Олжас Әбілұлы Қасым, 1989 жылдың 22 сәуірінде Семей облысы, Абыралы өңірі, Қазақстан ауылында дүниеге келген. Төлеужан Ысмайылов атындағы орта мектепті бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Халықаралық «Қазақстан ZAMAN», республикалық «Дарабоз», «Алматы» телеарнасында қызмет етті. Бүгінгі таңда «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасының шеф-редакторы. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарық көрген. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Бозбеткей», «Жан райы», «Азат жол» өлеңдер жинағының, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Оралхан Бөкей кім?», «Мұқағали Мақатаев кім?» кітаптарының авторы.
Суретшінің аяқталмаған картинасы. Дидар-ғайып.
Темекімнің түтінінен сенің бейнең түзіледі,
Сұлу бейнең бірте бірте долы желден үзіледі.
Ойда жоқта, оқта текте біз осылай жолығысып,
Дидарғайып мезет кешіп, қоштасамыз біз үнемі.
Темекімнің түтінінен сенің атың жазылады,
Көз алдымда көлбеңдетіп сәттеріңді базыналы.
Көкшіл сағым арасында шумақталған бұла ойларым,
Көйлегіңнің етегіндей көкжиекке созылады.
Темекімнің түтінінен бұйра шашың елес бере,
Бұйра түтін-бұйра шашқа көмілемін әуестене.
Ащы түтін тәтті иіспен араласа бастағанда,
Қызғаншақ жел үзер бәрін, жоғалады ол, жоқ ештеңе.
Темекімнің түтініндей кеңсірікті уға малып,
Билеп сосын танго биін өн бойымды шырмап алып.
Жүрегімді шым еткізіп, ақ маңдайдан бір өпкізіп,
Көк мұнармен қол ұстасып, сен сіңесің түнге- мауыт.
Темекімнің шоғыменен сол бейнеңді бірге өшіре,
Сеніп, сенбей тұрам сәтке енді бірге жүрмесіме.
Қақтырамын қос өкпемді екіленген долы желге,
Лақтырамын темекімді балконымның іргесіне.
***
Қайта барсам мен саған не дер едім,
Қайта қонбас гүліне көбелегім.
Қайталанған дауысты іште өлтіріп,
Қайта-қайта бір ойда бөгелемін.
Қайта сүйсем мен сені не қылар ең,
Қайтқан көңіл дүрсілін тауып әрең.
Қайта түзген сол бейнең сұрар ма еді?
Қайталанбас әсерді тағы менен.
Қайта жүрсем сол жолмен кездесер ме ең,
Қайта адасып баяғы өз көшеңнен.
Қайтара алмай сезімді тұрар ма едің,
Қайта жағып шырақты көзде сөнген.
Қайта терсем сол ескі нөміріңді,
Қайтарар ма ем көмескі өмірімді.
Қайталанбас сол жырды қайта оқыр ма ем,
Қайта өзгертіп жүзіңді торығулы.
Қайта саған барар ма ем шоқ гүлдермен,
Маңдайыңды маңдайға ап өпкім келген.
Қайта-қайта алысып күдігіммен,
Қайта қайта табысып жоқ күндермен!
Қайта тартып сен жайлы күллі ой мұңға.
Қайта-қайта маздайды жыр қойнымда.
Айта алмаған сөздерім жанымды жеп,
Қайтармаған қарыздай тұр мойнымда.
Жаңбырлы түн
Дәл осы сәт жолымнан жаңылайын.
Сен де мендей масайрап, босармысың.
Жаңбырлы түн-бұл менің жан райым.
Жаңбырлы түн-бұл менің осал тұсым.
Шабыттың шарабына тойып, бастым.
Жұмыс шығып зілмауыр естен бүгін.
Жаңбырлы түн – "Аю"-да айықпас түн.
Жаңбырлы түн КазГу-да кешкен жылым.
Жадымызда оянып біз баяғы,
Естеліктің ашылған жүз есігі.
Жаңбырлы түн – езілген күз бояуы.
Жаңбырлы түн – жаңғырған қыз есімі.
Бұл мезетте ойларым төңкерілген,
Елестерден шағым жоқ құтылатын.
Жаңбырлы түн – кішкене, балконым кең.
Жаңбырлы түн – шылымның түтіні ақын.
Мен осы шақ - төкпе күй-төгілемін.
Қанаттасып кіл құспен жарысамын.
Жаңбырлы түн – өзімнен бөлінемін.
Жаңбырлы түн – өзіммен танысамын.
Шырамыту
Аялдама әлде, жағалаудан көрдім,
Ерттім бе екен оны, бәлкім оған ердім.
Таппай қалып тұрдым жүректегі орнын,
Шырайына қарап шырамыта бердім.
Неткен жылы бейне, неткен суық өңі,
Жақын әрі алыс оның маған жолы.
Айтар ма екен бәрін айды аунатсам бері,
Жымияр ма шіркін, жылды ағызсам кері.
Кетті ме оған өшім, болған сынды досым,
Бұл келісі қызық, бұл келісі тосын.
Есінейді алдан ес кірмеген кешім,
Есіл күнім бе едің, өшкіндеген есім?!
Бірде сеніп қатты, енді бірде сенбей,
Сөзім болып жұтаң, сезімге еріп көлдей.
Ендім оған түстей, көрдім оны өңдей,
Танысқым да келіп, танығым да келмей.
Оттай жанып барам, сансырады санам,
Ей, көңілге келші, көзімдегі адам.
Таусылар ма шарам, бітер ме екен шамам,
Қандай сұрақ қойып, қандай жауап алам?!
Тілегіме тұнып, жүрегіме кіріп,
Кетсе қайтем жылап, кетсе қайтем күліп.
Ашылғандай болып, арадағы құлып,
Жанар ма екен үміт, болар ма екен ұмыт?!
Елестей ме қашқан, белестей ме қуған,
Өмір неткен баяу, өмір неткен жылдам.
Ойларыма шомып, толқын болып туған,
Өзімді өзім мен бе, шырамытып тұрған?!
7 days hotel
Түскенім кеше ғана,
Ертең кетемін бұл жерден.
Бәрі де уақытша екенін сездіреді,
Суық әуен жайлаған сұр бөлмем.
Оқылмай желге ұшқан газет,
Айғыздалған терезені шертеді.
Үнсіздікке көмілген осы бір мезет,
Жаяды алдыма уақытша ғана көрпені.
Сәлден соң қабағыңа қарап,
Көзін шел басқан кеш кіреді,
Кеше ғана тық-тық етіп тұрған сағат,
Бүгін маған "шық-шық" деп естіледі.
Берілесің еріксіз мазасыз бір күйге,
Көңіліңе көшені кезген енгендей мұң.
Дәл осы сыры қашқан бейтаныс үйге,
Ширек ғасыр бұрын да келгендеймін!
Гүлге қарайсың ұйқыға батқан, семіп,
Төңіректеп ұзақ төрт қабырға ішін,
Сосын шығасың түрлі-түрлі әсерлеріңе шомып,
Өзгелердің де қонақ екенін сезіндіру үшін.
Биылғы қар
(Нұрғали Оразға)
Қар басты тағы, мынау қыр, анау даланы,
Келгендей қыстың түскенін хабарлағалы.
Жапалақтаған ұлпамен қабаттасып ап,
Аспаннан ағыл-тегіл боп өлең жауады.
Бұлыңғыр түнде жүректер алаң болады,
Жанын сыздатып іңкәрі оралмағаны.
Келетіндей бір үмітке көп алданады.
Көкейге сонда сандалған сауал қонады.
… Сызылып қайта еліте ме оралған әні,
Тапқаны бәлкім, дүниеден таба алмағаны…
Басып тұр ақ қар сауылдап тәмам қаланы,
Былтырғы қар ғой, ол сонша неге арбалады?
Иә,
Иә… таныс қар ғой бұл, санаңда бәрі,
Десең де қалай, ауырар, ол - адам жаны,
Ол - адам жаны,
сыздайды, ойына түсіп,
Былтырғы қарды қарсы алған талай адамның,
Биылғы қарды әттең-ай көре алмағаны…
Дежавю
Көрген едім бұрын бәрін,
Кенет назар аударғанын.
Дәл осылай бұрылғанын,
Дәл осылай таң қалғанын.
Қимаймын деп сол даланы,
Әңгімесін айтады әлгі.
Сәл мұңайып салған әні,
Бүгін тағы қайталанды.
Ол отырды түсі қашып,
Еске салып күздің күнін.
Дәл осы бір ұшырасу,
Болған сынды жүз жыл бұрын.
Сәт қой деп ем кешпейтұғын,
Тағы міне кезіктірдім.
Оның қазір не істейтінін,
Іштей ғана сезіп тұрмын.
Шешімі жоқ сұрақ әр күн,
Өмір сырын білдірмеген.
Өткен күнін бір адамның,
Қайта сүріп жүрмін бе мен?!
Ескірген қиял
Шақырған шақта шалғайдан кісінеп үміт,
Қиялым қандай болды екен, кім біледі?!
Он жыл бұрынғы суретім түсіме кіріп,
Он жыл бұрынғы арманым күлдіреді...
Кінәмшіл көктем кешегі гүлін де бермей,
Ақикөз жаңбыр өшірген болдым мен оттай.
Елжіреген көздердің бірін де көрмей,
Уәде берген алақандардың бірін де таппай.
Көңілсіз әуен кезіп жүр салқын көшемді,
Құштарлығымның нотасы құратын тізбек.
Еркелеп бекер жүрегім, алқынбашы енді,
Он жыл бұрынғы әсерді музейден іздеп...
Он жыл бұрынғы шақырған жолдарым да ұмыт,
Шертілген шемен түсірді күй түрлі арнаға.
Отырмын бүгін еріксіз қалғанымды ұғып,
Он жыл бұрынғы қанбаған ұйқыммен ғана!
Гербарий
Аунады жылдар, заулады айлар, аумалы!
Заулаған күннен мүмкін бе белгі қалмауы?!
Арманды шақтан қалған бір белгі секілді,
Қолыңнан шыққан көне гербарий бар ма әлі?!
Кездескенімде қаталап саған кейде мен,
Көз алмаушы едім табиғат салған бейнеден.
Әрбір күзіммен тілдесуші едім танып қап,
Әр парақтағы әр жапырақтан сөйлеген.
Мезгіл ескегін болар ма сәл-сәл ырғауға,
Сол кездегідей ақтарыла айтар сыр бар ма?
Қай күзін күтіп отыр екен-ау ескі дос,
Қайыңнан түскен кеудір жапырақ сынды ол да.
Сендерге қарай ағылды білем, жол қанша,
Үздіге тостым көңіл бояуы оңғанша.
Күттіресіңдер ме -ей, құрбы қыз терген гүлпардай,
Күтір де күтір үгітілердей болғанша.
Жабысып бойға сағыныш деген шоңайна,
Жабырқатады берілсем болды көп ойға.
Ақсары қыздың гербарийінде сақталған,
Күнгелді құсап күндерді санау оңай ма?!
Жауратып қырды жүрекке тағы күз келді,
Жанымнан үзген моншағы мұңның түзде өлді.
Серігім жиған жапырақтардай ел кезіп,
Жапырақтардай кім жинар екен бізді енді?!
Жадымда қалған ең бір естелік бағалы,
Көне гербарий жапырақ сүйген парағы.
Сарғайып кеткен жүрегім менің сол жерде,
Үміт үзбеудің сарғаю ма екен амалы?!
Бас алып қашып сұрқай сезімнен жүдеткен,
Қап-қара дүлей сытылып шығып түнектен.
Жан құрбым сынды гербарий жасап қойсам ба?
Ықтасын іздеп жөңкілген әрбір жүректен.
Жүрегімізді салқын ұрмасын деуменен,
Өз-өзімді де тартамын оған көлденең.
Баса алсам солай беймаза дүние дірдегін,
Қалшылын бассам қара суықтан кеулеген.
Уыстап ұстап, таратып шіркін күн нұрын,
Ықыласыменен жылытар екен кімді кім?!
Оянар ма деп бұйығып жатқан төңірек,
Тербетіп тұрмын толқыған жанның сыбдырын.
Өзге әлем
Іздеп таппай бірін де мына әлемнен,
Тұман енген жүректен сұрақ өрген.
Аялдама болғанмын адамы жоқ,
Жол бойында мелшиіп тұра берген.
Тұлдыр тәулік болғанмын санауы жоқ,
Жүрегімде тумай сәт шуақ енген.
Жыл кейпіне енсем де сорабы жоқ,
Жылы жүзді таппағам сұрап елден.
Аңсарға да айналғам амалы жоқ,
Дегбірдің биігінен құлап өлген,
Ішімдегі сол жандар жамалы жоқ,
Телефоннан бір күні шыға келген!
Телефонда сұлу қыз, паң, жайдары,
Өрт кештіріп сезімнен өкіндірген.
Телефонда ұстазым шалғайдағы,
Қамшылап үмітіме бекіндірген.
Телефонда әріптес көп қаратар,
Сонау жылы жаныма жақын жүрген.
Телефонда досым да хат боратар,
Көңілдің сарайына батыл кірген.
Телефонда танысым бар шырайлы,
Уақытқа сыр бермейтін секілді іргем,
Телефонда замандас хал сұрайды,
Семсер-серттің сөндірмес отын мүлдем.
Соларды тұрам ылғи тамашалап,
Алуан бояу әрлеген бетін күлген.
... Телефоннан ақыры бәрін тауып,
Сағынышымды жоғалтып отырмын мен!
Балконымда ғана ақынмын
Шабыт түзде менен аулақ,
Балконымда ғана ақынмын.
Тұрам ылғи өлең аулап,
Құшағында қара түннің.
Бұл қаланың лезде жадым,
Көшіреді мың-мың түсін.
Көшеді оңай кезген ағын,
Тұншықтырған қыз күлкісін.
Түртер мені маздап келіп,
Ұйқасттардың керуені.
Бәрін тізіп жазбақ болып,
Қара қалам еліреді.
Нөпір ойлар келгенімен,
Жараспайды көңіл тасқан.
Сол ұйқастар керуенімен,
Жарар еді мен ұйқассам...
Жұлдыз көктен бал ашады,
Сол жұлдызға самғайды арман.
Жазсаңшы деп жел ашады,
Кітабымды толмай қалған.
Болса-дағы бұл маусым бап,
Күйде емеспін күй тілердей.
Алматыда туған шумақ,
Астанада ұйқы бермей.
Әр өңімде түс көрем мен,
Демегенде нәзік шыдам.
Ақ параққа түспегенмен,
Жүйкеме жыр жазып шығам.
Құшағында қара түннің,
Тұрам ылғи өлең аулап.
Балконымда ғана ақынмын,
Өлең түзде менен аулақ!
Жат әлпет
Сеулге барғанбыз орталап күзді.
Кәріс қызы Хе Им қарсы алды бізді.
Ару екен, сыймайтын сөзге,
Беденді, сұлу, ізгі!
Иә, рас, Хангандай* алабұртқан өңі!
Бұл қыздың кім десіп, теңі?
Сүймек боп ұмтылған, ұсынып көңілін,
Қаракөз жігіттің көбі.
Ұлдарға үздіккен сонша..
"Сүйіңдер деді ол өз бетім болса...
Опа емес, отамен түзген,
Сеулде мұндай бет, білсеңдер қанша..."
Ойларға батқандай, шырмаған, қамап,
Жылады ол жанарын түнекке қадап.
Жылтырақ дүние біз жақта, жылтырақ бетте,
Кеңселер кіргізер жүзіңе қарап.
Көңілсіздік нотасы құра қап тізбек,
Құрбандық сөйлеген сол сәтте қыз боп,
Ал "ғашық" жігіттер тұрды,
Дидарынан Хе Имнің өз бетін іздеп!
*Ханган – Оңтүстік Кореядағы ірі өзеннің бірі
***
Джаконда портретіндей,
Гольфстрим ағысындай,
Гималай тауына шыққан,
Жүректің қағысындай.
Сен менің дертім едің!
Таппаған элемент ең,
Менделеев кестесінен,
Оты едің мың қаланың,
Табылмас еш кешінен.
Мен сені көргенімде,
Планета ашқанымдай,
Рояльдің қол баспаған,
Пернесін басқанымдай,
Вулкандар ұйқыдағы,
Аспанға от шашқанындай,
Ең қымбат жаңалықты,
Асыға тосқанымдай,
Сені алғаш көрген едім.
Сен менің жаным едің,
Суреттей салынбаған,
Лавадай жалындаған.
Әуеннің иірімі ең,
Ешқашан алынбаған.
Бәрі де бітті ме енді,
Метеорит құлағандай,
Жетімі бар әлемнің,
Жабыла жылағандай,
Бәрі де бітті ме енді,
Валюта құнсызданғандай,
Әлемде сағат біткен,
Кілт тоқтап, үнсіз қалғандай.
Қайда екен екеуміздің,
Тротуардағы ізіміз қайда,
Шолу шеңберіндегі,
Бақытты жүзіміз қайда?
Әтірге оранған, бояумен апталған,
Сап-салқын, ып-ыстық күзіміз қайда?!
Сені тартып әкетті ме,
Вермуд үштағаны.
Сенімен ұзақ болған,
Асфальттар қысқарады.
Өңімде көрген сәттер,
Таусылмас түс болады,
Қош, менің қол жетпеген,
Жетінші материгім.
Ең қымбат гауһар тасым,
Ең сәтті қателігім.
