Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұргүл Оқашева: Ғаламның ғазал мұңын арқаладым...

20.06.2016 7002

Нұргүл Оқашева: Ғаламның ғазал мұңын арқаладым

Нұргүл Оқашева: Ғаламның ғазал мұңын арқаладым - adebiportal.kz

 


                   ***

 

Жүрекке  мұңның мөрін таңба қылып,    

Тағы да алдадыңыз.

нұргүл 5.JPG


Алдады үміт...

Суалып көңілімнің гүл-реңі,

Жанымда қала берді арман ұлып.


 

Шарасыз шердің шарлап шартарабын,

Өкпелеп кімге кінә арта аламын?

Сүйсініп, ессіз сүйіп сізді ғана,

Ғаламның ғазал мұңын арқаладым.


 

Сіз енді сезім жайын сөз етпеңіз,

Біз енді бірімізге боз өкпеміз.

Мендегі сезім өлген...

Өлгенді айтып,

Қайтеміз өрт түсіріп өзекке біз?


 

Жалғамай тілегімді тілегіме,

Мұң сыйлап сезім өлді гүл-өңіме.

Күнәсіз көз жасыма жуындырып,

Жерледім жүрегіме.


 

 

                                   ***


 

Сізді іздедім...

Таба алмадым...

Таппадым,

Бара бердім бір қыдырған баққа мың.

Сұрап едім біз сүйенген теректен,

Ол да менен ала қашты ат тонын.


 

Шырылына құлақ аспай жанымның,

Сағынышқа барып тағы таңылдым.

Үмітіме жетектеген қолымнан,

Сонарынан сая берді сағым-күн.


 

Сізсіз, аға, өмір нұры тым әлсіз,

Мүмкін мендік мүшкіл халді ұғарсыз.

Ақбауыр-бұлт аспан жақты мекендеп,

Сіз де мені іздеп жүрген шығарсыз.


 

Жан жүрегім жанып, ысып, сыздап та,

Қалшылдаймын қалған жандай мұздақта.

Жер бетіне қашан соғып кетесіз,

Қарай-қарай көзім талды сіз жаққа?!



 

                          ***


 

Аздап бақыт, бар басымда аз қайғы,

Күндерімді түндеріммен жалғайды.

Көшкін бұлттың көлеңкесі секілді,

Арманым да алдайды.


 

Бақытыма оймен жетіп күні-түн,

Тәңір тартқан сыйдың ашам құлыпын.

Кей достардай көре алмайтын күлкімді,

Жалғанбайды үмітім.


 

Моншақ тізіп мұңайғанда мен үнсіз,

Өлең оқып жұбатқан да едің сіз.

Мені қатты сүйем дейсіз, сенемін,

Сенімім де сенімсіз...


 

 

Мұқағалидың монологы


Кезеді көңілімді бұла көшкін,

Бұла көшкін, мен саған тым әуеспін.

Алапат арманымның ақ дауылын,

Сезеді...

түсінбейді бірақ ешкім.


 

Кең дүние кеңге салмай арқамды бір,

Жабығам жасай алмай дархан дүбір.

Сәби болғым келеді мені осылай,

Талапайға салғанда тарпаң ғұмыр.


 

Көңілімнің көкпеңбек хошы налып,

Жан-тәнімді жанардың жасы қарып.

Маңдайыма ақ  өлең түзу түскен,

Қисық жолмен келеді көшін алып.


 

Қайран менің өлеңім  тізбекте бір,

Сенен солай мың үміт үзбек көңіл,

Жалғандықтың жарысқан жолдарымен,

Ақиқаттың ауылын іздетті өмір.


 

Намыс ойнап найзағай жанарымда,

Тұла бойға қызу қан тарадың ба?

Күшім жетпей күншілге мен қанша рет,

Өтіріктің ұлыдым табанында.


 

Күндестердің беу, далам, ғұмыры кек,

Орап жатыр мойнымды құрығы дөп.

Тау тағысы секілді тас тағалы,

Ақындардың тіріде тұғыры жоқ.


 

Су жетпеген гүлге ұқсап өзегіне,

Кейде  өмірдің шөлдедім өзеніне.

Мәңгі кәусар көңілмен қарызбын мен,

Күретамыр қазағым, өз еліме.


 

Дарханыма, далама жүгінемін,

Кетем сосын таға алмай біріне мін.

Жасын сүртіп Алаштың жанардағы,

Ақиқат боп мен ертең тірілемін.


 


Ана тіл


 

Қарашық болып орнаған мәңгі жанарда,

Бабамның тілі аманат маған, саған да.

Бір ұлық ету тұғырын туған тілімнің,

Мұңлық болып кешсем де ғұмыр ғаламда.


 

Жүрсе де мейлі жанарларымнан жас парлап,

Бақытың үшін күресу маған асқан бақ.

Мен сенің тылсым тағдырыңменен дос болғам,

Анамның асыл құрсағын құшып жатқанда-ақ.


 

Өзің арқылы жыр жазып келем жігермен,

Өкінем бірде, қуанам кейде, күлем мен.

Армандарымды құндақтағандай хатқа орап,

Ақша бұлттарға жібергем.


 

Сағынышымды жеткізіп, сүйіп, жұбанып,

Жабығып, жылап, көңілге құрсау мұң алып.

Өзің арқылы арызымды айтып әкеме,

«Мәңгілік» деген мекенге салдым шығарып.


 

Адыра қалып қорқыныш пенен шер-мұңым,

Жаңбырлы түнде жүректің бердім теңдігін.

Өзің арқылы сырттансып жүрген сыртымнан,

Көк аттылардың қашырдым талай дегбірін.


 

Таңдарымды іздеп, арманымды іздеп жоғалған,

Таппадым сая сағымы бөлек сонардан.

Тайғанақтау бұл тағдырымның жолында,

Өзіңді сақтап жығылсам, менде жоқ арман.


 

  

 ***



Саумал самай маңдайымнан сипамай,

Өгей өмір өкпелетіп әлі жүр.

Бұйырмаса бұйырмасын сый талай,

Мен өмірді сүйем, досым, бәрібір.


 

Кірпігіме шық боп қонып күндерім,

Мейлі апарсын толықсыған таңдарға.

Безбүйрек бұл...бұл өмірде білгенім,

Бауыры аман жан бар ма?


 

Мен өмірге өкпелеуді қойғанмын,

Жылағаным болмаса тек жасырын.

..Көз жасымнан көлшік жасап ойнап жүр,

Ан-а-ауу жігіт, менің сүйген ғашығым.


 

Қиналғанда созбаса да қол ұшын,

Сүйем оны...

Күтеді алдан жол қандай?

Сүйем оны – бақыттымын сол үшін,

Ал бақытым сормаңдай.


 

Айқайымды естімейді амалсыз,

Сыңсып салам сағыныштың сазына.

Мұңды әуенмен мұнарлы аспан ажарсыз,

Жұлдыз біткен жаудырса да базына.


 

Қаламымның ұшыменен жол алып,

Жүрегімнің тұсындағы ғазал мұң.

Айдың аппақ сәулесіне оранып,

Сол мұңымды жазармын.


 

Жалқы жолым жырмен ғана түйіспек,

Жауыр болдым жанды жеген жауырдан.

Маңдайымнан мейірлене иіскеп,

Бауырыңа басшы мені, Бауыржан.


 

Ағыл-тегіл жылайын...



Өкініш



Көмескі ойлар көңілге сеуіп қаяу мың,

 Есіріп жүріп аспадым құлақ есті үнге.

 Еркелікпенен етегін ұстап анамның,

 Есейгенімді есіме алдым кеш мүлде.


 

Көріксіз мінез көңілден қалай өшер мұң,

 (Содан-ау, бәлкім, қайырылып жүр қанатым).

 Аспандағыны әпер деп байғұс шешемнің,

 Тауысып біттім топшысы тастай тағатын.


 

Белімнен түскен бұрымым бұйра. Өргеннің,

 Ғажап деп жүріп мазақ қып кеттім талғамын.

 Қалаға барып шаштараз іздеп сенделдім,

 Бүгінгі күннің Жібегі болу арманым.


 

Анамның тұнық тілегін аяқ асты ғып,

 Жетесізбін-ау жеңілтек ойды жөн деппін.

 Әкетайымның қабағы жасап жат қылық,

 Тіл қатпай қойды он бес күн.


 

Түсіндім бәрін, түсінбеу енді жат ұғым,

 Орынсыз жерде ойнақтамаймын есіріп.

 …Таяздап барып ұзарып кетті ақылым,

 Бұрымым қалды кесіліп…


 


Құмыра көрсем…


 

Жалынға денем шарпылып жатқан шақта бұл,

 Құбыла бермей құрағым келді басқа жыр.

 Құмыра жайлы толғаншы дейсің, қарағым,

 Толқындай тулап тумайды, әттең, қасқа жыр.


 

Өткенім еске оралды, көңіл, жасыма,

 Бала кезімде ойнаушы ем киіп басыма.

 Көк құмырасын Мәрия деген көршімнің,

 Сылаңдап жүріп сындырып алдым қапыда.


 

Сындырған сәттен тұмшалап алды сынық мұң,

 Үкілеп жүрген үзілді жібі үміттің.

 Сол сәттен бастап құмыра атты ойынды,

 Ойымнан сыздым, ойынның бәрін ұмыттым.


 

Ұмыттым бәрін, еркелік қалды артымда,

 Атанып жүрмін біреуге, бәлкім, нар тұлға.

 Мәрия көршім сол құмырадай сын деген,

 Сынбай келемін сан сынақтарда, сан сында.


 

Құмыра көрсем ішіде жүрер мұң бұғып,

 Үркіп кетеді білмеймін неден нұрлы үміт.

 Құмыра көрсем … жақындауға да жасқанам,

 Абайсыз тағы аламын ба деп сындырып…


 

 

Сезіміммен тыныстап…

 

Көп сұрақты… көкірек тұсымды ала,

 Көк – бел оймен көмкердім құшырлана.

 …Мен көктемді жыр қылдым, көктемге емес,

 Саған ғашық болғаным үшін ғана.


 

Саған деген шексіз-ді ұмтылысым,

 Көңілімді кептейді-ай күрсінісім.

 Жүз күнімнен дайынмын безінуге,

 Өзіңменен өткізер бір күн үшін.


 

Ол да қиял… Қиялды үгітті өлең,

 Сыр бергендей сырқатым сынып кемем.

 Ұлпа қардай үлпілдек үмітпенен.

 Нәрестенің мүбәрак иісіндей,

 Сезіміммен тыныстап… жүріп келем.


 

Аласұрдым, алқындым – бекер мұным,

 Қалай, қайтіп ұқтырам, нетем күнім?

 Менің мінсіз күлкім мен қуанышым,

 Сенің тәтті жеңісің екендігін.


 

Жәудіреген жанардың жасы күліп,

 Күйзелісті мендегі тосып үміт.

 Кірпігімнің үстінде жалған күлкім,

 Ал астында мұңым тұр жасырынып.


 

Көңіліме көкбеңбек арман қонып,

 Бірде жырға жасаймын жалған жорық.

 Осылайша отырам бар ашуды,

 Жазығы жоқ өлеңнен алған болып.


 

Көп сұрақты… көкірек тұсымды ала,

 Көк – бел оймен көмкердім құшырлана.

 …Мен көктемді жыр қылдым, көктемге емес,

 Саған ғашық болғаным үшін ғана.


 


Өткен күн мен өкініш


 

 Кешқұрым

Ауылдың ару қызына үйленгеніңді естідім.

Естідім де тарыдай жанарларымды төңкеріп

алып,

Күні – түн көрпені үстіме көмкеріп алып.


Өксідім.

Өкпек жел өсек тасиды маған сен жақтан,

Сенің дауысың: «Кешірші, кешір, кеш күнім»

Жанымның сөгіп  көбесін мейлі,

Жылжысын дедім бес күнім.


Күні – түн,

Сағынып күттім жанардың сарқып бұлытын,

Қайтейін алдап кетті ғой,

Сарғайғн сары сағыныштардан,

Іңкәрліктерден, бағыныштардан,

Үкі тағынған үмітім.

Біреуге – бақ, біреуге – со ғашықтық,

Маған болды ұлы сын.

Құрысын!


Ақпанда,

Есіңде ме мен оқуға кетіп бара жатқанда,

Қарап тұрып ақ қарға,

Саған деген сезімдерім ақ қардан да аппақ

деп,

Сен емес пе ең мойыныма аппақ алқа таққанда,

Үлбіреген шаштарымды иіскеп,

Ұқсатқан ең мақпалға,

Он жыл мейлі өмір бойы күтем деп,

Сен емес пе ең жүрегіме сезім отын жаққанда.

Сені сүйдім, сені сүйдім – себебі,

Ұқсамайтын едің ғой сен жат жанға.


Өтінем

Кешір дейсің,  қорға дейсің ар азабы өтінен,

Менің тауым шағылғанда бетінен,

Талапайға салып тағдыр шетінен.

Жекіген.

Бүгін мен пәк сезімім үшін,

Сен қорлаған сенімім үшін

Өкінем.

Өкінем де амалсыздан кешірем.

Әлі менің жүрегімде сенің салған жалаңбар,

Жан шуағы, жан шынары,

Көз жасымның тамшылары.

Сақтаулы тұр санамда әр.

Қойшы тәйірі, өтіпті ғой екі жыл,

Ал сенің екі балаң бар.

 

 

            Бақыт – құбыла

 

Өмір мені өгей қызым дегендей,

 Өлшеп берген қуанышын бұлдайды.

 Жанымды жеп жазылмаған өлеңдей,

 Жігерімді жаныштайды бір қайғы.


 

Сонсоң қайта жабысады налам боп,

 Гүл-үміттің үзіп тастап сабағын.

 Сонда да мен аласұрам бағам деп,

 Е-е-х, тоңмойын тірлігімнің қабағын.


 

Қажытуға құмар неге құлқыны,

 Арыла алмай шат күнімді аңсадым.

 Жарылардай…

 Күмілжіген күлкіні,

 Қолдан жасап алудан-ақ шаршадым.

 Ойларымды күндерім жүр ойқастай,

 Мысықтілеу неге бәрі қас маған?

 Менің жаным жақпар-жақпар жартастай,

 Толқын ұрып тастаған.


 

Жанарымның жалынышты етегі,

 Бақыт жолын мына маған нұсқар кім?

 Кейде аспанға жыр жазғым кеп кетеді,

 Қанаттарын қалам қылып құстардың.


 

Өмір мені өгей қызым дегендей,

 Өлшеп берген қуанышын бұлдайды.

 Жанымды жеп жазылмаған өлеңдей,

 Жігерімді жаныштайды бір қайғы.


 

Бақыт іздеп бөлдім неге бекерге ой?

 Құлақкесті құлшылығым – мұратым,

 Бақыт біткен құбылада екен ғой,

 Менмұндалап тұратын.



 

Өлі сезім

 


Жүрекке мұңның мөрін таңба қылып,

Тағы да алдадыңыз...Алдады үміт.

Суалып көңілімнің гүл реңі,

Жанымда қала берді арман ұлып.


 

Шарасыз шердің шарлап шартарабын,

Өкпелеп кімге кінә арта аламын.

Сүйсініп ессіз сүйіп сізді ғана,

Ғаламның ғазал мұңын арқаладым.


 

Сіз енді сезім жайын сөз етпеңіз,

Біз енді бірімізге боз өкпеміз.

Мендегі сезім өлген, өлгенді айтып,

Қайтеміз өрт түсіріп өзекке біз?


 

Жалғамай тілегімді тілегіме,

Мұң сыйлап сезім өлді гүл өңіме.

Күнәсіз көз жасыма жуындырып,

Жерледім жүрегіме...



 

***


 

Жүрегіме жамай бермей сынын да әр,

Тәңір жазған тағдырымды ұғыңдар.

Бес-ақ күндік бейопа бұл жалғанда,

Мына менің СІЗДЕН басқа кімім бар.


 

Сіз әйтеуір қолтығымнан демейсіз,

Есіркейсіз, еркелетіп, елейсіз.

Қарындасым деп сыртымнан қам жасап,

Жылап жүрсем жұбатасыз, жебейсіз.


 

Отқа түссем шыр-пыр болып күйесіз,

Масаттансам маңдайымнан сүйесіз.

Жан даусымды тыңдаңызшы, жүректің,

Дүрсіліне тек сіз ғана иесіз.

Жан, аға!



 

***

 

Көңілімде күй боп тұнды көмескі үн,

Оны ешкімге тыңдатқан да емеспін.

«Жылауық» деп жазғырғаны болмаса,

Сіздей  болып түсінбейді мені ешкім.


 

Тағы келді тағдырларға күз, міне,

Терек соңғы жапырағын үзді ме?

«Қатігез» деп кінә артқаны болмаса,

Мендей ешкім түсінбейді сізді де.


 

Сезіміміз ентігумен ескірген,

Көңіліміз мерзімінен кеш күлген.

Біздің өмір дауылпаздың дыбысы,

Тек алыстан әдемілеу ескірген.



 

***


Жылағанда жұбанышым сен ғана,

Хат жолдайсың сұрап-біліп халімді.

...Астананың аязына мен жаңа,

Тұнжырадым тоңдырып ап жанымды.


 

Сарышұнақ сарсаңға сап не түрлі,

Көңілімді қалдырып жүр күн суып.

Алмағайып ауа райы секілді,

Бұл мекеннің адамдары тым суық.


 

Мендей мүмкін мейірбан жан табылар,

Амалдаған ардың ғана сотымен.

Саған деген сезімімді сәруар,

Сақтап жүрмін сағыныштың отымен.

 


 

  

***


 

Сіз кеттіңіз жаныма мұң табыстап,

Мұң табыстап көріксіз һәм шырайлы.

Жүрегімнің дерті болып жабысқақ,

Жанарымның жауһарлары құлайды.


 

Тағдырымның шешімімен келіспей,

Кектенемін...Ұғарсыз.

Өзегінен суырылған жемістей,

Менің жаным тым әлсіз.


 

Сыңар қанат сырлы сезім бар мұнда,

Жақ болатын бастан бағым қашқанда.

Аппақ-аппақ бұлттарға орап алдым да,

Тығып қойдым аспанға.


 

Соны неге бір көруге құмарсыз,

Мазалай ма жаныңызды жиі осы.

Көрген сайын еске алып тұрарсыз,

Тым...тым асқақ сезімімнің иесі.



 

***


Ескірмейтін естелігің едім мен,

Жыл өтсе де тұра берер жаңғырып.

Өшірсең де өшпес өмір, көңілден,

Таусылмайтын тақырыбың мәңгілік.


 

Ал сіз кімсіз?

Таудың тарғыл тасысыз.

Морт сынатын сынасам.

Бар болғаны жанарымның жасысыз,

Жерге түсіп жоқ болатын жыласам.


 

 

***


Ерегістен тіктелмейді еңсеңіз,

Сізді ессіз сүйіп келем сенсеңіз.

Өмірімнен мәңгі сызып тастар ем,

Сағынбаудың жолын тауып берсеңіз.


 

Тіпті жыр да жалау болмай жаныма,

Жанар жасым ие болды тағыма.

Көлге айналып сағыныштың тасшысы,

Тереңіне батырады тағы да.


 

Жан даусымды тыңдамайсыз ұғып сіз,

Оны естуге мына әлем де құлықсыз.

Сонда дағы жүрек сізді сүйеді,

Үмітімен үмітсіз.


 

 

***


Өміріңнің өтінде едім, тоңдым ба,

Біз әйтеуір содан бері мұңдымыз.

Асығыстау бақыт болып қондың да,

Баянсыз боп тындыңыз.


 

Күле де алмай күңгірт көңіл күрсінді,

«Ертеңі» жоқ ессіз ғана сүйіппін.

Өзегіне су жетпеген гүл сынды,

Солып барам, сүйіктім.


 

Солып барам сүйресе де өрге өлең,

Арманымның арнасы.

Гүл-сезімді суарайын шөлдеген,

«Сүйемін» деп алдашы.

Тым болмаса.



 

АСЫЛ ЖАРЫМ


 

Алтын жарым,

Маңдайыма жазылған жарқын бағым.

Көзсіз сізді сүйіп ем қыз күнімде,

Әлі сол қалпымдамын.


 

...Көңілімді қалдырды күз де жаңа,

Күзге өкпелеп кінә артқан біз де бала.

Алмағайып тірлікте адасқанда,

Ақтарылдым ағымнан сізге ғана.


 

Шыжып тұрған шілдеде тоңдым, жаным,

Тоңған нәзік жаныма қол бұлғадың.

Әз басымды аяққа тастай салған,

Өсегіне күндестің қор қылмадың.


 

Қиылса да қансырап тілерсегім,

Сіз бар жерде жанымда жүрер сенім.

Өзгелердің қаңқуын қайтем босқа,

Қабаңығның тартуын мың өлшедім.


 

Сізбен көрсем жазмыштың үкімдерін,

Сізге арналса ғұмырым бүкіл менің.

Сізбен батқан күніме тәубе дедім,

Сізбен атқан таңыма шүкір дедім.


 

 

***


Жұлдыз тағы ағып түсті,

Жалықты ма аспаннан?

Қара жерге барып түсті,

Не тапты екен қашқаннан.


 

Қара жерге алмастырды,

Өз биігін талақ қып.

Оны кімдер адастырды,

Оны кімдер мазақ қып.


 

Өкінді ме өліп тынды,

Кәналайды кімді енді.

Ал қара жер көріп тұрды,

Мырс етіп те үлгерді.


 

Періштенің пейіліндей,

Аспан үнсіз  мұңайды.

Мейірімсіздің мейіріндей,

Жер өтірік жылайды.



***



...Мен тағы да әлсізбін...

Назира Бердалы


Мен тағы да жалғызбын,

Мен тағы да жалғыздықтан түңілдім.

Хақ құдайдың көтере алмай сынағын,

Қапияда құздан қайта құладым.

Көз алдымда мәрт сезімім мертігіп,

Сүріндім...

Сүріндім де мен тағы да,

Байғыз – мұңның тырнағына іліндім.

Мен тағы да әлсізбін...

Мен тағы да қауқарсызбын, қамсызбын,

Мен тағы да жалынсызбын, сәнсізбін.

Кеше ғана алдымнан алдамшы бір «сый» күлген,

Бүгін тағы... тағы да түйдек-түйдек жасымды

Құс жастыққа құйдым мен.

Кеше тағы бір мұңға маңдайымды сүйдіргем,

Өмір маған сірке суы секілді,

Өңешімнен күйдірген.

Мен тағы да әлсізбін,

Арманыма ақүрпек

Абайсызда мұң сіңіп,

Соңғы демім бітердей,

Жүрегімнің үнінде тосаңсиды тіршілік.

Құлағымның түбінде күбірлейді күрсініп,

Менің топан мұңым мен менің өксік деміммен,

Жұлдыз біткен тұншығып,

Қараңғы түн қарап отыр «қымсынып»

Мен тағы да әлсізбін...

Мен тағы да әлсіздіктен түңілдім...

Шарасызбын... Өлеңі жоқ, әні жоқ

Жүрегіме үңілдім.

Үңілдім де қалың мұңның қалдығына сүріндім...

Сосын...

Құбылаға ұз-а-а-ақ қадап көзімді,

Жаратқанға жүгіндім...

О, АЛЛА!..



                                                                                                                                                                                Нұргүл ОҚАШЕВА


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар