ЖЕР ЖҮРЕКТІ БАТЫР
Жүректен пышақ суырып,
Түнекке барып салармын.
Іңір шарабының сығынын,
Өз жүрегімнен де езіп алармын.
Найзалы көкке шаншылып,
Қарап та тұрған боз үйім.
Жұмыр жер сыртын аршытып,
Бұлт арқылы толқиды көк иірім.
Әніңді енді орғытпа,
Дем алайын жеке даламен.
Шаңытар ауа, боз бұрқақ,
Бөкен санды қара жел.
Көлеңкесіне қағып, билетіп –
Аулақта қос-қос құлағын.
Ішіне арман тастап үйретіп,
Далаға шаптырған пырағым.
Пырағым қайта келгенше,
Қара желді алам қойынға.
Түнекті жарып көргенде,
Ағарды тіптен қайыңдар.
Қайыңша бүрлеп жүрегім,
Толқиды туған мекенім.
Ат тұмсығымен жел өтінің бәрін тілемін,
Тылсымның бәрі тілініп соған кетеді.
Қара атыммен қайта келгенше,
Шоқпарлы қалың белдерге.
Аман бол сені көргенше,
Ей, қара жел, жүрегім құсап сенделген.
ҚАНАТЫ АППАҚ ҚЫЗ ЕДІҢ
Бұл дүние қабағат қуанысып,
Екі тырна қос нұрға жылап ұшып...
Аққуларша бой жазып ақ қарғалдақ,
Қауашағын созады қуанысып...
Боздаған бозінген күн, салқын іңір,
Ішімді шарпып ұлып...
Шомылып пері көлге тұрған ару,
Көзіне аққан моншақты артық үзіп...
Көл бойында ақ көйлек киіп мұңлы...
Қысқа көйлек әлемге сыйып тұрды...
Қарсы алдыңда көлбей кеп қатқан қыран,
Мұңыңды қатыра ұстап жиып кірді...
Күнді мен көтеремін жаным талып,
Күн қалай шығады өзі шабыттанып?...!
Құмдарда екпетімнен әрең жүріп,
Өмірге көтерілем сабырға ауып...
Осы аспаннан тағы да кім кіреді?...!
Көйлегің көңіл құсап үлбіреді...
Балетке созған аяқ секілденіп,
Соңғы рет бір аяғың жылжып еді...
АРМАНҒА ЖЫЛҚЫ ЖЕРЛЕУ
Арманға жылқы сіңгенде,
Құлағы мөлтек жасымдай...
Кісінеп Алтай жүргендей,
Мөлт етіп сынған жасымда...
Кісінеп тіпті Үліңгір,
Арманға сіңген жылқыдай.
Көз жасыммен ойнап бүгін бір,
Торғайкоз жасым пыр-пырлай.
Пыр-пырлай ұшқан жасымнан –
Арманы шығып жылқының,
«Ерке Жирендеріне» еліткен ғасырдан,
Қарадым өзіме бір тұрып.
Байталының төсеп құлағын,
Жүрегінің жатқан тұсына.
Бір аруды үнемі Алтайдан
Осылай көріп тұрамын,
Елесін көкке ұшыра...
Ат тұяғының жүрекшесіндей,
Артық бір сезім таппадым...
Алтайдың жүрек кешінде,
Арманға жылқы баптадым.
Арманға жылқы сіңгенде,
Құлағы мөлтек жасымдай...
Кісінеп Алтай жүргендей,
Мөлт етіп сынған жасымда...
ҰЛУАР
(Ұлуар – бөрінің енді бір аталуы)
Бөрідей жортып жылайсың менің өлеңім,
Әлемге сүттей беріліп.
Сап-сары ыстық парақты ашып көремін,
Күннің қолымен бірге желігіп.
Тұмандай ойнап бөрінің ізі,
Құшаққа мың шақырым сүңгитін.
Бұлт бетін сүйіп өмірімнің өзі,
Жұмақты аршып жылжитын.
Көз жасын айдың іркемін көзге,
Қабағым түндей ағарып.
Құшағыңа ән-қыз, сүңгітші мені,
Ақ түндей болып жаңарып!
Ақ түндей болып сабала мені,
Иісіңмен және денеңмен.
Жүректі ерітіп қараған көзің,
Бірге тусын қайта өлеңмен!
ЖАЛҒЫЗДЫҢ ЖЫРЫ
Кенет, жалғыздығым үстіме су құйып жібергендей болды.
Қарашы,
Жалғыздық үстінде жабырқап тұратын ай ғана.
Жалғыздық астында жасаурап тұратын қай бала?...!
Жалғыздық ішіп тауысқан, көлдері құрғақ айнала.
Жалғыздығымды Ертіске босатып,
Ағыза алмай қоссам да.
Бұрқ-бұрқ етіп, жалғыздың көз жасындай мөлтілін атып бастаулар...
Жалғыздығым тұнған іңірді қайтарым етем аспанға.
Тағы да гүлді таң атар.
Ақ жебе нұрын боратар...
Жалғыздығыма сүйеніп, еркелеп өскен қара тал.
Жалғыздық шыңы Тәңір тауының ең биігіне мініп алыпты алапат,
Жалғыздығымның жебесін атам Хан-Тәңіріге қарата.
Жалғыздық жатар қасымда үйкүшіктеніп тұрғандай,
Жалғыздықтың тағы біреуі жалп-жалп етіп жетер бұл маңға.
Жалғыздық деген сары күн қалмай ілесіп келеді жылдардан,
Жалғыздықтың өрмек нұрына Ай деген біреу шырмалған.
ҮЙІМЕ СЫЙМАЙ ШЫҒЫП БАРАДЫ АРМАН
Бөбек боп нар іңгәмді тауға құйып,
Анамның маңдайыма арманы ұйып.
Сары селеулі даланы – жайнамаз қып,
Бір дұға қылдым ба екен таңға жиып?!...
Қайта оянған рух құсап қозданамын,
Селеулерін қозғама боз даланың.
Ағыл-тегіл ағылып жатқан жолдар,
Анамның құрсағындай қозғалады.
Сыңқылдап салған әуен, бозбала өмір...
Иек қағып самалға,
Толғанам-дүр!
Құдай мені құрметтеп жасаған соң,
Құбыламмен көңілімді оңғарамын.
Жатқан дала тыншымас менше бұрқап,
Бұлағын буын кетіп, тербеле ұрттап.
Кеудеме ақ күмістен маржан шашып,
Анамның моласынан келген ырғақ.
Дүркіреп дала-тауға, Қаратауға,
Құшаққа аққу кіріп таранар ма?...
Өрттей лаулап, үйіме бұрқап кіріп,
Үйіме сыймай шығып барады арман.
ЖҰМЫР КҮЙГЕ БИЛЕТУ
Тарта беріп бір күйді,
Қара түндей қаттым мен.
Шалғын біткен шұлғиды,
Басы ауырып тәтті үнге.
Тарта беріп бір күйді,
Жүрек қалғып, от шашып...
Шалғын иісі мүңкиді,
Күйге лепіріп тоқтасып...
Тарта беріп бұл күйді,
Жіңішкеріп кетті өзен.
Әр сабақты түн буды,
Жүріп жатыр көкпенен.
Жауын құйып тұр әне,
Үй артында шоқтай боп.
Мың жадырап мына мен,
Басымдағы баққа енгем.
Сан қозғалып сөз буы,
Түн жұпарын тепкілеп.
Төбеме ойнап келді күн –
Өлеңімнің екіпіні ол.
Өлеңімнің екпінімен
Күй біткенге таласып,
Шалғын біткен шоқ күреген,
Екінші иісін жаңа ашып.
Топырлатам аққу мен
Тырналарды билетіп.
Көктен жауған тәтті үнмен,
Бақбақ қойынын үрлетіп.
АҚ КҮЙ
Ақ күнді сүйіп шақырған ана,
Молалар күнге сиынып...
Ұршығын тербеп отырған ана,
Ақ түнді жіппен иіріп.
Тербелер бесік жаныңда, ана,
Сүйемін бесік әлдиін.
Иісімді менің сағынған ана,
Иісіңнен үзіп қалғиын.
Тулаған аппақ сәуленің бәрін,
Жүрекке жылдам көтеріп.
Иіре беріп әлемнің жарығын,
Күн түбіне жымиып жетемін.
Аулақтан мені шақырды таулар,
Оспанша күрік-күрік жөтеліп.
Сәулелі тіспен ақырды таңдар,
Күн бетінен көркем от өріп.
Жымияр түннің жартысы маған,
Жартысы батқан көзіңе.
Қызыл күннің бөлініп жартысы қалған,
Жартысы шулап сезімде.
ОСПАННЫҢ ӨЛІМІМЕН КЕТКЕН ЖЫР
Бөрілі түнім тербелді,
Бөрілі байрақ сенделді.
Бөрі құлақтарың ерленді,
Бөрі жал атың шерленді...
Сол кезде белгілі Оспан бар.
Бөрілі сайлар үріккендей,
Әр шатты шаян түрткендей,
Бөрілі суларды іріккендей...
Әр тұмадан бір үн тірілткендей.
Осы кезде Оспан жүр еді.
Ағады бөрі бұлағым,
Қарады бөрі құлағың.
Қанады бөрі құмарым,
Тіп-тік қой бөрі шынарың.
Осы кезде Оспан тік тұрған...
Тік тұрды қанша қылшығым?!
Көз жасың болып ыршыдым.
Тірелер бөрі кірпігім,
Аспаннан көшіп жылжыдым.
Осыдан кейін Оспан жоқ.
Қозғалды бөрі байрағың!
Шулады гүлді аймағың,
Ойланды айлы арманың...
Талады бөрі зар-жағың.
Осыған дейін бар ма Оспан?!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.