Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Міржақыпқа арналған жиын...

Міржақыпқа арналған жиын

10.12.2025

3468

Міржақыпқа арналған жиын - adebiportal.kz

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұлт көсемі, ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай «Алаш қайраткерлерінің тілтанымдық саясаты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Міржақып Дулатұлының ағартушылық, саяси-ағартушылық, ұлттық идеяны насихаттаудағы еңбегін жан-жақты талдап, қазіргі заманмен сабақтастыра отырып ғылыми тұрғыдан зерделеуді, жастарға Алаш идеясының мән-маңызын түсіндіруді мақсат еткен конференцияға ғалымдар, студенттер, магистранттар, кітапхана қызметкерлері қатысты. 

Шараны ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ғылыми хатшысы Аслан Гафуров жүргізді. «Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жыл бойына алаш қайраткерлерінің болмысын танып, ерлігін, өрлігін кейінгі ұрпақ бойында қалдыру мақсатында көптеген іс-шаралар өткізілді, Бүгінгі іс-шара да мемлекеттік тілді, ұлтымыздан шыққан ұлт қайраткерлерін, Алаш қайраткерлерін кеңінен насихаттау мақсатындағы жұмыстардың жалғасы», - деген жүргізуші сөзінен кейін филология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұржан Қуантайұлына сөз берілді. Ғалым: «Міржақыптың 1927 жылы «Еңбекші қазақта» шыққан «Қазақ тілінің мұңы» деген атақты мақаласында қазақ тілі сол кездегі қазақ атқару комитетінің мүшесі, қазақтың үлкен тұлғасы Жалау Мыңбаевқа мұңын шағады, онда: «Төңкеріс болды. Қазақтың көзі ашылды. Қазақтың көзі ашылған соң, менің де күнім туды ғой деп қуанушы едім. Жаны жәндем кеткір миссионерлердің, молдалардың, тілмаштардың қолжаулығы болудан құтылдым ғой деп ойлаушы едім. Оның үстіне қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын деген заң шықты. Төбем көкке төрт елі жетпеді. Бірақ, не керегі бар, босқа куанған екенмін...», - деген жолдар бар еді, осы мақала жүз жыл өтсе де, міне, өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ», дей келіп, бұдан ары қарай Ахмет Байтұрсынов еңбегіне, оның ішінде «Тіл құралдың» маңызына  тоқталды.

«РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркін Мұхамеджанов Міржақып Дулатұлы мұраларының телевизияда насихатталуы жайында егжей-тегжейлі баяндап шықты. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «Хабар», «Ел арна» сияқты отандық телеарналар мен теле-студиялар бастамасымен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, тарихи сананы жаңғырту мақсатында «Алаш» қозғалысы, «Алаш» үкіметі мен «Алаш» арыстары жайлы танымдық деректі фильмдер мен тарихи сериалдар түсіріле бастады. Бүгінде «Қазақстан» және «Абай» телеарнасы өз өндірісінде Алаш азаматтары жайлы телебағдарламалар, деректі фильмдер мен телехикаялар түсіруінде қандай жетістіктер мен кемшіліктер бар, сапалы тележоба жасайтын мамандар мен сарапшылар жеткілікті ме, телетуынды жасау тәсілдері қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Алдымен 1990 жылы режиссер Қалила Омаровтың «Мағжан» деген деректі фильмі, 1993 жылы «Міржақыптың оралуы», «Алаш туралы сөз» (1994), 2009 жылы журналист Болат Мүсәлімнің «Алашорда» деректі фильмдері алаш тақырыбындағы алғашқы туындылардың санатына жатады», - дей келіп, болашақта да бұндай жұмыстардың ұлт руханияты үшін аса маңыздылығын айтты.

 

«Айқын» республикалық газетінің бас редакторы Майра Бақытқызы: «Алаш қайраткерлерінің еңбектерін насихаттау туралы бізде тұрақты айдарлар жүргізіліп отыр, осы жиырма жылдан бері тұрақты сұхбаттар, мақала-зерттеулер, тіпті мынау шетелдегі, ресейдің архивіндегі, Еуропа елдеріндегі құнды деректердің табылғандығын оқырманға уақытылы жеткізіп отырамыз», - дей келіп, «Алаш» тақырыбында, Алаш қайраткерлерінің еңбегі насихатталған еңбектер, құнды деректер бар, тіпті жәдігерлер бар деп те ұсыныс айтатын аймақтарда хаттар көп келетінін де айта кетті.  Майра Бақытқызының айтуынша, кейбір архив деректеріне қосымша аңыз бен ақиқат араласқан деректерге қатысты оқырмандардың сұраныстары мен сұрақтарына байланысты газетте тұрақты түрде ғалымдардан сұхбат алынып, мақалалар үздіксіз жарияланып келеді.  

Сондай-ақ, конференцияда Ұлттық құрылтай мүшесі, профессор, ЕНУ-дің доцентіМұратбек Тоқтағазин, Халықаралық сарапшы Даму Омарғазыұлы, Халықаралық сарапшы Едіге Қожахмет, жазушы, әдебиеттанушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева және тағы басқалар Алаш қайраткерінің қазақ тілін дамыту жолындағы қызметі, тіл саясатына қатысты ұстанымдары мен көзқарастары, бүгінгі тіл ғылымына, журналистика саласына әсері мен ықпалы жайын талқылады.

 

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan