Мұхаммад Юсуф – өзбек әдебиетінің көрнекті өкілі, халықтық лириканың аса ірі ақындарының бірі. Ол 1954 жылы Өзбекстан Республикасының Ферғана өңірінде дүниеге келген. Балалық шағы ауылдық ортада өтіп, туған жер табиғаты мен халықтық өмір салты оның дүниетанымы мен шығармашылық бағытының қалыптасуына зор ықпал етті.
Жоғары білім алып, әдебиет пен журналистика саласында қызмет атқарды. Әдеби басылымдарда, мәдени мекемелерде еңбек етіп, өзбек әдеби өмірінің белсенді қатысушысы болды.
Ақын 2001 жылы дүниеден өтті. Оның мезгілсіз қазасы өзбек халқы үшін ауыр рухани соққы болып, ұлттық әдебиет үлкен талантынан айырылды.
Мұхаммад Юсуф поэзиясының өзегі – халықтық рух пен шынайы сезім. Ол өлеңдерінде қарапайым адамның жан дүниесін, туған жерге деген махаббатты, адамгершілік пен ұлттық болмысты терең лиризммен бейнеледі.
Ақын шығармаларында асқақ пафосқа емес, табиғи сыршылдыққа, жүрекке жақын интонацияға басымдық береді. Сондықтан оның өлеңдері оқырман санасына тез сіңіп, халық жадында сақталды.
Мұхаммад Юсуфтың өлеңдерін өзбек тілінен аударған – Мехриддин Өтегенов.
Лолақызғалдақ!
Не қалар менен?
Екі жол өлең мен екі қап кітап,
...бір уыс топырақ,
адамдар артымнан,
не десе дағы,
мен сені ойлаймын,
құласа жапырақ.
Лолажоним,
Лолақызғалдақ!
Мен кетсем жаманнан жырақ бол, дәйім,
Көрікті жаны ізгі,
ұқсайсың гүлге сен.
Түнекте бір күні –
жарқырар нұрдайын,
Ал, жаман жақсыға айналмас,
білмесең...
білмесең көңілің лай сынды былғанбақ,
Лолажаным,
Лолақызғалдақ!
Көз іліп жатырмын,
сезіп көк әлемін.
Қанатты достарым жаудырып барады,
Жаралы шайырға қоштасу сәлемін?
Сәлемі жанымды тоңдырып барады!
Бар енді, мен үшін қол бұлға,
(қанат қақ!)
Лолажаным,
Лолақызғалдақ!
Сен кешір жарығым,
Күзете алмадым...
Күз келіп бұл елде
мереке басталды,
Бір қызымды да ұзата алмадым.
Жанарда мөлдіреп ып-ыстық жас қалды.
той көрмей өту,
тағдырдан болмақ!
Лолажаным,
Лолақызғалдақ!
О,бірақ
Көңілім сезеді, менсіз де,
үйіме сауықшыл адамдар толады.
Сол күні тойларын жасайды ғаламат,
Қыздарым менің бақытты болады.
Келіндер көйлегі рухымдай аппақ,
Лолажаным,
Лолақызғалдақ!
Гүлім, қасыма келші!
қарашы жалған, ә!
Біреуге жетпейді сарайы, байлығы,
Ал маған ауа жетпейді, сол ғана.
Сондықтан еншілеп келемін қайғыны.
Тірілер ұйқыда,
Өлілер ояу!
Лолажаным,
Лолақызғалдақ!
Көкірек жануда,
кеудемді от шалып,
Докторға айтыңыз жарып-ақ жіберсін.
Бұл тәнім өз досы - жанынан танбақта,
Бейшара жан енді, қай маңды түнерсің?
Ендігі аспан жақын
Енді жер жырақ...
Лолажаным,
Лолақызғалдақ!
Мұны «өмір» деп атар,
Ұмытпа ешқашан.
Бір күні ашылып,
Бір күні соласың.
Жаныңда тек сенің өткіздім өмірді,
Қабірім басында тек өзің боласың.
Сен біздің сүйімнен естелік, шырақ,
Лолажаным,
Лолақызғалдақ!
Әйел жаныңмен,
Отты кеш, суды кеш.
Қайғы алса бақ-құсың ұшпасын басыңнан.
Ілеспе қаншама тартса да мұңды көш,
Қолдарын сілкіп қаш, мойныңа асылған.
Олардың қолында әрқашан сұм тұзақ,
Лолажаным,
Лолақызғалдақ!
Басыңа күн туса,
Мұқаммедке бар,
Шайырлар ішінде сол ғана сенгенім.
Шараптан аларын айтпасаң,
көңілі -
тұп-тұнық,
періште жан еді жердегі.
жүрегі ол жанның сарғайған жапырақ.
Лолажаным,
Лолақызғалдақ!
Жан қайдан табады мекенін, жарығым,
Мен десем,
жүректің түбінен дер едім.
Езілме ел алды,
ертеңгі таңда мен,
Өзіңді өбектеп,
құшақтап өлемін...
Өтініш –
Басымда жылама ұзақ !
Лолажаним,
Лолақызғалдақ!
Лолам..
Тырналар
Жылы жаққа аңсары ауып,
Өтіп жатыр тырналар.
Тыныш жаққа аңсары ауып,
Кетіп жатыр тырналар.
Жанын қалдық сезіне алмай,
Туған жерден көзін алмай,
Қанаты мен жаны мұздап,
Кетіп жатыр тырналар.
Сөзін айтып «қош» деген.
Жанары толы жаспенен.
Жылатып һәм өзі жылап,
Кетіп жатыр тырналар.
Алыс қонар мүлде шалғай,
Соңғы рет бір тілдесе алмай,
Көз ұшында бұлдырап,
Кетіп жатыр тырналар.
Қанатымен көкті тіліп,
Сан қарайлап, сәт кідіріп.
Қимай-қимай жер бауырлап,
Кетіп жатыр тырналар.
Құс еместей, маған бүгін,
Бірі атам, анам бірі.
Жаныменен жаннатты аңсап,
Кетіп жатыр тырналар.
Тыныш жаққа аңсары ауып,
Кетіп жатыр тырналар.
Соғыс болмасын
Әлем бұлай жаралды қашан,
Тіршілік нәрі таралды қашан.
Зұлмат сәтін соға алды қашан...
Не болса болсын, соғыс болмасын.
Көктемді көзбен көрмесем мейлі,
Қырларда гүлдер термесем мейлі,
Басыма бақты бермесең мейлі,
Не болса болсын, соғыс болмасын.
Қысқа өмірімде от басам тағы,
Қадірімді елден таппасам тағы
Әзиз жүрегім тоқтасаң да әлі,
Не болса болсын, соғыс болмасын.
Қадірлей алса адам адамды,
Күйдіріп күл қылса, қара, жаманды
Ертеңін ойлайм(ын) жалғыз баламның,
Не болса болсын, соғыс болмасын.
Жүрек
Қайғым есік қағады.
Қанды көзін бұлады.
Жаным болды жаралы,
Өзің болдың кінәлі.
Ару сүйдің болды арман,
Жаным мұңлы дал болған.
Жұлып алып кеудемнен,
Құтылсамшы жалғаннан.
Дос тұтқаның жау болды,
Кеуде тұсым қан болды.
Сен түйресең кеудемді,
Отқа оранып жол қалды.
Аруларға құштар боп,
Суық тасты құшқам көп.
Сүйген жарым болды арман.
Құшағыма қысқам жоқ.
Сен тәрк етсең кеудемді,
Менен кетіп, көшер мұң.
Жағалауда құм кешіп,
жалғыз ғұмыр кешермін.
Қайғым есік қағады.
Қанды көзін бұлады.
Жаным болды жаралы,
Өзің болдың кінәлі.
Анам жылайды.
Көңілім қалса бұлбұлдан да, дүлдүлден,
Қалар болсам ақырғы сәт бұл тілден.
Егер біреу жылар болса шын ділден-
Анам жылар,
анам жылар,
анам ол...
Сыймай қалсам кең әлемге ұдайы,
Сәт таусылып, рухымды алса Құдайым.
Жансыз тәнім құшып тұрып, шынайы,
Анам жылар,
анам жылар,
анам ол...
жар да, дос та ұмытады, ерте күн.
Анам қалар көкірегін шер көміп.
жер мен көкті зарлы үнімен көмкеріп,
Анам жылар,
анам жылар,
анам ол...
Көңілім қалса бұлбұлдан да, дүлдүлден,
Қалар болсам ақырғы сәт бұл тілден.
Егер біреу жылар болса шын ділден-
Анам жылар,
анам жылар,
анам ол...
Қара шаңырақ
Үш тал гүлін аялап,
Жетілдірді бір күнде.
Үш тал апа-сіңілі,
Ұзатылды бір күнде.
Анам қалды жас бұлап.
Кең дүниеге сия алмай.
Үшеуі де үш жаққа,
ұшып кетті қия алмай.
Сырнай үні көңілсіз,
Сырнай үні зілмауыр.
Ендігі апа-сіңлілер,
Көріседі жылда бір.
Бірі Шашта,
Бірі Үш,
Енді бірі Байсында.
Сәлем жолдап қыздарға,
Айға қолын жайсын да.
Қош бол енді балалық,
Дертіңді енді жаза алман...
Үш қызыңның орнына,
Үш құс алғын базардан.
Қош бол енді, шаңырақ,
Біздерді ойлап қайғырма.
Қыздарыңнан айрылдың,
Құстарыңнан айрылма.
Өз елдерін тапқанмен,
Күн кешсе де жарымен.
Шаңырағың жетілген,
ыстық екен бәрінен.
Үш тал гүлін аялап,
Жетілдірді бір күнде.
Үш тал апа-сіңілі,
Ұзатылды бір күнде.
Қыз ғұмыры өтердей,
Туған жерге елеңдеп.
Бір шаңырақта туылып.
Бірақ бірге жоқ өлмек.
