Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Өмірзақ Қожамұратов. «Құдай» да бір, мен де бір...

Өмірзақ Қожамұратов. «Құдай» да бір, мен де бір

06.03.2026

158

Өмірзақ Қожамұратов. «Құдай» да бір, мен де бір - adebiportal.kz

Бүгін – ақын Өмірзақ Қожамұратовтың туған күні. Көзінің тірісінде аты көп аталмай, өмірден өткесін де көңілден көшкен қазақтың бір дарынды ақыны болса ол – Өмірзақ Қожамұратов болар. 

Өмірзақ Қожамұратов – қазақ поэзиясының асқарына Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов сынды тарландармен қатар шыққан талантты ақын. Кезінде әйгілі жыр алыптары Әбділда Тәжібаев пен Әбу Сәрсенбаевтан бастап белгілі аға буын мен қатарлас қаламгерлер оның ғажайып ақын екендігін мойындап, байсалды көзқарастарын, жылы пікірлерін білдірген.

Алайда Өмірзақ Қожамұратовтың аты әдеби ортаның өзінде тым сирек айтылады. 

«Ақынның қалай ұмытылатынын, қалай сұраусыз кететінін осы Өмірзақтың тағдырына қарап білуге болады. Бірақ Қожамұратов десе елеңдемейтін, оның аруағына бас имейтін ақын жоқ» деген екен ақын Өтежан Нұрғалиев. 

Өмірзақ Қожамұратов Бұхара облысының Тамды ауданында дүниеге келген. Төлеген Айбергенов екеуі өлеңді қатар жазып, өмірде қатар жүрген замандастар. 

Сол ақын Өмірзақ Қожамұратовтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. 

Жалпы, Өмірзақ атын асқақтатып айтуға болатын ерекше ақын. Сондықтан да оның шығармашылығын әлі де зерттеп, талдап, кең көлемде насихаттай жүруіміз керек.

 

ЕЙ, АДАМ

                                       Мұқағали Мақатаевқа

Шабытым келген шағында,

«Құдай» да бір, мен де бір.

Көзіме сонда көрінсең

Құмырсқа да бір, сен де бір.

Талқандап ескі дүниені,

Жасаймын қолдан қайтадан.

Өлгеннің бәрін тірілтіп,

Өз үйлеріне қайтарам.

Сахара шөлге қуарған,

Дарияны айдап түлетем.

Тақырда қаулап ну орман,

Тасын да жерді гүл етем.

Ұл сұрағанға ұл берем,

Гүл сұрағанға гүл берем.

Қыз сұрағанға қыз берем,

Жыр сұрағанға жыр берем.

Беремін жұртқа таратып,

Жақсылықтардың барлығын.

Кейінге қайтем қаратып,

Жүріп тұрғанда жарлығым,

Көңілі жұрттың қош болып.

Жүзінен балғын әр таймай,

Бір-біріменен дос болып,

Жасайды мәңгі қартаймай.

Адамның бәрі алдымда,

Періште болып айтады ән.

Пендешіліктің барлығын,

Көмемін жерге қайтадан.

Ұршықтай жерді үйіріп,

Дүние гүлдей иіліп.

Көргенде көзің сүйініп,

Біткенде өлең құйылып,

Айрылам шабыт-бағымнан.

Айрылам сосын

Тәңірі тәж бен тағымнан.

Ал содан кейін,

Ей, адам,

«Құдай» да бір, сен де бір.

Құмырсқа да бір, мен де бір.

 

АВТОГРАФ

Кітапшамды қолдан-қолға жеткеріп,

Тұрасындар шабыт беріп, от беріп.

Өз қаныңды тулатпаса,

Шулатпаса өлеңім

Өртеп жібер,

Кетсін мүлде жоқ болып.

Қолтаңбада қолға ұстарлық жоқ белгі,

Жолықтырсаң қаңтарларды, көктемді. Арып-ашып

Әрі ғашық мен келем,,

Сағынышым самғап ұшып кеткен-ді.

Бал мен зәрі тамшылаған тілінің,

Мұнда Өмірзақ Қожамұратұлының,

Жүйкесінде жыл керуені жүріп тұр,

Ал жүрегі кеуде керіп

Ұрып тұр!

 

ХАТТАР

Жайылған алдан, бауырдың

Құшағы - хаттар.

Ұшады хаттар

Жұпарын жұтып сәуірдің.

Тебіренген алыс, жақынның,

Тілегі - хаттар.

Күледі хаттар

Көзінде ойлы ақынның!

Күні-түні күйге бөлеген,

Қилысың хаттар.

Сыйлысың хаттар,

Аз ба екен маған өнегең?!

Тербеліп нәзік сезімді,

Құшады хаттар.

Ұшады хаттар

Арқалап менің өзімді!!!

 

***

Күрек жел күміс қарды күреп еді,

Қызғалдақ дүр сілкініп түрегелді.

Мен дала, дала менің көкірегіме,

Орман, тау, өзенімен кіре берді.

Әйтеуір кеттік ғажап араласып,

Отты сел омырауды барам ашып.

Әнімді арнап айтсам мен далаға,

Маған сол арман ару - дала, ғашық!

Көңілдің күй пернесін шерте түстік,

Махаббат шуағына ерте пістік.

Көтеріп алтын күнді төбемізге,

Жермен мен айрылмауға серт етістік!

 

САҒЫНЫШ

Сен барда өртең еді ғой,

Гүлдері мына адырдың.

Гүлден де көркем едің ғой,

Қайдасың бүгін, қадірлім?

Сен барда таулар паң еді-ау,

Биікке жүрдік құмартып.

Дидарың атқан таң еді-ау,

Аяулым сенен кім артық.

Сен барда сырлы еді ғой,

Сыбдыры сыпсың құрақтың.

Сен барда нұрлы еді ғой,

Ай жүзген беті бұлақтың.

Жайдары, жарқын паң көрік -

Бақыты ма едің бұл үйдің?!

Бейнеңді жансыз, әл көріп,

Өзімнен өзім жымидым.

 

ТУҒАН ЖЕР

Маған Мекке - Мәдине,

Венеция,

Париж не?

Туған жердің шөліндей ыстық емес, әрине?

Жан анамдай қадірлі менің туған байтағым,

Жердің жәннат-жұмағы Қызылқұм деп айтамын.

Осы аймақтың тұзы емес пе алғаш рет татқаным,

Осы аймақтың қызы емес пе алғашқы тіл қатқаным.

Осы аймақта қалды балғын, шырын, шәрбат шақтарым,

Шапағатым,

Махаббатым,

Аппағым.

Туған жерім — Тәңірім,

Өзіңмен бір соғады қан тамырым.

Аттап өтіп кете алмаймын

Ешқашан,

Атажұрттың қабірін.

Сенсің, мәңгі қар шалмайтын жоталым,

Сенің зарын сияқтанар боздағаны ботаның.

Сенен ғана басталады мынау әлем, тіршілік,

Сенен ғана басталады менің шексіз Отаным.

Көтерісіп тұрсың ұлы тірлікті,

Сенде ұлы тірлік құтты,

Бірлік құтты,

Жыр құтты.

Жұмыр жерге жүрек болып, от беріп,

Қуанышын, қайғысын да тұрсың бастан өткеріп.

От, дауылын,

Қар, боранын,

таң нұрын,

Жұттық бірге, жұттық жұпар жаңбырын.

Жұмыр жермен бірге сенің,

Менің-дағы тағдырым.

Ей, туған жер,

Бір пұшпағы құрлықтың,

Мен кішкентай болғаныммен,

Мене ұлы жыр күттің.

Сені ойласам, өлген бабам тіріліп,

Саған қарай жол бастайды бұрылып.

Еш жерде жоқ, саған біткен ірілік,

Еш жерде жоқ, саған біткен ұлылық!

 

КҮЗ

Қиялымдағы меңді қыз,

Таңсәрімбісін,

Ансарымбысын

Зерлі күз?

Атылып шыққан арман жүз,

Қырларымбысың,

Қырманымбысын

Маржан күз?

Көз тігіп көкке мен сенген,

Тауларымбысың,

Бауларымбысын

Теңселген?

Ақ маржан, алтын атырап,

Жан ырысымбысың,

Сағынышымбысын,

Сары адыр,

Сарғыш жапырақ?

 

***

Бір жүректің жақұтысың,

Армандаған әрдайым. 

Бір жігіттің бақытысың,

Жарқыратқан мандайын...

Табиғаттың құдіреті ме,

Ақыл, көрік жарасқан?

Өзің түгіл суретіне

Көрген адам таласқан.

Тұрады ылғи дидарыңнан,

Арайлы бір ай күліп. 

Көкірегіне күй дарыған,

Қарайды ақын қайрылып.

Оятатын бал сезімді,

Гүлге біткен нәзіктік.

Әзілінді, әр сөзінді,

Жүрмін бойға азық қып.

Сенің аппақ жүрегінде,

Арман - Аққу айтады ән.

Сендей мүсін бұл өмірде,

Туа ма екен қайтадан?!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan