Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨНЕР
/
«Кальмар ойыны» адамдық һәм хайуандық инстингі хақ...

23.06.2025 1603

«Кальмар ойыны» адамдық һәм хайуандық инстингі хақында 16+

«Кальмар ойыны» адамдық һәм хайуандық инстингі хақында - adebiportal.kz

Киноны сөздің видеоға айналған нұсқасы десеңіз, сөзге - әрекет, мимика, музыканы қабыстырған бұл өнер, қазіргі таңда таралымы мен танымалдығы жағынан әлемде теңдесі жоқ, жоғары деңгейдегі өнер жаюшы платформаның біріне айналып отыр. Сол платформаға ойып тұрып із қалдырған, қаймықпай тұрып қазық қаға алған санаулы мемлекеттердің ішінде соңғы жылдары Корей елінің қолтаңбасы айқын менмұндалап көріне бастады.

2020 жыл неше ондаған жылдық табанды еңбектің арқасында ақыры корей режиссерлері Оскар сыйлығын жеңіп алды. Поң Жун Хоның «Паразит» киносы коронавирустың қарсаңы болса да, кассалық жинақта корей фильмдері арасындағы ең табысты фильм болып қана қоймай, сол жылғы   Оскардың бірнеше аталымы бойынша жеңіске жетті.

Көп күттірмей,  2021 жылы «Кальмар ойыны» атты әлемді естен тандырған сериал жарыққа шығып, онсызда түрлі дорама-сериалдарымен көрерменнің көзайымы болып үлгерген корейліктер, дүниенің назарын корей кинематографиясына қайтадан аудартты.

(ivi.ru)

"Кальмар ойыны" сериалының сценарий авторы Хваң Доң Хёктің (Hwang Dong-hyuk) айтуынша: «Осыдан он шақты жыл бұрын жазылған сценарийді қаншама корей режиссерлерінің алдына апарғанымен, сериалды Корей қоғамының қабылдауына өте ауыр болатынын, бұндай қанқұйлы киноны түсіруге жүректері дауаламайтынын айтып сан мәрте кері қайтарып, жазба күйінде қала берді», - дейтіні бар еді. Тек Netflix-тің корей еліне келуімен сценарий телеканалдың қызығушылығын туғызып, шаң баса бастаған жерінен көрерменге кинокартина болып бірінші маусымы жол тартады. Netflix-тің бұл батыл қадамы еңбектерін ақтағаны сонша, өздері күтпеген көрілім жинап, Netflix тарихындағы рекордты бұзғаны сонша, сериал әлемдік бум туғызады.

2024 жыл дүниені шулатқан «Кальмар ойыны»  сериалының екінші маусымы асыға күткен көрерменге жол тартты. Киносериал сол тебін, сол бабынан айнымағанын сериалды тамашалағандар жапа-тармағай айтып жатты. Netflix кезекті рет ұшқыр ойлы корейліктердің қиялын қақшып алған да, әлемге адамның ақша алдында қан мен ажалға қарсы шаба беретін ашкөздігін қайтара айпарадай қылған.

Әуелі бірінші маусым сюжеті Саң Ги Хун есімді кейіпкердің өмірінен басталады. Ол – қырықтар шамасындағы, жұмыссыз, құмар ойынына әуес, қарызға батқан, қызына лайықты әке бола алмай жүрген адам тұғын. Бір күні метро станциясында жұмбақ бір адам оған біртүрлі ұтыс ойын ойнауды ұсынады. Ги Хун жеңсе ақша алады, жеңілсе шапалақ жейді. Бұндай оңай ақша табу ойыны ақшадан тарығып жүрген Ги Хунды қызықтырып қояды. Ал, ақша берген жұмбақ адам оған ерекше «жобаға» қатысу мүмкіндігі ретінде карта ұсынады.

(сериалдан алынды)

Ги Хун бұл ұсыныс туралы мың ойланып, жүз толғанып ақыры қатысып көрмекке бекінеді. Жұмбақ адам қалдырып кеткен карта бойынша хабарласып, ойынның ортасынан бірақ шығады. 

Есін жиған бас кейіпкеріміз оянған шақта қатысушы бір өзі емес, өзі секілді 455 адам барын, өзінің 456 - шы ойыншы екенін біледі. Ал ойыншылар арасында кім жоқ дейсіз, қоғамның әр саласынан, әр қабатында тірлік етіп, күн кешкен қаржылық қыспақтан әбден запы болған, белшеден қарызға батқан адамдар тобы болып шығады. Тіпті сыныптасы, бизнесмен Жоу Саң Уды 218 нөмірде көргенде оның да өзіндей ғаріптік кепке түскенін Ги Хун түсінеді.

Корей сценаристтерінің қашанғы бір машығы дейміз бе, артықшылығы дейміз бе, қандай тәсілмен болсын өздері өмір сүріп жатқан «өркениетті» корей қоғамының таптық теңсіздігін жасырып-жаппай, бетперде киген жалған адами қатынастың пердесін сыпырып тастап отырады. Оны десеңіз, қарапайым ғана диалогтарының өзінен корей қоғамында қандай деңгейдегі парадокс орын алып, қандай дәрежедегі әлеуметтік проблемалар туындап жатқанынан сигнал беріп отырады.

Ойын басталмай тұрып бір-бірімен жанжалға түсіп, тартыса бастаған кейіпкерлер кең өмірдегі қайшылығын ойын алаңына алып келеді. Адамның зорекер жыртқыштығы, күштілердің қашанда әлсіз, әлжуаз адамға күш көрсетуге дайын тұратын қасиетсіздігі корейліктердің де бойында қайнап жататынын режиссерлер жасырмайды, жаппайды.

Көрермен бұл сериалды не үшін тамашалап отырғанын өздері түсінбейді. Әр ойынға режиссер  жасырған жеңімпазды табу үшін бе, әлде азапталған жан, аққан қаннан ләззат алу үшін бе, әлде жантүршігерлік ойынның қатігездігінің шынайылығына сүйсіну үшін бе, әлде адам бойындағы сатқындық пен жауыздықтың кісі жаны мұрнының ұшына келгенде қалай атып шығатынын кезекті рет көріп, жеріну үшін бе екен. Қалай десеңіз де түрлі сауал қоя беруге болады.

Енді осы жерден сөз ауанын сериалға қарай бұрсақ. Бірінші кезеңнің алғашқы ойыны «қызыл шырақ, жасыл шырақ» ойынынан ойыншылардың жартысы қырылып қалған соң, бұл ойын жай ойын емес, жан алып, жан беріскен қиянкескі соғыс алаңы екенін қатысушылар бірден түсінеді. Аман қалған 201 ойыншы ереже бойынша ойынды тоқтатуды таңдап үйіне қайтқанымен, көп өтпей қан-қасап ойынға өздері сұранып қайтып келді. Бұл жерде корей режиссерлері артық фантазиясын қоспай ақ, киноны бірінші сериясымен аяқтай салуға болатын еді ғой дегіңіз келеді. Бірақ, өмір өз шындығын істетеді. Адам жанының түсініп болмас қалтарысы осы жерде басқаша шешім қабылдатады. Үйіне оралған ойыншыларды ойынға дейінгі өздерін әбден қалжыратқан сүреңсіз өмір күтіп тұрғандықтан, маңдайынан сипай қояр ешкімі де жоқ тұғын жақсы білетін. 201 ойыншы үйіне келген соң ары қарай тіршілік қылып, өмір сүргеннен ойынға қайта қатысып мерт болуды саналы түрде таңдайды.

Бұл жердегі адам өмірі құнының соншалықты төменге құлдырап, ақша-дүние алға шыққаны еді дей аламыз. Дәл осы жерін режиссерлер сериалда артық әсірелеп жіберген болар, бірақ, кейіпкерлер тап болған жағдайлар көрерменді қапысыз сендіреді. Ойлаңызшы, тыныш, бейбіт өмірде жасап жатқан есі дұрыс адам өз аяғымен ажалға барушы ма еді? Ал «Кальмар ойыны» кейіпкерлері ондай қадамға бара алды. Себебі, 456 миллиард вон (шамамен 38 миллион доллар) көлеміндегі сыйлық ақшаға ие болу үміті итшілеп тірі жүргеннен, ит жанын бәске тіккенді артық көрсетті. Қоғамдық деградацияның шегінен шыққандағы соншалық адамдардың таңдауы еріксіз өздерін жоқ қылуға шешім қабылдатты.

Бұндай тұрпайы да безбүйрек қарым-қатынас тек корей қоғамында ғана емес, жер бетіндегі түрлі үйекке жіктелген, кез келген мемлекеттің бәрінде бар ортақ кінәрат еді. Әлемдік саяси аренада Корей мемлекеті азаматтық құқығы жетілген алдыңғы қатардағы ел ретінде саналады. Бірақ, саясаты солай болғанымен экономикасы, тұрмысы әлемге ортақ кедейлік, кіріптарлық өрісінен алыстай алмағанын бұл бір кино емес, «Паразит» киносы секілді жүздеген кинолары жанды түрде көрсетіп, кедейлерді байларға, байларды қоғамға паразитке айналдырған қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастардағы кемшілік мәселесін көтереді.

Гоголь, Толстой, Достоевскийдің шығармаларының негізгі тіні орыс қоғамын, азғындыққа батқан патшалық Ресейдің, феодалдық түзімнің іріп-шірігенін сынау еді десек. Олардың шығармашылығын бағалап, талдағанда феодал-помещиктердің асқан тоғышарлығын Гогольден де асырып жеріне жеткізіп, тіпті тойымсыздығын мазақ ете жиіркенішпен талданып жататыны бар еді. Бұл өткен дәуір, ескірген қоғамдық түзімге  қазіргі адами көзқараспен, қазіргі әдеби сын, қазіргі «дамыған» қоғамдық деңгейдің үстіне шығып алып қарағандағы адамның көріп тұрғаны. Ал мынау өзіміз өмір сүріп жатқан замандағы келеңсіздіктерді, адам бойындағы кемшілікті бір картина емес, жүздеген, мыңдаған әңгіме, роман, кинолармен  көзімізге ұрып тұрып көрсетсе де, қазіргі өркениеттің шыңы саналатын өзіміз жасап жатқан қоғам туғызып отырған трагедияға көз жұма қарап, тіпті ішінен өзіміздің прототипімізді танысақ да, айызымыз қана: «Шындықты аяусыз көрсеткен екен, сұмдық, шынында осындай ғой», - дейміз де «Кальмар ойынының» қатысушылары секілді монопол-капиталистік қоғам туғызып отырған ойын өмірге лап қоямыз да кетеміз.

Бәс пен күрес

Өлім ойыны барысында не болмайды дейсіз, бәрі-бәрі болды. Ақ пен қараның айқасы, күшті мен әлсіздің күресі секілді, жіктелуге, бөлінуге даяр тұратын пенде табиғаты өлім мен өмір арпалысы кезінде де жақсылық пен жамандыққа, әділет пен әділетсіздікке бөліну сынды екі үйекке жіктелді. Басқасын айтпағанда «Кальмар ойынының» өзі әділетсіздікке құрылғанын ескере кетсек. Ойынның басты шарты – адам тәні ойын объектісі етілсе, ал ұтылғандардың тірі қалуға мүлде хақысы жоқ болды. Ал, бұл талап аз болғандай ойыншылар арасындағы өзара зорлық пен тартыстың өзі әділетсіздіктің ішіндегі әділетсіздікке, әділетсіздіктің ішіндегі сатқындыққа ұласып жатты. Осы сатқындық пен әділетсіздік өз кезегінде ойыншылардың арасындағы адамдық һәм жыртқыштық инстингінің екі басына кезек шығып, адамның періштеден тісі ақсиған хайуанға қалай айналатынын шеберлікпен таспалап береді.

Мысалға осы сериалдың қаһарманы саналатын Саң Ги Хунның әділеті мен арына ауыр сынақ түсетін «Шыны шар» ойынында, қарсыласы 001 нөмірдегі ойыншы О Ил Намды есінен алжасты деп оның тастарын алдап ала бастайды. Дәл осы жерін нағыз мелодрама дерсіз. Ги Хунның тірі қалу үшін қарсыласына қаралық жасауы, өлім деген аждаһаның алдында қаһарманымыздың аярлығы қалай бетіне қалқып шығып, қандай мимика көрсетіп, қалай қимылдайтыны бәрі-бәрі жиіркеніш туғызады.

Сериалды қайталап көріп шығар болсаңыздар 001 нөмірлі О Ил Намның әр ойыннан ләззат алып, рахаттана ойынға қатысып жүргенін көресіз. Алғаш көргенде оның қуанышты жүзін түсінбейсіз де байқай бермейсіз, жасы келген көпті көргендігінен ойындардың әдіс-тәсілін жақсы білеме деп отырасыз. Бірақ, жұмбаққа жұмбақ жасырып қоятын корейлік режиссерлер сериалдың соңын басына байлап, маусым соңында Ги Хун төсек тартып жатқан О Ил Намды көргенде басты ойыншы мен бас қылмыскер өзінен-өзі анықталады. Осылайша бұл сериалда бейне детектив жанрындағы шытырман уақиғалар тәрізді таң қалдырғаның үстіне таң қалдырып, көрерменге үнемі таңдау мен шешім қабылдауға итермелеп отырады. Тіпті өлер алдында да О Ил Нам мен Саң Ги Хун көшеде жатқан адам өмірі үшін бәстеседі. Сізде бейсаналы түрде бәске қатысып, кімнің жеңіп, кімнің жеңілетініне жіп таға алмай, іштей өзіңіз қалаған бәс тігушіге тілекші болып отырасыз.

(kz.kursiv.media)

Күллі сериалдың индикаторы болған бәс тігу алғаш метродан басталып, сериал соңына шыққанша адам қанына тоғытылған бәс тігулермен аяқталады. Бұл бәстің ішінде 455 кіріптар адамның қарыздан құтылсам, жақсы күн кешсем деген бәсі жатса, қан мен өлімнен ләззат алатын олигархтардың азғындық бәсі жатады. Ал, ең сорақысы көзге қораш, қараусыз адамдай көрінетін О Ил Намның балалығында қанбаған ойыны үшін қаншама адамның мүрдесі үстінде ләззат ала ойынға бәс тіге қатысуы – Саң Ги Хунге «Шыны шар» ойынындағы өмір сыйлаған «мәрттігі» ақтап ала алмайды.

Сол «мәрттікті» жасағаны туралы былай тәпсірлеп көрсек. Негізі Ги Хунның тағдыры «Шыны шар» ойыны алдында О Ил Намды жұп ретінде таңдаған кезінде шешіледі. Ойыншылардың барлығы «күш-қуаты көп» деп бір-бірін таңдап жатқанда, бір бұрышта мүсәпір кепте отырған 001 ойыншы қолында жасыл кнопка бар екенін ешкім де білмейді. Тек талайы жанып, ылғи әлсіздерге қорған болып жүретін Саң Ги Хун ғана О Ил Намға қолын ұсынған шақта, ұтыс билетін, бәстің жеңісін Ги Хун осы жерде қалтаға салады.

Осылайша бірінші маусым жеңімпазы атанған Саң Ги Хун жалғыздан-жалғыз үйіне қайтады. Құр сүлдерін сүйреп үйіне келсе, өзі жоқта жалғыз қалған анасының қараусыз жатып, көз жұмған мүрдесінің үстінен түседі. Анасының қазасы Ги Хунға өте ауырға соғады. Онсызда қан қасаптан зорға шыққан жан дүниесі соңғы үміті «Опалы ұл, ана үмітін ақтаған бала болу» сынды арманы анасының қазасымен бірге күл-талқаны шығады. Жыл бойы 38 миллион доллары бар көше кезбесіне айналып кеткен бас кейіпкеріміз төсек тартып жатқан О Ил Наммен кездесіп ғана барып есін жинайды. Көп өтпей жаңаша өмір бастап, шашын қызыл түске бояп, 067 нөмірлі Каң Сэ Бектің бауырын балалар үйінен шығарып, соңғы мәреге дейін жеткен досы 218 нөмірлі Жоу Саң Удың шешесіне баланы тапсырып, қарызым еді деп бір сандық ақша тастап кетеді. Содан шетел асып, қызын іздегелі әуежайға келген сәтінде, кенет жеңілсе ақша беріп, жеңсе шапалақ жегізетін баяғы жұмбақ адамды көріп қалады да, бүкіл жоспары өзгеріп шыға келеді. О Ил Нам секілді адам өмірін ойыншық еткен байлардың ермегі болған бұл ойынды қалай болса да тоқтату, адам қырғынына қалай болса да тосқауыл қою деген өзіне мақсат қояды. Осылай бірінші маусым аяқталады. 

(sputnik.kz)

Екінші маусым Саң Ги Хунның өзін арандатып кеткен, үстіне костюм киіп, қолына қара сумка ұстаған жұмбақ жігітті іздеумен екі жылы өткені туралы сюжеттен басталады. Миллиондаған доллары бар Ги Хун сол әруей ойынға тартушы делқұлыны табуға миллиондаған вон ақшасын шашады.  Табамын деп жүріп Саң Ги Хун ескі нөмірі 456 санымен тағы да ойынға қатысуға тура келеді.

Ойын басталмай тұрып Ги Хунға таныс, көрермен де көз үйреткен картинаны көріп, Саң Ги Хун барлығын тірі алып шығатын шығар деген ой мен үміт оты жанып тұрады. Бірақ, қым-қиғаш қоғамның әр сатысынан әбден соққы көріп, таяқ жеген, шектен тыс «ақылды» болып кеткен, кіріптар болып тұрса да адам баласына сенбейтін ойыншылар 456 нөмірлі бейтаныс адамды жынданған адам деп қабылдайды.

«Ақылды» 455 адам өткен бір ойынның жеңімпазы, алдағы болатын қырғынды ескертіп тұрған нағыз ойыншының шырылдап айтқан сөзін сайқы-мазаққа айналдырады. Сонымен Ги Хунның сөзі жерде қалып, жаңа команда жаңа қырғынға дайындала бастайды.

Екінші маусымда Саң Ги Хун нағыз қаһарманға айналады. Адамды үміт пен мақсат қалай алға сүйрейді десеңші. Оның ендігі бар мақсаты адам өмірін бизнеске айналдырған зұлымдардың әрекетін талқандау. Әу баста бірінші маусымдағы ойынға келген кездегі мақсаты мен екінші маусымдағы келген мақсаты мүлде бөлек. Екі маусымдағы Саң Ги Хун мүлде екі басқа адам.

(tumba.kz)

Екінші маусымның бірінші ойыны да қазіргі екі баланың бірі ойынға айналдырған, көзі шыр көбелек айналатын, алып қуыршақ қыздың «қызыл шырақ, жасыл шырақ» ойыны еді. Ойын алаңына шыққан өлермен ойыншылар Саң Ги Хунның сөзіне құлақ аспастан қынадай қырылады. Ойының шарты бойынша әр ойыннан кейін ойыншылардың ойынды тоқтатуға құқығы болды. Бірақ бұл құқықты орындар кезінде дәл бірінші маусымдағыдай ойыншылар қақ екіге жарылып өзара тартыса бастайды. Жартысы жынданған адамша жалғасты ойнаймыз десе, жартысы жетер осымен тоқтатайық дейді. Ақыры 001 ойыншы ойынды жалғастыруды таңдап қалған ойыншының сол арада мүрдесі қалуын шешеді.

О Ил Намның орынын басқан 001 ойыншыны бір қызығы тағы да ойын ұйымдастырушы екені ашық көрсетсе де, ақ көңіл Саң Ги Хун оны ұйымдастырушы деген күмәні болмайды. Не керек, ойын жалғасады, тағы да алдыңғы маусымдағыдай енді қандай шарт қойып, қандай ойын ойлап табады екен деп ойыншылармен бірге сабырсыздана сізде күтесіз. Бұл маусым да дәл өткен маусымдағыдай қатал да, аяушылық деген атымен жоқ, құранда айтылатын тозақтың жазалаушы періштесіндей аяусыз ойындар өтеді. Үлгермегенін тек өлім күтіп тұрды. Осы жерде бір емес екі маусымдағы ұқсас ойындағы, ұқсас адамдар қырғынын көру, адам деген мақұлықтың мынау өмір машинасының бір қатеріне жолықса: «Неге сонша өздерін тозаққа тастауға даяр тұрады екен», - деп жынды көбелекше өздерін ажалға аяусыз лақтыратын ессіздігі мен ақымақтығына ішіңді тартып, тіксініп отырасыз. Бұл маусымда да сол қырғын, адамның әр жерге шашылып жатқан мүрдесі мен қанның дағы.

Әлемдік деңгейде қаншама сериалдар түсіріліп жатады, бірақ, дәл осы секілді қанқұйлы, шектен шыққан жауыздықты көрсететін кинокартиналар неге екені көрерменін тез баурап, көпшілікті естен тандырып тастайтын сиқыры болады. Он жыл бойы бір темптен жазбаған америкалықтардың «Тақтар ойны» сериалы да төбе құйқаңызды сан мәрте шымырлатып, жон арқаңызды қамшымен осып жіберердей әсер қалдыратын эпизодтарға толы киносериалды әлем болып тамашалады. «Кальмар ойныда» содан бір мысқал кем соқпайды. Бұл сериалдан корейліктердің корей қоғамында жасаған адамдарға тән, ешкімге ұқсамайтын «адамдық» бет-жүзімен, адамзатқа ортақ пенделік дағдарыс кейпін көріп отырасыз. Корей дорамаларындағы мейірімді, жұмсақ мінезді кейіпкерлерге мұндағы кейіпкерлер мүлде қарама-қарсы – мейірім-шапағатқа жұрдай, ізгілікті белшеден басып тұрып, адамдыққа түкіретін кейіпкерлерге толы-тұғын. 

Сериалды көріп отырып, қазіргі корей жастары айтып жүрген "Hell Joseon" (Тозақ Корея) ұғымын ойын алаңындағы кейіпкерлер іс-әрекеті арқылы қалай дәлелдеп жатқанына куә боласыз. "Hell Joseon" (Тозақ Корея) – бұл атау біздің қоғам тамсана қарайтын корей қоғамының шектен тыс әлеуметтік қысымы мен қаржылық тәуелділіктің артуына шыдамаған жастардың қойған атауы. Олардың түсінігінше корей қоғамы бейне тозақ секілді қатал да, аяусыз. Қоғамның дамуы мен экономиканың көтерілуі өмір сүру сапасына деген талапты күшейтіп ғана қоймай, құтылып болмас қарызға батқан адамдар мен моральдық қысымға ұшыраған адамдар тобын көбейтті. Бұл «Кальмар ойыны» сынды сериалдың сценарийі жазылуына да тікелей түрткі болған жағдай. Бір қызығы осы сериал түсірілгенде корейліктердің: «Не үшін бұл сериалды түсіріп, біздің кемшілігімізді әлемге айпарадай етесіңдер», - деп бірде-бір адам көшеге шықпастан, керісінше, кинодағы көрсетілген әділетсіздік пен азғындықта онсызда батып жатырмыз деп, үкіметке ел ішіндегі проблемаларды шешуге қатаң талаптар қойып, наразылықтар ұйымдастырады.

Кино әсері тек наразылықтан тұрмады. Былайғы әлемге кейіпкерлердің есім-сойынан бастап, киген киімі, таққан нөмірі, үшбұрыш-төртбұрыш таңбалы бетперде киген жазалаушы отрядтың қызыл-жасыл түсті киімдері хит болғаны сонша – дүниенің жер-жерінде (біздің елде бар) сол форманы таласа-тармаса сатып алып, ойынның шағын-шағын түрлері ұйымдастырыла бастады. Ал, «қызыл шырақ, жасыл шырақ», «Айналмалы әткеншек» сынды ойыны тик-ток, ютуб әлеуметтік желілерінде балалардың таптырмас ойын платформасына айналып үлгерді.  Ең қызығы бұл кино адамзат қоғамында өз ұяшығын сыналап тұрып кіргізіп, өз әлемін, өз өмір сүру кеңістігін қалыптастырды. Оның ендігі кино өнеріндегі мәңгілік өмірін фанаттары өлтірмейді де, өшірмейтіні айдан анық ақиқат болып тұр.

Басты беттегі фото kz.kursiv.media  сайтынан алынды.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар