Күй-ғұмыр

11.12.2025

7550

Күй-ғұмыр - adebiportal.kz

Бүгін Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультеті ұстаздары мен студенттері, күйшінің туыстары мен достары күйші, шертпе күйдің шебері Рымхан Әбілханұлын еске алды. 

Атақты күйші Төлеген Момбековтің шәкірті, өзі де талай мықты шәкірт тәрбиелеген ұстаз Рымхан Әбілханұлы ортамызда болса  жетпіс жасқа толар еді.  

Жиынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Арқа, Қаратау күйлерін насихаттаушы Жанғали Жүзбай жүргізді. «Рымхан Әбілханұлы осы қасиетті Қазақ ұлттық өнер университетінде еңбек еткен, Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істеген, мықты деген дәстүрлі орындаушылардың  көшін бастап жүрген азамат еді.  Қазіргі кезде Төлеген Момбековтың шығармашылығына байланысты әңгіме болатын болса, көптеген әр түрлі әңгімелер айтыла береді ғой, бірақ, мен өзімнің естігенімді емес, көргенімді айтайын, Төлеген Момбековтың шын ықыласына ие болып,  Момбеков бата берген адам осы Рымхан Әбілханұлы».   Осылай деп бастаған Жанғали ағамыз сөз арасында күйге қатысты танымдық деректер келтіріп,  Рымхан Әбілханұлының күйшілік жолы, тәлімгерлік қыры, өмірдегі кісілік келбетіне қатысты мысалдармен өріп келіп, қатысушыларға сөз беріп отырды. 

 

«Салтанат» жайлы айтқаны

Рымхан ағамыз жайлы дайындалған ролик те азаматтың бейнесін бір сәтке болсын жақындатқандай әсер бергені анық. Міне, өзінің сөзі: 

«Музыка, оның ішінде одан биікте тұратын күй өнері, ол ешқандай тілмен, әңгімемен айтып жеткізуге болмайтын өнер. Өйткені әңгімелеп айтатын болсақ, ол әңгіме болып кетеді, поэма болып, поэзия, пьеса болып әдеби жанрға айналып кетеді. Сол әдеби жанрдың күші жетпейтін, тілі жетпейтін, адамның сезім құбылысында болып жатқан алапат сезімді, тілегін, ішіндегі  дауылдарды сол музыка тілімен, күй тілімен жеткізіп отырған. Сондықтан кейде күй туралы өте қазбалап, «олай екен, былай екен, соған шығарған екен» деген ол сәл себеп қана. Мысалы, «Салтанат» күйі анасы қайтыс болып, балалардың анасын аңсап іздегені, ол сәл себеп қана болады, бірақ, «Салтанат» күйінің ішінде бүкіл адамзатқа тән махаббат, бүкіл адамзатқа тән шексіз сүйіспеншілік, шексіз адамгершілік тұнып тұр, сондықтан біз оны тек бір отбасы, ошақ қасының қайғысын ғана танып қойып, сол тұрғыдан ғана тыңдап түсініп қарайтын болсақ, онда біздің ой-өрісіміздің биіктеп көтерілмегендігі болады». 

 Роликтегі күйшінің сөзін тыңдап отырғанда, оның күйге деген құрметі ғана емес, өнер алдындағы іркіліп тұратын ілтипаты, тылсымға бас июі анық сезіледі екен. Шын ғой, күйді сөзбен жеткізу, өлшеу шынымен де мүмкін емес. Бұл күйші күйдің сол шекарадан тыс жатқан кеңістігін сезінетінін аңғартады. Ол күйді адамзаттық деңгейдегі сезімнің тілсіз көрінісі деп қабылдап отыр. Бұдан бұрын да ол кісі жайлы түсірілген әр жылдардағы хабарларды көрген едік, онда да Рымхан ағамыз өзін күйдің иесі емес, оның қызметшісі санағанын, күйді адам жанындағы ең терең сырды жеткізетін тылсым өнер ретінде биікке көтергенін көреміз. 

 

«Ол тау сияқты, мен кішкентай тас сияқты...»

Рымхан Әбілханұлы 2007 республикалық «Күй-керуен» фестивалінде өнер көрсетіп, «Алтын домбыра» сыйлығымен марапатталған. 2015 жылы Лондонда өткен қазақ артистерінің  фестиваль апталығында өнер көрсетті. «Күйші Рымхан Әбілханұлы» атты хабар қазақ телевизиясы мен қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы.  Рымхан Әбілханұлы атақты күйші Төлеген Момбековтың тікелей шәкірті. Ол кезінде Төлеген күйшінің ауылына үш рет іздеп барып, оның күй тарту шеберлігін өз қолынан үйренген. Роликте осы жері берілген екен. 

«Біраз күйлерді тартып жүрдім, содан күндердің күнінде жаңағы Төлегеннің тартысын нотаға шығарып, біраз икемге келтіріп көрдім, әжептәуір, енді ол кезде әжептәуір жақсы тартатын сияқты көріндім. Содан бір күні Төлегеннің күй тартқанын естідім де сосын салыстырып көрсем, жер мен көктей екен. Біздің жаңағы өзіміздің академиялық кітапқа үйретілген білім бір басқа екен де, мынау ғасырлардан бері үзілмей бері жеткен табиғи даланың пластикалық өнерінің үлгісі бір басқа екен. Сонда мені «осы Төлеген атамды көрсем-ау» деген арман жетелеп, сол Шымкент облысы, Шолаққорған ауданында ауылға іздеп бардым бұл кісіні. Сондай ірі тұлғалы, ерекше адамдар көп, ол кісілер туралы айтудың өзі де, мысалы, біздей кішкентай адамдарға ондай ұлы адамдарды мақтау кішкене этикалық тұрғыдан қисынсыздау. Ұлы адамның бүкіл тірлігі, бүкіл іс-әрекеті, отырған, тұрған, жүргені бәрі ерекше, ол бізге құпия, міне, мен сол кісінің сондай екенін ғана көрдім. Ол кісі алдымда күйді үш-төрт рет қана тартты, онда да қайталап «мен үйретейін» деп ондай құлық танытпады. Сіз оның қасында отырғанда бір тау мен бір кішкентай тас қана сияқты отырасыз да, сіз сол жаңағы тауға не өрмелеп шыға алмайсыз, не қозғала алмайсыз, сондай бір бей-жай, сондай жағдайда отырасыз. Саусақ басу әдістерін өзінше үйрендім,  өйткені шөлдеп тұрған адам тез ұғады ғой, соның бәрін саусағын келтіріп алғаннан кейін Төлегеннің отыз шақты күйін тартып жүрдім. Сол саусақ басу әдісі өзінің ерекше әдісі, ол әсіресе, екінші саусаққа қатты көңіл бөлді», - депті күйші бір кездері берген сұхбатында.

Рымхан ағамыздың осы сөзінен адам бойындағы табиғи қарапайымдық қана емес, қарапайымдықтың ар жағындағы мәдениет көрінеді. Өнерді, ұстазды, дәстүрді бойымен емес, жүрегімен өлшейтін адамның өресі  сезіледі. Оның Момбековті тауға, өзін соның етегіндегі тасқа теңеуі сырттай қарағанда кішіпейілділік сияқты, бірақ мұндай теңеу күй өнерінің тылсымын, сыр-сипатын түсінген адамның ғана аузынан шығады. Бұл өзін төмендету емес, ұстаздың биіктігін мойындау. Нағыз өнер адамы ғана осылай бас иеді, өйткені ол биікті өз биіктігімен емес, сезімімен таниды. Шебердің аз ғана ишарасынан көп мағына ала білуі де таланттың белгісі.

 

Студенттерге жақын еді

Абылғазы Ахмадиев, осы жиынды ұйымдастырған домбыра кафедрасының меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткер:

-    Қазақтың күй өнеріне шексіз үлес қосқан, шертпе күйдің хас шебері, тәлімгер ұстаз  Рымхан Әбілханұлы арамызда аман жүргенде  биыл 70 жасқа толар еді. Өкінішімізге қарай, Рымхан ағамыз пандемия кезінде дүниеден өтті. Бұл ұлттық дәстүрлі өнеріміз үшін ауыр қайғы болған еді. Рымхан ағамыз  Төлеген Момбековтің батасын алған дара шәкірті еді. «Отырар сазы» фольклерлік этнографиялық халық аспаптар оркестрінде, Л. Н. Гумилев атындағы университетте және Қазақ ұлттық өнер университетінде көп жыл жемісті еңбек етті, үздік шәкірттер даярлады. Тәттімбет, Сүгір, Төлеген, Нұрғиса күйлерін насихаттады. Ұстаздық жолындағы жауапкершілігі, адамдық болмысы қазақтың дәстүрлі күй өнеріне шынайы берілгендігі біз үшін үлгі. Болашақ ұрпаққа өнеге.  Ұстаз ретінде әр студенттің қабілетін көріп, қолдап, бағыт-бағдар беруге дайын тұратын, ешқашан өз еңбегін алға тартпай, керісінше әріптестер мен жас мамандардың жетілуіне жағдай жасауды ойлайтын, ұжымдағы ынтымақ пен шығармашылық ахуалдың қалыптасуына да елеулі ықпал етті Рымхан ағамыз. Біз үшін тек тәжірибелі оқытушы ғана емес, кең мінезді, жанашыр әріптес, парасатты тұлға болды. Оның мінезіндегі сабырлық пен қарапайымдылық, қазақтың күй өнеріне ғылымға деген талапшылдық пен адалдық ұмытуға болмайтын қасиеттер.

 

Күй қонған адам

Бейнероликтен кейін жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы Тұрсын Жұртбай жиырма жыл көрші тұрған кездегі естелігін айтты.  Ақсақалдың сөзінен көрші ретінде ғана емес, жанына кір жұқтырмаған адал азаматтың қадіріне жеткен қимастық тұрды.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы, драматург Роза Мұқанова: «Менің түсінігімде күй иесін таңдап қонады, менің түсінігімде Рымханға күй қонған» деп, жақында ғана басынан өткен, осынау кештің ұйымдастырылуына себепші болған  тылсымға ұқсас ерекше оқиғаны айтып берді.

 «Астана ақшамының» журналисі Аманғали Қалжанов Рымхан ағаның тың және тыңайған жерлерді игеру саясатына жүргізілген жерде туып-өссе де, ол кісінің ұлттық өнерге құштар болғанына таңғалысын жасырмады: «Тың игеру ең қатты жүрген жері сол Нұра ауданы. Ол уақыттарда жан жақтан неше түрлі ұлттарды әкеліп төкті, осы бертінге дейін ауданның атауының өзі Киевка болып аталып келді, сонда ауылдары орысша аталды. Сондай саясат жүріп жатқанда бұл кісі дәл қазақтың өнеріне мойын бұрып, соның жолын қуып, осындай белгілі күйшіге айналғанына таң қалуға болады,  сүйсінуге болады.  Кеше осы шара өтеді дегенде сол Рымхан ағаның орындауында «Салтанатты» тыңдап көрдім, шынына келгенде, сол «Салтанатты» қазір талай күйшілердің орындауында естіп жүрміз, бірақ, расымен де Рымхан ағаның шертуі өзгеше болғанына кеше  тағы бір көзім анық жетті. Осындай іс-шараларға келіп жүргенде «Төлеген ағам, Төлеген Момбеков» деп аузынан тастамайтын, мен ойлайтынмын «бұл кісі Шымкенттен шығар» деп, айтпағым - руға бөліну деген нәрсе ол кісіге жат болған екен». 

Сондай-ақ, ҚҰӨУ проректоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Нұртаза Раушан Сабыржанқызы, ҚҰӨУ профессоры, ғылым кандидаты Әлпейісова Гүлнәр Тұяқбайқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, домбыра кафедрасының оқытушысы Қайрат Айтбаев, домбыра кафедрасының профессоры, Құрмет орденнің иегері Айтжан Тоқтаған, Өнертану ғылымдарының магистрі, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің дарынды балаларға арналған мектеп, домбыра оқытушысы Оспан Айдос Мартбекұлы т.б. күйші, ұстаз, сыйлас аға бола алған Рымхан Әбілханұлы жайлы естеліктерін айтты. Күйшінің тәлімін алған шәкірттері күй тартты.

 Рымхан ағамыздың жұбайы, ақын Оңайгүл Тұржан осындай құрмет пен сағынышқа толы салмақты кешті ұйымдастырған азаматтарға, «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультеті ұжымына, ағайдың шәкірттеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ, Рымхан ағаның туған інісі, қарындасы, көршілері арнайы қатысып, естеліктерін айтты.

 

Бізден де бір  естелік болсын…

2013 жылы көктемде әлде жаздың басы ма, Оңайгүл апай телефон шалып, «Шабытқа кел» деді. Ол кезде Фариза апайдың «Тұмар» журналында жұмыс істейтінмін. Оңайгүл апай бас редактордың орынбасары. Барсам, Әбіш ағай, Фариза апай бастаған бір топ белгілі адамдар жиналып қалыпты.  Рымхан ағамыз сахнаға шығып, домбырасын қолға алған сәттен зал тына қалып, әр тыңдаушының құлағы сол саусақ ұшындағы сазға үйірілді. Сол жерде алғаш рет оның Қаратау күйшілік мектебінің өкілі екенін, Төлеген Момбековтің шәкірті екенін естідім. Дәл осы кеште ағай орындап жүрген күйлерін жеке диск етіп шығарғанын хабарлады. Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Рымхан Әбілханұлының ұстазы Төлеген Момбековтің 95 жылдығына орай жиырма тоғыз күйін орындап, арнайы диск шығарғаны сол кезде өнер үшін шынымен айрықша жаңалық болды. Бұл оның өнерге адалдығы ғана емес, ұстазына деген терең құрметінің белгісі еді. Сол кеште жас кезінде шертпе күйдің қыр-сырын ұғынуға ынтығып, Созақтағы Момбеков ауылына арнайы барып, оның күйін үйреніп қайтқаны да айтылды. Төлеген Момбековтің өзі де шәкіртінің ықыласына риза болса керек, 1992 жылдың шілдесінде Шолаққорғанда «Отырар сазы» оркестрімен кездескен сәтінде: «Құдайға шүкір, күйлерімді дұрыс тартып жүрген жастар бар. Соның ішінде Рымхан балама ризамын», - деген сөзінің осы кеште қайта жаңғырып еске түскені ерекше әсер қалдырды. Кеш соңында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі өнер зерттеушісі Әшірбек Сығай: «Бүгін тартылған күйлер залдағы тәрбиелі адамдардың өзін тәрбиеледі», деп айтқанда, бәріміздің көңілімізге жарық шашылғандай болды. «Дидар-ғайып» дейді, сол кешке қатысқандардың біразы бүгінде арамызда жоқ. Рымхан ағамыз да, күй өнерінің тарихы жайлы тереңнен қозғап, бағзыдан тартып, біраз әңгіме айтқан Әбіш ағамыз бен Фариза апамыз да, сол сөзімен залды толқытып өткен Әшірбек ағай да бақилық.

«Тұмарда» болған төрт жылдан аса уақыт ішінде Рымхан ағамен екі айда бір рет міндетті түрде көрісетінбіз. Журналдың шаруасымен баспаханаға да бардық, вокзалдың сұрыптау бөліміне де көлігімен алып жүретін. Тіпті кабинет ауыстырғанда жәрдемдесіп келген кездері де бар. Қашан көрсең де жүзінен жылылық арылмайтын қарапайым жан еді.

Бүгінгі кеште байқадық, асыл азаматтың бейнесі көп адамның көңіл түкпірінде жып-жылы күйінде сақталып қалған екен.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan