Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Нұрбол Мұратбекұлы. Ауыл күнделігі ...

19.05.2019 5560

Нұрбол Мұратбекұлы. Ауыл күнделігі

Нұрбол Мұратбекұлы. Ауыл күнделігі  - adebiportal.kz

Эссе

Біздің ауыл Ашылы деп аталады. Ауыл орталығынан солтүстікке қарай 70-80 шақырым жүргенде жазы Жанболаттың етегін жайлап, қысы Шөлжотаның бауырын ықтап өмір сүретін маңғаз бір елді мекен бар. Менің туған жерім - сол. Таңда шыққан күн Қабылқан сайының басы деп аталатын тау жүлгесінен күліп қарап, Талды асуының иығынан асып ғайып болады. Оңтүстігін Қойдара, Солтүстігін Обалы асуы қоршап жататын төрт таудың ар жағында басқа өмір, басқа әлем бар дегенге ешкім де сенгісі келмейтіндей еді. Сол төрт таудың ортасында төрт түлігін төлдетіп, тіршілігін түлетіп жатқан момын халық күн кешуде. Тау сағалап, өзен жағалаған бұл елге тасбауырлық емес, тастай берік береке дарыған.

Жаз соңында шалғысын сайлаған азаматтар жиналып, ауыл үйдің шөбін бірге шауып, қыста жолға жарамаған арық-тұрағын кез келген қора-қопсыға қолқа салмай, тіптен ескертпей-ақ қалдырып кете береді. Жаз ортасында қорамызға байлап кеткен арғымақтың белгісіз иесін айға жуық күтіп, көзінен таса қылмай бағып отырған әкемді есіме алсам, аманат пен ұяттың, жауапкершіліктің мәнін түсініп, өткен істеріме ұялып та қаламын.

Бұл басқа әңгіме. Менің ойыма жиі оралатыны: осы мекендегі жүйелі сөздің жүлгесін түсінетін, өрелі ойдың өрісін білетін, әзілдің де ақиқатын аңғаратын, тіпті, өтіріктің де өрнегін өретін ерлердің жайы. Кейде орынсыз әзіл айтып, ойланбай сөйлеп қалғанда, тап бермеде тіл байланып тосылғанда, астарлы сөздің мәнін түсіне алмай аңтарылғанда осы мекенді, осы ерлерді еске аларың сөзсіз.

Бұл елдің жайлауы да Жанболат атануы тегін емес. Жанболат осы өңірді мекендеген емкөс, көрікпел, ұшығы қонымды, бойына қасиет дарыған адам болған екен. Өмірден қайтарында сүйегін өз жайлауындағы күре жолдың бойына жерлеуді аманаттап кетіпті. Содан бері бұл жайлау Жанболат аталады.

Осы Жанболат өңірінен тарап алыс-жақынға мәтел болған “Қайыркей есебі” деген сөз бар. 1953 жылы құрылған ауылдық ұжымға басшы болып сайланып, ірі қоғамдық істерге үгітші болған Қайыркей, жыл сайын басшылыққа есеп бергенде ұжымның экономикалық өсімін, адам, мал санының артымын қағаз-қаламсыз - ақ көзбен мөлшерлеп, оймен есептеп айтады екен, одан көп қателік те кетпейтін болса керек. Сол себепті де Қайыркей есебі атанып жұртқа тарап кетіпті.

Қайыркей Жүнісұлы - ескіше сауатты қожа, қыз бен жігіт айтысының озық үлгілерін жасаған ақын, тап бермеде тауып айтатын шешен болған екен. 1990 жылдарға дейін сол ауылды мекендеп дүниеден озса да артында “ақын Қайыркей”, “қожа Қайыркей”, “қисагер Қайыркей” деген аты ел есінде сақталып қалды.

2000 жылдардың басында этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек “Қазақтың бейпіл сөздері” атты еңбек құрастырып, эротикалық фольклорды, қазақтың бейпіл сөздерін ауыл-үйдің шеңберінен шығарып, халықтың төл тума мұрасы ретінде ден қоюдың мән-маңызын атап айтқан еді. Қазақтың болмысы қайдада бөлек. Қалжыңсыз қаны жүріп, асы батпайтыны айдан анық қой. Соның айғағы Қайыркей қожаның жиын-тойдағы айтыстары еді.

Шауел, Несіп деген ақын келіншектермен айтысқан Қайыркей, бейпіл әзілдердің сәтті үлгісін жасаған екен. Ақынды алғаш көрген Шауел:

Той болса домбыра алып келемін де,

Әуелі қара сөзге желемін де.

Әріптес бұдан бұрын танымаймын,

Жасыңнан істеп жүрген кәсібің не?, - деп тап бергенде Қайыркей:

Жасымнан ойнап күліп малды бақтым,

Астына қазан-ошақ отты жақтым.

Моллалық, қожалығым тағы да бар,

Насыбайын баланың шөптей қақтым, - депті.

Шауел:

Бұл жерге сен де келдің, мен де келдім,

Сөзіңнің артық-кемін елемедім.

Еліңе аштық жетіп қалып па еді,

Соншалық көп насыбай неге жедің?! - деп тиісіпті. Сонда Қайыркей іркілместен:

Бұл жерге сен де келдің, мен де келдім,

Сөзіңнің артық-кемін елемедім.

Түп жағы өзіңізге керек қой деп,

Ұшынан азын ғана ептеп жедім, - деп тыңдарманды күлкіге қарық қылыпты. Ал тағы бір айтыстың сәті туғанда Қайыркейдің қожалығына тиіспек болған Несіп:

Атымды әкем менің Несіп қойған,

Шашымды еркелетіп есіп қойған.

Адамзат сені түртіп сүндет қылса,

Менікін періште кеп кесіп қойған, - депті.

Қайыркей:

Атыңды әкең сенің Несіп қойған,

Шашыңды еркелетіп есіп қойған.

Сені кескен періште олақ екен,

Ортасын үңірейтіп тесіп қойған, - деген де әріптесі үйден бетін басып қашып шығып кетіпті.

Осы өңірде айтқан әзілі хатқа түспесе де, жатқа тараған тағы бір адам - Халел ақын. Бала күнімде “Халел айтыпты” деп үлкендердің кеңкілдеп күліп отырғанын жиі көруші едім. Алайда, сол уақытта қағазға түсіруге сауатым болмады ма, ойламым жетпеді ме, білмеймін. Қазір мен емес, осындай дүниелерді жатқа айтатын ақсақалдардың қатары да сиреп барады. Ендігі мақсатымыз - есте барын естелікке алу еді.

Халел ұлына қалалы жерге құда болып, қонақ шақырса, “тау көреміз, жайлау көреміз” деген қалалық құдалар үйдің тарлығына қарамай таласып келсе керек. Қысылып қонып, таң атырып шайға отырғанда, дастарқандағы дәмді сарымай салған ыдысқа құдалардың қолы сыймай таласып, тарелкеге тыным бермепті. Соны білгендей жайлаудың қара шыбыны да сарымайдың үстінде ойран салмаққа бейімделсе керек. Сонда Хакең қолының сыртымен шыбындарды үркітіп отырып:

Мынау қайдан қаптаған қара шыбын,

Көзінің ойып алар ма еді қарашығын.

Үйге сыймауымен қоймай,

Қарашы, сарымайға таласуын, - дегенде қонақтар да қолын тартып алыпты.

Сол Халел ақын бір жылдары орман қорғаушы болып жұмысқа тұрып, Шиау шуй зы деген өңірде орман аралап жүрсе, біреу көктеп тұрған жап-жас теректі кесіп кетіпті. Хакең қалтасынан бір елі тастамайтын қаламын алып, балталанған бұтақтың орнына:

Шиау шуй зы хат жазайын терегіңе,

Керексіз бұл теректің керегі не?

Керексіз бұл теректі жыққан болсаң,

Шәугімдей жара шықсын енегіңе, - деп қарғыс жазып кетіпті.

Бұндай әзіл әңгіменің сан алуаны бар, тіпті, күнделік айтылып жатады. Ал өтірікті өз өрнегімен айтудың өзі - өнер екенін мына жұрт біле ме?!

Өткенде жаңалықтарды қарап отырсам, салмағы 63 килограмм шығатын капуста өсірген америкалық азаматты гиннестер рекордына кіргізіп жатыр екен. Қарап отырып есіме Асай атам түсті. Асай деп отырғаным - Асылхан атам. Марқұм біздің көршіміз еді. Мен 7-сынып оқып жүргенде болуы мүмкін, қайтыс болды. Кейде ойдан құрап әңгіме айтып беретінін білетін бір топ жас жігіт Асайдың үйіне барып әңгіме сұраған болса керек. Асай сонда: “Бір жылы есіктің алдындағы мына алақандай жерге картошка ектім. Сабағы басқаша көктеді. Күзде қазсам, атыз бір түйір ғана дән алыпты. Үлкендігі кілет үйдей жалғыз картошка қаздым. Мөшекке салу, есіктен кіргізу мүмкін болмаған соң, шеткі үйдің шатырын ашып салсам да сыймады. Ақыры амалым таусылып, төрт қырлап жонып, кішірейтіп үйге сақтадым. Жонып тастаған қалдығымен маңайдағы көршілерімнің өзі қыстан шықты,” - депті. Бүкіл ауылдың азаматтары егін басына барса осы әңгімені айтады, ұрпақтарына құрбы-құрдастары түрлі әзіл айтып жататыны да бар. Бірақ, ойлап көрсем Асай атам аман болса, жаңа техникамен, жаңа жолмен дәл сол үйдей картошкасын егетін секілді сезілді. Демек, қазақтың “өтіріктің өзіне сенбе, ебіне сен” дегені осы болса керек-ті.

Біздің ауылда Асай айтты деген әңгімелер өте көп. Тағы бірде Асай жиналған жұртқа: “Қуаңшылық болып, жаңбыр жаумай, жер көгермей тұрған бір жылы болатын. Түскі астан кейін есік алдына шығып тұрсам, Ортажүректің басына бұлт үйріле қалыпты. Сары бауыр атқа жайдақ мініп, дараға шығып бұлтқа қол созып едім, қолым жетпеді. Атқа қайта мініп, қамшыммен бұлтты түртіп қалғаным сол екен жаңбыр шелектеп құйды. Сол, сол екен жер көгеріп, табиғат құлпырып сала берді,” - деп әңгіме айтып беріпті. Біз күлеміз. Бірақ, ғылымда бұлттар ауадағы су құрамының қоюлануынан пайда болып, ұлғая келе ауадан жауын-шашын күйінде қайта жерге түсетінін делелдеп келеді. Демек, “солай болуы мүмкін ғой!” деген ғылыми тұжырымды ойдан туған логикалы өтірік. Егер сол Асай атамның шопан таяғын қолынан алып, білім мен ғылымның жолына салса, осындай жаңалықтарды өзі ашар ма еді, кім білсін?!

Сол Асай ақсақалдың жонып тастаған картошкасын жеп қыстан шыққан көршілерінің бірі - Әбділахит атам. Мен әр рет ауылға барған күннің ертесі, Жанболаттың етегінен сары атына жамбастай қонып, сипай қамшылап Әбақ атам келеді. Ақ тілегін айтып, ұлым деп маңдайымнан иіскеп, ел мен жердің амандығын сұрап қайтатын. Әбділахит атам - торқалы той, топырақты өлімде ауыл елге ақылшы болып жол сілтейтін, кейде “кәрі жанымның несін аяйын” деп ауыр шаруаға да кірісіп кететін қайырымды, әңгімешіл, шежіреші ақсақал. Кейде бірер сөз көңіліне жақпай қалса, қырсық мінез, қыңыр сөзі де жоқ емес.

Сол Әбақ бұрынырақта көрші ауылдағы бір ағайынның қуанышына ортақтасып қайтуға барыпты. Астан соң ортаға “мөлдір қымыз” да әкелініпті. Ортаға қойылған бөтелкенің қақпағын ашпай Мұратбек марқұм Әбаққа ұстатып: “Беделің бар адамсың ғой, мынаны сен құй,” - депті. Әбділахиттың әкесінің аты Бедел екенін білетін жұрт санын шапалақтап күліпті. Жиналған жұрт Әбділахиттың жауапсыз қалмайтынын біліп, аузын бақса керек-ті. Бірақ, Әбақ асықпай қақпағын ашып, баптап бір шөлмекті толтырып отырып құйып: “Аңсағаның осы болса іш”, - деп Мүкеңе ұстатқан ғой. Сөйтсе Мұратбек марқұмның анасының аты Аңсаған екен. Сол сәтте жиналған жұрт Әбдідахиттың шежірешілігене бас шайқасып, Мүкең шешендігіне разы болып, сый көрсетіп қайтарыпты. Ауылда сөз таба алмай тосылғандар “сөз тауып айтатын Әбділахит емес, үнсіз қалдым” деп отырады. Одан өткен қандай мойындау керек?!

Міне, осы қасиеттердің қай-қайсысы да қазақтың дәстүрлі болмысына тән ерекшеліктерге жататыны сөзсіз. Қазақтың әзіл-қалжыңдары да халық болмысын танып түсінудің мәнді айғақтарының бірі екеніне ешкім де күмән келтірмеуі тиіс. Осы ерлер - қазақ болмысының дәлелі. Абыз кеуде ақсақалдардың өзін болмасада аңыз әңгімесін, мәйекті сөзін өлтірмеу ұрпақтарға аманат болса нұр үстіне нұр болар еді. Қайда жүрсе де қазақтың бойына қалжыңсыз қан жүрмейтіні белгілі. Бірақ, бүгінгі біз қаншалық жөнді әзіл айтып, орынды күліп жүрміз. Ол бүгіннің ұлы жұмбағы...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар