Сары қыз
Сары түске менің жаным қанық бұл,
Сары бояу сағыныштың әні ұқтыр.
Сағынбаған сары шашты қыз келіп,
Тереземді қағып тұр.
Жасыл түстен айырылады бақта анық,
Көктем жыры жүрегімде жатталып.
Менің жаным жапырақ қой жап-жасыл,
Әне жатыр тапталып.
Көшелерден көктем іздеп сары адам,
Сандалып жүр айыға алмай жарадан.
Жылы жаққа бағыт түзеп қимастан,
Құс жолында сыңсып жылап барады ән.
Жаным жатыр табанында тапталып,
Енді жасылға айналмайды бақта анық.
Сары шашты сағынбаған сары қыз,
Не дейді екен ақталып?
Алматы
Маған жайлы жастық болып құр еден,
Талай сенің босағаңда түнегем.
Есігіңді ессіз қақтым Алматы,
Ақылымнан адастырып бұл өлең.
Ия талай есігіңді қаққанмын,
Нұрын емес мұңын төгіп батқан күн.
Ей, Алматы сені ару деп алданып,
Мойыныңа жырдан алқа таққанмын.
Мойыныңа жырдан алқа таққанмын,
Ессіз келіп, есігіңді қаққанмын.
Ботпановтың ізін жатыр жасырып,
Аспаныңнан ұясына батқан күн.
Ащы ма ме еді Маралтайлар татқан мұң?
Есігінен ессіз кіріп қақпаңның.
Бір арудың бейітінде түнеген,
Бесігінде тербетіліп тәтті әннің.
Олар сынды батпағыңды кешпедім,
Ару қала ақындармен өшпе едің?
Әдебиетте өзі еді ғой бір әлем
Ей, Алматы Әмірханға не істедің?
Қарға
Сен де ғаріп, мен де ғаріп қарғам-ау,
Сенде де аппақ, менде де аппақ бар қалау.
Сен қарқылдап қар сұрайсың Құдайдан,
Ар сұраймын арда бірақ арман-ау.
Сен де ғаріп көктемі мен жазы мұң,
Мен де ғаріп жыры менен сазы мұң.
Өлексе ғой сенің өлім азығың,
Өлең ғана менің өмір азығым.
Азығы бар басқалардан бөлекше,
Қар мен арды қадір тұтар ерекше.
Ашынғанда мен жазамын өлеңді,
Ашыққанда сен шоқисың өлексе.
Екеумізге бұйырғаны сол ғана,
Мекеніміз қиырдағы шөлдала.
Сені, орман-мені-қоғам, түсінбей,
Ала алмадық біз олардан оң баға.
ТУҒАН ЕЛ
О, Туған ел, жанашырым, туысым,
Мейірімге толған тұнық уысың.
Қадіріңді ұға алмасам у ұсын,
Қасиетіңді бағаласам ту ұсын.
Перзентіңмін. Сенде тудым, сенде өстім,
Мені өзіңнен бөле алмайды енді ешкім.
Туған елім - сен киелі болмасаң,
Дәл осылай көгермеспін, өнбеспін.
Еркелеттің. Еркеледім саған көп,
Сәбиіңмін көңілінде алаң жоқ.
Сүрінгенде сүйедің сен әкем боп,
Жылағанда жұбаттың сен анам боп.
БАЛА МАХАББАТ
Баяғы балалық шағымның,
Тұп-тұнық пәк еді арманы.
Бағасын арттырып бағымның,
Бала боп ауылда қалды әні.
Сәттерді көңілге түйіп әр,
Сол шақты жырладым қанша жыл.
Нағашы әкпемнің үйі бар,
Ып-ыстық еді ғой көрші ауыл.
Сол ауыл мен жылда баратын,
Мекені балалық сезімнің.
Өтті онда ең қымбат сағаты,
Күндері санаулы кезімнің.
Күн бойы көңілдер тоймайтын,
Қызыққа шаттану шарт ұғым.
Күніге менімен ойнайтын,
Сұп-сұлу көрші қыз бартұғын.
Тығылсам ол бірге тығылып,
Қашсам да ол бірге қашатын.
Жүгірсем ол бірге жүгіріп,
Ойында мауқын бір басатын.
Қасымнан қалмайтын бір елі,
Әдемі жүзінде нұр жайнап.
Тап-таза, мөп-мөлдір жүрегі,
Мендегі жүрекпен жүрді ойнап.
Әй, шіркін ойынға құмар шақ,
Ойланбай жүрекке от салдым.
Ұйқыдан таң ертең тұра сап,
Сол қызды іздейтін боп қалдым.
Ойыннан алжастым күні-түн,
Бейне бір есі мұң баламын.
Азаңмен таңғы асты ұмытып,
Көрші қыз есігін қағамын.
Алаңдап қалса егер көрінбей,
Мұңаям көңілден үзбей мұң.
Көрші қыз көңілдің төрінде,
Жоғалтсам жиі оны іздеймін.
Кеудемді кернеді өзге екпін,
Ойыным осылды жол құзда.
Мен ғашық екенмін сезбеппін,
Бала боп ойнаған сол қызға.
Ауылға қайтатын аз күнді,
Қиналып қарғадым ішімнен.
Көз жасын мен бала Мәжнүннің,
Тірі адам жоқ еді түсінген.
Мен қайттым ауылға заң бар ма,
Уақытты тоқтатар не тіпті?
Жыл өтіп қайта іздеп барғанда,
Ауылынан ол көшіп кетіпті.
Балалық сезімнің кермегін,
Таттық біз олда бір ұлы бақ.
Сол қызды мен қайтіп көрмедім,
Уақыттар өтті ғой зымырап.
Нағашы әкпемнің үйінде,
Қол созған бала едім айға бұл.
Санамда періште күйінде,
Сақталған ару қыз қайда жүр?
Сүйкімді бала қыз кешегі,
Балалық шағымның мәні еді.
Келіншек болыпты деседі,
Бақытты бір жанға әдемі.
