Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
МАҒАУИННІҢ «МЕНІ»...

МАҒАУИННІҢ «МЕНІ»

02.02.2026

4449

МАҒАУИННІҢ «МЕНІ» - adebiportal.kz

                          «Мен және біз»

 

Мұхтар Мағауиннің «Мен» роман-эссесінің (2002 жыл) қысқаша мазмұны төбедегі тақырыпқа саяды. Шығарма, сөз жоқ, индивидуализм мен коллективизмнің жансебіл шайқасы. 

«Мен» «бізге» айналып кетпеуі үшін не істеуге болады? 

«Біздің» жалпы  көздегені не? Міне, кітаптың басты идеясы осы. 

Роман – қайтпас қайраткерлік, сосын мұқалмас мінез жайында жазылған ғажайып еңбек. Әрине, мұқым қазақтың емес, Әлиханның, қала берді хан Кенесарының  мінезі. Енді сол мінезді қалам сиясына дарытып, өзіне серт ете отырып алған бағытынан таймаған тұлғаны көреміз. 

Ол өзіне былай деп ант қабылдап мұрат түзеді. 

«...Мен дегенім  Өзім... Осылай деп сендім. Қазақ деген – мына Мен дедім. Сол сенімнің күшімен бар шырғалаңнан өтіп, бүгінгі күнге жеттім. Қазір бұл сөзді бұрынғыдан кеңірек мағынада ұғамын. Мен  ұлттық мұрат. Мен – алаштың жолы…» дейді. («Мен» Роман-эссе, 170-бет)

«Мен және менмендік»

 

Мұхтар Мағауиннің «Мен» романы адамның мейманасы мен мақтаншақтығы туралы емес, шеккен бейнет, төккен тер, жетілген  рухы жайлы ғұмырбаяндық хамса. Қайталап айтайын, «Меннің» менмендікке тіпті де қатысы жоқ. Керісінше, жетілген менге менмендік жасап, алдына ор қазып, опасыздық жасап жүргендер – әлгі «біз» ұғымына бірауыздан бәтуаласқан қатерлі топтар. Олардың ойға алған іс-әрекетінің түп нәтижесін, ал өзінің кім екендігін автор ашалай келе былай деп түсіндіреді. 

«...Мен тойып біткем. Асқа емес, азапқа. Қорлық пен мазаққа... Атамның аруағын қорлағанға.  Арыстан басымды нәжіс толы астауға батырмақ болды. Тірідей көрге тықпақ болды. Неше мәрте. Үнемі...». («Мен» Роман-эссе, 306-бет)

Бір қызығы, бұл шығарманы 1923 жылы жарыққа шыққан Зигмунд Фрейдтің «Мен және Ол» (The Ego and the Id) кітабымен параллель салыстырулар жүргізе отырып талдауға да болар еді. Тек бір ғана кілтипан бар. Фрейдтікі сана қайшылықтарын сараптаған таза ғылыми еңбек болса, Мағауиндікі көркем әдебиет. Жазушы ғұмыр жолында жетілген менді турап тастамақ болған құлдық қиянат жайында жазады. Әрине, айырмашылығы зор. 

«Біз құл бола алмадық. Қазір ойлаймын, сол кездері ыза мен өшпенділіктен қалай жарылып өлмедім деп... Ақырғы жаза – біреу. Сабайды, сүйретеді, сындырады тапайды – жүйкең жұқа болса есіңнен алжасасың, жүрегің әлсіз болса дертке шалдығасың... өзіңді сақтау деген табиғи түйсік – момын, көнбіс иісалмас жұрттың қатарына түсіреді, ал егер... күш тауып қайта көтерілсең... сені көр де түзете алмайды, өйткені... жер қойнына өлі денең ғана кіреді, жаның рухың жасаған ісің жарықта қала бермек, бұл істі сенен соң жалғастыратын тағы біреу дүниеге келмек... Өстіп, елің еркіндікке жеткенге дейін жалғаса бермек...». («Мен» Роман-эссе, 564-бет)

Бала белден емес, рухани халден жаратылады десек, атасы Мағауия ақсақал Абайдың алтын жүзін көрген, ал алаш арыстары  ата  шаңырағынан дәм татқан мұндай ұлт рухының сары уызына әбден жарып өскен төлдің құлдықты бойына бір  тоғытпай өтуі  заңды да дүние-тұғын... 

 

«Мен және жоғары мен»

 

…Адамға жас кезінде ақыл мен ынсап екі есе керек болса, қартайғанда бұл шіркін бес есе керек екен деген ойға бекідім. Замана өтіп жас ұлғайған сайын адам қайраты қайтып, асыл зердең де өзегі өртенген балауыз шамдай кеміктеле түспек. 

Енді бұл – өмірдің өз бұлжымас қағидасы.  Ыстығы басылмаған жастық шақтың аусар мезеті емес, қария кісінің арамза туып, сүтке тоймаған қозыдай түртіншектеген жағымсыз қылығы кімге болсын абырой әпере қоймас. Бұрынғылардың қазыналы қария болу мен шал болудың парқы екі бөлек деп отыратыны да осыдан болса керек-ті. 

Өмір нені мұрат еткен асыл ниетіңнің, ал ажал сол сүрген ғұмырыңның шын қорытындысы емес пе? 

Абыройсыз ажал да артыңды ашатын хас дұшпан секілді. 

Хакім Абай «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп бір ауыз сөз қалдырыпты. 

Мен осы орайда соңғы сөзді «Жігіттер, қаза қымбат» деп сәл бұрмалап айтсам ба деймін. 

Қайыра айтайын, адам қазасы – ғұмырлық тәу еткен тілегінің шын қорытындысы. Айналып келгенде, Мағауиннің Мені өзінің өр мінезі мен айнымас ұстанымы екен. 

Сол МЕНІ адамдық аттан ауып, абыройдан мақұрым қалудан асыл басын аман-сау сақтап қалды.  Міне, қаракөктің сойы... кесек ақыл мен зор зерденің пайдасы деген... 

Сөйтіп, ұлт қаламгерінен рухани император биігіне дейін көтерілді. Жан баласына сүйкімін кетірмеді, сүйегін қорлатпады. Хан басын имей, ғазиз тізезін бүкпей фәниден озды. 

Әлгі аталарымыз айтатын ақ өлім... зор абырой дегеніміз, сірә, осы болса керек. 

Міне, біздің мыңымыздың жиналып бір Мағауин бола алмайтынымыздың, жүз жерден шен мен шекпенге шомылсақ та, соның бәрі айналып келгенде бір Мағауин деген есімнен ешқашан биік бола алмайтынының құпиясы да осында жатыр. 

Ал төмендегі сөз сүрген өмірінің марсельезасы мен манифесі секілді.

«...Маған дұшпандар көп болуы мүмкін. Ол – басқа әңгіме. Ал сен... жау іздеуге, дұшпан түгендеуге мұршаң келмейді. Үлкен мұратың бар. Өзіңе сенесің. Шалкиіз бабаң айтқан кендір баулы ақжелкеннің көк теңіздің жал толқынын жарып өтеріне күмәнің жоқ, өзің өлсең де, рухың – елесемес, қаншама шығармада қапысыз көрініс тапқан асқақ аруағың жасай бермек. Ел – сенікі, халық – өзің, ұрпақ – қайта тірілген жаңа бір кейпің. Сен неден қорқасың, неден қамығасың. Құдай барда Қазақ бар. Қазақ барда Сен барсың» («Мен» Роман-эссе, 496-бет).

Қан жүрегі тоқтағанша қазаққа қапысыз қызмет еткен қадірлі жан… 

Иә, «Қазақ барда Сен де барсың».

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan