Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Өр Алтайдың баласы 75-те...

Өр Алтайдың баласы 75-те

23.01.2026

7722

Өр Алтайдың баласы 75-те - adebiportal.kz

 

 

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқардың 75 жасқа толуына орай «Әлібек Асқар шығармашылығындағы Алтай бейнесі және адам тағдыры» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Шетелдік және отандық ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, мәдениет қызметкерлері қатысқан пленарлық мәжілісті Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов жүргізді.  

 

Жазушыға құрмет

Алқалы жиын Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма төрағасы-ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың кіріспе сөзімен ашылып, жазушы Әлібек Асқардың руханият пен отандық әдебиеттің өркендеуіне қосқан зор үлесі жайында айтылды. 

Қазақстан Республикасы  Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Қазақстан Республикасы  Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры,  ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы құттықтау сөз сөйледі. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Кітап ісі басқармасы басшысы Алмаз Мырзахмет ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді.
«Белгілі жазушы, журналист, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаровқа:

Құрметті Әлібек Асылбайұлы! Сізді мерейлі 75 жасқа толған туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Өзіңізді қазақ руханиятына, ұлттық әдебиет пен журналистикаға сүбелі үлес қосқан көрнекті қаламгер, ұлтқа қызмет етудің өнегелі үлгісін көрсеткен қайраткер тұлға ретінде білеміз. Алтайдың асқақ табиғаты мен адамның нәзік иірімдерін көркем тілмен өрнектеген тағдырлы туындылар жазып, ұлттық  прозаның көркемдік көкжиегін кеңейтуге  сіңірген еңбегіміз әрдайым жоғары бағаланады. Қаламыңыздан туған тұшымды дүниелер бүгінде ойлы оқырманның рухани олжасына айналды. Алдағы уақытта да ұлт руханиятына адал қызмет жолындағы еңбегіңіздің жемісін көріп мерей мәртебеңіз арта берсін! Құрметпен Қазақстан Республикасының Премьер министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева» делінген құттықтауда.

– Өз тарапымнан да бір ауыз сөз қосып кеткенді жөн көріп отырмын, – деді Алмаз Мырзахмет.– Әлібек ағамыздың сан қырын ашып отырмыз ғой,  алмаз тастың қыры қаншалықты көп болса, оның бағасы да арта береді емес пе, ағамыздың тағы да бір үлкен қыры –  мемлекет және қоғам қайраткерлігі, соның ішінде Сауытбек ағамыз айтқандай, баспа полиграфия ісінің алғашқы департаментінің ашылуынан болған қазіргі таңда баспалар мен қаламгерлерге ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқан бағдарламалардың қайнар бастауында тұрған үлкен еңбегі. Мәдениет министрлігінің тарапынан жыл бойы сіздің мерейтойыңыз кеңінен аталып өтілетінін жеткізгім келеді. Жүзге тарта іс-шара жоспарланып отыр, соның үлкен, ірі іс-шаралары Алматы, Астана, Шығыс Қазақстан облыстарында жоспарланған, соның барлығы абыроймен өте берсін!

Сонымен бірге, Кастамони университетінің профессоры, PhD (Кастамони, Түркия) Орхан Сөйлемез, Саха Республикасы (Якутия) Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы, публицист Валерий Луковцев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облысы филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев, Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаев мерейтой иесін құттықтап,  Түркия мен Ресейден келген өзге де жетекші ғалымдар ғылыми негізделген, маңызы жоғары баяндамалар жасады.

Конференция жалғасытүстен кейін «Әлібек Асқар прозасындағы Алтай тақырыбы» мен «Қаламгер шығармашылығындағы Әйел-Ана бейнесі» атты секциялық отырысқа ұласты

 

«Әр шығармаң  бір үйдің жалғызындай...»

Конференция барысында композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановтың онлайн құттықтауын диктофонға жазып алған едік. Биыл тоқсанға келетін ақсақалдың қылаусыз ықыласы мен ағалық тілектестігі аңғарылған сөзін ықшамдап  «Әдебиет порталының» оқырмандары үшін ұсынамыз. 

 - Қадірлі Әлібек, жайсаң мінезді Әлібек! Кристалдай таза Әлібекқ көңіл Әлібек! Алтай табиғаты қандай ұлы табиғат болса, Алтай табиғаты қандай сұлу болса, сол сұлулықтан жаралған пәк сезімді бір өте сүйкімді азаматсың! Сені білгелі қашан, көп уақыт болды,  сен бүгін мені ерекше толқытып отырсың. Жетпіс бес жасқа толдым дейсің, оған сенейін бе, сенбейін бе? Сен әлі сондай мөлдіреген қалпыңмен күлімсіреп, ешқандай қабағыңда кірбің жоқ жұртқа, жан-жағыңа қарай ашық көзбен, ғашық көзбен қарайтын  Әлібексіңл бүгін айтасың жетпіс бес жасқа толдым деп. Немене ол жетпіс бес жас? Одан баяғыда өтіп кеткем, оның күші мен құдіретін білемін. Жетпіс бесте мен отыз-отыз бес жастағы жігіттің жазатын лирикалық әндері мен  романстарын жаздым, ал сен кәдімгі ойланып отырсың. Сенің мінезің, сенімен жүрген сапарлар, сенімен көрген жерлеріміз, өзен, тау, суларымыз,жақсы адамдар ортасы, осының бәрінен өзіңнің ғана зифа бойыңда бір міні жоқ қазақтың асыл азаматтарының қандай екенін анықталады, Әлібек!

 Өзіңнің ұлтың, сені сыйлайтын мына ғибратты үлкен мекеме Евразия университетінің саған деген құрметі мені ерекше қуантып отыр. Әлібек, сен жай ғана жетпіс беске келіп жатқан жоқсыңолмысыңда сен суретшісің, мен де суретшімін ғой, екеуміздің табиғатымыз бір-бірімізге жақын, сондықтан саған менің құрметім де, ілтипатым да сондай. Қаншама кітаптар жаздың, ол кітаптарды оқыдықәсіресе, екеуміз көп жүрген Алтай тауын, басқа жерлерді аралағандажазған жол жазбаларыңнан, естеліктеріңнен, әңгімелеріңнен, сосын жаңағы өзіңнің болмысында бар табиғат – суретшілік өнерден шығатын бір ғажайып суретшінің тағдыр жолы көрінетін дүниеңнен сен жүрген жерлерді аралағандай боламын, сен жүрген, көрген адамдармен сырласқандай боламыненің шығармаларыңнан жұрт рухани ләззат аладыәселе көп жазуда емес, мәселе – сол әрбір шығармаң бір үйдің жалғызындай өте ерекше жаратылған.Соның бәрі өмірдің, тарихтың бір сыры болып, жыры болып қалып жатыр.

 

Табиғатты төгілдіре кестелеген

Жиында жазушының қаламгерлік қыры, ерекшелігі жайлы аз айтылған жоқ. Мерейтой иесіне арналып айтылған не жазылған пікірлердің бір парасына кезек берсек, Бауыржан Омаров баяндамасында Алтайдан шыққан жазушылардың суреткерлігі жайында айта келіп,  Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбай, Марат Қабанбай, Дидахмет Әшімхан, Әлібек Асқар, Нұрдәулет Ақыш, Әлібек Қаңтарбаев, Талаптан Ахметжан, Асқар Алтай және әрине әлемге танылған Анатолий Иванов... сияқты бірегей есімдерді атай келіп,  Әлібек Асқардың суреткерлігі жайында кестелі сөзбен келістіріп жеткізді. 

«Өрнегі мол өр Алтайдан қаламмен де, қылқаламмен де сурет сала білетін шықты бір жазушы. Әуелгі қадамын қаламнан емес, қылқаламнан бастады. Бала кезінен сурет салды. Суреттің оқуын оқыды. Суретке қатысы бар кәсіппен айналысты. Баршаға белгілі танымдық журналды көркемдеді. Сірә, қатты көркемдеп жіберген болуы керек, кейінен өзі де көркем әдебиеттің иіріміне түсіп кетті. Міне, жетпіс бес жылдан бері сол иірімнің ортасында шыр айналып әлі жүр. Әзір шығатын түрі жоқ. Оның аты-жөні – Әлібек Асылбайұлы Асқар.

Тегінде, бір қолына қалам, екінші қолына қылқалам ұстап, сөзбен де, көзбен де сурет салған қаламгерлер жетіп артылады. Әлемге әйгілі лириктер Александр Пушкин мен  Михаил Лермонтов та біздің Әлекең секілді бейнелеу өнерін серік еткен. Пушкин жарықтық негізінен жылқылар мен құстарды бейнелеуге құмар болса, менің Әлібек ағам алдымен аюлар мен маралдарды кескіндеуге көбірек көңіл бөледі. Бұдан соң аю біткен Әлекемнен өлсе де безіне ме?! Ағамыз Алтай жаққа барса, арсалаңдап алдынан солар шығады.

Айдаудан көз ашпаған шерлі шайыр, сорлы суретші Тарас Шевченко қазақ жұртына келіп, Көздіойық пен Құрықтың, Барсакелмес пен Қаратереңнің табиғатын бедерлесе, Әлібек аға өз өлкесінің поэтикалық пейзажын бейнеледі. Алтайдың қырқасы мен шыршасына дейін қалыс қалдырмады» деп, Әлібек Асқарды әлемге аты мәлім суретшілермен, жазушылармен қатар қоя отырып, жазушының портрет пен пейзажға келгендегі шеберлігіне аңғарымпаздықпен тоқталып, сол пікірін көркем жеткізді.

 

Сауытбек Абдрахманов мерейтой иесімен ежелден бірге келе жатқан сырмінез адам болғандықтан, ол туралы көбірек біліп, тереңірек зерделеп,  айта алуы заңды. Қаламгердің «Алтай. Алтын бесік, ата-жұрт» атты кітабына енген шығармалары тәуелсіздік дәуірі әдебиетінің шоқтығы, бір биігіне, еркін ойлаудың, жаңаша жазудың тағылымды арнасына айналды. Бұлай дегенде, біз қаламгердің сөз өнерінің ат суарар басты бұлағы өмірдің өзі екенін кемел көрсетудің, туған жеріміздің тамаша табиғатын төгілдіріп суреттеу арқылы Отанымыздың қадір-қасиетін арттыра түсудің, қазақ оқырманын Жер-ананың қойнында, Ел-ананың құшағында өмір сүруге қызықтыруға септескенін алдымен айтамыз. Мыңдаған жыл бойы сайын сахараның төсінде, асқар таудың қиясында арда өскен қазақтың мына жаһандану жағдайында өзінің ұлы даласындағы өсімдік, жан-жануар әлемінен жырақтап, жанын жүдетіп жібергені, судың қызығын да, нудың қызығын да, аңшылықтың қызығын да, балықшылықтың қызығын да негізінен басқа ағайындар көріп жүргені, ал жердің табиғатынан алыстау бара-бара елдің табиғатынан алыстауға, халықтық қалпымыздан айырылуға апарып соқтырмай қоймайтыны Асқаров кітаптары арқылы шын мәнінде алғаш рет ашыла да, ашына да айтылды. Арғы-бергі әдебиетімізде табиғатты дәл Әлібек Асқаровтай кәсібилікпен кестелеген, бұл тақырыпты дәл осылайша жүйелілікпен жазған суреткер қаламгер көп болған емес» дейді ол.

Дихан Қамзабекұлы Әлібек Асылбайұлының қызмет жолы, өмір белестеріне тоқтала келіп, алдындағы ағаларды, мысалы Сейіт Қасқабасовты қалай сыйлағанына да тоқтала кетті. «Әдекең тамаша эстет, интеллектуалдық юмордың қас шебері, ең бастысы халық шығармашылығын жеткізуде ұлттық мұратқа ден қоятынын аңғардық.  Шебер шығармашылық ізденісі, өрісі, астары «Құт мекеннен бастап «Социализм әңгімелеріне» дейінгі кітаптарынан соның ішінде өздеріңізге де өте таныс «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» шығармалары арқылы көрінеді. Бұл шығарманы қым қуыт тоқсаныншы жылдардың, ұлт тағдырының көркем жазбасы деп ойлаймын. Өтпелі кезеңмен сынақ нысанасына айналған ауыл тағдыры, сол шақтың шындығы бар, жазушы Бейімбет меңзегендей ауыл гүлденбеуіне не себеп деген қоғамға қойылған ашы сұрақ бар. Жазушы әңгімелерінің ерекшелігі диалогтердің табиғилығында, қаламгердің кейіпкер болмысын сөзі мен ісіне сай сомдауында, сонымен бірге деректілік пен дәйектілік негізінде жатыр. Сәукең қаламдас досын «сафари жанрдың суреткері» деп бекер бағаламаса керек, кей деректі оқығанда автордың жадына, сұр мергендей дәлдеп қағазға түсірген қаламына да риза боласың».

 

 

 

Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...

Осы кітапты оқып болғанда бұл шығарманың бір ауылдың ғана емес, тұтас бір дәуірдің тағдырын арқалап тұрғанын түсінгеніміз әрқайсымыздың есімізде шығар?  Әлібек Асқаров бұнда өзі Алматыда отырып, қазақ ауылын сырттай бақылап суреттемегенін, оның ішінде жүріп, әр үйдің түтінін, әр адамның мінезін, күйініші мен күлкісін бірге кешкендей жазғанын көрдік. Бұндағы адамдарды бз танимыз. Олар қайта құру мен нарыққа көшу кезеңінде күйзеліс кешкен біздің, сіздің ауылдың  адамдарды, солардың ештеңеге түсінбей қалған аң-таң күйі, бұрынғы береке мен бірлігі сөгіле бастаған қираған ауылдар. Бірақ, автор басты салмақты қиындықты беруге, көрсетуге салмайды, сол қиындыққа тап болған қазақы рухты көрсетеді. Ондағы адамдар күйзелсе де, кедейленсе де, әзілін жоғалтпайды ғой, бір-біріне деген іштей жылуын сақтап қалуға тырысады. 

Шығарма ішінде кездесетін юмор, құрдастардың қалжыңы арқылы жазушы ауылдың соңғы демін, тіршіліктің жұрнағын сақтап қалуға тырысқан адамдардың психологиясын көрсеткен. Шығарманы көтеріп тұрған осы. Кітаптың басталуы ұнап еді бізге. Оқырман бір қайыра еске түсірсін деп, ерінбей теріп шықтым:

«Өр Алтайдың төріндегі Төртінші ауыл қазақтың құт дарыған қасиетті қонысының бірі еді. Бағы таймаған баяғы базарлы шағында бұл ауылда үш көше бар болатын, үш көшенің үш түрлі аты бар болатын. Бүгінде жасыл желегі жайқалған сол көшелерден жұрнақ та қалмапты.

Ел мен жұрттың әлі есінде, көшенің біреуі – «Алмалы» деп, келесісі «Орталық», ал үшіншісі «Заречный» аталушы еді… Соңғысына орысшалап ат қойып, айдар тағып жүрген – Метрей атай. Басқаша айтқанда, жабағы бет жанғалақ Дмитрий шал. Өйткені ол ежелден сол «Заречный» көшесінде тұратын да, «Заречный» – ауылды қақ жарып аққан адуын Талдыбұлақтың арғы бетінде еді. Бір кездері орталық көшенің бойында бөлімше кеңсесі, дүкен, бастауыш мектеп, медициналық пункт, клуб секілді осы ауылдың мәдени және әкімшілік мекемелері бірінен соң бірі қатар түзеп, қаздай тізіліп тұратын. Сонысы үшін де бұл көшені Метрей атай ауыз толтырып «Центральный» деп, былайғы қараша халық, жоғарғы жұрт сыпайы ғана «Орталық көше» десетін. Ал бергідегі шеткі көшенің «Алмалы» атануына ауылдың маңдайына біткен жалғыз мұғалімі Мелс тікелей өзі себепкер-ді.

Қысқасы, ол кісі педучилищені ойдағыдай бітірген соң үкіметтің жолдамасымен шабаданын сүйретіп шалғай шеттегі осы ауылға келеді ғой… Келгенімен, ұзақ уақыт бойы тау қойнауына сіңісе алмай, алғашқы жылдары қатты қиналып жүреді. Сондай жер жаннаты Жетісуды, ол жақтағы туған үйін, өскен ортасын көзі бозарып жиі-жиі сағынумен болады. Сөйтіп жүргенде, көктемгі бір каникулда жолы түсіп, алыс Қапалдағы Үйіне барып қайтудың реті келеді. Қапалдан қайтқан сол көктемде өзімен бірге алма ағашының бір түп көк өскінін орап-шымқап ала келеді. Ол кезде Мелс мұғалім қазіргі тегенедей төңкерілген Зайсанына әлі үйлене қоймаған, Қасыман ақсақалдың үйінде пәтерде тұратын сұр бойдақ кезі екен. Алыстан ат арытып әкелген алманың көшетін Қасыманның көше жақ терезесінің алдына отырғызып, су құйып, топырағын қопсытып мәпелеп күтіп жүреді. Арада жылдар жылжып өтіп жатады. Алманың көшеті үрпіп бой көтеріп, көктеп өсіп, ақыры жапырақ жайған ағашқа айналады. Жапырақ жайғанымен көрші-қолаңның үкілі үмітін ақтамайды, тәтті алмасын бермей қырсығады. Өстіп жылдар бойы қысыры қалған алма ағашы ақыр соңында қыстың қатты бір суығында үсікке шалынып, қурап тынады. Қалай болған күнде де жалғыз тал әлгі көшет – осы өңірде көктеп өскен тұңғыш алма ағашы ғой. Соны ескерген ауыл тұрғындары осынау тосын құбылысты тарихта мәңгі қалдырғысы келеді. Келеді де, алма ағашының құрметіне бір көшенің атын «Алмалы» деп қояды.

Бүгінде сол айтқан алма ағашы ақсеңке боп қурап, Қасыман оны отынға турап тастағанына да көп жылдар өтті. Баяғыда үш көшенің бойында иіндескен жүз қаралы үй еді, қазір өрт тиген қамыстай селдіреп, одан жетеу-ақ қалған. Қарайып жұртта қалған жетеуінен басқасы бұрнағы жылдан бастап етектегі Мұқыр жаққа үздік-создық көшіп кетіскен. Ең соңғы шаруаға шалағай, бошалаң деген ағайынның өзі былтыр күзде еңкейіскен. Көшкеннің бәрі бөренесін таңбалап, жиған отынын алысып, мұндағы қора-қопсы, үй-жайларын біртіндеп тастап кеткен. Қазір ауыл іші қотыр тайдың жон арқасына ұқсайды: ойдым-шұңқыр, қағылған қада, күйген бөрене. Осы жазда ербиіп қышыма мен кендір өрескел қаптап кетті… Ондай арамшөпті шағып тастайтын адам да жоқ, таптап құрғататын мал да жоқ бұл маңайда».

Міне, осылай. Ешкімді кемсітпейтін қайта кейіпкерлерге жақындата түсетін юморымен кете береді, кете береді. Кей жерінде күлеміз, жеміс бермесе де сол ағашты ерекше оқиғаға айналдырып, көшенің атын Алмалы қойған ауыл адамдарын сағынасың ба... тек алма ағашының қурап, ақырында отынға айналуы, қаншама қазақ ауылының қаңырап қалғаны ғана  мұң шақырады... Жазушының құдіреті сонда.  «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» биік шығарма.

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan