Сейсенбіде Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасына Алматыдан Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлы келді. Жазушының лекция оқыған тақырыбы «Көркем әдебиет және тарих» болды. Оқырман Бексұлтан Нұржекеевті баяғыда бастарына жастанып жатып оқыған «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бір өкініш, бір үміт» романдары арқылы жақсы біледі ғой. Бірақ бұл жиында тақырып шынымен де тарихқа ойысты.
«Менің ғана ойымша десем, қателесетін шығармын, көп адамның айтуынша, «әрбір ғылымның атасы – тарих». Анау жер аударудан бастап бәрі, гректердің аңыз-әңгімелерінің бәрі – әдебиеттің алғашқы түрлері ғой. Соның бәрі адамды тәрбиелеуге, сол кезеңнің шындығын бізге жеткізуге, соны сақтауға, әрине, көмектесті», – деп бастаған жазушы Геродоттың парсыларды, мысырлықтарды жазғанын, сонымен бірге сол деректердің ішінде біздің де аталғанымызды айтты. Одан кейінгі әңгіме шежірелер сәйкестігі деген тақырыпқа жалғасты. Жазушы сонымен бірге «көркем әдебиеттегі тарихта дәлдік бола бермейді» деген пікірге де көзқарасын білдірді.


«Көркем әдебиеттегі тарихты өтірік жазуға болмайды. Шыңғыс хан хан болды ма, қандай жолмен хан болды дегенде, жазушының да қиялы бар, көркем әдебиетті соған әкелу керек. Бұл жерде тарихты еске алуға сен күш қосасың – бұл сенің жазушылық міндетіңнің ақталатын жері, көркем әдебиет пен тарихтың қиылысатын тұсы. Сонда сен тарихтың насихатшысы боласың – шын насихат. Ал бізде өтірік тарихты дәлелдеп жатырмыз ғой. Өтірік тарих деген не? Өтірік тарих деген – саясаттанған тарих. Мысалы, осы аудиторияда мен қандай жастағы адамдар отырғанын көре алмаймын, бірақ шамалауымша, әдебиетті оқыған адамдар келіп отыр деп ойлаймын. Мысалы, Шыңғыс хан деген өте жауыз, қатыгез хан болған, ол адамдарды қисапсыз қырған, қырық миллион адамды қырған деп жазады. Ал мен айтамын: оны кім санапты, қай жерде санапты? Шыңғыс хан жайында әлемде мыңдаған кітап жазылған, мен соның алпыс шақтысын оқыдым», – дей келіп, Шыңғыс хан жайлы кім не жазғанын, бұған қатысты өзі қандай пікірге тоқтағанын да әңгімелеп берді.
«Шыңғыс хан келе жатыр» деген «құбыжық келе жатыр» дегенмен бірдей болған, бүкіл Еуропаның төбе шашы тік тұрған. Бәлкім, ондай сұмдық, қорқынышты аңыздарды Шыңғыс ханның өзі немесе жансыздары әдейі таратқан шығар», – деген қисынын да келтіре кетті. Жазушы Шыңғыс хан жайлы жазған өз еңбегін не үшін ғылыми деп атайтынын түсіндіре отырып, автор ретінде жиырма бес кітаптан сілтеме бергенін айтты.


Жазушыға залдан сұрақтар қойылды. Кейінгі ізбасар жазушыларға қатысты сұраққа келгенде Б. Нұржекеұлы Жүсіпбек Қорғасбек есімін атады. Сонымен бірге: «Менің бір байқағаным – тілдің байлығы, тілдің шұрайлығы біздің Қытайдан келген, Моңғолиядан келген жазушыларда өте жақсы», – деп баға берді. Сондай-ақ жазушы өзінің шығармашылығында екі бағыт барын айтты.


«Өзімнің ойымша, оның бірі – әйел баласы арқылы адамның сезімін, мейірімін тәрбиелеу, ынтықтығын, сағынышын ояту. Әрі-беріден кейін адамның мұңы болады, соның бәрінің түйінделер кілті – әйел баласына байланысты. Қазақта әйел баласын сыйламаған, әйел теңдігі деген жоқ деп келдік қой, бізде қазақ әйел теңдігін басқаша түсінген», – деп, Ұмай ана, Домалақ ана ұғымдарының мағынасының әдейі өзгертілгеніне түсініктеме берді. «Тарихты бұрмаламай жеткізсек, мәдениетімен жеткізсек, халықтың мәдени деңгейі көтеріледі. Ал әйел баласы – мейірімнің, сыпайылықтың, сезімталдықтың, сәндіктің өлкесі ғой», – деп сөзін түйіндеді.


