Киім шкафы

25.12.2025

4882

Киім шкафы - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Авторы: Ольга Токарчук (Нобель сыйлығының иегері)

Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақын 

Біз қазіргі үйімізге көшіп кіргенде, ескі, қою түсті киім шкафын сатып алдық. Бағасы оны ұсталған заттар дүкенінен үйге дейін жеткізуге төлеген ақыдан әлдеқайда арзан болды. Шкафтың екі есігінде өсімдік пішіндес өрнектер салынған, ал үшінші есігі әйнектеліпті. Біз жалға алған көлікпен оны үйге әкелгенімізде, оның әйнекті бетінде бүкіл қала бейнеленіп тұрды. Тасымалдау кезінде шкафтың есігі ашылып кетпес үшін жіппен байлап қойдық. Мен қолыма бір байлам жіп алып, шкафтың қасында тұрып, өзімнің күлкілі кейпіме алғаш рет назар аудардым.
“Бұл біздің үйдегі өзге жиһаздармен жақсы үйлеседі,” – деді R мырза, ағаш шкафтың бетін сипап тұрып. Оның бұл кейпі жаңа ашылған фермаға сатып алған сиырды сипаған бақташыдай әсер берді.
         Әуелде біз бұл шкафты дәлізге қоюды ұйғардық. Жатын бөлме мен басқа кеңістіктердің арасына тосқауыл болсын деп ойлағанымыз да рас. Мен алдын ала дайындап қойған сұйықтықты көзге көрінбейтіндей ұсақ тесіктерге еппен тамыздым, бұл әдіс шкафтың тозуынан қорғайтын сенімді “вакцина” еді. Түнде үйімізге жаңадан әкелген шкаф сықырлап, ағаш құрттарының мұңды дыбысы естіліп жатты.
Келесі бірнеше күн бойы біз өзіміз үшін жаңа, шынтуайтында ескі үйімізді реттеумен әбігерлендік. Мен еден саңылауынан сабында фашистік белгі ойылып жазылған шанышқы тауып алдым, ал ағаш қабырғаның ар жағынан ескі газеттің жыртық бөлігі жылтырап көрінді. Онда тек  «пролетарий» деген сөздің жұрнағы ғана қалыпты. Перде ілу үшін, R мырза терезені айқара ашқаны сол еді, бөлменің іші кеншілер оркестрінің даңғырлаған әуеніне толды да кетті. Ол әуен кешке дейін толастамады.
         Шкаф алғаш рет түсімізге енген түні біз ұйықтай алмадық. R мырзаның қолынан маза кетіп, менің ішімді сипалай берді, содан кейін екеуміз бірдей түс көрдік. Сол күннен бастап үнемі сол бір түсті қайталап көретін болдық. Түсімізде үнсіздік орнаған, айналамыздағының бәрі дүкен сөрелеріндегі әшекей бұйымдардай ауада ілініп тұрғандай сезілетін. Сол тыныштықта  өзімізді бақытты сезіндік, өйткені біз бұл өмірде жоқ едік. Таңертең оянғанда, түсімізге енген көріністі бір-бірімізге айтып берудің де қажеті болмайтын. Ол үшін бір ғана сөз жеткілікті болатын. Сол кезден бастап біз түстеріміз жайлы сөйлеспейтін болдық.
         Бір күні пәтеріміздің мұнтаздай таза екенін байқадық, бәрі өз орнында әрі реттелген күйде. Мен қабырға пешке арқамды жылытып отырып, дастарқандағы сүлгіге көз салдым. Ондағы өрнек иректеу көрінді, құдды біреу инемен матаға ұсақ тесіктер тесіп қойғандай. Сол тесіктер арқылы мен шкафты анық көре алдым. Сол сәтте үнемі көретін әлгі түсімізді есіме алдым. Ондағы үнсіздік дәл осы шкафтан шыққан сияқты болды. Шкафқа арқамды төсеп тұра қалдым, менің нәзік, албырт та өткінші кейпім өзіме мәлім, ал шкаф өз қалпында, еш мүлтіксіз, өз бейнесінен мызғымай тұр.
         Саусағыммен шкафтың тұтқасын айналдырып едім, лезде ашыла кетті. Ішінен көйлектерімнің көлеңкесін, R мырзаның ескі екі костюмін көрдім, қараңғыда бәрінің түсі бірдей сезілді. Шкаф ішінде менің әйелдік табиғатым мен R мырзаның еркектік сипатының еш айырмасы байқалмайды: бір заттың тегіс не кедір-бұдыр, сопақ немесе қырлы, жақын да алыс, бейтаныс та түс таныс болуы енді маңызды емес те еді.
         Шкафтың ішінде басқа жердің иісі мүңкіп тұр, уақыт та бөтен сезілді. Құдайым-ау, бірақ сол жерде таныс әрі жылы бір сезім бары анық. Оны сөзбен сипаттау мүмкін емес (себебі біз сөз арқылы жеткізген нәрсе бізге тым таныс бола алмайды). Шкафтың ішкі жағындағы айна менің бейнемді шағылыстырды. Ол тек қара көлеңке ғана, ілулі тұрған көйлектен еш айырмасы жоқ. Осы сәтте тірі мен жансыздың айырмасы да шамалы күйде болды. Менің бейнем шкафтың «айна-көзінде» жылтырайды, сол сәтте шкафтың ішіне еніп кете бардым. Шкаф ішінде жүн жіп салынған жылтыр қаптың үстінде отырып, жабық кеңістікте тынысымның жиілеп бара жатқанын естідім.

Адамның жаны жалғыздыққа тап болғанда, еріксіз дұға ете бастайды, бұл оның табиғи болмысы. «Құдайдың періштесі, менің қорғаушым». Мен өз періштемнің мінсіз де сымбатты жүзін көрдім. «Сен әрдайым менің қасымда бол…». Ол жарқыраған қанаттарын қағып, айналамдағы дүниені мейіріммен құшағына алды.
«Таңертең» – кофе иісі мен көз қарықтырған терезе жарығы, «ымырт» – күн батқан шақтағы баяулаған уақыт, «күндіз» – өмір біз бастан өткеріп жатқан болмысқа айналады: у-шуға, қозғалысқа, миллиондаған мағынасыз әрекеттерге ұласады.
«Түн» – қараңғылықтағы дәрменсіз, жалғыз тән.
«Мені әрдайым қорға».  
Тұңғиықтың үстімен жүрген баланың періштесі, «жаным мен тәнімді сақта, қорға», үстінде «Абайлаңыз, сынғыш зат» деген жазуы бар қатты картон қорап,
«мені мәңгі өмірге жетелеп апар, Әмин». 
Шкафтың ала көлеңкесінде көйлек ілулі тұр. 
         Осыдан кейін бұл шкаф біздің жатын бөлмеміздегі алып энергетикалық ұяшыққа айналды. Күн сайын мені өзіне,  ішіне қарай тартып тұратын. Алғашында мен түстен кейін, R мырза үйде жоқта шкафтың ішінде отыратынмын. 

         Кейін келе таңертең тек ең қажетті саналатын азық-түлік алу, кір жуу, телефон соғу деген сияқты шаруалармен айналысатын болдым. Содан кейін шкафтың ішіне кіріп, есігін жәймен жауып алатынмын. Оның ішінде уақыт, маусым, жыл бәрі де мәнсіз сезілетін. Ондағының барлығы жанға жайлы сезіліп, мен өз тынысыммен ғана қоректеніп отыратынмын.
         Түндерде қорқынышты түстен шошып оянғанда, маған ер адам да, шкаф та қажет болатын. R мырзаны қапсыра құшақтап, қатты қысып, бір жаққа кетіп қалмауының алдын алатынмын. Ол түсінде бірдеңелер айтып, сандырақтап жататын, бірақ оның не айтқанын ұғу қиын еді. Бір түні R мырзаны оятып алдым. Ол жылы төсектен тұрғысы келмесе де, оны сүйрелеп ақыры тұрғыздым, екеуміз шкафтың алдына келіп тұрдық.  Алдымыздағы шкаф дым өзгермеген, сол баяғы қуатты әрі тас кейпінде. Мен саусағыммен шкафтың тұтқасын бұрадым, шкаф тез ашылып, ішінен бүтін бір әлем сыйып кетердей бос кеңістік көрінді.
          Шкаф ішіндегі айна екеуміздің бейнемізді шағылыстырып, бізді қараңғылықтан босатқандай болды. Алғашында біркелкі емес, тұрақсыз деміміз біртіндеп бір ырғаққа түсе бастады. Екеуміздің арамызда еш айырмашылық қалмады. Біз шкафтың ішінде бетпе-бет отырдық, ілулі тұрған киімдер жүзімізді көлегейлеп тастады, ал артымыздағы есік тарс жабылып қалды. Осылайша біз сол шкафтың ішінде өмір сүре бастадық.
         Алғашында R мырза азық-түлік алуға шығатын, жұмыс істейтін, бірақ кейін бұл істер оның жанын жегідей жеді. Күн барған сайын ұзара түсті, кейде көшеден кеншілер оркестрінің мұңды әуені естіліп тұратын. Күн ұясына батып, таң ата қайта шығатын. Терезе күн шуағын бөлмемізге қарай сүйрелеп кіргізуге тырысқанмен, онысы сәтсіздікпен аяқталатын. Жиһаздардың, дастарқан мен фарфор ыдыстардың бетіне қою шаң қона бастады. Ал біздің пәтер мәңгілік қараңғылық ішінде тұншығып тұра берді. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan