңмын» деп құшуыма, періште пейіл жарымды «қатыныңмын» деп жәркелештенуге хақым жоқ. Онда мен адамдық қасиеттен мүлде адамын!» Ол қара жерді құшып жатып, көк шөпті уыс-уыс жұлып жатып ұзақ жылады.


– Тәңірім-ау, осынша неғып бақытсыз, сормаңдай етіп жараттың! – деп еңіреді ол.


– Есіңді жина, – деді жігіт.


– Мен қарабет енді ол босағаға жатпын. Сағидың қара тырнағынан садаға кетсемші, – деді келіншек.


– Тәуекел ет, мен сендікпін, – деді жігіт. – Ертең осы уақытта осы арадан біржолата аттанамыз...


Бұл найзағай ойнайтын жаңбырлы түннен бір күн бұрын ғана болған оқиға еді.


* * *


Өлмес баланы төсегіне жатқызып, көрпесімен жан-жағын қымтап қойды. Дәл Сағидың мұрнына тартқан тәмпіш танауының ұшы тершіп, тәтті де бейғам ұйқыда жатыр. Шешесі еңкейіп келіп, балаға ғана тән ғажайып бір хош иісі аңқыған сәбидің тамағынан ұзақ иіскеді. Жан сарайды қытықтап мас етер сәбидің мәйек иісі. Бала бетіне тамған шешенің ыстық көз жасынан тітіреніп селт ете қалды да, дәл бір өкпелеген адамдай ернін бұлтитып ала қойды. Сонан соң Өлмес күйеуінің ту сыртында отырған күйі жарым деп қана емес, бір дастар­қанның дәмімен бүкіл ғұмырын бірге өткізіп келе жатқан дүниедегі ең жанашыр жанның атан түйенің тоқпан жілігіндей иығынан сипады. «Қос қарағым, қараңғыда адасқан бейбақтарыңды кешіре көріңдер. Мен біріңе ана, біріңе жар бола алмадым. Аңдамай басып, ауырмай өліп бара жатқандаймын. Бар тілерім, сендердің жолдарың оңғарылса екен. Ол үнсіз егілген күйі Құралайдың кеше жумақ болып қойған терсіңді көбелек гүлді көгала көйлегін алып, қойнына тығып алды. Сөйтті де бәріне белді бекем буғандай көзінің жасын сүртіп тастап, орнынан ширақ көтерілді.


Жаңа ғана селдетіп құйған өткінші басылып, арты ақ жаңбыр­ға ұласқан. Айналаны тұман тұмшалап тұрса керек, дәл іргеден сос­тиып-состиып қарауытар сабалақ қарағайлар да жым-жылас. Айналаны тұмшалап тастаған қалың тұман көзге түртсе түк көрінбес соқыр қараңғылыққа бөккен. Ол күнделікті көз үйреншікті тұма басын бағдарға алды. Он-он бес қадам жер жүрмей-ақ дәл жанынан баяу ысқырған адамның дыбысы естілді. «Иә, сәт, жолымды оңғарта гөр!» Бұл да ақырын үн қатты.


Көп ұзамай-ақ екеуі Қайыңдының шатқалын көлденеңдеп кесіп өтер жалғыз аяқ Жандарал қиясының жолымен төмен құлдилап келе жатты.


– Талай ауылдың итін шулатып жүргенде, дәл мұндай жаурамаған едім... – Екеуі атқа қонарда Сырымның айтқан жалғыз ауыз әзілі Өлместің жүрегіне қанжардай қадалған. «Үнінде бес батпан зіл жатыр-ау. Неғып келдім деп өкініп те тұр ма бұл шіркін? Егер мұның орнында Сағи болса: «Жаураған жоқсың ба? Опыр-ай, селдеткені-ай» деген сияқты бірдеңе айтар еді». Осындай ой денесін шарпып өткенде бұл тіршілігінде әлде марқұм Шектібайдың арқасы, әлде можантомпай Сағидың арқасы тірі жанның артық сөзін басынан асырып үйренбеген келіншек те жауабын ойланбай айтты:


– Өкініп тұрсаң, жолың – әне! Бірақ менің өліде болмасам, тірімде ақ босағамды қайта аттар бетім қалған жоқ деген кешегі сөзім – сөз, – деп, жаңбыр суымен бетіне жабысқан шашын сілкіп тастап, өз шешімін келте де кесіп айтқан.


– Әзілім ғой, жаным. Менің де сертім – серт, – деп, жігіт еңкейіп келіп, Өлместің бетінен сүйіп алды.


Дегенмен, қалған тіршілігімнің тізгінін өзіңе тапсырдым деп, бәрінен безініп, соңынан ілесіп шыққан адамының алғашқы сөзі көңіліне дық салды ма, әлде суық жаңбырдан тоңғанның әсері ме, әйтеуір содан кейін екеуінің әңгімелері көпке дейін жараса қоймады. Ара-тұра Сырым аттан түсіп, жол тағанын сипап таниды да, салпы етек, сылбыраған жаңбыр астында мүлгіген күйі тарта берді.


Шатқалдың сайына түскеннен кейін әлі мал тұяғы тие қоймаған қау болып өскен қалың шөптің қағылез хайуан аттарды да жол тағанынан адастырып кеткенін Сырым бірден сезе қойды.


– Құдай ұрды! – деді ол мынау тұманды түнге де, өз тіршілігіне де нәлет жаудырғандай өкінішті үнмен. Ұзын қыл шылбырмен атты жетелеген күйі қозғалған сайын уыс-уыс іркілме суын шаш­қан шөптің арасымен еңбектеп жол іздеп, көп әуреге түсті. Ақыры, онысынан ештеңе өнбеген соң бүйткен жолды жақсылап тұрып бір сыбады да, көк қасқаға қайта қонжиды.


– Жүр, бұл шатқалдан мына меңіреу қараңғылықта жол тауып шыға алмаспыз. Онан да таң сібірлеп, жерге жарық түскенше бір ықтасын тауып, паналай тұрайық, – деді де, сайды құлдап берді. Көп ұзамай ол ат басы тірелген әлде нені сипап көрді де, қуана үн қатты:


– Иә, сәт, мынау қарағайшылардың салған ағаш үйі болса керек. Кел, ішіне кіріп паналайық.


Ол атынан түсіп, әлде нені қолымен сипап жүріп:


– Е, міне есігін де таптым, – деп қуана тіл қатты.


Ол жан қалтасынан сіріңкесін алып шыққанда Өлмес те әзірге мынау суық жаңбырдан бой тасалар пананың табылғанына қуан­ған. Сырым лып етіп тысқа қайта шығып, серігін аттан түсірді.


Төбесінен тамған тамшысы аздау дегені болмаса, іші тым дым­қыл, сыз иісі аңқып тұр екен. Ер-тоқымдарын жастанып екеуі де киімшең қисайды.


Сырым да әбден тоңса керек, көп сөйлеуге де шамасы келмей, Өлместі құшақтаған болып жатыр.


– Бәрі де дұрыс болатын еді... мына құдайдың жаңбыры емес пе, – деді ол ақталғандай.


Тісі тісіне тимей жатқан Өлмес жылы төсектерінде қамсыз-мұңсыз жатқан Сағи мен Құралайды бір түрлі сағына есіне алды. Бірақ өзінің енді олардың жанына өмір бойы орала алмайтынын ойлап, көңілін мұң торлады. «Мынау айналаны тұмшалаған соқыр тұман сияқты ауыр да зілді мұң. Айдың-күннің аманында мені адас­тырған қай желік?» Бірақ ол уайым теңізін қанша кешіп, мұңға қанша батса да, ойланбай басқан қадамы оны қайта мойын бұрмастай бір қиырға бастағанын біліп жатты...


Таң құлан иектенгенде жаңбыр басылып, ақ ұлпа тұман да таудың ортан беліне таман ысырыла көтеріліп қалыпты.


– Бұл үйді кім салса да, көп рақмет! Әйтпесе күніміз не болар еді... Апырау, осы үйдің ортасы неғып төмпешік деп ойлап едім, біреулердің тыққан қазынасы болмаса игі еді? Қазып көретін де ештеңенің жоғын қарашы, – деді Сырым аттарды ерттеп болып үйге қайта кіргенде.


– «Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйыршығына қалжуыр байлайды» дегендей, қайдағы қазынаны іздеп жүрсің? Есі дұрыс адам үй ортасына көмбе қалдырушы ма еді? Онан да қарамызды бұл маңнан тезірек батырайық, – деді Өлмес сыртқа беттеп бара жатып...


Бірақ Сырым далаға біраз кешігіп шықты. Жүзінде бір түрлі үрей ізі бар.


– Әй, бұл пенденің құмарлығын қойсаңшы, – деді ол атқа мінген соң. – Не екенін көре салайын деп құлаған тас пештің маңдай темірімен әлгі томпайған жерді қаза бастап едім... Кім болса да жаны жәннетте болсын... өліктің бас сүйегін сопаң еткізіп суырып алғаным... Әйтеуір, топырақпен қайта қалқалап үлгірдім.


Мұны естіген Өлместің денесі бір түрлі тітіреп кетті. Бірақ ол қысты қойып, жаздың күнінің өзінде жан баласы көп біле бермес терең шатқалда тұрған аңғал-саңғал ескі ағаш үйді біреудің арнайы салған моласы ғой деп қана ойлаған еді. Бірақ моланың төбесін не үшін үй сияқты жапқанын түсінбеген.


* * *


Өлмес бұл қарағай үйдің бір кезде, мүлде сәби кезінде қыс бойы өздеріне пана болған жай екенін, осының өмірі үшін өзінің әзиз анасы Бәтестің мұны адам қолына табыс етіп барып, көз жұмғанына бар арман-мүддесіне жеткендей қамсыз аттанғанын, ол ғана емес, бүгін де ана мәңгі мекен еткен мола-үйдің бұларды – қаршадай Құралайын тастап, бақыт іздеген Өлмес пен оның жолай қосылған қосағына тағы бір түн пана болғанын ол білмей аттанды.


... Қасындағы серігі Сырым да жаңағы өзінің кеңірдегінен ала түсердей екі көздің ұясы шүңірейген қу бастың иесі – ойда жоқта ұшырасып, ертіп келе жатқан әйелінің туған анасының сүйегі екенін білген жоқ...


3. Ана


– Әкетай, күнің болып кетейін, мына аюыңды берші маған. Сойып жейін. Мен бі-ле-мін, үл-ке-н сақалы бар шал айт­қан бір әйел мен жас бала қыс бойы аю етін қорек қып, ашаршылықтан құтылыпты деп. Біле-мін. Әкетай, бере ғойшы енді... Семіз екен... Ой-бай-ай, мені соққалы келесің бе? Соқ­пашы, әкетайым... – Жол ортадан киіп әкетіп салдырлай жөнелген науқас әйел Құралайдың қолындағы ойыншық аюға жармаса түсті. Қайда барарын білмей сасқалақтаған Құралай ойыншықты тастай беріп, Сабырдың қолтығына тығылды. Қайдан келіп, қайдан шыққаны мәлімсіз, бір бүйірден келіп, сап ете қалған мына пәле өзі ілдәлдәлап әрең жүрген келіншегін шошытты ма деген ой келгенде Сабырдың зәресі ұшты.


– Қорықпашы, жаным, қорықпашы, – деді, ол беті бөздей бозара қалған келіншегін құшақтай беріп. Ол жынданған адамды ашумен кеудесінен итеріп қалды.


– Бар, жоғал, әрмен! Нең бар бізде?!


Бейшара әйелде қауқар жоқ екен, шалқалап барып құлап түсті. Бірақ оның түрінде шошынғандықтың, қорыққандықтың белгісі де жоқ еді. Ол шалқалап жатқан күйі әндете жөнелген.


– Әйбат екен әйелің.


Әйбат екен аюың.


Мен де әйбат болғанмын, аха-хау. Енді бүгін жындымын! – деді ол жығылып жатқан күйі. Пілте-пілте болып ұйысып қалған шашы бетін жауып кеткен. Жанарының оты сөнген көзі лайланып, екеуіне еш мақсатсыз тесірейе қарайды.


«Сүйкімді екен, өзі болашақ баламыздың тілеуін тілеп тұрсын» деп жаңа жол-жөнекей магазиннен сатып алған сары үрпек ойыншық аю тырайып бір далада қалыпты.


– Егер баламды тауып алсам, андағы аюды берейін деп едім, – деп қырылдады әйел орнынан түрегеліп жатып. Ол қарқылдай күліп алды да, тағы әндете жөнелді:


– Қайда менің құлдығым?

Қайда менің жұлдызым?

Құлдығымды табамын,

Жұлдызымды табамын.

Сонан соң өліп қаламын!

Ах-оу, сонан соң өліп қаламын!


Сабыр еңкейіп барып, ойыншықты алды да, келіншегін құшақтаған күйі көше бойлап аяңдап бара жатты. Жаңа ғана қарқылдай күліп тұрған науқас жанның үні тарғылданып, енді жылай бастаған.


– Әй, жігіт, менің баламды беріп кет, әйтпесе аюыңды бер, – деп жанұшыра айғайлайды.


– Қорықтың ба, жаным? – деді жігіт әлі өзіне келе алмай тұрған Құралайға. – Бір көтеріліп ауырған әйел келіп жүр деп еді жұрт, осы екен ғой. Жолың болмағырдың, аңдаусызда кездесе кеткенін қарашы...


– Жоқ, онша қорыққаным жоқ. Бұл бейшара да «балам-балам» деп шырылдайды. Көрдің бе, «Құлдығымды тапқан соң, өле қаламын» дейді. Өзі осындай күйге түсіп жүрсе де, ұрпағын ғана ойлайды.


– Иә, жаратушының құдіреті де сол әр тіршілік иесінің бала үшін отқа да, суға да түсуге дайын тұруында ғой, – деді Сабыр. – Шошып қалып, бір кеселге сені де ұрындырып жүре ме дегенде, алдымен өзің үшін қорыққаным рас. Онан соң, болашақ сәбиіміз үшін де қорықтым...


– Сабыржан, менің қорқынышым басқада. Сары уайымға түсіп жүрер деп, саған айтпай-ақ қояйын деп едім... Жаңағы адамның сөзін естідің бе? Есі ауған жан болса да, «балама берейін деп едім» дейді. Өзі осындай күйге ұшырап жүрсе де ана шіркін баланы естен шығармайды. Ана болғаннан өткен бақыт бар ма?..


«Қорқынышы не тағы да? Ана болған деген қандай бақыт дейді. Не айтқалы келе жатыр? Апырау, өзі жылап келеді ғой». Келіншегінің не айтпаққа оқталып келе жатқанына жіп таға алмаған жігіт оның жанарынан домалап түскен мөлдір тамшыларды көріп, әбден берекесі кетті.


– Әлде, басың ауырды ма? Не болды, айтшы енді, – деп ол Құралайды жол жиегіндегі орындыққа қарай жетеледі. – Әлде маған ренжіп қалдың ба?


– Жоқ, Сабыржан, саған неге ренжимін? Қорыққаным жоқ. Ал қорқынышым деп отырғаным... Тек сен менің өз шешімімді қолдасаң ғана айтамын. «Жарайды» деші?


Сабыр басын изеді.


– Қорқыныш деп отырғаным өз өмірім үшін емес, әлі мынау жарық дүниенің есігін ашып үлгермеген болашақ сәбиімнің өмірі үшін туған қорқыныш. Жасыма жетіп, соңғы үмітімнен айрылып отырғаным жоқ қой. Сөйтсе де сәби құрсақта жатып, алғаш рет шіренген, алғаш рет бүйрегіңді бүлкілдете бастағаннан-ақ аналық мейіріміңді оятады екен. Бойға баланың біткенін білу әрбір әйел үшін үлкен қуаныш қой. Бірақ шынын айтсам, мен ондай өзгерісті уақытымен болар заңды құбылыс ретінде ғана қабылдағандаймын. Аман-есен болсам дүниеге бір қызылшақа ұл не қыз келетінін, ал оның өңі-түсін көрген соң ғана аналық мейірім оянар деп ойлаған едім. Жоқ, аналық мейірім дегеннің пайда болар сәтінің де өз жүрегіңнің астында пайда болған тіршілік иесінің алғашқы қимылын сезінгеннен басталарын білдім. Оның менің тұла бойымның ғана емес, жан-дүниемнің де бөлінбес бөлшегі екенін сезіндім. Сезіндім де, оның лақ асығындай ғана жүрегінің тоқтамауы үшін өз тіршілігімді құрбан етуге әзір екенімді біржола мойындадым. Енді келіп жарық дүниені көрсетіп үлгертпеу... бір жола жоқ ету...


Құралай өз ойын жеткізіп үлгіре алмай жасқа булығып, жылап жіберді.


– Кім сонда, біздің баламыздың өмірін қиятын? – деген Сабыр да абдырап. Ол Құралайдың сөзінен ештеңенің байыбына бара алмай тұрса да, оның қыстыға жылағанын көргенде өз ұрпағына бір тықырдың таянғанын білгендей.


– Дәрігерлер, – деді Құралай. – Дәрігерлер менің өмірім үшін осындай үкім айтып отыр.


Әңгіменің түп төркінін енді аңдай бастаған Сабырдың қабағы да түсіп кетті. Әке болу, тұңғыш рет әке атану деген әлде бір сезім оны да ерекше бір сезімге бөлер еді. Әсіресе, болашақ сәби туралы екеуі сан қилы қиял шерткенде. Енді сол болашақ ұрпағына қауіп төнгенін сезген сайын салы суға кеткендей үнсіз қалды.


– Бүгін мен перзентханаға барып, алдын ала ем қабылдау үшін жатуға тиісті едім. Өзіңе бар жайды айтуға бекініп, бір күнге мұрсат алып келіп отырмын... Дәрігерлер баланың ай-күнін жетілдіріп босануыма үзілді-кесілді қарсы болып отыр. «Өз өміріңе қауіпті болады» дегенді айтады... Менің шешімім – біреу-ақ. Тағдырым пешенеме не бұйыртса, соны тәуекелмен қарсы алмақпын. Адам өмірге келген екен, оның ең басты мұраты біреу-ақ. Ол – ұрпақ үшін ғұмыр кешу. Ұрпақсыз тіршілік иесі өмірге мақсатсыз келіп, мақсатсыз кететіндер деп есептеуші едім. Ең аяғы кете балықтың аналығы да ғұмырында бір-ақ рет уылдырық шашады екен де өлігін қарға-құзғынға жем қылып, бір қайраңда қалдырады екен. Демек оның тіршілігінің бар мәні дүниеге ұрпақ әкелу ғана. Тілсіз мақұлық құрлы жоқпыз ба? Мен алғашқы нәрестенің ғұмырын өз еркіммен ерте қисам, өмір бойы ана деген аттан ада боларымды да сеземін.


– Ой, қойшы, сен де тіпті қара бұлтты төндіре бермей! Олар мұндай кеңесті кімге айтпайды дейсің! Дәрігерлер өз шешімдерін теріске шығарар ешкімнің жоғын білген соң, ең оңай жолды таңдайды да. Тіпті айтқан сөздерінің қисыны болған күннің өзінде ол үшін трагедия туындатудың не қажеті бар? Басымыз жас әлі... Маған өзімізге көріне қоймаған бір шаранадан өзіңнің қымбат екеніңді неге ойламайсың?!. Соншама уайымдайтын ештеңе жоқ. Егер дәрігерлер өзіңе қауіп боларын шын дәлелдеп отырған болса, онда дегендеріне көнейік те. Қияйық сәбиді, өзің үшін қияйық. – Сабыр келіншегінің көңілін орнықтырмақ оймен «Қорқатын дәнеңе де жоқ!» демекші еді, бірақ «Шынында өзіне бала жолында қатер төнсе ше?» деген суық ой санасын қарып түскенде, алғаш­қы райынан қайтып, үзілді-кесілді өз шешімін айтты.


– Сабыржан, жаңа мынау ойыншықты неге сатып алғанымды білдің бе? – Құралай жаңағыдай емес, жасын тыйып, сергек сөйледі. – Ол менің де үзілді-кесілді шешімім. Мынау ойыншықты алданыш болсын деп емес, болашақ өзінің иесін жақсы ниетімен тосып тұрсын деп алдым... Сенің жаңа менің шешімімді қолдаймын деген уәдең бар еді ғой. Сөзіңде тұр, мені қайтадан азғырамын деп ойлаушы болма.


Сабыр «алдымен дәрігерлермен өзім кеңесермін, егер шынымен өте қатерлі дейтін болса, райынан қайтарармын. Бүгін көнбесе соңынан иланар. Мен ондай көзсіздікке көзім тірі тұрғанда жол бере қоймаспын» деген ойға бекем бел байлаған еді. Құралай да «Мен нәрестемнің обалын арқалағанша жанымды садаға етпеспін бе?!» деген шешіміне беки түсіп еді.


* * *


Сабырдан сабыр кеткелі қашан. Түн баласы үйде, ұзақты күн кеңседе байыз тауып отыра алмайды. Оның үстіне Құралай перзентханаға емделуге жатқаннан кейін төрт-бес күннен соң, оны бас дәрігер шақырып алып, жеке сөйлескен.


– Сіз оқыған, көзі ашық адамсыз, – деп ақ бас қартаң дәрігер алдымен бұған көпшік қоя сөйлеген. – Сондықтан барлық жағдайды жан-жақты ұғуға тиістісіз. Зайыбыңыз балалық жасап отыр. Ол өзінің науқасының қаншалықты қауіпті екенін сезбейді. Бүйрек ауруымен еш уақытта ойнауға болмайды. Жәй кездегі дімкәс бүйрекке аяқ ауырлаған кезде күш екі есе түспек. Сіз зайыбыңызға айтыңыз, түсіндіріңіз. Қалай да баланы ерте босандыру қажет.


Сабыр екі оттың ортасында қалғандай құнысқан күйі үнсіз отырып қалды.


– Мен оған айта-айта шаршағанмын. Өздеріңіз болмасаңыздар, енді айтқаныммен ештеңе өндіре алмасыма сенулімін, – деген ол дәрігерге. – Менің де сізден сұрарым мүмкін болса, екеуінің, болмағанда жолдасымның өз басының амандығына араша болсаңыз.


– Сіз айтпасаңыз да, сұрамасаңыз да біздің міндет сол ғана. Амал қанша, көнбесеңдер, қолдан келгенше көрелік. Алайда, айналайын інім, әйеліңіздің қауіпті шешімге келіп, басын қатерге тігіп отырған ерлігіне тәнті екенімді жасырғым келмейді. Жастарымыз өз ұрпағының тағдырына қатыгездікпен қарай бастаған сіз бен біздің заманымызда ондай жандардың да әлі бар екендігі мені қуандырады. Бәлкім, содан да болар, біз екеуінің өмірі үшін аянбай күресу парызымыз екенін айта отырып, адам ретінде тілеуқорларымыз. Қорықпа, інім, сәтін салса бәрі де дұрыс болар. – Бас дәрігер Сабырдың санасына үміт сәулесін ұялатқандай көңілді қоштасып, шығарып салған.


Сабыр содан бері перзентханаға күніне келген сайын Құралайды мазалағанын қойған еді. Бұған дейін ол келісім беруін сұрайтын. Қатермен ойнауға болмайтындығын айтқан болатын. Ақыры, оның бұл өтініші таусылмаған соң, соңғы барғанда Құралай бұрын­ғыдай терезеден сөйлеспей, бір жапырақ қағазын жолдапты. «Жаным, Сабыр, күн сайын келіп, мені осы сөзіңмен қинағаныңда өндіргенің бар ма? Мен ешкімге де келісім бермеске тәуекел еткенмін! Саған айтпаспын деген тағы бір сырым бар еді. Айтпасыма қоймадың. Күн сайын жанымды жегідей жеген сенің ақылыңды тыңдаудан қажып болдым... Маған о баста бала көтеруге болмайтын еді. Менің енді шегінер жерім жоқ. Сөзім – сөз! Жоқ, жаным, мен өз басымның амандығы үшін жылт еткен жалғыз үмітті, ана болудың жалғыз мүмкіндігінен айырыла алмаймын! Саған мұның бәрі де ауыр тиері сөзсіз, бірақ, бірақ ақырын күтуіңе тура келер... Енді маған ақыл айтып, жөн сілтеймін деп мұнда келуші болма. Онан да жалғыз жатып, өз тағдырымнан көрермін бәрін де...»


Сабыр бас дәрігерден шығысымен Құралай жатқан екінші қабаттағы терезенің алдына келіп, үнін барынша жайдары шығаруға тырысып дыбыстаған:


– Құралай! Мен ғой!


Құралай терезеден бір қарады да, неменеге мәз болып тұрғаны түсініксіз күйеуін көрді де, перзентхананың көк көрпесін жамылып келіп, терезені ашты.


– Жаным, Құралай! Жаңа ғана бас дәрігердің өзімен сөйлестім. Ол сенің шешіміңе риза! «Бәрі де жақсы болады» дейді...


Әрине Құралай оның сөзінен ештеңе ұға қоймаса да «Бәрі де жақсы болады дейді» деген сөзіне қуанған.


– Не деп кеттің өзің? Дұрыстап айтшы, – деген ол да көңілдене тіл қатып.


Сабыр соңғы жаңалығын айтып берді. Құралай өзіне бас дәрігердің ықыласы ауғанын естігенде шын қуанып, жақсы күндерге аман-сау жетеріне бір түрлі сене түскендей.


Сабыр келіншегімен сөйлескен соң да ауылдың шетіндегі үйіне жеткенше алас ұрып, кеудеге кептелген қилы-қилы ойларының жетегіне ілесті. «Егер, егер, жаман айтпай жақсы жоқ, нәресте үшін өзі олай-бұлай болып кетсе не болмақ?» Ол өз ойынан өзі шошынды. Миына шегедей қадалған сұмдық ойдан құтыла алмай арпалысып келеді. «Өмір бойы ұрпақсыз өтсем де айыра көрме, айыра көрме мәңгілікпіз деп қол ұстасқаныммен. Қажеті жоқ, маған да одан кейінгі тіршіліктің. Жоқ, жоқ мен көз алдымда мұндай қатерге неге жол беруге тиістімін. Өзі білсін деп жүргенде өкінішімді соңынан бір-ақ білсем не болғаны? Дәл ертең барамын да, дәрігеріне айтамын. Бала не болса о болсын, өзін ғана құтқара гөр деймін. Тура солай айтамын». Ол дәрігер «бәрі де жақсы болады» десе де, түнімен дөңбекшіп, ұйықтай алмаған. «Мен бала үшін Құралайдың басын қатерге тікпеймін!» деп шешті. Орнынан тұра салып, перзентханаға қарай құстай ұшып келеді. Дәл қазір жетпесе кешігердей. Қазір барып құтқарып қалмаса, Құралайынан біржола айырылардай.


Алпыстың аулынан әлдеқашан асып кеткен бас дәрігер кешегідей емес жылы қабақпен қарсы алды. Сасқалақтаған Сабырдың сөзінен көп ештеңені біраз уақытқа дейін айыра алмаған ол: «Жарайды, балам, келіншегіңді жақсы көреді екенсің. Сонда айтпағың не өзі?» деді. Сұраулы, немесе ренішті жүз емес, ризалықпен қараған мейірбан жүз.


– Маған баладан да оның өзі қымбат. Дәл қазір босандырсаңыз да мен ризамын. Мен... мен оның ана болуына мүмкіндігі жоқ екенін кеш білдім ғой...


– Айналайын, сонша үрейленбе. Кеше бәрін де түсіндірген сияқ­ты едім ғой. Әйел затының басты парызы өмірге адам әкелу. Ал оның жолында өз басын бәйгеге тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Менің ондай адамның бар үмітін кесуге дәтім де, дәрменім де жетпейді. Рас, мен саған оның мүлде босануға болмайтындығын айтқан жоқпын. Торықпасын деген едім. Бірақ үмітімізді әлі үзген жоқпыз. Екеуін де аман алып қалудың жалғыз мүмкіндігі бар сияқты. Ол – іштегі бала жеті айға толғанша амалдап шыдап, содан кейін оны операция арқылы алу. Тоғыз ай күтуге қол байлап отырған қырсық бүйрек науқасының беті қайт­пай тұрғандығында ғана ғой. Ал бүйректің жұмысына көмектесетін аппаратты облыстан бүгін жеткізетін болды. Бұл әрине, бәріміз үшін де үлкен қуанышты хабар.


Сабыр бүйрек, пәлен-түгеннен келер қанша қырсықтың барын топшылай алмаса да, адам үшін өмірде бір-ақ рет қайталанар ауыр да азапты сынның үстінде өзінің Құралайы тұрғанын сезген еді. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Екеуін де аман алып қалуға болады» деген жалғыз сөз ғана көңіліне басу әкелгендей. Бәрін де алдағы күндерден күтті. «Әр құбылысқа мән беріп, әрнені уайымдаған адамды өзіне жауша қарайтын жан деп білемін. Сондықтан, өткен шақ, келер шақ дегенді мойындамаған абзал. Өткен шақ – өкініш, келер шақ – қиялшыл. Осы шақтың қамын күйттеген, өткенді еске алмай, келер күнге өзінен-өзі қадам баспақ. Бұл – оптимизмнің белгісі» деп соғатын университетте өздерімен бірге оқыған Кәрім есімді жігіт. Сабыр оның бұл жаяу философиясына кезінде мән бермесе де, дәл қазіргі сәтте алдағы күннен көреріне алдын ала мән бермеуге бекінген...


Құралай екеуі отау тіккен бір жылдың беделін – өмірінің кішкентай бір бөлшегін есіне алып көрсе, уайымсыз, мұңсыз бір бақытты кезі екен. Адам көбінесе өзінің ең рақат ғұмырының құнын дәл сол кезде емес артынан барып салмақтайды ғой. Ол тіпті Құралай емделуге жатқан алғашқы күндерде үйде жалғыз жата алмай, түннің бір уақытына дейін перзентхана төңірегін торуылдайтын. Болмаса, ауыл шетіне шығып кетіп, жападан-жал­ғыз сенделіп біраз жүрер еді. Қазіргі кезде жалғыздыққа үйренбесе де оған мойынсұна бастағандай. Іңір қараңғылығы үйіріле үйге жетсе, тамағын ішіп болған соң, түннің бір уағына дейін өзін кітаппен алдандырған болады. Әбден шаршап барып, енді ұйықтайын деп қисайса да ой теңізіне жүзіп кете барады. Қанша ойламайын, уайым­дамайын десе де соңғы кезде өзін көңілсіздіктің әлдебір ауыр салмағы езе жаншып, басып тастағандай. Сілкініп, серпіп тастар өз бойынан дәрмен таппай қиналады. Тек жұмыста онысын ешкімге сездірмеу үшін жайраңдап жүруге тырысар еді. «Перзентханада емделіп жатқан әйелімді уайымдап жүрмін» дегеннің шет-жағасын сездірсе-ақ, жұмыстас жігіттерден таусылмас мазаққа қаларына көзі жетеді. «Бұл өмірде әйел алған жалғыз еркек кіндік сен бе едің, әйел болып, бала көтерген жалғыз Құралайың ба еді?» деместеріне күмән бар ма? Иә, олар бұлардың басындағы ауырт­палықты қайдан білсін?!


Ол күндегі әдетінше жұмыстан кейін Құралайға соғып, үйіне кеш оралған. Ауызғы бөлмеге кіре бергенде қараңғы бұрышта әлдекімнің отырғанын көріп, шошып қалды.


– Кімсің? Не ғып отырсың бұл жерде? – деді ол даусы тар­ғылданып. Бірақ отырған адам міз бақпады. Сабыр қалтасынан шырпысын алып тұтатқан сәтте бұрышта отырған адам бетін көлегейлей берді. «Сол, тағы сол әйел. Бұл жерден не іздеп келді екен, сорлы?» Сабыр әуелде шошып қалса да бойын бірден жиып алды. Аурудың салдарынан ең бейшара халге түскен осы бір тіршілік иесін өткен жолы қатты жәбірлеп, көшеде сұлатып кеткені үшін соңынан қатты өкінген. Оның үстіне Құралай да «Бекер қол жұмсадың-ау бейшараға. Есі дұрыс болса, бізге келіп жармаса түсер ме еді? Дүниеге осы ауру қалпында келді дейсің бе?! Тағдырдың бір тәлкегі де бұл жаз­ғанды осы күйге түсіріп қойған. Жас жанымыз, бос мойнымыз, көрер қызығымыз бар дегендей, бекер-ақ жәбірледің-ау!» деген болатын. Енді сол адам сол аз­ған, сол тоз­ған қалпы келіп, бұлардың үйінің бұрышында отыр.


– Қайдан келдің? – деді Сабыр қатқылдау үнмен. Тым мүсіркеймін деп құтыла алмай жүрмейін деп сақсынған. Әйелде үн жоқ. Әлденеге кінәлі болған баладай төменшіктеп, тұқыра береді. Апыр-ау, бұл байғұстың жан ашырлары жоқ па екен? Айтпақшы, осы өткен жолы «Баламды іздеп жүрмін» деп еді-ау. Анасы мұндай халге түскенде қаңғыртып жіберіп, қарап жүрген ол қандай бала? Ертең сұрастырып көрейінші...» деген ой келді Сабырға.


– Қарның ашты ма? – деді ол кіре беріс бөлменің шамын жаққан соң.


– І-і-и-ә!


«Бейшара-ай, кім бұған елеп-ескеріп ас беріп жүр дейсің. Ертең туған-туысы табылмаса дәрігерлерге айтып, емдеу орнына тапсырған жөн шығар. Бұл шіркінді дәрігерге көрсеткен де ешкім бола қоймаған болар, сірә? Кім біледі, сәтін салса сауығып та қалар.»


Әйел берген асты қомағайлана жеп болып, сол үнсіз қалпы отыра берді.


– Өткен жолы көргенде «Баламды іздеп жүрмін» деп едің ғой. Балаң қайда еді? Оны таптың ба? – деді Сабыр бірдеңе айтып қалар ма екен деген оймен.


– Ә-ә, бала ма? Ол міне ғой, міне – бала. – Әйел қойнына қолын жүгіртіп жіберіп, кішкентай сәбидің әбден кірлеп, умаждалып қал­ған көбелек гүлді көгала көйлегін суырып алды. – Міне – менің балам. Әкетайым-ау, сенбесең иіскеші – баланың иісі.


Сабыр әйел ұсынған көйлекке қол созған жоқ. «Е, байғұс-ай, өлі мен тірінің арасында жүрген бұл дағы бала-бала деп тақылдайды. Табиғаттың құдіреті-ай! Мынау кішкене баланың ескі көйлегін қай күресіннен тауып алды екен?»


– Мә, мә, ала ғой. Мен білемін, сенің әйелің аман-есен босанады. Мынаны соған кигіз. Бірақ мен берді деп айтпа... Мен білемін сенің әйелің аман босанады. Түс көргем!..


«Айтқаның келсін, байғұсым! Ертең-ақ туыстары табылмаса, емдеу орындарына тапсырармын. Өзінің кей сөздері есі бүтін адамның әңгімесі сияқты. Айтқаның келгір, лебізі қандай жақсы еді!» деп ойлады Сабыр.


– Бүгін осында қонып шығыңыз. Қазір астыңызға кигіз, көрпе әкеліп беремін. Ертең киім, тамақ беретін жерге барамыз. – Бейтаныс­тың жаңағы сөзіне Сабырдың іші жылыды ма, бірден «сізге» көшіп, мүсіркей қарады. Ол әйел отырған жерге кигіз, көрпе әкеліп жайып, басына киім әкеліп жастап берді. Үйге кіргізген жоқ. Кіре берісте қалдырды. Есі ауысқан аты бар адам­ға қанша жаны ашығанмен, бірден сенім білдіруге қауіптенді.


Сабыр ертеңіне төсегінен тұрғанда шақырылмай келген қонағы орнында жоқ болып шықты. Бірақ орнында кешегі көбелек гүлді көгала көйлек қалыпты. «Болашақ нәрестенің алғашқы иткөйлегі келе бастады» деді Сабыр жерде умаждалып жатқан көнетоз бала көйлегіне көз қиығын салып. Ол көйлекті бірден қоқыс салған шелекке атып ұрмақ еді, бірақ «жарайды жата берсін, кейін Құралай аман-есен келсе, өзіңді қорқытқан есуас әйел бала тумай тұрып-ақ иткөйлегін әкеліп кетті» деп бір күлдірейін деген ой келді де, көйлекті бір бұрыш­қа тастай салды.


* * *


Дәрігер белгілеген күн таянғанда Сабыр аулынан атасы Сағиды шақыртқан. «Мен малдан шыға алатын емеспін, өздері келіп қайтсын» деп келген-барғаннан сәлем жолдап, ат ізін жаздай бір сала алмаған Сәкең «Құралай науқастанып жатыр» дегенді естісімен-ақ түнделетіп жетіпті.


– Биыл жайлау үстінде отырғанда үйден қырық қадам шыға алған жоқпын. Оның үстіне әлгі жаман шешелерің де қыңқыл-сың­қылын биыл әскере молайтып жіберді. Көзімнің қарашығы, арқалап жүріп жеткізген жалғызыма ала жаздай осындай себептермен келе алмадым, – деп Сәкең ақтала сөйледі. – Қалай өзі, Құралайжан? Қай жерім дейді?


– Аяғы ауыр, әке. – Сабыр бұл сөзді айтуға қысылса да, қарт­ты қорықпасын деп әдейі айтты.


– Ой, құлынымнан айналдым-ау сол! Аттан түсе баласының амандығын сұраған қарт мына күтпеген хабарды естігенде қуанышын жасыра алмады. – Опыр-ау, баламысың деген-ау, жүрегімізді тас-төбемізге шығарып, «науқастанып жатыр» дегенше, бірден айтпадыңдар ма?! Ой, құлыннан айналдық сол. Аман-есен қол-аяғын бауырына алса, шілдехананы өзім жасаймын. Қой, балам, отырмалық, мені Құралайжанға жеткіз. – Сәкең сырт киімін де шешпестен орнынан ықшам көтерілді. Әлде қуаныш, әлде жалғызына деген сағыныш, әншейінде аяғын санап басып, тым асықпай қимылдайтын жан бірден ширап салғандай.


«Тумаса да туғандай ғып өсірген жаман шешесін де шақыртайық. Құдай қаласа, екеулеп жүріп мүмкін кішкентайды сұрап алармыз. Өздері бала болып жүрген екеуіне бала не керек? Опыр-ай, бүкіл жайлау жұртын аяғынан тік тұрғызып, бір дүрілдетейін... Тәубә, тәубә, асылыққа жаза көрме. Алдымен құлынымның жаны қалсыншы». Сағи перзентханаға жеткенше осы ойына он оралып, он рет тәубәсіне келді. «Қаршадай күнінен тірі жетім қалған Құралайымды төрт жыл бойы қойнымнан тастамай, күндіз-түні құшақтап жүріп, адам қатарына қосып едім. Жәміш байғұс та артынан бала ермеді дегені болмаса жалғызымды жаутаңдатқан жоқ. Бекер обалы қәне? Енді міне, жаман атынан сақтаса, кемпір екеуіміз екі жастың біріне келіп қал­ғанда осылардың жаманын әлдилеп отырсақ көрген көресінің де, қиындықтың да бір күнгідей білінбей өткені де.. Тәубә, амандығына жазсыншы».


«Құралайға бүгін операция жасалатынын айтпай-ақ қояйын. Өзі де қазір естір. Он, он бес минут болса да қуанышының орнын қорқыныш баспасын». Бұл – Сабырдың ойы.


Екеуі перзентханаға келгенде күн түске тармысып қалған. Ашық тұрған терезелерден шарылдай жылаған нәрестелердің үні естілді. Мүмкін, бұл адамның өмір есігін ашқандағы алғашқы даусы шығар. Ана үшін аналық мейірім әкелер ұмытылмас үн, ұрпағының үні болар...


– Өй, айналып қана кетейіндердің үндерін қарашы. «Мен келдім!» десіп, жарыса жар салып жатыр, – деді Сағи терезелерді нұсқап. – Менің күшігімнің де үнін естірте гөр, алла!..


* * *


Бір аңызда мынандай кеп бар екен: «Түлкі қоянға айтқан екен дейді. Сенің көжектерің сияқты менің күшіктерім де туа салып, өз күнін өздері көріп кетсе ғой. Қорадан тауық, өрістен қозы ұрлап азаптанбас едім деп. Жоқ, – депті қоян. – Ол менің бақытым емес, бақытсыздығым, бақытсыздығым – ішімнен шыққан балама менің, баламның маған жат бауырлығында. «Қанжығада көріселік» деп бет-бетімізге жортпай, күшіктің түлкі болғанынша қиындығын көрген сен сияқты көжектің қоян болғанша азабын көрсем, өзімді бақытсызбын демеген болар едім» деген екен. Бұл аңыз ғой әншейін, бірақ екі айдан бері торға түскен торғайдай болып жат­қан Құралай да бар медетті мынау бүйірін шірене тепкілеген нәрестенің ойхой жарық кең дүниеге шыққаннан кейінгі күндерінен іздейтін.


Ертеңгілік оған бас дәрігер өзі кіріп, көп қобалжымауын, сәті түссе, бәрінің де ойдағыдай болатынын ықтияттап айтып, сендіре сөйлеген.


– Қызым, көп қорқа берме. Әлі-ақ сәбиіңді құшақтап, жайраңдап отырар күнің алыс емес, – деген ол екі-үш күн көз ілмей әбден қалжыраған Құралайдың көңілін көтермек болып. Дәрігер қанша көңілін демегенімен ол не болса да тезірек болса екен деп тіледі. Сонан кейін Сабырдың келуін асыға күтті. Егер осы бір сын сағатта ол тілеулес болып, жақын жерде жүрсе, екеуінің де – өзі мен сәбиінің өмірін құтқарып қалатындай. «Апыр-ай, әкем келер ме екен? Әлде, Сабыр сол кісіні тосып жүр ме?» деп ойлады ол.


– Құралайжан! – Бейтаныс үн. Әйел даусы. «Бұл кім болды екен?» Ол терезеге жақындағанда өз көзіне өзі сенбеді. Көшеде жолығып, қолындағы ойыншық аюына жармасатын есі ауысқан әйел тура өзіне шаншыла қадалып тұр. «Бұл қайдан таниды мені? Апыр-ау, өзі жылап тұр ғой».


– Сіз маған келдіңіз бе? – деді ол әйелге.


– Әкетайым-ау, басым ғой ауырған... Бөпең қайда, а? Сен оған аюыңды сойып берме жарай ма?.. Әкетайым-ау, оған айт, мен сендерден қашпаймын де, жарай ма? – Әйел көзіне түскен шашын сілкіп тастап, көшенің бір бұрышына үдірейе қарады. – Ойбай-ай, келе жатыр, өлейін-ай, – деп үйді айнала берді. «Кісіге үздіге қарайды өзі» деп ойлады Құралай. Сөйткенше болған жоқ, жаңағы әйел үрке қараған жақтан келе жатқан әкесі мен Сабырды көрді.


* * *


... Бір биік болғанда биік тауға өрмелеп бара жатыр екен дейді... Бұлттың өзі де түте-түтесі шығып, ту-ту төменде жатыр.


– Сабыржан, тоқташы. Құлайын деп бара жатырмын, ұстай берші! – демекші еді үні шықпады. Тасқа қатты жығылыпты. Іші ауырып барады.


– Қарашы, Сабыр, байқамай жығылып қалғаным. Ішім ауырып барады. Кішкенемізге зақым келмесе екен. – Тағы үні шықпай қалды. Сабыр да үндемейді. Маңдайынан сипайды. Өзінің еркелететіні сияқты ауыртпай ақырын ғана бетін шапалақтайды. Сол кездегі төменде жатқан түте-түте бұлттың бір құшағы бөлініп шығып, бұларға қарай ұша жөнелді. Иә, бұлт емес, бір алып құс екен. Әне, келіп қалды. «Әкетайым-ау, бұл сенсің бе? Бөпең қайда, а? Сен оған мен сендерден қашпаймын де, жарай ма?» Ақ құс дегені бағанағы есуас әйел. Апыр-ай, өзі қалай үздіге қарайды кісіге? Өмірімде мұндай көзқарас көрген емеспін». Әне ол қанатын сілкіп қалып еді, сұп-суық су бүрікті... Жоқ, мұның бәрі түс қой. Әйтпесе Сабыр бетімнен шапалақтап еркелетіп тұр. Қолын көрейінші өзінің. Не ғып бәрі бұлыңғыр болып кетті?.. Жаңа қатты жығылғанымды қарашы, балаға зақым келмесе екен.


– Құралай, көзіңді аш!


– Бұл кімнің даусы болды екен? Сабыр тұр емес пе еді жаңа. Ол қайда кеткен? Мынау қол кімдікі? Мынау тұрған дәрігер ғой. Бұл қай жер? Жаңағы тау, бұлт қайда?


– Дәрігер, мен қайда жатырмын? – Өз үнін өзі әрең естіді.


– Сүйінші! Көзін ашты, сөйледі! – Бұл тағы да дәрігердің үні. Ол ашық тұрған терезеден сыртқа қарап сөйледі.


– Құл-е-енем! – «Әкесінің даусы».


– Құралай! – «Сабыр ғой мынау». Дәрігер енді болды дегендей терезені жауып қойды. Сәбидің жылаған даусы естілді. Ащы тіршілігі жиі ұшырасқанмен соншама тәтті өмір табалдырығынан аттаған беттегі адамның «Мен де орталарыңа келдім!» деп жар салған алғашқы айқайы.


– Құралай, міне ұлыңды көрдің бе? «Мен өмірге келгелі табаны күректей үш сағат болды» деп тұр.


Құралай көзін ашты. Қол басындай ғана қызыл шақа оймақтай аузын кере ашып, шырқырай жылады. Ол өзінің барлығын білдірген екен-ау. Құралай жымиып күлмек болды. Тәтті, бұрын-соңды болмаған бір тәтті ұйқы кимеледі. Сәбиі құшағында жатыр екен дейді...


* * *


Бұрынғы Құралай мен Сабыр ғана отырар кең үйде тұңғыш рет сәбидің жылаған үні естілді. Сәби жылап еді, кешелер жетіп үлгірген шешесі Жәміш бесікке Құралаймен бірге ұмтылды. «Тәубә, бергеніңе шүкір!» деп күбірледі Сағи. Сабыр жөткірініп қойды. Үнінде әкелерге тән бір нығыздық бар.


– Сабыр, – деді Құралай баланы емізіп отырып, – әнеугі есі ауған әйел бар ғой, иә?! Әлгі ойыншық аюымызға жармасатын ше? Сол әкем келетін күні перзентханаға мені іздеп келіпті. Қайдан танитынын білмеймін? Терезеден әлдекімнің «Құралай!» деген даусын естіп, қарасам сол әйелдің өзі. Маған қараған кездегі көз жанарын көрсең! Үздігіп тұр. Тура менің мына өзімнің тәтемнің мейірімді көзқарасы дерсің, – деп, Құралай Жәміш шешесіне қарап, күліп қойды.


– Сен оны айтасың, ол біздің үйге келіп, қонып аттанған. Әуелі балаға иткөйлегін де ала келіпті. Қайда қойып едім? – деп, Сабыр орнынан тұрып барып, көбелек гүлді көгала көйлекті алып келді.


– Кім дейді? – Сағидың сөзі.


– Е, осы ауылда бір көтеріліп ауырған әйел жүр. Дегенмен, байғұстың тілеуі жақсы екен. «Әйелің аман-есен босанады. Түс көрдім» деп еді.


Бұл – Сабырдың сөзі. Сағи әбден тозығы жетіп, кір сіңген кішкентай көбелек гүлді көгала көйлекті қолына алып, үңіле берді. Саусақтары сабаудай кесек қолы икемге келмей дірілдейді. Ескі көйлек емес, қызық кітапқа үңілгендей қолындағы затқа қараған бойы қатып қалған.


– Қойшы, сен де, қайдағыны сақтап қойғаның не? – Бұл – Құралайдың сөзі.


– Жоқ, бұл «қайдағы» бір зат емес, құлындарым. Бұл – Құралай, сенің сәби күніңдегі иткөйлегің! Ал, өздерің «есуас», «жынды», «көтерілген» деп жүрген адамдарың біріңнің – анаң, біріңнің – енең. Тек айырмашылығы бір рет жаза басқан қадамы үшін жанына жазылмастай жара түскен жан.


Құралай апалап келіп, Жәмішті құшақтады. Ол да үнсіз жасын төккен күйі Құралайын аймалай берді. «Жаным, ол да, мен де сенің шешеңбіз. Ол – сені өмірге әкелген анаң, мен – тәрбие­леп, жеткізген анаңмын. Сүрінгенді сүйеу, ағат басқанның кінәсін кешіру емес пе еді адамгершілігіміздің белгісі. Оның үстіне ол сендердің – аналарың, туған аналарың ғой, – деді Жәміш көз жасын ірікпеген күйі.


– Жоқ, апатай, менің анам сен ғанасың! – деді Құралай. Бірақ бұл сөзді ойланбай айтқан еді. Оның жан-дүниесінде бір-ақ үн шырқап тұрған. Ол – «Қайда жүрсің менің, бейбақ, анашым!»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар