Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Күләш Ахметова. «Бір бақытты табу үшін Бір бақытты...

Күләш Ахметова. «Бір бақытты табу үшін Бір бақытты жоғалттым»

17.11.2025

3634

Күләш Ахметова. «Бір бақытты табу үшін Бір бақытты жоғалттым» - adebiportal.kz

Қазақ поэзиясының ірі өкілі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, халықтың жүрегінен орын алған көрнекті ақын Күләш Ахметова 80 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Ақынның қазасы – қазақ руханияты үшін орны толмас өкініш. Дегенмен оның артында қалған мөлдір мұрасы, жанды тербейтін поэзиясы мәңгі жасай бермек. Оның әр өлеңінен адамзатқа деген мейірім, туған жерге деген махаббат, ел мен ұлт тағдырына деген алаңдаушылық аңғарылып тұрады. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспеген аяулы ақынның жыр топтамасын оқырман назарына қайта ұсынып отырмыз.

Қазақ қызы

Қазақ қызы!
Көрмедім мен осындай қайраткерді,
басқар десе, басқарды аймақты, елді.
Бесігін де тербетіп, үйін де ұстап,
айда десе, комбайн айдап берді.
Қорға десе, Отанды, басын тікті,
атын жазып кітапқа асыл түпті.
Қазақ қызы жасаған ерліктерге
қайран қалды басы асау ғасыр тіпті!
Ұға білген мезгілдің кезеңін кең,
өлең жазса, өрнекті сөзі өрілген.
Күте білген ақылмен азаматын,
қиындыққа сабырмен төзе білген.
Білінбеді — биік пен алысты алса,
үндемеді бәйгеден қалыс қалса.
Қалпағы бар жігітке шаң қаптырған,
қазақ қызы бұрқанып намыстанса!
Ел анасы — баулыған батыл ұлан,
ерлігіне бермеген жақыны мән.
Бас жүлдені алады, жарыстарға
қатыстырса — көркінен, ақылынан!
Ғылымы жоқ меңгеріп, бой ұрмаған.
Ұлылықпен қозғаған ойын қоғам.
Қазақ қызы —
қазақтың мақтанышы,
ерлігіне ескерткіш қойылмаған!

 

Жақсылықтың бағасы

Бітер емес сағынышым,
Сезім неге жомарт тым?
Бір бақытты табу үшін
Бір бақытты жоғалттым.
Кімге жетті өкінішім,
Кімнен нені сұраймын?
Бір шаттыққа жету үшін
Бірнеше рет мұңайдым.
Бір шумақты баптау үшін,
Он шумақты өшірдім.
Достың өзін сақтау үшін
Сатқындығын кешірдім.
Жартастың да қатты тәнін
Жарып өтер қарағай.
Күттім күннің сәтті таңын,
Жастығыма қарамай.
Күлер жерде түнеріппін,
Жаным ашып жақынға.
Айырбастап жіберіппін
Жастығымды ақылға.
Бірде ойымды нұрландырдым,
Бірде, бейне, құйын — ішім.
Басқа арманды құрбан қылдым
Бір өзіңді сүю үшін.
Тіршіліктің, әр күнінің
Ғұмырға бар қатысы.
Жақсылықтың барлығының
Жақсылық па ақысы?
Алып өтіп сапар — күннен
Өлеңімнің жарқылы.
Асуларға бет алдым мен,
Қия жолдар арқылы.

 

Қысқы бақта

Сыңайы бар жер мен көк кінәласқан.
Ызаланған баладай жылады аспан.
Мыңқ етпейді шынардың діңгектері
Жасыл барқыт сияқты қына басқан.
Құқайларды көрген ол мұнан асқан,
Желге, күнге, аязға кеуде тосып,
Тұратындай мәңгілік құламастан.
Қар ызғары! Қарып тұр астананы!
Осы ызғардан нағыз қыс басталады.
Түксиеді таулардың қас-қабағы,
Салқындайды қайнардың тостағаны.
Жаздай қарттар отырған орындықтар
Бақ ішінде қаз-қатар бос қалады.

 

***

Тәкаппар қарап,
Таныс бақ
Кеудесін көкке керіпті.
Бұтағы тұрған қар ұстап
Қайыңдар қандай көрікті.
Ақ карда тысқа шықсаң-ай,
Тізілген ағаш тік сапқа
Біріне-бірі ұқсамай,
Біріне-бірі ұқсап та...
Туған жер,
Сенде жүз үміт...
Құлпырар төсің таяу күн.
Қар жауғанда да қызығып,
Қараймын саған, аяулым!
Сен үшін бөлдім ұйқымды,
Жақынсың қалай мұншама.
Бұлтың да маған сүйкімді
Бұлыңғыр тартып тұрса да!
Тек қана жина тойға елді,
Жыл сайын болсын мейрам көп.
Көрсетсін жырым бейнеңді
Кішкентай ғана айнаң боп.

 

***

Мезгілі заттың жеткенде
Далиған әлем қалай тар?
Кінәлі күн бе,
Көктем бе,
Таусылды бүгін талай қар.
Қартайған шығар қатты қыс.
Әлсіздің сөзін кім тыңдар?
Тіршілік деген — қақтығыс,
Өкшеңді соғар дымқыл қар.
Өмірге ғашық тіршілік —
Ұмтылды күнге қарай — тал.
Ұзамай қызыл гүл шығып,
Аз ғана күндер ән айтар.
Қатты қыс қалай тез өткен?!
...Өзгертіп заттар орынын,
Келеді бәрі кезекпен.
Ақын көңілі қашан да неге де алаң.
Қар бүркенді бүгін де көне далам.
Кейбіреулер барады шатыр ұстап,
Табиғаттан неге өзін бөледі адам?
Бала кезде қолғапсыз қар ұстадық,
Келе-келе ондайға барыспадық.
Табиғаттың бөлігі бола тұра
Табиғаттан неге біз алыстадық?
Құшағынан босатып көк көлдерді,
Ақпан да өтер қайталап өткендерді.
Жел жылыған сияқты, кар не қылсын,
Келіп қалар кешікпей көктем де енді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan