Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Меңдекеш Сатыбалдиев. Азырақ болып ортаңда, көңіл...

Меңдекеш Сатыбалдиев. Азырақ болып ортаңда, көңіліңде тұрсам көбірек

29.01.2026

6707

Меңдекеш Сатыбалдиев.  Азырақ болып ортаңда, көңіліңде тұрсам көбірек - adebiportal.kz

Алғаш поэзияға қызығып, өлең жазып, ақындарды жата-жастана оқып жүрген бозбала күннің бірінде Ақтөбеден жездем келді. «Олжас, сені өлең жазады дейді ғой, кімдерді оқып жүрсің?» деді. Мен әдеттегідей Мұқағалидан бастап бірнеше ақынның атын атадым. «Егер ақын болсаң мына өлеңді кім жазғанын тауып көрші» деді де, қулана күліп бір өлең оқыды. Мен біраз қызарақтап тұрдым да, таппағанымды мойындадым. «Бұл Меңдекеш Сатыбалдиев деген ақынның өлеңі. Сұрапыл ақын болған» деді. Оған дейін Меңдекешті оқымаған да, тіпті атын да естімеген екенмін. Осылай бір «есем кеткесін» кейін кітаптары мен ол жайлы жазылған естеліктерді іздеп жүріп оқыдым.

Мен ешкімге қайрамадым тісімді,

түңілген жоқ —

көрген жандар түсімді.

Қастасуға құрбан етпек жайым жоқ —

достасуға сарп ететін күшімді!

 

Бәз біреулер әлсіз көріп басынды,

соған бола төгем бе көз жасымды?

Айып қанша —

қадірсіздеу көрсе олар —

өзім үшін қадірлілеу басымды.

 

Мен даңққа жақындаман бір табан,

қорқам оның боранынан бұрқаған.

Даусы біткен даңқты әнші болғаннан —

әнім артық еш даңқсыз шырқаған.

 

Мен мезгілмен ылғи бірге қозғалдым,

Достық дейтін ғарышқа қол созғанмын!

Омыраулап оза алмайтын жерлерде —

рас, кейде бас бұғып та озғанмын.

 

Өз арыммен келсем кейде бетпе-бет,

Тынам —

қауқар аздығына өкпелеп…

Мейлі мүлдем әлсіресем арман жоқ —

әлсіздердің қолтығынан көп демеп!

Меніңше, бұл – Меңдекештің автопортреті секілді өлең. Оның әрбір жырынан дәл осындай жылылық пен зиялылықтың лебі еседі. Меңдекеш көпіртіп көп жазған ақын емес. Бірақ оны аз жазған деп айту да қиын. Әр өлеңінің әр жолы өз орнында тұратын ақын. Артық жол, қажетсіз сөз қолданбайды. Мұны Меңдекештің өлеңдегі ерекше стилі дегеннен көрі, Меңдекештің мінезі деген дұрысырақ секілді. Оның бұл қасиетін кезінде ақын Қадыр Мырзалиев те дәл аңғарған екен. Ол Меңдекеш поэзиясы жайлы айтқан пікірінде ақынның әдеби жолын айқын сипаттайды.

Бұдан жиырма шақты жыл бұрын өзара жарыса келген жас ақындардың үшеу-төртеуі болмаса, көбі дерлік бірінің көлеңкесінде бірі қалып қойды. Меңдекеш оны жақсы түсінді. Өзінен сәл бұрынырақ шығып үлгерген қаламдас достардың тығыз тобын құр кеудемен немесе лепірме өлең лебімен бұзып өту мүлдем мүмкін емес еді. Сондықтан ол өнердің ең дұрыс және қысқа жолын таңдады. Ол жол – бозөкпе болып босқа шаппай, төте шабу, өзіне де, өзгеге де қасиетті нәрселерді ғана жырлау, аз жазсаң да, саз жазу, әр кезекті өлеңіңді ең ақырғы өлеңіңді жазғандай жаныңды жеп жазу жолы болатын, – деген екен.

Ал белгілі ақын Фариза Оңғарсынова Меңдекешке арнаған «Ескерткіш»  деген өлеңінде:

Өкіндірдің еліңді ерте кетіп,
Біз қамықсақ тірлікте келте-кетік,
«Біздің қарлығаштар!» деп шашымыздан
Сипайтұғын сен жоқсың еркелетіп...», – деп жазды. 
Фариза Оңғарсынованың бұлай айтуының да өзіндік себебі бар. 1965 жылы Фариза апайдың ауылына ақын Төлеген Айбергенов келеді. Ол сапарды да ұйымдастырған Меңдекеш Сатыбалдиев екен.

Мен домбыра тартып бердім. Марфуға ән салды. Мен көп отырмай кетіп қалдым. Төлегеннің «Маңғыстау мұнаралары» жинағындағы «Күй» мен «Марфуға» өлеңдері, сөз жоқ, сол кештен алған әсерлері болатын, – деп жазады Фариза Оңғарсынова өзінің естелігінде.

Осы сапардан соң Меңдекеш Фариза Оңғарсынованы облыстық газетке арнайы шақырады. Ол кезде Фариза апайдың мүлдем өлең жазбай кеткен кезі екен. Соны білген Меңдекеш: «Оңғарсынова жолдас, сені атышулы ақын болады деп үміттеніп жүрсек, өз-өзіңнен жүнжіп, өнеріңді біржола өреледің бе?», – деп әзілдей сөйлеп, бір өлең жазуды тапсырады. Бұл сөз жай ғана қалжың емес, ақын Фариза Оңғарсынованы өлеңге қайта оралтқан шешуші сөз болды.

Ақыры мен кейін сол газетке келдім. Мұның бәрін айтып отырғаным – мен ауылдағы мектепте жүре берсем, ақын болмаған болар едім, – деп еске алады ақын Фариза Оңғарсынова.

Фариза Оңғарсынова Меңдекешке арнауын: «Жүректерде жырың жүр, өзің жүрсің, Тегі осы сен өлмеген шығарсың-ау!», – деп аяқтайды. Расында да, бұл жүректерде жүрген Меңдекештің өлмейтін өлеңдеріне берілген әділ баға.

Меңдекештің тағдыр жолы жеңіл болмағаны белгілі. Бірақ оның өлеңдерінде өмірге деген өкпе, шағым жоқ. Тіпті мұңында да өз-өзіне деген аяушылық жоқ.

Бетіме ызғар беттей ме,
Тұрғанда өрттей тұтап мен,
Айқаста жықсам жетпей ме,
Жалғыз-ақ палуан кітаппен...
Күшіне көптің сыйынғам,
Көптіктен қашқам жоқ, шырақ,
Өмірдің заңы – қиын заң,
Аз-аздап алу, көп сұрап.
Одан мен сірә, қорқам ба,
Өкінбен нұрлы төңірек,
Азырақ болып ортаңда,
Көңіліңде тұрсам көбірек.

Бұл жолдарда Меңдекеш поэзиясының тұтас болмысы бар. Көзге түспей-ақ, көңілде қалу. Жалпы ақынның, поэзияның мәні де осы болса керек. Сондықтан Меңдекеш туралы сөзді тым көбейтіп жіберудің де қажеті жоқ. Қалғанын оның өлеңдері өзі айтып тұр.

***

Тағдырдың тылсым

тас емшек бауырын игіздім,

Аспандап барып,

бетімді күнге сүйгіздім.

Бұл күнде

ізгі жақсылар төрден кетпейтін,

дуадақ қонған бозтөбе тектес үй біздің.

 

Түк те жоқ жатқан

қысқа жіп қусап күрмелтпей,

Береке дарып,

шалқыды күнде дүрмек той.

Базарлы мынау

балабақшаны билейтін —

Адуын, асау

Бір кемпір ғана тұр жетпей.

 

Қарашта қалған…

қапсағай ұста шалдың да,

Ойсырап тұрған

киелі орны бар мұнда.

Қара шаңырақты

қара дауылға ұшыртпай,

Көтеріп келген

мен сірә… қара нармын ба?..

 

О, нарлық қайда,

жүдеген кезім көп менің,

Қаршадай шақтан

арамшөп емес еккенім.

Соғыста кеше

қанды су тасып жатқанда

Шырқырап кештім

шырғалаң өмір өткелін.

 

Шарқ ұрып ұшқан

жүрегім — шаңқан шағала,

Тірлікте ылғи

талпындым арғы жағаға.

Қиястау тартқан

көшімді жөнге бастайын,

Кезікті-ау маған

көреген, көсем аға да!

Беу, аға, маған

көкжиек сенсің — көсілсем,

Өрімталдарымды

өксітпей бұла өсірсем!

Кіші басымды

үлкейте алмай жүргенде,

Үлкен басыңды

кішірейткенімді, кешір сен…

 

АУЫЛ

Кеңдікті көрем десең – ауылға бар,

Мейлі, сен жауында бар,дауылда бар.

«Көрпе сал!»,

«Қонақ келді!»,

«Шай қайнат!» - деп

Әр үйде бір-бір тентек дабыл қағар.

 

Алдияр атаң шығар басы қардай,

Ақжаулық анаң шығар асыл ардай.

Көйлегін оқыс тартып жеңгең шығар,

Жыртылған сағынышты жасыра алмай.

 

Аптапқа шыдамай сен қалсаң жасып,

Астынан аяғыңның бар жел қашып –

Сап-салқын отау тұрар,

Сен кірерсің – 

Аспаннан түскендей боп алшаң басып.

 

Басыңа құс жастықты биік жастап,

Амандық-саулықты да сұйық бастап,

Аптығыңды басқанша,ағаң жетер –

Бір бағланның кәлләсін қиып тастап.

 

Сен сонда көргенді боп көнесіне,

Бет сыйпап,барып қайтсаң «төбесіне»,

Қораштау басыңды да хан көтеріп,

Құлың болып кетеді-ау төресі де.

 

Кешеді – қыздарға да қырындасаң,

Тек түнде жының қозып,ұрынбасаң.

Кешеді – «тимеңдерші бір ит қой!» - деп,

Өзіңді сыйлаушыға «ырылдасаң».

 

Қалмай ма бұл кеңдіктен серпіліп ой,

(Ой дегенің – жеткізбес жер түбі ғой)

Ауыл, ауыл – сараңдық сандығы емес,

Дала көңіл қазақтың төркіні ғой!

 

 * * *

Даламызда обалар көп...

Жер жыртығын мәңгі қалған бүтіндеп,

Айта берсек,

Ішімізде дертіміз көп, түтін көп.

 

Тілегіміз –

Енді қайта төгілмесін

Көз жасы мен қан саулап,

Оу, тірілер,

бізге қалды,

бізде қалды,

Дүниедегі бар салмақ!

 

  ҚЫЗДАР

Қарайды-ау қыздар

Қарақат көзін төңкеріп,

Жанарды ғажап

байлайды сиқыр еркелік.

Мұндайда тіпті

құрып-ақ кеткім келеді-ау

Қыз – дүниенің

ыстық деміне өртеніп.

 

...Лүпілдеп тұрған

жүрекке жүрмей әмірім,

Дал болып барам -

Қаттырақ соғып тамырым.

Еліктей өңшең

елеңшіл қызды көрдім де,

Ессіз бір шөлім

басталып кетті-ау, тәңірім.

 

Әнеки, әне,

ақсүйрік ару жымиды,

Мойнына іліп алғысы келіп бір үйді,

Жайғысы келсе

жігіттер үрім-бұтағын -

Бұраң белдерге

бастарын байлап құриды.

 

Қашаннан мәлім,

Қыз деген жақсы "жау" халық,

Еш жігіт одан

көрмесе керек сау қалып,

Өлем деп қорықпай,

тиіскің келіп тұрады-ау,

Көздердің оғын

өзіңе ылғи аударып.

 

Бозбала түгіл,

айтпай ма қызды шалдар да,

Түнде де сәуле

жүгірер құба талдарға.

Самарқанды да садақа қылып бір ақын,

қыз үшін қиған

қара ормандарын хандар да.

 

Сыры не мұның?

Қыз деген неткен өр есім?

Қымызға қызып,

қыз жайын толғай бересің!

Ғажап-ау өмір!

Баласы болып бір қыздың,

Тағы бір қыздың қосағы болып өлесің.

 

* * *

Абай киген жадағай мен күпіні,

Үстімізге тигізбейміз бұ күні.

Қаламсаппен жазған жырлар бірақ та,

Қауырсынмен жазған жырдан жұпыны.

 

МАХАББАТ

Маңғаздардың махаббаты,

Елден бұрын ертерек оянады.

Сарбаздардың махаббаты,

Қызыл қанға белшеден боялады.

 

 Кербездердің махаббаты –

Жаңғырығып жатады төсегімен.

Енді ездердің махаббаты –

Өртенеді өлексе кеселімен.

 

Пақырлардың махаббаты –

Ауса күндік тиын мен тебеніне,

Ақындардың махаббаты –

Өлерінде көшеді өлеңіне.

 

СОЛ БІР ТҮН

Сол бір түнде кес-кестеп ағыс нұрлы,

Бізді қосу амалын қағыстырды.

Сақылдаған аязды құшақтарды –

Сүю деген бір желім жабыстырды.

 

 Мың тербете сол түнге нұр сіңірген,

Алғыс айтам бүгінгі жыршы күннен!

Сол түн екен қос жүрек дәнекері,

Қимастықтың басы екен күрсінулер!

 

  АЙНА

Өзіңе өзің қызығып,

Зиян ба, әлде пайда ма?

Отызға дейін сызылып,

Қараумен келдің айнаға.

 

 Қылымсып әнтек бөліндің,

Тотыға ұқсап топ құстан.

Қызығын кештің өмірдің,

Көбелек сынды от құшқан.

 

Аясам сені оғаш па,

Айнаға қарап кешпе күн.

Неге сен, қалқам, о баста

Анаңа қарап өспедің?!

 

Мен ақ жаңбырмын

Мен ақ жаңбырмын,

Ағыл да тегіл жаумаған.

Қазбауыр бұлтпын –

Күн қолтығында аунаған.

Атырауда жанған кішкене ғана алаумын,

Таулардан соққан самалмен қатты лаулаған.

 

Мен бозала таңмын,

Тамылжып әлі атпаған,

Сайрампаз құспын 

Даусымды жаңа баптаған.

Жартасқа соқсам жуаси қалар жөнім жоқ,

Мен ақ толқынмын,

Нөпірімді артқа сақтаған.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan