Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Мақсат Күземхан. Сарғайған сағыныштың салмағы ауыр...

Мақсат Күземхан. Сарғайған сағыныштың салмағы ауыр

28.01.2026

3914

Мақсат Күземхан. Сарғайған сағыныштың салмағы ауыр - adebiportal.kz

Мақсат Әзибекұлы Күземхан – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ғұмыркеруен» жыр кітабының авторы. Бірнеше облыстық және республикалық мүшәйралардың жүлдегері.

  Тоқырауын

Тоқырауыным толқып ағады,

Күміспен күптеп көркі даланы.

Тоғайды кезген топ періштелер,

Толқындарына шолпы малады.

 

Толқып ағады Тоқырауыным,

Шолпытып өтіп шоқы бауырын.

Жағасына оның жайғасып алып,

Жалғанға қарап отыр ауылым.

 

Шабағы шақар – тай тулағандай,

Ауыз толтырып айтуға қандай?!

Күліп бармасаң – күн түспегендей,

Аңсап бармасаң – ай тумағандай.

 

Ұйқыдан мені оятқан алып,

Таңымды нұрға боятқан анық.

Темірқазыққа талмай қараймын,

Тереңдеріне тояттап алып.

 

Тасыңа дейін тағылым ба едің?

Тағылымыңда тамырым менің.

Жағаңда өскен жас күнім қайда,

Даланың сүйіп сары гүлдерін?..

 

Тәж ойнатқанда кезең төбемде,

Өгейсіп одан безем төменге.

Анығын әлі түсіне алмадым,

Өмір терең бе, өзен терең бе?

 

Жұмбақ өмірдің жұмақ мекені,

Мезгіл межесі мұратты етеді.

Жар жағалаған жарым көңілім,

Сол суға түбі құлап кетеді.

 

Болса да мейлі көгі мұңдылау,

Тағдырдың таудай төрі құндылау.

Уақыт құмына жұтылып жатқан,

Өзен емес пе өмірім мынау?!

 

Тоқырауыным толқып ағады,

Терек-талдары шолпыланады.

Өзен боп аққан сағынышымдай,

Өзектің жанған өртін алады...

 

     *   *   *

Қалдырып дауыл бір із, құйын бір із,

Қоштасып барады, әке, биылғы күз.

Қаңырап қабырғасы тұрмасын деп,

Отырмыз у-шу қылып үйіңді біз. 

 

Құлазып, күңіренді күз қараша,

Көл суы айналған жоқ мұзға да аса.

Тіршілік жалғасады әдетінше,

Тек жүрек анда-санда сыздамаса. 

 

Қыраттың күдірейіп қоңыр жалы,

Құлақтың түбінде тұр өлім зары.

Адамның көнеді екен момын жаны,

Бәрі де мүдірмейтін өмір заңы. 

 

Қара жер қар жамылды денеңді алған,

Мылқаудай мыңқ етпейді керең жалған.

Алаңсыз жайбарақат жата бер сен,

Тірлікпен айқасайын сенен қалған. 

 

Жылдарға қайтады әлі кеткен есем,

Соны ойлап өзімменен көп кеңесем.

Дауылдан қаймықпайды қазір балаң,

Ық болар асқар тауы жоқ демесең. 

 

Дүниенің тауыспассың бар қызығын,

Қолымда қалды аманат, қалды жүгің.

Өмірді сенің бекер сүрмегенің – 

Артыңда адам болса жалғыз ұлың...

               

   *   *  * 

Мейірімдерге шөлің қанбаса,

Жоқ жерден бықсып шоғың жанбаса,

Айырға ілігер шөбің қалмаса,

Өмір – далбаса!..

 

Серт еткен жандар сенімді алдаса,

Адалдығыңды тегін жалмаса,

Жаныңның тұнық көлін жалдаса,

Өмір – далбаса!..

 

Бақытты дейді: "Сорыңнан жаса!",

Мұңыңды шақпа орындалмаса,

Тағдырың өзі қолыңды алмаса,

Өмір – далбаса!.. 

 

Қияға қалқып көңіл бармаса,

Түндерде ұйқы көп ұрланбаса,

Тəп-тəтті балға ерін малмаса,

Өмір – далбаса!..

 

Тұлпардың күшін жегуге арнаса,

Сұңқарың торлы темірге орнаса,

Атарға бəрін оғың болмаса,

Өмір – далбаса!.. 

 

Көп болып кетсең тобырмен қоса,

Жоқ болып кетсең өліммен қоса,

Бетінде жердің мөрің қалмаса,

Өмір – далбаса!..

 

          * * *

Ақпан ауып барады күнтізбеден,

Ақ параққа сызба қып сыр тізген ем.

Қыстың енді қақпасын жабайын деп,

Түрін қара көктемнің кілт іздеген.

 

Бүгін ақпан жиырма тоғызыншы,

Күн жылыса құстардың көбі – жыршы.

Құстан жүйрік,

Шуаққа құштар көңіл,

Тамшы болып алғашқы, сен үзілші!

 

Төрт жыл бұрын білмеймін қандай едім?

Жүргендеймін әлі де болмай емім.

Тапты ма екен бақытын содан бері,

Күлімкөз қыз қайда екен, балдай ерін?

 

Қыс та бітті, бір қызық сезімдемін,

Түнді бағып тағы да көз ілмедім.

Өмірді емес, бұл сәттер өзімді өзім,

Түсіне алмай жүрген бір кезім менің.

 

Не қыласың?

Сұрама көңіл-күйді.

Қызыл шоққа қызығып қолым күйді.

Қыстан шыққан мен де бір жолаушымын,

Жүгім ауыр, алдымда жолым қилы.

 

Ақпан сырғып барады күнпарақтан,

Суға айналар жердегі ұлпа-мақтам.

Ертең көктем...

Еһ, шіркін ерке көктем,

Шуағыңа шырмашы нұр таратқан!..

          

 *  *  *

Көш өткен, керуен кеткен бір заманда,

Артылған уақыт жүгі мырзаларға.

Бұлдырап соның бәрі тұр жанарда,

Аумаған Арқарлыдан құлжа бар ма? 

 

Бейіт тұр дамыл тапқан арғы бабам,

Заман-ай зар жылаған, нар құлаған...

Біз жүрміз ақпар шолып әр мұрадан,

Жасқанбай жар-жырадан қарғып аман. 

 

Жаһанның жалт-жұлт етіп жаңа жүзі,

Дауысын естіртеді дала аңызы.

Бұлақтың басындағы бабам ізі -

Өлмеген бір кезеңнің кәрі абызы. 

 

Көз салып биігіңе сәл төменнен,

Арқарлы, сыр іздедім әр төбеңнен.

Тамыры тартылатын дәл тереңнен,

Жайқалған жапырақпын қарт еменнен. 

 

Жылқыдай қайырылып суат көрсем,

Шомылды көктен түскен шуаққа еңсем.

Алыстан желбіретіп ту ап келсем,

Бабамның байтақ жұрты қуат бер сен! 

 

Арқарлы, Керегетас, Жәдігерім!

Тарихы жатыр сенде тағы ненің?

Көшкенде қойнауыңнан қалың елім,

Жолыңнан көтерілген шаңың едім...

Танысаң тамырымнан таны менің...

 

      *   *   *

Астында қызыл қырдың қалған ауыл,

Жылытып жүрегіме мәңгі алау үр.

Шалғайдан шақырасың қолды бұлғап,

Сарғайған сағыныштың салмағы ауыр.

 

Шоқылар – кең даланың көшелері,

Құс айтқан құлағымда көш өлеңі.

Білмеймін адырнаңды не шертеді,

Білмеймін қабырғаңды не сөгеді?

 

Тылсым ой тығылды кеп тағы басқа,

Мыңқ етпес мылқау жалған жағың ашпа!

Жонында жота-белдің қоңырайып,

Атамның жатыр әне жолы қасқа.

 

Не дейсің мың буыннан қалған дала?

Не дейсің тасқа айналған балбал баба?

Әлемнен әкететін ештеңем жоқ,

Арбамнан аумас деген арман ғана.

 

Құса қып қос қанатты көкке бермей,

Ебелек елбеңдейді епке көнбей.

Тым-тырыс бұғып жатыр төбелерім,

Тұсынан ешкім жүріп өтпегендей.

 

Сәби шақ бұлдыры – алда, былдыры – артта,

Жастық сап жантайдың ба гүл қыратқа?

Ұран сап жетеміз деп дүр мұратқа,

Жүген сап аттанып ек бір-бір атқа.

 

Сағынып қараша үйдің қатқан шайын,

(Енді кеп, еркін өскен шақты аңсайын).

Көз алмай көкжиектен тұрам сосын,

Қызыл күн ұясына батқан сайын...

Қызыл шоқ жанарымды жаққан сайын...     

 

      Беймаза 

Айға бір қарадым,

Сайға мұң қададым.

Қолды есімде жоқ,

Қайда бұлғағаным.

 

Үміт жетеледі,

Күдік төпеледі.

Уақыт салмақ салса,

Жігіт көтереді.

 

Бес күн – оқтан әрі,

Кеш-түн ноқталады.

Жүкпен жолда қалдым,

Ешкім тоқтамады.

 

Гүл бақ шешінбеді,

Жұмбақ шешілмеді.

Өтсем өкінбеймін,

Тыңдап, кешір мені.

 

Таң-нұр қырды аттады,

Жаңбыр құрғатпады.

Сұрақ қойған боп ем,

Тағдыр тіл қатпады.

 

Жаспын...

Ішіп ап ем...

Маспын ұшып әрең.

Бастың сырты да – әлем,

Бастың іші де – әлем.

 

Бойым жылынбады,

Мойын бұрылмады.

Өмір – ойын дейсің,

Ойын құбылмалы.

 

Арым – асқар өрім,

Бәрін тастар едім.

Тоным тозсын мейлі,

Жолым басқа менің...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan