Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Мақал - сөзің мәйегі (халық туралы мақалдар)...

12.03.2018 16107

Мақал - сөзің мәйегі (халық туралы мақалдар)

Мақал - сөзің мәйегі (халық туралы мақалдар) - adebiportal.kz

Халық ұйғарса, хан түйесін соймас па?

Халық айтпайды,

халық айтса, қалт айтпайды.

Халық алмас қамал болмас.

Халық қартаймайды, қара жер қартаймайды.

Халық сөзі — қаһарлы.

Халық қаһары қамал бұзар.

Халық — дана.

Көш басшысы жоқ ел оңбайды,

құралай бастаған киік оңбайды.

Арғындар аса қонды,

шемекей баса қонды.

Естімеген елде көп,

есек мінген сыртта көп.

Жалайырға жар салған.

Жауды көп қашырады,

жақсы атақ Барақта қалады.

Қазақ ауылы қарайлас,

шере соны қарайлас.

Елге дұшпан жерге сыймас,

жерге дұшпан елге сыймас.

Қазақ жөн сұраса келе,

қарын бөле шығады.

Қазақ етігін майлайды,

етігі етегін майлайды.

Қазақтың ақылы көзінде,

қасиеті сөзінде.

Су жүрген жер — береке,

ел жүрген жер — мереке.

Қарға тамырлы қазақ.

Рулы ел ұялы терек.

Түйеші қазақ төрт ауыз өлең біледі.

Түрікмен төрін бермес.

У ішсең ұлтыңмен, жұтасаң жұртыңмен.

Ұлы жүзді қауға беріп малға қой,

орта жүзді қамшы беріп дауға қой,

кіші жүзді найза беріп жауға қой.

Шөп жаманы — селеу,

ел жаманы — тілеу.

Өзін-өзі басқарған ер бақытты,

өзін-өзі билеген ел бақытты.

Айна, айна емес, халық айна.

Халыққа қарсы жүру —

ағысқа қарсы жүзу.

Халық сүймес, халық сүйген-

суға батпас, отқа күймес.

Қазақ қартайса, түйе бағады,

қарақалпақ қартайса, томар қазады.

Берекені көктен тілеме,

бірлігі мол көптен тіле.

Көппен көрген ұлы той.

Халық қатесіз сыншы.

Көптің қолы көкке жетеді.

Көптен қулық артылмас.

Ел артындағы шаң жұтады,

ел алдындағы май жұтады.

Елге дұшпан жерге сыймас,

жерге дұшпан елге сыймас.

Жер шежіресі — ел шежіресі.

Көп тепкен жерден көл шығады.

Көл толқыса —жар құлайды,

көп толқыса — хан құлайды.

Халық қаһары қамал бұзар.

Жол жолға жалғасады,

ел елге жалғасады.

Атыңнан айрылсаң да,

ер-тоқымыңнан айрылма.

Тай тулап үйірінен шықпас.

Атаның баласы болма,

адамның баласы бол.

Елден безген көмусіз қалар.

Қатыныннан айрылсаң да,

қазан-ошағыңнан айрылма,

қазан-ошағыңнан айрылсаң да,

халқыңнан айрылма.

Елді сыйлағаның — өзінді сыйлағаның.

Елдің көзі — елу, ел құлағы елу.

Кеңесті елде кек болмас.

Аздың азаншысы болғанша,

көптің қазаншысы бол.

Бестің басы болғанша,

алтының аяғы бол.

Көп түкірсе көл болар.

Көптік қайда болса,

тоқтық сонда болады.

Көптің көзі көреген, қолы береген.

Көзсіз күнелтсең де,

көпсіз күнелте алмайсың.

Елдің күші — селдің күші.

Ақ бөкенді жатыр деме,

көшпелі елді отыр деме.

Халықтың құшағы кең.

Өзбектің кигенін ал,

қазақтың мінгенін ал.

Көшкен елдің көмекшісі болса,

елу елдің ерулігі бар.

Отты қузаған өшірер,

қоңсыны қузаған көшірер.

Қараның таққа мінгені —

бір-біріне құда түскені.

Қырықтың бірі қыдыр.

Елді жерде ұры бар,

таулы жерде бөрі бар.

Өзім білем деген жігіттің,

басына ойран салғаны,

көп біледі деген жігіттің,

басына қорған салғаны.

Жұтаған жұртын мақтайды.

Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас.

Ел аузы — дуалы.

Ел көркі — мал, өзен көркі — тал.

Аласыға алтау аз, бересіге бесеу көп.

Көшпелі елде ақың болса,

көше-көше қасыңа келер.

Көшпелі елдің қоры болғанша,

егінші елдің зоры бол.

Көп қорқытады, терең батырады.

Көсеу ұзын болса, қол күймес.

Көп дауыс косылса,

бір дауысты жоқ қылады.

Жорғаң қатты болса, төске сал,

ісің ақ болса, көпке сал.

Тамшыдан тама-тама дария болар.

Көпке топырақ шашпа,

көпшіліктен береке кетпес.

Берекелі жерден мереке кетпес.

Шөп те болса, көп болсын.

Кеп қараса, жоқ табылар.

Көптік қайда болса — тоқтық сонда.

Көптің аузы — темір талқы.

Ел айрылса — көбіне,

жол айрылса — кеңіне.

Көптен қулық артылмас.

Көп ұнатса, көк тоқтыңды сойып бер.

Адам бір терінің ішінде,

арық та болады, семіз де болады.

Көпті жылатқан көп жүрмес.

Көп жүрген жер — көңілді,

көп қайда болса, шындық сонда.

Азды аяған, көптен құр қалар.

Көп дәнекер көлді де бекітер.

Жақыны көп адам, жасқанбайды.

Екі кісі, бір кісінің тәңірісі.

Аздың атасы бір, көптің батасы бір.

Жасықтың көбінен де,

асылдың азы артық.

Жалғыз иттің үргені білінбес,

жалғыз кісінің жүргені білінбес.

Бірдің кесірі мыңға,

мыңның кесірі түменге.

Бірде болса — бірегей.

Көптен дәметкен, аздан құр қалар.

Азды көпке қосқанның арманы жоқ.

Жалғыздың жоғы жоғалса да табылмас,

көптің оғы жоғалса да табылар.

Биік таудың басы болмасақ та,

баурайындағы тасымыз.

Өзім білем деген өлер,

көп біледі деген күлер.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар