Нұртас Тұрғанбекұлы - ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Әдебиеттану ғылымының магистрі. “Мен емеспін”, “Жалқынұр”, “Жан жылайды”, “Ұлы Отау” жыр жинақтарының авторы. Жұмекен Нәжімеденов сыйлығының иегері, “Алтын тобылғы” әдеби байқауының бас жүлдегері.
***
Менің қазір
Айғайлап тұрып ән айтқым келді,
Азайтқым келді жан мұңын.
Қатігезсің деп тағы айтқым келді,
Таскерең бірақ тағдырым.
Ағыл да тегіл жылағым келді,
Жұбатпасыншы тек ешкім.
Шыдай да шыдай шыдамым кемді,
Мен сонша мықты емеспін!
Сыр айтқым келді бейтаныс жанға,
Кей таныстан да дұрыс деп.
Кетсем ғой деймін кейде алыстарға,
Амал жоқ мұнда жұмыс көп.
Көз жасы кермек таңдайда қалып,
Жағдайға да анық көнгенмін.
Жалғыздан жалғыз айғайлап алып,
Үнсіз жүруді жөн көрдім!
***
Біз кездескен шығармыз,
Ашаршылық жылдарында,
…бәлкім одан да бұрын,
Бәлкім өткен ғасырдан сіңіп кеткен болармыз қоғамға бүгін.
Бір-бірімізді іздеп жүріп адасқан сен екеуіміз үшін,
Махаббат - касаба тілімен бірге өлген, жоғалған ілім!
Бәлкім біз кездескен шығармыз,
Шыңғысхан жорыққа кеткенде,
тіпті Жошы хан аңға шыққанда,
Жасырын кездесу екеуіміз секілді қашанда тән ғашықтарға.
Бәлкім, екеуіміз әркімнен бір-бірімізді іздеп жүрген болармыз бүгін,
…Уақыт - ғасырлар бойы баяу жылжиды екен ғой мәңгі асыққанға.
Бәлкім біз кездескен болармыз,
Мағжан атылған күні немесе алпысыншы жылдың басында,
Мүмкін сырласқан шығармыз татитындай бір күн ғасырға.
Сосын 86-шы жылы алаңда қатар тұруымыз да мүмкін,
Бірге тасталған да болармыз шұңқырға сірә?!
Бәлкім кездескен шығармыз,
Қалада,
ауылда,
қоғамдық көлікте,
әртүрлі ұшақтарда да,
Метрода болар, жылы ұшырасқанбыз мүмкін қыс, ақ қарда да.
Ең қызығы:
мен мәмлүктердің кезінен білетін сияқтымын,
Бір сатқындық болатынын жып жылы құшақтарда да.
Біз тағы кездесетін шығармыз,
Келесі ғасырда, одан кейінгі, тіпті кейіндеу мүлде,
Біз бөтен болмағанбыз осыған дейінгі өмірде.
Енді айтшы,
бір ұлылық, шын жылылықты аңсап жүретін ылғи,
Мен үйренісе алмадым мына ғасырға,
Ал, сен, бейімделдің бе?..
***
Жүрегің сенің құстай жылады,
Көрмедім бірақ неге мен?
Қанаты бардың ұшпайды бəрі,
Əйтпесе ұшып келер ем.
Жанымнан ылғи жарылыс көрем,
Сезімге кейде ойым жау,
Əлдебіреуге сағыныш деген,
Əлсіздігіңді мойындау.
Көмейіңе өксік-оқ тұрған күні,
Мені айтшы неге мұңайтты?
Алаулап жанған оттың барлығы,
Күйдіреді деп кім айтты?!
Іштегі бұққан мұңды сез ұлы,
Айтпағаны үшін таңдай қақ,
Ай деген түннің сырлы сезімі,
Айта алмай жүрген айғайлап.
Көз жасы түннің тастанды жұлдыз,
Жұбатты оны кім ұғып?
Мəз болып жүрміз аспанның күндіз,
Жылтырағына жылынып.
Алдауға өзің иланып көптен,
Шын сүйем мəңгі деп кейде...
Шын сүйгені үшін сыйланып кеткен,
Гүлдер де қурап кетпей ме?!
Қалау ма сонда көңілден арсыз,
Негізге сендік сонда қай?
Күдік бар жерде сенім де əлсіз,
Сезім де əлсіз ол қалай?!
Сағындым сені...
төзіммен жүргем,
Жаныма найза бойларда,
Барлығы сонда сезім деп жүрген,
Өзіңді ғана ойлау ма?..
***
Бүгін тым ауыр ойға батып қалың,
Саған кінә арттым мен уақытқа мін.
Жақынды жақындатпай қойғанменен,
Жанымды қаламадым жат ұққанын
Мүмкін сені сағынған шығармын.
Таң атпаған секілді кеш кірмеген,
Бірақ неге өшті үміт, ескірді өлең.
Ешкімменен келмеді ой бөліскім,
Сөйлескім де келмеді ешкімменен.
Мүмкін сені сағынған шығармын.
Қайтадан парақтадым ой альбомын,
Дәл қазір сен де мендей ояу ма едің?
Сезімді өлтірмесем әттең сонда,
Жүрегіме құлпытас қояр ма едім?!
Жаназа оқып тұрғанда әр күндерім,
Күрсініспен шығарған тағдыр демін.
Құлпытасқа келдім де есіме алдым,
Жақсы, тәтті сәттерді бар білгенім.
Мүмкін сені сағынған шығармын.
Көптен бері кездейсоқ жолықпадық,
Ұстадық па жүректі қорып, бағып?!
Бір әуенді кездейсоқ естіп қалып,
Суреттерді бір жерден көріп қалып,
Мүмкін сені сағынған шығармын,
Мүмкін мені сағынған шығарсың.
***
Жетсем деп жүріп шыңға алыс,
Шыдамым болды бір қарыс.
Адасқан ойлар ішінде,
Абай бол деді бір дауыс.
Абайлап алға бастым мен,
Табанды талай тас тілген.
Тәйт деген едім тағдырға,
Аш кірген деді,
Аш кірген!
Онсыз да мынау аз елде,
Таптырмас шипа саз емге.
Абайдың жырын әнге сап,
Ұшықтап берді әжем де.
Кім болдым бүгін, кім едім?!
Өз мұңыма өзім түнедім.
Айлаға көшті ақылым,
Абайла деді жүрегім.
Сананың жалғыз дерегі,
Жүректің бар ма керегі?!
Сіңірі шыққан ақылды,
Тастадым итке жемеді.
Жуғанда жанды нұрлы ағыс,
Сезімге мендік тұнған іш,
Өртеніп кете жаздап ем,
Абай бол деді бір дауыс!
Көңілім жасып, көз күліп,
Жанымды әр сәт кезді үміт.
Арқама арқан батқаннан,
Абайдың жырын ақтарғам.
Абай бол деген сөзді ұғып.
Өзіме өзім сенгенде,
Жалғыздық жанды емдер ме?!
Абайла деді бір дауыс,
Өзге ме әлде, ол мен бе?!
Бұлтқа сүрткен көз жасын,
Жетім күн үнсіз сөнгенде,
Бір ғаріп қарар жүрекпен,
Бір жарық қалар кеудемде...
БАҚ-ҚҰТ
Қалтамды қаға-қаға жыртық қалды
Жанымды жаға-жаға тыртық қалды.
Сәт неге мекендеуге талғампаз боп,
Бақ неге жетер жерде үркіп қалды?!
Басымды соға-соға қақ айрылды,
Басқа жетпей білгендей бақ айнуды.
Тілімді тістей-тістей сақауландым,
Әйтпесе айтар едім талайғымды.
Өксікті жұта-жұта көмейді өртеп,
Үнсіз тынғам, кімге кеп не дейді еркек.
Үмітімді жалғауға үзігі мол,
Өзімді өзім алдауға көбейді ертек.
Өзекті өртей-өртей күлге айналды,
Тағдырда төзім байқұс сынбай қалды.
Отыз екі жасымда көңлім орта,
Отыз екі тісімде мұң қайраулы.
Бақыт неге жетерде үркіп қалды?!
Жүрем бе жанның жасын іркіп мәңгі?!
Қалтамды қаға-қаға жыртық қалды,
Жанымды жаға-жаға тыртық қалды.
***
Қарашы мұнда,
Сен тұрсың көздің қарашығында.
Жоғалтпас үшін жасығаным жоқ,
Өмірдің бір сәт адасуында.
Шектесе, жер-көк,
Шексіз бұл сезім шөкпесе екен деп.
Кірпікпен түнде жасырып қойдым,
Сені ешкім ұрлап кетпесе екен деп.
Жанама бірге от,
Қаласың ба әлде жаралы әнім боп.
Өзіңді байқап қояды екен деп,
Ешкімге тіке қарамадым көп.
Ұлы-құштарым
Сезімнен сездім құбылыс барын.
Жаныңды мөлдір кірлеткім келмей,
Жанарда ғана тығып ұстадым.
Жеп-ішкенде мұң,
Өзіңнен бақты тегіс көрмедім.
Айнаға қарап аймалап алам,
Айдан да жарық періштем менің.
***
Қар жауды деп қуандым, жыладың сен,
Кінәладың тапта деп, құла кіршең.
Кінәламас едің ғой, қымтамас та,
Жаурап біткен жанымды, сірә, білсең.
Несіне тұра ұмтылдым қар жауды деп,
Серпілсе деп ем көңіл қалған жүдеп.
Талай рет тапталған біле білсең
Ақ қарды ар деп ұққан аңғал жүрек.
Белгісіз баққа бір сәт батырардай,
Белгісіз біреу кейде шақырардай.
Бір кезде алақанда еріп кеткен
Жігерімді жүрмін мен қатыра алмай.
Бір кезде ол қуанған қыс келді деп,
Сол қыста тоңған жаным, үскен жүрек,
Мендік сезім қардан да ақ болатын
Ешкім тауыса алмайтын күшпен күреп.
Содан бері қыс келсе күзді айналып,
Кей кезде кеуде тұсым сыздайды анық.
Бір қыстың естелігі қайтем, күнім,
Сақталғандай мәңгілік мұзға айналып.
Алайда өткенімнен жерітпек кім?
Өткенім – өз ғұмырым, көніп кеттім.
Құдіретің жетсе егер ақ қар боп кеп
Ойланбай құшағымда еріп кеткін!
