Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбайұлы: Алғашқы қоңырау...

08.01.2016 3885

Кәдірбек Сегізбайұлы: Алғашқы қоңырау

Кәдірбек Сегізбайұлы: Алғашқы қоңырау - adebiportal.kz


Кәдірбек Сегізбай.jpg

Шәкірттік өмірге тұңғыш рет қадам басқалы тұрған кішкентай Әмірді әкесі Нұрбек жетелеп келеді. Күндегідей ойыннан үміті бар ақ күшік те салпылдап, соңдарынан ерді. Олар мектеп ауласына келгенде бірінші класқа түсетін бір жылғы төлдердің ата-аналары жиналып алып, әңгімелесіп тұр екен.


Әрқайсысы өз балаларының мінезін, ұғымын салмақ­тап, сарапқа салады. Нұрбектерге үш-төрт таныс жігіт келіп амандасты. Олардың біреуі:

– О, мынау әлгі Әмір деген азамат па? Бәрекелді, талабың оң болсын, жаным! – деп Әмірдің арқасынан қағып қойды. – Мынау әлгі – біздің жаман ұлымыз ғой, оқимын дейді. Әйтеуір, өзіміз кезінде дұрыстап оқи алмай қалдық. Енді осылар оқысын...


Бір кезде мектеп маңдайшасындағы электр қоңырауы жар салды. Бұл – жаңа оқу жылының хабаршысы, тіпті Әмір сияқты балғын балапандардың үлкен өмір босағасын тұңғыш аттар алдындағы салтанатты сәттің белгісі десе де болғандай. Бір ауылдағы бір мектеп, бір мектептегі жалғыз қоңырау үні Қаражал жұртына үлкен әсер етті. «Дәл осы минутта мыңдаған қоңырау миллондаған жанның сезімін тербелтіп, миллиондаған жүректі елжіретіп тұр-ау», деп ойлады Нұрбек. Ол Әмірге қарады. Қарақат көзі ұшқын атады. Манағы бір сәтте балбұл жайнаған сәби жүзі қазір әппақ сүттей болып кеткен. «Толқып тұр-ау, құлыным» деп ойлайды әкесі.


Ол Әмірдің соңғы күндері осы сәтті асыға күткенін сырттай байқап жүретін. «Шәкірт боласың» деген сөз алаңсыз да аласыз бала жанына ерекше әсер етіп, тез арада есейтіп тастаған еді. Кішкентай Әмірдің бұл күнді көптен асыға күтіп, әрең дегенде қолы жеткендей. Өзінен үлкен әпкесі Әлия өткен жылы бірінші класқа барып, мұны бүкіл қыс бойы әбден оқытпағанда ол мектеп, сабақ, мұғалім деген сөздердің бұл жалғанда бар екенін бұрын аңдаған да, аңғарған да емес еді. Әлия болса күнбе-күн көрген-білгенін жеткізіп, мақтанып кеп жүргені. Өзі үйренгенін Әмірге үйретуге асығады. Күндіз мектепте оқығанын кешке інісіне үйретіп, «ұстаздық» етіп жүреді, кейде тіпті «су мисың» деп шәкіртінің жер-жебіріне жеткенімен қоймай, оған қонжитып тұрып, екілікті де қойып қояды.


Сөйткен бала шәкірт Әлияның «мектебінен» әйтеуір жаз шыға әрең дегенде құтылып шықты. «Ұстаздың» өзі де жалықты ма, болмаса «шәкірті» өзінен бір-ақ жасы үлкен апасын данышпансытып қоюды ар көрді ме, әйтеуір жаз шыға бұл екеуінің де шаруасы тоқырап қалған.


Бірақ өзінің заңды түрдегі мектеп шәкірті болатынын сезген Әмір іштей ынтығулы, іштей қобалжулы еді. Оның балдырған жүзінен Әлиясыз-ақ күн кешемін деген балаң көңілдің болашақтан үміт күткен қуанышын да оңай байқауға болар еді. Нұрбек оның әрбір іс-әрекетіндегі ірі құбылысты, балаға тән емес бір салмақтылықты байқап жүрді.

Ол бүгін ала-таңмен таласа тұрып, шешесінің «мекте

пке барғанда киесің» деп бұрын сатып алып қойған киімдерін де өзі тауып алды. Екі-үш айтқызбай жуа қоймайтын беті-қолын да сабындап әбден тазалады. Содан кейін өзінің еншісіне бөлінген кітап-қағаздарын түгендеді. Оның таңертеңгі асын да жөндеп іше алмай алабұртып отырғанын Нұрбек жақсы аңғарған. Ақыры Әмір жылдай созылып кеткен соңғы сағаттың шабандығына зығырданы қайнағандай аулаға шығып кетті. Сол кезде ақ күшігі күндегі әдеті бойынша өзен жағалап, балық аулаймыз ба, немесе асыр салып, доп қуамыз ба дегендей аяғына орала берді.


«Жоқ, Саққұлақ, енді екеуміздің бірге ойнауымыз ұяттау болады, мен болсам бүгін мектепке барамын. Бұдан былай біздерді оқушы деп атайды» дегендей салпаңқұлақ миғұла досын бүгін менсінбей, оның «өтінішін» қабылдамай, мүлде өзінше жүріп алды.


Бағана мектепке жүрер алдында әке-шешесі көрші-қолаңдарын шақырып, шағын тілеу жасаған. Сонда бұл: «Мен әкем сияқты аз емес, көп-көп оқимын» деп мақтанған. Нұрбек күліп, баланың бетінен сүйген. Бірақ сәби сөзі болса да, ұмыт бола бастаған бір өкініштерді оның есіне түсіре берді. Жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты мәжіліс ашылды. Нұрбек әлі де өзінің өмір жолын кезіп, ой құшағында тұр. Бұл да дәл осы Әмір сияқты мектеп есігін ашқан, бірақ ол соғыс жылдары еді.


Қойлы ауыл Тайжүзгенде отырған. Әлі есінде, шешесі марқұм мұны ой жаққа түсіп бара жатқан қасқа өгізді қара шалға мінгестіріп жіберіп тұрұп, көзінің жасын көл етіп, жылап қалғаны. Содан небәрі екі ай уақыт бұрын бұлардың шайқалмай тұрған шағын шаңырағын «қара қағаз» деген бәленің келіп, ортасына түсіріп кеткені де оның есінде. «Қу жетімегіңді кімге тастап кетіп едің?» деп, запыран шеккен анасының зарлы үні де есіне алған сайын қайтадан жаңғырып жетіп тұрғандай. Сондықтан да шешесі Зылиха марқұм қасындағы бар тіреніш, бар сүйеніші – жаман қара ұлын оқуға шығарып саларда қатты қиналып еді. Қуарған төрт керегені бағып, жалғыз шошайып артында қалған анасына қасқа өгіздің сауырында бара жатып көп қарап еді, көп жылап еді. Есейіп қалған шағында әке қазасын естіп, мойып жүрген бала жалғыз қалған әзиз анасының қамкөңіл күйін, қоңырқай халін сезініп, ет жүрегі елжіреп, езіліп жылаған. Осы бір оқу дегенге шешені тастап баруға жоқ-ақ еді. Бірақ әкеңнің өтініші болатын деп қиылып сұраған соң амалсыз көнген. Қара шалдың қатпар-қатпар күнқақты желкесінің артында отырып алып, мектепке келгенше жылай берген, жылай берген.

– Неге жылайсың, жаным? Оқуға бара жатқан жігіт жылай ма екен? Ертең-ақ оқу бітіріп, үлкен азамат боласың. Сөйт әкем, жылама!Оқу бітірген соң колхоз бастығы боласың, немесе ауыл кеңес боларсың. Сонда біздің жағдайға қарап жүретін жақсы адам бол, жарай ма?! Сөйте ғой, әкем.


Бірақ Нұрбек оның ұсынған «колхоз бастығына» да «ауыл кеңесіне» де елти қойған жоқ, есіл-дерті Тайжүзгеннің жарындағы қаңыраған қараша үйде қалып бара жатқан шешесінде ғана болған. Қозыкөш жер болса да жырақта қалып бара жатқандай ананың ыстық құшағымен, аласыз да алаңсыз балалық шағымен тұңғыш рет осылай қоштасып еді...


Мұның бәрі де кешегі бір оқиғадай есінде сайрап тұр. Бірақ бала көңілін тұңғыш естіген қоңырау үні дүр сілкіндіріп, қанаттандырғандай еді, ерте есейткендей еді. Жұдырықтай ғана шойын қоңыраудың сол бір сәттегі сыңғыр-сыңғыр шылдыры мұның құлағынан әлі де кетер емес. Ақпейіл Майра апайдың өздерін шуақты бір ақберен күлкісімен қарсы алғанын да, мұның жүзге дейін жаңылмай санап бергені үшін сол апайдың алғашқы күні «бестікті» қойғанын да ұмыта алмас, сірә...


Нұрбек алғашқы күндері қанша жетімсіресе де, қанша жалғызсыраса да мектеп қызығы, оқу қызығы оны еліктіріп әкеткен еді. Бірақ бірінші класты аяқтамай жатып баяғы қара шал жайсыз хабар айта келді:

– Нұрбекжан-ай, тәтәң байғұс әнеу күні қоймен бірге боранда ығып, суықта қалған ба, ептеп сырқаттанып жатқаны. Бір-екі үш күн барып қайтамысың, қайтесің? – деді сол баяғы сабырлы қалпы.


Жазған бала шешесінің құрт, ірімшігін дәметіп, ауылдасының алдынан шыққанда мынадай сөзді естіп, жан-дүниесінің ойраны шықты. Ол жылаған күйі қойлы ауылға жаяу тартты... Бірақ мектепке орала алмады. Ол мектепке оралған кезде соғыс бітіп, ел қуанышқа бөленген шақ еді. Нұрбек жалғыз анасын мәңгі сапарға шығарып салып еді. Ол мектепке оралған кезде құрбылары алтыншы класты тәмамдап қойған. Нұрбек Тайжүзгенде ғана емес, суық топырақ астында қалған анасымен, ойынды білмей өткізген жеткіншек шағымен осылай, біржолата қоштасып еді.


Арада жылдарды өткізіп жіберген тасбауыр уақыт мұны өзінен кіші інілерімен бірге оқуына мәжбұр етті. Баяғы сол бір шойын қоңыраудың сақаулау сазын қайта естігенде шерлі жүрегін кернеген ыстық жалын тұла бойын қыздырды. Өзіне мектептің қаншалықты аяулы, ыстық екенін осынау қоңырау үнінен танығандай. Әкесінің мақамды қоңыр даусын, аяулы анасының мейірімді лебізін оның естімегеніне де біраз уақыт өтіпті. Ауыл-үй, ағайынның кейде мұны мүсіркегені болмаса, әке-шешенің балаға деген ыстық та ықыласты үнін ешкімнен ести алған жоқ. Тек қана ол осы бір тілсіз шойынның шылдырынан ата-ананың теңіздей терең мейірімін таниды. Кім білсін, әлде бұл бала жүрегі солай қабылдағаннан да болар.


Бірақ қанша оқуға ынтықса да есейіп кеткен соң оқи алмады. Сөйтіп жүрегіне жылу құйған қоңырау үнін естімегеніне талай жылдар болған...


Оның ойын қоңыраудың күмбірі бұзды. Баяғыдағы әр бала бір ұстап мектепті айнала шауып жүріп соғатын кішкентай мыс қоңырау емес, төңкерген тегештей есіктің маңдайшасына ілінген электр қоңырау. Даусы да өктем, салтанатты сияқты. Ол тұңғыш рет осынау ұлы босағаны өзі аттағалы тұрғандай сезінді. Қоңырау үні емес, адам өмірінің бел-белесі мен қолат-қойнауы туралы бір ғажап музыка естіп тұрғандай күйге түсті. Осынау қолдарына гүл шоқтарын ұстаған гүл бейнелі бөбектерді өмір бәйгесіне шығарып салып тұрғандай, соның ішінде өзінің де бір тай-тұяғы қосылып бара жатқандай оған. Нұрбектің көңілі бос еді. Жұртқа байқатпай сырт айналды. Осындай қуанышты күні жылауға еш болмайтынын жақсы біледі, сөйтесе де қайта жалғанған өз өмірінің жалғасын көрген соң көңіл шіркін қуаныштан да жас болып көрінеді екен. «Әкеңнің үзіп алғанын сен жалғауға, әкең армандаған биікке сен өрмелеуге тиіссің», деп ойлады ол іштей.

– Ал, әке, класқа кіремін, – деді Әмір ақырын ғана. Кішкентай ұлының маңдайынан сүйді де: «Қадамың оң болсын, жаным!» – деді.


Әмір құрбыларымен бірге баспалдақпен өрлеп барады. Мұғалімдер мектепке кірді, жиналған жұрт үйді-үйлеріне тарасты. Бұл орнында әлі тұр. Тек Саққұлақ қана аяулы иесін өзінен алып кеткен есікке жапақтап қарай береді. Сөйтеді де қыңсылап, жер тырнайды. Хайуан шіркін иесінің «шәкірт» деген лауазымға ие болғанын қайдан білсін.

Қадамың оң болсын, жаным!

1976 ж.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар