Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Маржан Ершу. Жалғыз қол (поэма)...

Маржан Ершу. Жалғыз қол (поэма)

01.12.2025

3400

Маржан Ершу. Жалғыз қол (поэма) - adebiportal.kz

 Поэма ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы - 2025» аясында еңбекте ерліктің үлгісін көрсеткен, соғыс және еңбек ардагері, Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңірген қызметкер, орденді директор Тұрдығали Мәмбетовтің 100 жылдығына орай орай жазылды.

 «1964 жылға дейін «Коммунизм таңы» совхозын шебер басқарған Шафих Ізбасовқа аудан ауылшаруашылығын басқаруды тапсырдық. Осы ұсынысты естігенде Шәкеңнің: «Совхоз директоры дәрменсіз болса, бүкіл ауданның күштері жабылып қолдаса да , ол шаруашылықты жақсарта алмайды. Сондықтан егер орныма Тұрдығали Мәмбетовті жіберсеңіз, қарсылығым жоқ», - деп кесіп айтты. Пайдалы пікір қабылданып, аудандық жоспарлау бөлімінің төрағасы Т.Мәмбетов совхоз директоры боп шыға келді. Тұрдығали Оңдасұлы жаңа қызметке қызу кірісіп кетті. Есепті күшейтті, тәртіпті нығайтты. Орынсыз шығын болдырмау, өнімнің сапасын арттыру, техниканы ұқыпты пайдалану, малдың басын өз төлімен көбейту, тағы басқа тиімді шараларды тез іске енгізді. Ол жұмысқа жан-тәнімен берілген адал адам еді. Қой фермаларының экономикалық көрсеткіштері облыс көлемінде жоғары дәрежеге көтерілді. Мәмбетовтің өзі және көптеген жұмысшылар мен мамандар орден-медальдармен марапатталып, есімдері республиканың «Құрмет Кітабына» енді. Бүкілодақтық Көрменің төрінен орын алды. Облыстағы «Құрмет белгісі» орденін алған алғашқы совхоз - «Коммунизм таңы» болса, совхозды басқарған Т.Мәмбетов еді. Шынымды айтайын, келесі кезекте Тұрекеңнің өзін «Социалистік Еңбек Ері» деген құрметті атаққа ұсынсақ деген ойым болып еді. Өкінішке орай өмірден ерте кетті. Жақсының ізі қалды, іскерлік-қайраткерлік қолтаңбасы қалды артында...»

 Саламат МҰҚАШЕВ

 Жылыой (Ембі) ауданы мен Гурьев облысы партия комитеттерінің 

бірінші хатшысы, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі төрағасы

 

 ҚЫДЫР ҚОНҒАН ШАҢЫРАҚ

Шымырлап шындық сөзден шығар шырай,

Алтынды ала алмайсың құм аршымай.

Жылыойдың бір данасы - Қалқаман баба

Халқына болған екен ұраншыдай.

 

Тұлпарға тұмар таққан тұмаршыдай,

Қарағандай таулар да бұған сынай.

Төремұрат, Нарымбай, Өтен батырларға

«Жарқылда» деп бата берген жорықта ұдай.

 

Ер жігіт атқа мінбес дауын ұқпай,

Батырлар жамбастаған жауын ықпай.

Қалқаман баба батасы қабыл болып

Ел- жұрты сөзден моншақ тағыныпты-ай.

 

Құраннан да үлкен ғой нанның жасы,

Құдай үшін құрбандық малдың басы.

Жылыойдың тарихынан сыр іздесең

Көрінер баба қарттың нар тұлғасы.

 

Батагөй қарт домбырасын бұраған бір,

Семсер тілмен әуендерді құраған дүр.

Көмейінің көрігінен жалын шашып

Су да бүріккен мұхиттайын мұрадан бір.

 

Нұр-шұғыла әлемге таратқанда,

Маңдайына осы ұлды жаратқан ба?

Қалқаманның базарлы пейілі үшін

Мәмбеттейін ұл келді таң атқанда.

 

Өсірді ме жолына жорға байлап,

Болғанда ісі – ұста, сөзі – қайрақ.

Мәмбет ердің ақылына бас изеген

Туғаннан талбесігі болған аймақ.

 

Арғымақ алты ай шапса арымастар,

Бір өзі шалқар теңіз-шағын асқар.

Мәмбет жігіт тәрбиенің тұнбасындай

Адалдық пен қанағатты жаны қостар.

 

Жалғандықпен жасынан туыспаған,

Дейді әкесі:«Адал бол! Дұрыс, балам!».

Бір күні Мәмбет ғажап түс көріпті

Ақ сақалды абызды Күн ұстаған.

 

Әңгіме айта берсек алыпта тұр,

Аңызға болдың дәмі анық татыр.

Қырықтың бірі Қыдыр ата қолын ұстап,

Дегендей:«Тыңда мені, қорықпа құр!».

 

Жыраулар әдеті ғой жыр бастайды, 

Жыр бастаған жүректі мұң баспайды.

-«Балам, сені би қылайын ба, әлде

Би түсетін үй қылайын ба?» деп

Қыдыр ата тереңнен бір ой тастайды.

 

-Қадірлі ғой халқым үшін екеуі де,

Бірақ шамам келер ме екен көтеруге?

Бидің жолы ауыр ғой ақ алмасты

Би түсетін үй болсам жетеді де».

 

Ата салты, ана сүті құт барда,

«Аңыз түбі – шындық» дейді құптарға.

Қыдыр ата қасиетінен нұр дарыр

Киелінің қасиетін ұққанға.

 

Тұла бойы тұнып бір бай сезімге,

Орда бұзған отыз жастың өзінде.

Мәмбет солай жүйріктігін танытып

Тұрған екен айтқан сол бір сөзінде.

***

Сақтағасын ата дәстүр ірілікті,

Мәмбеттің ұлдарға артар сыны мықты.

Үш ұлының болашағын болжау үшін

Ұлы дала заңына жүгініпті.

 

Үш ұлының мінезі таныс бұған,

Танитын қасиетін алыс қырдан.

«Жүйрік ат - батыр ердің серігі» деп

Кең далада көсілтіп жарыстырған.

 

Үш ұлы: Шегір менен Жолдас, Оңдас,

Бір-біріне сүйеніш болған жолдас.

Арғымақты тебініп шауып кетті

Атбегінің ұлдары жолда қалмас.

 

Арғымақтың тынысын жете білген,

Оңдастың жанарынан от өрілген.

Жер тарпыған тұяғынан ұшқын ұшып

Соңынан ақ будақ шаң көтерілген.

 

Шулаған ел тым-тырыс тына қалды,

Ақ будақ шаң ақ бұлттай шұбаланды.

Ертегідей сиқырлы көрініс боп 

Таңғалдырды жиналған бұл алаңды.

 

Айтар сөзге Мәмбет әке тым-ақ епті,

Ұлдарын осылайша сынап өтті.

«Сары балам! Оңдасым! Бақ қолдасын!

Үміт күтер баламсың, мына!» депті.

 

Ата-баба жолы әркез бағалы тым,

Жалғайтын ұрпақтардың аралығын.

Әлімсақтан «Әке – балаға сыншы» деген

Қазақтың санасында саналы ұғым.

 

Уақытпен өзгерген заман көші,

Уақытпен өзгерер санаң да осы.

Өткен ғасыр. 

Мұнай іздеп ағылды ағылшындар

Жылыойдың қойнауынан табам десіп.

 

Ағылшындар ісімен озық халық,

Жылыойдың топырағын қазып танып.

Алғаш рет кәсіпшіліктің кілтін ашты

« Қаратон», «Қараарна», 

«Прорвада» қазық қағып.

 

Жылқы баптап, қой баққан маңдай термен,

Қазақтың риздығы сол туған жерде.

Оңдас кейде жанбағыс қамыменен

Ағылшынның ат айдаушысы боп күнін көрген.

 

Басылмастан көңілдердің толқуы әлі, 

Түйелерге мұнай күшпен артылады.

Кең Жылыойдан батысқа керуен кеткен

Қазынасын қара жердің қалқып алып.

 

Жылдар өтті аптапты, боранды да,

Жаңа тұрмыс. Өмір-сана жаңарды ма?

Большевиктер от алып Октябрьден,

Атқа қонды. Өзгертті. Қоғамды да.

 

Қара жерге күрестен қан да тамған,

«Біріксін тапқа!» десіп ұран салған.

«Коммунистік партия жасасын!» деп

Қызы Ту тұғырларда оттай жанған.

 

СССР аты таралды тараптарға,

Тарихы толып тұрған сан ақпарға.

Соғып жатты бесжылдықтың жоспарларын

Гербінде айқасқан Орақ-Балға!

 

Еңбек күш шыңдап қартты, жас баланы,

Жаңа заман дүбірі басталады.

1928. «Қызыл Жем» балық шаруашылықты

Латынша білім алған,

Коммунист Оңдас Мәмбетов басқарады.

 

«Қызыл Жем» балық аулап, консервілеп,

Қызу еңбек халықтың жан серігі деп.

Жылыойда қызу тірлік жүріп жатты

Оңдастың жұмысына ел тамсанып ед.

 

Заман лебін жанымен сезінеді,

Аласапыран уақыт кезі ме еді?

Оңдасқа еселі еңбегі үшін

Партия атынан сый тапсырған

Мәскеуде министр Микоянның өзі келіп.

 

Мұнан соң. 

30-жылдың басталды ақ бораны, 

Жүріс- тұрыс жиналды хатқа бәрі.

Ашаршылық жылының зардаптары

Ұрпақтардың жүрегінде сақталады.

 

Тарықты сорпа - астан ауыл-аймақ,

Отырар күнің жоқ-ты бие байлап.

Оңдас та елмен іштей күрсінеді

Балықшы, аушылардың қамын ойлап.

 

Сұңқар – сорлы атқанда бақа күні,

Балықшы да, аушы да қапалы үні.

Кең қонышты резинка етіктерде

Балықтар бүлк-бүлк етіп жататыны.

 

Төраға көрген көзін жұмар тағы,

Бұл өмір ақылдыны мұңайтады.

«Ал» деп те, өз қолымен де бере алмайды

Аңдушының қорқытар құр айтағы.

 

Күндер өтті осылай жылдар өтті,

Түсіргенде бастарына мың әлекті.

Аштықтан да, сұқ көзден аман қалып

Алдымызға жаяды бұл деректі.

 

Көз жіберсек көңілмен туу алысқа,

Жабырқаған жаныңа жұбаныш па?

Оңдастың шаңырағында сәби келіп

Толтырды тұла бойын қуанышқа.

 

Болсын деп нәрестенің жарқын алды,

Жасайтұғын бар әдіс, бар құралды.

«Жаңа туған балаға ат қойса» деп

Тұрдығали қажыны алдырады.

 

Тұрдығали - дуалы ауыз шешен кісі,

Қара қайрат иесі жетер күші.

Қасиеті бар қадірлі қария екен

Қабысқан ажырамай сөз бен ісі.

 

«Жасым асты жетпістен, өрге шықтым,

Нағыз азамат керек-ақ елге мықты!

Жасымды, бақ-қасиетімді осы балаға

Бердім!» деп батасымен тербетіпті.

 

Баталы сөз бағалы төрге шықты,

Ер қадірін білетін ел де мықты.

Тұрдығалидың батасы қабыл болып

Бала Тұрдығали зерек боп ержетіпті.

 

Тұрдығали білімді арман қылды,

Зердесімен жүректе шам жандырды.

Ғаббас, Баязи ұстаздардың шәкірті боп

Есепке жүйріктігімен таңғалдырды.

 

Өткен талай өмірде електерден,

Есеп шығарып, талайды демеп келген.

 «Тұтынушылар қоғамын» басқарған тұс 

Әкесіне,

Жеті кластық білімімен,

Бухгалтериялық есебіне көмек берген.

 

Дәл есептеп, небір таңба, нелер санды,

Таңырқатты қабілетімен талай жанды.

Облысқа Оңдас отчетқа барғанында

Баласы Тұрдығалиды ерте барды.

 

«Есепші бала» атанған қандай жақсы!

 Мақтау естіп бәрінен жұртқа жақты.

 Ауданның жылдық есебін дәл шығарған

 Жас баланың біліміне таңдай қақты.

 

1941. Соғыс өрті,

Жау жағадан тартқылап.

Ана боздап, боздақ-құрбан, қарт құлап.

Азан-қазан төңкерілді дүние

Бомбалардың үні шықты қаттырақ.

 

Аттанды ерлер ел қорғауға соғысқа,

Қайралғандай тұла-бойы намысқа.

Демін ауыр алып жатты қара жер

Үміт - жұлдыз жарқырайды алыста.

 

Осы бір сәт. Қандай ауыр, қиын ұқ!

Қасіреттен көздің жасы құйылып.

Он сегіз жасар Тұрдығали да аттанды,

Кең Жылыойдан жауар бұлттай түйіліп.

ОТТЫ ЖЫЛДАР

1943. Шайқас. Курск доғасы,

Бомбалардан құлақ тұнды.

Днепр, орман қан жаласып

Азалы аспан жылап тұрды.

 

Курск доғасы – әйгілі шайқас,

Көк күрсініп аһ ұрғандай.

Фашист жауға жалын болып

Ыза-кектер атылғандай.

 

Днепр бойында ұрыс қызды,

Қыстың сызы маңдайды ұрып.

Бомбалармен көпірді бұзды

Жау аспаннан оқ жаудырып.

 

Түндер батты, таңдар атты,

Ертеңгі күн алаңдар-ды.

Соғыс өрті жалмап жатты

Қамалдарды, адамдарды.

 

Отан үшін отқа түсіп,

Совет жағы қамдар күшін.

Днепрдегі талқандауға

Фашистердің қорғанысын.

 

«Түнгі операция» - бүгінгі ісің,

Днепрден қайықпен өту.

Совет солдаты ұғынды шын

Не болса да Жеңіске жету!

 

Белді буынып, тас түйініп,

Қорқыныш та сан алмасып.

Алдарында тұр түйіліп

Алдарында -жау ордасы.

 

Қан кешкенде қауіп те ұмыт,

Қалың әскер қайыққа мінді.

Сезімдерін сауыт қылып

Жарып келеді қара түнді.

 

Днепрге жүзген қайық,

Жүз жігітте самғау бір-ді.

Жау көзіне түсіп қалып

Самолетпен оқ жаудырды.

 

Оқ бораны құйын тіпті,

Баудай түсіп, суға құлар.

Күтпеген бұл қиындықты

Таудай болған қайық сынар.

 

Аспан мен жер тына қалды, 

Тыныштыққа оранып.

Қараңғы түн. Су бетінде

Қайық қалқып барады.

 

Тұрдығали есін жиды,

Жолдасына таянып.

Жатты Днепр күңіреніп

Қызыл қанға боялып.

 

Тұрдығали қайық шетін,

Ұстап біраз қарады.

Оқ тиген қол жаны кетіп 

Төмен тартып барады.

 

Қас қағымда жұлдыз сөніп,

Уақыт зырлап өтеді.

Қайықтағының бәрі өліп

Тірі қалған – екеуі.

 

Екі солдат қол ұстасып,

Кері жүзді екпінмен.

Бар күштерін бойға жиып

Жағалауға жеткін дем.

 

Оқ тиген қол ауырлады,

Күші бітіп әл-дәрмені.

Жанындағы жолдасына

Қарады да,

Аңтарылып қалған еді.

 

Ет қызумен байқамапты,

Ішінен оқ түйреген дөп.

Ішектері шұбатылып,

Су бетінде ирелеңдеп.

 

Батып бара жатты суға,

Жолдасы сол жансыз бейне.

Сан мың ойлар ойнар мида

Түсіргендей небір күйге.

 

Жалғыздығы жанға батты,

Не азабың бар тағы да?!

Қолы қарысып қатып қапты

Өлі солдат оң қолына.

 

Қолын жұлқып бар күшімен,

Ажыратты өлі жаннан.

Тағдырының талқысы ма

Тар кезеңде аман қалған.

 

Жүзуге де дәрмені жоқ,

Аяқ жерге тигендей ме?

Бір алып қол пәрмені көп

Маңдайынан сүйгендей ме?

 

Бір құдырет жарық берген,

Әлде өңі, түс-ағын бең?

Бір алып қол құшағымен

Жағалауға алып келген.

 

Күндер өтті, түндер өтті,

Ессіз-түссіз жатты жерде.

Жаралы солдат мекені енді

Кім біледі: өр ме, көр ме?

 

Күн артынан күн туғанда,

Келді артынан алып күш.

Жаралы солдатты госпитальға

Соғыста жеткізу қалыпты іс.

 

Оң қолының жарақаты,

Асқынғаны бұл анық!

Адам өмірін сақтау үшін

Шешім алынды. Құба-құп.

 

Оң иығынан қолын кесті,

- Шыдарсың !- деп – Жігітім! 

Жалғыз қолмен қалсаң-дағы

Үзілмесін үмітің!

 

Деп күрсінді дәрігерлер,

Бойдан күші кеткендей.

Қиналмайды нағыз ерлер!

Өмірді сен жек көрме!

 

Қыршын кеткен жолдасты ойлап,

Күйзелді шын жас алып.

Жалғыз қолмен жауға шапсам

Болар оның несі айып?

 

Аман шықсам госпитальдан,

Сұранармын майданға.

Жалғыз қолмен соғысармын

Тисін елге пайдам да!

 

Жігіт сөзі жиналғанды,

Мұңайтты да жылатты.

Жаралылар, майдандастар

Ер мінезді!

Сол қазақты ұнатты.

 

1944-те елге оралды,

Жиырма бірде. Жас еді.

Жалын еді,

Қылыш мінез тас еді!

Жалғыз қолды,

«Соғыс мүгедегі» деген аты

Енді қашан өшеді?

 

Намыс күші қайнағанда қанында,

Ата-баба қасиеті тұрар тамырда.

«Қара жерді қапсыратын күшім бар»

Деді Тұрдығали жанарынан от шашып

Жігер күші жалындап...

СОҒЫС МҮГЕДЕГІ

Соғыс өрті. 

Дүлей дүние қорқынышты,

Қасірет бар қас-қабақта.

Төңкерілген жердің үсті

Тыныштық жоқ аспан жақта.

 

Автоматтар гүрсілдеген,

Бомба жауып, снаряд ұшып.

Пулеметтер оқ жаудырған

Ормандарға мина түсіп.

 

Сұм өмірдің қаталын-ай,

Қанша шаңырақ қайғы құшты.

Қасірет жанға батады да

Көңілдерден күлкі ұшты.

 

Отан қорғау –басты міндет,

Майданның да, тылдың ісі.

«Шегінбе» деп Жеңіске үндеп

Алып шыққан елдің күші.

 

Майданда - от жалындаған,

Тылда - еңбек күні-түн.

Жер-Анамыз күрсініспен

Алып жатты тынысын.

 

Кешқұрым шақ. Қара жолдан,

Көрінгенде бір қара.

«Солдат келді! Алақай!» деп

Жүгіреді бар бала.

 

Шаршаулы екен

Суық сорған реңі,

Балаға сәл езу тартып күледі.

Ұзын шинел, керзі етік, қапшығы,

Бәрі түгел... неге жоқ?

Құшақтайтын оң қолының білегі?

 

Үнсіз қатып тұрып қалды,

Көздерінде сұрағы көп топ бала.

Сосын кейін жүгіреді

«Алақайлап» шаттана.

 

«Солдат келді!»,

«Тұрдығали көке келді!» деп бәрі

Шапты ауылға мақтана.

 

Көрші –қолаң у-шу болып жиналды,

Қайтқан ұлға сыбағалы сый бар-ды.

Мөлтілдеген жанарларда –сағыныш

Домбыраның шанағынан күй тамды.

 

Қарап тұрды бәрі оған қуанып,

Жұрттар естіп келіп жатты шұбалып.

Жүгіріп жүр қарындас пен інісі

Шылапшын мен қол жуатын су алып.

 

Тұрдығали есепші боп,

Кіріп кетті еңбекке,

Қиындықты елмен бірге жеңбекке.

Еңбек деген есіл ердің маңдайын

Ащы термен терлеткен.

 

Жыл айналып, Жеңіс келді елжіреп,

Шайып өтіп күрсінткен көңіл-күнді.

Қызыл Тулар тұғырларда желбіреп

Қуаныштың көз жасынан өмір күлді.

 

Өмір күлді... Тұрдығали жанарында,

Қиындықтың кеткен жоқ балағында.

Үмітжандай арумен тағдыр қосып

Болашақтың биігіне қарады да.

 

Әкесі - Оңдас, шешесі - Жәния оңды кісі,

Қарттардың көрінетін жөн білісі.

Ұрпақтарын адалдыққа тәрбиелеу

Дейтұғын тәрбиенің ең дұрысы.

 

Адамдықтың биік қой құны тіптен,

Барды-жоқты жасынан біліп өскен.

Он бір жан мейірім жылылықпен

Алақандай бір үйде ғұмыр кешкен.

 

Тәрбие көрген осындай шаңырақтан,

Тұрдығалидың талабымен таңы да атқан.

Бел шешіп, қызу іске кіріседі

Аудандық жоспарлау бөлімінде

Есепші,

Бөлім бастық

Өзі – мақтан, халыққа ісі жаққан.

 

Соғыстан соң соңғы жылдар,

Ауыр, мұңды, таршылық.

Еңсесін ел көтереді, ұмтылады

Құламауға талпынып.

 

Анау қиын, мынау оңай демеді,

Не істі де жасайтұғын жан салып.

«Білім алсам» деген ойы көп еді

«Оқиын» дер болсадағы қаншалық.

 

Өмір - есік ашқаннан соң өрісін,

Тұрдығалидың даңғыл жолы басталған.

Саратов, Гурьев техникумын бітіріп

Орындалды өзі күткен жақсы арман.

 

Осылайша өзі жақты жарықты,

Мүгедектікті өзі жерге тығыпты.

Білімі мен еңбекқорлығы танытты

Тепсе темір үзетұғын жігітті. 

 

 1964жыл. Қайырайын қысқадан: 

-«Қызмет туын бастан биік ұстаған,

Жас та болса қайыспайтын күшті адам!

Тұрдығалиды директорлыққа, совхозға

Лайық! - дейді Шафих Ізбасов 

Көңілім-көзім түсті оған»!

 

Танитұғын көктейтұғын шынарды,

Ізбасов сөзі қашан да оған ұнар-ды.

«Қолдаймын» деп аудан хатшысы Мұқашев

Шәкеңнің дана ұсынысын құп алды.

 

Тұрдығали айтар:

Мен де бір шағылып жатқан шақпақпын!

Совхоздың атын көтеру үшін жақпақпын.

Ойымды –шырақ, күшімді-қалқан етіп- ақ

Етермін қызмет,

Сенімдеріңізді ақтап мың!

ТІЛ-ҚАЗЫНА

Мәмбетовті тыңдаған ел жан ұйып:

Дейді екен малшы: Қаз дауысынан таниық!

Шаруаның жайын түсіндіргенде абайлап

Маржан сөздері –мақалға айналған ақиық.

 

Дүбірлі дүниеде сөз деген құдырет мәңгілік,

Сөз мәнісінен көрінер қасиет, бар қылық.

Жарты ауыз сөзге жарты әлемнің тағдыры 

Сыйып кетер-ді тыңдағанда таң қылып.

 

Адамзаттың тарихында сөз құнды,

От та, оқ та сөзден жеңіліп қалғиды.

Жақсы менен жамандықтың арасын

Ажыратар сөздің мәні де әрқилы.

 

Ойдың нәрін бір ауыз сөз танытар,

Орынды сөз күрмеулерді ағытар.

Мәмбетовтың парасатты пайымы

Сөйлей қалса, әр сөзінің жаны бар.

 

Жиналыста , егісте де, отарда,

Халық оның сөздерінен от алған.

Содан болар Мәмбетовтің әр сөзі

Тағылымды мақал болып аталған.

 

«Еңбек еткен екенсің, міндет етпе ешкімге,

Еңбегімен танылар кіп-кішкентай өскін де.

Бір адамның жемісі, жетістігі, еңбегі

Табиғаттың сыйы осы абыройлы бес күнде».

 

«Еңбек еді ежелден,

Ер адамның –ажары ,

Ерлік туар еңбектен 

Қайнағанда қазаны.

Еңбек етсең, 

дандайсып көпке шашпа күліңді

Еңбегіңнің жемісі – өз халқыңның базары».

 

«Жақсыға жету қашанда

 жасқа, қартқа ой-арман,

Ұмтылғанға Құдай да 

кең құшағын жая алған.

Жаспын деп те жасыма,

Қартпын деп қажыма

Үлгі көрсет, аянбан».

 

«Білгеніңді айтпасаң, 

біліктілігің жоқ болар,

Шешіміңді айтпасаң, 

шешендігің боқ болар.

Жамандықпен күреспеген 

жақсылықтан құр қалар

Өзі болған жігітке 

немқұрайлылық сын болар!».

 

«Туған жерің-тұрағың, 

жанған еңбек-пырағың,

Ердің сағын сындырмас, 

жақсы әйел-шырағың.

Дидарын көріп шошыма, 

ызғарын көріп шошығын.

Өмір деген бітпейтін 

таусылмайтын сынағың».

 

«Жетем десең табысқа,

 ынтаң болсын ойыңда,

Ақпанның ақ боранын 

жылытар күш бойыңда!

Сол күшіңді мұқалтып, 

тот бастырма қалайда.

Бұл - күш алтыннан да ардақты,

Күмістен де салмақты 

Жоғалтып алма , жарай ма!».

 

«Сөздің тыңда, дұрысын,

Киігі мен бұғысын, 

өзені мен гүлі үшін,

Табиғаттың тамшысын аяла да,

қорғай жүр!

Көркемдік пен сұлулық

Кеңейтеді ұрпағыңның тынысын».

 

«Тәрбие мен өнеге,

адамдықтың шырайы,

Жасандылық жат мінез, 

болғын әр кез шынайы.

Ұл-қызына ұлағат 

сөзін айтқан ата-ана.

Тәлімімен биіктер 

ел алдында ұдайы».

 

«Жүзден жүйрік мыңнан-тұлпар бәйге алса,

Жарысып кеп атты ылғи мақтаймыз.

Ат баптаған адал еңбек шет қалып,

Ат желімен арындап бір тоқтаймыз.

Мақтау сөздің шын иесі - Адам ғой!

Сол адамды тірлігінде пәс көріп, 

өлгеннен соң жоқтаймыз».

 

Тұщымды ойлар, 

кестелі сөздер ұнамды,

Тыңдаған жанның көңілінен әсте шығар-ды.

Тұрдығали аға сөздерін тердім жыр қылып

Ұлы жүректің дүрсілін елім ұғар-ды…

ДИРЕКТОР МӘМБЕТОВ

Ол кезде.

Бұл совхоз. «Коммунизм таңы» аты мәлім,

Ежелден қасиетті топырағы.

Пір Бекет дүниеге келген Ақмешіт те

Алыстан қолын бұлғап шақырады.

 

Топырағыңда кім толқымай тұра алар?

Қойнауыңда «Алтын Адам» сынды асыл мұра бар.

«Ақкиізтоғай» деген атың ардақты

Кешегінің аңызы боп құралар.

 

Пір Бекеттің кіндік қаны тамған жер,

Атажұрты – Ақмешіт боп қалған жер.

Ақкиізтоғай қасиетті мекенсің

Асан Қайғы барған жер.

 

Ол заманнан ертегідей жеткен сыр,

Күмбір күйлер төгілгенде шектен бір.

Ежелгі аты ұмытылып қалған да

«Ақкиізтоғай» деп аталып кеткен жер.

 

Өткен күндер шежіресі әр қилы,

Ұлы Жемнің қаймағы боп қалқиды.

Ауылымның әр перзенті бұл жерге

«Әбіш Кекілбаев туыс қой» деп шалқиды.

 

Туыстығы тым әріден басталған,

Бабасының басқан ізі тастарда.

Ел аузында таңғажайып аңыз боп

Таған баба жасаған бір ас қалған.

 

Әбіштей пір Таған байдан тараған,

Батыр баба биік тұрар қарадан.

Қожаназардай бабасына ас беріп

Жиналыпты сан адам.

 

Кіші Жүздің --

Айшуақтай ханы кепті сол асқа,

Аты әйгілі Алашқа.

Хан аяғын қара жерге тигізбес

Ақ киіз бар тоғайына жарасқан.

 

Ақ киіздің көптігіне дау бар ма?!

Ақ мақтадай көз тартады жайғанда.

Тоғай іші сұлулыққа тұныпты

Суы - шәрбат, гүлі жайнап

Құстар әнге салғанда.

 

Нұр шұғыла тарағанда маңайға,

Табиғаттың бар бояуы – тоғайда.

Ақ пейілдің белгісіндей ақ киіз

Аңыз бопты талайға.

 

Бұл өңірде сондай ғажап өтіпті,

Аңыз-жыр боп алыстарға жетіпті.

Сол астан соң біздің ауыл шынымен

«Ақкиізтоғай» деп аталып кетіпті...

 ***

Сақталмаған Сақтардың салты жаман,

Сағымданып жетеді даңқы маған.

Ақкиізтоғай ауылы. Аралтөбе

Сол төбеден табылды «Алтын Адам!»

 

Алтын Адам!.. Кәдімгі Алтын Адам!

Тұла бойы алтынмен жарқыраған.

Дегендей-ау, мен өлік болмас дағы,

Таңырқатып өзіме тартып алам.

 

Кім өзі?

Қол басы ма, қолбала ма?

Жиһангез бе, жол шыққан он қалаға.

Әйтеуір тегін адам болмаған-ау,

Қарағанда қабірге, жөн-жобаға.

 

Қанып ішіп халықтың қайнарынан,

Өтті ме екен жел есіп айдарынан.

Ұсынақты қолы алтын ұста шығар,

Талай қылыш қылпыған қайрағынан.

 

Жаратушы жанына несіп берген,

Жан болды ма байлықты кешіп келген.

Тақылдаған таңдайы ақын ба екен 

Жеңілгендер шапаның шешіп берген.

 

Бозбала ма иегі тебіндеген?

Бойжеткен бе ешкімге телінбеген?

Кім болса да халықтың қалаулысы,

Көмілгесін сары алтын кебінменен.

 

Саны ойдың жетегіне тербетіле,

Қарайсың киіміне, келбетіне.

Алтыннан да ардақты төзімменен,

Алтын Адам шығып тұр жер бетіне.

 

Әр нәрсенің зер салып шамасына,

Баралықшы пайымдап бағасына.

Есіктегі табылған алтын мүрде,

Ақкиіздік адамның ағасы ма?

 

Ағын судай өтеді өмір – елес,

(Киеліге ұрынба, жөніңе көш)

Бекет Атам о баста Ақмешітте 

Тууы да тегін емес.

 

Бір қыз бар Орынборда аты мәшһүр,

Тыңдасын құлақ түріп кәрі-жас бір.

Ақкиіздің көркем бір перзенті екен

Әбілқайырдың ханшасы,

Айшуақ ханның анасы 

Бопай –қасқыр!

 

Өткен күннің өшпейді жалын әні,

Болған соң мән-маңызды мағыналы.

Туған жердің жусаны жылда көктеп

Бопай ханымның салған әнін сағынады.

 

Қарашүңгіл, Бақашы әулие – сыйлы мекен,

Ақкегершін толғайды күйді бөтен.

Ақындардың ауылы -Ақкиізтоғай

Қанша ақын жанына нұр құйдың екен?

 

Мәтжан би, Аралбай – жыр боп еседі үміт,

Ақмешітті айналып көшеді бұлт.

«Қаби, Меңдекеш, Аманқос,Өтегеннің

Жыр қонған жұрты ғой бұл» деседі жұрт.

 

Боз төбеде жайылар дуадағым,

Боз жусанды өлеңмен суарамын.

Жеріңнің

Асты да – алтын, үсті де – алтын

Ақкиізтоғай! Сен үшін қуанамын.

***

Бұл мекен ірі шаруашылық Жылыойдағы,

Төбесінде Ай күліп, Күн ойнады.

Миллион гектар жерінде төрт түлік мал

Берекенің басы болған бұл аймағы.

 

Аққкиізтоғай – кереметі сен бар ғаламның,

Шаңырағыңа уық боп жалғанамын.

Желтау, Ырғызбай, 

Қарасай, Шағырлы құмдарыңда

Жайылған мал көркі болған сардаланың.

 

Ірі совхоз «Коммунизм таңы» деген,

Бес колхоздың біріккен сәніменен.

Бірлік пенен еңбектің арқасында

Танылған бұл өңірдің қалыбы ерен.

 

Ерке Жем толқи аққан жағасында,

Қайнаған тіршілік бар даласында.

Жайылған мал, жайқалған егісі де

Жерұйықтың тап өзі - бақ осында.

 

Бұл дала талайлардың жолын ашты,

Көтерді осылайша дана жасты.

«Коммунизм таңы» совхозына күндей болып

Мәмбетов келді, міне, жаңа басшы!

 

Кең даланың төсінде сағым ойнар,

Миында - қызу тірлік күші қайнар.

Төбе басында совхозды шолып тұрған

Тұрдығалидың көзінде - сан мың ойлар.

 

Сөз бастайды ісін де анық қылып,

Бір ойын бір ой жатыр толықтырып.

Жас директор болашаққа көз тігеді

Жер жағдайын, қыр-тасын шолып тұрып.

 

Жоспарлар келеді ылғи жоғарыдан,

Облыс, республика, Одақтың тарабынан.

Жер жағдайы, ерекшелік ескерілмей

Шықпайтын төменгілер талабынан.

 

Ақыл айтып, пайда жоқ таласудан,

Мұндай кезде қиындау жақ ашу да.

Кіріс-шығыс есепке дәлдік керек

Адалдықтың ұяты-бағасында.

 

Жалғыз қолмен есепшот ұстамаған,

(Қағаз-қалам серік болмай ұшқан одан).

Есеп- қисапқа шеберлігі аңыз болып

Сан цифрлар басында піскен адам.

 

Сол бір жылы.

Қыс ұзаққа созылып күрсіндірген,

«Пішен аз» деп фермалар дүр сілкінген.

Басшы да, басқалар да құлазиды

Қыстан қалай шығады құр сүлдермен?

 

Директор қосшыларын жиып алды,

Сақтау керек фермадағы малды-жанды.

«Қанша тонна мал азығы керек» деген

Күн тәртібінде маңызды мәселе бар-ды.

 

Отырғандар қағаз-қалам қолына алды,

Есептеп өздерінше қолы талды.

Мал жайылымға түгел шығып кеткеніше

Қанша тонна шөп, комбикорм екендігін

Директор табанда айтып салды.

 

Есепшілер көңілге ап сан күдікті,

Есептеумен ми қайнап, жан қызыпты.

Есептеп қайта-қайта қарағанда

Директордың есебі дәл шығыпты.

 

Іскер әрі есепшілдігімен күш алыпты,

Көрінгендей көз алдына күші алыптың.

Жыл сайын өнім сапасын арттырудан

Орынсыз шығындар аяғы тұсалыпты.

 

Үмітпенен күтеді келер күнді,

Шаруашылыққа сын көзбен көңіл бұрды.

Алдына үлкен мақсат жоспар құрды

Мал басын өз төлімен көбейтуді.

 

Денсаулығы болмаса да аттай мықты,

Қыстау кезіп, жайлау барды, жайды ұқты.

Алыстағы фермаларға күнде барып

Әр шопан тынысымен танысып шықты.

 

Күн қуырған тақыр жер бұрын мұнда,

Су деген тапшы еді ғой ырымында.

«Сарықасқа» жайылымын суландырып

«Ырғызбай», «Қасқасу» су бөгетін салу ісі

Болған еді Мәмбетовтың құзырында.

 

Ауыр жүкті көтерсе де бойға тән,

Мықты адамдар мықтылықтан таймаған.

Өзі сүрген мынау алып заманда

Еңбегімен ел болуды ойлаған.

 

Шаруа жайы басталар ала таңнан,

Қой қоздап, қозы жамырап, қора толған.

Шопандар – Әбді Дүйсенбеков, 

Кісенбай Асабаев, 

Келбатыр Төлесінов

Еңбегімен танылып Ер атанған.

 

Қат-қабат ойлар жатыр қабаттасып,

Ерлерге ерлер шықты қанаттасып.

Республиканың «Құрмет» Кітабына енген

Еңбек озаттарының істері сабақтасып.

 

Бұл совхоздың кереметін қара да тұр,

«Бүкілодақтық Көрмеде» - дара батыр!

ОК-тің Ауыспалы Қызыл Туы

Мерейін асқақтатып бара жатыр.

 

Көреген көз табиғаттың сыйын ұққан,

Ұйымшылдықпен еңбек еткен жиылып маң.

Бұл совхоз аймағына жарастырған

Жақсы өмір басталады қиындықтан.

 

Жетістіктер жеткізді төрге кілең,

Еңбек даңқы көрінер өрнегімен.

Директор Мәмбетовтың арқасында

Айшықталды «Коммунизм таңы» 

Құрметті «Құрмет белгісі» орденімен.

 

Кең даланың үніндей сазы бар-ды,

Жақсылардың қашанда сөзі мәңгі.

«Біз, жоғары наградаға,

Іспен жауап береміз!» деген

Мәмбетовтың мәнерлі сөзі қалды…

ШАРУАНЫҢ ПІРІ

Туған жердің топырағын тербеткен,

Нұрлы жүзін күн қақтаған, жел де өпкен.

Қиындықты иығымен көтеріп

Қабырғасы ерте қатқан еңбекпен.

 

Болмады ол арам пейіл бас бағар,

Қызыға оған қараушы еді басқалар.

Мәмбетовтың алдында үлкен міндет тұр

Бір іс бітсе, бір іс енді басталар.

 

Жұмыс десе, ұйқыны ол ұмытты,

Ел тағдыры сынайды ғой жігітті.

Совхоз көшін өрге қарай сүйреумен

Өмір-майдан. Тұлға болып шығыпты.

 

Қамын ойлап әз халқының әрдайым,

Үйлестірді ақылменен жағдайын.

Басшыға ерген қосшыдай боп көп халық

Алға ұмтылды күнге тіреп маңдайын.

 

Жүрді тынбай барлық істің қасында:

-Тұрекең қайда? Тұрекең ферма басында,

-Тұрекең қайда? Тұрекең егін қосында.

«Соғыс мүгедегі» тау қопарар екпінмен

Жанған оттай жалындады шабытпен

Қасиетті Еңбек армиясында!

 

Су тапшылығы қиындықтың қиыны,

Шешу керек. Осы болды түйіні.

Облыстың мәселе қойды алдына

Су мамандармен басталып кетті жиыны.

 

Батыл шешім шығартып алып аз күнде,

Суға тапшы халықты да мәз қылды.

«Жерасты суы - қара жердің көзі» деп

Бұрғылаумен су жеткенше қаздырды.

 

Шөліркеген қуаң жерде су ақты,

Отыздан аса су көздері қуантты.

Тәуекелмен іс қылатын Мәмбетов

Игілігін халық көрді бұлақтың.

 

Елі қарар еңбегіне құрметпен,

Күз қонбаған көңілдерде жүр көктем.

Мәмбетовтың аты озып ауылдан

Алатау асып, Мәскеуге де сыр жеткен.

 

1973 жыл.

«Правдадан» Фомин келді бір күні,

Қызықтырып бұл совхоздың тірлігі.

Күдікпенен кей дерекке қарайды

Бар ма екен деп шындығы?..

 

Салыстырып есептеген түс қашып,

Кеудесінде кеудемсоқтау күш тасып.

Ақырында Мәмбетовке бас иген:

«Жалғыз қолмен үйіріп тұр совхозды 

Көреген басшы, қысқасы!».

 

Асқақ ойын кейін қарай шегінтіп,

Тәкаппарлығын шындық сөзге жеңілтіп.

«Коммунизм таңы» совхозының жеңісін

Мақала ғып жазды «Правдаға» төгілтіп.

 

Ертеңгі күнге ұлы көш жүгін мол артып,

Тамырын ұстап толғана білген жан артық.

Мәмбетовтың кадрлері де сайдың тасындай

Тізіле түсер аспанның астын жаңартып.

 

Табиғаты қатал өлкеде болған тым іскер,

Адами болмыс, шаруашылықта-жұмыскер.

Өлеңнің жолын бұзайын енді қалыптан

Өткенді сыйлар оқырман мұны дұрыс дер!

Шафиық Ізбасов, Назар Ершуов, Әбдір Биманов, Ильяс Қазиев,

Абдолла Оразбаев, Иса Майлыбаев, 

Есенгелді Нұршаев, Тасым Байшығанов,

Тұрлан Тәжікеев, Әмин Қуатбаев, 

Мөңке Бердіғалиев, Байша Сибағатов, 

Тілеген Қадыров, Қызылғұл Бектембаев, 

Сағынғали Іздібаев, Мизамбай Қындыбаев,

Құттыбай Нұрғожаұлы, Бахтияр Майлашев,

Жағабай Әбілдиев, Молдабек Қорқытов,

Әшір Демегенов, Ақай Оспанов, Аманқұл Алманов, 

Аманғали Арыстанов, Жәңкей Сисенбердиев, 

Түлкібай Баданов, Тілекқабыл Жанаев, Асқар Раушанов,

Жаңыл Ағынова, Қуанғали Байқоңыров, 

Нұрмұқаш Медениев, Керей Қазбенов, Мұқаш Ершуов, 

Сармұхан Балуанов, Сандыбай Шәдіров, Құбаш Тілеуов,

Сәттіғұл Жаңбырбаев , Орынбасар Шәдіров, 

Аманбай Өмірзақов, Ысқақ Шақпақов т.б

 

Ризамыз бүгін аталған осы жандарға,

Шежіре - уақыт жылжи береді жалғанда.

Қиын соқпақпен совхоздың даңқын көтеріп

Жеткізген аппақ таңдарға.

 

 Жаспен де, кәрімен де жолдас болған,

«Бірлік болса, болмайды» деп алмас қамал.

Ақсақалдар - Қайшыбай, Сиязбай, 

Бақтыбаймен ақылдасып

Кешегі батырлардай қол бастаған.

 

Жігіттің бағы: Ұйымшыл елмен жалғасқан,

Тербетіп қырды ,

Жанға - жан, малға - мал қосқан.

Мәмбетовтың қырағы ойы қалғымай

Ел тұрмысын түзеумен дәйім алға асқан.

 

Жаңарған совхоз жерінде солай,

Басталды өзгеріс, құрылыстар,

Байыған ауыл тірлігіменен көтеріледі тұрмыс та.

Мектеп – интернат, клуб, кітапхана, 

Монша сарайы, дүкен бар

Балабақша, аурухана, ақ шаңқан үйлер бой көтереді сол тұста.

 

«Боздақтар паркі» салынып, ағаш-гүл түрі егілген,

«Байжан Атағожиев» тақтасы туу алыстан көзге көрінген.

«Құлсары-Ақкиіз» жолы екі тарапты жалғаса

Гараж, қоймалар қызыл кірпішпен өрілген.

 

Мәмбетов білді жаңаша заман талабын,

Ғылым мен тәжірибе: Өндірістік саланы.

«Қамыскөлдегі» пионер лагерін салдырып

Қуантты барлық баланы, 

Қуантты барлық ананы!

***

Мәмбетовтің қыран ойы еңесте,

Таусылмайды атқаратын тірлігі.

«Алматыда, Брежнев қатысатұғын Кеңеске

Сіз барасыз!» деген хабар келген екен бір күні. 

 

Райкомға келіп сонда бұл кісі,

«Бара алмаймын» деп айтыпты сырды шын.

Хатшылардың бұзылады түр-түсі:

«Әй, Мәмбетов! Адамбысың ? Жынбысың ?!»

 

-Қырда малдың төлдейтін бұл кезі еді,

Шаруашылықтың күйінде тұр өзегім.

Жолдас хатшы, айып етпе, рұхсат ет

Жауапкершілік мойнымда тұр сеземін.

 

Малшыларды тастамаймын қиынға,

Бір көзім – қиян, ал бір көзім – қиырда.

Шаруа деген шаш етектен кезде бұл

Қалай тыныш отырамын жиында?

 

Шаруаның Пірі осылай деп ақталды,

Сүймейтұғын тумысынан мақтауды.

Тұрекеңнің еңбек сүйгіш бейнесі

Қалың жұрттың жүрегінде сақтаулы...

СҰҢҚАРДЫҢ ӨЛІМІ

Ақкиізтоғай – Жерұйық асыл арнам,

Топырағыңда тектілердің ізі қалған.

Қойнауың - құт ежелден берекелі

Жұлдыздай жарқырайсың көкте жанған.

 

Ойың, қырың , аспаның – жанарымда,

Бір кәдеңе ұлың боп жарадым ба?

Түлеп ұшқан тұғырым биігімсің

Туған жер өзіңсің ғой қонарым да.

 

Басшы болдым бұл күнде төріңе мен,

(Қыран емес, торғай боп көрінер ем).

Мен сенің жылы жүрек топырағыңмын

Жақсыңа да, жаманыңа да тебіренем.

 

О, менің бұрқыраған жусан далам!

Өзіңнен қуат алып бір самғағам.

Мен сенің айбыныңды көтерер ем

Киелі қасиетіңді қисаң маған.

 

Болмасын көңіліңде қарыс күдік,

Көрмедім сөз бен істі жарыстырып.

Осы елдің бірлік-отын сақтау үшін

Жүрдім талай: 

Жақсы менен жаманды табыстырып.

 

Еңбекте көбік сөздің лаңы көп,

Бос жүріс, еріншектің шырайы жоқ.

Қыс пен жаз, көктем –күзде отырмадым

Тіршіліктің құлағын бұрайын деп.

 

Таусылмады өмірдің мың сынағы, 

Жалғыз қолмен жолбарыстай құлшынамын.

Жердің жайы: сусыз мекен, аңызақ күн

Жер астынан қаздырып су шығардым.

 

Жайлау менен қыстаққа су жүгірді,

Ұмытқандай ел-жұртым мұңды күнді.

Жем бойына жоңышқа егін салып

Мал азығын дайындауға белді будым.

 

Тәртіп жүйе маңызды ісім болды,

Мықты кадрды бағалап ісім де оңды.

Малшы да, егінші де, жұмысшы да

Маңдай тері төгілген күшім болды.

 

Осылай зор шаруашылық қалыптасты,

Еңбек күші көрінді жарып тасты.

Жыл сайын жоғары көрсеткішпен,

Облыс, республикада алға шығып.

Совхозымыз күйленіп алға басты.

 

Қандай ерлер бар еді бұл мекенде?

Мақтасам оған сірә, тіл жетер ме?

Елімменен етжақын боп араластым.

Жақсылықтың аты жақсы үлгі етерге.

 

Ер жігіт туады екен ел үшін де,

Елі үшін аямайды терісін де.

Шаруа қауырт тоқтауға уақытым жоқ

Денсаулығым мазалайды жең ішінде.

 

Совхоздың жайы қинап қиядағы,

Шешпесем, өз арымнан ұяламын.

 «Емдел, аға, бұныңыз болмайды» деп 

Дәрігер қарындас та мұңаяды.

 

Ел дегенде ысырдым жеке мұңды,

Қан қысымым бірде түсіп, ал бірде көтерілді.

Дәрігер қарындасым қайдан білсін,

Жұмыспенен ауырып,

Жұмыспенен жазылатын

Бір бейнетқор жан иесі екенімді?!

 

Уақыт әділ сыншы ғой ойландырған,

Келбетіңді іздейтін ойдан, қырдан.

Ізің қалсын артыңда елге жаққан

Қандай жақсы артыңда ой қалдырған ?!

 

Ашылады алда талай бұлақ әлі,

Нағыз қайрат шындықтан құралады.

Он екі жыл мен басқарған

«Коммунизм таңы» -

Жоғарғы биігінен құламады.

 

Еңбегім еш кетпеді ырыс болды,

Айналам қайнаған қызу жұмыс болды.

Ойымен үнсіз сырласқан Тұрдығалидың

Толқығаннан жанары жасқа толды.

 

Жиырма бірде,

Жалғыз қолмен келіп еді майданнан,

Жас жігіттің бағы жанар қай маңнан?

Жалғыз қолмен талай шыңды алыпты

Жігер-күші күрестерде қайралған.

 

Балалары балдай тәтті қылықты,

Жары әркез үнсіз сүйеп тұрыпты.

Отбасында бағы жанған бұл адам

Бақыт деген адалдық деп ұғыпты.

 

Амал қанша, Алла жазған ғұмыр бар,

Тірлік деген қас-қағым сәт ұғыңдар!

Дегендейін құлап бара жатты ол

Өлмес адам, өлгені ме шынында?!

***

Қара бұлттар бүркеп алды аспанды,

Тасыр-тұсыр қара бұршақ жас тамды.

Табиғат та қайғырғандай ол үшін

Алай-дүлей дауыл соғып басталды.

 

1976. 20-сы еді мамырдың,

Өңір үшін бұл да тастай ауыр күн.

Қайғырғаннан қабырғалар сөгіліп

Қаралы хабар қамықтырды қауымын.

 

Тағдыр оны талай сілкіп сынаған,

Қайсарлығы қалың елге ұнаған.

Машинаның астауында табыт боп

«Ақкиізден» -

Құлсарыға кетіп барад бұл адам.

 

Қара жолда машиналар легі,

Тұнжырайды адамдардың реңі.

Қимас жанмен қоштасудың өзі ауыр

Елдің іші шын егіліп тұр еді.

 

Өткен күннің бұл бір анық дерегі,

Тұлпар жортқан бауырға басып төбені.

Жай жүріспен сан машина сап түзеп

Күмбезді бейітті бетке ап жүріп келеді.

 

Бұл құбылыс табиғаттың таңдауы ма?

Жұрт елеңдеп қарасты жан жағына.

Жайылымдағы қалың жылқы көшке ілесті

Құйынды да ілестірмей шаңдарына.

 

Кім түсінер жылқыдағы ойды қалың?

Тұлпарларды тұсаулап қойды ма мұң?

Жылқылар қалмай шауып келеді алға

Білгендей бұл өмірде өлім барын, 

Мұң барын

Қайғы барын?

 

Кісінеген дауыстары құлақ жарып,

Бас шұлғыды содан соң үнсіз қалып.

Қоштасқандай кісінеп ақырғы рет

Машиналар соңынан қарап тұрды

Тұлпарлардың көзінен жасы тамып...

 

Азан-қазан болғанында айнала,

Қаза деген қиын еді қайда да?

«Әлсіздерді демеген,

Жетім –жесірді жебеген, 

Тентектерді тежеген,

Мұқтаждарды елеген

Тұрдығали кетті-ау өмірден»

Деп егіліп жылап тұрды далада

бейтаныс бір кейуана.

***

Сол жылдың күзі ерекше мінез танытты,

Қалың қар басып, мал азық жолда қалыпты.

Ақ қар, көк мұзда қырық отар қой, ірі қара да құрсауда

Халық біткен не істерін білмей қамықты.

 

Шопан да, малшы іштей күйзелді қайғырып,

«Мәмбетов жоқ қой! Қарасар бізге жай біліп?!

Басшылар қайда?

Салмайды бізге неге із?

Қойдыңдар бәрің құр уәдеге тойдырып?» 

 

Қиналған сәтте ашуын төккен баса алмай,

Айтарын айтар, халық та сірә, осал ма?!

Игілік пенен ізгіліктердің тұтқасы

Сұңқар басшының бағы асқан ғой қашанда!

Сұңқар басшының бағы асқан ғой қашанда!..

АСЫЛ ӘКЕ

Көңіл шіркін күмбірлі күй алаңы,

Балапаны біз едік ұядағы.

Қайран әке! Елу үште кеттің жырақ

Қара жерге кім сені қия алады?

 

Асыл бейнең қалыпты көз ұшында,

Құлақтарда қалғандай дауысың да.

«Әкенің шамшырағын жағатұғын

Ұрпағы бар» деген елдің сөзі шын ба?

 

«Құлыным» деп әкеміз үн қата ма?

Көл болған көздің жасын құрғата ма?

Жан-жарты, көңіл-кетік шаңырақта

Бауырлап ап-ауыр бір мұң жата ма?

 

Бар ма екен аяулы жан анаға тең,

Бала десе, анакөңіл алабөтен.

Тоғызын бауырына ап жұбатады

Қайғы да құлатардай болады екен.

 

Қалтырап құламады тоңғанымен,

Ақылға ақыл қосты ойларымен.

Тоғыз бала есейді. Өтті жылдар

Әрқайсысы орнын тапты жолдарымен.

 

Қалмасын деп балалар жасып-жүдеп,

Қайратымен бәріне болды тірек.

Әке кеткен қасиетті шаңырақты

Құлатпай ұстап тұрды ана - жүрек.

 

Атасы Оңдас бата берген сыр ағылып:

«Ошағыңда от сөнбесін! Мынаны ұқ!».

Енесі Жәнияның мол тәлімін

Бойына сіңіріпті мұра қылып.

 

Өнегелі жанұяның таңы жарық,

Бұл әулеттің әуелден қалыбы алып.

Тұрдығалидың асыл жары Үмітжанды

Құрметтеген көрген ел тұра қалып.

 

Әке сөзі нақылдың өрнегіндей,

Тәлімді дүниеден тергеніндей.

Балалары асыл сөздің киесімен

Бойға түйген естіген, көргенін де.

 

«Уақыт –деген өмір» дейтін әкесі,

Кел, балдарым! Тыңдаңдар сөз төтесін.

Сол уақытты балаға арнау заң маған,

Ертедегі жақсы әкелер тәрбиені жалғаған.

Төнген жаудан қорықпаған, алайда,

Өтпелі шақ бала кезден,

Қорыққаны соншалық ,

Балапанын жанын салып қорғаған.

Ұрынбасын отқа деп, 

Жылынбасын бөтен шоққа деп,

Баласының болашағын қамдаған.

 

Өсесіңдер, бәрің ертең ержетіп,

Туған жердің талбесігін тербетіп.

Мамандықтың үлкен-кішісі болмайды

Тек беріліп қызмет ету міндетің.

 

Әдепсіздік – бұл сорлылық білгенге,

Ал жалқаулық мәңгі бақи түрмең де.

Өтірік, өсек жолатпаңдар жаныңа

Әдет-ғұрып, дәстүр тұрсын іргеңде.

 

Жақсылықпен тілек тілеп, 

Мұқтаж жанға қарасқын,

Көкірегіңді төмен ұстап, 

Халықпенен санасқын.

«Көргенсіздің баласы екен» деген сөз,

Қарғыстан та 

Естілмей ме оғаш тым?!

 

Әкесі жоқ жетім емес,

Шешесі жоқ жетім емес.

Жетім деген қай жетім?

Қолыңнан іс келмесе,

Қажетсіз болсаң, сол жетім.

 

Әділетсіздікті көп көріп,

Жаутаңдаса сол жетім.

Дауасыз болса, қыз жетім,

Сезімсіз болса, ұл жетім.

Тыңдамаса ,сөз жетім,

Ұятсыз болар келбетің!

 

Әкенің асыл сөздері,

Құлақта қалды жаңғырып.

Тоғызына берген тәлімі

Тәрбие болды мәңгілік!..

АНАНЫҢ АМАНАТЫ

Өмір қызық, түс те қызық кейде осы,

Дөңгелек жүз, үстінде аппақ жейдесі.

Аппақ бұлттар арасында жүзіп жүр

Тұрдығалидың жап - жас сол бір бейнесі...

 

Кеудесіне ып-ыстық мұң тығылды,

«Көрмедің ғой» дегендей бұл күнімді.

Үмітжанның көз алдынан өтті өмір

Қол ұстасып өткен күндер бұрынғы.

 

Сол баяғы күлкісі де реңі,

Тұрдығалиы қарсы алдында тұр еді:

«Алақаныңды аш,Үмітжан!» деп қолына

100 теңгені берді де, сөйлеп кетті жүрегі.

 

  • Мына кітап – екеуміздің атымыз!

Кейінгіге қалдыратын хатымыз.

«Оқы!» деді. Берді-дағы бір кітап:

  • Сақтағайсың, кітапты!

 Бұл – біздің өмірлік құжатымыз!

 

Асып-сасып тұрып қалды алақтап,

Көңіліне небір ойлар қонақтап.

Кітапты ашты. Суылдап жерге шашылды

Жазылмаған аппақ қардай парақтар.

 

Тіршіліктің үзілмейді мықты әні,

Өрелі ойда көрінеді құт бары.

«100 теңге»- мен жазылмаған сол кітап

Отырса да, тұрса да,

Үмітжанның ойынан бір шықпады.

 

Піскен кезде тоқсан ойдың толғағы,

Ұшар құстай қанатын бір қомдады.

Үмітжан ана балаларын жиып ап

Сырын шертіп ұзағынан толғады:

 

  • Балаларым! Шырақтарым!

Көлге біткен құрақтарым!

Дүйсенғали, Мейрамғали,

Жайсұлу, Қоңырша, Мағия!

Әлия, Мәншүк, Сәуле менен Сәния!

Ана көңілім -сендерменен дәрия.

Білесіңдер, әке орны бөлек қой,

Берік болса жанұя.

 

Әкелеріңді ап кеткенде ажал-толқын,

Санамыздан өшер ме кешегі ол күн?!

Тоғызыңды тәрбиелеп топқа қостым

Сендерге әке болдым, шеше болдым.

 

Ананың ақ тілегін білер дегем,

Сендер жақсы болсаңдар жігерленем.

Тұрдығалидың алдындағы парызымды

Абыроймен өтегендей түгелденем.

 

Менің де бұл дүниеден өтерім шын,

Болмасын тіл шайнаған бекер ісім.

Әкелеріңнің елге сіңген еңбегі бар

Шаң басқан естеліктер көтерілсін!

 

Алла жаратқан біреуді дана қылып,

Біреуді біреулерге пана қылып.

Еткен еңбек - тарих бар қазыналы

Хатқа түспесе қалтарыста қалар ұмыт.

 

Тапсырмам бұл сен сендерге ең ақырғы!

Көңілдерде бүккен талай сыр жатыр-ды.

«Әкеңді көргендердің» сөзін жинап

Бір кітап шығарыңдар тұма сынды.

 

Ананың аманаты бұл бір мықты!

Тоғызы орындады бұл тірлікті.

Тұрдығали өмірінің өрнегіндей,

2004 жылы. 80 жылдығында-

Баспадан «Жұлдызды ғұмыр» 

Естеліктер кітабы шықты.

 

Күтті ана сағынышпен сол күнді,

Ішке сыймай бет шарпыған жалыны.

Ауруын ұмытып сол кітапқа ұмтылды

Тіріліп жанына келгендей боп алыбы.

 

Кеудесіне басып, ернімен өпті кітапты,

Аялап, сипап оқыды өмір беттерін.

Заман ағысымен бірге ағып, жүзі нұрланып

Қозғап көңілдің ең нәзік деген шектерін.

 

Кітапты аялап , қайталап оқып, ақтарып,

Жанарында өшпес алаулы сезім от жанып.

Кітапты үш күн басына жастап жатты да

Бақиға кетті риза көңілмен аттанып...

ПЕРІШТЕ ӨЛЕҢ

Жүрек толы кітаптың сөзін ұғын,

Кітап сөзі өзгермеген күні бүгін.

Қадау-қадау ойлармен көмкеріліп

Бергендей кең дүниенің жылылығын.

 

Сыйлағандай жер-көктің берекесін,

Ер сыйлаған данакөңіл сен екенсің.

Бұл кітаптан білгенім, түйсінгенім

Өмір-мектеп мәніменен тербетесің.

 

Уақыттың сырт-сырт соғар сағаттары,

Үлгермейсің сан істің санап бәрін.

Жиырма жыл өткен соң бұл кітапты 

Қолыма алып ақтардым парақтарын.

 

Күндер келді көз алдыма алыстағы,

Жүздері де жайдары өң таныс бәрі.

«Айналайын» деп мені мәпелеген

Алыстан талып жетті дауыстары.

 

Кітаптың сыры осы, жұмбағы да,

Сыр қостым өткен күннің сырларына.

Кең Жылыой мекенінің дарабозы 

Тұрдығали тарихын өрдім жырларыма.

 

Биыл «100 жыл» толған екен бұл асылға,

Асыл жан ескірмейді расында.

Жаныма қайрат берді, жырға-қуат

Кеңейді күннен күнге құлашым да.

 

Ау, ағайын жырсүйер осы жайым!

Қалам-сырды несіне жасырайын?

Мәмбетовтың 100 жылдық белесінде

Тосырқап енді неден тосылайын?!

 

Аспан жақтан жаныма тамсыншы нұр,

Атырау - көңіл тебіреніп қалсыншы бір.

Елдің Ерін, Еңбегін таныстырдым

Тарихта «Тұрдығали» деген қалсыншы жыр.

ЕР МЕН ЖЕР

Адалдықтың туын биік ұстаған,

Аңыз болып таралды аты: Күшті адам!

Елі үшін еңбек еткен қажымай

Алла берген Геркулестей күшті оған.

 

Заманаға тарих болып ол енді,

Халықтың мың алғысына сан бөленді.

Нардың жүгін арқалаған бұл адам

Ғасыр көшпен бірге адымдап келеді.

 

Асыл бейне, ал тарихта тұр ізі,

Кең Жылыойдың көкте жанған жұлдызы.

Ұмытпайды туған жері алыбын

Ардақтайды артта қалған ұл-қызы.

 

Нұр сипаты, іскерлігі, кеңдігі,

Жалғыз қолмен ел басқарған ерлігі.

Қиын сәтте қапылыстан жол тапқан

Жеңісі де, еңбегі де – еліміздің елдігі.

 

Кеудесінде атойлаған бір екпін,

Шөл далаға су шығарып түлетті.

Ақкиізді дабылымен оятып

Күшін көрсетті тегеуірінді білектің.

 

Заманның бүгін басқа тынысы мың,

Уақыттың кейде қатты жүрісінің.

Атырауда талай жан айтар бүгін:

«Тұрдығали ағаның үміт артқан

Мен де бір ардақты інісімін».

«Тұрдығали ағамнан аумай қалған

Мен де бір еңбексүйгіш інісімін».

Айтады ел осылайша шыны-сырын.

 

Еткен қызмет, еңбегіңді елің білсін!

Жүрекке шуақ шашқан сен бір Күнсің.

100 жылға толса-дағы ұмытылмай,

ТҰРДЫҒАЛИ МӘМБЕТОВ 

атыңменен

Аға, сен!

Халықтың жүрегінде, Төрде жүрсің!

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan