Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
Келер-кетер, ғасырлар келер-кетер......

Келер-кетер, ғасырлар келер-кетер...

09.02.2026

3673

Келер-кетер, ғасырлар келер-кетер... - adebiportal.kz

Бүгін – қазақ жырының Хан Тәңірі Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Биылғы жыл ақиық ақынның туғанына 95, өмірден өткеніне 50 жыл толуымен ерекшеленіп отыр.

Айналаға қарайық анық барлап,

(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ),

He туралы жырласақ, Фариза-қыз,

Бағыштайық бәрін де халыққа арнап, - 

деп жырлаған ақын ойының алтын кені – туған халқының мәңгілік рухани азығы. Қазақ поэзиясын Мұқағалидың елге етене, өміршең жырларынсыз елестету мүмкін емес.

Мұқағали поэзиясы – терең лиризмге, философиялық ойға, ұлттық рухқа құрылған көркемдік әлем. 

...Іздемпаздық менің де бар өнерім,

Будан жасап бидай мен тары егемін.

Қазан-миым бәрін де қайнатады.

Дара қойып қазақтың қара өлеңін...

Осы бір шумақта ақынның өлең жазуда қазақтың дәстүрлі жыр үлгілерін сақтай отырып, жаңа поэтикалық формаларға бет бұрмақ болған мақсатын айқындайды.

Өмір дейтін тайғанақ мұз-айдында,

Жырлап кетем, алдымен жылаймын да.

Сөредегі кермені кесіп өтсем,

Маған әлі жетпейді құдайдың да.

Мұқағали Мақатаев поэзиясы қазақ әдебиетінде терең лиризм, философиялық ой тереңдігі, ұлттық рух пен табиғат бейнесінің үйлесімі арқылы ерекшеленеді. Ақын шығармашылығында адамның ішкі сезімдері мен болмысы басты орын алады. Жоғарыдағы шумақтан өршіл рухты ақынның өмірге деген шынайы эмоционалды көзқарасы аңдалады.

Жүргемін жоқ қайғының жүгін артып,

Ер сүрінсе еңкеймес, жығылар тік.

Бөліп-жарған қайсыбір қуаныштан,

Ойландырған оңаша мұңым артық.

Өмір мен өнердің, сезім мен болмыстың тұтастығы есіп тұратын ақын өлеңдері оқырманды позитивке шақырады. Ақындық дегеннің өзі – Абай айтқан «Тәңірінің берген өнері» ғой. 

Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан, зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар, - 

деп қазақтың бас ақыны жырлағанындай, ақын өлеңдері шиыршық ата толғаныстың жемісі. Шалқар шабыт келген сәттегі жүрек пен мидағы сезім мен ақылдың арпалысы, алуан-алуан ой-қиялдың шарпыса шарықтауы – ақын қаламынан ақ қағазға қара сия арқылы өлең болып төгіледі:

...Мен басымнан қорқамын, мен болмасам,

Aтoм – миым жарылып кететіндей.

Жүрген жан ем байымай; тапшысынбай,

Сарсаң болдым ертегі бақсысындай.

Басым қалды жасырын полигон боп,

Өзім тұрмын мақтаулы сақшысындай.

Мен басымды жасырам, жасырам кеп;

Миымдағы сынаулар басылар деп.

Мен миыма сенемін ажал болмай,

Дүниеге шуақ боп шашылар деп!

Ақынның «бас-полигонында» өткен сан түрлі «сынақтардың» түпкі нәтижесі – дүниеге шуақ болып шашылған өміршең жырлары – әлденеше буын ұрпақтың жан азығына айналып, бірге жасап келеді. Бұл – «қуатты ойдан бас құраған» шынайы туындының өміршең келетіндігінің айқын көрінісі. Шынайылық, шын асыл жаратынды – қай дәуір де бағаланған ғой.

Мұқағалидың ақындық ғұмырының шынайы хал-жайының өзі де осы ғой.
Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын, - 
деп өзі ерекше бағалаған, рухтас, қаламдас ақын інісі Төлеген Айбергенов жырлағанындай, шынайы ақынға ақын болып өмір сүру – қай кезеңде де жеңіл болмаған ғой.
Мұқағали – арғы-бергі қазақ ақындарының ішінде ең көп оқылатын және өлеңдеріне ең көп ән жазылған ақын. Мұның басты сыры – Мұқағали өлеңдерінің қарапайым да, шынайылығымен, етенелегімен оқыған жанды өзіне тартып тұратындығынан болса керек.
Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емес,
Есенинмін демедім ешкімге мен,
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.
Иә өзге жұрттың елеулі ақындарының өз жолы бар. Қазақтың қасиетті қара өлеңінің өз жолы, тылсым құдіреті бар. Мұқағали – осы қара өлеңнің қасиеті арқылы-ақ туған халқының жүрегінен мәңгілік орын аларына ертеден-ақ сенген ақын.
 

...Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,

Қазақтың дәл өзіндей қарапайым... 

Қазақтың дәл өзіндей қарапайым қара өлеңмен өрнек салған ақынның мөлдір жырлары үлкеннің де кішінің де жанына жуық.

Мұқағали өлеңдерінде өзіне дейінгі, өзінен кейінгі көптеген ақындарға тән пішіндік соны эксперименттер көп емес және бұдан болып қазақ жыр әлеміндегі Мұқағали ақынның бәсі әсте төмендеген жоқ және болашақта да төмендемес...

...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,

Халқымның өзі айтқанын қайталадым.

...Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып, өзіне қайтарамын.

«Қара өлең» атты баршаға етене таныс осы бір туынды – ақиық Мұқағалидың ақындық кредосы.

...Біздің ұрпақ сол шақты көрер ме екен?

Келер-кетер, ғасырлар келер-кетер.

Өзім жырлап қалайын ғасырымды,

Келер ұрпақ өзінше өлеңдетер...

Қазақ өлеңі де қоғамдық сананың өсіп-өркендеуіне, заман ағымының сұранысына орай мазмұндық, пішіндік тәуекелдіктер арқылы де алға озып дами бермек. Солай десек те, қазақ поэзиясы ешқашан өзінің алтын арқауы қара өлеңнен қара үзіп кетуі де мүмкін емес болар. Олай болса, Мұқағали жырлары да келер ұрпақпен бірге жасай бермек.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan