Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Омарғазы Айтанұлы. «Оқырманды ойға шомдыру мақсат ...

Омарғазы Айтанұлы. «Оқырманды ойға шомдыру мақсат болмаса да, стиль соған алып барады...».

27.01.2026

6102

Омарғазы Айтанұлы. «Оқырманды ойға шомдыру мақсат болмаса да, стиль соған алып барады...». - adebiportal.kz

Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ»,  сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді.  

«Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. 

Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқан жарытып газет шығара алмайды», - деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.

Басқаны білмеймін, 2000 жылдары әдебиетке келген біздің буын үшін,  бір өзі «Жазушылар  одағындай» болған жанның бірі осы Ардақ Нұрғазының «Шетел Әдебиеті» газеті еді. 

Көп дүниені үйретіп, көз аямызды кеңейткен Ардақ ағамыздың бұл жанкешті  еңбегін ешқашан есімізден шығарған емеспіз...

«Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК...» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық сұхбаттарды сұрыптап алып, оқырман жадында қайта жаңғыртуды жөн санап отыр. 

Сонымен бұл жолы  2007 жылы «Шетел Әдебиеті» газетінде жарық көрген, Шығыс Түркістан топырағында өмір сүрген, қазақтың новатор ақыны Омарғазы Айтанұлының белгілі журналист Ләззат Оразханқызымен екеуара сұхбатын газеттен қайыра қотарып назарларыңызға ұсынып отырмыз.

-Омарғазы аға, алдымен мына бір жайды айта кеткім кеп отыр. Ел аузындағы сіздің өлеңдеріңіз жайлы кей әңгімелердің әсерінен бе, бірталайға дейін сіздің өлеңдеріңізді түсінуге менің де сенімім жоқтай еді. Өзіңізбен әңгімелесуді ойға алғаннан бері шығармаларыңызды оқып жүрдім. Сонда сезіндім, бұрын алдымда бір асқар барын аңдамағаным болды. Бақсам, сіздің өлеңді тау тасқыны секілді етіп, табиғи ұйқастармен, ерекше түр мен үлгіде жазуыңызға ой керуеніңіздің өзі-ақ жетелеп әкететін секілді.

-Енді бұл шығарма жазу дегеннің өзі бір күні түс көріп таңертеңінде бір форма, үлгіні жарата салатын іс емес. Бұл бір көп жылдық ізденудің, үйренудің нәтижесінен келіп шығады. Мысалы, менің осы өзің айтып отырған жаңа форма, үлгі дегендеріңнің өзіне былай қарап көрейікші. Осының өзіне 40 жылға жақын уақыт болды. Мен 1956 жылдың күзінде «Қыс» деген өлең жаздым. Ол былай басталушы еді: 

Қыс демінің майда кірпігі

Ақ қоян түгінің мамық ұлпасындай.

Табиғат дастарқанының ақ інжу-маржаны

Төгiле түссе екен тағы мың жыл таусылмай.

Бұл өзіміздің бұрынғы, қара өлеңге басқа өлең ұқсамайды. Басқаша жол, басқаша ырғақпен туған өлең. Сондай өлеңдер кейінгі жылдарда көбейе бастады. Мен ең алдымен халық фольклорын көп үйрендім. Әсіресе, мына қара өлең, ақындар айтысы, ескі қиссалар, дастандарды көп жаттадым. Кейін Қазақстанның ақын-жазушыларының өлеңдерін де көп оқыдым. Осыдан барып ең ақыры менің осындай бір түр, осындай формаға көтерілуіме себеп болған нәрсе – шетел ақындары.

Мен шетел әдебиетінен ең көп үйрендім, бәрін оқи бермей, таңдаулыларын оқыдым. Мен өзім ойлаймын: бір ұлттың ақыны не жазушысы өз ұлтының әдебиетін білумен ғана жаңалық жарата алмайды. Өйткені өз ұлтының тарихта өткен Абай сияқты алыптарынан асып кете алмайды. Соның көлеңкесінде қалады. Сондықтан жаңалық жаратамын деген адам басқа ұлттардан ізденсе, үйренсе болады. Біз Абайды қандай сүйсек, сондай жақсы көреміз. Бальзакты, Лев Толстойды, Пушкинді, Шекспирді де Абайды сүйгендей сүйсек, бізге әдебиеттің жаңа бір есігі ашылар еді. Мен өзім өлеңді үйренгенде басқаша үйрендім. Науаидың «Парһат – Шырын» дастанын, «Ләйлі – Мәжнүн» дастанын үйренгенде, оларды өлеңмен үйренбедім. Өйткені өлең білу де қиын. Шағатай тілінің ең қиын түрімен жазған Науаи. Оны өзбектердің өзі де біліп кете алмайды. Қарасаңыз, кітаптың екі беті, бірінде Науаидың өз жазғаны болса, бірінде аудармасы бар. Мен негізінен оның қара сөзбен жазылған нұсқасын үйрендім. Қара сөздегі ой тереңдігі – оның логикасы, осыларды үйрендім. Мәселен, Науаи өзінің «Парһат – Шырын» дастанында Парһатты астыңғы еріні жер тіреп, үстіңгі еріні көк тіреген Ақыраман деген дюменен шайқастырады. Ақыры Ақыраманды өлтіріп, басын кесіп, кешке жақын лақтырғанда батыс көкжиек қып-қызыл қан боп кетеді. Сол тарау біткенде Науаи «Маған Ақыраман дюдьң бас сүйегін тостаған қылып әкеліңдер, мен толтырып отырып шарап ішейін», – дейді.

Міне, осындай керемет романтикалық ойлар бар. Мен үйренгенде осындай жақтарын үйрендім.

Меніңше, өлеңнің ұйқасы туралы айтсақ, екі түрлі ұйқас бар. Біреуі дыбыстық ұйқас, бірі әріптік ұйқас. Әріптік ұйқаста көп жағдайда жасандылық келіп шығады. Енді Абай өлеңдерін қарасаң, Абай өлеңдерінде әріптік ұйқастан гөрі дыбыстық ұйқас көп кездеседі. Мен де көп шығармамда осы дыбыстық ұйқастарға сүйенем. Дыбыстық ұйқастар табиғи болады. Өлең жасанды болмайды. Ақын тарығып, қиналып қалмайды. Мысалы Абай аударған Пушкиннің бір өлеңі бар. Сонда:

«Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киіктің лағы ем,

Тірі қалдым өлмей әрең,

Қатты батты тырнағың», – деген бір шумақ өлең бар. Қараңыз, осы өлең қандай қабысып тұр! Ұйқасы қандай келісіп тұр. Бірақ, ұйқасын жекелеп қарасаң, дыбыстық ұйқас. 

Айталық 1 жол мен 3 жол ұйқасады. Яғни «жолбарыс ең» мен «өлмей әрең» деген ұйқас. Қарасаң, мұнда ешқандай ұйқас жоқ сияқты. Бірақ, мазмұнымен айтқанда сондай тамаша келген. 2, 4 жол ұйқасы «лағы ем», «тырнағың» бұлар тіпті ұйқасқа келмейді. Бірақ, оқысаңыз жымдасып кетеді. Демек, ұйқаста да осындай жағдайларды еске алу керек. 

Шетел әдебиетінен үйрену міне, осындай жанды болғаны жөн. Оның ой логикасын, мазмұнын үйрену керек. Мен студенттерге 4–5 жылдың алдында лирика туралы лекция оқығам. Сол лекцияда мен ылғи шетел классиктерінің лирикаларын мысалға келтірдім. Ондағы ойым – жастарды шетел әдебиетінен үйренуге қызықтыру еді. Өз басымнан алғанда, шетел әдебиетінен үйренгенде, кейбір нәрселер санаңда қалып қояды екен. Мысалы, менің бір өлеңім де «Еркіме көмбес бұл жүрек» – деген жол бар. Осы жолды жазып болғаннан соң қарасам, басқа біреудікі сияқты болады да тұрады. Сөйтсем, бұл Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанындағы Евгенийге Татянаның жазған хатының ішінде бар екен. Кейін кезігіп қалды. Шетел әдебиетін үйреніп жүргенде осындай мазмұн кіріп қалады екен. «Еркімe көнбес бұл жүрек» – деген бір жол өлең солайша менің шығармама кіріп кетіпті.

-Аға, сонда осы айтып отырған ерекше түр мен үлгі деген бір жағы жазушылықтағы стиль, қолтаңба дегендерге саяды ғой?

-Мұндағы қолтаңба деген бір сөзден көп нәрсені ұғуға болады. Қолтаңба – бір ақынның я бір жазушының өзіне тән стиль, өзінің ерекшелігі ғой. Мысалы, біреу сіздің шығармаңызды оқи қалса: «Мынау пәленнің шығармасы екен» деп тани қоятындай болса, стиль деп соны айтуға болады.

Біз стильді көбінше, мысалы, өлеңге қарата айтсақ, өлеңнің сыртқы формасына, ырғағына қарап, мынау жаңа стиль дей салуымызға болмайды. Өйткені, бұл ақыл-ойда жатқан нәрсе. Шын өзінің атамасымен айтсақ, эстетикалық ойлау жүйесі. Мұнда эстетика бар, ойлау бар, оның жүйесі бар. Бір ақынның өзінің дүниеге қараған көркемдік эстетикасы мен ойлауы біріктіріліп, барып бір жүйеге түскен форма – біз айтып отырған қолтаңба.

Енді мұнда сол қолтаңбаға қарай отырып автордың қандай екенін білуге болады. 

Мысалы, Горький: «Егер Лев Толстой балық болатын болса, ашық теңіздерде жүрмей, мұхиттарда жүретін кит балық сияқты балық болар еді» – дейді. Бұл – Лев Толстойды, оның стилін, оның шығармасында жатқан салмақты көрсетеді. 

Жоғарыда да айттым, тек қана ұйқас, формаға қарап оны стиль деуге болмайды. Менің өлеңдерім жөнінде де солай. Бір мысал алайық. Біздің қазақта Абайдан басталған шалыс ұйқас бар. 1, 3 жолдары, 2, 4 жолдары ұйқасатын. Осыған қарап мұны біреудің стилі деуге болмайды. Осы шалыс ұйқаспен Абай да жазды. Бір орталау мектептің оқушысы да осы формаға салып жаза салуы мүмкін. Енді осыны Абайдың формасы, әлгі оқушының формасы, стиль деуге болмайды. Сонда мұның өзі мазмұнда, эстетикалық көркемдікте жатқан нәрсе. Өз жөнiмнен алсам, менің шығармаларымда ұйқас бар, ұйқасқа жеткенше аралықтарда ырғақ бар. Осы ырғақтарға қарап, оны стиль деуге келмейді. Сонда менің стилімдегі ерекшелік немене десеңіз, мен фантастикадан жақсы пайдаланамын, қиялдан пайдаланамын, романтикадан пайдаланамын. Тіпті әуелі діни көзқарастардан пайдаланамын. Табиғат заңдылықтарынан да пайдаланамын. Жан-жануарлардың қимыл-әрекетінен де пайдаланамын. Осының бәрін бір өлеңге әкеп сыйғызып, жасап шығарамын. Бұл менің стилім бе, басқа ма, оны өзім білмеймін. Егер, ерекшелік десе, осыны айтуға болады. Мысалы, менің «Қосар ат» деген өлеңім бар. Бұл өлеңім  өмірден туған. Мен осы Құмыл жақта пойызда кетіп бара жатқанда, терезеден ат жетектеген біреуді көргем. Содан өлең жаздым. Ол өлеңде осы қосар ат қайда жетеді? Қайда апармақ мұны деймін. Алыстан көрінген күміс құйысқан, күміс таралғы жарқ-жұрқ етеді, екі үзеңгі қайырылулы. Егер, баяғы заман болатын болса, жорықтарға барып батыр оққа ұшқан болуы керек дер едім. 

Иә, қыз алып қашқалы кетіп бара ма дермін. Ал енді оның алдында мұнара ма. Биік бір нәрсе көрінді. Соған бара ма?! Ертедегі құм көшкен, құм көмген қалаларға соқпай өтіп жүрген бұл адам кім?.. – деп осы ойларды өлең бірталай жерге апарып тастайды. Міне, бұл менің стилім. Мынадай бір үш жол өлең бар: «Бояуы құрғамаған жап-жас таулар. 

Көңілденер, қобалжиды. 

Тыңдашы, ұлар неге шақырады?!» – бұл «Ұлар неге шақырады?» деген өлеңнің ақыры.

Осы тұсына назар аударсаңыз, бірінші жолда – табиғат бар, екінші жолда – көңілі қобалжыған адам бар, үшінші жолда – құс бар. Осы үшеуі бірігіп, біртұтас көркемдік әлем құрап тұр.

«Бояуы құрғамаған жап-жас таулар» деген жолды оқығанда, сол тауларға қолыңызды тигізіп көргіңіз келетіндей әсер аласыз, тіпті ол сіздің алақаныңызға жұғып қалатындай. Ал «көңіл қобалжыды» дегенде көзге көрінер адам жоқ, бірақ оның бар екені сезіледі.

Ал «Тыңдашы, ұлар неге шақырады?» дегенде, ұлар кімге үн қатып тұр? 

Тауға ма, адамға ма? Міне, осы тұста жатқан сыр – ақынның стилі мен даралығы. Ол оқырманды қиялға жетелеп, ойға шомдырады. Мұны арнайы мақсат қып жазбаса да, табиғи түрде қалыптасқан поэтикалық тәсіл деп қабылдаймыз.

Мысалы Мағаз Разданұлы деген ақсақал ақынымыз бар, қарт ақын. Соның «Атамекен» өлеңінде жаңылмасам, бір жол өлең есімде қалыпты. «Қара нар ауып басқан жер» деген жолы. Қара нарға артқан жүк бар. Сол бір қияда ма, жазықта ма, қара нар ауған. Сосын сол қара нарды сол жерде басқан. 

Бұл – Атамекен. Автор осында не айтпақшы? Қарасаңыз, сізді ойландырады. Менің атамекенім осы жер. Кезінде бір біздің қара нар осы жерде ауған. Оны басқанбыз. Бұл соның айғағы, куәсі демекші ме?

Адамдардың өмірі, санасы да қатпарлы болады. Философтар былай дейді бізге, яғни екі-ақ нәрсені айтады. Біреуі эмоциялық сезім, енді біреуі сана. Эмоциялық сезімнен санаға көтеріледі дейді. Екеуі ғана. Олай емес, көркем әдебиет: эмоциялық сезім мен сананың арасында тағы да біраз қабаттар бар, басқыштар бар, эмоциялық сезім, түйсіктер мен санаға көтерілуінің сатысында алдында тағы бірнеше қабаттар бар дейді. «Қара нар ауып, басқан жер» дегенде осындай эмоциялық сезіну мен ресми ашық пікірге көшетін сананың аралығындағы бірқанша басқыштар бар. Соларды ойланып оқырман одан соң барып ләззат алады. Демек, стиль дегенімізге келгенде, міне, осындай нәрселерді еске алмасақ болмайды.

Мысалы менің бір «Құстар қайғысы» деген үлкен дастаным бар. Сонда бір қыз бар. Ол өзі сарала қазға ұқсайды. Үстінде ақ көйлегі бар. Өмірі де сарала қазбен тағдырлас өтеді. Сол қыз бұлақтан су алып отырады. Оның аяғында көксауырлы кебісі бар. Осыны мен суреттегем. Бір шумақ:

«Көгала, көксауырлы кебісінің, 

Келтіріп тас үстінде келісімін.

Бейістің жасыл сирақ әсем құсы,

Патшасы сұлу ойдың серісінің», – деген.

Осындағы «Бейістің жасыл сирақ әсем құсы» деген жолға келейік. Мен діни кітаптарды көп оқыған емеспін. Жаңаша оқығам. Ондай кітаптарды да көрмедім. Болмаса, бейісте жасыл сирақ құс болатынын мен қайдан білемін?! Рас, бейісте жасыл сирақ құс бола ма, болмай ма? Мұны мен кейін көп ойладым. Мен оны Абайдан таптым.

Абайда мынадай екі жол өлең бар екен:

«Көк қанат бейіс құсындай,

Қу ағашқа қонақтап», – деген.

Абайда «Көк қанат бейіс құсы» екен, ал менде «Жасыл сирақ бейіс құсы» екен. 

Осы «Жасыл сирақ бейіс құсы» маған Абайдан келген болды. Абай «Көк қанат бейіс құсы» деп өзін айтып отыр. Сонау феодалдық қоғамда Абай деген бейістің құсы сияқты көк қанат. Қанатынан нұр шашқан бейіс құсы. Оның отырғаны қу ағаш. Шіркін-ай, анадай бір көркем құс жапырағы жайқалған көк-жасыл ағашта отырмай, қу ағашта неге отыр? Оның жасаған ортасы – рулық, феодалдық, тайпалық қоғам. Міне, осыны екі-ақ ауыз сөзбен беріп отыр.

Оқып отырып кісінің көңілі босап, жылағысы келеді. Демек, бұл – міне, осы Абайдағы стиль.

-Сіздің өлеңдеріңіздің әр жолы көз алдымызға бір-бір май бояулы сурет боп тұра қалады. Өзіңіз көріп-сезінген дүниені оқырман сезімімен де дәл солай етіп өткізе білу, әрине, үлкен шеберлік. Мұндай шеберлікке ақын қалай жетеді?

-Ең алдымен бояу дегеннің өзіне келсек, осы бояу менің білуімше үш түрлі жақтан келеді: 1. Реалистік бояу. 2. Романтикалық бояу. 3. Философиялық бояу. Мен бір өлең келтірейін мысалға: 

Аққу қанатын теңізден көтерсе,

Қиял кітабының тағы бір ақ беті ашылар.

Бір жұлдыз сөнуі,

Бір шыбын өмірі

Мың жұлдыз дүниеге нұр боп шашырар.

Бұл – «Табиғат философиясы» деген дастанның бір шумағы. Осындағы «Аққу қанатын теңізден көтерсе» деген жол – реал, реалистік бояу. Өйткені, аққу теңізде жасайды, суда жүреді. Айдыннан көтерілер кезде қанатымен су сабалап әуелейді. Ал, екінші жол – «Қиял кітабының ақ беті ашылар» деген – романтика. Аққудың теңізден қанатын көтеруіне байланысты енді адамға өтіп, адамның алдындағы ақ қағазға келіп, осы ақ қағаз ашылатын боп отыр.

Бұл – романтика 3, 4 жолдары – философиялық бояу. Әлемнің тарихымен есептегенде бір жұлдыздың пайда болып – жоғалуына дейінгі аралығы бір шыбынның жазғытұрым тіріліп, күзде өлгенімен ұқсас нәрсе.

Демек, арғы үлкен дүниені бергі кішкене бір шыбынның өмірімен көрсету – философиялық бояу.

Бояу әр түрлі жақтан келеді. Кейбіреуі кітаптардан келеді. Кейбіреуі тікелей ақынның табиғатты, сыртқы дүниені күзетуден келеді. Енді классиктерден кіріп кеткеннің керегі жоқ, оны өзгертпеймін де, сол күйінше тұрады. 

Ол – менің үйрену барысымдағы бір белгі ғой. Ол белгіні өшіруге болмайды.

Мына «Тырналар» деген дастанда бір жол өлең бар. Онда әлгі жүз жасаған шал бәрін қиялдағанда, далада Құбаның құмында аң қарап жүрген кездері елестейді. Сондағы мұнаралар, көшкен бұлттар суреттеледі. Сол тұста айтылады:

«Біресе елестейді: үстінде көкшіл мұнар, көкшіл киік;

 бейне бір аяқтары алтын тіреу, дірілдеп көк сағымға тұрған тиіп», – деп.

Сол сурет маған өмірдің өзінен келді. Жазғанда ойымда жоқ. Кейін қарасам, осы суреттің негізі бар екен. Бір жерден оқыған сияқтана беремін. Сөйтсем, мен оны кітаптан оқымаппын. Өмірден көріппін. Мен 1966 жылы Құмылдың шығысындағы жаза лагерінде құдық қаздым. Үш адам қазамыз. Бір адам сыртта темір шығыршықты айналдырып топырақ тартады.

Он құлаш, сегіз құлаш құдықтың түбіне түсіп лайын тазалаймыз. Түс әлетінде демалуға сыртқа шықтық. Сырттағы адам кетіп, екеуіміз ғана қалып, киімдерімізді ауыстырып қайтқалы жатқамыз. Жанымдағы жас ұйғыр жігіт еді. Кенет ол: «Келді! Келді!» деді. «Не келді екен» деп алдыңғы жаққа қарасам, оның көрші ауылда тұратын сүйген қызы екен, келе жатқан. 

Құмыл Тұрпан сияқты қатты ыстық болады. 30 неше градустық ыстықта сағым далада дірілдеп көшіп тұр. Осы сағым даланың үстінде есек мініп бір қыз келе жатыр. Ол енді есек болып көрінбеді. Қарақұйрық сияқты, бөкен сияқты, киік сияқты көрінді. Есекте өзі киікке ұқсайды ғой. Есекқұлан деген құлан да бар. Қалқаң-қалқаң етеді. Екі құлағы алысырақ. Қыздың басында жаулығы бар. 

Ал әлгі астындағы «киіктің» аяғы жерге тимей сағымның үстінде тұр. 

Қыз сағымның үстінде дірілдеп келе жатыр. Өстіп, осы көрініс өлеңге негіз болды. Сонда бояу ақынға өмірден, тұрмыстан келеді екен. Тарихта өткен классиктерден келеді екен. Осылардан аласың да бояуларыңды береді екенсің. Ақын болу, нағыз ақын болу деген бір адамның өзінің ізденуіне, табиғаттың оған берген ақыл-ой байлығына, оның сезіміне, эстетикасының оянуына байланысты. Мысалы, мына атақты ақын Абайдың әкесі Құнанбай өлеңді жақтырмаған адам. Өлең – бақсы-балгердің, қайыршы-қуғыншылардың ермегі, – деп намыс көрген әуелі. Сонда Құнанбайдың ақылымен болса, Абай ақын болмаған болар еді. 

Енді бүгін шығып біз – Мағаз (Раздан), Омарғазы, Рахметолла (Әпшеұлы) – жастарға бүйтсеңдер ақын боласыңдар деуімізге болмайды, өйтудің керегі де жоқ. Енді үлкендер ақыл айтуы керек. Ол ақыл қайсы? 

Жастарға ахлақты бол, мінезді бол, білім үйрен, ізден. 

Ұлтымыздың салт - санасын бұзба - деген сияқты ақылдар. Бұл ақыл – тиімді ақыл, өнім беретін ақыл.

-Сіздің «Тырналарыңызда» бір мезеттік қас-қағым көрініс арқылы бір адамның өмірін, тіпті бір ғасырлық өмірді суреттейсіз. Бұлай қарағанда, күйіп өте шығатын өткінші тәрізді, қас-қағым сәтте аяқталған лақ етпе шығарма секілді болып сезіледі. Осы «Тырналарды» жазуға қанша уақыт отырдыңыз?

-Сенің сөз емеурініңе қарағанда, осы «Тырналар» деген дастан 3–4 күнде жазылып біткендей сезілетін сияқты. Бұл «Тырналар» ондай болмады. «Тырналарды» мен 20 жыл дегенде жаздым. Өте көлемді емес, шағын деуге де болады. Орташа бір дастанды 20 жылда аяқтаудың өзі де бір ақын өмірінің қаншалықты зая болғанын да көрсетеді. Мұның тарихын айтып кетсем, шер-құмарым тарқамайтындай сияқты. 

Мен 1961 жылы Манас (Қытайдың Шыңжаң өлкесінің орта бөлігіне орналасқан) ауданының Құбынның құмына жақын жиегіндегі бір ауылда шөп шаптым. Үрімжідегі Жазушылар одағының бір мүшесі мен – жынданғаннан шөп шауып жүргем жоқ. Олай болатынын біз (Жазушылар одағы) сол уақытта ферма құрып, қой өсіреміз. Қойды сол жерге қыстататын болып, шөп шабуға бардық. Сонда менің құлаш шалғым бар. Сол шалғымен қамыстың арасында шөп шабамын.

Шөп шауып жатқанда аяқ астынан бір күні, жынды болғандай бір топ тырна аспанға айналып шыға келді. Осы тырналар қиқулап бір аптаға жақын жүріп, сол жылы шығарған балапандарын аспанға үйретіп, баулып, көп салтанат құрды. Бұл сурет дастанда қалай жазылса, солай рас. Дастанда айтылды ғой:

«Бір шумақ өлең бе әлде, айналып кеңістікте ұшып жүрген.

 Әлде бір керуен бе шөлде кезіп, аспанның аясына түсірілген», – деп.

Осы айтылғандай бір шумақ өлеңге ұқсап тырналар аспанда айналып жүріп алды. Бірақ, осы дастанның («Тырналар» дастанының 1 нұсқасы) басы осы суреттеулерге кейінгі «Тырналарға» ұқсағанымен, оқиғасы – құстарға шекара сызуға болмайды, құстар үшін шекара жоқ! – деген мазмұн еді.

Дастанды әкеп «Шұғыла» журналына бердім. Жақсы дастан екен делінді. Редакторлар баспаға берді. Баспаға барайын деп тұрғанда баспаның комитетінен қайтарылып келінді. Ол кезде осындай қылы-қилы ахуалдар болып тұратын. Сонымен ол дастан қалды. Ада-күде жоғалды. Із-түзсіз. Басқа шығармаларымның қатарынан ғайып болды.

«Тырналардың» арғы тарихы міне, 1961 жылдан басталған. Осыдан бері есептесеңіз 34 жыл болды. Бірақ, аралықта, 1980 жылдардың бас кезінде мен осы күнгі «Тырналарды» жаздым. Осы басталуы ұқсас, мазмұны басқа болды. 101 жас жасаған шалды қостым. Онда бір ғасыр өмір бар. Осы құмның шетінде, бір ғасырдан артық жасаған шалдың өмірі арқылы қазақтың бұрынғы өмірі, тарихы, мінез-құлқы, арманы сөз етіледі. Мұны да мен 3-4 күн жаздым. Осы дастанның басы басталуына 30 жыл болған болса, осы 30 жылдың бойында осы дастан менің көңілімнен кетпей созылып жүргендіктен де кейінгі «Тырналар» сәтті шықты. Жастар сүйіп оқитын шығармаға айналды.

 -Өзіңізге белгілі, назарая лириканы түрлерге бөліп түсіндіріп жатады. Ал, сіз көбінде басқаша қарап келесіз. Қазірде осы жайындағы ойларыңызды аша кетсеңіз?

-Лириканы мұнда орта мектеп оқулықтарында, басқа сыншы, зерттеушілер де саяси лирика, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы деп бөліп жүр.  Мен осыған қарата да бұрыннан тартып бір түсінігім бар еді. 

Мен осы лириканы саяси лирика, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы деп бөлуге келіспеймін. Өйткені, бұл өзі логикаға сыймайды. Лирика дегенде әдебиеттің бір түрі. Жанр деуге де болады. Енді мұнда әдебиет түр, жанр дегенді араластырып қолданып жүр. Мен әзірше оны шартты түрде жанр дей берейін. Лирика да бір жанр, әңгіме де бір жанр, драма да бір жанр, дастан да бір жанр. Осыларды алып айтсақ, осының бәрі де көркем әдебиет. Бәрі де эстетиканың өнімі. Сонда бір лириканы табиғат лирикасы десек, бір әңгімені табиғат әңгімесі десек, бір драманы табиғат драмасы десек бола ма? Иә, болмаса бір повесті саяси повесті десек бола ма?

Бір романды табиғат романы десек бола ма? Бұл тура келмейді. Мұның өзі қайдан шыққанына мен қайранмын. Лириканы осылай түрлерге бөлу қашан, қай жерде басталды? Қандай ортада, кімдер әкеп таңды? Мұны мен жақсы білмеймін. Бір уақытта Совет одағында Маленков деген бас секретарь шығып, әдебиеттің тип мәселесі туралы сөйлегенде: «Типтік мәселелер қашанда саяси мәселе», – деген. Кейін, бұл  түзетілді ғой. Типтік мәселені саяси мәселе десе, онда ол қалай болғаны? Бұл кезінде сыналған. Тип дегенде таптық та жоқ. Сен байды да жазасың, кедейді де жазасың. Ұрыны да жазасың, жанкешті, адам өлтірген қылмыскерді де жазасың. Тип қашан да саяси мәселе десек, онда типтің өзі жасанды болып шығады. Осы сияқты бір дәуірден қалған ба екен, әзір енді ол сіңісіп қалды. Әзір мың жерде айтқанымен енді мұнан айрыла алмайды. Енді лирика дегенді де біз бәріне қолданып жүрміз. Өлең болса болды. Бәрін лирика дейміз. Өлеңнің бәрі лирика емес. Белинский: бір сәттік түйсіктен лирика туады - дейді. Ол өзі Пушкиннің «Гүл» деген өлеңін мысалға келтірген. Кітаптың арасын ашып қалса, бір солған гүл шығады. Сол гүлге қарап отырып ақын: сен гүл қайда өстің? сені кім үзіп әкелді? Сені үзген жігіт пен қыз қайда? Олар бір жерде бір үй боп, семья боп тұр ма?  Жоқ, бір-бірінен адасып, қаңғырып кетті ме? 

Деген сияқты романтикалық ойлар мені кеңітеді дағы жинаққа әкеп бір лирика ғып шығарады. Демек, мұнда бір гүлден туған бір ғана ой бар. Енді бұған өзімізден бір мысал келтірейін. Ең жақындағы өлеңдерден алсақ, Мағаздың «Шоқтықты еді Асағаң» деген өлеңін нағыз лирика десе болады. 

Бұл – бір түйсіктен туған. Ол түйсік қайсы десеңіз – хабар келген. Ақын үйінде отырғанда бірнеше жігіт кіріп келген. «Не болды?» – «Асағаң қайтыс болды» деген. Бұл бір түйсік. Шақ етіп миына тиген. Осы түйсіктен барып ол бір өлеңді жазған. Ол өлеңнің мазмұны – жиып келгенде, айырылып қалдық кәріден – деген сөз. Осы өлеңді мен неше рет оқыдым. Сонда бірқанша жолдары есімде қалыпты. «Айырылып қалдық кәріден» деген сөз де көп мағына бар. «Қарқара құстың қайтқаны, сүреңсіз күздің болғаны» деген жолдар бар. Осылардың барлығы да бір Асқардың қайтыс болғанына қаратылған. Мысалы, мынадай да бір жолдар бар: «Қара бір кілем жарасқан, келмеске кетті нар түйе». Және Асағаң туралы болып жатыр. Бір нар түйе еді Асағаң, қазақтың шаңырағын көтерген, келмеске кетті, – дейді. Тарихтан қозғамайды. Мағаз осылай. Қара бір кілемді жауып, қара нармен көшетін салт, көріністер осында көрінеді. Тағы бір жерінде: «Былтырғы құлын тай шықты, ат болуға талай бар» – дейді. «Былтырғы құлын тай шықты» – бұл диалектика. «Ат болуға талай бар» деген сөз – Асқар ақсақалдай болғанша қанша заман бар дегендік. Осылардың бәрі бір ғана ойдан туып отыр.

Енді осының аяғына апарып Көбен Асқарұлына ақыл айта: «Әкеңе тарт, жақсы бол, әкенің жасын берсін, сен үлгі бол, сенен үмітіміз бар, күткен» деп кетсе, онда ол екінші ой болады. Екінші бір өлең болады да, екінші бір лирика болып қалады. Онда ана лириканың күші кетеді. Белинский де осылай айтады. 

«Бір ойдан тумай, екі ойдан, үш ойдан туса, онда ол лирика болмай шығады, онда оның құны кетеді» дейді. 

Менің лирика туралы айтатыным осы. Лирика туралы мақаламда да осыны баса айтқанмын. Өзім де лириканы бір бүтіндікке, сюжетке құра отырып, бас-аяғын бір келкі етіп отырып жазуға әуестенемін.

-Сіздің «Табиғат философиясы», «Құс жолы» секілді дастандарыңыздан бір талай ғылымға қанық екеніңізді байқауға болады. Меніңше, бұлардың араласуынсыз да сіздің ақындығыңыз еш алсармас еді.

-Бұл енді бір мен үшін емес қой. Ақын үшін астрономияны білмесе болмайды. Астрономия қиялыңызды шарықтатады. Биологияны жақсы білу керек. Жанды организмнің биологиясын білмесе бола ма? Енді диалектика деген ғылымды өздерің білесіңдер, мектепте баса оқытады. 

Бұл туралы айтып жату артық. Менің «Табиғат философиясы» деген дастанымның бар жаны, тірегі осы диалектика. Шетелдерде де оны солай бағалап жатыр. Өзімізде де жазылып жатыр. Ал, тарих туралы мұнда сабақ өтудің тіпті керегі жоқ. Мысалы, тарих та бір нәрсені айтайық.

Менің «Құс жолы» дастанымда Грек аңызындағы Прометей қосылған. Прометей де сол менің ғалымым ұқсас жазаланған адам. Менің ғалымым жазаланып, бір қырманда естен кетіп шалқасынан жатқанда аспандағы құс жолы оның көзінің алдына келеді. Міне, осы арқылы оның қиялы шарықтайды. Мысалы, халық астрономиясында темірқазық санайды. 

Соған екі ат арқандалып тұрады. Ақсары ат, көксары ат дейді. Мен осы халық астрономиясынан сауатым болғаны үшін осы есіме орала кетіп, сол қырманда жатқан ғалымды аспанға телміртіп, құс жолын көз алдынан өткізіп, адамзат тарихының бастыларын ой елегінен өткіздірдім. 

Дәл сонда аспанда да екі ат, қырманда да екі ат бір ғалым, бірі  (қытайда өткен  60-70 жылдарда болған аты шулы «Мәдениет төңкерісінде» зиялыларға осындай айдар тағып, әйгілі Тарым сынды жаза лагерінде ұстаған — редактордан) шаңтас айналдырып, есінен кетіп жығылып жатыр. 

Прометей жайындағы аңызда Прометейдің таң атқанша қара құстар өкпе — бауырын шоқып жейді екен. Таң атса кетеді екен. Прометейдің бауыры тағы жетіледі. Кешке құстар тағы келеді. «Мәдениет төңкерісіндегі» менің ғалымыма да осындай жаза көрсеткен. Енді менің бұл жөнінде айтарым осы. Егер айтса сөз көп, сөзді созбайық енді...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan