Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Мұхит Жақсылықұлы. Арғынбайдың арманы...

Мұхит Жақсылықұлы. Арғынбайдың арманы

04.04.2026

56

Мұхит Жақсылықұлы. Арғынбайдың арманы - adebiportal.kz

Арғынбай Жұмажанұлы – ақын, драматург. Моңғолия және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. 1954 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Баян-Өлгийдегі қазақ баспасөз ісінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі, аймақтық «Жаңа өмір» газетінің редакторы қызметін ұзақ жылдар атқарған. «Өлеңдер мен әңгімелер», «Меңдікөл»», «Ертіс жыры» жинақтары мен «Сандуғаш», «Бірлестікшілер» атты пьесалар жазған. Шығармалары моңғол, орыс, украин, болғар, тува, алтай тілдерінде аударылған. 1992 жылы Қазақстанға қоныс аударып, 1994 жылы Баянауыл жерінде бақиға аттанды. Арғынбай Жұмажанұлының жары Қания Жолбарысқызының  өмірлік қосағын еске алған «Пендемін ғой қаныма тартып барам» деген естелік әңгімесін жыр жолына көшірдік.

АРҒЫНБАЙДЫҢ АРМАНЫ

Қазаққа қайда барса қауіп төніп,

Ел бастайтын ерлері күнде кеміп.

Жүргенде орыс-қытай қазақ жерін,

Келісіп иемденген екі бөліп.

Тоз-тоз боп үрей билеп кәрі жасты,

Пана іздеп Үнді еліне бірі қашты.

Бір тобы Алтай тауын шыр айналып,

Ақыры Шыңғыс елі Моңғол асты.

Моңғолдар аз қазаққа пана болды,

Біріне іні, біріне аға болды.

Тұл жетім ата-анасы соғыста өлген,

Кәпірге кең пейілді бала болды.

Жер алып Бай-Өлкедей нулы-орманды,

Үркінді азғана елдің бағы жанды.

Тіліне, дәстүріне ешкім тиіспей,

Қазағым бөтен елде өркен жайды.

Осылай қилы-қилы ғұмыр кешіп,

Бірде лаулап жанса да бірде өшіп.

Атажұртқа деген бір ыстық сезім,

Жалғасып ұрпақтарға болды несіп.

Сол сезім бізді осылай жетелеген,

Моңғолдан туып-өскен жекелеген.

Алғашқы қарлығаштай Алматыға,

Бір топ жас оқу іздеп келген екен.

Соның бірі жұбайым Арғынбай-ды,

Болды ол ақын жанды, алғыр ойлы.

КАЗПИ-ді үздік оқып бітіргесін,

Алдына Алатаудай мақсат қойды.

Өнерін қазағымның өркендету,

Арманға алға қойған талмай жету.

Ұрпаққа тілін, дінін ұмыттырмай,

Болашақ Атажұртқа аман жету.

Ақыры күнде келді көптен күткен,

Қозғалды тоқсан бірде ауыл біткен.

Біз жеттік Баянауыл баурайына,

Кешегі ата-бабам туын тіккен.

Қоймады көш ешкімді ойландырмай,

Үлкенді-кішіні де толғандырмай.

Туған жер Бай-Өлкемен қоштасарда,

Осылай жырлап еді сонда Арғынбай.

...«Қас тарихтың бетке ұрып ағаттығын,

Ата жұртым паш етсе азаттығын.

Елім барда, бойымда жаным барда,

Менің қалай тұтанбас қазақтығым.

Ұрпақ бердің, ұл бердің шалқып барам,

Өлең бердің, жыр бердің айтып барам.

Кешір мені туған ел Моңғолиям,

Пендемін ғой қаныма тартып барам...

...Толтырмаспын ортасын, тектемегін,

Жамау да боп жыртыққа жетпек емен.

Сарыарқаны аңсаймын жұрағатым,

Бұтасының бүрі боп көктегенін...»

Осылай Атажұртқа келген көшіп,

Отырмыз бір Аллаға тәуба десіп.

Ал Арғыш армандаған Сарыарқада,

Мәңгіге жатыр ұйықтап бір төмпешік.

Қондырып ұлдарымды ұясына,

Ұшырып қыздарымды қиясына.

Немере-жиен сүйген әже болдым,

Таяған тоқсан атты бір асуға.

...«Өз елінде еңсесі биік жүрсін,

Өз туына бастарын иіп жүрсін.

Жетелісі ырысқа белден батып,

Талшығы үшін жетесіз күйіп жүрсін»

Ұрпағы ата сөзін ұмытпасын,

Көңілін көк аттыға суытпасын.

Көк байрағын көтеріп биіктерге,

Тілін, дінін, дәстүрін ұлықтасын.

Ұйытқысы болған үлкен жанұяның,

Қазақтай тамшысы ұлы дарияның.

Жүрегі толы мейірім, махаббатқа,

Сөзі бұл Еланасы – кейуананың. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan