Жас ұлғайғанда адамды әрқилы дерт иектей бастайды екен. Кесел одан бұрын да келуі мүмкін. Сол, тарпа жабысқан беті, алып та кетуі мүмкін. Бірақ мен ғұмырымда ауырып-сырқап көрмеген едім. Шаншу-қаңқу, тымау-сымау, әрине, есеп емес. Ешқашан емханаға жатпаппын, арнайы қаралып, атаулы ем-дом алмаппын. Содан ба, салмақ түсірмесе де, мазамды кетірген, сырт қарағанда тым елеусіз, және түсініксіз жағдай мен үшін мүлде күтпеген оқиға болып шықты. Дүниенің бар салмағын көтерген ғазиз бас емес, барлық қуаныш, қиындықты қолқа тамырынан өткізген қайран жүрек те емес, міне, алпыс бірдеңе жыл бойы жер басып келе жатқан, заманның зілі мен зұлымдығы жаныштамаған, тіршіліктің мұңы мен қайғысы өксітпеген, санасыз, сезімсіз, кәдімгі екі аяқ. Отырсам – өзімдікі емес сияқты. Тұрсам, жүрсем, үйреншікті денемді көтере алмай, шытынап сынып барады. Дәрігер... “Дәрігердің қолына түспе...” деген мәтелім бар еді, тұтқынға, байлауға түсуге асықпадым, қазақы ем-дом жасауға кірістім. Содан соң, қытайы нүкте массаж. Шүкірана, оңалып қалған сияқтымын. Өзім кейінгі бір шығармамда әжептәуір қалжыңдасып алған Әз-ағаң, яғни құдыретті Әзірейіл ақсақал, қайткенде де ғұзырындамыз ғой, мені сирақтан тұтпауға тиіс еді. Айтайын деп отырғаным – сырқат жайы емес. Сол сырқат орайында бала-шағаның қалай дүрліккені. Мені сексеннен беріде ат басын тартпайды, тіпті, ешқашан мойып ауырмайды деп білген ұл-қыздарым жапұр-жұпыр болыпты. Үлкенді-кішілі немерелеріме дейін: “Ата, аяғың қалай, ауырма,” – деп сөйлейтін болды. Айналдырған бес-алты бала ғой. Небәрі он-он бес немере. Бала тым құрса жеті-сегіз болмады-ау деп қиялдайтын едім, немерелердің ұзын саны жиырмадан асса деп армандайтын едім, амал қанша, жалғыз әйелдің барын түгестік, бүгінгі балалар сол бес-алтаудың өзін көп көреді, енді міне, алдыңғылары “көкелеп”, кейінгілері “аталап” жатқанда осы барыңа тәуба қылады екенсің.
Құрықтың сұлбасы болмаса да, көлеңкесі көрінгенде қай-қайдағы еске түседі. Бағзыдағы атаң мен әжең, кейінгі әкең мен шешең. Бүкіл өткен өмірің. Қиындығың мен күресің. Мерей мен қуанышың. Өте ұзақ, тым ауыр жол, сонымен қатар, мархамат, мұратты, игілікті кешу. Қайткенде де ғапыл, өкінішің жоқ сияқты. Арман... болса – жасап үлгермеген істерің. Бірақ жүзге келсең де түгел атқарып бітпесіңді шамалап, бүгінгі жеткеніңе салауат айтасың. Ал пенделік тірлігің... ол да қанағаттанарлық дәрежеде өтіпті. Әуелде сүйген сұлуыңды алыпсың. Қырық бірдеңе жыл қосағыңмен қоса ағарыпсың. Өз бауырыңнан тараған бала-шағаң түгел аяқтанған. Келесі буын – немерелер анау, шұрқырап өсіп жатқан. Бұдан артық не керек. Ойлап тұрсам, жалғанның шексіз қасыретімен қоса, фәнидің талай қуаныш, қызығын да бастан өткерген екем.
Иә. Ойды ой қуады. Әрнені екшеп отырғанда, кеше, оқыстан есіме түскен. Дүниені шайқап өткен, бар қызықтың басын шалған Исақан ағам.Біз сияқты бір қатынға қарап қалмай, кезегімен он жеті әйел алып еді. Бәрімен де бақытты ғұмыр кешті. Төрт жыл, үш жыл, көпшілігі тура бір жарым, екі жылдан. Бәрімен де тату-тәтті айырылысты. Жұрт білгенде ешбір әйел көзге болсын, сырттай болсын, арада пәленбай жыл өткенде болсын, Исақан ағама ешқандай өкпе айтпапты, кінә артпапты.Бәрі де мұңая күліп отырып, қимас ризашылықпен еске алады екен.
* * *
Исақан ағам бізбен аталас, жамағайын туыс. Қыз алыспас жақын. Беріден санағанда, ту ұстаған Жанбай-жарғыштан тараймыз. Атам айтқан. Және сылқым, сері інісін айрықша жақсы көретін. Ал Исақан ағам мені жақсы көреді. Бала атаулыға суық дейтін. Алдына алмайды, бетінен сүймейді, ойнатып, күлмейді. Маған ғана басқаша. Қалтасында әлденендей бір тәтті, тым құрса сықпа құрты болады. Және үйге кіріп, мені көрісімен мойнына көтеріп алады. Шағын бөлме ішінде шыр айналып, ат болып желеді, төрдегі текемет үстіне жата қалып, арқасына отырғызып, түйе болып, төрт аяқтай, ырғатылып жүреді. Немесе, мені стол басындағы кішкентай құрақ көрпеге орап, әлдилеп отырып өлең айтады. Мен қазір үлкенмін, жасым тоғызға шықты, сонда да Исақан ағаммен кішкентай бала болып ойнау қызық еді. Бірақ кейінгі кезде көрінбей кеткен. Таңертең ертемен келді. Үйде үлкендерден әжем ғана қалған. Содан соң, сабаққа түстен кейін баратын мен.
Исақан ағам есіктен именшектей кірді. “Ассалау...” – деп сәлем берді. Сөзінің аяғын жұтып қойған. Мен оқып отырған кітабымды тастай сала, алдынан шығып, қос қолдап амандастым. Қазандық маңында жүрген әжем, қырындаған қалпы, бұрылып қарамады. Исақан ағам екінші қайтара, бұл жолы анықтап, “Есенсіз бе, жеңеше!..” – деп, көтеріңкі амандасты да, төр алдындағы, таңғы дастарқаны толық жиналып болмаған дөңгелек стол басына сылқ етіп, малдас құрып отыра кетті. “Сенікі жөн, жеңеше, – деді. – Ұрыс маған. Сөк. Жер-жебіріме жет. Мүмкін, сен ұрысқан соң егіл-тегіл жылап алармын...” “Әлиманның обалын көз жасыңмен жуа алмайсың... – деді әжем өзінде болмаған қатқыл әуезбен. – Е-е, Сал-жігіт... – деп сәл бөгелді. Теріс қарап, жаулығының ұшымен көзін сүртті. – Беу, жалған... Ел аңыз қылып айтатын еді ғой. Қозы-көрпеш – Баяндай, арманда кетіп бара жатқан. Бірақ екеуің қосылдың. Енді міне... İшің қалай өртенбес...” Исақан ағам төмен қарап, тұқыра берді. Бір қызарып, бір сұрланды. “Тағдыр... тағдыр ғой, жеңеше...” – деді бар болғаны. Әжем сол салғырт қалпында шай шығарды. Дастарқанға бір уыс құрт, бес-алты бауырсақ тастады. Мен де бүгінгі кітапты біржола жауып қойып, дастарқан басына, Исақан ағамның оң тізесін жанай отырдым. Әжем күрсініп барып, екеуімізге шай құйды. Исақан ағама үлкен кәрлен кесе, маған кішкентай шыны кесе. “Бес жыл, сарғайып тура бес жыл күтті...” – деді өзіне де шай құйып жатып. “Үш жыл,” – деді Исақан ағам төмен қараған қалпы. “Бес жыл, – деді әжем. – Соғыс басталар жазда үйленбек едіңдер. Ары создың, бері создың. Одан соң майдан. Енді міне...” “Бес жыл... – деді Исақан ағам. – Күтті...” “Обал болды...” – деді әжем. “Менің обалымды ойладың ба, жеңеше? – деді кенет Исақан ағам еңсесін жазып. – Мен содан соң... тура төрт жыл күттім ғой. Ұзақ төрт жыл...” Әжем де басын көтерді. Сол қолымен аузын басты. Көзі бақырайып кеткен. “Солай, жеңеше, – деді Исақан ағам төмен қарап. Манадан бері алдында қозғаусыз тұрған шайдан бір ұрттады. – Енді жаңадан... жас қыз алам... Иә, жеңеше, Әлимамен қызғылықты ғұмыр кештік. Бес жыл ойда, түсте. Төрт жыл бірге тұрмыста. Тату-тәтті, махабатты... Ақыры... осылай болды. Келінің... бұрынғы келінің ешқандай кінә қоя алмайды. Менің де өкпем жоқ. Тағдыр, жазмыш солай екен...”
Бүгінгі әңгіменің мәнісін, одан бұрынғы жағдаятар жөнін кейіннен ғана естіп, көңілге түйдім. Өзімше байыптап, тағы біраз нәрсенің сырын ұқтым...
Исақан ағам мен көрген кездің өзінде келбетті жігіт еді. Еңселі, иықты, кеуделі, қыр мұрын, биік қабақ, қара көз, қызыл шырайлы. Ер көңілді, мәрт. Ашық, жайдары. Ақылды, ұстамды. Бар айыбы оқымаған десетін. Шындығында, ол кезде біздің ауылда қаладан оқу бітірген кісі некен-саяқ. Арнайы білім алса, үлкен қызметте жүрер еді дегені ғой. Бiрақ қазіргі қызметі де осал емес. Аудандық ақша бөлінде істейді. Соғыстан бұрын, тіпті, бастық екен. Есеп-шотқа жүйрік болған ғой. Бірден көтерілген. Жұмыста сыйлы, жұртқа жағымды. Міне, Әлима тәтем екеуі сол кезде жарастық тауыпты. Исақан ағам жиырмада, Әлима тәтем он жетіге жаңа толған екен. Мен көрген, келіншек түскен кезінің өзінде аса көрікті еді. Қос өрім шашы қылтасынан асады. Үшкіл тұмсық, әдемі туфли, қынама бел жасыл қамзол. Қыста биік өкше, ұзын қонышты былғары етік, көк жағалы пальто киіп, басына ақ түбіт шәлі салатын. Не кисе де ұнасымды, әсем көрінетін. Ал өзі... әлі күнге көз алдымда. Қалың, жіңішке, имек қас, кішкентай қыр мұрын, сүйірлене біткен балғын иекті қараторы. Мөлдіреген бадамша көзінде үнемі мұң тұнып тұратын. Тіпті, жадырап күліп, көңілденген кездерінің өзінде. Мұңды еркелік, назды күлкі. Сұлудың өзгеше бір суреті екен.
Исақан ағам екеуі Қыз-Жібек пен Төлегендей, бірден табысты дейді. Қайда барса жұбы жазылмайды. Бірінсіз бірі тұра алмайды. Алайда, аралары таза, аға мен қарындастай келісті екен. Сәтті күні некелесіп қосылмақ. Қыздың кәмелетке толуын ғана күтсе керек. Ақыры той кешіне екі апта қалғанда соғыс басталады. Исақан ағам әскер жасында. Көп ұзамай майданға кетуге тиіс. Қыздың базына, тілегіне қарамастан, үйлену күнін кейінге шегереді. Бір ай өтеді, бір жыл өтеді, екінші жыл жетеді. Соғысқа аттанған жігіттер баудай түсіп, қатарынан, қынадай қырылып жатыр, қара қағаз күзгі жапырақтай, күн құрғатпай келіп жатыр. Ал Исақан ағам қызмет орайына байланысты, айдан айға қала берсе керек. Әрине, уақытша. Ақыр түбі кетері анық. “Мен сені басыңа жаулық салар-салмастан жесір қалдырғым келмейді,” – депті Исақан ағам. “Сен өлсең, көп ұзамай мен де өлем,” – дейді Әлима тәтем. “Қыз қалпыңда қаласың, өлмейсің,” – дейді Исақан ағам, әлде қалжың, әлде шыны. “Өлмесем, өмір бойы тұл өтем, – дейді Әлима тәтем. – Үйіңе кіргізіп кет...” “Менде үй жоқ,” – дейді Исақан ағам. Шынында да, әке-шешесі қайтқан, өзі атадан жалғыз, немерелес аға-жеңгесімен бірге тұрады екен. “Осы қалпыңда күт, – дейді. – Егер... қаралы хабар келсе, соғыс біткенше күдеріңді үзбе... және жарты жыл. Содан соң бақытыңды тап.” “Менің бақытым біреу-ақ!..” – дейді Әлима тәтем. Ақыры, Исақан ағамның да майданға аттанатын кесімді күні жетеді. Әлима тәтем екеуі амандықта көрісеріне нық сенімде, жарқын жүзбен қоштасады. Бірақ Исақан ағам аяғы кемтар туып, әскерге жарамаған, көкірегі ашық құрбыларының біріне Әлима тәтеме арнап шығарған өлеңін үйретіп кетіпті. Менен теріс хабар жетсе, өзіне айтып бересің деп. Құрдас жігіттің ішіне сыймаса керек. Исақан ағамның ізі суымастан-ақ жұрт арасына тарап кетеді. Содан біз ес білгенде, тіпті, ер жеткенде, күні кешеге дейін біздің ауылдағы жиын, тойларда айтылып жүрді. Сөзі де, әуені де өзгеше, сырлы, мұңды ән еді. “Сен шалқар дарияда еркін шомған алтын балық едің. Өзің қалап, менің қолыма түстің. Сүйіндім, тамашаладым. Сүйдім, мейірлендім. Аялап, әлпештесем де, қиянат жасамадым. Бірақ тағдыр мәңгі бірге болуға жазбапты. Енді бақытың ашылсын... Қапияда айрылыстық, қапада өтпе..” Иә. Өлім деген сөз жоқ, бірақ махабаттың аза жыры. Жігіт майданнан аман-есен оралады, ғашықтар сағынысып қосылады, ақыр түбі қапияда айрылысады.
Сөйткен Исақан ағам арада ай өтпей, жасы он сегізге жаңа толған, асықтай ойнап тұрған, күлімкөз, қызыл ерін тағы бір сұлуды құшты. Үшінші жылға қарағанда оны да тастады. Үшінші әйелін алды. Екі жылға әрең жетті. Содан бастап салқам сері Исақан ағамның жаңа бір әйел алуы, оны көп ұзамай тағы тастауы, және кезекті бір қызға құрық салуы – үйреншікті оқиғаға айналған. Иә, айтпақшы, үшінші ме, төртінші ме, беті ашылмаған қыздан соң, есік көрген жас келіншектен де тартынбайтын болды. Аудандағы әлдебір үлкен қызметкердің балалы қатынын бұзып алған. Ұзағырақ, екі жарым жылға тақау тұрды. Әрине, тояты басылған соң оны да тастады. Бір ғажабы, бұл кезде отызды орталаса да, бұдан бұрын неше әйел алған баянсыз атағы болса да, Исақан ағам сөз салған қыз-қатын атаулының ешқайсы да бетін теріске бұрмаса керек. Отызыңыз не, қырықты еңсерген шағында. Жетінші ме, алтыншы ма ретте, Семейден институт бітіріп келген әп-әдемі мұғалима қызға үйленді. Енді тоқтайды дескен көлденең жұрт. Тоқтапты. Бұл жолы толық екі жылға. Келесі қыз, келесі келіншек асыға күтіп тұр екен.
Ал аты аңызға айналған, әнге, жырға қосылған Әлима жеңешем... Исақан ағам қайыра сөз салыпты десетін. Төртінші әйелдің тұсында, немесе бесіншінің қарсаңында. Ойнап-күлмек емес, иын ниетімен. Қайта қосылайық десе керек. Әлима тәтем толқып, жұмсарып барып, тас болып қатыпты. Біздің махаббатымыз өлген. Мына мен – құры дене. Өлексемді сүйретіп, қайта оралсам да, бұрынғыдай болмаймыз. Әуелгісі рас болса, ерте ме, кеш пе, қайрылып бір соғар деуші едім... Ризамын, қош дейді. Көп ұзамай, ол да күйеуге шыққан. Ешқайда кеткен жоқ. Осында, аудан орталығы Сартеректе. Мен жетінші класта оқитын едім. Күзде ауылдағы әжем өлген, өзім кісі үйінде тұрам, жарымкөңіл әрі ашқұрсақ дегендей. Әлдеқалай, есігінің алдынан өтіп барады екем. Дауыстап тоқтатып алды. Бауырына басып, бетімнен сүйді. “Әжеңе бара алмадым, алды жарық болсын!..” – деген. Көзі қаймыжық жас екен. Менің әжемді ғана емес, өзінің өткенін де есіне алып тұрғандай. “Үйге кір!” Кірдім. Бесікте бақырып жылап, балпанақтай ұл жатыр екен. Әлима тәтем “Қазір, қазір, құлыным, қазір, қазір...” – деп жүріп, шешіп, қолына алды. “Міне, сенің ағаң,– деді. – Туысқан ағаң. Жарғыш-жәкемнің тұяғы...” Сүй деді де, қара көздерінен моншақтай үзілген жасын әрең тиып, кішкентайын құйрығы жалаңаш қалпында бір иығына асқан күйі, маған ас қамдаған. Бір тал майлы қабырға. Қалғаны сол болса керек, үш-төрт бауырсақ. Менің тамағымнан нәр өтпеді. Жарғыш-жәкесі, яғни Жанбай атам қайда, Әлима тәтемнің, яғни бұрынғы жеңгемнің қазіргі қосағы мүлде басқа ру, тіпті, сырттан келген, бөтен кісі. Исақан ағамнан туса, айтқанындай, маған шын іні болар еді... Сөйтіп отырғанда күйеуі келді. Үлкен мансапты – райкомда нұсқаушы болып істейді дейтін. Танауы қусырылған, сазбет, ақсұр кісі екен. Өзі жап-жас. Өзі соншама кекірт. Маған бірден-ақ ұнатпай қараған. Мен майлы қабырғаны сыдырмаған, жалғыз бауырсақ жеген күйімде, рақмет айтып, шығып кеттім. Енді қайыра бұл үйдің ауласынан айналып өтетін болдым. Өзімнің жүрегім ауырмас үшін. Бір замандағы бақытты жеңгемнің көз жасын көрмес үшін.
Уақыт алға жылжып өте берді. Мен ержеттім. Мектеп бітірдім, Университетке түстім. Аспирантураны тәмамдадым. Үйлендім. Қызметке араластым. Әдебиетші, жазушы ретінде танылдым. Қалада тұрам. Бірақ ауылдан мүлде қол үзбегем. Екі жыл, төрт-бес жылда оралып соқпай қоймайсың. Алдағы ақсақалдар, көзтаныс ағаларды көресің. Көрмесең сұрастырасың. Анау қайтыс болған. Анау алыстағы баласына көшкен. Бәрі де заңды, табиғи. Исақан ағамның да болмыс-бітімі, өмір кешуі үйреншікті, әдепкі қалпында. Мән, жөнін сұрағанда біреулер көңілдене күледі, енді біреулер бас шайқап, қолын сілтейді. Бір барғанымда тоғызыншы әйелімен тұрып жатыр екен. Келесіде он екінші, әлде он үшінші әйел. Соңғы жолы он төртінші, әлде он бесіншіге жетіпті. Мен сұрастырған, жөн-жобасын білетін ағайындар кейде өзара дауласып қалады. Бірі он беске толған жоқ десе, екіншілері жиырмаға тақатып қояды. Ағаң жиырма бестен беріде тоқтамайды деп қағытады мені. Екі-үш рет өзін де, жүзбе-жүз көрдім. Үлкен үйге, алыстан келген бауырына арнайы сәлемдескен. Кейінгі келісінде әңгімемен әжептәуір отырды. Кең маңдайына қосарлы әжім түсіпті, жирен шашына қылау кірген. Бірақ өңі қайтпаған. Бойы тіп-тік. Толық та, арық та емес. Бітімінде тәкаппар бекзаттық бар. Отырысы кербез, сөзі байыпты. Менің бар жазғанымды қадағалап оқып жүреді екен. Біздің әулет ежелден билікке, сөзге бейім болды. Пәлен атаң би еді. Түген атаң батыр еді. Пәлен ақын, түген шешен... Осы жаңа заманда үлкен жазушы бізден шықпағанда кімнен шығуы керек еді деп, өзін де көтермелеп, мені де марқайтып кеткен. Ақыры бір күні Алматыдан, арнайы іздеп тапты.
Кешқұрым еді. Ақсақал босағадан аттасымен, абыр-сабыр болып қалдық. Шай қайнатылды, ет асылды. Мен өткен-кеткенді сұрастырып отырмын. Исақан ағам біздің үйелмелі-сүйелмелі, үпір-шүпір балаларға көзі жасаурай қарап қояды. “Мәшалла, тәуба, – дейді анда-санда. – Тіпә, тіпә, тіл-көзден сақтасын!” Кісі жатырқамайтын біздің тентектер де, аталарың деген соң, бірі алдына отырып, бірі мойнына мініп, мәз-майрам. Біздің дастарқан мол, бірақ үйде ішімдік болмайтын, дүкен атаулы жабылып қалған, әжептәуір қысылып едік, ақсақал татып алмайды екен. Жасымда әуестігім болған жоқ, енді құдай сақтасын дейді. Ескілікті әңгімеден басқа не керек. Кең, көңілді отырыс болды. Ақыры, жатуға келгенде, біздің үйдегі келіні төсек қамдады. Ол кездегі пәтеріміз микроауданда, халық тілінде “распашонка” –“иткөйлек” аталатын, шағын үш бөлме. Төргі біреуі – менің жұмыс кабинетім, қос қабырға толған кітап. Екінші бөлмеде – біз, балалардың ең кішісімен. Ересектері жылжымалы диванды жазып, залға жатады. Енді бүгінше түгелімен өзімізге көшірмекпіз. Ақсақал бірден-ақ диванды кең үйге емес, кітапты шағын кабинетке, жер төсекке жатуды қалады. Менің ықшам жазу столымды алқап, қатар-қатар тізіліп тұрған әдемі кітаптардың түбін сипалап, мейірлене жымиып, азғана тұрған. Содан соң, Алматыға арнайы келген бұйымтайын айтты. Ғылым Академиясына тапсырмақ ескілікті біраз сөз бар екен. Баяғы заман ақындарының өлеңдері, айтыс, дастандары. Ел аузындағы әрқилы әңгімелер. Ешбір кітапқа шықпаған ежелгі жырлар. Талай нәрсені құр жіберіп алыппын, дейді. Кеудесі кеніш қариялардың көбісі кетіп қалды. Соңғы оншақты жылда ғана ес кіріп, елден жинап-тергенім.
Бұл кезде мен Ғылым Академиясында қызмет атқаратын едім. Әдебиет-зерттеу институтының қолжазба және архив бөліміне алып бардым. Бөлім бастығы – белгілі ғалым, жасы үлкен әріптес, әуелі маған рақмет айтты, содан соң ақсақалға ризашылық білдірді. Апарған мол дүниесін түгел тізімдеп, тіркеп, қол қойып, қол қойғызып алды. Тиесілі тиын-тебені келер аптада деген. “Мен ақша қуып келген жоқ едім, – деді Исақан ағам ащы жымиып. – Беріп жатсаңдар – рақмет. Ал енді мына... ең құнды, ең қажетті дүниені ысырып қойдыңыз, сол ақшаны өздеріңе төлесем, алар ма едіңіз? Әлде ешкімге керегі жоқ па?..” “Керек, – деді бөлім бастығы жеңіл күрсініп. – Бұдан дәл он бес жыл бұрын қуана-қуана қабылдар едік. Қазір тиым салынған. Аша бере қайта жапты. Уақыты келер...” “Ал менің уақытым өтіп барады...” – деді Исақан ағам түңілген кейіпте, мұндағы әлдекімдердің докторлық диссертациясынан да жуан, мұқабаланып түптелген, қалыңдығы төрт елі, кетпектей қолжазба-кітапты, кешеден бері арқалап жүрген, көнетоз сары портфеліне қайтадан салып жатып. Шамаласам да, не екенін сұрағам жоқ. Әрі бөтен кісі алдында бейсауат сөз көбейіп кетер дегем.
Сыртқа шыққан соң, қабағы кірбең Исақан ағам оқыс көңілденді. “Базарға апарсаң, – деді. – Жұмысыңның жағдайы қалай еді?” “Еркін, – дедім мен. – Жүріңіз. Көк базар ғой? Такси ұстайық.”
Қатар-қатар жемістен көз тұнады. Шабдалы, өрік. Алмұрт, анар, жүзім. Алманың неше атасы: ақшыл, жасыл, сарғыш, күрең, қызыл. Түрлі түсті жеміс түйетайлана қаланған ең әдемі сөрелер қатарын бір айналып шықтық. Екінші айналып барып, алқызыл апортқа тоқтадық. “Ең жақсысы – осы қыздың алмасы,” – деді Исақан ағам. “Иә, осы көк базардағы ең жақсы алма – менікі,” – деді жеміс иесі сықылықтай күліп. Дөңгелек бет, тана көз, жас келіншек екен. Мен жан-жағыма қарадым. Бәрі де жақсы. Ал мынау алмалар – артық та, кем де емес, өзгелермен қарайлас көрінді. Келіншектің тартымдылығы болмаса. “Қонаққа ма? – деп сұрады. – Қанша аласыздар?” “Қонақ емес, сыйлы келінге, – деді Исақан ағам. – Немерелерге, – деді содан соң маған қарап. – Кеше құрқол бардым ғой. Аталарыңнан сәлемдеме деп апар.” “Өй, аға, несіне әуре болдыңыз, алма бар ғой,” – дедім мен. “Ата болып қалдыңыз ба, немерелер де бар ма?” – деп сұрады ойнақы келіншек. Мен Исақан ағама қарадым. Ата дерліктей емес, жап-жас. Бетін аз-маз қорасан секпілі шалған, қырықтың ар жақ, бер жағындағы қайратты еркек. Жасы... шын жасы елудің жуан ортасында болса керек. “Менде бәрі де бар, қалқам, – деді Исақан ағам. – Бес килә. Салып алатын себет, дорба бірдеңе табыла ма?” “Табылады. Бізде де бәрі бар,” – деді келіншек қабағының астынан ұрлана қарап, қоржын таразының табақты басына алмаларын салып жатып. Тырнақтары боямасыз, саусақтары сүйріктей екен, езіп, жанышып алмайын дегендей, жемістердің тоқ бүйірінен, шынашағы жазылған бас бармақ, ортан қолмен ғана, ептеп ұстап, сәнімен қалап қойып жатыр. “Бәрі бар, жігіт те бар ма?” – деп сұрады Исақан ағам. “Ой, атасы...” – күле бере шашалып қалды. “Май қап,” – деді Исақан ағам. “Айтқаныңыз келсін... Ой, ағасы-ау, қазір жөні түзу жігіт бар ма. Түгел нәренжік, жалқау, алқаш...” “Бәрі емес шығар, – деді Исақан ағам. – Егер аңдаусызда сендей сұлу қызға сондай бір бозөкпе ұшырасып қалған болса, несіне өміріңді тоздырасың...” “Өзім де қуып жібердім,” – деді келіншек сәл-пәл төменшіктеп. “Сонда осы алманы өзің өсірдің бе?” “Өзім өсірдім, – деді келіншек. – Кәрі шешем бар қолымда. Не қайыр, қарақшы болғаннан өзге. Бірақ тәуба, – деді. – Сол қарайып отырғанының өзі дәтке қуат.” “Басқа бір қуат тағы керек, әлі жассың,” – деді Исақан ағам. Келіншек төмен қарады. “Мінекиіңіз, – деді басылыңқы әуезбен. – Бес киләдан асты. Ең жақсыларын таңдап бердім,” – деді содан соң жымия күліп. “Атың кім?” – деп сұрады Исақан ағам. Әмиянын ашып, ірі ақша шығарды. “Алма.” “Алма өсіресің, атың Алма, алмадан да тәттісің,” – деді Исақан ағам. Келіншектің бетінің ұшы лып ете түсті. Үлкен, қара көздерін тайдырмай, тіке қараған. Ерні жұқа, қып-қызыл екен. Бояуы емес, табиғи қалпы.
“Алла жар болсын, – деді Исақан ағам мені базардан шығарып тұрып. – Ағаңның өмірі өтті осылай. Келін әдемі екен. Көрікті ғана емес, келісті. Бақытыңның бағасын біл, жаным...” Епетейсіз құшақтап, бауырына басты. “Енді... елге қайтасыз ғой. Әзір қайтпасаңыз, үйге жүріңіз...” “Рақмет, қарағым, – деді Исақан ағам мұңайып. – Менің көшерімді – жел, қонарымды сай біледі... Хош, – деді содан соң кеудесін керіп. – Мен әлгі алмаға қайта барайын. Тым тәуір көрінді,” – деді күрсініп.
Бұдан соң алас-қапас заманда Исақан ағаммен қайыра жүздеспедім. Бірақ ортақ ағайындар арқылы әңгімесі жетіп жатқан. Елден біржола кетіпті. Осы Алматы төңірегінде, әлдебір ауылда тұрады. Жаңа, жас әйел алған. Онысы үйреншікті нәрсе. Айтуға тұрмайтын. Сөз – бұл нешінші әйелі және онымен қанша отасады деген төңіректе ғана өрбіген. Десе де, Исақан ағамның бұдан соңғы жағдайынан бейхабар қалып едім.
Ақыры, арада шамамен оншақты жыл өткенде оқыс хабар жетті. Исақан ағам дүние салыпты. Айтқандайын, осы Алматының іргесіндегі пәлен деген ауылда. Қаладағы, телефон арқылы хабарласып, мән-жайды білдірген ағайындас, жерлес үш-төрт кісімен бірге топырақ салуға барған едім.
Қаралы жеңгемді бірден таныдым. Баяғы көк базардағы алмалы келіншек. Әрине, толыққан, егде тартқан, көп жылаған сияқты, бет-аузы ісіңкі, бірақ өңі қайтпаған, жер ортасына жаңа келген салиқалы бәйбіше. Барлық рәсімін атқарып болған соң, азалы дастарқан басында отырған, берісі Алматы, арысы Бұлғыртаудан келген ағайынға қарата сөйлеп еді. “Исекең жарықтық екеуіміз тура тоғыз жыл тұрмыс құрдық... – деді. – Бақтым, қақтым. Ол да мені әлпештеп өтті. – Жеңгеміз әжептәуір босаңсып, көзіне жас алды. – Әлі де жүре тұрса керек еді. Алпыс бес деген немене. Көлденеңнен келген жаман ауру алып кетті... Бірақ ағаларыңның шаңырағы құлады деп ойламаңдар. Бұл ауылдағы алыс-жақын Алманың үйі демейді, Исақанның үйі дейді. Жолдарың түскенде ат басын бұрып, келіп тұрыңдар. Алыстағы ағайынға өкпе жоқ, жақындағы қайындарыма айтып отырмын. Тым құрса қырқына келіп қайтыңдар. Ең соңғы парыз болсын,” – деді.
Межелі уақытында қырқына бардық. Ауылдағы жалпы жұрт кешкілікке хабарланған екен. Түскі дастарқан бізге – Алматылық екі-үш кісі және жеңгеміздің жақын туыстары – небәрі оншақты адамға ғана жасалыпты. Жеңгеміз көтеріліп, оңалып қалған екен. Жарқылдап күлмегенмен, еркін отырды. Әрқилы әңгіменің шетін шығарған.
“Ағаларыңның жағдайын білесіңдер ғой, – деді бізге қарата. – Маған дейін он алты әйел алған екен. Мен – он жетінші болдым. Рекорд. Он жетінші болғаным ғана емес. Әуелгі он алтының әрқайсымен небәрі екі, асса үш жыл ғана отасады екен. Менімен тура тоғыз жыл тұрмыс құрды.”
“Сіз енді, бақытыңызға қарай, соңынан кездестіңіз ғой,” – деді біздің жігіттердің бірі, әзіл-шыны аралас.
“Олай деп айтпа, қайным, – деді жеңгеміз. – Мен кесе-көлденеңнен кездеспесем, тағы да төрт-бес әйелдің басына су құяр еді. Мен... мені алғашқы әйеліне ұқсататын еді. Тұрпат-тұлғам емес. Сірә, мінезім, сөйлеген сөз, жүріс-тұрысым. Бір-ақ рет шын ғашық болдым, дейтін. Сол әуелгі жеңгелеріңе. Ал мені... ондай ғашық болмаса да, тым жақсы көрді...”
“Ағамызда арман жоқ екен,” – дедім мен.
“Арман... арманы болды ғой, жарықтықтың. Бір перзент... бір нәресте көрмей кетті. – Жеңгеміз төмен қарап, күрсініп алды. Содан соң көзі жарқ етіп, жадырай күлген. – Менен кінә жоқ, – деді. – Бір шикіөкпе көтерген едім, бұрын, әлгі... ағаларың кездеспей тұрғанда, шетінеп кеткен. Енді бір нәресте керек-ақ еді. Менен кінә жоқ. Ағаларыңды қалаға, күшті дәрігерге апарып тексерттім... – Жеңгеміз баяу күрсінді. – Қайраты қайтпаған еді. Бірақ перзент сүйе алмайды екен. Салбырап үйге келдік. Исекең тым жабырқау. “Жарар, – дедім мен. – Жаңа білдің бе. Маған баласыз-ақ бір өзің жетесің. Ал саған... мына мен бармын, тәуба айтпайсың ба!.. Жамағайын туыстарың жоқ емес, тұқымың құрымайды,” – деймін. “Менің қайғым басқаша, – деді марқұм. – Бұл жағын... бұрын да сезгем, білгем. Төртінші, әлде бесінші әйелден соң... Әуелден білсем, Әлимашпен айрылыспайтын едім ғой...” – деп көзіне жас алды. Сүйіп қосылған, қыздай алған алғашқы әйелі де. “Жөн, – дедім мен. – Неге сол төртінші, бесінші әйелмен тоқтамадың?” “Қанағат таппадым, – деді. – Әлиманың құшағы... қайда. Әлимамды аңсадым...” Сонда ағаларың жаңа бір Әлима қашан кездеседі деп, өңді әйел атаулыны судай сапырып, ұшып, қонып жүре берген ғой. Елудің жуан ортасында ұзын санын он алтыға жеткізген. Содан, – деді, енді мені иегімен нұсқап, – мына оқымысты қайным өзі бастап әкеп, менімен табыстырды ғой, көк базарда...”
“Өзіңіз де бірден үйіріліп түстіңіз ғой, жеңеше,” – дедім мен күліп.
“Сондай жігіт... сондай еркектің қолын қандай әйел қағар,” – деді жеңгеміз сыпайы жымиып.
Біз құран бағыштап, риза-хош айтысып аттанарда Алма жеңгеміз менің қолыма ішіне әлдебір ескі қағаздар толтырылған кенеп дорба ұстатты. “Ағаңның аманаты,” – деген. Үйге келгенде қарасам, құнды, көне басылымды бірнеше кітап: “Бақырған”, “Софы Аллаяр”, “Біржан-Сара айтысы”, “Айқаптың” бес-алты саны, Абайдың 1923 жылғы жинағы, және Шәкерім қажының қалыңдығы төрт елі, қолмен жазылып, мұқабаланып түптелген үлкен топтамасы екен. Есіме түсті – баяғыда, Академияда қабыл көрмеген өзгеше мұра. Кітаптарды қайда жүрсе де қастерлеп сақтаған, қолжазбаны қаншама жыл бойы құрап, жинақтаған. Артында қалған бар белгісі – осы ғана болды. Және Академия архивіндегі тағы бір нұсқалар. Жансыз, тілсіз өлі қағаз. Пәленше-екең жинап, тапсырыпты – тек шартты белгі ғана.
Адам тірі ұрпағымен мың жасайды дейді. Ұрпақсыз кеткен, бір перзенттің зарпынан он жеті әйел алған Исақан ағамның аты өшпесін, бар кейпінде менің жазуыммен бірге жасасын деп, осы әңгімені өлмес таңбаға түсірдім.
2006.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.