Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мағира Қожахметова. «Адамды билеп-төстейтін өз ойл...

11.01.2023 2291

Мағира Қожахметова. «Адамды билеп-төстейтін өз ойлары» 14+

Мағира Қожахметова. «Адамды билеп-төстейтін өз ойлары» - adebiportal.kz

Жазушы, публицист, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мағира Қожахметовамен сұхбаттасуды көптен ойлап жүр едік. Қаламгердің екінші аты – тынымсыз ізденіс, табанды еңбек. Олай дейтініміз Мағира апайды ізденістен ізденіс туғызып, іргелі ғылымға жақындатар танымдық журналистиканың биігінен көреміз,  мейлі ол түстер сыры, өнертану не әлдебір тұлғаға қатысты мақала болсын, қаламгердің обьектісін қабылдауы мен сезінуі бөлек, сол сезінгені ой-нәр болып жүрегінен сүзіліп шығып қаламынан төгіледі, талдаса артық-ауыз сөзсіз терең бойлай түседі. «Жантәсілім» «Жападан-жалғыз», «Күннің алтын сынығы», «Жылы шырай» атты прозалық кітаптарынан бөлек, «Әлем-әуен» сияқты публицистикалық дүниелері бар. «Менің шашылған энциклопедиям» еңбегі интеллектуалдық сұранысқа жауап беретін үлкен еңбек. 2006 жылы қазақ поэзиясының анасы Мәриям Хакімжанованың III томдығын дайындап шығарған. Драмалық шығармалары бір бөлек тақырып. Әлі күнге мониторға үңіліп, саусақтары клавиатурада еркін ойнап, балаларға арналған «Балбұлақ» журналы мен «Дертке дауа»  газетін шығарып келеді. Кезінде «Түс-саяхаттардың» үзінділерін «Ақжелкеннен» оқыдық, одан бөлек «Адам-құпияның» құпиясы бөлекше баураған. Қаламгер айтып жүрген жан, рух дегендер жай ғана абстрактілік ұғымдар емес, қазақтың дүниетанымымен байланысты, сонымен бірге адам санасының күрделілігінен хабар беретін терең таным. Соншама көп дүние жазған, соншама көп білімі бар, әр мақаласына құштар көңілмен кірісетін, ғұмырын жазуға арнаған  адамнан сұхбат аларда жүрексінгеніміз рас. Адамның өзін көрмей, әңгімесін тыңдамай, тек жай жазғанын оқыған кезде автор ретінде ғана қарайсың, кейде көп адам өзінің болмысы басқа болады да,  шығармасы басқа болып жатады. Сұхбат барысында өте қызықты, мазмұнды кітап сияқты әсер қалдырған апайдың кей пікірлері ойыңды қозғайды, мысалы, тәкаппарлық пен әділдіксүйгіштік бақытты болуға кедергі бола ма? Ойланып қаласың…

-  Әрине, видеосұхбат болған жақсы еді, адам сөйлеп отырған кезде бет құбылысы, дауыс ырғағын бақылап, айтқан ойлары шын мәнінде өз ішінен шығып отыр ма әлде роль ойнап отыр ма, бәрін көріп отырасың, дегенмен, осы сұхбаттың сәті түскеніне  қуаныштымын, Мағира апай. Енді... басынан осыған келісіп алайық, қазір қалай сөйлеп отырсыз, сұхбатты солай берейік. Жазып берген сұхбатты ұнатпаймын, сіресіп қалады, арасында ауа жоқ, тұншыға жаздайсың, ал, ауызба-ауыз алған сұхбат қалай шықса да табиғи, шынайы. 

- Жақсы, өзім де солай ойлаймын. Мен кейінгілерден көп нәрсе үйрендім, болдым-толдым демеймін, барған жеріме, әсіресе, бастықтарға  «я действущий журналист (мен әрекет үстіндегі журналиспін)», - деп екпіндей кіремін. Шынымен де қол қусырып отырған адам емеспін. Сен көптен ниет етіп жүргеннен кейін кездесейін, сөйлесейін деп ұйғардым. Өйткені, бетпе-бет жүздесіп пікір алмасқан жақсы ғой. Осылай сырласу да бір ғажап. 

1. Қайталанбас ортада шыңдалып, асыл азаматтардың құрметіне бөленгеніме енді ғана мән беріп отырмын

- Сіз мақалаларыңызды көркем дүниелеріңізден бөліп қарамайсыз...

- Мен әрбір жазған дүниеме көркем дүние ретінде қараймын.

- Мәриям апай туралы, Фариза апай туралы айтасыз. Мәриям Хакімжановалар совет дәуірін жырлады, қазір оларды іздеп оқитындар сирек, бірақ, олардың адамгершілігі, өмірге көзқарастары, кісіліктері, сіз сияқты қасында жүрген адамдардың сезінген жылуы – қазіргі уақыт үшін архаизм сияқты. Бүгінде «Баяғыда анау ананы ұстап беріпті, мынау донос жазыпты», - деп сондайдан сенсация іздейді. Бұрынғы өткеннің бәрі оңбаған, сатқын болып шығатын болса, біз сонда алдымызда кімге қараймыз? деген сұрақ туады ғой. Ана ғасырдан бері «ит» болсақ, онда біз қалай жақсы боламыз? Сондықтан жақсылықтың бәрі, жылылықтың бәрі жазылуы керек. Өзіңіз көрген жақсылар туралы айтайық...

- Әрине, бәрі қалуы керек қой. Бұның бәрі өмір, бәрі қазақтың тағдыры. Мәриям апамнан Иса Байзақов, Жұмағали Саин, Тайыр Жароков, т.б. туралы бәрін жазып аламын деп ойлайтынмын, Қасым Аманжолов туралы, Исаның да, Қасым Тоғызақовтың тағдырын да өкінішпен айтушы еді. Үлгермедім. Мәриям Хакімжанова, Сара Мыңжасарова, Данабике Байқадамовалармен жақын араластым, Фариза апам таныстырған, кезінде партияның Орталық Комитетінде істеген Мәрия Сапашқызы Қарақонақова журналға бас редактор боп тағайындалғанда, бәрімізді «Қазақстан әйелдеріне» жинап алды. Кезінде бұлардың жақсылығын көп көрдім. Әмина Мәметовамен жақсы араластым. Нығмет Нұрмақовтың әйелі Зүфнүн Нұрмақовадан бір блокнот жазып алғанымды өткенде қарап шықтым, әлі айналымға түскен жоқ. Нығмет Нұрмақов енді керемет тұлға, кезінде Мәскеуде қызмет істеген адам ғой, 37-нші жылы атылып кеткен, әйелі 18 жыл отырып, ақталған соң Молотов Мәскеуден үй берген. Өте көп тағдырлы жандармен таныстырды Мәриям апамыз. Ол кісінің де көрмегені жоқ. Бірақ әрқайсысының тағдыры әртүрлі. Маған осы кісілердің табиғилығы, қамқорлығы ұнайтын. 

Тұрсынхан апамызбен де араластық, Шәрбану Құмарова да талантты адамдар болды. Тұрсынхан апамыз бір мерейлі жасқа толып, «Қазақстан әйелдеріне» бір бума өлеңдерін әкеліп, сонда менің ұят жасағаным: «Адам осы жасқа келіп өзінің жазғанын редакцияларға неменеге тасып жүреді? Біз өзіміз сұрап аламыз ғой керек  болса!»- деп дөрекілік жасағаным есімде. Апам да өр екен, қағаздарын жұлып алып лақтырып кетіп қалды. Соны қазір ойлаймын, менікі не деген көргенсіздік? Бірақ сол кезде қаламгер алпыстан асқаннан кейін өзі жүрмеуі керек, одан тек сұрап алу керек деп ойлайтынмын. Мен өзім жүрмеймін, заказ береді, сұрайды, әйтпесе өзім ештеңемді еш жерге апармаймын. Ол да бір дұрыс емес қылық қой. Қазір көзі тірі апаларың әулие болып жүр ғой енді. Мияулап-ақ талай биікке жетті біразы. Әйелдердің ішінде интеллект Сара Мыңжасаровада болды. Орысша, қазақшаға бірдей, Орта Азияда тұңғыш роман жазған әйел. Ол кісіге де ешкім мән бермейді. Әзиза НұрмахановаКүлиман Жүнісова, Ләтипа Құрманаева, бәрі де мықты, кітаптары мың, миллион тираж жинайтын еді.

- Ол кісілерді біле бермейді екенбіз. Мыңжасарова мен Құрманаеваны ғана...

- Себебі аталмайды. Әдебиетте бір адамды  шығарады да соны айта береді, айта береді. Менің ең бір түсінбейтінім осы. Ешқандай қарсылығым жоқ, сол деңгейдегі басқалардың аталмайтыны күйзелтеді. Жекен Жұмаханов, Өтебай Қанахин, Тахауи Ахтанов, Хамза Есенжанов, Сейітжан Омаров, Кемел Тоқаев сияқты жазушылар, бәрі оқылуы керек. Біздің өзіміз соған мүдделі болуымыз керек. Менің өзім мейлінше көп айтылмайтындарды насихаттап жүремін. Абайды да айқайлап айта бермей сыбырлап қана айту керек деймін. Барлық салада осылай, театрларда да жүз жылғы драмаларды қайта-қайта қойып өздері мәз болатыны тәрізді...

- Баяғыда сізбен алғаш сөйлескенімізде Фариза апай туралы естелігіңізді сұрап алып едік, сол өте керемет, шынайы естелік болып еді, Фариза апайдың болмысы, бейнесі анық жарқырап көрінеді, сіздің өзіңіз де көрінесіз. «Мен шаруаға онша емес едім, киімшең, етігімді шешпестен ұйықтап жатыр едім» дейсіз, көз алдымызға елестеп, бұл кісі сонша қарапайым ба әлде ойлауы басқаша ма деп, ішкі жағынан ер адам сияқты жаратылған ба» деп ойлағанбыз. «Лениншіл жаста» жүргенде кеудешені жүнін теріс қаратып киіп алушы едім», - дейсіз, қазір сол мода болды. «Лениншіл жас» демекші, сіздің журналистік қызметіңізде бір дәуірдің ізі бар. Сол кездегі очерк деген керемет еді, егіс даласынан жазылса да төгіліп, көркем дүние сияқты әсер ететін. Қазір біз очерк  жазу білмейміз. Сондай-ақ естелік оқу мәдениеті керек. Естелік жазсаңыздар оқимыз ғой, бәріне бірдей деректі фильм түсірілмейді, айталық, сол заманның журналистері, халықтың нақ ортасында жүріпсіздер...

-  «Лениншіл жаста», «Қазақстан әйелдерінде» жүрдім ғой, хаттар өте көп келеді. Неше түрлі тағдырға араластық, түрмеге бардық, шахтаға түстік, нақақтан сотталғандарды тұтқыннан босаттық. Күйеулерінен қорлық көрген әйелдерге көмектестік, ауруға ұшырағандарын емдеттік. Әлеумет министрі Зәуре Омароваға, Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы болған, ғылым докторы Кәмила Өтегеноваға, педиатрия институтының білікті маманы Жанна Көкешовнаға жетектеп кіргіземіз республикамыздың түкпір-түкпірінен шағымданып, әділдік іздеп, ауырып келгендерін. Қай жақтан кім арыз, өтінішпен редакцияға келсе, соны дереу тиісті мекемеге апарып, қалайда мәселесін шешуге асығатынбыз. Біз үшін  адамға жан-жақты көмектесу маңызды болды. Осы күні  еске түссе қаншама адамға көмектескенімізге таңғаламын. Кімге көмектескенімізді де білмейміз, кімдерді қайда апарып орналастырмадық? Бәрі кәдімгі психологиялық көмек. Редакцияны көп адам іздейді қиналып, тығырықтан алып шығу үшін тыңдауың керек, соған сағаттарым кететін. Ол кезде адамдар редакцияға қасиетті орынға, храмға келгендей келетін. Біз халыққа «жедел жәрдем» болдық. Сонда адамның қабағына қарайсың да ең алдымен жанын ұғуға тырысасың. Бізде адамға деген не деген құрмет, қамқорлық болған десеңші! Қиындыққа ұшырап жылап келгенде немесе хаттарын тексеріп, сапарға шығасың, айлап зерттейсің. Соны бір кітап қылып шығаруға болар еді. «Журналист жолға шықты» деген рубрика бойынша топ-топ мақала жаздым. Талай кісінің зейнетақы алуына, мүгедектігін рәсімдеуіне атсалыстық.  О кезде сенің «Лениншіл жастың», «Қазақстан әйелдерінің» тілшісі болғаның керемет күш! Менің өрлігім сондай, журналистік статусымды обком, аудандардың бірінші хатшысынан жоғары қоятынмын. Ұят болғанда бертінге шейін әкім, министрден гөрі өзімнің журналистік мәртебемді әлдеқайда артық санадым. 

Жетпісінші жылдардың соңында ғой деймін, «Комсомольская правда» газетінде бір, екі ай ма, тәжірибеден өткенімде, комсомолдың орталық комитетіндегілер мені партия, комсомол қызметіне үгіттеп, тіпті сонда қалуға мүмкіндік бар еді. Ал енді ше, біз қайыршы болып қалдық қой, әкім, шенеуніктер қандай, біз қандай қазір?  Енді келіп тағдырдың соққысын қарасайшы, соңғы отыз жылғы билік бізді, қаламгерлерді мүшкіл жағдайға жеткізді ғой. Күні кешеге шейін біз журналист, волонтер, психолог ретінде халыққа қалтқысыз көмектестік. Бірақ оған бір тиын алған жоқпыз ғой. Моральдық тақырыптарды көп жаздым, бүкіл Қазақстанды аралап. Ертелі-кеш телефонға тыным жоқ, бәрі өкініші, түйткілінің шешімін сұрайды, не істеп, не қою керек, жауабын іздеп табамын. Сіңлілерім: «Сен адамдардың бүкіл жаман нәрсесін жинайсың, олар мұң-мұқтажын айтады, соны ішіңнен өткізіп уайымдайсың, олар саған ақтарып кете береді, сен әжетхана сияқтысың», - дейтін.

Өзімді де, туындыларымды да былайғыларға көмектесуге тиіс деп санадым. Оның барлығын түс көріп жоруды талдағанда, «Адам-құпияны» жазғанда  ескердім. Айтып та жүремін, мені оқыған адам проблемасынан құтылу керек. Өзін-өзі қандай тығырықтан да алып шығуы керек. Жалпы шығармаларым адамға жақсылық әкелуі керек деп есептеймін. Мен атақ-даңқымды аспандатуды емес, сол шығармаларым – адамның жан-дүниесін тазартып, егер ол өлгісі келсе өлмей, ауру болса сауығып, қиындықтан құтылуы керек деп ойлайтынмын. 

- Талай атақты адамнан сұхбат алдыңыз...

- Ия, қаншама портреттерді жаздым. Ғазиза Жұбанова, Әзірбайжан Мәмбетов, Төлепберген Әбдірәшев, Аюханов, Дінішев, Плисецкая, Давиташвили, Высоцкий, Юрий Яковлев, қазір тірі Юлия Борисова, біразының әңгімесін тыңдадым, біразынан кәдімгідей сұхбат алғанмын, солардың бәрін айналымға түсіріп, қаржының көзін табуға болар еді, көбі «мертвый капитал» болып қалды. Небір мықты, ешкімді менсінбейтін  тұлғалармен сөйлестім, Майя Плисецкаяға барғанымда: «Идите к Улановой, вот она великая, обьясните зачем я вам?», - деді. «Хочу понять, как ваш «Кармен» сделал революцию в балете, я так считаю». Сол  сөзден кейін таңырқай қарап, сәл ғана кідірді. «Я еще люблю музыку Щедрина», - дегенімде жалт қарап: «Давайте, девочки, поможем ей сделать интервью», - деді жүзі жадырап қасындағы нөкерлеріне. Джунамен кездесу де оңайға соқпады.

- Джуна туралы айтасыз, ол туралы кереғар пікір көп.

- Иә, өмірінің талай соқпағын өтірікке құрғаны енді ғана айқындалуда. Біріншіден 10-15 жылға жасын шегерген, тағдыры шым-шытырық,  бірақ біз кездескен кезде атағы аспандап, керемет болды ғой. Ой-пікірлерінің санамызда төңкеріс жасайтындай ықпалы қайран қалдырған. Әлі де ашылмаған сыры көп Джунаның.

- Өзіңіз ол кісінің қасиетін сездіңіз бе алдына барғанда?

- Кездескен сәтте екеуміз бір-бірімізге қарап қалдық, күміс әшекейді жақсы көреді екен, мен де күміс алқа, білезік, жүзіктер таққанмын. О дүниеден, басқа планетадан топ еткендей әсер етті. Бірақ, ол бақытсыз  еді, Джуна тағдырындағы бақытсыздықтың өзі бақыт па, кім білсін... Мықты адамдарды көрдік қой, тәубе енді. Мақтанып жүрем, «Менен басқа ешкім жаза алмайтын нәрсені жазғым келеді», - дегенім бар сұхбаттарымда, шамама қарамай менен басқалар жаза алмайтын нәрсені жазам дегенім эгоизм бе, дарақылық па... Фариза апам: «Сен өзіңнің түріңе қарамай өзіңді данышпан санайсың», - деп айқайлайтын маған. Ішкі бір бұлқыныс, өрліктің әсерінен көп нәрседен құр қалған адаммын, одан ешқашан трагедия жасамадым. Кейбіреулер барған жерін  салмағымен басады. Төңірегін қуырып, «мен келдім, күтіңдер, жағдайымды жасаңдар» деп жүргенді жаным жек көреді. Біз ешкімнен артық емеспіз. Халықтың өкіліміз, олардың ілтипаты, құрметі қуат береді. Мейлінше айналаңа салмақ салмау керек. Барға қанағат жасап жүру керек.

- Бүгінгі көңіл-күйіңіз қалай, ойыңызға не келіп, не кетеді?

- Қайсыбірін айтайын, қайталанбас осындай ортада шыңдалып, асыл азаматтардың құрметіне бөленгеніме енді ғана мән беріп отырмын. Оралхан музей, театрларға баруымды қадағалап, кейде «Аққу» кафесіне барып отырып келші» деп жұмсайтын. Сосын не істедің? деп сұрамайды. Кей тапсырмасын орындай алмадым. Соның бірі марқұм Майра Айманова, Асанәлінің әйелі туралы жаз деп еді, Майраны опера әншісі ретінде жоғары бағалайтын. Сол кезде арияларын тыңдауға уақыт таппадым ба, әйтеуір реті келмеді. Оралхан бауырмалдықпен, жанашырлықпен қарады, әйелі Айманмен жақсы араластық, бір топ жігітті ертіп, Оралханның үйіне еркін баратынбыз. Жақында архивімнен Ақселеудің Мағирашқа деп сыйлаған үш суретін тауып алдым. Графикалық суреттер. Аңызға айналған осындай жандардың  еркесі, қадірлісі болыппын. Сол кезде оларды тұлға, мықты деп қабылдамаппын, орталарында ертегідей өмір сүргенімді енді біліп жүрмін. Кеше Болат Аюханов та кетті, мені сыйлайтын, іздейтін ешкім қалмады. Мәдениет министрлігіне бір қолжазба тапсырғанмын, комитеттен жарамайды деген рецензиясын кеше барып алдым, кітабым өтпей қалыпты. Кітап палатасына  тіркеген пьесаларымның жинағымен екі қолжазбадан да хабарсызбын, өзімді әлдеқандай ғып әспеттейтің сендер, қыздар ғана. Әйтпесе атақ, сый-сияпат, орден, сыйлық таратуға құзыреті барлардың менімен шаруасы жоқ, бумеранг – жас кезімде мен билікті менсінбедім, енді қартайған менің бүгінгі билікке қажетім жоқ.

- Журналистердің айдалада қалғанына жаныңыз ауыратыны байқалады.

- Біз өмірбақи баспасөзде қызмет еттік, қайран қалатыным – Алматыда біздің зәулім 2-3 мекен-жайымыз болды. Гоголь көшесінде 11 этаж,  көкбазар жақта 9 этаждық ғимарат біздің ақшамызға салынған. «Қазақстан әйелдерінде», «Лениншіл жаста» 300-500 мың тираж, сонда  миллиондаған тиражға көл-көсір ақша түседі екен, сол қаржыға үйлер, санаторийлер салынды, тәуелсіздік алғаннан кейін сол редакция мекенжайын жекешелендіріп әкетті. Қазір журналистер қаңғырып жүр. Әлеуметтік желіде «бұлардың баратын жері жоқ» деп жазады кейде. Кезінде небір беделді бас редакторлар, айтулы тұлғалар, «Жас алашта» Нұртөре Жүсіп, «Балдырғанда» Тұманбай Молдағалиев ағамыз отырды, «Осыған ие болып қалайық, біздің де үлесіміз бар», - дегенде ешқайсы қолдамады. Алғашында өз үйлерімізді өзіміз жалға алып, бірте-бірте айдалада қалдық, бұ күнде бірде бір басылымның меншікті офисі жоқ Алматыда. Біздің маңдай теріміз, еңбегімізге салынған еңселі мекен-жайларды сауда орындарына, т.б. айналдырып, біреуін Қайрат Сатыбалдының шешесі, біреуін тағы басқасы жекешелендіріп алып отыр. Енді осының амалын жасап, өзімізге заңды түрде қайтарсақ қой, шіркін. Журналистер жоқшылық жағдай кешіп жүр, жазып, оған бір тиын алмайтын, пәтерақысын төлеуге қиналатын қарт журналистерді білемін. Не деген намыссызбыз біз? Еншіміздегі мүлкімізді, демалыс орындарымызды, бау, бақша салтанатты сарайларымызды  президенттің туыстары, тамыр-таныстары, тілін тапқан жандайшаптары тартып алып жатқанда, бұ қалай демедік. Құдай-ау, әдетте аттандап, айғайлап, екпіндеуде алдымызға жан салмайтын біздер – журналистер өзіміздің жеке мүддемізді неге қорғамадық, неліктен тойымсыз жебірлердің астында жаншылдық? Парторг, совхоз директоры құрлы әрекеттенбедік-ау тым құрығанда. Үлесімізден айырып, еншіден қаққаны былай тұрсын, тәуелсіз еліміздің үкіметі дереу шығармашылық  одақ, ұйымдарды бюджеттен аластатып, жазған, сызғаныңа, яғни жанкешті еңбегіңе түк төленбейтіндей етті. Шіренген шенеуніктерге кіріптар етіп қойды, міне соның жемісі, кешегі өзімізбен тең, мен сияқтылар тіпті менсінбей қараған министр, әкім-қараларың  оңайлықпен қабылдамайды бүгін, айлап, жылдап сүмеңдетіп қояды соңынан. Биліктің жоғарыдан төменге, астанадан ауылға дейінгі бүкіл жүйесі тас қамалға тығылып, алдына жеткеніңше темір тордың сарт-сұрт зілдей қақпаларынан, сығырайған саңылауларынан әрең өтесің. Дүниежүзі елдерінде аса сирек кездесетін ұры үкіметтің, жаппай ұрылардың құрбанымыз. Екі мыңыншы жылдардың басында «Өзін-өзі тонайтын да үкімет болады екен-ау», - деген анамның сөзі түсе береді есіме. Салдары ұзаққа созылатын әділетсіздік орнатты беттері былшиып, көгеріп-сазарған кешегі ақыл айтқыш, бүгінгі клептократтар. Бүкіл қазынамыздан, байлықтан айырылып, қаңғырып жүргенімізге қатты күйзелемін, тым құрығанда редакция, баспалардың үйлерін өзімізге, журналистерге қайтарып беріп, мынау Бердіқұловтың музейі, мынау Оралханның, Ақселеудің, Фаризаның кабинеттері, мына жерлерде Камал Смайлов, Шерхан Мұртаза, Кәкімбек Қазыбаев, Мұса Дінішев, Жүсіп Алтайбаев, Тұманбай Молдағалиев отырып, талай летучкалар өткізетін деп айтар едік. Сол редакция үйлерін сауда-саттық, басқа орталықтарға ма, айналдыру түпкі иесі журналистердің де қолынан келер еді. Таланттардың қасиетті мекені, ұлылардың құт-береке, ырыс дарыған үйлері еді ғой, шіркін. 

- Оның үстіне басшылар көп ауысады. Бүгін басқа біреу, екінші жолы басқа біреу отырады, әркім өзінің уақытша екенін біледі де тиянақты түрде бір шаруаны аяғына жеткізейін деп ойламайды. Осыдан келіп берекетсіздік белең алған. Ал журналистерге келсек, рас, гонорар алмайды, айлық аз. Қит етсе, «ұнамаса басқа жерге бар» дегенді еститін, басында ипотекасы, кредиті бар журналистердің таңдауы да көп емес... 

- Үй-күйінің түрі анау, статусы айқындалмаған, жазғанына бір тиын алмау деген... журналистердің, өзімнің материалдық жағдайымды жақсартудың жолын таба алмай қойдым. Соны ойлап жүргеніме көп болды. Осылай жалғаса берсе, намысымыздың тапталғаны. Қандай қиын? Отыз жыл ақын-жазушылар эйфорияда жүрді, тәуелсіздікті алып берген, қазақтың көзін ашқан сол журналистер, қаламгерлер еді. Енді кеп өздері осындай аянышты хал кешкені трагедия деп ойлаймын, мұны айтуға тиіс адамдар орден алады, мемлекеттік сыйлық алады, алайда үндемейді... Айналып келгенде екеуміз де қайыршымыз, кедейміз, соған ұялмайтындай жағдайға жетіп, міне отырмыз өткенді ертегідей еске алып. Бүгінгі байларда тоқмейілсу деген жайлап кетті. Жалт-жұлт дүниеде жылу жоқ. Бәрімізді бейшара қылып қойды. Осынша жасқа келіп, ойпырмай, анау әкімнің, мына әкімнің көңілін қалай тауып,  балаларға арналған түрлі жобама қалай қаржы тапсам екен? деген бейшаралыққа жетіп отырмын, енді не сұрайсың менен. Есіме түседі, марқұм Мәриям апай қартайған кезде люстра, хрусталь алып, дүние-мүлкін түгендеуге кірісті. «Неменеге керек?» деймін. «Ойбай, ертең мен өлгенде шығарып жатқанда: «Мынаның дұрыс орындығы да жоқ екен деп айтады ғой», - деді, соның бәрін ойға аласың. Мен жеке басының жағдайын жасай алғандарға қызығамын, әкім, министр, бастықтарды жүгіртіп қойған Фариза апамды қатты сағынамын, ол кісідей болу ешкімнің қолынан келмейді. Сұлтанәлі Балғабаев: «Оған өзіміз кінәліміз, өзіміз ақша ала алмаймыз», - дейді, бірен-сараны ғана жолын білетін шығар, біз білмейміз. Құнсыз, түкке тұрмайтын бірдеңе жазып та әлемге танылуға болады екен. Оның бәрі жазмыш, ниетке, ішкі әлемімізге байланысты шығар деймін.

- Сіз әлі күнге дейін журналистикада жүрсіз. Осы журнал мен газетті шығарғанда нені мақсат еттіңіз?

- 2002-де журналды, 2005 жылы газетті аштым. «Дертке дауа» газетінің ұстанымы: ана мен бала денсаулығын қорғау; аурулардың алдын алу дағдыларын қалыптастыру; ауылдағы денсаулық сақтауды дамыту; нашақорлыққа, алкоголизмге, темекі тартуға қарсы күресті нығайту; халық емінің озық тәжірибелерін зерттеу; салауатты өмір салтын қалыптастыру; Ең бастысы қандай тығырықтан да жол тауып, өзіне-өзі көмектесудің, түс көру, болжау, әріптердің, сөздің, ән-күйдің денсаулыққа әсері, басқа да тылсым, құпиялардың сан алуан амал-әдістерін, парапсихология, түс-саяхаттарды жүйелеп талдау, адамның өзін-өзі тануына ықпал ету.

«Балбұлақты» шығарған мақсатым – жасөспірімдерді нақты іс-әрекетке баулу, ішкі мүмкіндіктерін оятып, талантын шыңдау. Әлемнің ең озық технология, ғылым жетістіктерін меңгеріп, нарықтық экономика жағдайында бәрін-бәрін «Өзің жаса, құрастыр, үйрен» бағыты негізінде жас ұрпақты тәрбиелеу. Журналды балаларға жасатамын. Оны дайындаған бала, әке-шешесімен, достарымен таныстырады. Идеясы мынау – бұл журналды жасайтын өздерің сияқты балалар деп, бала іс-әрекетке үйреніп, өзінің жазған ертегісін, фокус, ойыншықтарын ұсынады. Басылымдардың да дәурені кетіп барады. Көп нәрсе өзіммен кететінін, ешкімге қажет емесін де сезем, бірақ, өзімнің тірі, бар кезімде жасап қалайын деймін. Тасқа басылып қалады ғой деймін. Жыл өткен сайын қағаз, бояу қымбаттауда, журнал кейде сапалы, кейде солғын жүдеп-жадап, көңіл күйімді бұзады, бәрі идеальный емес.

- Жалпы басылымдарға жазылу жағы көңіл көншітпейтін шығар.

Соңғы бес жылда таралым күрт төмендеді. Әркімнің өз еркі деген рахат болды – мектеп, балабақша, кітапхана, т.б. басшыларына. Ешкімді күштей алмаймыз дейді. Балалар жылында жақсылықтан үміттенгенбіз, әншейін науқаншылық болып қалды. Ұрандатқан шаралармен өтіп аяқталып жатыр ғой. Балалар жылы басталғанда балалар басылымдары редакторлары президентке хат жазып, ол жарияланып, мынадай идея айтқанбыз. Әрбір кітапхана, әрбір мектептің кітапханасы бүкіл балалар басылымдарына жазылуды міндеттеу керек деп едік, одан түк шыққан жоқ. Тағы 1-2 ұсыныс айтқанбыз, ол да қалды. Мектепке кіргізбейді ғой қазір. Кітап оқытуды, газет-журналға жазылуды міндеттеу керек. Оның ешқандай лоббированиеге (басы артық әңгімеге) қатысы жоқ. Міндеттегеннен ешкім ұтылмайды, бүкіл балалар журналына жазылуды міндеттеу керек. Қазір кітап оқытудың, газет-журналға жазылудың тәртібін совет үкіметінен көшіріп алудың еш әбестігі жоқ. Және бір кедергі – Қазпочтаның әрекетсіздігі, газет, журналдарға жаздыруға ынта-ықыластары жоқ, почтальондардың да жалақысы мүлдем аз.

2. Біздің жақта «Жан-тәсілімді» оқыған ешкім жоқ

- Тақырыбыңыз эстетикалық дүниелерге, мысалы әуен, күй өнеріне қатысты болып келеді. «Жападан-жалғыз» деген кітабыңызда «Күй-кісен» деген повесть бар, бұған үлкен толғаныспен, ізденіспен келгеніңіз көрінеді, басталуынан, табиғатты суреттегеннен бастап, өзіңіз «жартылай орысша оқыдым, дүбәрамын» десеңіз де тілі де керемет, мылқау қыздың жан-дүниесіне бойлау, психологиялық иірімдер мол. «Күй-кісен» дегенде қыздың күйге қалай арбалғаны, өнерге іңкәрлігі – бұл бір жағы, екінші жағы – күй және кісен дегеннің өзінде де бірнәрсе бар сияқты. 

- «Күй-кісен» шынымен де ұзақ ойланған дүние. Жас кезімде көлдің жағасында елес қуып ұзақ отыратын едім. Күн күркіреп, найзағай шатырлап, жасын ойнап жатқанда үйде отырудың орнына жүгіріп көлге барып, қатты дауыл тұрғанда, нөсер жауғанда көлдің ішіне тығылатынмын. Ол бір ғажап сәт еді. Судың температурасы да өзгеріп кетеді. Жалпы адам өмірге келгенде тұтқынға келеді, күй деген «состояние». Оның үстіне қыздардың тағдырының, әсіресе, талантты қыздардың тағдырының қиын болатынын жастай сезіндім. Күй-кісен дегенге келсек, ондағы мылқау қыз шын мәнінде мылқау болмауы мүмкін немесе  шартты түрде алсақ еститін адам да мылқау болуы мүмкін. Мысалы, мен де бір кезде мылқаулық жағдайды бастан кештім,  іштегі буырқанысты, қазақ қызының ішкі дүниесін ешкім түсінбейді, оның үстіне қазақ қоғамында бұл қиындау. Бұл тек Аяның тағдыры емес. Егер бұны жан-жағынан келіп зерттесе жалпы құдай талант берген әйелдердің тағдыры қиын. Жазатын жазушы қыз-келіншектерді қарап отырсам, бұларды адам демейді, жарыққа шығып, атақ-даңққа бөленгендердің көбі таза еңбегімен емес, міндетті түрде шал, шауқанның құшағына құлап, не құнсыз еркектердің, бастықсымақтардың алдында кішірейіп, көніп, атақ, қызметтерінен ат үркетіндей депутат, министр, бірінші хатшы ма, жерлес, руластарының тікелей қолдауымен қатарға қосылғандарын, көтерілгендерін көрдім. Мәселен, жас кезімде әңгімелерімді редакцияларға апарғанда, жігіттер  біртүрлі қолын жүгірткісі келіп, төмен қылықтар көрсететін. Сол кезде арқам көтеріліп, жынын қағып тастайтынмын, екінші рет жоламайтынмын. Талай қыз, келіншек небір аға-жағаларының қолпаштауымен түрлі марапат иемденді. Менің ерекшелігім – бұл әрі кемшілігім, әрі жетістігім шығар – ешкімге бағынған жоқпын. Ешкімнің алдында бүгежектемедім. Төбелестім, жұлыстым, бірақ ешкімге ар-намысымды таптатпадым. Мені қорлағысы келген еркектердің өзін одан бұрынырақ таптап, алдын орап кетіп жүрдім құлап сүрінсем де. Бірақ бұл маған жақсылық, бақыт әкелген жоқ, өмірімді қиындата берді, қиындата берді. Оны ешкімге жайып айтпаймын да. «Күй-кісен» жас кезімнен миымда жүрді, орман, нөсер, дауыл... мылқау қызға жаратқан керемет саңылау берген, табиғаттың құбылыстарын түсініп, соны жарыққа шығара алмау қандай қиын, оны дүлей деп, мылқау деп ойлайды. «Күй-кісен» – өнер адамының тағдыры, таланттың шығуы, дамуы, тұншығуы, өзімнің де мылқаулығым, дүлейлігім. Мылқау болса, қалайша оның саңлауы болады... сынға, небір пікірге сұранып-ақ тұр. «Күй-кісенді»  ешкім талдамады, зерттемеді. Роман туралы айтсам, сол жылғы баяндамаға да іліккен жоқ. 

- Жолыңыз ауырлау ма? Неліктен бұлай болды?

- Оған өзім кінәлі екеніме осы күні көзім жеткендей. Әріптестерімді көрдім, бір кітабы шықты ма, облыстың, ауданның партия комитетінің секретарьларына, түрлі сала министрлеріне, депутаттарға жібереді, қабылдауына барады. Солардың біріне кітап бермеппін.  Ғалым, сыншыларға таратуым қажет еді тым құрығанда. Бірде Тұрсынбек Кәкішев юбилейінде (біздің ағамыз: «Мағира, менде неге сенің бірде-бір кітабың жоқ», - деді, неге бермедің деген сыңаймен. Серік Қирабаевқа, Рабиға Сыздықоваға апаруым керек еді. Енді кімге өкпелеймін? 

- «Жантәсілімнің» соңғы жағында «опат болған туыс-бауырларыңды жазыңдар» деп әдейі орын қалдырған екенсіз. Кітаптың шыққан уақыты қиындау кездер еді, ел жаңа ел болып, әркім қара басымен болып жүрген уақыт. Бұны біреулер оқып, әркім өз әулетіндегі кеткен адамдар тізімін жазды ма екен, бәрі өз жоғалтқанын еске түсіретін болса, әркімнің іші толып тұр, ортақ бір арнаға құйылар еді, кітаптың насихаты болар еді әрі іштегі шерді қозғайтын нәрсе де көп. Қазір де оқылуы керек. Маргарет Митчелл «Унесенные ветромды» он жыл жазған, соғыс қалай өтті, адамдардың өмірін қалай өзгертті, соны айтады. Сіз сол зұлматтың өзін көрмесеңіз де, әулеттің бастан кешкенін, кімге қалай батты, сол сынақтан кім қалай өтті, қиын кезде кімнің кісілігі, адамгершілігі қалай болды...  соны жаздыңыз...

- «Жазушы» баспасында Есенбай Дүйсенбаев деген ақын қызмет етті, сол кісі керемет ақылды, талантты еді. «Мағира, мына «Жүз роман» деген жоба шықты, соған мына романыңды қосайық. «Жантәсілімге»  лайықты мән берілмей қалды», - деген еді. Мұнда жаңалық көп, шынында да менің арманым: жиырмасыншы ғасырдың ашаршылық, коллективтендіру, отыз жетінші жылында, ұлы отан соғысында кеткен әрбір қазақ – өлді ме, белгісіз кетті ме, тұтқынға түсті ме, әр қазақ мені күйзелтетін, жанымды тебірентетін, көзімде жас парлайтын, оралмаған әр қазақ тарихта қалуы керек деп армандаймын. Анау кітапты оқып біреулер хабарласса деп ойлағанмын, «Боздақтар» шықты ғой, сол бірінші шықты ма, мен бірінші жаздым ба, білмеймін... соның шынында да мәні бар, бұл деген адамдарды оятатын нәрсе ғой. Соғыста опат болған әрбір қазақты тарихта алтын әріппен жазу керек. Жиырма екі жыл бойы «Батыр бабаңмен таныс» деп «Балбұлақта» беремін. Мәриям апамның архивінен жауынгерлердің хаттарын алып шығарамын. Президентіміздің әкесін танитын едік, сол кісінің Қасым деген туған ағасы Ржев майданында қаза тапқан. Ржев майданының қасіретті сыры осы уақытқа дейін ашылған жоқ, қазақ ең көп қырылған шеп, әрбір миллиметр жерден тірілей қалқан жасап, алаңды  тек бір ме, екі сағатқа ма... ұстап тұру үшін солай қаншама қазақты оққа байлап, ата берген. Жас жігіттер солай шейіт болған. Журналист Айгүл Нөкербаевадан естігенмін, Ржев қырғынынан тірі қалған, аяғы кесілген бір майдангер «Ура» деген сөзді естісе еңіреп жылай береді екен бейбіт күндері, өйткені куә болған ғой, «ура» деп солдаттар алға жүгірген кезде пытырлатып жүздеп, мыңдап қыра берген. Сондықтан майдангер «Ура!» деген сөзді апат деп қабылдайды екен. Осыны балаларға насихаттағым келеді, жастар білсе екен деймін. Сол қанды қасаптан қайтпаған Қасым Тоқаевтың фотосын, дерегін іздеп, журналымның «Батыр бабаңмен таныс» рубрикасында жарияладым қайбір жылы. Соғыстан оралмаған әр қазақ батыр – мен үшін.                                            

Ауылдың да тағдыры алаңдатады, бұны жазу мүлдем тоқтатылды. Біздің жақта «Жантәсілімді» оқыған ешкім жоқ. Менің ауылым, елім,  құдай өзі кешірсін, әлі мәңгүрт. Олар қазір кітап оқымайды, жазушыларды адам екен демейді, оларға бірдеңе түсіндіруге уақытым да жоқ. Патриоттық тәрбие психологиялық тәрбиемен қатар жүрмесе  катастрофа. Біз жалаң тәрбие береміз де адамның жан-дүниесі түгілі қабағына қарамаймыз ғой. Адамның қабағына қарап беру керек патриоттық тәрбиені. Үйіңде қанша жан бар, қайсының қабағы неге кірбің? Ол неге жабырқау? Осыған мән бермегеннен қаншасы суицид жасап жатыр. Соның барлығына себеп адамдарда психологиялық сезіну жоқ. Айналамызға қарамаймыз, ішкі әлем тылсымына назар аудармаймыз. «Жантәсілімнің» пластары яғни қатпары көп, қанша жыл жаздым, жазған дәптерлерім қандай, «Таңшолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек: «Бір шығармаңызды қалай жазғаныңызды айтыңызшы», - деп өтінген. Тапсырмасын орындауға кірісуім керек тезірек.  Әр тарауына жоспар құрып жаздым. Түрмеде, Карлагта отырған көп ардагермен сөйлестім, оншақты адамның өмірі бар, түбін түсіріп жаздым демеймін, өткен ғасырдың сексенінші жылдары ашаршылықты, отыз жетінші жылды  жазып жатқан көп ешкім жоқ еді. Ол кезде ғасыр трагедияларын бір кітапқа жинақтаған жазушы көп емес еді, бірақ «Жантәсілім»  атаусыз қалды, ешкім айтқан да, зерттеген жоқ, оған ренжіген де емеспін, әлі де ренжімеймін. Соны жазып үлгергеніме қуанамын. Сексенінші жылдары бастап жазыппын. Баспаға тоқсаныншы жылдары бердім. Кейбір дәптерге жылдарын жазыппын, соған қарап, қанша уақытта бітіргенімді анықтауға болады. Аяқтаған дәптерім 1990 жылдың марты. 

- Оның жарық көруін он бір жыл күткеніңіз бар... Өзіңіз сұхбатыңызда «менің жазғандарым ұзақ жатып шығады» дейсіз. Осы қаламгерге қалай әсер етеді?

- Бұл қаламгерге өте нашар әсер етеді. Бірде-бір әңгімем уақытында шыққан емес, романым да 11- 12 жыл жатып шықты, мені сәтсіздіктен, күйзелістен құтқаратын журналистика. Өйткені біреуге ренжуге, өкпелеуге уақытым болған емес. Университетті 1969 жылы бітіргеннен  «Лениншіл жаста» 11 жыл, «Қазақстан әйелдерінде» 11 жыл, «Денсаулық», «Ақжелкенде» жұмыс істедім ғой, сол басылымдардың қара жұмысынан босамадым. Иә, романым шыққаннан кейін де еленбей қалды ғой. Еш мән бермеппін. Мен үшін нәтижесінен гөрі сол дүниені ішімнен жарыққа шығарғаным маңыздырақ екен. Оқи ма, оқымай ма, мән бермедім, қартайғанда, далада қалғанда ғана алаңдап отырмын. Ешқандай атақ, не дұрыс қаламақы, ақша алмағаным да енді еске түскені.

- Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Рухтар жерден кетеді» деген романы бар, Есбол деген қарттың бой жазған сәтін, атамекеніне барып тыныш тапқанын суреттейді,  ауыл адамдары қайтыс болған Есболды ата-бабалары жатқан жерге жерлейін десе әкімдер ол жерді санаторий салып, бизнес жасауға сатып алып қойған екен, рұқсат етпейді. Сіздің «Жантәсілім» романында  да Айғанымның тағдыры ауыр әкесін,   замананың құрбандығы болып кеткен бауырларын, әулеттің қасіретін ойлайтыны бар, келіндерінің бәрін салыстырады, біреуі ішіп жүр, біреуі тағы бірдеңе, Айғаным осындай уайым мен шерден сырқатқа шалдығып, өмірден өтерінде «атақонысқа жерлеңдер» деп өсиет еткенімен, бірақ ол жерде егін егіп тастаған. (Ол да уақытында жиналмай, бекер шіріп кетіп, ысырап болады). Тынымбай ағайдың да, сіздің де айтайын деп отырғандарыңыз - қазақ үшін өлгеннен кейін өзінің ата-қонысынан жер бұйырмағаннан өткен қандай қасірет болуы мүмкін? деген ой. Ал шынында біз осы жағдайға жақындап келе жатқан сияқтымыз... 

- Бұл үлкен трагедия. «Жантәсілімді» совет үкіметі кезінде жазғам. Кітаптың қасиеті – сол қоғамның шіруімен аяқталды, өзі солай жазылды. Алдын болжау қасиеті, көріпкелдігі бар. Кезінде дәл солай деп ойлағам жоқ. Соның жазылуы, бітуіне өзім де таңғалам, тек қана көркем шығарма емес, парапсихологиялық сезіну, тербеліс. Бір әулеттің трагедиясы емес, әйелдің құрсағындағы шарана тоғыз ай жататын болса, мұнда қазақтың тоқсан жылғы трагедиясынан графикалық сурет жасадым. Бір әулет сарғая күткен бала шала туып жатыр, ол ертең ел бола ма, болмай ма деген күмән мен күдік те бар. Сыншы Қалампыр Кенжеғалиева соны керемет түсінген, атып келе жатқан таң мен батып бара жатқан күнге түсінік береді. Оны ары қарай күшті жалғастыруға болар еді. Бірақ қазір көркем дүниені жазғым келмейді. Көркем нәрселерімді қырық бес жасқа дейін жазыппын. Ешқайсы аталмады. Одан кейін қаншама драма: «Көшім хан-Сүзгені» жаздым, екінші орын алды, 10-15 жыл бұрын, Мәншүк, Бауыржан, Иманжүсіпті жаздым. Бұлардың көбі жүлде иеленген. Сұлтанәлі Балғабаев бірде «алпыстан асқан адамнан не драма шығады?» деді. Намыстанып, соны 60-тан кейін қолға алдым. Соның біреуі уақытында қойылған жоқ, біреуіне мән берілген жоқ,  анализ жасалынған жоқ кезінде, тек белгілі ғалым Гүлжаһан Орда әрбір пьесамды жеке-жеке талдап зерттеді, жинаққа шығарды, газет, журналдарға да жариялады. 70-ке толғаннан кейін көп сұхбат алынды да, енді айтылып жатыр. Егер мен әр шығармама атақ алам деп жүгірсем, «Түс-саяхаттарды», «Адам-құпияны» тренингтер жасасам байып кетер едім. 

- Былтыр мемлекеттік сыйлыққа қай шығармаңызды ұсындыңыз?

- «Менің шашылған энциклопедиям» деген кітабымды.

- «Жантәсілімді» неге тапсырмадыңыз?

- Бұдан көп жыл бұрын шыққан кітап қой, тәртібін білмедім. Көркемдік деңгейі биік кітаптарым осы «Жантәсілім», «Күй-кісен» және драмаларым. Әрқайсысы лайық мәртебелі сыйлыққа, марапатқа. Атақ, даңққа көргенсіздікпен, арсыздықпен ұмтылғандарды көріп отырмын. Бұрын ешкімді қызғанбайтын едім, Құдайдың маған берген қасиеті – неге мынау алға шығып кетті демейтінім, соған, көре алмаушылыққа энергиямды жұмсамағаныма қуанамын. Пендешілікке соңғы бір-екі жылда бой алдырдым-ау деймін. Қазір қарап отырсам, 40 жыл бұрынғы менің тілшілік деңгейімдегі қарабайыр дүниелерін құбылыс деп қабылдатуға тыраштанғандар пайда болды көркем әдебиетте.

- Енді... сіздер өздеріңіз тартыншақтайсыздар...

-  Мұның рас, дәл қазіргі сәтке дейін тартыншақтағаным, кітаптарым шыққанымен, халыққа жетпейтіндіктен қуанбадым, насихаттамадым. Бір тиын алмасам да мақалаларым газет-журналдарға  жарияланды. Шығармаларымды топ, тобырдың оқығанынан гөрі зерделілердің жалғыз-жалғыздан оқып, іздейтініне мәз болдым.. Ертеректе жас авторлар хат жазатын: «менің кереуетімнің басында бір кітап жатады, ол «Адам-құпия» деп. Сонда қатты қуанатынмын, әр адам осылай оңаша оқып, қайта-қайта қарайды екен ғой деп. Айтып отырмын ғой, бұдан былай мен де мәселе шешетіндермен ортақ тіл табысуға бел будым деп. 

- «Жантәсілім» романы «Маздап оты үміттің», «Ағынында тірліктің»... деп бөліктерге бөлінген ғой. Өмірді ұстап тұрған осылар. Ана сөздер қарасөздің арасында тұрады, тарауға бөлгенде өлең болып шығады. Бүкіл романның өзегі  де сол, өзі неше тиражбен шықты?

- Екі мың ау деймін.

- Сіздің сұхбаттарыңызды қарап отырып байқағанымыз – әр жақтың өз мінезі болатын сияқты, сіз не ойласаңыз, іркіп қалмай солай айтады екенсіз. Мысалы, «Мен кейін барып тәубеме келдім, Сейдахмет Бердіқұлов маған екі бөлмелі пәтер бергізді, мен оған не жақсылық істедім, тәкаппар болдым, өзімді жоғары ұстадым, кейін барып осыны түсіндім», - дейсіз. Осы тәубеге келу деген нәрсе сіздің көзқарасыңызбен қараған кезде өте нәзік дүние екен деп ойлайсың, мысалы, «Жантәсілім» романында  Итемген бір әулетке қаншама рет жамандық жасап, арыстай азаматтарды айдатып жібереді, бірақ соңғы жағында Рахманның үйінің қасынан өтіп бара жатып аты сүрінеді, сіз кейіпкерді  соған дейіп апарасыз, ол адам не үшін солай болып жатқанын түсінбеуі де мүмкін, тәубеге келу деген нәрсе ғой осы. Сондай-ақ, бұндай ой-шешімдер «Күй-кісенде» де бар. Кезінде «Ақжелкенде» түске қатысты еңбегіңізден үзінділер берілді ғой, «қазақтың бүкіл құпиясы сөзінде» дегеніңіз де бар, осының бәрі үлкен дүниеге дайындық сияқты, өйткені танымдық дүниеде айтылған нәрселер повесть ішінде де жүреді, сол ойларды шығарманың өн бойына шашып тастап, оқып отырған адам өзі тереді, ішінде көрінбейтін жіптер барын байқайды. Сіз сонда қайсысын бұрын жаздыңыз?

- «Күй-кісенді» бұрын жаздым. Ал енді совет үкіметінің кезінде түс туралы ешкім жазған жоқ. Бұны дамытып тағы айтармыз...

- Бір естелігіңізде әжем Сталиннің портретін көрген сайын отқа күйдіретін еді дегеніңіз бар, түстер туралы айтып жүргесін әжесінің қызы ма, қойнында жатып әңгімесін тыңдап өсті ме деп ойладық. 

- Әжемізді көрмедік, тірідей айырылған үш ұлының қайғысына шыдамаса керек. О кісіге байланысты кей фактіні бертінде ғана естідім. Соны жаза алмай жүрмін. Ұмсынайдың зарын жазғым келеді, Қожахметтің өзі айтқандай: оттай жанған ұлдарын жазсам дегем. Ұмсынай әжеміз жастарымызды соғысқа баруға үгіттеді деп  Жамбыл ақынды ұнатпаған, «Саған не жоқ, Ленинградтық өрендерім деп, қазақтың өрімдей ұлдарын соғысқа шақырып не әкеңнің құны бар?» - деп назаланған, тіпті қарғап сілеген Сталин мен Жамбылды. Мұсабек ұлын майданға шығарып салып, үйдің қабырғасында ілулі тұрған Сталин мен Жамбылдың портреттерін шымшуырмен алып пештегі отқа күйдірген. Ұмсынай өр болыпты, сол кісіге тартқан болуым керек. Қайтыс болар алдында үйінде сабын дайындалып жатыпты, сабын қайнап жатады, сонда қашан көзі жұмылғанша «сабын іріп кеткен жоқ па?» деп сұрай беріпті. Сабынның ірігені де сұмдық ырым екен. Этнографиялық сыры бар. Өзім графикалық тұрғыда елестеттім, сабын іріп кеткен жоқ па десе «мыналардың кейінгі болашағы (тағы 2 ұл, 2 қызы бар ғой) қалай болады, егер сабын ірімей жақсы шықса, мыналардың болашағы жақсы болар» деп үміттенсе керек. Сабын қайнатудың сырын ұғып, сол әңгімені жазсам деймін. Алдын-ала осыны айта беретінім дұрыс емес сияқты, жазылмай қалуы үрейлендіретіндей. Менің мақсатым – енді 2-3 беттен ғана тұратын дүниелер жазу.

- Құрманғазы туралы пьеса жазғым келіп еді, әруағынан қорықтым дейсіз. Күйді жақсы көресіз. Опералық ариялардан гөрі Иманжүсіптің әнін, Шегенің ариясын жоғары қоясыз. Жас кезіңізден сондайсыз ба?

- Күй тыңдағанды жақсы көремін. музыканы бәрінен бұрын туған деп ойлаймын. Сөзден гөрі ең алдымен саз, әуен, үн болған. Әлем әуезден, үннен жаралған. Мен үшін жазушылардан гөрі музыканттар қадірлі. Музыканы шығару – құдірет! Қазақтың күйлері қандай! Күй деген ғажап тылсым. Жастайымнан музыканы жақсы көрдім, пластинка жинадым. Казгуде оқығанда жатақханада тұрдық, ғашық болған, көңілі жақын жігіттер келгенде күй тыңдатамын, Бетховен, Шопен, Құрманғазы, т.б. күйтабақтарын қоямын, әлгі байғұс отырады, сағаттап тыңдауы керек қой,  ұйқысы келіп, қарны ашады екен. Бертінде айтады ғой: «Мағира, біз саған барғанда сен пластинка қойып өзің рахаттанып тыңдап отырушы едің, көбінесе  аш қайтатынбыз», - дейді. Ол тыңдағысы келе ме, келмей ме, шаруам жоқ. Содан жігіттер мына қыз ертең тамақ та пісіріп, кір жуып та, әйел болып та жарытпайтын шығар дейді екен. Кез келген ұлттың музыкасы өзінің географиялық ендігіне байланысты. Мәселен, мынау тау-тастың арасында тұрған ұлттардың үні ауа жетпегендей тұншығып шығатын сияқты, ал кең даланың музыкасы мүлдем басқаша шығады. Кей бауырлас ұлттың музыкасын тыңдағанда көз алдыма есек, есек арба келетін, өйтіп айтуға да болмайтын шығар, бірақ солай. Әр ұлт қандай ендікте тірлік кешсе, музыкасы да соған ұқсас. Біздің  музыкадан жылқының тұяғының дүбірі шығады. Мен музыканы көп зерттедім. Бетховеннің 32 сонатасын, 9 симфониясын сағаттап тыңдайтынмын. Күнделіктерімде де бар екен әсерім. Мен үшін музыка – бәрі, музыка тыңдау ем қабылдау, жан-дүниеңді жаңғыртып, аспанға ұшырады, қатерлі дертке бағыттала түйіліп қалған клеткаларыңды жазып ыдыратып жібереді. Ашық болуға, ешкімге жамандық жасай алмайтындай, ешкімге өкпелемеуге, кек сақтамауға бейімдейді

Сұхбаттасқан: Жадыра Шамұратова

жалғасы бар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар