Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Меңдібек Лұқпан. Ай қарашығыңдағы әлем...

Меңдібек Лұқпан. Ай қарашығыңдағы әлем

13.10.2025

4979

Меңдібек Лұқпан. Ай қарашығыңдағы әлем - adebiportal.kz

Меңдібек Лұқпан – 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің түлегі. Облыстық, республикалық әдеби байқаулардың жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 

 

ЖАН-ҒҰМЫР

Өкініштен өртенгенде өзегім, 

бәрін ұғып, сеземін.

Өз кеудемде жараланып жүрегім,

Өз кеудемнен табылады өз емім.

 

Ой құшқанда,

оранғанда мұңға асыл,

Жүрек үнің тыңдашы.

Жүріп өткен жарығынан көшемнің,

Көрінбейді көлеңкемнің сұлбасы.

 

Қателестік қай қадамнан,

біз неден?!

Өмір мәнін іздеумен.

Өмір сүру – өз-өзіңді жоғалту,

өзіңді іздеу өзгеден.

 

Мүмкін бе осы ауыр ойдан арылу?!

қабырғаға таңылу.

Тәңірге аян,

жан ұқпаған сезіммен - 

жалғыздықта жабығу,

жалғыздықтан жалығу.

 

Мен жаныммен,

мен хәліммен мұңлымын,

Бір күнге ұқсас бір күнім.

Өмір деген – кеңістікке кең сермеу,

Жұмыр жерге байланғанмен кіндігің.

 

Мендегі сәт, менің жаным кешкен күй,

Бұйра бұлттар көшкендей.

Жан кеудемнің жан жылатар дауысы,

Кеңірдекте кетті үзіліп,

естілмей.

 

Қайтқан құстың қанатында қамкөңіл,

Айтса сырын жан ғұмыр.

Жан біткеннің жүрегінде бір жарық,

Бір аяулы күн кешеді мәңгі өмір.

       

         ОЙ КЕШУ

Ой құшып,

ой кешумен сырғиды шақ,

Менің ауыр мұңымнан мүлгиді бақ.

Қауызының кірпігін сәл көтерген,

Жиек тұсқа жан тұрар гүлдей қарап.

 

Хақты сүйген құлдың да хәлін кештім,

Хаққа аян, ұқпайды жаныңды ешкім.

Орманында опасыз ойларымның,

Оттай лаулап, 

шоқ болып,

жалын құштым.

 

Жан кеудеңнен аспайды тілек, үнің,

Жан дауыстан жаңғырған мың егілдім.

Хәлін сұрап қауғасын салар көңіл,

Шыңырауда күн кешкен жүрегімнің.

 

Артты өкініш,

тосады алдыңды арман,

Жалғыздық-ай, тәніңнен жанды ұрлаған.

Тәңірінен қателік іздегендей,

Наз айтады неліктен тағдырға адам?!

 

Неге өкініш өзекте өртенеді?!

Неге сауал сананы көмкереді?!

Шоқтай маздап кейбір ой шыжғырады,

кейбір ой кеш оянып,

кейбір ой ерте өледі.

 

Өткенге де өзімді оралтамын,

Ойдан ауыр өзіме жүк артамын.

Өкпелегіш адамдай өзегінде өрт,

Ой үстінде өзімді жоғалтамын.

 

Көз алдымда көлбеңдеп шақ кешегі,

Жарығындай алдайды жат көшенің.

Жау аңдыған қаскөйдей қас қарайса,

Ой аңдимын,

оңаша сәт кешемін.

 

         ***

Мен өзімді жоғалтудан қорқамын.

Жоғалғанмын ауыр мұңның ішінде.

Жалғыз түнде жарым оймен жортамын,

Жалғыздығым үшін бе?!

 

Дәуірлерге жұтылуға сескенем,

Жылдардың да жоғалғаны - өшкені.

Ессіз шақта есіркеген есті өлең,

Есең кетсе, кеш мені!

 

Мезгілдерден мезі болып жан арнам,

Мейірімсіз мекендерге  тоналып.

Түн бесікте тербеледі сан арман,

Таңсәріде жоғалып.

 

Құла түзде құбылғанда көш кері,

Жан жүрегі жанды ауыртып елжірер.

Өткен шақтың орамалы кестелі,

Жел өтінде желбірер.

 

Көңіліңнің кірпігіне мұң қадап,

Ертелі-кеш ес жоғалып, еркі өлер.

Жалғыздықтың құшағында іңгәләп,

Жетім ойлар жетілер.

 

Уақыттарды шексіздікке байланған,

Жалғыздықтың шертіп қылын жан ойнар.

Жоғалмауға, жұтылмауға бар ма айлаң?

Жоғалғанда талайлар.

 

Жан сәулесі жанның нұры ең ұлы,

Жоғалмасын жан адасар түнекте.

Жан біткеннің жұбанышы – көңілі, 

Жалғыздығы – жүректе.

ҚҰС КӨҢІЛ

Кептер көңіл күрсініп көкке ұшады.

Кептер көңіл қайғыдан көп құсалы.

 

Жанға да ауыр жалғаннан жерігені,

Жанға да ауыр қимауы сені, мені.

 

Жақынынан жат болған жаннан безді,

Жалғыздық деген оның жан ба егізі.

 

Жан ауырып жатсынып жерден кетті,

Екінтіде есінеген елден кетті. 

 

Көк жүзінде қия алмай қалықтады,

Қоштасқанын қос қанат жан ұқпады.

 

Қимай қала, көшені, дала, ауылды,

Оның қимастығынан жан ауырды.

 

Жалғанынан табылмай мұң-шерге емі,

Көк құшағы үміті, бір сенері.

 

Ұзақ кетті ол жерден,  ұзап кетті,

Көктем бәлкім, кеш келген күз ап кетті.

 

Көрінбей жас көзінен тамшылады,

Сөне берді шартарап шамшырағы.

 

Қайта айналып артына қайрылмады - 

Үзілгені жанынан айырылғаны.

 

         ***

Жарық күннің сәулесін, бөліп алар көлеңке,

Жарық түнде жұлдыздар сөніп ағар көп ерке.

 

Сәт пен шақтың бейнесі  - естелігің аяулы,

Көңіліңе салса да, кірбін түсер қаяу мұң.

 

Кешкен күйге күрсініп, тәні бөлек, жаны өзге,

Мейірімсіз мекеннен, мейірленген мән ізде.

 

Күрсіністің көркі мұң, өңі өртенген шерменде,

Өкініштің арты азап, алды алданыш білгенге.

 

Шұғыласыз нұр жүрек, тынысы тар пейілден, 

Суыйды жан сезімі, жалғыз жортқан сейілден.

 

Күрең сөздер күбірі, естіледі маңайдан,

Кіршең тартса көңілің, жалғыз бейне жан айнаң.

 

Орман ойдан адасып, абдыраған аңғал шақ,

Жадырайды жан кеуде,  жаны ізгі жанды аңсап.

 

Азан, бесін, ақшамда алып ұшқан көңілің,

Қай бағытты бетке алды, қай қиырда өмірің.

 

Қынжыласа жүрегің, жанарынан жас тамар,

Тамған жасқа таңырқап, тамсанады басқалар.

 

Қорқынышы Құдайы, жұбанышы Тәңірі, 

Ұлылыққа көтерер ұлы Хақтың әмірі.

         

  СӘУЛЕ

Кезіп өткен де даңғылың,

Кешіп жүрген көп көшеңде.

Жолайрықта жан құрбың,

Жөн айтар не десеңде.

 

Қоштасар жандар, о несі?!

Қимастығың да - қалауың.

Жақсы жандардың сәулесі,

Лаулатқан кеуде алауын.

 

Жадырайды жан шуағы,

Толқын тулаған ол - теңіз.

Тәңіріңнен де сұрауы,

Келмейтұғын бір көркем із.

 

Кешкен ғұмырың жалған ғой,

Елесі кезген тамұқта.

Қараңғылықта қалған ой,

Жол табады жарықтан.

 

Сәулелі ойлар, сәулелі із,

Сәулелі жанды жан ұққай.

Қалтылдап қалдық па әлде біз,

Қайраңда қалған қайықтай.

 

Қайықтай қалқып қу басын,

Кемедей кешкен күйіңді.

Тумаған Тәңір - турашыл,

Мекенсіз Құдай - мейірлі.

 

Өкініш өрттің от демі,

Өкпелеуге де алмасты.

Адамның соңғы сәттегі,

Жанары неге жанға ыстық?..

 

***

Екі оттың ортасында жүрмін...
Жазмыш пен тағдырдың,
Өмір һәм өлеңмен.
Нөсер мен жаңбырдың,
Қиын ғой дегенмен...

Қиын ғой дегенмен... 

Күрсінгем, 
Пендешіліктен де биік ой.
Қаусырап қалған құр сүлдем, 
Қансыраған жанның күйі ғой.

Көз жазып көктем, жазымнан, 
Ішпеген сірә бар ма уы?!
Жазмышым мәңгі жазылған,
Тағдырым – Тәңір таңдауы.

Өмір – ұсқынсыз сұлудай,
Өлең – өмірдің өксігі.
Өзіңнен өзің қымсынбай,
Көзіңнен жасты төкші ұлы.

Мен деген ешкім де емеспін, 
Ешкімге емеспін ешкім де.
Осы бір оттан да мені ешкім,
Арашалай алмайды білсендер. 

Шешімін таба алмай ояндым, 
Мазасыз ойлар әр күнім.
...Жол сілтеп жіберші, аяулым,
Жол сілтеп көрші, жарқыным!

         БЕЙУАҚЫТТАҒЫ БЕЙНЕ

Ғаламымда – тыныштық, әлемімде – үнсіздік,

Жанарында – сөнген от,  жүрегінде – мұңсыздық. 

 

Көп күбірмен көшкен жұрт, көлеңкесін жоғалтып,

Құла түзде құбылсаң, Құдай сүйген жол артық.

 

Жол бастайды үміт пен жетелейді жанды арман.

Үмітсізге бір-ақ сәт, жеріп кету жалғаннан.

 

Ақтай алмай хәліңді, аттай алмай арыңды,

Жеңілісі жүректің жылатады жаныңды.

 

Күрсінгенмен көңілі, жерлей алмас жан мұңың,

Құдайынан сұрар ме ед(і) бір бейнеткеш тағдырын.

 

Өкпелесе де өктеммен өңі өзгермес өмірдің,

Көктен үркіп жерде жүр кептер мұңы көңілдің.

 

Өзің-өзі іздеумен, өзің-өзі аңсаумен,

Тоғыспаған тағдырлар, қауышпаған қанша әлем.

 

Жол іздеген жолаушы, жоқ іздеген жан қанша?!

Келешектің көркі не, бүгінмен жан алданса?!

 

Жалған көшіп барады, жағасынан алмай-ақ,

Бейуақытта бет түзеп, жалғыз жортқан жанды аяп.

 

АЙ ҚАРАШЫҒЫҢДАҒЫ ӘЛЕМ

Ай қарашығыңдағы әлемде көңілсіз рең,

Кірпігіне түндердің мұң ілініп,

Көңілсіздеу реңімен өмір сүрген.

 

Ай қарашығыңдағы әлемнің мұңы асыл,

Шұғыласын шашпаған күзгі күндей.

Мұңынан бір Мәжнүн күй ұғынасын,

 

Ай қарашығыңдағы әлемім сынық қанат,

Сынықтығы сорындай көрінгенмен,

Бақытына балайды күліп қарап.

 

Ай қарашығыңдағы әлемде өрнек бөлек,

Ою бөлек, ой бөлек, өлең бөлек,

Ол – Көкіректің көзімен өрнектелмек.

 

Ай қарашығыңдағы әлемді сүйемін мен,

Сәлем жолдап жоғалар қимай қарап,

Күн шығыстың көрінсе жиегінен.

 

Ай қарашығыңдағы әлемім көз іледі.

Сөз ереді соңынан дәрменсіз хәл,

Үнсіздігі – өртенген өзегі еді.

 

Ай қарашығыңдағы әлемге бір көрінсек...

...Әлди жырын айтқанда жұлдызды аспан,

Тыныш қана тербетер Түн – келіншек. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan