20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
Наурызда, өзге де той-мерекеде ойналатын дәстүрлі ұлттық ойындар, сайыстар көп. Біз ат үстінде өтетін сайыстар мен олардың туып қалыптасуына тоқталып өтпекпіз.
Ұлан-байтақ қазақ әлемін сонау арғы замандардан бері қарай ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалып, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап өткен батыр да дана халқымыз бейбіт күндегі ойын-тойдың өзін жауынгерлік машық өнеріне негіздеген.
Қыз қуар немесе қыз қуу. Қазақтың ежелден бері ойналып келе жатқан дәстүрлі ойыны. Ойынның өту барысы: Атқа мінген ер адамдар мен қыз-келіншектер екі топ болып тұрады. Ойынды жігіттер жағы бастайды. Қыз-келіншектер тобына қарай атын екпіндете жеткен жігіт бүктеулі қамшысын өзі қалаған қыздың атының жалына тигізіп, ойынға шақырудың мезіретін жасайды. Қыз бұл шақыруды қабыл алып, алға озады. Кейбір жағдайда бас тарту болуы мүмкін. Мұндайда жігіт топтағы өзге адамға таңдау жасайды.
Өзін ойынға шақыруды мақұлдаған қыз топтан сытыла шығып, әжептәуір қашықтықтағы межелі жерге қарай шапқылайды. Жігіт атына қамшы басып соңынан қуады. Жігіттің мұндағы мақсаты – межелі жерге дейін қызды қуып жету. Бұл – ойынның «қыз қуу» бөлігі.

Межелі жерге жеткен соң, қуу кезегі қызға тиеді. Енді жігіт атына қамшы басып, мәреге дейін қашады. Қыз да атына қамшы басып, жігіттің соңынан қуады. Аты жүйрік болса, аттатпай қуып жетіп, қамшысын үйіре, жігіттің арқасына соғады. Бастырмалата қуып жеткен қыз кей сәтте шынымен де жігітті қамшылап тастайтын жағдайлар болады. Жүйрік мінген балдыздар көмбеге таяғанда ат жалына жабысқан жезденің шапанының етегін қолға орап жіберіп, арқадан қамшымен жосылта үйіргенде, көрермен көпшілік: «Соқ, бәлем, соқ!» - деп көтермелеп айызы қана айқайлайтыны – ойынның бір тамаша сәті. Бұл – ойынның қыз қуар бөлігі.
Өзі қалап қызқуарға шығып алып, атының шабандығынан қыз қамшысының астында қалу – ер жігіт үшін ұят жағдай, әрине.
Жоныңды тос, қамшыға қиқаңдамай,
Ол дағы тойдан жеген сый тағамдай.
Əзілқой ақша жүзі күлім қағып,
Ұрғаны сұлулардың – сипағандай, -
деп жырлайды осы бір сәтті, ақын Кәкей Жаңжұңұлы.
Қазақ әйелі – от басы, ошақ қасының айналасындағы етекбасты жан болған емес. Ол – қоғамның белсенді мүшесі. Қазақ қыз-келіншектері қажеті туындағанда атқа қонып, қолына қару алып, жауға қарсы шапқан. Қызқуар – ерте заманда ел қорғауға дайындық элементі, әрі жастардың ат үстінде сезімін білдіріп, көңіл жарастыратын сәті ретінде туындап, қалыптасқан сайыс болса, кейінгі дәуірде ойын-сауықтық сипатқа ие болған.
Теңге ілу немесе теңге алу. Қазақтың көнеден келе жатқан ат үсті ойындарының бірі. Теңге ілуге шыққан ойыншы теңге түюлі түйіншекті жерден сыпыра іліп алуы керек. Белгілі ара қашықтықта қатар-қатар жатқан түйіншектерді кім көбірек іледі: сол ойыншы жеңімпаз болып есептеледі. Қазақтың белгілі ақыны Әбубәкір Қайранның «Теңге алу» өлеңі – осы ойынның жалпы мазмұнын беріп тұр:
Жеті жерге теңгені
Шытқа түйіп тастайды.
Жеті жігіт ең кемі
Бұл сайысты бастайды.
Шауып өтіп шүйлігіп,
Алу керек ақшаны.
Қалар болса именіп,
Бұл – жігіттің сасқаны.
Жеті бірдей олжаны
Алған жігіт – шын жігіт.
Жығылмаса болғаны,
Бір мүшесін сындырып!
Ер майданы – атсайыс,
Ептілерге бақ сайыс.
Ер қайрағы – атсайыс,
Елімізге мақтаныш.
Дене қозғалысының иілгіштік икемділігі (пластикасы) мен астындағы атының қимылына үйлесімділігі арқылы орындалатын теңге ілу ойынының да түп негізінде жастардың жауынгерлікке машықтандыру жатыр.

Осы ретте өткен ғасыр басында Қанжарақ атты азаматтың басынан өткен оқиғаны баяндайық. Қанжарақ бір жолдасымен жол жүріп бара жатып, қуғынға тап болады. Жолдасына: «Атың жүйрік қой, алға кете бер», - дейді де Қанжарақ атының айылын мықтап тартып алып, малта тасты өзен табанына қарай жорта жөнеледі. Жолдасы алыстау барып қарап тұрады. Қуғыншылар таяй бергенде Қанжарақ сойыл жетерге келтірмей айнала қашып жүріп, жерден тас іліп лақтырып, қуғыншылардың бірнешеуін аттан түсіреді. Сөйтіп бетін қайтарып құтылады. Бұл – теңге ілудің жай ғана ойын-сауық емес, жауға тойтарыс беру, қарсыласудың бір айла-тәсілі екендігінің бір ғана мысалы.
Жамбы ату. Қазақ пен өзге де көшпелі халықтарда ежелден бері келе жатқан мергендік сайысы. Атпен шауып келе жатып, ұзын сырықтың ұшында немесе екі бақаның ортасына ілінген нысананы (жамбыны) садақпен дәл көздеп тигізу – жамбы атудың шарты. Көздің қырағылығы мен жітілігі, аттың шабысы мен садақтың тартысы, оқтың ұшу траекториясы шебер үйлескенде ғана мерген көздеген мақсатқа жетпек. Жамбы ату жайында эпостық жырларда көп айтылады.
...Ай астына аспанға,
Құрды бақан қақтырып,
Алтын теңге аттырып.
Теңгені атып түсірген –
Құртқаны сұлу сол алар, -
деп жырлағанындай, Қобыланды батыр Көктім аймақ елінде мергендікпен өнерін асырып, Қыз Құртқа аруға қосылады емес пе?!

Жамбы ату – әрқашан тек ерлер ғана қатысатын сайыс емес. Оған қыздар да қатысып, тіпті жеңіске де жеткен сәттері болған. Оған мысал: Алтайдың күн бетінде мекендеген Өміртай бидің еліндегі үлкен астағы ойынға тігілген жамбыны Жұлдыз атты арудың атып түсіргені аңыз болып бүгінгі күнге жеткен.
Аударыспақ – қазақ халқының ежелден бері ойналып келе жатқан дәстүрлі сайысы. Бұл ойын – қатысушының тақымының беріктігін, білегінің күшін, жігерінің төзімділігін, күшке қоса айла-тәсілқойлығын, аттың да белі мықтылығын, күштілігі мен сезімталдығын сынайтын сайыс түрі. Ойынның мақсаты – қарсыласты аттан жұлып алып, түсіріп кету. Ерте заманда кім өзіне сенімді, салмағына қарамастан жекпе-жек аударыспаққа шыға беретін болса, қазіргі күні салмағына қарай үш санатқа бөліп сайысатын тәртіп қалыптасқан.

Бұл ойынның да туып қалыптасуына арғы жаугершілік замандағы ат үстінде өтетін жекпе-жек шайқасқа дайындық негіз болған.
Көкпар – қазақ пен өзге де халықтарда кең тараған ұлттық ат ойыны. «Көк бөрі» атауынан шыққан көкпар – көне ойындардың бірі. Көкпар тартуға негізінен серкенің терісі пайдаланылады. Көкпар тартуды молынан меңгерген бауырлас қырғыздардың «улак тартыш» деп атауының бір мәнісі осында. Салмағы 30-50 килограмм болатын серкені екі топтың ойыншылары көтеріп алып тақымға басып, өңгеріп, тартыса жүріп, салым салуы керек. Қай жақ көп салым салады: сол жақ жеңеді. Көкпар тартудың әлденеше түріне қара, олардың тарту (ойнау) ережесі де әр түрлі. Мысалы, жаппай көкпарға әркім-ақ қатысады және мұндағы басты мақсат – көкпарды ел-жұрт болып өз жағына алып кету. Көкпар түскен үйде кешке таман үлкен мереке болады. Себебі, қазақтар ежелден үйге көкпар түссе, бүркіт көтерген саятшы қонса пәле-қала қашады, құт-береке кіреді деп есептеген.

Көкпар – нағыз ғұрыптық-жауынгерлік сайыс. Көкпар да ер жігіттің ерге орнықтылығын, тақымының беріктігін, білегінің күштілігін, қимылының әбжілдігін, батылдығын танытатын сайыс. Сондай-ақ көкпаршының астындағы атының да сезімталдығы мен күші, шыдамдылығы мен жылдамдығы қатар сынға түседі.
...Атының сауыры төңкерiлген қазандай,
Дауысы шақырған азандай,
Ердiң үстiне құйылған шойындай,
Мойыны бұқаның мойнындай,
Түсi қара көмiрдей,
Бiлектерi белтемiрдей – бiр шабандоз
сұрапыл доданы сеңдей қақыратып кеп
көкпарды көтерiп алды.
Жанына жан жолатпас оттай боп өртенiп алды, -
деп суреттейді ақын Темірхан Медетбек, осы бір алапат арпалысты сәтті.
Қарсыластың астындағы атымен сауырласа, қабырғаласа, омырауласа арпалысқа түсіп, иесіне дем бере жұлқынған көкпар атының зият қимылына сүйсіне таңдай қақпау – тіпті де мүмкін емес.

Көкпар – нағыз рухы биік, жүректілердің ойыны. Тек қылышпен қидаласып, найзамен шаншысып жатпады демесеңіз, көкпар – ат үстіндегі жауынгерлерге тән шайқастың нағыз шынайы көрінісі.
«Ат үсті – әулие» деп білген халқымыздың Наурызда ойналатын ат ойындары қазақтың ерлік рухын көтере берсін! Наурыз құтты, Ұлыс оң, ақ мол болсын!
