Әңгіме
1963 жыл, аспирант кезім, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін айғақтайтын жаңа мағлұматтар іздестіру үстінде, Тизенгаузеннің Алтын Ордаға қатысты әйгілі, бірақ біздің жұрт бетін ашпаған ескілікті жинағын зерделеп отырып, шетін, өзгеше бір дерекке ұшырасқан едім. Бұдан тура жеті жүз жыл бұрынғы кеп. Менің тақырыбыма тікелей қатысы жоқ, алайда, қазақ ескілігінің сыр-сыпаты, халық жадының әлей көрінісі ретінде санада таңбаланып қалған, танымға демесін, жазуға тыныс қосқан. Енді, арада тұтас бір ғұмыр өткенде, Шыңғыс хан туралы кең көлемді, деректі тауарихқа қажет, бұрынғы-соңғы жәдігерді қайыра түгендеу барысында тағы да алдымнан шықты.
– Ніл-дарияның үстінде алып адамның жілігі көпір болып тұрғаны рас па? – деп сұрайды Алтын Орданың құдіретті ханы Берке, Мысыр патшасы, мамлүк Бейбарыс сұлтанның елшісінен.
Алғаш рет оқығанда шалқамнан түсе жаздап едім, байыздап, байыптап, бірталай отырғам. Қырық бірдеңе жылдан соңғы әсер, бәлкім, бұдан гөрі күштірек болды. Өйткені, өзгеше оқиғаның дәйекті тамыры табылған. Бірақ бұл жолы да жазудан тыс.
Ақыры, Шыңғыс ханның әуелгі кітабын тәмамдап, келесі кітабына дайындық, өліара кезеңде, көңіл бұрар алаңы болса да, бүгінде мүлде ұмытылған, бәлкім, тек маған ғана белгілі, ерекше хикаяны қағазға түсіру қажетіне ден қойдым.
Берке ханның Мысыр елшісіне сұрағы – әңгіменің басы емес, аяғы да емес, қақ ортасы болатын.
1
Жер-жиханды топан суы басқанда, Нұқ пайғамбардың Тіршілік кемесінен тысқары тағы да екі жан иесі аман қалған екен. Мұның бірі – Mыстан кемпір, жұлығына су жұқпайды, көлкіген мұхит бетінде қара жердегідей жүре береді. Екіншісі – Құж деген алып, топан тізесіне жетпепті, қалаған жағына қарай еркін жалдап, саяхат кешеді. Ақыр түбі Мыстан кемпір аштан өліпті. Ал Құж қарны ашса, наhан балықты саусақтарымен сүзіп алып, қолын күнге қарай созып, пісіріп жейді, шөлдесе қос алақанын толтырып, тұтас бір көлдің суын ішеді. Күннен күн, айдан ай өтеді. Енді Құждың үнемі су жалдаған сирағы борсып, шіри бастайды. Балтыр еті сыдырылып, қу сүйегі шығады. Осы кезде Нұқтың кемесімен қатарлас келіп қалған екен. Шайқалақтап әрең тұрады. Қастандықпен, тура Тіршілік кемесінің үстіне құламақ ниет танытады. Сол сәтінде Нұқ пайғамбар: “Біздің үстімізге құла! Кемені басып қал!” – деп айқайлапты. Құж ерегесіп, бері емес, ары құлаған екен дейді. Сөйтіп, Нұқ пайғамбардың ғаламдағы барлық тіршілік иесінен тұқым сақтаған ғажайып кемесі пәледен аман құтылады. Көп ұзамай топан суы тартыла бастайды. Асқар таулардың төбесі көрінеді, бәрі де үмітті, көбі сенімді. “Мен биікпін, маған келіп тоқтайды!” – деседі сеңгір шыңдар өзара таласып. Сонда көбінен аласа, доғал төбелі Қазығұрт: “Кеме кімге келері бір Тәңіріге ғана аян!” – депті. Айтқанындай, жаратқанның ырқымен, Нұқ кемесі Қазығұртқа тоқтапты. Қазақ жері, қазақтың тауы. “Қазығұрттың басында кеме қалған, – Ол әулие болмаса неге қалған...”
Хикаяның ақыры жалпақ жұртқа мәлім. Бастауы да. Ал бел ортасы – Құж... ешқандай хат, таңбаға түспепті. Мен әуелде “Қиссас-үл-әнбияда” деп ойлағам. Көп ұзамай ол кітапты да ақтарыстадық. Жоқ. Әр кезде жазбаға ілінген, кейінде жарыққа да шыққан қазақ мифтерінің арасынан да ұшырата алмадық. Ешкім білмегендей, ешкім естімегендей. Ал мен қызық көріп, жадыма тұтқан кішкентай кезімде жалпы жұртқа белгілі әпсана сияқты еді. Біздің ауыл, Шыңғыстау өңірі, бәлкім, бүкіл қазақта шаруасын керісінше жасайтын, қисық-қыңыр кісілерді “мынау бір құж ғой” деп айтатын. Бірақ бұл да бар әңгіменің соңы емес. Ғажабы – алда. Құждың құлаған жері – Ніл өзенінің үсті екен дейді. Топан қайтқанда ортан жілігі көлденең қалыпты. Кейінгі жұрт үшін дариядан өтетін көпірге айналған екен дейді.
Бұл әңгімені мен, нақтылап айтайын, өзімнің үлкен әкем Мағауиядан қаршадай кезім, І949–І950 жылдар шамасында естіген едім. Және біздің ақсақал аңыз емес, ақиқат ретінде байыптаған. Топан суы мен Нұқ болса, Құж да болған. Ол Құждың ортан жілігі әлі күнге Ніл-дарияның үстінде көпір болып тұрған көрінеді.
Содан жеті ғасыр бұрын Берке хан анығын сұрастырған көпір-жілік – осы.
2
– Ніл-дарияның үстінде алып адамның жілігі көпір болып тұрғаны рас па?
Сауал иесі – сәулетті Алтын Орданың патшасы, сайыпқыран Шыңғыс ханның туған немересі Берке хан. Сұрақ қойылған кісі – Мысыр патшасы әл-Мәлік әз-Захир Бейбарыс сұлтанның елшісі, Мұхамед пайғамбардың тікелей ұрпағы, сейіт Имад-ад-Дин әл-Хашими әл-Аббаси.
Күтпеген, әрі мүлде түсініксіз сұраққа білгір, ғұлама сейіттің өзі дағдарып қалады.
– Жоқ, – дейді, сәл-пәл бөгелістен соң есін жиып. – Біз мұндайды көрмедік. Және естімедік...
Біз естідік. Арада аз-кем емес, тура жеті ғасыр өткенде.Өз үйіміз, өз ошағамаздың басында. Және көрдік. Көпір-жіліктің нақ өзін емес. Ол туралы өзгеше хикаяларды. Мысыр мен Алтын Орда арасындағы дипломатиялық қатынастар тарихының сол заманда қағазға таңбаланған шежіресі – Ибн Абд аз-Захир мен әл-Мүфаддал еңбектерінен және... ХV ғасырда жасаған алман текті жиханкез рыцарь Шильтбергердің естелік жазбаларынан...
3
Бавариялық Иоhанн Шильтбергер түрік сұлтаны Баязит Йылдырымға қарсы ұйымдастырылған атақты крест жорығына қатынасады. Бүкіл Еуропаның біріккен крестшілері 1396 жылы Никополь түбінде қырғын тауып, қирап жеңілгені мәлім. Рыцарь көмекшісі, он алты жасар Шильтбергер қаруын тастаған кіріптар жұрт қатарында тұтқынға алынады және жастығы, бәлкім, бейкүнә жүзіне орай, өлімге кесілмей, аман қалады hәм көп ұзамай, түрік әскерінің қатарына қосылады. Бұдан әрі сұлтанның өзінің тікелей дәргейінде жүріп, бірталай оқиғаларға куә болады, көп ел, көп жер көреді. Содан соң, 1402 жылы, Баязит апатқа ұшыраған Аңқара түбінде Әмір Темірдің тұтқынына түседі. Мұнда да жасақ қызметіне жегіліп, Шығыс тарапқа ауады. Әлденеше жыл бойы Әмір Темірдің, оның мұрагерлерінің әскерінде әрқилы жорықтарға қатынасып, ақыр түбінде Алтын Орда, Едіге бидің ғұзырына көшеді. Өз заманындағы ең елеулі тарихи оқиғалардың бәріне куә болған, Батыс Еуропадан шығып, Солтүстік Африка, Анадолы мен Қапқаз, Иран мен Хорасан, Орта Азия мен Сібір, бүкіл Дәшті-Қыпшақты еркін аралап, қапысыз таныған Иоhанн Шильтбергер арада отыз бір жыл өткенде, 1427 жылы, ертегілік жағдайда туған еліне аман-есен оралады. Қатері мен қызығы бірдей болған ұзақ өмірінің соңғы кезеңінде өзінің бастан өткен бар хикметін “Рәйсебух” – “Саяхат-нама” атты еңбегінде нақпа-нақ баяндап шығыпты.
Баязит сұлтан тұсында, Мысырға атанған әскер құрамында болған Шильтбергер айтады. Бұрнада осы Египетте Ескендір атты дәу, алып кісі жасапты. Бұл өлкенің үлкен орталығы, патша тұратын Каир қаласында он екі мың наубайхана бар екен. Әлгі алыптың күш-қаруы сондай, бірде шаhарға арқалап жеткізген отыны сол он екі мың наубайхананы түгел қамтамасыз еткен. Ақысына он екі мың күлше алған екен, бәрін сол жерде жеп қойыпты. Бұл алыптың сирағы Арабияда, екі таудың арасында көпір болып тұр. Шатқалдың тереңдігі сондай, төмендегі аққан өзен көрінбейді. Арлы-бері қатынас жоқ, тек осы сирақ-көпірмен ғана өтуге мүмкін. Саяхатшы, жолаушы, керуен атаулы сол арадан ғана жүруге мәжбүр. Бұл көпірдің аузында керуенші көпестерге арнайы салық салынады, одан түскен ақшаға ағаш майын сатып алып, қу жілікті майлап отырады, шіріп, қаңсымас үшін. Жіліктің ұзындығы – атқан садақ әрең жетердей, яғни бес-алты жүз метр шамасында.
Шильтбергер бұл кереметті аңыз емес, шындық ретінде айтқан, өз көзіммен көрмесем, жазбас едім, депті. Кейінгі зерттеушілер ғажайып көпірдің тұрған жерін де айғақтаған. Амман шаhары мен әл-Қарақ қамалының аралығында жатқан Муhджиб шатқалы тәрізді. Терең құздан төтенше, қиын-қыспақ бір көпірдің тартылуы әбден мүмкін. Ол көпір – алыптың асық жілігі екен дейтін лақап шығуы да ықтимал. Бар жазбасы шынайы, деректері нақты Шильтбергердің көпірді өз көзіммен көрдім деп куәландыруы да мүлде қисынсыз емес, аспалы, ғажайып құрылысқа таң қалған және айтылмыш аңызға сенген деп шамалауға болады. Бірақ бізге керегі – басқа.
Бар ақпардың мәйегі – әлдебір алып, оның қу жілігінің өткелді көпір болып тұруы жөніндегі аңыз. Мысырлық данагөй елші естімеген, әйтсе де қарапайым халық арасына кеңінен тараған хикая.
4
Алып адамның көпір-жілігі туралы өзгеше әңгіме Берке ханға, яғни Алтын Орда шегіне қалай жетті?
Мысыр мәмлүктері негізінен қыпшақ-түрік тайпаларынан шыққан еді. Әмірші дәргейіндегі таңдама әскер. Көп ұзамай, бүкіл Египет билігі осы мәмлүктің әскербасы бектерінің ғұзырына көшеді. Ал атақты Бейбарыс сұлтанның тұсында (1260 – 1277) мүлде күшейіп, түпкі тегі – Қыпшақ ұлысы Алтын Ордамен тығыз қатынас орнатады. Елшілік алмасу әдепкі жағдайға айналады, әскери одақ құрылады. Бұл кезде Алтын Орда мен Иран арасында қырғын соғыс басталған еді. Ілкіде, Алғы Азияны жаулау қарсаңында бүкіл Шыңғыс хан империясынан арнайы әскер бөлінген. Еке Ұлыс астанасы Қарақорымда отырған ұлы қаған Мөңкенің ғұзырымен, Алтын Орда да арнайы жасақ қосады, әр ондықтан екі кісіден, Жошы әлетінен үш ханзада бастаған қаншама қарулы аламан, шамасы үш түмен, немесе соған жете-қабыл. Енді, Шыңғыс ханның тағы бір немересі Құлағудың билігі орнап, әбден іргеленген Иран мен ол да Шыңғыс хан немересі Беркенің ғұзырындағы Алтын Орда арасында қайшылық шығып, ақыры үлкен майданға ұласқанда, кешегі одақтас, туыстас Дәшті-Қыпшақ жасағы күтпеген қиын ахуалға ұшырайды. Ежелгі бірлікті бастап бүлдірген қатыгез Құлағу дербес топ болып, әр жерде тұрған Алтын Ордалық әскердің көпшілігін қапыда қырып салады, үлкен шығынға ұшырап, ығыса ұрысқан жекелеген қосындар бір тарабы Мәуреннахр, Хорезм, енді бірі Қапқаз, Дербент арқылы өз елдеріне жол ашады, ал шалғайда – Кіші Азия, Сирия бағдарындағы әскер мәмлүк билігіндегі Мысырға өтуге тырысады. Бейбарыс сұлтан бұл тараптағы қарындасқа қол ұшын созғаны белгілі; қан басып, қажып келе жатқан үлкенді-кішілі шеріктердің алдынан өзі шығып, құрметпен қарсылаған, әскербасы бектеріне биік мәртебе беріп, мол сияпат жасаған, ат үстіндегі аламанға және олардың қатын-қалаш, бала-шағасына бар жағдайын туғызған. Бұлардың көпшілігі Мысырда, Бейбарыстың ғұзырында тұрақтап қалады, енді біразы арнайы кеме – су жолы арқылы Ақ теңізді /Жерорта теңізін/, бұдан соң Қара теңізді кесіп өтіп Қырымға жетіп, Дәшті-Қыпшаққа аяқ басады. Әрине, елге оралғандардың бәрі де көрмеген жұрт жөнінде, ондағы ғажайып оқиға, ерекше жағдайлар төңірегінде қаншама әңгіме, аңыз әкелген.
Тек бұл ғана емес. Мысыр мен Қыпшақ арасындағы мәдени-рухани байланыс ешқашан тоқталмаған. Алдағы замандарда барыс-келіс жандана түседі, әдепкі жағдайға айналады. ХІҮ ғасырдың екінші жарымы, жиырма жылдық бұлғақ кезінде қаншама жанның Мысырға ауғаны мәлім, әлбетте, бұлардың көпшілігі тыныштық орнағанда елге қайтып оралды, ал Алтын Орданың ұлы ақыны Сейф Сарайы осы Мысырда айрықша өнімді еңбек еткен және дүние салған. Сол заманда туған, қазақ арасында сақталып, ХІХ ғасырда жарыққа жеткен “Бозжігіт” роман-эпосындағы негізгі оқиға да Мысырда өтеді, әуелде белгілі бір шындық жайыт негізінде құрылғаны айқын аңдалып тұр. Бір сөзбен айтқанда, Мысырдың өзінде, халық арасында қалыптасқан өзгеше әпсана – алып адам, оның көпір-жілігі туралы әңгіменің Дәшті-Қыпшаққа жетуі – табиғи жағдай. Ересен құбылыс – осы аңыздың жеті ғасыр бойы қазақ арасында сақталып қалуы.
***
– Ніл-дарияның үстінде алып адамның жілігі көпір болып тұрғаны рас па? – деп сұрайды Алтын Орда ханы Берке, Мысыр сұлтаны Бейбарыстың елшісінен. Бұл – 1264 жыл.
– Сол Құждың ортан жілігі әлі күнге дейін Ніл-дарияның үстінде көпір болып тұр екен, – деп жауап береді менің үлкен әкем, қазақтың ұлағатты ақсақалы Мағауия. Бұл – 1949 жыл, бастапқы сауалмен арада алты жүз сексен бес жыл өткен.
– Сондай да ғажайып болған!.. – деп жазамын Мен – қаламгер Мұхтар Мағауин, кейінгі байламнан соң тағы бір алпыс жыл озғанда. Ұлы ханның ғұлама сейіт шеше алмаған, ал біздің қарт тура тапқан жұмбақты сұрағына ең толық, әрі нақты жауап. Арада аз-кем емес, толық жеті жарым ғасыр өткенде шешілген түйін.
Ғажайып – Құждың қу жілігі емес. Соншама заман халық жадында сақталған өзгеше аңыз. Аңыз емес, шынайы хикаят.
Менің атаммен бірге кеткен жоқ. Менен соң да өшпеуге тиіс.
Өшпесін деп, мәңгілік таңбаға түсірдім.
Сына тауып, Шыңғыс ханның екі кітабының аралығында.
Расында да, тұтас романға татитын керемет.
6. V. 2011,
Прага.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.