Ерте, ерте, ертеде теңіз жағасындағы Оура атты кішкентай ауылда Урашима Таро деген кедей балықшы өзінің кәрі шешесімен бірге өмір сүріпті.
Кәрі шешесі баласына әр кез:
- Урашима, менің денім сау, көзім тірі кезде үйленіп алсаңшы! – дейді екен. Урашима сонда:
- Анашым, менің табысым өте аз ғой, үйленсем, барлығыңды қалай асырамақпын? Сен аман-есен тұрғанда бұрынғыдай, күн сайын балық аулап, табыс табатын боламын, - деп жауап береді екен.
Осылайша жылдар жылжып өте беріпті. Бір жылы күзде солтүстіктің суық желі соғып, ауа райы күрт бұзылыпты. Урашима да балық аулауға шыға алмай қалады. Балық жоқ болса, ақша да жоқ. Үйде жейтін тамақ та қалмады. Урашима уайымға батып: «Шіркін-ай, ертең күн тымық болса екен!» - деп тілеп жатып, ұйқыға кетеді.

Таңертең оянып қараса, расымен аспан ашық екен. Орнынан атып тұрып, өзінің кішкентай қайығына отырып теңізге шықты. Күн көтерілгенше қармағына бір де бір балық түспеді. «Қап, қырсық-ай!» - деп уайымдай бастады балықшы.
Кенет қармағын дәу балық қапқандай болды. Урашима қармақ бауын судан тартып еді – ілінгені дәу тасбақа екен. Балықшы оған қайықтың артқы жағына жармасып, сытылып шығуға мүмкіндік жасаса да, тасбақа неге екені белгісіз, құтылып кетуге асықпады.
- Тай балық ұстадым ба деп үміттеніп едім, - дейді Урашима, - балық емес, тасбақа болып шықтың. Бүкіл балықты үркітіп жіберген боларсың. Сені босатайын, теңізіңе орал.
Урашима құрығын теңізге сілтеп, тағы да қармақ салды. Алайда қармағын ештеңе қаппады. Түске таман кенет қармақтың бауын әлдене тереңге тарта жөнелді. Үлкен балық қармағын қапқандай болды.
Урашима үлкен үмітпен бауды тартып қараса – тағы да әлгі тасбақа екен! «Бұл жерден аулақ кет деп айтқан жоқпын ба, саған! Әлі бір де бір балық аулаған жоқпын, қармағыма қайта-қайта сен ғана ілінетін болдың ғой! Бұл бір қырсық шалған күн болды!» - деп налиды балықшы. Енді үйге не бетімен бармақ? Анасын немен тамақтандырмақ?
Урашима сабырға келіп, қармағына қайтадан суға салды. Екі сағаттан соң тағы да әлдене ілінгенін сезді.
- Осы жолы балық ілінген болар! - деп қуана үміттенген балықшы, бауды тартқан кезде тағы да әлгі тасбақа шығып келе жатты. Амалы құрыған Урашима тасбақаны тағы да босатып теңізге жіберді. Бұл кезде күн де батуға айналып, енді балық аулаудың мәнісі де қалған жоқ еді.
«Кеш түсті. Құр қол барып, анама не бетімді айтамын!» - деп өкініштен өзегі өртенген Урашима жағалауға қарай беттеді.
Кенет қайдан шыққаны белгісіз, алдынан бір үлкен кеме көрінді. Кеме тура Урашиманың қайығына қарай жүзіп келе жатты. Урашима қайығын солға бұрса, кеме де солға, оңға бұрса кеме де оңға бұрады. Ақыры кеме Урашиманың қайығын қуып жетіп, қатарласа жүзді. Кемеші балықшыға айқай салды:
- Урашима-сан, рақым етіңіз! Менің кемеме мініңіз! Мен сізбен кездесуге Отохимэ ханымның бұйрығы бойынша келіп тұрмын. Ол – теңіздің әміршісі Айдаһардың қызы ғой, білетін шығарсыз? Мен сізді ханшайымға, Рюгу сарайына бастап апаратын боламын!
- Жоқ, барғым келмейді. Егер сенімен бірге Айдаһар патшалығына кетсем, анашым тамақ таба алмай, аш қалады ғой.
- Бұл мәселеге алаңдама! Анаң ештеңеден тарықпайтын болады. Кемеге отыр! – дейді сонда кемеші.
Урашима бұдан соң айтар сылтау таппай, бейтаныс кемеге мінді. Кеме қозғала бере, кенет теңіздің тереңіне сүңгіп, Айдаһар сарайына алып келді. Бұл сарай сондай бір тамаша сәулетті екен, жер бетінде мұндай сұлулық жоқ шығар, сірә!
Балықшыны теңіздер әміршісінің сұлу қызы Отохимэ өзі келіп қарсы алып: «Қарныңыз аш емес пе?» - деп сұрады. Ол Урашиманың құрметіне салтанатты той-думан жасады.
Айдаһар сарайындағылар балықшы қонақты барынша құрметтеп күтті. Кетпек боғлан кезде, әлі де бірнеше күн болуын өтініп сұрады. Осылайша, Урашима жерасты патшалығында сауық құрып жүргенде, үш жыл өте шығыпты.

Ақыры балықшы өзінің туған жерін, үйін сағынып, қоштасу үшін Отохимэ ханшайымға келді. Ханшайым қоштасарда оған сыйлық ретінде бір-бірінің ішіне салынған үш қобдиша – таматебаконы береді. Ханшайым бұл сыйлықты ұсынып тұрып: «Қандай бір қиындыққа тап болып, қысылған кезде ғана осы қобдишаны ашарсың», - деп ескертеді. Қымбат сыйлықты аялай ұстаған Урашима Таро кемеге мінді. Кеме теңізде жүзген бойы, өзіне таныс өлкедегі, тау етегіндегі айлаққа келіп тоқтады.
Сөйтіп Урашима өзінің туған аулына келді. Келе сала, ол мұндағы көрініске қатты таңғалды. Үш жыл ішінде өзен өз арнасын ауыстырып, таулар да танылмастай өзгеріп, ну орман болған жер күріш алқабына айналып кеткен екен. Ол үйіне апаратын жолда келе жатып: «Айдаһар сарайында болған үш-ақ жылдың ішінде барлығы осыншама тез өзгеріп кетті екен?» - деп ойлаумен болды.

Урашима өз үйіне таяғанда, ескі қамыс лашықтың алдында отырған бейтаныс қартты көрді. Ол қамыстан әр түрлі бұйымдар тоқып отыр екен. Урашима қарттың жанына келіп, сыпайы амандасқан соң, өзі туралы сұрастырып көрмек болды:
- Ата, осы жерде болған Урашима Таро деген балықшы туралы білесіз бе?
- Баяғыда, менің атам тірі кезінде бір әңгіме айтқаны есімде. Айтуынша, заманда Урашима Таро деген жас балықшы теңіз әміршісіне, Айдаһар сарайына кетіп, сол жақта тұрақтап қалған екен. Оны ел-жұрт келеді деп көп күтіпті, ақыры ол келмепті.
- Оның кәрі шешесі болыпты ғой. Сол кісі қайтті екен? – деп асығып-аптығып сұрайды, Урашима.
- Шешесі сол баяғы заманда өмірден өткен шығар. Одан бері қаншама жыл өтті ғой! – деп жауап береді қария.
Мұны естіп аң-таң болған Урашима туған үйінің орын іздеп көрмек болды. Үйінің орынан тапқаны – кезінде қол жууға пайдаланған тас кесе мен аулаға төселген тас плиталардың сынығы ғана болды.
Урашима енді не істерін білмей қиналды. Осы кезде оның есіне Отохимэ ханшайымның өзіне берген сыйлығы, айтқан сөзі түсті. Ол таматебаконың сыртқы қақпағын ашты. Бірінші қобдишаның ішінде тырнаның жалғыз тал қауырсыны жатқанын көрді. Екінші қобдишаны ашқанда, кенет, аппақ түтін бұрқ етіп, Урашиманың айналасын қою тұмандан басты. Тұман біртіндеп сейілген кезде Урашима Таро сақал-шашы аппақ қудай, бүкірейген қартқа айналған екен. Урашима енді үшінші қобдишаны ашты. Оның түбінде айна бар екен. Ол айнаға қараған кезде өзінің әжім басқан жүзі мен аппақ сақал-шашын көрді.

«Бұл недеген сиқырлы дүние?» - деп таңғалды Урашима. Тырна қауырсыны Урашиманың арқасына жабысты. Кенет желге желпініп аспанға көтерілген қауырсын Урашиманың анасының зиратының үстінде қалықтап тұрды.
Отохимэ ханшайым осы кезде Урашимамен жүздесу үшін тасбақаға айналып, жағалауға жүзіп жеткен еді...
Тырна мен тасбақа биі осы кезде пайда болған деседі.
