Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Лаура Палман. «Сағыныш» сияқты өз атым...

Лаура Палман. «Сағыныш» сияқты өз атым

19.11.2025

3420

Лаура Палман. «Сағыныш» сияқты өз атым - adebiportal.kz

Лаура Палман – Қызылорда облысы Шиелі ауданының Еңбекші ауылында туған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. Жазушылар одағының мүшесі. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының баспасөз хатшысы. 

 

Ырым

Ырымнан да іздеп жанның дауасын,

Жығылғанда, аластайды ел баласын.

Қара мысық кесіп өтсе, көлденең,

«Үш айналып, түкір!" – дейтін Анашым.

 

Қара мысық жолды бөгеп қоярдай,

Айналам да, түкіремін, ойАлла-ай..

Көшелерден сақ өтемін әлі де,

Бала күнгі сол әдетті қоя алмай.

 

Бағыт берген «мынау жақсы, жаман» деп,

Сақтандырып отыратын анам жоқ.

Қазір жолда қара мысық жүрмейді,

Есесіне «мысықтілеу» адам көп.

 

Мама-ау, бүгін жолым болмай, жасыдым,

Қараулығын жасады жұрт жасырын.

«Мысықтілеу» адамдардан қорғану 

Жолын маған айтпапсың-ау, Асылым!

 

Баяғыдай қорғар ма едің, жан Анам,

Жамандардан, ниет-нәті қарадан.

..Үш айналып, түкірейін бе, қайтейін,

«Аулақ қыл» деп пәле менен жаладан.

Тпә-тпә!

 

Көлеңкелі өлең

Өмір - теңіз болғанда, өлең-кеме,

Менің «кемем», білмеймін, тереңде ме..

«Сенен ақын шықпады» дейтін ылғи,

Өлең оқып келемін көлеңкеме.

 

Тыңдайды да, түседі ол өлең-күйге,

Билейді кеп, «сезімге бөлен» – дей ме?

(Көңілімді қалдырған көп досымнан,

Көлеңкемді артықтау көрем кейде).

 

Ұзайды күллі жарық сөнгенде әрең,

(Бұралаң жол бар ма екен сол көрмеген?)

Мен «мөлдір» емеспін ғой, «мөлдір» болсам,

Көлеңкем болар ма еді көлбеңдеген?

 

Көзінен Сіз көлеңке көре алған қыз,

Жарықсыз қалса, ағызар жанардан мұз.

Күннің бетін бұлт жапқан күні мен де,

Көлеңкемді жоғалтып, қалам жалғыз.

 

Кейде озып, кейде қалып, жырғап өтіп,

Жолдарын жылдарына жұмбақ етіп.

Көңілсіздеу көлеңкем жүр жанымда,

Жалғанның жарығынан жыр дәметіп.

 

***

Білмегем сырын көктемнің,

Кірмегем «өлең» еліне.

Жүректің жырын төккенмін,

«Жібектің Төлегеніне».

 

Жаңыла беріп жұтаппын,

Соңына түспей арманның.

Оқығым келмес кітаптың,

Ақылын неге алғанмын?

 

Мезі де еткен мені әр күн,

Сезімдер неге төзімсіз?

Біздегі «телесериалдың»,

Тізбегі, тіптен, көңілсіз.

 

Жүрекке емес ақылға,

Алданғандармыз оңбай Біз.

Тағдырмен аттас театрда,

Адасқандарды сомдаймыз.

 

Құрылған мұңнан «мұнарамның»,

Сырылған тұсын боярсыз.

«Дүние» дейтін драмамның,

Нүктесін Сіз кеп қоярсыз!

Бәлкім..

 

***

Түсімнен де мән таппай өңімнен де,

Түсіргенде еңсемді өмір, пенде..

Көмейіме кептелген көп өлеңді,

Көкірегім көметін «көңіл-көрге».

 

Жанның бәрі соқтығар жырыма кеп,

«Сағындырған жылдарға жуыма» - деп..

Сынық сырғам бар еді сезім берген,

Үміт-жылдар оны да тығып әлек.

 

Тағдырымды қолыммен құрап алған,

Әр күнімді не таптың сынағаннан.

«Өтеуі бұл – өткеннің»  дейді ме екен,

Қателігім ғана ылғи шығады алдан.

 

Құдай ғана қолқамды естісін деп,

Күбірлейтін боп алдым тек ішімнен.

Уақыт ұрлап кеткенде жастығымды,

Бақыт қымбат екенін кеш түсінгем.

 

Жемісімді, қайтейін, тонатса күз?

(Жаратқан, жаныма «Күз» жолатпаңыз!)

..Мүлде мұршам болмай жүр Сізді ойлауға,

Сіз де Бізді іздеңіз!

Жоғалтсаңыз!

 

Сағыныш

Бақытын бағалап басқаның,

Уақытым өте ме қас-қағым?

Адасқақ арманым әлі күн,

Аңсайды ауылдың аспанын.

 

Аспанға ғана қол созатын,

Тастарға ғана жыр жазатын

Жаңылыс қойылған кезінде,

«Сағыныш» сияқты өз атым.

 

«Сағыныш» дейтұғын өлеңім,

Ұлғайтып алыпты көлемін.

Ауылды, бауырды,тауымды,

Бәріңді сағына беремін.

 

Көзіме көрінбес сол сағым,

Өзіме, қайтейін, салса мұң.

Езіліп Анамды аңсаймын,

Төгіліп жанардан моншағым.

 

Кетпеуге тырысам түңіліп,

Сендегі сезімге жылынып.

«Гүл» сырын ашуға асығам,

Бүршігін жарғанда бір үміт.

 

Нөсер боп жауғанда жиі мұң,

Шеше алмай тірліктің түйінін.

Сөздерден қашамын сұп-суық,

Көздерден іздеймін мейірім.

 

Жұбатып келгендер емдеуге,

Ұнатып көріңдер сендер де

Аңсайтын, күтетін сағынып,

Шаршайтын жүрек бар кеудемде.

 

Жүре де алмаймын жасырып,

Жетектеп келеді осы үміт..

Жарылыс болған күн жүректе,

Сағыныш қалады шашылып.

 

***

Жастықта айтылған байырғы ән,

Жылдарда жауынмен шайылған.

Бүкпесіз басталған сезімнің,

Нүктесі мезгілсіз қойылған.

 

Ізгілік іздедім тағы да,

Үздігіп үміттің жолына

Күтпеген, бітпеген ойлардың,

Көп нүкте қойып ап соңына..

 

Ғарыштық жұлдыздың өрнегі - 

Бәріміз «Нүктеміз» жердегі..

Қос нүкте қоя сап, жалғайтын,

«Сағыныш» дейтін жыр мендегі.

 

Әуендер әсерсіз біткесін,

Керегі қалмайды, ә, түкке осы..

Қалыңдау сиямен қойылды,

Сәтсіздеу сәттердің нүктесі.

 

Ескі әндер қап кетіп елеусіз,

Өң мен түс жалғасты «өлеңсіз».

Қайтейін, нүктесін қояйын..

..(Үтірге өзгертіп көрерсіз,

Мүмкін!)

 

Қараша-жыр

Желге еріп,  жоғалған бір сыңары,

Жапырақтың жаны әлі тыншымады.

Жарасы ауыр күз салған жанындағы,

Қараша-жыр жазылмай, тұншығады.

 

«Жапырақ- тағдырлар» жүр сабылысып,

Тоңып, ұшып, адасып, жаңылысып..

Жердегі жапырақтың соңғы сәтте,

Қараша-қар көмеді сағынышын.

 

Кешегі сезім толы күзгі бақтан,

Көшеді әдемі әуез біз ұнатқан.

Қараша-мұң көрсеңіз қарашықтан,

Жаңаша жыр жолдаңыз жылы жақтан.

 

Тағдырының таппаған кілтін әлі,

Жапырақтар жыласа, кім кінәлі?

Жарасатын жол іздеп жалқы мұңмен,

Қараша-түн жөнсіздеу жұлқынады.

 

Күзде семіп қалмаса үмітіңіз,

Кедергінің бәрін де ұмытыңыз!

Қараша-мұз қатырған жапырақты,

Аясаңыз, аялап, жібітіңіз!

Жылытыңыз!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan