Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Нұржан Қадірәлі. Күн сайын күткенінің бәрі алыстап...

Нұржан Қадірәлі. Күн сайын күткенінің бәрі алыстап

17.12.2025

7050

Нұржан Қадірәлі. Күн сайын күткенінің бәрі алыстап - adebiportal.kz

Нұржан Қадірәлі – Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының тумасы. Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Халықаралық «Шабыт»  фестивалінің Төлеужан Ысмайылов атындағы арнайы сыйлығының иегері, «Шығыс шынары» жыр мүшәйрасының жүлдегері, республикалық «Ұлы Дала» байқауының «Поэзия» номинациясының жеңімпазы, республикалық Серік Томанов, Жұматай Жақыпбаев атындағы мүшәйралардың бас жүлдегері, «Мұқағали Мақатаев» медалінің иегері, «Жүрек өрті», «Сен жоқ жерде Тәңір жоқ» атты жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері қазақ ақындарының он томдық антологиясына енген. 

Үлкен ауыл баласының үміті

Қазақстан – үлкен ауыл, ескі ауыл,

Сол ауылды қолда, жар бол, 

кеш Тәңір!

Өз ішінде дұшпан да жүр, дос та жүр,

Ертеңі – үміт,

Ежелгісі есте ауыр...

 

Мақтанғанда маңдайларын лайлап тер,

Ойларында орда бұзып, бойлап төр.

Ол ауылда иті көптер – зиялы,

Ол ауылда қасқыр атқан – қайраткер!

 

Ол ауылда қарны-қазан «ұлы» көп,

Ол «ұлының» жымиғаны – жылы леп...

Кейбірінің көрден терең қалтасы,

Кейбірінің АР-дан басқа дымы жоқ.

 

Ар сатылса көбейетін көпесі,

Ол ауылдың шежіресі – көшесі.

Кісімін деп кісінейді есегі,

Қыранмын деп әндетеді әтеші.

 

Жалған болса, Жаратқаннан сұраңдар,

Қожанасыр аман әлі,

Тірі Алдар.

Ол ауылда шаңға айналған – уәделер,

Ол ауылдың бесік жыры – ұрандар!

 

Сәбиінің еті үйренген сұмдыққа,

Қартының да еті өлген һәм

қуырылып қулыққа.

Ол ауылдың іргесінде бейіт көп,

Сонда жатыр тіл мен дәстүр, шындық та...

 

Киіктері жетіміндей жаралы,

Аққулары жесіріндей қаралы.

Ол ауылда өлілермен рухы бір,

Тірілер де паналайды даланы.

 

Ол ауылда құлап кетсе сұңқарың,

Көкпар үшін қажет емес тұлпарың.

Бабасымен мақтанады біреулер,

Бабалары жақтайтындай ұрпағын.

 

Ол ауылға бақ пен сор да таласад(ы),

Ол ауылда той жасаймыз қаласақ.

Қарқ-қарқ еткен күлкісінен қоғамның,

Шар-шар етіп оянғанша болашақ!

 

Балбал тасқа айналған бабалардың рухына

Алаңдама,

Біз жақта бәрі жақсы,

Ары тапшы – 

Ұрлап жеген нарықтың наны тәтті.

Өртеп алдық тек бірақ отпен ойнап,

Қа-ра-шаңырақты...

 

Жоқ алайда,

Көңіліңді босатар түк,

Жер өртеумен ат шықты,

Жақсы атандық.

Көзі кеткен әжейдің текеметін,

Сата салдық.

 

Бір пайдаңа жараса мол мұрасын,

Сақтай берме істесе сорлы басың,

Айырбастап жібердік коньякқа,

Әкейдің домбырасын.

 

Шенді де біз,

Шеменде шерлі де біз,

Осы ұрпағым бәрінен озды деңіз.

Баба рухы,

Қайтеміз заман сондай,

Ренжімеңіз!

 

Бізді әлі баласынып,

Жас демеңіз,

Рас, 

Демеңіз,

Біздің рух аш,

Жебеңіз!

Есесіне көшеге атың жазып,

Дүркіретіп той жасап,

Ас береміз.

 

Құлақ асар уақыт жоқ сөзіңізге,

Қалай тура қараймыз көзіңізге?

Өзгені де бауырға басушы едік,

Жау боп кеттік өзіміз-өзімізге.

 

Жүдетпей-ақ жүйрігін жүйкелетіп,

«Арысым» деп біз өлсек,

Күй тербетіп,

Жоқтау айтып,

Топырақ салар ма екен –

Жасанды интеллект?!

 

Баба рухы,

Атың – Ар,

Затың – текті,

Тағдырымыз тарихтан қасіретті...

Заманда да кінә жоқ,

Бізді осындай,

Ғафу етші!

 

Желтоқсанның желі оятқан аруақтар

Өз қайғысын ұмытып қап,

Ерлігің не, 

Есімін,

Жоқ-ау бізге кешірім.

...Тоқтап соғып толғанатын жүректей,

Соғысы – біз,

Тоқтар тұсы – осы күн.

Төрім қайда,

Төрде тойып секіріп,

Сендер емес,

Жемқорлық тұр кекіріп.

Өз-өзімді алдасам да,

Немді айтайын мақтанып,

...Оның бәрі өтірік!

Осы жардан,

Қазып қалсаң көнені,

Нұх неліктен тастап қашқан кемені?

...Ал арсыздық күнде қағып арқамнан,

Қанатымды сындырғысы келеді.

Ар сотына барлығыңның топырағыңды ап барам,

Аузына құм құю үшін одалардың оттаған.

Әйтпегенде әрбір әке көктеміне көр қазып,

Әрбір ана жалғыз жазын жоқтағаны-жоқтаған!

Турашылдық басымызға бақыт емес,

Болса сор,

Қаншама қан бос төктік пе,

Сорғалатып сонша тер.

Өз еліңнің азап-шерін шегу қылмыс қашаннан?

Ондай болса күллі қазақ әлмисақтан нашақор!

...Жөндері жоқ шатасар,

Қай қасқырды көріпті иттер жарасы жоқ,

Заты осал.

О қашаннан қанішерлік – әділдіктің әмірі?

Олай болса мен де жаумын, 

Оғың жетсе ата сал!

Қабіріңе топырақ сап,

Қадіріңді кеш білер,

Бізге қашан ес кірер?!

...Тарихы оның жазылмай-ақ оқылар,

Ақиқаты айтылмай-ақ естілер.

Рухтар оны жырлайды,

Сондықтан да ұмытылмас бұл қайғы.

Тас мүсін боп болашақтың алдында,

Неге солар тұрмайды?!

Бұл сұмдықты мен емеспін бастаған, 

Аяқталар біткен күні тасқа жан... 

Отан ғана әлдилейтін қасіретіңді қастерлеп, 

Менің де жоқ басқа анам! 

Сол күннен соң атыңды атап ұдайы,

Жыртық үйдің бар деп жүрмін Құдайы.

Ұмытуға асыққанша зарыңды,

Ұмытсам ше қуануды шынайы... 

Шырт түкірсе өшеді-ау деп мұң шоғы,

Ойлайды екен кім соны?.. 

...Құран оқып,

Шырақ жағып болсаңдар,

Ал шырқаңдар, 

Ән шырқаңдар,

Шыр айналып шыршаны!

 

…Құдай мені жаратқан Қаратаудан!

Бақ іздеудің орнына бар әлемнен,
Жаралы елмен мұң құшып, даланы емгем.
Сен менен гүл сұрама, мен онсыз да
Бұл көктемді сен үшін ала келгем!

Бұл көктем – саған мендей ғашық көктем,
Күркіресе бұлттары тасып көктен.
Айды әпер деп сұрама, саған бола
Жұлдыздарын жанымның шашып кеткем…

Ешкімге емес, өзіңе,
Иә, саған!
Шын махаббат, әр көңіл-күй аш оған.
Жомарттығым ұстаса түк қалдырмай,
Жалғанды да, жанды да қия салам.

Түптің түбі мен саған қайтам, дала!
Оған дейін жоқтатпа, жайқал дара.
Бар білетін дұғамды оқып тұрып,
Жіберемін бағыштап сайтанға да!

Серт сермесе өліспей беріспеуге,
Ғұмыр – майдан, ар менде, жеңіс сенде.
Қателессем жазғырма, мен болмасам
Сабақ болар өзгеге,
Періштеге…

Маған сені мұңдас қып Хақ қолдаған,
Хақ қолдаса кезім жоқ бақ қонбаған.
Мәңгі жау жоқ, дұшпан да өлсе – әруақ,
Ал әруақ алашқа жат болмаған.

Қатал, суық һәм мендік арман асқар,
Жібітпейтін жанардан тамған жастар.
Құдай мені жаратқан Қаратаудан,
Бала күннен достарым – балбал тастар!

Менімен бірге қалғымас уақыт көші,
Сенімен бірге таңы ыстық, жарық кеші,
Бүршік жарып,
Көктем боп шыға келер –
Саған жазған өлеңнің әр нүктесі.

 

***   

Түсінші,

Мен де талай жаңылысқам,

Сен десе әдірә қап сабыр, ұстам...

Қандай да бір сұрағың болса, тыңда

Жауабын кеудемдегі жарылыстан!

 

Жалғыздық – Жаратқаннан жұққан жарам,

Ал уақыт сенен мені құтқармаған.

Жойқындығы соншалық бұл жүректе,

Дәл қазір сенен басқа түк қалмаған.

 

Күл болсын мейлі төзім, өр мінезім,

О қашан өртенгеннен өлді сезім?!

Түсінші, аң менен құс ұға алмаған,

Жүректің әр соғысы – соңғы сөзім!

 

Періштесің сұмдық-ай, перісің деп,

Әспеттеуден аулақпын, сен түсін тек.

Кешірмейтін кекшіл ем өзімді де,

Ал саған,

Өлтірсең де ренішім жоқ!

 

Мейлі күнде сағындыр, жаралап кет,

Сол қалпында қаласың ғаламат боп.

Түсін, менде сен сыйлар бақыт тұрмақ,

Уайым менен мұңға да қанағат жоқ!

 

Өртесең таңың болам пейіш күткен,

Күйген соң сенде ғана – ең ыстық дем.

...Астаң-кестең етсең де алыстама,

Жүрек сөзі естілер кеңістіктен!..

 

***     

Келмеске кеткеніндей балалық шақ, 

Күн сайын күткенінің бәрі алыстап. 

Қарт Тараз ұнатпайды қысты неге, 

Ақ шашын жасыратын анам ұқсап. 

Құраннан маңдайыма басылғандай, 

Драммам – әрбір күні ғасырлардай. 

Мұңдарын қатпар-қатпар ешкімге айтпас, 

Үйлерге қабат-қабат жасырғандай. 

Соңынан қоңыр салқын самал ерген, 

Жат емес, 

Әр тұрғыны –

Жаралы әлем. 

Білмеймін не жоғалттым бұл қалада, 

Білмеймін не тапқанын қала менен. 

Жаратқан жұлдыз сеуіп, 

Өшсе үміттер, 

Көшелер көтермеген еркеліктер, 

Өтеді амандасып күнде маған, 

... Сандалған сағыныштар, 

Қаңғырған естеліктер. 

Тауысқан көз жастарын тағдыр ішіп, 

Келемін үлгере алмай, 

Зарын құсып, 

Тарихтың,

Құндылықтың,

... Бәрін құшып, 

Қағып-соғып барады қалт-құлт еткен, 

Жалт-жұлт еткен армандар алып-ұшып. 

Оянған таңнан бұрын ойы жүдеп, 

Тұтқындай жазасы ауыр, 

Айыбы жоқ. 

Кофеден жылу іздеп кей көңілдер, 

Жүрек ше, 

Ал жүректер қайыр тілеп... 

Досың да, сүйгенің де, 

Күйігің де, 

Алдыңда аласармас биігің де, 

Түсінсең бұл қалада бәрі мұқтаж —

Бір тамшы мейірімге. 

Мәрт Тараз, 

Шуағыңа шөлдесем де, 

Таусылсаң төгіп-шашып, 

Көнбе, 

Сөнбе! 

Суыды десе сені адам тұрмақ, 

Қысқа да сенбеймін мен, 

Сен де сенбе! 

Рух үшін қазір құдды тас ғасырдай, 

Ал уақыт – аяздағы аш қасқырдай. 

Тусақ та тыржалаңаш жауратпаған, 

Қар да – ыстық саған жауған, 

Аналардың –

Ұрланып тарайтұғын ақ шашындай!.. 

 

***   

Жанарымнан күндіз-түн алау кетпей,

Сен дегенде демім – жел, санам – көктей.

Айға қолы жетпей жүр талайлардың,

Айдың қолы тұрғанда саған жетпей!

 

Жұлдыздарын кешқұрым жағып бастап,

Түн құшағын ашқанда қауіпті,

Асқақ.

Айға Сен де қарайсың,

Кірпігіңмен – 

Әр сәулесін ұмтылған қағып тастап.

 

Қажеті жоқ нұрдың да артық, бөтен,

Құшағыма құйылсаң балқып бекем.

Сен дегенде бой бермей,

Артық кетем,

Ай жетпес,

Ой түбіне тартып кетем.

 

Шын сезімді сағынбай құшпайды адам,

Естеліктер жау емес тіс қайраған.

Мен сондықтан бұл күзде ұшпай қалған,

...Құсқа айналғам.

 

Осы бақты қай уақыт алып қашпақ?

Өзіміз – би,

Оны ұзақ қалықтатсақ.

Күзетемін телмірген саған әрбір,

Ай сәулесін қаламмен қағып тастап!

 

*** 

Таң нұры да тастай боп түскен сынып,

Тағдыры да бұл күздің үстем, суық...

Өлген жүрек секілді – әр жапырақ,

Түзден түңіліп емес, іштен тынып...

 

Әйтпегенде, сол еді төзетін ең,

Ештеңені күтпей-ақ келер күннен. 

Талай дауыл жұлқылап жұла алмаған,

Түсер ме

 еді үзіліп өз еркімен?..

 

Уақыттың көзі ғана анық жеткен,

Күл емес, күзге айналар жанып көктем.

Содан соң бақыт құсы қайырылмастан,

Соңғы үміті далада қалып кеткен...

 

Жалған нұрдан жаны алыс, ауыр – шыны

Басқа-басқа бұл күздің мәлім сыры.

Қанатынан шашылып қала берген,

Ал көңілі – құстардың қауырсыны.

 

Қарға-мұңым, сен мені қарғамашы

Талай тиген толқынмын жарға басы.

Жазылмайтын мың жерден жасырсақ та,

 Күз деген – жалғыздардың жан жарасы.

 

Саған қалай, білмеймін

Солай маған,

Жапырақ боп дос пен жар, қарайды анам.

Сынып жатқан астында табаныңның,

Өзіңді көр, сенбесең, сары айнадан!

 

Жауыннан да жұбанбас жан азабы,

Тауыңнан да таятын бақ, ажары.

Күз дегенің – танитын, түсінгенге,

Дала заңы емес жай,

Дала зары!

 

***   

Күзгі бұлттар несіне түнереді,

Сені көрсе олар да гүл егеді.

Мың жерден мұңайтсаң да сұлулығың,

Бір көрінсе,

Жынды ғып жібереді.

 

Уақыт та – Сені іздеген мұңлы құшақ,

Біресе жапырақты, гүлді құшад(ы).

Жүрісін ұмытып қап Сен болмасаң,

Сен барда ұшып-қонар жынды құсап.

 

Тағы саған тасуға асығып хат,

Құстарыма самғады қосылып бақ.

Жүргендеймін Сені іздеп арасынан,

Жапырақтары жанымның шашылып қап.

 

Көктемде көк пен жерге таңсық болған,

Жанымның жапырақтарын жаншып барам.

Аңсатып қойған бәрін біле тұра,

Құдай да менен бетер ғашық саған.

 

Мендегі орман ойдың көрігі – Сен,

Мен қашан жеңілуші ем,

Шегінуші ем?!

Сондықтан қопарылып құлап тынам,

Ең соңғы жапырағым,

Сен үзілсең!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan