Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мейірхан Ақдәулетұлы: «Автордан қазақтың өз Блогын...

06.09.2015 4976

Мейірхан Ақдәулетұлы: «Автордан қазақтың өз Блогын, өз Есенинін күтемін»

Мейірхан Ақдәулетұлы: «Автордан қазақтың өз Блогын, өз Есенинін күтемін» - adebiportal.kz


 

«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты, ақын Хамит Есаманның өлеңдеріне белгілі ақын, көсемсөз шебері Мейірхан Ақдәулетұлының жазған пікірін ұсынамыз. 



www.adebiportal.kz




 

1475.jpg



БІР ТҮП ЖУСАН


 

Даламның дегдарлығы өзіңде еді,

Жаныма содан жылы сезілгені.

Жырымды оқып бердім саған келіп,

Мұңымды таныдың ба көзімдегі?!

 

Бір түп жусан!

Сен мені естідің бе?

Өзіңмен ұғыса алсам бес күнімде.

Ауылға келмегелі көп болды ғой,

Қалмағандай іздейтін ешкімім де.

 

Домбырам жоқ даламның күйі сіңген,

Жоқ күйді қайталадым жиі ішімнен.

Еліктіріп тұратын, желіктіріп,

Бір түп жусан айналдым иісіңнен.

 

Көп болды ғой ауылға келмегелі,

Көңілімнің содан ба шөлдегені.

Есіркейтін сияқты барлығы да,

Түсіндіре аларсың елге нені.

 

Бір түп жусан алқоңыр мұңымдасың,

Мойындадым амал жоқ ұғынғасын.

Сағынып жырға қостым сені бүгін,

Жасымда жаныңа кеп жылынғасын.

 

Керуен-күнге ілесіп кетті бәрі,

Күй толғайды көңілдің көк құрағы.

Ақ бұлағы жанымның ауыл жақта

Кешірмейтін сияқты боп тұрады.

Бір түп жусан...

 

 

 

 

ӘТТЕҢ



Өзегімді тағы да өртеді өлең,

Көктем кетіп барады ерте менен.

Алтын иек, ақ тамақ ару қайда,

Есіл дертім ауғанда еркелеген.


Биік таудың басында шынар өскен,

Сыр толғайын баяғы бұла кештен.

Тобылғы мең торы атқа мініп жүрген,

Қоңыр күндер қалайша шығады естен.


Беу, шалқыған күндерім сағынтасың,

Алғаш ғашық болғандай сабылтасың.

Асқар шыңын Ай сүйген алып таудың,

Жоғалтып алғандаймын лағыл тасын.


Көрінбейді гүлдердің ашылғаны,

Аспан жақта жұлдыздың шашылғаны.

Кешегі күндерімнің көркі қайда,

Бөркі қайда қалқамның басындағы.


Тағдырымның тамыры телкүреңім,

Аулақ қалып көзімде мөлдіредің.

Қаз қаңқылдап жататын қайран көктем,

Өлең едім ол кезде, өндір едім.


Ерте кеткен көктемім қош болғайсың,

Таңды есіркеп әйтеуір кешті алдайсың.

Өкпемді айтып отырмын өлеңіме,

Өлеңімді бір уақ еске алғайсың. 



 

КҮЗГІ  ИДИЛЛИЯ



 

Аққанат құстар алысқа кетті асығып,

Дүние қоңыр күйін шертті ашылып.

Сазы қалды сол әннің көңілімде,

Жаныма қыз меңіндей шоқ басылып.

 

Құстардың жүрегінің дерті менде,

Сурет боп қалып қойды көркі көлде.

Ақ өлең тамып түсті аңсарымдай,

Қанаттарын бірауық желпігенде.

 

Кеудемнен көркем күйді жылап үздім,

Бұл – бақ та,

Сор да болған сірә, біздің.

Жұлдыздар еріп жатты жанарымда,

Бұрымынан тамшылап бұла күздің.

 

Менің жаным көктемге құштар әлі,

Тебірентеді аяулы құстар әні.

Айдынның ақ келбетін өрт шалғандай,

Қолыма қауырсынды ұстағалы.

 

Күз келеді момақан мұңды баптап,

Тағдырым тағы да оны тұр қуаттап.

Ұшып кеткен құстардың ақ сезімі –

Сіңіп қалған бойына гүлдің аппақ.

 

Сағынышын саз қылып атырап бар,

Күй шалқиды мұңдылау топырақта әр.

Өлең оқып жатады күзгі дала,

Естелік айтып сары жапырақтар.

 


 

БЕЙМАЗА


 


Айрылып аппақ гүлінен,

Аңсайды күміс бұлағын;

Қара жер жылап түнімен,

Жұбата алмай шығамын.

 

Бағзы бір шағын жоқтайды,

Бәрі де бірақ қу сағым.

Есектер келіп оттайды,

Қасиет қонған жусанын.

 

Боқ көсеп жүрген тобырға,

Аруақ алапат ашынып.

Қираған қара қабырға,

Жанымда жатыр шашылып.

 

Іздейді дала иесін,

Қасірет құрық салыпты.

Бір кезде жердің киесін,

Тұлпарлар қорғап қалыпты.

 

Сұңқарлар қорғап шыңдарын,

Қияда өлген ырымдап.

Сезгендей ауыр мұң барын,

Бозторғай таңнан шырылдап;

 

Дірілдеп титтей қанаты,

Есектер шықпай түсінен.

Таусылған шығар тағаты,

Жылайды үнсіз ішінен.

 

Тұлпарлар кеткен келмеске,

Жалы сүзілген кербесті.

Сенесің солай сенбеске,

Көресің сөйтіп көрместі.

 

Айрылып аппақ гүлінен,

Аңсайды күміс бұлағын.

Қара жер жылап түнімен,

Жұбата алмай шығамын.

 

 


АҚҚУДЫҢ КӨЗІ



 

Көзі қандай ерекше мөлдір еді,

Көңіліңе қоңыр күй төндіреді.

Жүрегінің басында шырақ жанып,

Шұғыласына шайырлар телміреді.

 

Оны сұлу жаратқан бұла далам,

Елжіретіп қарайды мына маған.

Үздіккен көңіліме кінә қойма,

Мен де сені ол үшін кінәламан.

 

Көзім алды самсаған жұлдыз кілең,

Сүйген едім бұрында бір қызды мен.

Сенің көзің сол көзге барады ұқсап,

Сондықтан жанарыңа күнде үздігем.

 

Ұнайсың ғой, көзіңде тұнады айдын,

Бірақ мен өзіме-өзім ұнамаймын.

Ауырады жүрегім ақиықтай,

Тиген шығар салқыны құралайдың.

 

Кешір бірақ, көзіңдей мөлдір емен,

Көңілім мұнша мұңды болды неден?!

Сен кешерсің жанымды, ал бірақ та

Кешірмейтін сияқты өндір өлең...

 

 

 

* * *



Қара өлең, есіміңнің бірі едім,

Өмір болып өксіп тұрды реңім.

Көріп қалсам ақын болған адамды,

Ауырады жүрегім.

 

Қап-қара түн көкірегіме құлайтын,

Көңіліме күздің таңы ұнайтын.

Өзегі шер өлеңімді оқып ап,

Қыз-келіншек жаны ауырып жылайтын.

 

Бірге туып, бірге өлетін даламен,

Бұл дүниеде жалғыз ақын ғана мен.

Көңіл үшін жасап ем сол күнәні,

Жазбай кеттім пәк өлең.

 

Пәк емеспін және де,

Ол бір сәттер өліп кеткен көнеде.

Мені көрсе басқа жанның жүрегі –

Ауырады о неге?!.

 

Ауыратын шығар тағы басқаға,

Міз бақпайды тамыры жоқ тас қана.

Шарап ішіп, ақын болып жүргенде,

Хаям болмай өліп кетсең...

Масқара...

 

 

 

 

* * *



Жасымнан сүйдім жырды әсем,

Көңілім көлдей тасқанда.

Сұлтанмахмұттың құрдасы ем,

Жалт ойнап өткен аспанда.

 

Тудырып талай алыпты,

Көкейі сөйтіп бусанған –

Сүйе алмай келем халықты,

Халықтан сол бір тусам да.

 

Өкініш жатыр өлшенбей,

Кеудемде мұңды ой ісініп;

Қазақты сүйіп өлсем ғой,

Алаштың қадірін түсініп.

 

Дерт екпей бітеу жараға,

Қалмайын түсіп табаға.

Ұлмын ба ұлтын сүйетін,

Құлмын ба жүрген жораға.

 

Өмірмен жалғыз сырластым,

Көңілдің кірін кетіріп.

Сұлтанмахмұтпен құрдаспын,

Мұңдаспын десем өтірік.

 

 

 






«Автордан қазақтың өз Блогын, өз Есенинін күтемін»

 

 

Мейірхан Ақдәулетұлы

Осы шағын ғана өлеңдер топтамасын оқығаннан соңғы түйгенім: автордың ақын, жақсы ақын екендігі. Меніңше, ақындықты кісіге  бір тал асыл сәуле сияқты етіп Алла береді.  Оны әрі қарай адам-пенде қалай ұстанады: жалғанның жасанды жарқылдарына ерем деп, әншейін қызыл сөзге  айналдырып ала ма, жоқ, өзіне де,  өлеңге де өтірік  айта алмай, жаны мен  жүрегіне салмақ  салып, сол арқылы тұлғалық деңгейге  көтеріліп, бастапқы асыл сәулені үлкен рух шырағына айналдыра ма, ол — өзінің шаруасы. Біздің көптеген ақындарымыздың әуелде жап-жақсы көрініп, кейін божырап, кәдімгі «төрт аяғы тең жорға» өлеңшіге айналатыны содан.  Осы тұрғыдан келгенде  авторға үлкен үмітпен қарауға болады.

 

Осы топтамадағы өлеңдердің ортақ қасиеті – шынайы, өзіңнің ұмыта бастағаныңды еске салып, жаныңды қозғайтын, терең, жалған бояуы жоқ сезім. Бұл, сірә, поэзия атаулының басты белгісі болар деп ойлаймын, әйтпесе, ұрпақтан ұрпаққа ауысқан сайын өлеңнің әдепкі инструментарийі (ұйқас, әуенділік, теңеу, сөз бояуы, жорғалық, т.т) үздіксіз дамып келе жатқандықтан, қанша керемет жазылып, кәртамыс әйелдің қыз болғансып боянғанына ұқсап тұрғанымен, жаныңды қозғамайтын өлең қазір өте көп.

 

Құстардың жүрегінің дерті менде,

Сурет боп қалып қойды көркі көлде, – деп келетін «Күзгі идиллиядағы»:



Ұшып кеткен құстардың ақ сезімі, –

Сіңіп қалған бойына гүлдің аппақ,– немесе, тағы бір өлеңдегі

 

Ешкім жыры болмайды екен сезімнің,

Ешкім құлы болмайды екен арының, –

 

немесе:


Жүрегінің басына шырақ жағып,

Шұғыласына шайырлар телміреді, – 


деген жолдарында біз айтып отырған асыл сәуле, тірі сәуле бар автордың, егер жеткен төбесіне қоныстанып, әрі қарай қозғалуға, өсуге талпынбай қалмаса, қазақ өлеңіндегі белгілі биіктің біріне шығарына үміт етемін.

 

Әсіресе, «Беймаза» деген өлең осы үмітіме себеп болды:


Айрылып аппақ гүлінен,

Аңсайды күміс бұлағын,

Қара жер жылап түнімен,

Жұбата алмай шығамын, –

деп басталатын өлеңде сәл-пәл  «мыстан-шеберлік» жетіңкіремей жатқанмен, қазіргі қазақ атаулыны (әрине, есі түзуін!) түршіктіріп жүзген адами сезім, қазақ алаң көңілдің зары бар!


 ...Бағзы бір шағын жоқтайды,

Бәрі де, бірақ, қу сағым,

Есектер келіп оттайды

Қасиет қонған жусанын.

 

Сөз сүрініңкіреп тұрғанмен, шырылдаған сезім қоғамға, адамға қарата айтылған назырқану ап-айқын, өз сезіміңдей! Бұл – Даланың, қазақтың наласы. Өлеңдегі бозторғай – қазақ, өзге ешкім емес:


 ...Сезгендей ауыр мұң барын,

Бозтоғай таңнан шырылдап.

Дірілдеп титтей қанаты

Есектер шықпай түсінен,

Таусылған шығар тағаты,

Жылайды үнсіз ішінен...

 

Міне, осы себептен, мен осы автордан қазақтың өз Блогын, өз Есенинін, өз Вознесенскиін күтемін. Тілек қабыл болғай!

 

Мейірхан Ақдәулетұлы

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар