Еламанның «Сапарбастауы» заңды құбылыс деп білемін. Осы бір «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» болмаса да жазылатын, жазбаса болмайтын дүниелер кітаптың өнбойында өріп жүр. Ебепке-себеп болып Жазушылар Одағы бастаған бастамамен шыққан Еламан Хасенұлы Қабділәшімнің «Болмысымның бояуы» менің үстелімнің үстінде жатқанына да біраз уақыттың жүзі болды.
Баянның тұнық тұмасынан қанып ішіп, уызына жарыған Еламан Қабдыләшім Қарағанды дейтін бастаудан атын суарып, шүйгінді өлкенің соны тарихына үңіліп, тамаша жырлар боталата алған.
«...қарсы алдымда жанған шырақ,
Ізгілікке жол салады.
Өзімді іздеп табу – мұрат,
Қандай сапар болса-дағы.» - дейді ақын. Біз бәрімізде өз-өзімізді іздеп жүргендерміз. Өзін таба алмағандар құрдымға кетіп қалғалы қашан. Ал өзін табуға талпынып жүргендер қаншама. Еламан өзін тапқан ақын.
Ақын Қарағандыны Қасым деп біледі.
«...Дегендей маған «Жарқылда!»
Тәңірім жасын-от берген.
Өмірге сәби қалпымда,
Бір шумақ Өлең боп келгем.
Түнегін шердің жардым да,
Ес білдім содан ақын боп.
Ғаламзат, сенің алдыңда,
Адасуға, әсте, хақым жоқ!...» - дейді
«Қасым ескерткіші саясында. Өлең жайлы ойлар» атты өлеңінде. Бір шумақ өлең боп келген ақынның расыменде адасуға хақы жоқ.
Қарағандыны Ғалым Жайлыбайдай жырлағысы келеді. Қарағанды өлеңінде ол сырын аңғартқандай
«... Қарағанды – жаңа әлем,
Тылсымына арбаған.
Қарағанды – қара өлең,
Мың сырымен жаулаған...» - деп, ақын қара өлеңнің қамбасына айналған Қарағандыны жырлайды. Жәй жырламайды өз әлеуеті жеткенше, емірене, екпіндете жырлайды.
Ақынды асыра мақтап, ақын өлтіру ойынына қатысудан аулақпыз. Кей өлең жолдарында «басы артық» сөздер де бар. Ол ақынның сөз қолдана білмеуі емес, шабытпен жазылған өлеңнің солығын басып барып, қайта үңілуі кем болған деп ойлаймыз. Бір қайнауы кем болған өлеңдер де бар. Оған уақыт тығыздығы себеп боғаны түсінікті. Ақын деген алапат құбылыс. Ол бір жазса өндіріп жазып тастайды. Бір қаламы тұқырса шабан аттай қамшы бассаң да жүрмей қоятын тұстары да болады ғой. Еламанның кей өлеңдері сол сәтте жазылған деп топшылап отырмын.
Мына бір «Тымақ» аты тамаша өлеңінде:
«... Жәдігер боп қалды міне, ол енді елге,
Уақытында айбар берген ерлерге.
«Кепка киген» қазақ үркіп қарайды,
Тымақ киген «асауларды» көргенде...» - деген шумақтың басқы екі жолы он бір буын, соңғы екі жолы тоғыз буын. Осы басқы шумақтағы «ол» деген жанама сөзді алып тастап оқып көрсеңіз төрт аяғын тең басқан өлең. Ешқандай аяғын сылтып баспайды. Осындай қырналмаған тұстары терең өлеңді тайызына қарай тарта береді. Біз тырнақ астынан кір іздеп, дау тудырудан аулақпыз. Бірақ, кітап ішінде осындай олқы тұстары да кездесіп қалатынын жасырмаймыз.
Ақын – ол әулие, немесе көріпкел. Он тоғызыншы ғасырға нүкте қойған философ, әрі ақын Фридрих Ницше өлмей тұрып: «Мені Еуропалық соғыстан кейін түсінеді» деген. Еуропалық соғыс деп отырғаны – Бірінші дүниежүзілік соғыс. Сол соғысты он-он бес жыл бұрын болжаған. Бұл тарихи факт. Ақын – әулие. Атақты ақын Николай Рубцовтың мын бір тармағы соған дәлел. Ол: «Қызыл шұнақ аязда өлермін мен...» - дейді. Құдай ауызына салғандай-ақ 1971 жылы қызыл шұнақ аязда ақын қаза табады.
«Ақселеу Сейдімбекті ажал шалғысынан қағып отырған құдыретті күш туралы жыр» атты тақырыбының өзі бір өлеңдей ұзын жырда:
«... Естігеннің шымырлатар арқасын,
Бойдан үрей қалайша тез тарқасын?!
«Аққыз» ба екен қағып қалған шоқпармен,
Өгей әке лақтырғанда балтасын?!...» - дейді.
Міне, ақын «Аққыз» Ақселеуді бір ажалдан алып қалған шығар деп әпсана өргізеді. Одан ары қарай оқығанда өлеңді Ақселеуді бірнеше мәрте ажалдан аман қалуын сан қырлы аңызбен өріп сендіре жырлайды. Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның осылай аман қалуының өзі аңыз емей немене?
«.. Әй, Еламан,
Тарту,
Тартыс...
Бірдей сын!
Белді буып, білегіңді түргейсің.
Өмір саған бұрып тұрса бүйрегін,
Қарызды өтеу керектігін білгейсің,
Парызды өтеу керектігін білгейсің!.» - деп, өлең соңын қорытындылайды.
Ақын өзіне берілген өмірдің қарыз екенін, сол қарызды өтеу парыз екенін ерте түсінгендей. Ақынның құлағы өзінен елу жыл бұрын туатыны рас болса, Еламан ақынның құлағы өзінен жүз жыл бұрын туған болуы керек.
Еламанның бүгінгі таңда кенжелеп қалған, көп ақындар жүрексініп бара алмай жүрген поэма жанрына қалам тербеуі шыныменде қуантып тастады. Бұл кітапта бір емес үш бірдей «Әлімхан мен Сұлтанмахмұт» (миро-поэма), «Нықтұрақ» поэмасы, «Сайыпқыран» атты фрагменттік поэмасы жазылған. Бұл поэмаларға кейінірек жеке тоқталу керек. Әзірге «Нықтұрақ» поэмасының «сөз соңымен» тұрақтай тұрсақ.
«... Азат күннен әрбір қазақ күтті бақ,
Сонысымен өзгелерден мықтырақ...
Өз жерімде ұлтан болсам деп едім,
Сұлтан қылды – табан тірер нықтұрақ.
Жанарыңдай сақтау керек құтты осы,
Ақиқат бұл – бүкпесіз...
Нықтұрағым – құлдық пенен сұмдықтың
Бітер жері.
Нүктесі.» - «Нықтұрақ» поэмасының сөз соңы осылай аяқталады. Өз елінде ұлтан емес сұлтан болар ердің сөзі.
«Бұл кітапты қалай жазғаным жөніндегі жыр» өлеңінде:
«Жалғыздықтың қаламын ап жаздым мен,
Өз-өзіме қамалып ап жаздым мен,
Тіршіліктің өткір азу тісіне
Қан жоса боп таланып ап жаздым мен.
Жаздым соны – не тербесе көңілді,
Жаздым солай – қалай сүйсем өмірді.
Сықпа құрты секілденіп анамның,
Сығып бердім сөлімді...» - шынайы өлең. Ешқандай жасандылық жоқ. Еламанның бір ерекшелігі немен айналысса да осылай сөлін сығып беріп отырып, соңына дейін барады. Ол тек өлеңде ғана емес, қызметте де осы болмысынан айныған емес. Бұл ақынның ешкімге ұқсамайтын өзгеше болмыс бояуы болса керек.
Біз білмейтін жаратылыстың тылсымдары ақынға өлең болып құйылып отырған болуы әбден мүмкін. Тылсыммен тілдесу ақындарға бұйырған бақ. Әзірге осы жерден тізгін тартып, «Болмысымның бояуы» кітабы жайлы ойымды тәмамдағым келеді. Әркімнің өз болмысы бар. Оны қандай бояумен бояу өз қолыңда. Ал Еламанның болмыс бояуы қанық. Өлеңі анық.
