Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Мехреддин Өтегенов. Құмыққан бұл даусымды кім ұғад...

Мехреддин Өтегенов. Құмыққан бұл даусымды кім ұғады

21.11.2025

3738

Мехреддин Өтегенов. Құмыққан бұл даусымды кім ұғады - adebiportal.kz

Мехриддин Өтегенов – ақын. Түркістан облысы Созақ ауданы Қайнар ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы университеттің түлегі. Өлеңдері көптеген республикалық басылымдар мен әдеби порталдарда жарыққа шығып тұрады. «Мен торғаймын» жыр жинағының авторы.

***

Әпкем үйге келген сайын,
Перделерді түріп,
Күнге көзін сығырайтып қарап тұрады.

Бөлме ішіне құлаған көлеңкесін,
Жиендерім ойын қылады қуалап.

Терезені ұрады:
Досжан атаның жөтелі,
шатырдағы құстардың үні,
көрші әйелдің сәлемі...

мен,
босағаға оң иығыммен сүйеніп,
әпкемді сағынғанымды айта алмай,
жиендерімді қайта-қайта сүйе беремін.

Бөлме ішінде ауыр күрсініс пен,
Кіршіксіз шаттық күресі жүріп жатады.

Әпкем артына қайырылмай,
Терезе алдында ұзақ тұрады.
Етегіне жармасқан жиендерімді де елемей.

Әлде бір уақытта,
Жанарынан бір тамшы жас құлап түскенде,
Перде артына тығылып қалады.

Жиендерімді өзіме шақырып алып,
«ал, аналарыңды іздейміз, бірақ перденің артын қарауға болмайды»,- деймін…

Жиендеріме сүйсінемін сонда,
61-ге дейін санайды.
Аналарының перде артында екендігін білсе де,
Кілемнің астын көтеріп қарайды,

соңыра,
Әпкем: 
«анашым, мен перденің артындамын»,- деп, сыбырлайды.

Ал, біз іздеуді тоқтатпаймыз…

Сұрау

Біз,
Неліктен көрмейміз мұңды,
Неліктен сезбейміз тасты.
артынан ереміз мейірімсіз жылдың,
бейуақ төгеміз жасты...
басынан сипаймыз кімнің,
қайтеміз налыса көңіл?
алдына түсеміз қайырымсыз жылдың,
бүгінгі қадамдар жеңіл...
нелерден жалыққан дәуір,
болашақ сүріншек осы.
сөздердің салмағы бәрінен ауыр,
ғаламда үнсіздік көші!
маңдайдан сүйе ме тағдыр,
сүйгізсе несіне ол, жалған...
дәл қазір, көшеде көңілсіз жаңбыр,
тұл ағаш кімдерге қорған!
көрдің бе күнбағыс пісті,
қоңырым сездің бе күзді.
қарлығаш қай маңға,
қайрыла ұшты.
сұраушы кім енді бізді?
жалғызға - жүректер өлі,
жалғызға - жылаған ауыр
адасқан уақыттың өтінде мені,
күтпеген секілді дәуір...

Аула

Таң
аулада сайрайды құстардың үні
қанатын еріне қаққан.
көліктер дауысына көмілер көше,
ағылған белгісіз жаққа...
Түс
ауладан ұшады періште күлкі,
балалар періште емес пе, досым?
балконнан сүйініп тұрамын,
жалғыз...
6-шы қаббатан құлап көз жасым...
Кеш
ауладан асыққан қадамдар дауысы,
үйінде күтеді қадірлі жандар,
аялдама, адасқақ көшелер менен,
сүйікті қалалық шамдар!
Түн
Ауладан естілер көмескі күбір,
Оқылар кітапқа енбеген өлең.
Төменнен қол бұлғар бейтаныс жалғыз,
Келмейді шақырғанменен...
Таң
аулада сайрайды құстардың үні,
ұядан ұшпаған әлі...
балконда естілер көмескі күбір,
бейуақ ауырған жаным...

***
- мен торғаймын күз келіп,
…бүрсеңдеген
жып-жылы құшақтарға кірсем деп ем!
өлкені өңі қашқан,
өзім қимай,
қанаты ақ жанымның кіршеңдеген.
сайрай-сайрай үнім де құмығады,
құмыққан бұл даусымды кім ұғады!
алақан бар болса егер,
жанды қайтем,
тым болмаса өң-бойым жылынады.

***
нүктедей ғана ғұмыр -
Қара торғай,
Безектеп қанат қағар қарата алмай!
Үп еткен желге қарсы ұша алмайды.
Құдайым мұнша нәзік жаратар ма-ай?!
менің де арзуларым желге ұшады,
менің де жан-жүрегім сенгіш әлі.
сенен мені айырар қандай күш бар?
сондықтан түсінем ғой мен құсал!

***

Досым,
екеуміздің жолымыздың түйіспейтінін білесің.

Сенің арманың  — маған жат,
менің арманым — саған жат.

әңгімеміздің ауанын
темекімді ернімнің ұшына қыстырған сәттен-ақ сезесің.
Жалғыз қалуға мұрша бермейсің —
жалғыздығымның ішінде де сен барсың.

Екеуміз неше шынаяқ кофе,
неше шыныаяқ шай іштік екен?
Қанша ауыр ойларға тапталдық,
қанша үмітімізді жоғалттық,
қанша уақытымызды сарп еттік
бір-біріміз үшін?

Біз бір-бірімізді құтқарған жоқпыз…
Бір-бірімізден қашқан да жоқпыз…

Міне, есік алдында отырмын —
сен кіріп келетіндей, көзімді есіктен алмай.
Сен кіріп келетіндей, шәйнегімді суытпай отырмын,
сырымды ешкімге айтпай, ішімде сақтап.
Сен кіріп келетіндей, қызыма атыңды жаттатып отырмын.

Сен кіріп келетіндей…

 

Түсу

Аға,
қажытты уақыттың кәрі,
Уақыттан жеңілдік неге?
өз-өзін ұмытқан бәрі,
өзгені танимын деме!

көмескі біз күткен жарық,
көз жасың шая алмас мүлде.
түсімде тізілген табыт,
табытта жоқ екен мүрде!

салмағы жылдардың ауыр,
таулардай шөгіпсің бүгін.
тек өзің секілді бауыр,
бауыр деп іздейді кімім?

қарайсың жетілген маған,
кешегі күндерге сәлем...
Тарылып жатқандай ғалам,
ұмытылып жатқандай әлем.

жазылар тәндегі жара,
өзімді таныдым бүгін.
анамның көзімен қара.
өзіңнен аумай ма інің?

қажытты уақыттың кәрі,
Уақыттан жеңілдік неге?
өз-өзін ұмытқан бәрі,
өзіңді танимын деме!

 

Үзінді

Әкем қоғамға кезене алмаған мылтығын иығына асып,
Дала кезіп кететін.

Тәтті тоқаштарының ыстығын алақанына басып, 
Үйде қалатын-ды анам.

Анам әкемді жол қарайлап күткен емес,
бірақ, әрдайым қақпаны ашық қалдыратын.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan