Ұлттық академиялық кітапханада ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Өмірге өлең керек» атты шығармашылық кездесу өтті.
Ақынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаттары табыс етілді.

Мерейтойлық кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар мен оқырмандар қатысты. Қаламгердің шығармашылық жолы мен әдебиетке қосқан сүбелі үлесі туралы мазмұнды пікірлер айтылды. Қаламдас достары да жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Соның бірі көрнекті қаламгер, жазушы Алдан Смайыл құрдасы туралы тебірене сөйлеп, өлең оқыды.
Серік екеуміз құрдаспыз. Алматыда қатар оқыдық. Кезінде КазГУ-ге журналистикаға оқуға түскендердің барлығы ақын болғысы келетін. Солардың арасынан шамасы жеткендер ақын болып қалады, ақын болуға шамасы жетпегендер прозаға, сынға ауыса бастайтын. Мен де ақын болсам деп келгем. Бірақ ақын болмасам да арасында жазып қоятын қасиетім бар. Бүгін Серік құрдасым сексенге келіп, кездесу кешін өткізіп жатыр дегенді естіп бір өлең жаздым.
Сөзіне тоймай бабаның,
Тіліне тоймай баланың,
Көркіне тоймай даланың
Сексенге келіп отырмыз.
Бәрі де көрген түсімдей,
Тағдырдың салған ісіндей,
Не болғанын түсінбей
Сексенге келіп отырмыз.
Жылдарды көшкен қия алмай,
Қайтарып қайта жия алмай,
Мөлт еткен жасты тыя алмай,
Сексенге келіп отырмыз.
Қастың да бағып қабағын,
Достың да бағып қабағын,
Таусылып айла-амалың,
Сексенге келіп отырмыз.
Қаламыз деп кешігіп,
Ашылғымыз келіп шешіліп,
Бәрін де бәрін кешіріп,
Сексенге келіп отырмыз.
Ағылар жылдар, ағылар,
Жақсыға жоқшы табылар,
Деп бізді де сағынар,
Сексенге келіп отырмыз.
Өмірден мұңсыз өтсек деп,
Бәрін де айтып кетсек деп,
Жүзге де солай жетсек деп,
Бүгінде Серік екеуміз,
Сексенге келіп отырмыз.
Әр толқынның өз иірімі бар. 1960 жылдардың екінші жартысында Тұманбай, Қадыр, Мұқағалидан кейін жаңа бір иірім қалыптаса бастады. Прозада Оралхан, поэзияда Серік, Кеңшілік, Шөмішбай бастаған толқын қазақ әдебиетінің мерейін көтерді. Соның ішінде Серікті ерекше құрметтеймін. Себебі ол жалғыз анасының қас-қабағына қарап Торғай даласында ұзақ тұрды. Ақын көп, бәрінің анасы бар. Бірақ анасының омырауының иісі мұрнынан кетпеген ақын – ол осы Серік, – деді абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай.

Серік Тұрғынбекұлы қазіргі қазақ поэзиясындағы номері бірінші ақын. Серік ағамның қасындағы талантты ақындардың бәрі кетіп қалды, бұл кісі сол буынның соңғы тұяғы десек болады. Нағыз ақын, шын ақын. Ешқашан өзінің ақындық ар-ұятын сатпаған, мінезімен, өзінің болмысымен ақын болған кісі. Әр ақынның өз тағдыры болады. Маған Серік ағаның азаматтық лирикасы ерекше ұнайды. Себеді мұндай поэзия ақыннан биік сананы, үлкен парасатты, үлкен жүректі талап етеді. Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты көлемді поэма жазып, тілге қатысты да өз азаматтық сөзін айтып келе жатыр. Сондықтан Серік ағаның поэзиясы әлі талай ұрпақтың бағасын алады. Торғай даласы туралы сөз болғанда Ахаң мен Міржақыптың аты, Сырбай мен Ғафудың аты, сол секілді менің әкем Кеңшілік пен Серік ағамыздың аты да қоса айтылады. Себебі бұл кісілердің барлығы да бір-бірінен бөлуге болмайтын қазақ әдебиетінің мақтаныштары, – деді сыншы Амангелді Кеңшілікұлы.
Кеш барысында ақынның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер шырқалады.

Айта кетейік, Серік Тұрғынбекұлы 1946 жылы 1 наурызда бұрынғы Торғай облысы Жангелдин ауданы Тосын құмындағы Төлеген қыстауында дүниеге келген. Ол – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен республикалық «Махамбет» сыйлығының лауреаты, халықаралық Түрік поэзиясы фестивалінің жүлдегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, сондай-ақ Тәуелсіздіктің 10, 15, 20, 25, 30 жылдық мерекелік медальдарының және «Күлтегін» күміс медалінің иегері.
