Мезгіл мақамдары

Ақын Шолпан Жібекәлиқызының төрт мезгіл туралы өлеңдер топтамасын ұсынып отырмыз.

127

Мезгіл мақамдары - adebiportal.kz

ЖАЗ ЖЫРЫ: Тоғыз тарау, тоғыз гүл

Жаз күледі жасырынып миықтан, 

Көк жүзінде тербетіліп тұнық таң. 

Алаулайды алтын Күннің шапағы, 

Асып барып ендік бойдан, иықтан. 

 

Әсем дала, әсте сенен аумайды,

Қиял құсы күнге барып аунайды. 

Сарғыш сағым көкжиектен сығалап, 

Жаз жарқылы жүрегімді жаулайды. 

 

Ақ бұлттарын анау шетке айдап ап, 

Күн көзімен жайқалады жасыл бақ. 

Түрлі түске енер маңай құлпырып, 

Жаздың жырын тағы да бір жалғасақ. 

 

Күн күлкісі кеткен қайта жазданып, 

Бұрынғыдан әлдеқайда назданып. 

Жаз келгені қандай ғажап далаға, 

Кетті өмір, кетті көңіл жалғанып.

 

Жаз сәніндей жібек көйлек желбегей, 

Етегі гүл, сүйретілген жерге кей. 

Енді тынық, енді шуақ, жаз әні, 

Қайтіп қана кетер жолды жел бөгей!

 

Қонағыма төседім көк көрпемді, 

Жаз келгенде көңілім тез жайланып. 

Жаз самалы желпігенде шашымнан, 

Қуанғаннан кетті басым айналып. 

 

Судың сылдыр қаққаны да әдемі, 

Тоғысқан бар табиғаттың әлемі. 

Жаздың жырын жырлағаным жаңадан, 

Жаңа сөздің, жаңа келді әуені!

 

Көбелектер татсын гүлдің бал дәмін, 

Кім келтірер тіл үйірер балға мін? 

Сол гүлдердің иісінен мастансаң,

Сен де құрбым, жазға ғашық болғаның! 

 

Шүйгін шөбін жағалаудың таттың да, 

Жаныңның бір рахаттын таптың ба? 

Рас екен олай болса достарым,

Келетіні жазбен бірге бақтың да! 

 

Тоғыз орам, тоғыз тарау, тоғыз гүл,

Сол сияқты шумағымда тоғыз бұл.

Бейнелесек бейнелейік тек жазды,

Тоғыз сөзде, тоғыз алуан, тоғыз түр!

Кім сұлу?

Дүниеде нұр боп атар, таң сұлу,

Сұлу емес, кешке батар күн неден?

Шаңқай түсте төбедегі Күн сұлу,

Сұлу емес сұрланатын түн неден?

 

Көзімізге күлімдеген жан сұлу,

Сұлу емес қабақ шыту неліктен?

Сылдыр қаққан бұлағы бар Жер сұлу.

Сұлу емес, құмды дауыл неліктен?

 

Көз тоймастай қарайтын далам сұлу,

Сұлу емес, қоқыстанған жер неден?

Арманымдай қол жетпес Аспан сұлу,

Сұлу емес былғанған ауа неден?

 

Жылытатын жанымызды От сұлу,

Сұлу емес сөніп қалған шоқ неден?

Аспан алып, Жер ана, Күн де сұлу,

Таза ауа, жылы От, Су да сұлу!

 

Алты алып кіл сұлулар атаныпты,

Сонда кімді атаған сұлу емес.

Өмір өзі бір жағы ақ, бірі қара,

Сұлу мен сұлу емес, егес те егес.

Сыр ақтарып…

Әр таңдар атады екен сыр ақтарып,

Қым-қуыт тірлігіңде сұрақтанып.

Бір күн мұңды, бір күнге қуанышты, 

Әйтеуір қалайда бір сынақ тауып.

 

Сынақ тауып қойса да сыр білдірмей,

Сыр білдірмей келеміз сол күнгідей,

Боямасыз өмірді бастан кешіп,

Сыналсақ та бәрі бір сындық демей.

 

Сындық демей, сынсақ та сыналсақ та,

Өткен күннен қаншама сұралсақ та.

Сынғанменен сынбаған сияқтандық,

Гүлдей мынау өмірге құмарттық та.

 

Құмартамыз, құлпырып гүл атамыз,

Сәлем беріп қайтадан құба таңға.

Қарап тұрып тоя алмас күн нұрына,

Қайта көктеп кетеміз қуарсақ та.

 

Сүрінуге таппайсың себеп іздеп,

Себебі ертеңгіге сенеміз көп.

Бар бақшаның гүлдерін жиып қолға,

Кетеміз бар гүлдерге себет іздеп.

 

Себет іздеп кетеміз сол гүлдерге,

Түрленсін деп өміріміз сан түрлерге.

Өмір сынақ саған да маған да шын,

Өз өмірін әркім өзі - ақ бағамдасын! 

Отты шілде

Шілде аптап, шығар жаның шықпастай,

Табаның да өте алмаған шоқ баспай.

Қапырықтан құрғаған бір құла түз,

Жібергендей тас төбеңнен от тастай.

 

Шып-шып терім сыймай мүлде теріме,

Моншақтай боп мөлдірейді төгіле.

Ыстық буын жинаған бар жыл бойғы,

Ыршып–ыршып шыққандай–ау тебіне.

 

Қырларында қып–қызыл боп құм қайнап,

Сағымдары сары белін жүр жайлап,

Жаздың жарқын шұғылалы айының,

Бәрінен де бұрын атар таңы ойнап.

 

Су қайнаған сұлу көлдің бетінде,

Қақшияды күн төбеңнен бесінде.

Келген шілде арпалысып аптаппен,

Сияр ма екен, мынау дала төсіне?

 

От құшаққа оранбайды ешкім де,

Бітер күннің аптабы да бес күнде.

Бір мезгілдің отын да бір сезейік,

Отты өлеңмен от – шілде боп кей-кейде!

Тамыз таңы

Тамыз таңы тарқатып тәтті ұйқымды,

Көмейімнен ағызды ақты жырды.

Бау-бағының базары тарқамайтын,

Таңдайыма тәттірек бал тигізді.

 

Таңғы самал бөлмені бұзып жарып,

Тереземнен сығалап жылу салды.

Осылайша өңірді өзгертіп бар,

Тамыз таңы тағы да сұлуланды.

 

Көкжиектен тартылып тәтті бір күй,

Еліктіріп әкеткен нұрды сүйдім.

Терезеден емес енді есікке еніп,

Қақты тамыз қақпасын шеткі үйдің.

 

Құмарымды қандырып енді бір ай,

Жаздың жұтсам жұпарын жаныма жай.

Не деген керемет ең кербез тамыз,

Сәулесі санада өскен жарығы бай!

 

Тамыз таңы куәсі тәтті бақтың,

Тамашасын сездірген нақ жұмақтың.

Көрейік кереметін жылдан жылға,

Осы кез, осы күндей алтын шақтың! 

Қаздар қайтқан қыркүйек

Қаздар қайтты жаз соңына қарамай,

Күздің күрең көрінісін ойға алып.

Жаздың жырын жырлап едік жарықтық,

Нешеме мың қызығымыз тойланып.

 

Қанаттары талмай ма екен қаздардың,

Кеше ғана көріп едім мәз қалпын.

Жылы жаққа ұшып бара жатыр-ау,

Сақтау үшін әп-әдемі қаз қалпын.

 

Мойындарың майыспай ма тік өскен,

Өздеріңмен жаздың жырын түгескем.

Әлі де ұзақ қалу үшін сендермен,

Бәрі емес, жалғыз өзім күрескем.

 

Қаққан қанат орта жолда қайрылмай,

Жетер жерге жетсе екен қайғырмай.

Қашан келіп табысар деп қайтадан,

Қарап тұрмын көздерімді тайдырмай.

 

Ән де неге әсерлі боп шықпайды,

Қанаттары қалыпты кең жайылмай.

Қимастықтың белгісі ме сендегі,

Мендегі сол балалықтың шағындай?

 

Қаздар қайтса қыркүйектің соңында,

Айырған да шығар оңын солын да.

Келер жылы келсе қайтып болғаны,

Сол кезеңде түгенделер жоғым да!

Қазанда қар борай ма?

Қазанда қар борамайды, қылаулар,

Шөп басында бозқыраудай қырау бар.

Қазанда қар борағанын көргем жоқ,

Неге онда қар борардай сұрау бар?

 

Қазанда қар борағаны оңай ма?

Үсік жүріп, суық шалған қолай ма?

«Қазан ұрған» кезде бәрі қаумалап,

Жылы жерін қолайлайды алайда.

 

Қазанда қар борай қалса егер де,

Қасқайып кеп қарсы тұра алар кім?

Қорада мал, адам үйде жан сақтап,

Алына ма бірнеше күн қамауға?

 

Дайын емес едім мен де боранға,

Бетімді сол жылы да етіп орауға.

Ұйтқиды кеп қыстағы ақ борандай,

Мүмкін емес көзді ашып қарауға.

 

Күземнің де мезгілі кеп осы айда,

Күздің көркін әнге, жырға қосқан ең.

Күздікті де осы кезде қамдап ап,

Көтерілген қазанымды тосқан ем.

 

Қоңыр қызыл жапырақтар құлпырып,

Жерге гүлді төсеп берер мақпалдай.

Ағарып таң атқандай-ақ секілді,

Қызарып та батып бара жатқандай.

 

Қазанда қар борамайды, қылаулар,

Терезеге тығылғандай қырау бар.

Қазанда қар жауғанын еш көргем жоқ,

Неге онда қар жауардай сұрау бар?

Шолпан Жібекәлиқызы

Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan