Өнердің өлшемі – ар, жүрек және ақиқат немесе Роллан Сейсенбаевтың «Сия, жүрек және қан» драмасы хақында

Қазақтың көрнекті қаламгері Роллан Сейсенбаев мерейлі сексен жасқа шығып отыр. Жазушының «Сия, жүрек және қан» драмасындағы өзекті ойлар мен афоризмдер туралы мақаланы ұсынып отырмыз.

Өнердің өлшемі – ар, жүрек және ақиқат немесе Роллан Сейсенбаевтың «Сия, жүрек және қан» драмасы  хақында - adebiportal.kz

Әдебиет пен өнердің басты міндеті – адам болмысын таныту, қоғамның рухани келбетін ашу және уақыттың үнсіз қалған шындығын мүмкіндігінше сөйлету ғой. Заманының тамырын тап баса білген нағыз суреткер өз дәуірінің шеңберінде қалып қоймай, адамзатқа ортақ мәселелерді қозғайды. Оның шығармаларында өнердің тағдыры, ұлттың рухани жадын сақтау, тұлғаның азаматтық жауапкершілігі мен адамдық ардың биіктігі өзара астасып жатады. Осындай терең ойларға жетелейтін туындылардың бірі – жазушы Роллан Сейсенбаевтың «Сия, жүрек және қан» драмасы. Драма сонау 1980 жылы Мәскеуде жазылған екен. 

Автордың өз туындысын «Сия, жүрек және қан» деген атауының өзі символдық мағынаға ие екені анық. Сия – сөздің, жазудың, шығармашылықтың, жүрек – сезімнің, адамгершіліктің, рухани тереңдіктің, ал қан – өмірдің, күрестің, жан азабының әрі азаматтық жауапкершіліктің нышаны болса керек. Осы үш ұғым бір арнаға тоғысқанда, өнердің тек әсемдік үшін жаратылмайтыны, оның адам тағдырымен, халықтың өткені мен болашағымен тікелей байланысты екені аңғарылады. 

Автордың өзі «екі бөлімді сахналық сыр» атаған пьесада отандық, әлемдік классика үлгілері болушы Шекспирдің «Отелло», Дюрренматтың «Ұлы Ромул», Әуезовтің «Абай», «Қара Қыпшақ Қобыланды», «Еңлік-Кебек» туындыларынан үзінділер келтіріліп, автордың айтайын деген ойы кіріктіріліп отырған.

Біз пьесаның сахналық қойылымдық шешімдері мен ондағы кейіпкерлер әлемі туралы емес, осы туындыдағы автордың түйінді-түйінді ойларына, афоризмдеріне тоқталуды жөн көрдік. Кез келген туындының басты мақсаты ойландыру, ой салу десек, мұндағы өнер адамы туралы тұжырымды ойлар – расымен де оқырман, көрерменді ойландырады, ой қорытуға, өмірден сабақ алуға жетелейді.

«Ірі азаматтық болмаған жерде талант та шабан тартады». Бұл пікір қай кезеңдегі өнер кеңістігі үшін де маңызды ғой. Азаматтық ойы терең, адам болмысына үңілген шығарма ғана уақыт өткен сайын жаңа мағынаға ие болатынына отандық, шетелдік әдебиет тарихындағы жалпыадамзаттық деңгейде үн қата алған қаламгерлердің өлмес туындылары куә. Демек, нағыз таланттың өлшемі – тек шеберлік емес, сол шеберліктің қандай мұратқа қызмет ететіні болса керек.

«Театрда суреткер ерте жоғалады. Театрдан біз кеткен соң, рөлдеріміз де бірге кетеді. Кино да солай, пленкаң қойдың қарнынан мықты емес. Мәңгілік қалатын, музыка мен әдебиет, мен білсем.» Қаламгер осылайша өнердің уақытпен қарым-қатынасын тереңнен қозғайды.

Иә спектакль де аяқталады, сахнаның пердесі де жабылады, рөлді сомдаған актердің өзі де бір күні театрдан, тіпті өмірден де кетеді. Сахналық өнердің өткіншілігі мен әдеби шығарманың ғұмыры яғни сәттік қойылым мен ұрпақтан ұрпаққа жетер әр дәуірдің оқырманымен қайта қауышар әдеби туындыны салыстыруға болмас.

Дегенмен автордың бұл ойын театрдың маңызын төмендету деп түсінуге болмас. Сахнада, қойылым үстінде көрермен сана-сезімінде туған рухани әсерді сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін бе? Актердің сол сәттік орындауы жоғалғанымен, қойылымға тұщынған көрерменнің жадында сақталған сезім табы ұзақ сақталып, ойы мен бойына орасан рухани нәр үстейді емес пе? 

«Әр нәрседен хабардар актерден, бір нәрсені болса да терең білген актер қымбаттырақ». Қаламгердің актерлік кәсіби шеберлікке қатысты айтылған бұл тұжырымы расымен өнердегі үстірт білім мен терең танымның арақатынасын ашып тұрғандай. Актердің мына өмірде уикипедиялық, энциклопедиялық көптеген мәліметті білуі қажет те шығар. Бірақ бұл өзі сомдайтын кейіпкерінің ішкі қайшылығын, өмірлік тәжірибесін, мінезінің қалыптасу себептерін түсінуі үшін жеткілікті ме, септігі тие ме? Рөлді сырттай бейнелеу мен оның жан дүниесіне ену – екі бөлек құбылыс екенін сезіне ала ма? Драматург осыны тұжырымдап тұрса керек.

«Санадан басқа, жүрек барын ұмытқызбау керек», - деген ойы арқылы драматург актердің ақыл мен сезім арасындағы тепе-теңдігін назарға ұсынады: Қаламгердің бұл сөзі – тек актерлік өнерге емес, жалпы адам болмысына қатысты тұжырым ғой. Адамды әрекетке жетелейтін нәрсе тек есеп пен пайым емес, оның ішкі сезімі, ар-ұяты, жан дүниесіндегі толғанысы. Өнер осы рухани қабаттарды ашқанда ғана өмірдің күрделі шындығына жақындайды.

«Отеллоны» дайындау қиын емес, ойнау қиын». Иә, актер үшін кез келген рөл оң жамбасына келе бермейтіні рас қой. Актер кейіпкердің сөзін дұрыс айтуы, қимылын дәл қайталауы мүмкін. Бірақ оның жан азабын сезінбесе, көрерменге кейіпкердің шынайы болмысын көрерменге жеткізе алмайтыны бесенеден белгілі емес пе? Жазушының бұл ойы: рөлдің сыртқы құрылымын меңгеру мен оның ішкі трагедиясын сезінудің арасындағы айырмашылықты меңзеп тұрғаны анық. Шекспирдің Отеллосы – қызғаныштың ғана емес, сенімнің күйреуі мен адамдық әлсіздіктің трагедиясы ғой. Мұндай кейіпкерді шынайы сомдау үшін актерге кәсіби техникамен қатар, адам психологиясын терең түсіну қажет.

«Театрда басты тұлға – актер. Майдан даласының тағдырын генерал емес ең әуелі солдат шешеді». Иә, өнердің нәтижесін анықтайтын жеке орындаушының жауапкершілігі қашанда алдыңғы орында болса керек. Театрдың көркемдік қуаты режиссердің тұжырымдамасымен ғана шектелмейді. Сол идеяны көрерменге жеткізетін – актердің жанды болмысы, ішкі сенімі мен орындаушылық шеберлігі.

Актер өз міндетін терең түсініп, рөлдің рухани салмағын көтере алмаса, мың жерден ойы ұшқыр, таланты тас жарған болса да, режиссерлік ой толық ашылмайды ғой. 

«Өнерде бірдеме жасамайды. Өнер не бар, не жоқ. Екінің бірі». Бұл тұжырым шығармашылыққа деген қатал талаптың нақ өзі. Өнердегі жартылай шындық, жасанды сезім, сыртқы жылтырақ ұзаққа бармайтынын уақыттың өзі дәлелдеп келе жатыр ғой. Көркемдік қуаты мол нағыз туынды адамды толғандырып, ойландырып, рухани тереңіне қарай шымырлата тартпай ма? Әдеби туындыда терең мазмұн мен шынайылық болмаса, оны сыртқы жылтырақ тәсілдермен толықтыру мүмкін емес қой.

«Дүмбілез дүние емес, өнер жасау керек». Әрине дүмбілездік – толық қалыптаспағандық, терең ойдың жетіспеуі, көркемдік жауапкершіліктің әлсіздігі ғой. Туынды көрерменнің эстетикалық талғамына, қоғамдық санасына ықпал ететінін ескерсек, өнердегі шалағайлық – жеке кемшілік қана емес, рухани ортаға әсер ететін құбылыс болмақ. Сондықтан да дүмбілездікке орын жоқ. Бірақ өкінішке қарай мына өмірде көп жағдайда керісінше болып жататыны бар ғой.

«Олар кімді ойнауды біледі, қалай ойнауды, неге ойнауды білмейді...» Кейіпкерді таңдау, рөлді орындау тәсілін меңгеру – кәсіби дайындықтың маңызды бөлігі ғой. Ал актер бұл кейіпкерді не үшін сомдайды? Оның тағдыры арқылы көрерменге қандай ой жеткізгісі келеді? Қоғамға қандай рухани мәселені ұсынбақ? – деген сұрақтар одан да маңызды емес пе?

«Дүниеде Абайлар барда несіне абайлап, жалтақтап күн кешкенбіз, құдай-ау!» Бұл ой драма арқылы сонау өткен ғасырдың 80-жылы айтылғанын ескеруіміз керек. Шындығында Абайға сүйену дегеннің өзі – өткенді мадақтаумен, оның өлеңдерін жатқа айтумен ғана өлшенбейді ғой. Жазушының бұл ойы кешегі кезең емес, бүгінгі күн үшін де маңызды...

«Мың ісімнің біреуін Абайша бастап, Абайша аяқтай алмай өкінішпен кетердеймін. Солай кетсем, өмірімнің де зая болғаны-ау...» деген толғаныс алдыңғы ойды тереңдете түседі. Мұнда ұлы тұлғаның деңгейіне жетудің қиындығы ғана емес, адамның өз өміріне есеп беруі, рухани мұратқа адал бола алмаудан қорқуы көрініп тұрғандай. Абайша бастау мен Абайша аяқтау – кез келген істі ар-ожданға сүйеніп, әділет пен жауапкершілік өлшемінен өткізудің маңыздылығына тоқталып жату да артық болар.

«Халқының өнерін ардақтамаған ұлықта, өнерлісін аяламаған халықта не сән, не мағына бар?» - деген сауал тастайды, қаламгер өз кейіпкері арқылы. Расымен ойланарлық мәселе емес пе? Әрине өнер иесіне құрмет көрсету мәселесі жеке адамның беделімен шектелмейді ғой. Бірақ қолында билігі бар, ықпалды тұлғалардың қолдауына, көмегіне, ілтипатына өнер қашан да зәру ғой. Әрі-беріден соң өнерді, өнер иесін бағалау – тек шығармашылық еңбекті мойындау емес, ұлттық рухани мұраны қорғау емес пе? Өнерпаздың қадірін оның көзі тірісінде білу, шығармашылық еркіндігіне жағдай жасау, туындысын әділ бағалау – қоғамның мәдени кемелдігін көрсететін өлшемдер болып қала бермек. 

Бұл мәселенің екінші қыры да бар: өнер иесі де халық алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. Қоғам суреткерге құрмет көрсетумен қатар, одан да шынайылықты, тереңдікті және азаматтық батылдықты күтеді. Өнер мен халық арасындағы байланыс өзара жауапкершіліктің өзі осыдан келіп шықпай ма?

«Көш – қайда бет алса да, көш емес пе, сол көштің адаспағанын тілейік». Мұнда да үлкен шындықтың сорабы жатыр. Көш – уақыттың қозғалысын, қоғамның өзгерісін, ұрпақтар жалғастығын білдіретін бейне. Қоғам үнемі алға жылжиды, құндылықтар мен өмір салты өзгереді. Бірақ өзгерістің өзі әрдайым даму дегенді білдірмейді. Ең маңыздысы – қозғалыстың бағыты, оның адамдық және рухани бағдардан ажырамауы ғой.

Заманауи өзгерістерге ілесуіміз қажет, бірақ жаңарудың жолында рухани негізден, тарихи жадтан және адамгершілік өлшемдерден айырылып қалмауымыз керек деген ойды түйсінеміз бұл тұжырымнан. Көштің адаспауы – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Оның бағытын айқындайтын күш – білім, мәдениет, әділет және ұлттық құндылықтарды саналы түрде сақтау болса керек.

Сексен жастың сеңгіріне толған қазақтың көрнекті қаламгері Роллан Сейсенбаевтың ертеректе жазылған «Сия, жүрек және қан» драмасының көркемдік-идеялық ерекшелігі – өнер мәселесін жеке шығармашылық шеңберінен шығарып, азаматтық ұстаным, ұлттық сана және адамдық жауапкершілік деңгейіне көтеруінде болса керек. Мұндағы ойлар театр туралы кәсіби пайымдар болғанымен, олардың мағынасы актерлік мамандықпен шектелмейтінін көресіз. Әр адам өз өмірінің белгілі бір кезеңінде таңдау жасайды, өз рөлін атқарады, өз ісінің мәні туралы ойланады. Осы тұрғыдан алғанда, драмадағы өнер туралы толғаныстар адам өмірінің мәні туралы философиялық сұрақтарға ұласады.

Драма оқырманға, көрерменге дайын жауап ұсынудан гөрі, ойлануға негіз болатын сауалдар қояды: талантты азаматтық жауапкершіліктен бөліп қарастыруға бола ма? Шеберлік рухани тереңдіксіз құнды бола ала ма? Ұлы тұлғалардың мұрасын құрметтеу олардың ойларын өмірде жүзеге асырусыз мүмкін бе? Халық өнерін бағаламай, өзінің рухани болмысын толық сақтай ала ма?

Бұл сұрақтардың барлығы бір ортақ түйінге тоғысады: өнердің шынайы құндылығы оның адамды өзгертуге, қоғамды ойландыруға және рухани мұраттарға жетелеуге қабілеттілігінде. Сия сөзге айналады, жүрек сол сөзге жан бітіреді, ал қан оған өмірдің шындығы мен күресін дарытады. Осы үш ұғымның бірлігі шығарма атауының астарындағы негізгі мағынаны тереңдете түседі.

Тұжырымдай айтқанда, Роллан Сейсенбаевтың «Сия, жүрек және қан» драмасы – өнер табиғаты, суреткерлік жауапкершілік, ұлттық рух және адамдық ар туралы толғанысқа құрылған туынды. Оның көтерген мәселелері уақытпен шектелмейді. Өнердің шынайылығы, тұлғаның азаматтық батылдығы, Абай мұрасының рухани маңызы және халықтың өз өнеріне деген құрметі бүгін де өзекті.

Нағыз өнер – көрерменді уақытша әсерге бөлеп қана қоймай, оның санасына сұрақ ұялатып, жүрегіне жауапкершілік сезімін ұялататын өнер. Ал шынайы суреткердің міндеті – өмірді әдемілеп көрсету ғана емес, оның ақиқатын тануға көмектесу. Сондықтан драманың негізгі идеялық бағдарын бір тұжырыммен түйіндеуге болады: өнердің мәңгілік құны сияның ізінде ғана емес, жүректің шындығы мен азаматтық ардың тазалығында.

Аталған туындыдағы сахна өнеріне, жалпы адамзаттық құндылықтарға қатысты, оқырманды ойландыратындай өзге де өзекті ойларды, афоризмдерді жинақтап ұсынуды жөн көрдік, құрметті оқырман:

***

Талантыңызды танысам да, азаматтығыңызды тани алмай жүрмін-ау осы.

***

Қарагер қарапайымдылықта да ақыл мол болады. Өйткені оның түп тамыры шындық.

***

Әуезов ұлы тұлға еді ғой, ондай болу екінің бірінің қолынан келер деймісің? Ел көрмегенді көру, ел білмегенді білу, ұлы адамдардың пешенесіне ғана жазылған...

***

Дүлдүл актер қыр арқасымен де ойнай береді.

***

Күнде жаңарып отырмаған жерде өнер болмайды...

***

Мысық та арыстан тобына жатады деген рас екен-ау өзі. Кезінде Сәкеңдер мияулап тұрушы еді, енді ақыруға жетіпті.

***

Өмірде актерден тәуелді, актерден бейшара адам жоқ.

***

Сөзді мылжың ғана қориды.

***

Шеттің есегі де біздің адамдардан ақылды көрінеді.

***

Шын өнерге мінез керек.

***

Өткенге тас лақтырсаң, қайтып айналып келіп маңдайыңды бомба боп шағады. Өткенді ұмытуға болмайды. 

***

Жалпы, мен сендерге айтайын, өнер адамы ұзақ ғұмыр кешуге дайындалуы қажет. Фома Карри деген ағылшын 207 жыл өмір сүрген. Он екі корольді о дүниеге аттандырып барып жаны жай тауыпты жарықтықтың. Порр деген ағылшын 120 жасында жас қызға үйленіп, екі бала сүйіпті.

***

Құны арзанның даусы ащы. Күйеуінің көзіне шөп салатын әйелдің даусы жұмсақ, ойыны қатты. Бір таңда екі келісті афоризм, кез келген драматургке сатуға болады.

***

Ар жағы бос болған соң, ол кеудені кергеннен не пайда?

Ол құрғырдың ар жағы болмаған соң, бос шелектей даңғырлаған бер жағынан не шығар дейсің?

***

Шындықты бүркегенмен тұншықтыра алмайсың!

***

Жақсылықпен кімді сүйсіндірдіңдер? Ендеше жаманшылықпен де кімді таң қалдырамын дейсіңдер? Бүксіп, бықсып өтерсің! 

***

Дүлдүл болмаған соң, бер жағының шаңын жұтып күн кешу күнә емес пе?

***

Сынап-мінеуге, өзгенің кемшінін көзі шалса шалып тастауға келгенде қай қазақтың да сиыр жорға әзіл-оспағы әзір. Абай сынап отырған жоқ, Абай қанға сіңген жаманшылықтан жиіркеніп отыр. Оның ой-мақсаты бүгінгінің қалтарысында, болашақтың қойнауында, ол туған халқының ертеңіне алаңдау, оқу менен білімге ұмтылдыру. Қара шал Шыңғыстаудың бауырында жатып-ақ Шығыс пенен Батыстың ұлы ғұламаларындай бірер ғасырлық болашақ заманды ойымен кеше берген ғой... Сола-а-а-й-й!..

***

Өнерде күрделілік қиын. Мен соған ұмтыламын.

***

Модернизм күрделілік емес.

***

Өнерде не қиын деймісіз? Өнер- де күрделілік қиын емес, мен білсем, қарапайымдылық қиын. Майталман актердің үш ерекшелігі, үш құпиясы болады. Ол сөз, қимыл қозғалыс, образ әлемін игеру құпиялары.

***

Шындық қанмен жазылады.

***

Халқының өнерін ардақтамаған ұлықта, өнерлісін аяламаған халықта не сән, не мағына бар?

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan