Он екі ай (ертегі)

30.01.2026

4835

Он екі ай (ертегі) - adebiportal.kz

Словак халқының бұл ертегісі жас ұрпақты мейірімділікке, бір-біріне жақсылық жасауға, еңбекқорлыққа, табиғатты  аялауға тәрбиелейді.  

— Бір жылда неше ай бар екенін білесің бе?

— Он екі.

— Осы он екі айды атап берші?

— Қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан...

Бір ай аяқтала салысымен, екінші ай туады. Сол себепті де ешқашан ақпан қаңтардан бұрын келген емес, мамыр да ешқашан сәуірді басып озған емес.

Айлар осылайша тұрақты кезек бойынша келеді, ол кезек ешқашан өзгерген емес.

Десе де адамдар сонау Богемия тауында мекендейтін елде он екі айдың бәрін қатар көрген бір қыздың болғанын аңыз қылып айтады. 

Бұл қалай болған сонда? Ол былай болған екен.

Таудағы шағын ғана ауылда бір қатыгез әрі сараң әйел өзінің туған қызымен және өгей қызымен бірге өмір сүріпті. Бұл әйел өз қызын өте жақсы көріп, ал өгей қызын шетқақпайлап, оны жақтырмайды екен. Сондықтан да ол өгей қызының іс-әрекетінен әрдайым кемшілік іздеп, оның істеген ісінің бәрін жоққа шығарумен болыпты.

Өзінің қызы болса күні бойы құс жастықта жантайып жатып алып, тәтті-дәмдіні рақаттана ішіп-жеумен болыпты. Ал өгей қыз байғұс таң елең-алаңнан күн батқанға дейін бір тыным таппайды екен: су тасиды, орманнан отын әкеледі, өзенге барып кір жуады, бақшаның арамшөбін жұлады.

Ол қыстың қақаған аязын да, жаздың аптап ыстығын да, көктемнің өкпек желін де, күздің суық жаңбырын да бастан өткерген соң, жақсы білетін. Бәлкім, сондықтан да оған күндердің күні жыл он екі айдың барлығын бір мезетте көру бақыты бұйырған болар.

Қыс мезгілі еді. Қаңтар айы болатын. Қар өте қалың жауғандықтан, есік алдын күрекпен жиі аршып отыруға тура келді. Ал орман ағаштары бел ортаға дейін көмген қардың қалыңдығынан, тіпті соққан желге де шайқала алмай сіресе мүлгіп тұрған. 

Адамдар үйді-үйлеріне тығылып, пештерін қыздырумен болды.

Осындай бір ақырған аязды кеште зұлым өгей шеше есіктен басын шығарып қарап еді: сыртта қарлы боран долдана гуілдеп тұр екен. Ол есікті жаба сала, жылы пештің жанына келіп, өгей қызына былай деді:

— Сенің орманға барып, бәйшешек теріп келгенің дұрыс болар еді. Ертең әпкеңнің туған күні ғой.

Мұны естіген қызы өгей шешесінің бетіне қарап: «Осы сөзді қалжыңдап айтып отыр ма, әлде мені мына сары аязда шынымен орманға жұмсағаны ма?» - деп ойлады. Қазіргі орманның іші өте қорқынышты ғой! Мынау қыстың қақаған аязында қайдағы өсіп тұрған бәйшешек? Наурыз айына дейін шықпайтын бәйшешек қанша іздесең де қайдан табылсын? Орманға баруын барғанымен, оппа қарға құлап, адасып өлетін кез ғой бұл?

Өгей әпкесі сіңлісіне:

— Орманда адасып кетсең де, сені ешкім іздеп жоқтамайды! Бар, шық қанеки! Бәйшешекті таппасаң, үйге қайтып оралушы болма! Ұста, мына себетті, - деп бұйырды.

Қыз жылаған бойы жыртық орамалын жамылып, еріксіз үйден шықты.

Құтырына ұйтқыған қарлы боран көз аштырмайды, иығына жамылған орамалды жұлып әкетердей долдана соғуда. Қалың күртік қардан аяғын зорға суырып, малтыға ілбіп келеді.

Айналасындағы қараңғылық тіпті қоюлана түсті. Түнерген қара аспанда бір де бір жұлдыз жоқ. Аспанмен салыстырғанда, аппақ қар жатқан жердің беті сәл жарықтау көрінетіндей.

Мінеки, ну орманның ішіне де енді. Мұндағы көзге түртсе көргісіз қараңғылық тіпті де қорқынышты еді. Қыз байғұс түртінектеп жүріп көлденең құлап жатқан ағаштың үстіне отырды да: «Қай жерде қатып қалсам да, маған енді бәрібір», - деп ойлады. 

Кенет орманның алыстау ішінен бір жарық жарқ етті. Бұл – ағаштардың арасына жұлдыз шырмалып қалғандай көрініс еді.

Қыз орнынан тұра сала, әлгі көрінген жарыққа қарай жүрді. Жолында көлденең құлап жатқан ағаштардан асып аттап өтемін деп, оппаға омақаса құласа да: «Анау жарық өшіп қалмаса екен!» - деген үмітпен алға ұмтыла берді. Ниетіне қарай, жарық өшкен жоқ, керісінше, қыз таяған сайын жарық күшейе түсті. Тіпті жылы түтіннің лебі мен иісі сезіліп, ағаштың отта сытырлап жанған дыбысы естілгендей болды.

Қыз жүрісін барынша жылдамдата, ашық алаңқайға жете бере, мұндағы көрініске таң-тамаша болды.

Алаңқай күндізгідей жап-жарық еді. Алаңқайдың ортада үлкен алау лаулап жанып жатыр. Алаудың айналасында бір топ адам отыр: олардың кейбіреуі отқа жақын, енді біреулері алысырақ орналасыпты. Барлығы тып-тыныш бір-бірімен әңгімелесіп отыр.

Мына адамдарды көрген қыз таң-тамаша болып: «Бұлар кімдер болды екен?» - деп ойлады. Бұл адамдарды ол аңшыға ұқсата алмады, отыншыларға тіпті ұқсамайды. Өздері сондай бір сән-салтанатты киініпті. Біреуінің кигені – күміс, келесісі – алтын киімдер, ал енді біреуі ғажап жасыл барқыт шапанға оранып отыр.

Қыз іштей санап еді — барлығы он екі адам екен: үшеуі егде, үшеуі орта жастағы, үшеуі жасырақ, үшеуі тіпті жап-жас бала сияқты көрінеді. Жастары отқа жақын, ал жасы егделері алысырақ отырыпты.

Кенет олардың бірі – ең ірі денелі, қаба сақалды, қалың қабақты қарт қызға мойнын бұрып қарады.

Қорқып кеткен қыз кері бұрылып қашпақ болып еді, үлгермеді.

Қария зор дауыспен:

— Сен қайдан шыға келдің? Бұл жерде не іздеп жүрген жансың? - деп қызға сұрақ қойды.

Қыз қолындағы бос себетін көрсетіп:

— Осы себет толы бәйшешек термекші едім, - деді.

Мұны естіген қарт:

— Қаңтарда қайдағы бәйшешек? Болмайтын нәрсені ойлап табады  екенсің өзің! - деп күлді.

— Бұл өзімнің емес, өгей шешемнің ойлап тапқаны еді. «Бәйшешек тауып әкелмей, құр себетпен қайтып келуші болма!» - деп өгей шешем үйден қуып жіберді, - деді қыз.

Қыздың жауабын естіген соң, он екі адам бір-біріне қарап, өзара сөйлесе бастады. Бұлардың өзара сөйлескендері – ағаштардың желмен шулағанындай сияқты естілгендіктен, қыз одан ештеңе түсінбеді.

Олар өзара біраз сөйлесіп, ақылдасып алған соң, қайтадан тыныштала қалды.

Ірі денелі қарт тағы да қызға бетін бұра сөйледі:

— Егер бәйшешекті таба алмасаң қайтпексің? Ол наурызға дейін жер бетіне қылтиып шықпайды ғой?

— Осы орманда қаламын, онда. Наурыз айын күтемін. Үйге бәйшешексіз құрқол барғанымша, осы арада қатып өлгенім артық.

Осыны айтып, қыз еңіреп жылап жіберді.

Сол кезде он екі ағайындының ішіндегі ең жасы: шапанын иығына желбегей жамылған көңілді жас жігіт орнынан тұрып, қарттың жанына келді де:

— Қаңтар аға, ендеше орныңды маған бір сағатқа бере тұршы! - деді.

Ұзын сақалын саумалай сипаған Қаңтар қарт оған былай деп үн қатты:

— Мен орнымды берер едім, Наурыз інім. Бірақ ортамыздағы Ақпан ағаң не дер екен? - деді.

— Мақұл, онда, - деді жалбыраған қауға сақал кеудесін жапқан Ақпан қарт. — Орныңды бер, менің де бұған қарсылығым жоқ! Бұл қыз бәрімізге жақсы таныс: біресе қолында шелегі бар – ойықтан су алып жатқанын, біресе арқасына отын арқалап орманнан келе жатқанын көреміз. Барлық айлар үшін ол – өз адамы. Сондықтан бұл қызға көмектесуіміз керек.

— Жарайды, айтқаның болсын! - деді Қаңтар. Ол мұз қатқан асатаяғын жерге соғып қалып былай деді:

Орната көрме орманға,

Сары аяздың тамұғын!

Сыдыра көрме қабығын,

Қарағай мен қайыңның.

Шулаған көп қарға жүр,

Суыққа тоңдыр соларды.

Адамдар отыр жылы үйде,

Соларға жібер аязды.

Қарт сөйтті де үнсіз тына қалғаны сол еді: орман ішінде мүлгіген тыныштық орнады. Ағаштардың аяздан шытырлай сықырлауы басылып, ұлпа қар жентектеле суланып, жерге құлай бастады.

— Қанеки, енді сенің кезегің келді, бауырым, - деді де Қаңтар асатаяқты өзінен кейінгі інісі, жалбыр сақал Ақпанға ұстатты. Ақпан асатаяқты жерге соғып қалып, сақалын сілкіп, гулей сөйледі:

Сұрапыл желдер, дауылдар,

Ұйтқи соғып, ұлыңдар! 

Бұрқасын, құйын, борандар,

Түнімен ойнақ салыңдар!

Бұлтты шайқап гулете,

Үрлесін жердің бетін де.

Жорғаласын жыландай,

Ақ сырма – жолдың үстінде!

Ақпан осы сөзді айтқаны сол еді, орман гулеп, жабысқақ қар үрлей соқты. Қар үлпегі ұйтқып, жер бетінде аппақ құйын көтерілді. 

Ақпан өзінің мұз асатаяғын інісіне ұстатып тұрып былай деді: 

— Ендігі кезек сенікі, Наурыз інішегім. 

Наурыз таяқты алып, ұшын жерге ұрып қалды. Қыз анықтап қарап еді, әлгі мұз қатқан асатаяқ енді бүршік атқан бұтаққа айнала бастаған екен.

Наурыз күлімсіреп өзінің сүйкімді балаң даусымен сыңғырлай әндетті:

Сылдыраңдар, бұлақтар,

Көк шалғындар қаулаңдар.

Суықтан соң қыс бойғы,

Құмырсқалар шығыңдар!

Шытырлатып шөмшекті,

Аюлар шығып келіңдер.

Құстар сайрап ән салып,

Бәйшешектер гүлдеңдер!

Қыз қолымен жерді тырмалап көрді. Жаңағы қалың оппа қардың ізі де жоқ. Әр бұтақта істіктей салбырап тұрған мұз сүңгілері де еріп кеткен. Табанының астында қар-мұз емес, жұп-жұмсақ көктемгі жер! Су тамшылап, бұлақтар сылдырай ағып жатыр. Ағаш бұтақтары бүршік атып, қоңырқай қабықтың астынан жасыл жапырақтар қылтиып өсіп шығып келеді. Қыз болса бұл көріністен көз ала алмай таңдана қарап тұрды. 

— Неге сілейіп тұрсың? - деді сонда Наурыз. — Ағаларым маған сенімен мұнда бірге болуға бір-ақ сағат уақыт берген жоқ па! Сондықтан асыққаның жөн!

Қыз сонда ғана мұнда не үшін келгені есіне түсіп, бәйшешек теріп алуға ну орманның ішіне сүңгіді. Сөйтсе, бәйшешек дегеніңіз мұнда бұталар мен тастардың асты, төмпешіктердің асты-үсті тола жайқалып өсіп тұр екен. Қыз себетін, одан соң алжапқышын толтыра, көп бәйшешек теріп алды. Содан кейін ортасындағы жанып тұрған алауды айнала қоршап он екі ағайынды отырған алаңға қайтадан жүгіріп жетті. 

Аяғы аяғына тимей жүгірген қыз өз үйінің есігінің алдына жетіп тоқтады. Үйге кіріп үлгерген сәтте, сыртта қысқы боран тағы да гуілдей соғып тұрған еді. Ай да бұлттың ар жағына жасырынып үлгеріпті.

— Иә, не тындырдың, - дейді өгей шешесі мен әпкесі, - үйге құрқол қайтып келдің бе? Терген бәйшешектерің қайда?

Қыз үндеместен алжапқышындағы гүлдерді сәкінің үстіне төгіп, бәйшешек толы себетті оның жанына қойды.

Мұны көрген өгей шешесі мен әпкесі ішектерін тарта таңғалып:

— Мұны қалай тауып әкелдің? - деп қосыла айқайлап жіберді.

Қыз оларға көрген-білгенінің бәрін айтып берді. Екеуі қыздың бұл сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей, бастарын шайқаумен болды. Сенейін десе – мына қыста бұл әрекет мүлде мүмкін емес, сенбейін десе – сәкінің үсті, себет тола балғын да көкпеңбек бәйшешек. Дәл наурыз айындағы тәрізді, көз тарта жайнап, жайқалып тұр! 

Өгей шешесі мен әпкесі сонда қыздан:

— Айлар саған бәйшешектен өзге ештеңе берген жоқ па? - деп жарыса сұрайды.

— Жоқ. Мен олардан өзге ештеңе сұраған жоқпын ғой.

— Ой ақымақ! - дейді әпкесі. – Өміріңде бір-ақ рет он екі айдың бәрімен қатар кездесіп тұрып, олардан бәйшешектен басқа ештеңе сұрамағаның ба сонда? Егер сенің орныңда мен болсам, не сұрайтынымды анық білемін! Біреуінен – тәтті алма мен алмұрт, екіншісінен – уылжып піскен жидек, үшіншісінен – аппақ саңырауқұлақ, төртіншісінен – балғын қияр сұраған болар едім. 

— Ақылды қызым менің! - дейді өгей шешесі. — Қыста жидек пен алмұрттың бағасы қымбат қой. Оларды сатсақ, көп-көп ақша тапқан болар едік. Ал бұл ақымақ болса, бәйшешек қана көтеріп келіпті! Сен жылы киімдеріңді киіп алып, алаңқайға бар, қызым. Олар – он екі, сен – жалғызсың. Барған соң сені құрқол жібермес. 

— Әрине, олай істеп көрсін! - деп жауап қатады қызы, асығыс-үсігіс қолын жеңге сұғып, басын орамалға тығып жатып. Шешесі оның соңынан айқайлайды:

— Қолғабыңды ки, ішігіңді түймеле!

Қызы бұл кезде сыртқа шығып та үлгерген еді. Сөйтіп ол орманға қарай жүгіре жөнелді.

Ол сіңлісінің келген ізімен, асыға басып келе жатады. «Әлгі алаңқайға тезірек жетіп алсам жақсы еді!» - деп ойлап келеді. 

Орман біртіндеп нуланып, қараңғылық та қоюлана түсті. Күртік қар да тереңдеп, көлденең құлаған ағаштар да көбейе бастады. «Түу, - деп ойлады өгей шешенің қызы, - осы орманға қайдан ғана шығып едім! Одан да жылы төсекте рақаттанып ұйықтап жатқаным дұрыс еді ғой. Мына жерде адасып кетіп, үсіп өлмесем жарар еді!»

Қыз осылайша ойға батып жүріп келе жатқанда, кенет алыстан, ағаштардың арасынан, бұтаққа ілінген жұлдыздар секілді жылтырай жанған отты көрді.

Қыз от көрінген жаққа қарай жүрді. Жүре-жүре алаңқайға да жетті. Алаңқайдың дәл ортасында үлкен алау жанып жатыр. Он екі ағайынды, яғни он екі ай алауды айнала жайғасып, өзара жайлап әңгімелесіп отыр екен.

Өгей шешенің қызы алаудың жанына жеткен қалпы, ешкімге бас изеп сәлем берместен, өзіне қолайлы орын таңдап алып, отқа жылына бастады.

Ағайынды айлар оған үнсіз қараған қалпы отырды. Орманның іші тып-тыныш бола қалды. Кенет Қаңтар қолындағы асатаяғын жерге бір соқты да: 

— Сен қайдан шыға келдің? Кімсің өзі? - деп сұрады.

— Үйден келе жатырмын, - деп жауап қатады өгей шешенің қызы. — Сендер осыдан сәл бұрын менің сіңліме бір себет толтыра бәйшешек берген екенсіңдер. Міне соның ізімен мен сендерге келіп тұрмын.

— Иә, біз сіңліңді танимыз, - деп үн қатады оған Қаңтар, — ал сені мүлде көрмеген екенбіз. Сонда сен бізге не үшін келіп тұрсың, соны айтшы?

— Сыйлық алу үшін келіп тұрмын. Маусым айы менің себетіме ірі-ірісінен жидектерін салсын. Ал Шілде айы – балғын қияры мен аппақ саңырауқұлақтарын, Тамыз айы піскен жаңғақтарын, ал Қазан айы, - дей бергенде Қаңтар оның сөзін бөліп:

— Тоқтай тұр! Жаз шықпай, көктем тумайды, сол сияқты қыстың алдында көктем болмайды ғой. Маусым айына дейін әлі көп уақыт бар. Орманның қожайыны – қазір менмін. Осында әлі отыз бір күн билік құратын боламын! – деді.

— Қарай гөр, мұның ашушаңын! - дейді өгей шешенің қызы, — Мен тіпті де сені іздеп келген жоқпын. Сенен қар-мұз бен аяздан өзге не күтуге болушы еді. Маған сен емес, жаз айлары ғана қажет.

Мұны естіген Қаңтар айы ашулана түнеріп:

— Жазды қыстан іздеп көр онда! - деді.

Ол сөйтіп ұзын жеңін сілкіп қалып еді, аспан мен жердің арасын тіреген құйын көтерілді де кетті: айналадағы ағаштар мен он екі ағайынды отырған алаңқай қарлы бұрқасынға көміле бастады. Бораған қардан алау көрінбей қалды, тек әлдеқайда оттың сытырлай лаулап жанған дыбысы ғана естіледі.

Қорқып кеткен өгей шешенің қызы:

— Тоқтатыңдар! Жетер енді! - деп айқай салды.

Оның айқайын енді кім тыңдасын!

Боран көз аштырмай ұйтқи соғып, тынысын тарылтты. Ақыры күртікке тайып құлаған қыздың үстін ұйтқи жауған қар лезде бүркеп басып қалды. 

Өгей шешесі өз қызын ұзақ күтті. Біресе терезеден қарайды, біресе есікке жүгіреді: қызы сол қалпы келмеді. Ақыры қызын өзі іздемек болып, жылы киініп алып орманға беттеді. 

Бірақ мұндай қарлы боранды қараңғы түнде, ну орманның ішінен оны қайдан тапсын! Әйел қызын іздеп орманды кезіп жүре-жүре, өзінің де қалай адасып қатып қалғанын білмей де қалды. Осылайша екеуі де жаз шыққанға дейін қар астында қатып қалды. 

Үйде қалған өгей қызы болса ұзақ өмір сүрді. Бойжетіп, тұрмысқа шығып, балаларын өсіріп жеткізді.

Жұрттың айтуынша, оның үйінің жанында сондай бір ғажайып бақша болыпты. Жер бетінде бұған ұқсас ешқандай бақша болмаған екен. Ғажайып болатын себебі: бұл бақтағы гүлдер өзгеден ерте жайқала гүлдеп, жидектер мен дәмі тіл үйірген алма мен алмұрттар да ерте пісіп-жетіледі екен. Бұл бақшаның іші ыстықта сап-салқын, ал боранды-желді күндері тып-тымық болып тұрады екен. 

Сондықтан да адамдар:

— Бұл адамның бақшасына он екі ай бір мезгілде қонақ болады! - дейді екен.

Кім білсін, мүмкін солай болса, солай да шығар...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan