Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Мадина Мырзабек. Қаржаубай Омарұлының «Әке» повесі...

Мадина Мырзабек. Қаржаубай Омарұлының «Әке» повесі хақында

02.12.2025

3235

Мадина Мырзабек. Қаржаубай Омарұлының «Әке» повесі хақында - adebiportal.kz

ХХ ғасырдағы әдебиет өкілдері арасында Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына азды-көпті қалам тартпаған қаламгер кемде-кем болар. 

Әлем халқына қауіп төндірген алапат соғыс ата-ананы баласынан, балаларды отбасынан, тойып ішер тамағынан, баспана үйінен айырды. Жылдар бойы жалғасқан қанды қырғынның халық жүрегіндегі өшпес сызаты көркем әдебиет парақтарында дәуірдің мұңлы суретін бейнелейтін туынды боп өрілді. Сондай туындылардың бірі – жазушы Қаржаубай Омарұлының «Әке» повесі.

 «Әке» повесі соғыс кезіндегі балалар тағдырын, қазақ ауылдарының жай-күйін айға таңба басқандай суреттеп көрсетеді. Шығарма бастан-аяқ кейіпкер Сарманның атынан суреттеледі. Сарман ағасы Ханбүркіт пен інісі Жасқанатпен бірге соғыс кезіндегі бар ауыртпашылықты бірге көтереді. Әуелі, олар таңның атысы, күннің батысы, бар ғұмырын колхоз жұмысы мен үш балапанына арнауға тырысқан апаларынан айырылып қалады. Таң бозынан ұйқысынан оянып, қара қасқа сиырын сауып, жерошаққа қара қазанын асып, табаға нан басып үлгеретін асыраушы апалары келместің кемесіне мінгенде, оқып отырған оқырманның да жүрегі қарс айырылғаны анық. Сұм соғыс басталмай тұрып-ақ тұрмыс-тіршіліктері көңіл көншітпесе де, аста төк дастархан жайылмай, балалар аққа жарымай отырса да апаларынан айырылғандағыдай күйді бұрын-соңды кешпеген. Біз оқырман ретінде, балалардың ішкі халін Сарманның ойлары арқылы түйсінеміз. Апаларынан үшеуі бірдей айырылса да, кішкентай інілерін ойлап, соған көңіл бөліп, Сарман да, Ханбүркіт те ерте есейе бастағанын көреміз. Танауы делдиіп, үй-ішін азан-қазан қылып, айналып-толғанып еркелеткенге әбден үйренген қара тентек апасын «базардан» көп күтті. Иә, «екі сөзінің бірі – айналайын еді.., сол апасы қайдан келсін!».

Мінезі қатты, ұрысып, кейістік танытпаса да қатулы қабағымен үйдің райын қабағымен басқаратын көкелері апалары қайтқан соң, «жіби бастаған». Бұл сәттер оқырман жүрегіне де жылулық отын жаға бастайды. Бәлкім, көкелері бұрын анау айтқандай қатал да болмаған шығар, бірақ кеудегі тоң мұзды майдай ерітетін, көзі мейірімді апаларының қасында суық еді. Сол суық көкелері бала-шағам әбіржімесін деп үйге «шешелерін» алып келді. Онымен бірге Әлғалияш та келіп, Жасқанатқа серік болды. Дегенмен шешелері балаларға «айналайын» дегенмен, балалар «апа» деген сөзін қия алмады...

Соғыс басталған кезде, жұртпен бірге майдан шебіне көкелері де аттанды. Шешелері де қара сиырды алып, қызыл ала қоржынды толтырмаққа базарға кетіп, оралмайды. Біреуінен тірідей, екіншісінен өлідей айырылған балалар екі апасын да «базардан күтіп» қала берді. Жападан жалғыз қалған балалар, осылайша, «детдом» табалдырығын аттаған еді. 

Көкелері салған үйді, баспанасыз балалар үйіне алмастырды. «Жауды жеңіп әкелер келгенде, бірге ораламыз!» - деп, үйді жақсылап бекітіп кеткен балалар, бұл есікті қайта өздері ашатынына сенді. Аз күннің ішінде «детдом балалары» атанған Ханбүркіт те, Сарман да бар ынта-жігерімен оқуға тырысты. Оқуда озат болып, майданнан әкелерін күтіп алмаққа бекінді. Айналасындағы барлық «Отан балаларымен» бірігіп, жақсылық істер жасады. Ошақ басы ойран болған, үйі қираған, әкесі де, шешесі де жоқ балаларға қамқор болып, олардың да «Отанның қамқорында» екенін сезіндірді. Оны біз Сарманның: «Шіркін, олар да Көлбай сияқты ұрлық жасауын қойып, осылай ортамызда тұрса ғой!» - деп барлығын жақсылыққа сүйрегісі келетін ойынан анық байқаймыз. Жалпы, біз Сарманның ойлары арқылы автордың ойын, халықтың ішкі жан-дүниесіндегі арманын көреміз.

Балалардың детдомдағы өмірі повестің екінші бөлігі «Шуақта» сипатталды. Бұған дейінгі оқиғаның бәрі «Ызғарда» еді. Бұл автордың өзіндік қолтаңбасы және оқырманға тастаған ойы іспетті болды. Салыстырмалы түрде детдомға дейінгі-кейінгі өмір де шалқып-тасып өтпеді. Соғысқа дейін ата-анасының, әкесінің құшағында болған балалар,  кейін Отанның құшағына кірді. Көкелерін майданнан сағына күткен балалардың әкесі – Отан болды. Иә, Отан – бәрінің де қамқор әкесі, оның бір шаңырағы балалар тұрған – детдом үйі. Көкелері соғыста жүргенде оларды Отаны бақты, пана болды. 

Қорытындылай келе, повесть тақырыбындағы «Әкенің» бір адамға қарата айтылмағанын түсінеміз. Бұл сол кездердегі барлық балаға пана болған жиынтық атау – Отан хақында. Отан – бәрінің де қамқор әкесі!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan