«Жұлдыз бала» – ирландиялық әйгілі жазушы Оскар Уайльдтің қаламынан туған қызықты ертегі. Ертегінің басты кейіпкері – қыстың қақаған аязды күні отыншылар орманнан тауып алған Жұлдыз бала. Түр сипаты ерекше сұлу болғанымен, мінезі тәкаппар әрі қатігез болып өскен Жұлдыз бала айналасындағы адамдарды да, жан-жануарларға да жәбір-жапа көрсетеді. Қатігездігі үшін тағдырдың жазасына ұшыраған Жұлдыз бала ақыр соңында кешірімге лайық бола алды ма? Мұның жауабын ертегіні соңына дейін оқығанда ғана білесіз. Бұл ертегі оқырманды мейірімділікке, рақымшыл болуға және жақсылық жасаған адамдарға алғыс-ризашылық білдіруге үйретеді.
Қыс мезгілі болатын. Атырапта аяз ақырып тұр…
Қалың қар жамылған шетсіз-шексіз қарағайлы орман сіресе мүлгиді. Ағаштардың бұтағына дейін үлпілдек қар қымтай басқан. Мұз патшасы тау сарқырамасына ағынын тоқтауды бұйырып еді, ол да бейне ауада ілініп тұрған тәрізді қатты да қалды.
Әбден жаураған аңдар мен құстар суықтан қалай пана табарын білмей бүрсең қағуда.
– Япырай, бұл неткен жан төзгісіз суық еді өзі , ау-ф-ф! - деп көкшулан қасқыр, құйрығын сымпитып, бұта арасында бүгежектей жортып жүр.
– Шип! Шип! Шип! - деп жасыл шоңайнақ құс аянышты дыбыспен шиқылдай жөнелді. – Үстіне қардан ақ кебін жамылған Жер бейне өліп қалған ба өзі?
– Жер аппақ қалыңдық киімін киіп алды емес пе? Демек, тұрмысқа шыққалы жатыр-ау… - деседі, аяздан мұздап қатып қалған алқызыл аяқтарын қайда қоярларын білмей қиналған бейуаз түркептерлер бір-біріне.
– Былайша ауыздарыңа келгенді айтып босқа сөйлей берсеңдер, сендерді жеп қоямын, - деді қасқыр оларға ашулана ырылдап.
– Меніңше, бұл аязды талқылаудың еш маңызы жоқ, - деп ақылгөйси сөйледі жасыл тоқылдақ. – Сендердің былайша сөз қылғандарыңнан күн ешқандай жылынып кетпейді…
Тоқылдаққа ешқайсысы да қарсы уәж айтқан жоқ. Себебі оның айтып отырғаны рас еді.
Шынында да, аяз ерекше қатты болды. Кішкентай тиіндер тіпті ағаштың қуыс панасында отырса дірдек қақты. Бір-біріне сүйеніп тұмсықтарын үйкелеп, жылынбақ болса да, бойлары жылымады. Кеуегінде домаланып жатқан ор қояндар да әбден жаурады. Тек үкілер мен жапалақтар ғана суыққа тоңдық деп зарламады. Себебі олар өте жылы киінген еді. Дөңгелек қызыл көздерін ойнақшыта, бір-біріне құрылдай үн қатысып, бүкіл орманға естірте:
– Құр-рр! Құр-р! Құр-р! Күн райы неткен тамаша! - деп дыбыстай берді.
Осындай қақаған суықта екі отыншы үйлеріне қайтып келе жатты. Екеуі қарағайлы орманның ішімен бүрсеңдей тоңып ілбіп келеді. Екеуі бірнеше мәрте оппа қарға абайсызда күмп етіп батып кетіп, үсті-бастары аппақ ұлпа болып, әрең дегенде шықты.
Тіпті бір жолы тайып жығылғанда, арқаға шандып таңып алған шөмшек бума отыны қарға шашылып, әбден ығыры шықты. Домбығып қатып қалған қолымен отынды қайтадан шырмап байлау олар үшін тіпті ауыр азап болды. Осылай ілбіп келе жатып, олар біраздан соң жолдан адасып кеткендерін сезгенде қорқыныштан тіпті дірілдеп кетті. Аязбен сықырлаған қалың қар оларға суық мұз қолын жайып, құшағына мәңгілікке алғысы келгендей сезіледі. Біршама сенделіп адасып жүріп, ақыры екеуі орманның жиегіне шыққан кезде ауылдың жымыңдаған жарығын алыстан көрді. Екеуі қатты қуана шаттанып, көңілдері орнына түсті. Осылай шаттана адымдап ауылға таяғанда ғана екеуі өздерінің аса жұпыны тұрмыс-тіршіліктерін естеріне түсіріп, тағы да жүректері мұңға тола күрсінді.
– Иә, - деді біреуі, - мына өмірдің біз үшін қызығы да шамалы-ау, осы. Өмірдің қызық-думаны тек дәулеті шалқыған байларға ғана тиесілі шығар. Шынын айтсам, осы орманда қатып өліп қалсақ та, ешкімнің ештеңесі кетпейтіні анық.
– Дұрыс айтасың, - деп жауап берді жолдасы. – Бұл дүние тым әділетсіз бөлінген: біреулердің ішкені алдында, ішпегені артында, шалқып жүр. Ал біз сияқтылар өлместің күнін көріп әзер жүр.
Отыншы осы сөзді айтып ауыз жиғанша, алдарынан жарқыраған жұлдыз тәрізді бір нәрсе көрді. Жұлдыз көкжиекті қиғаштай сырғып өтіп, жерге құлағандай болды. Отыншыларға жұлдыз жақын маңдағы талдың түбіне келіп құлаған сияқты болып сезілді.
– Еһей, мынауың қымбат қазына болып жүрмесін! - деп айқайлап жіберді бірінші отыншы.
Сөйтті де екі жолдас жұлдыз құлап түскен сияқты болған жерге қарай жарыса жүгірді.
Біраз жүгірген соң бірінші отыншы екіншісінен едәуір алға озып кетті. Талдың арасына жүгіріп жеткен ол расымен де қар үстінде жатқан үлкен алтын түйіншекті көрді. Отыншы түйіншекке еңкейіп қараса, қымтап оралған алтын матадан тігілген шапан екен.
– Жылдам мұнда кел, аспаннан түскен қазынаны тауып алдым! - деп айқайлады ол жолдасына.
– Мүмкін, мұның ішінде алтын теңгелер бар шығар, - деді жүгіріп жанына жеткен екінші отыншы.
Екі жолдас шапанның қасына отыра қалды да, ішіндегі алтынды бөлісіп аламыз деген тәтті үмітпен асығып-аптығып орауды жазып аша бастады.
– Мұнда бір жылы, жұмсақ нәрсе бар сияқты, - деді бірінші отыншы шапанды ашып жатқанда.
Шапанға оралып алтын теңгелер емес ұйқыдағы сәби жатқанын көргенде екі отыншы да:
– Күл-талқан болған үмітім-ай! - деп айқайлап жіберді.
Отыншылар баланы тездетіп қайтадан шапанға орады да, мұңайып ойға батып біраз отырды:
– Иә, біздің ешқашан жолымыз болмайды екен, - деді бірінші отыншы. – Бұл баланы қайда апарамыз енді? Осында қалдырғанымыз дұрыс болар. Жүр, тездетіп үйге қайтайық, өзге біреудің баласы тұрмақ, өзіміздің балаларымызға әрең-әрең тамақ тауып беріп жүрген жоқпыз ба?

– Жоқ, мен бұл баланы өлімге қиып, осында қалдырып кете алмаймын: бұл дұрыс емес, – деді екінші отыншы. – ашқұрсақ болса да алты бала асырап жүрген адам екенімді білесің. Бірақ соған да қарамастан, бұл баланы үйге алып кетпекпін.
Сөйтіп отыншы баланы шапанға еппен жақсылап орап, құшағына алды да, үйін бетке алып жүріп кетті.
– Бұл дегенің – ессіздік қой! - деп таңдана айқайлады, соңынан еріп келе жатқан жолдасы.
Бірақ көп ұзамай оның да бойында адамгершілік сезімі оянып, жолдасының жүрегіндегі мейірімге риза болды.
Ауылға жеткен кезде, баланы көтеріп келе жатқан отыншыға жолдасы былай деді:
– Егер сен баланы алатын болсаң, шапанды маған бересің. Біз осылай бөлісуіміз керек!
– Олай етуге болмайды, - деп жауап берді оған, отыншы. – Шапан сенікі де, менікі де емес, ол – мына баланың өзінің меншікті кимі.
Сөйтіп ол жолдасымен қош айтысып, үйіне бет алды. Әйелі күйеуінің аман келгеніне қатты қуанды. Арқасына таңған отын бумасын шешіп, үстіндегі қарын қақты. Сонда ғана ол күйеуінің қолындағы үлкен түйіншекті байқады.
– Бұл не нәрсе? - деп сұрады әйелі.
– Бұл – бала. Мен оны орманнан тауып алдым. Өз балаларымыз сияқты, бұған да қамқор болып бақсын деп саған әкелдім! - дейді күйеуі.
Сөйтіп ол шапанның орауын жазып, ұйықтап жатқан сәбиді әйеліне көрсетті.
– Өзіңнің балаларың аз болды ма саған? - деді әйелі ренжіп. – Өз балаларымызды әрең-әрең асырап отырғанда, бұл баланы қалай бағып тәрбиелекшіміз? Тіпті бұл бала бізге бақытсыздық әкелмесіне кім кепіл?
– Бұл бала бізге бақыт әкелуге тиіс. Ол – Жұлдыз бала, – деп отыншы бұл баланы өздерінің қандай жағдайда, қалай тауып алғандары жөнінде бастан-аяқ баяндап берді.
Бірақ отыншыға әйелін үгіттеп сабасына түсіру оңай болған жоқ. Әйелі үйде онсыз да тамақтың жетіспейтінін, оған қоса енді міне тағы бір жат баланы алып келгенін айтып, ұзақ күңкілдеп сөйлей берді.
– Жаратушымыз тек адамдарға ғана емес, құстарға да қамқорлық жасайды. Оларды қыста да тамақтандырып отырғанын көрдің бе, - дейді отыншы әйеліне.
– Бұл қалай айтқан сөзің? - деп әйелі айқай салды. – Сен құстардың қыста аштан көп өлетінін де білмейсің бе? Ұялсаңшы, қазір қатал қыс екеніне де мән беріп тұрған жоқсың!
Отыншы әйелі сөйлеп жатқан кезде жартылай ашылған есіктің жанында қозғалмастан үнсіз тұрды.
Ашық есіктен енген аяз үйдің ішін суытып-ақ жіберді. Тоңып кеткен әйелі күйеуіне:
– Есікті жапшы, үйге суық кіріп кетті! – деді.
– Жүрек мейірімсіз қатайған жерде әрдайым осындай суық болады, - деп жауап қатады сонда отыншы.
Әйелі үнсіз отқа жақындап отырды.
Бірер минуттан соң ол күйеуіне көз тастады. Әйелдің көзінде жас тұнып тұр еді. Мұны байқаған күйеуі әйелінің жанына келіп, баланы оның қолына ұстатты. Әйел баланы қолына алып, кенже ұлы жатқан кереуетке апарып жатқызды.
Ертеңінде отыншы алтын шапан мен баланың мойнындағы кәріптас моншақты сандыққа салып қойды.
– Мұны қажеті болған уақыт келгенше сақтауға тиіспіз, - деді ол әйеліне.
Жұлдыз бала осылайша отыншының үйінде тәрбиелене бастады. Ол отыншының өз балаларымен бір дастарқан басында тамақ ішіп, солармен бірге ойнап өсті.
Уақыт зырғып өте берді. Жұлдыз бала есейген сайын күннен-күнге сұлу болып өсе түсті. Көрген жанның бәрі оның сұлулығына таң қалатын. Ол аққұба өңді, талдырмаш бойлы, дудыраған бұйра шашты, шиедей қызыл ерінді, көгілдір көзді бала болатын
Өзінің осындай артық туған сұлу келбетін ерте сезінген Жұлдыз бала кішкентайынан-ақ тым тәкаппар болып өсіп келе жатты. Мінезіндегі тәкаппарлығына қоса, оның қатігездігі мен өзімшілдігі де арта түсті. Отыншының балаларын да, ауылдағы басқа балаларды да менсінбей, өзін Жұлдыздан туған асыл текті санап, оларды нашар болып туған, можантопай қарапайым балалар деп кемсітіп жүрді. Балаларға әмір беріп, оларды «өзіме қызмет етуге тиістілер» деп атайтын. Кедейлерді, мүгедектерді, соқырларды, жалпы әлсіз бен бейшараның барлығын жек көрді. Ондай жандарға титтей де жаны ашымайтын. Оларға тас лақтырып: «Бұдан былай осы маңға жоламаңдар!» - деп қорқытып, әрдайым аулаққа қуып жіберетін. Әлсіздерді мазақ етіп қорлап жүріп, Жұлдыз бала тек өзін жақсы көретін, өзінің сұлулығын ғана сүйетін. Көп ретте ол ауылдағы пірәдардың үйінің жанындағы мөлдір бұлаққа түсетін және сол судың бетіндегі өзінің сұлу жүзіне ұзақ уақыт бойы тамсанып қарайтын.
Әлсіздер мен мүгедектерге жасаған қиянаты мен қаталдығы үшін отыншы мен әйелі Жұлдыз балаға жиі ескертіп ұрысатын. Оған мейірбандық пен аяушылық туралы көп айтып үйрететін.
Қарт пірәдар да оны әлденеше рет қасына шақырып алып:
– Балам, тіршілік иесі атаулының бәріне сүйіспеншілікпен қара. Құдай жаратқан тіршілік иесіне азап әкелме. Тіпті шыбынды да ренжітпе, ол да сен сияқты Жаратушының жаратындысы. Демек, ол да саған туыс. Құдай құстарға еркіндік берген. Оларды да тек ермек үшін аулап торға түсіру – дұрыс емес. Есіңде болсын, сен тіпті жерде жыбырлаған жауынқұртқа немесе көртышқанға да қожайын емессің. Оларды да Құдай жаратқан, олардың әрқайсына жер бетіндегі өз орнын белгілеген. Әрбір жаратылыс өз Жаратушысын мадақтайды, - деп насихат айтатын еді.
Жұлдыз бала бұл өсиеттерді үнсіз тыңдайтын. Басын салбыратып тұрып тыңдап, кейде тыжырынып немесе мырс етіп күліп қоятын. Бірақ жолдастарының қасына барысымен-ақ, қайтадан бәріне әмірін жүргізіп, қатігездігін жасай бастайтын. Барлық бала оны тыңдайтын, өйткені ол жылдам да епті, сұлу да сымбатты, әрі тамаша ысқыра алатын, сызылтып сыбызғы да тарта білетін және биді де керемет билейтін. Басқа балалар Жұлдыз бала не айтса да, оның бұйрығын бұлжытпай орындайтын. Ол көртышқанды ұстап алып, көзін шұқып шығарып қинап жатса, балалар бұл қылығына күліп мәз болатын. Ол соқырлар мен алапестерге тас лақтырса, өзге балалар да мұның іс-әрекетін қайталайтын. Бұл қатігез әрекетін өзгелер де қолпаштап қуаттап, оны өздеріне үлгі ететін.
Бір күні Жұлдыз бала тұратын ауылдың үстімен әлдебір кедей әйел өтіп бара жатқан. Үстіне киген киімі жыртық-жамау, өзі жалаңаяқ екен. Тастақ жолмен ұзақ жүргендіктен, табаны қан-жоса болып тілініп кеткен екен. Шаршап-шалдыққан кедей әйел бір талшын ағашының түбіне келіп тыныстап отырған. Оны көріп қалған Жұлдыз бала жолдастарына:
– Қараңдар, анау ағаштың түбіне жыртық киімді қайыршы әйел келіп отырды. Бұл ұсқынсыз жексұрынды қуып жіберу керек. Қане, жүріңдер! – деп айқай салды.
Сөйтіп ол кедей әйелдің қасына келіп, оны балағаттап, тас лақтыра бастады. Байғұс әйел баланы көргенде, көзінде үрей оты ойнады, бірақ таяқ жеп жатса да Жұлдыз баладан көзін алмай, тесіле қарады. Бірақ Жұлдыз бала ештеңеге назар аудармастан, байғұс әйелге тас жаудыра берді.
Отын жарып жатқан отыншы бұл жағдайды көріп қорадан жүгіріп шығып, асыранды баласына ашуланып:
– Шынында да, сенің жүрегіңде мейірім жоқ, нағыз тасбауыр екенсің! Бұл әйел саған не жамандық жасады, оны неге еш себепсіз ұрып жатырсың? - деп ұрысты.
Жұлдыз бала отыншыға тәкаппарлана қарап:
– Мен саған істеген ісім жайлы түсінік беруге міндетті емеспін. Сен менің әкем емессің, маған былайша бұйыруға хақың жоқ! – деп ашулы үнмен зілдене сөйледі.
– Оның рас, - деді отыншы, – бірақ мен сені аяп, орман шетінде тоңып өлгелі жатқан жеріңнен алып келіп, ешкімнен кем-қор қылмай өсірген адам едім. Мұным бекер болғаны ма?
Отыншының соңғы айтқан сөздері кедей әйелге өте қатты әсер еткені соншама: ащы дауыспен айқайлап жіберіп, есінен танып қалды. Отыншы жанына жүгіріп жетіп, әйелді үйіне көтеріп апарды. Отыншының әйелі бейтаныстың есін жиғызып, оны тамақтандырып, тыныштандырды.
Өз-өзіне келіп сәл күш жинаған соң, әлгі әйел отыншыдан:
– Сіз бұл баланы орман шетінде үсіп өлгелі жатқан жерінен тауып алдым дедіңіз ғой. Содан бері он жыл шамасында уақыт өтті ме? - деп сұрады.
– Иә, ол он жыл бұрын болған оқиға еді, - деді отыншы.
– Ол кезде бала алтын матадан тігілген шапанға ораулы, ал мойнында кәріптас моншағы бар ма еді? - деп асыға-аптыға сұрады әйел.
– Иә, ол алтын шапанға ораулы еді, ал мойнында кәріптас моншағы бар болатын, – деді отыншы.
Сөйтіп отыншы сандықтан алтын шапан мен кәріптас моншақты алып шығып, оны әйелге көрсетті.
Әйел шапан мен моншақты көрген бойда қуаныштан жылап жіберді де:
– Дәл өзі! Бұл – он жыл бұрын орманда жоғалтып алған менің ұлым екен. Рақым етіңіз, барып оны шақырып келіңізші: мен оны бүгінге дейін бүкіл дүниені шарлап іздедім ғой! – деп жарқын-жарқын үнмен саңқылдай сөйледі.
Отыншы сонда үйден жүгіре шығып, Жұлдыз баланы тауып алып:
– Үйге қайт: сені көруге анаң келді, - деді.
Жұлдыз бала мұны естіп қатты таңғалды. Ол үйге қарай қуана жүгірді. Бірақ алдында отырған кедей әйелді көрді де, ашуға булығып:
– Бұл жерде мына кедей әйелден басқа ешкім жоқ қой? Өзімнің анамды көрсетіңдер маған! - деп айқай салды.
Сонда әйел қысылған кейіппен:
– Сенің анаң – менмін, ұлым… – деп үн қатты.
– Қалайша? Сен – менің анамсың ба?! - деп Жұлдыз бала ызаға булығып, түтіге айқай салды. – Мұндай сөзді айту үшін есуас болу керек шығар! Мен сияқты баланың анасы осындай кір-қожалақ байғұс әйел болуы мүмкін дегенге кім сенеді? Сені бұдан былай көргім де келмейді: кет, жоғал бұл жерден!
– Айтып тұрғаным – рас сөз, – деді әйел. – Сені менен қарақшылар ұрлап әкетіп, кейін орманға лақтырып тастап кеткен ұлым – сенсің. Белгілерің дәл келіп тұр: алтын шапан, кәріптас моншақ… Жүр, кеттік балам, мен сені жанымдай жақсы көремін, сен менің жұбанышым боласың!
Әйел тізерлеп отыра қалып, қос қолын балаға созды.
Бірақ Жұлдыз-Бала оған жиіркене көз тастап:
– Егер сен шынымен менің анам болсаң, онда мені ұятқа қалдырмау үшін мұнда келмегенің жақсы еді. Осы уақытқа дейін мені сендей қайыршының емес, Жұлдыздың баласы деп атайтын. Жоғал бұл жерден, сені көргім де келмейді! - деп ауыр сөздер айтты.

– Сүйікті ұлым менің, – деп жалбарына үн қатты әйел, – сені іздеп табу үшін қаншама азап шектім. Енді бұл жаңа жан азабына шыдауға дәрменім жетер-жетпесі белгісіз. Жолға шығар алдында қоштасуға бір рет болсын мені сүйші!
– Сен сондай жиіркеніштісің, сені сүйгенше жыланды немесе бақаны сүйгенім жақсы, – деп, Жұлдыз бала, одан сырт айналды.
Зар еңіреп жылаған кедей әйел орманға қарай бет алып, көзден ғайып болды. Жұлдыз бала болса, жолдастарына қайта оралды.
Алайда осы арада біртүрлі жағдай көрініс тапты… Балалардың бәрі Жұлдыз баланы көре сала, оны мазақ етіп шулай жөнелді.
– Тү-үу! Өзің тура бақаға әлде жыланға ұқсаған, қандай ұсқынсыз едің! Біз бұдан былай сенімен ойнамаймыз. Кет, жоғал, бұл жерден! - деп айқайлады, балалар.
Сөйтіп балалар оны қуып жіберді.
Жұлдыз бала олардың бұл қылығына қатты таң қалды. «Бұл қалай болды өзі?» - деп ойлады да, судың бетіндегі өзінің бейнесіне қарап анықтап алу үшін бұлақтың айдынына қарай беттеді.
Сөйтіп ол бұлаққа келіп, судың бетіне көз салған сәтте, қорқыныштан төбе шашы тік тұрды. Ол өзінің бет-бейнесінің бақаға, ал денесінің жыланға ұқсап кеткенін байқады. Жалпақ сұрғылт бетті, жасыл көзді, денесі де дәл жыланның терісіндей жасыл-сұры болып кеткен екен.

Жұлдыз-Бала жерге құлап түсіп, өкіріп жылады.
– Опырай, мен қандай бақытсыз едім! - деп зар жылады ол. – Өзімнің қатігездігім үшін жазаланғанымды енді түсіндім. Тіпті өз анамнан да бас тарттым ғой. Енді бүкіл дүниені шарлап, оны іздеуге тиіспін, анамды іздеп тапқанша еш тыным таппайтын боламын.
Осы кезде әлдекім оның иығына жұмсақ қолын қойып, нәзік үнмен:
– Жылама! Сұлулығыңды жоғалтқаның маңызды емес. Мен сені мазақтамаймын. Тек бізбен бірге қал, - деді мейірімді үнмен.
Ол бұрылып қараса, жанында отыншының кішкентай қызы тұр екен.
– Жоқ, бұл жерден кетуім керек, - деді ол. – Мен өзімнің қатігездігім үшін жазаландым. Анамды іздеп тауып, одан кешірім сұрауға тиіспін.
Осыны айтып, Жұлдыз бала орнынан атып тұрып, орманға қарай жүгірді. Күні бойы орманды аралап, анасын шақырды, бірақ ешкім жауап бермеді. Күн батқанда ол шалғынға жатып тыныстады. Оның қатігездігін сезіп білген аңдар мен құстар да айналып өтіп жатты. Тек бір бақа ғана одан қорықпады. Улы есекқұрт та еш қауіптенбей жанынан жылжып өте берді.
Бала күн шығысымен орнынан тұрды да, орман жидектерін теріп жеп, жүрек жалғады. Сөйтті де, жылаған қалпы алға жүгіре берді. Аң ба, құс па, жолында кезіккеннің бәрінен: «Анамды көрдің бе?» - деп сұрай берді.
Бірінші болып оған көртышқан кездесті. Жұлдыз бала одан:
– Сен жердің астында жүресің, жердің үстімен жүргендердің аяқ дыбысын естисің. Айтшы, осы маңнан жылап-еңіреп өтіп бара жатқан әйелдің дауысын, аяқ дыбысын естідің бе? – деп сұрады.
– Сен ермек ойын үшін менің көзімді ойып алғансың. Сол жасаған қатігездігіңе жақсылықпен жауап бере алмаймын. Айтпаймын, - деді көртышқан.
Жұлдыз бала ары қарай жүріп келе жатып, шоңайнақ құсқа жолықты. Одан:
– Сен ағаштардың ұшар басымен қалықтап ұшасың, бүкіл алқапты көзіңмен шоласың. Айтшы, сен менің анамды көрдің бе? - деп сұрады.
– Сен сондай қатыгез баласың, – деді шоңайнақ құс, – менің қанатымды қырқып тастағансың. Сондықтан қазір ұша алмаймын. Саған көмектеспеймін.
Жұлдыз бала ары қарай жүгіре берді. Кішкентай тиінге жолығып одан:
– Сен менің анамды көрген жоқсың ба? - деп сұрады.
– Сенің бұл сұрағыңа жауап бере алмаймын, – деді тиін, – себебі сен менің анамды өлтіргенсің. Сен қатігез анаңды тауып алып өлтірмек болып іздеп жүрген шығарсың деп қауіптенемін.
Жұлдыз бала сол кезде тізерлей отырып, өзі кезінде жәбірлеген Құдайдың жаратындыларынан көз жасын көл қылып жылап кешірім сұрады. Сосын кедей әйелді іздеуін ары қарай жалғастырды.
Бала ну орманды көктей өтіп, әлдебір ауылға келді. Бірақ неге екенін кім білсін, ауыл балалары мұны көрген бойда тас лақтырып, қуып жіберді. Оған ешкім де аяушылық танытпады: шаруалар да, жұмысшылар да оның ұсқынсыз кейпін көріп мазақтап күліп, қуып жіберді. Ешкім оған бір түнге болса да баспана бергісі келмеді. Сөйтіп ол еш жерден, ешкімнен мейірім-шапағат көрместен, жер дүниені үш жыл бойы шарлады. Өзінің тәкаппар күнінде міскіндерге өзі қалай қараса, бұған да өзгелер қазір дәл солай қарайды.
Бір күні кешке ол үлкен қаланың қақпасына келіп жетті. Қақпа биік тас қамалмен қоршалған екен. Қақпаның алдын сарбаздар күзетіп тұр екен. Жұлдыз бала қалаға кіргісі келгенімен, сарбаздар жолын бөгеп:
– Бұл қалаға не үшін кірмекшісің? - деп тексеріп сұрады.
– Анамды іздеп табуым керек, - деді ол. – мені кіргізіңдерші: мүмкін, ол осы қалада болар.
Бірақ сарбаздар оның сөзін мазаққа айналдырды. Біреуі:
– Анаң сенің мына түріңді көрсе, қуана да қоймаса керек. Өйткені сен бақа мен жыланнан да ұсқынсыз екенсің. Жоғал, бұл жерден! Бұл қалада сенің анаң жоқ! - деді.
Сөйтіп сарбаздар оны қақпа алдынан ары итеріп, кіргізбей қойды. Жұлдыз-Бала қанша жалынса да, олардың жүректерін жұмсарта алмады. Амалы құрыған ол енді кері қайтпақ болып тұрғанда, әскери киім киген бір адам қақпа алдына келді.
– Мұнда не болып жатыр? - деп сұрады ол сарбаздардан.
– Мына бір қайыршы, яғни қайыршының баласы қалаға кіремін деп тұр, біз оны кіргізбей қойдық, - деді сарбаздар.
– Мұны қуып тастауға асықпаңдар, – деді әлгі әскери адам, – ендеше оны құлдыққа сатып жіберейік те. Мұндай түрі ұсқынсыздар сирек кездеседі ғой. Мұндайды сатып алатын бір қызыққұмар шығып қалар. Мұны сатқан ақшаға тәтті шарап сатып алып ішейік те.
Сөйтіп ол Жұлдыз баланы ұстап алып, көшеден арлы-берлі өткен адамдарға сатып алуға ұсына бастады. Бірақ ешкімнің де оны сатып алғысы келмеді.
Жұлдыз бала бұған іштей қуанып, сарбаздар да бастапқы ойларынан айни бастаған еді. Сол кезде осы маңнан бір жексұрын кейіпті шал өтіп бара жатты.
– Әнеки, сиқыршы келе жатыр, - деді сарбаздардың бірі. – Оған осы ұсқынсызды сатып алуға ұсынайық.
Сарбаздар сиқыршыға ұсыныс жасағанда, ол бірден:
– Мен оны сұраған бағаларыңа сатып аламын. Мінеки, ақшаларың, - деді.
Сиқыршы сұраған ақысын беріп, жаңа сатып алған құлын қолынан жетектеп қалаға кірді.
Екеуі көшенің бойымен ұзақ жүрді. Ақыры олар анар ағаштарының көлеңкесі түсіп тұрған тас қабырғаға жетті. Қабырғада кішкентай есік бар екен. Сиқыршы қолындағы жүзігін тигізіп еді, есік ашылып кетті. Сиқыршы Жұлдыз баланы бес қола баспалдақпен төмен түсірді. Онда қара көкнәр толтырылған көптеген жасыл саз тостағандар бар екен. Осыдан соң Жұлдыз баланың көзін жібек орамалмен байлады да, әлдебір есікке итеріп кіргізді. Жібек орамалды шешкенде, Жұлдыз бала өзінің мүйіз әйнек арқылы әлсіз ғана түсетін жарығы бар, күңгірт зынданда отырғанын көрді.
Сиқыршы үстелге бір үзім қатқан нан мен бір кесе тұзды су қойып:
– Осыны ішіп-же! - деді.
Жұлдыз-Бала әл жинап отырған кезде, сиқыршы білдірмей шығып кетіп, есікті шынжырмен мықтап жапты.
Келесі күні таңертең сиқыршы зынданға келіп, Жұлдыз балаға қатқыл дауыспен:
– Осы қаланың маңындағы орманда бірі – ақ алтыннан, екіншісі – сары алтыннан, үшіншісі – қызыл алтыннан үш алтын теңге жасырылған. Сен бүгін сол орманға барып, ақ алтыннан жасалған теңгені тауып әкелесің. Күн батқанша бақ қақпасының алдына келуің керек, мен сол жерде күтемін. Егер теңгені әкелмесең, жүз рет дүре соғамын. Бұдан былай сен менің құлымсың, себебі мен сені үш тостаған шарапқа сатып алдым, - деді.
Сиқыршы Жұлдыз баланың көзін жібек орамалмен қайта байлап, оны бақ арқылы, бес қола баспалдақпен сыртқа алып шықты. Жүзігін есікке тигізіп қақпаны ашты да, сиқыршы Жұлдыз баланы қала сыртына шығарып жіберді.
Жұлдыз-Бала қаладан шығып, орманға қарай бет алды. Сырттай қарағанда орман нағыз жәннаттай көрінеді. Онда сайрауық құстар ән салып, әдемі тотықұстар күбірлей сөйлеуде. Айнала әсем гүлдердің хош иісіне бөгіп тұр. Бірақ Жұлдыз-Бала орманға кірген сәттен бастап-ақ, оған тікенді қара өріктер, инелі қалақайлар, үшкір түйетікендер тап берді. Олар баланың жалаң аяғы мен қолдарын шаншып-піскілеп, удай ашытып, әбден азап шектіріп мазасын кетірді.
Таң ертеңнен күн батқанға дейін ол орманда ақ алтын теңгені іздеді, бірақ таба алмады. Күн батқан соң, амалсыз үйге қайтуға бет алды. Алдынан қандай тағдыр жазасы күтіп тұрғанын біліп, көзінен ащы жас төгіліп, жылап келе жатты.
Орманның шетіне шыққан кезде, ол әлдебір жалынышты дыбысты естіп қалды. Дыбысқа құлақ түріп, оның орман ішінен шығып жатқанын аңғарды. Жұлдыз бала өз қайғысын уақытша ұмытып, дыбыстың қайдан шыққанын білуге, орманға қарай жүгірді. Орман ішінен бала аңшының қақпанына түсіп қалған қоянды көрді.
Қоянды қақпаннан босатып жатып, Жұлдыз бала:
– Өзім құл болсам да, саған еркіндік сыйлауға мүмкіндігім бар, - деді.
– Саған алғысым шексіз, - деп кенет қоян адамша сөйлеп жауап қатты. – Сен маған еркіндігімді қайтардың, сол үшін мен де саған бір жақсылық жасасам деймін.
– Маған қожайыным ақ алтыннан жасалған теңгені табуға тапсырма берген болатын, – деді Жұлдыз бала. – Оны күні бойы іздеп, таба алмай қойдым. Енді мені сол үшін ұрып-соғатыны анық.
– Соңымнан ер! - деді Қоян. – Мен оның қайда екенін және сенің қажетіңе жарайтынын білемін.
Қоян Жұлдыз баланы алып еменнің қуысына ертіп алып келді.
– Міне, мына жарықшақтың ішінде ақ алтын теңге бар, - деді ол.
Жұлдыз-Бала жарықшаққа ұмтылып, ақ алтын теңгені тауып алды.
Олжасына қатты қуанған бала қоянға алғыс айтты.
– Сен менің өзіңе жасаған қызметіме тым үлкен сыймен жауап қайтардың! - деді ол.
– Жоқ, олай емес, – деді Қоян. – Мен де саған өзің маған жасағандай жақсылықпен жауап бердім ғой: «жақсылыққа – жақсылық» деген емес пе!
Сөйтті де қоян зып беріп, көзден ғайып болды. ал Жұлдыз бала қалаға қарай бет алды.
Қала қақпасы алдында алапес ауруына шалдыққан бір адам отыр еді. Ол бетін сұрғылт шүберекпен жауып алыпты. Көру үшін тесілген қос тесіктің ар жағынан оның оттай жанған көз жанары көрініп тұрды. Жұлдыз бала алапестің жанынан өтіп бара жатқанда, ол ағаш тостағанының түбін қатты ұрып, кішкентай қоңырауын сылдырлатып:
– Мені қаладан қуып жіберді, ешкім маған мейірімділік танытпады, енді міне, аштан өлейін деп отырмын. Маған ақша болса берші, сонда ғана өлімнен құтылармын, - деді.
– Мен сізге көмектесе алмаймын, - деді Жұлдыз-Бала, – себебі менің қалтамда бар болғаны жалғыз теңге бар және оны өз қожайыныма апаруым керек. Егер оны апармасам, ол мені құлы ретінде ұрып-соғатын болады.
Бірақ алапес соншалықты бір жалынышты үнмен теңгесін беруін өтінді, ақыры оның сөзін естіп жаны ашыған Жұлдыз бала ақ алтын теңгені алапестің қолына ұстатты.
Сиқыршының үйіне қайтадан бару қандай азап еді. Қақпаның алдына келе бергенде-ақ, оның өзін асыға күтіп отырғанын байқады. Жұлдыз баланы бақтың есігінен жылдам итеріп кіргізе салып сиқыршы:
– Ал, қанеки, ақ алтын теңгені әкел бері! - деп айқайлады.
– Ол менде жоқ, - деді Жұлдыз бала.
– Жоқ деймісің! - деп сиқыршы ызалана айқайлап, оны төпелеп ұра бастады.
Содан кейін ол баланың алдына бос үстелше, оның үстіне құр тостаған қойып: «Мынаны ішіп-же!» - деді де, оны қайтадан зынданға жауып тастады.
Таңертең ерте сиқыршы зынданға келіп, жүзігін үстелге ашулы күйде тарсылдатып соғып:
– Егер бүгін маған сары алтын теңгені тауып әкелмесең, сені аса қатігездікпен жазалайтын боламын. Саған үш жүз қамшы дүре соғамын, - деді.
Ол Жұлдыз баланы зынданнан шығарып, қақпаға дейін ертіп апарып, сыртқа қоя берді.
Жұлдыз бала тағы да орманға барып, сары алтын теңгені іздеуге кірісті. Бүтін күнін жоқ іздеумен өткізді, бірақ таба алмады.
Кешке қарай орман жиегіне шығып, отыра қалып жылай бастады.
– Неге жылап отырсың? - деді кенет жанына жетіп келген қоян.
– Мен бүгін күні бойы сары алтын теңгені іздедім, бірақ оны еш жерден таппадым, - деді Жұлдыз бала. – Енді қожайыным мені қатты сабайтын болды, өйткені мен – оның құлымын, берілген тапсырмасын орындай алмадым.
– Ер, соңымнан! - деді Қоян. Ол Жұлдыз баланы орман ішіндегі бұлаққа бастап ертіп келді.
– Мұнда, - деді ол, – бұлақтың түбінде, тастың жанында сары алтын теңге жатыр.
– Саған алғысымды қалай айтып жеткізерімді білмей тұрмын! - деп қуана айқайлап жіберді Жұлдыз бала.
– Бірақ алғаш аяушылық жасаған өзің едің ғой, – деді де қоян көзден таса болды.
Жұлдыз бала бұлақ түбінен сары алтын теңгені алды да, қалаға қарай асықты. Қақпаға жақындағанда, кешегі алапес тағы да қолын созып:
– Аштан өлейін деп тұрмын, маған ақша берші! - деді.
– Менде тек сары алтыннан жасалған бір теңге ғана бар. Егер оны қожайыныма бермесем, ол мені құлы ретінде қатал жазалайтын болады, - деді Жұлдыз бала.
Алапес тағы да жалбарынып, теңгені өзіне беруін өтінді. Жұлдыз бала бұл жолы да оның өтінішін кері қайтара алмай, сары алтын теңгені бере салды.
Бұл кезде сиқыршы Жұлдыз баланы әлдеқашан бақтың қақпасы алдында күтіп отырған. Балаға есікті ашты да, зәрлі дауыспен:
– Сары алтын теңгені әкелдің бе? - деп сұрады.
– Жоқ, - деді Жұлдыз бала.
Мұны естіген сиқыршы оны ұстап алды да, ұрып-соға бастады. Содан кейін қайтадан зынданға тастап, қақпағын ауыр темір шынжырлармен бастырды.
Ол таңертең ерте зынданға келіп, Жұлдыз балаға:
– Бүгін қызыл алтын теңгені тауып әкелетін боласың. Егер менің осы айтқанымды орындасаң, сені босатамын. Ал орындамасаң, сені өлтіремін! - деді.
Орманға барған Жұлдыз бала таңнан кешке дейін қызыл алтын теңгені іздеді, бірақ тағы да таба алмады. Әбден шаршап-шалдыққан ол жылап-еңіреп жерге құлап түсті.
Осы кезде тағы да қоян пайда болып:
– Неге жылап отырсың? - деп сұрады.
– Қызыл алтын теңгені еш жерден таба алар емеспін, - деді көз жасы көл болған Жұлдыз бала.
– Осы жерден кері бұрыл… Анау көрінген сайдан қызыл алтын теңгені табасың. Жылама, көңілді бол, - деді қоян.
– Саған ризашылығымды қалай білдірерімді білмей тұрмын! Сен маған осымен үшінші рет көмектесіп тұрсың, - деп қуана айқай салды Жұлдыз бала.
– Алдымен маған жанашырлық білдірген – өзің едің ғой, - деді де қоян жүгіре жөнелді.
Жұлдыз бала қоян айтқан сайға барып, қызыл алтын теңгені оп-оңай тауып алды.
Қала қақпасына жақындағанда, алапес одан тағы да ақша сұрап:
– Аштан өлейін деп тұрмын, маған ақша берші! - деді.
Жұлдыз бала алғашында теңгені беруден бас тартқанымен, аздан соң алапестің жалынышты үніне шыдамай, қызыл алтын теңгесін де бере салды.
– Сен бұл ақшаға менен гөрі көп мұқтажсың, - деді де, ауыр күрсініп, қалаға қарай жүріп кетті.
«Енді сиқыршы мені өлтіретін болды», - деп ойлады ол.
Жұлдыз бала қаланың басты мұнарасына жақындағанда, оны әскери күзет күтіп алып, құрмет-қошемет көрсетті. Сөйткенше қала халқы да жинала бастады.
– Біздің мырзамыз қандай көркем! Бұл әлемде одан асқан адам жоқ! - деп айқайлады халық.
Жұлдыз бала бұл іс-әрекеттің бәріне таңырқай қарап, іштей мұңайып: «Олар менің ұсқынсыз түрімді күлкі етіп тұр ғой», - деп ойлады.
Халық уақыт өткен сайын көбейе түсті. Қалың нөпірден қашып құтылғысы келіп, бала патша сарайы орналасқан Патша алаңына қарай бұрылды. Сөйтіп ол алаңға жете бергенде, сарайдың қақпасы ашылып, одан дін қызметшілері мен жоғары санатты шенеуніктер шықты. Олар Жұлдыз баланың қарсы алдына келіп құрметпен иіліп:
– Сіз біздің патшамыздың ұлысыз, біз сізді салтанатпен қарсы алуға шығып тұрмыз, - деді.
Бұған таң-тамаша болған Жұлдыз бала:
– Сіздер қателесіп тұрсыздар. Мен – патшаның баласы емес, кедейдің ұлымын. Мен сұлу емеспін, керісінше, соншалықты ұсқынсызбын! - деді.
Сонда жасақ басшысы алға шығып:
– Ұлы мәртебелім, сіз сондай сұлусыз, оны ешқандай жоққа шығара алмайсыз, - деді.
Жұлдыз бала өзінің бейнесін көру үшін оның алтын жалатылып айнадай жарқыраған дулығасына жақындап келіп үңіліп қарап еді: расымен қайтадан өзінің бұрынғы сұлулығына ие болғанын көрді. Тек бұрынғыдан көз жанары ғана өзгеше еді: екі көзінде бұрынғыдай тәкаппарлық пен қатігездіктің оты мүлде жоқ, жаңаша бір нұр пайда болыпты.
Дін қызметшілері мен шенеуніктер оның алдында тізе бүгіп:
– Біздің патшамыз қартайды. Сондықтан ол сізге мына тәж бен асатаяқты тапсырады. Осыларды қабылдап алып, біздің патшамыз боласыз. Әділдік пен мейірім серігіңіз болсын! - деді.
– Бірақ мен патша болуға лайық емеспін: анамды қатты ренжіттім, алдымен оны тауып, кешірім сұрауға тиіспін! - деп жауап қатты сонда Жұлдыз бала.
Сөйтіп ол кері бұрылып, бұл жерден шығып кетіп қалмақ болды. Кенет халыққа көзі түскенде ол көптің арасынан өзінің анасын – кедей әйелді көрді. Қасында әлгі қайыршы алапес тұр екен. Қуаныштан айқайлап жіберген Жұлдыз бала анасына қарай жүгірді. Анасына келіп, оның тізесін құша жығылып, аяғындағы жарақаттарды сүйді.
– Кешір мені, анашым! Ақымақ, тәкаппар кезімде сені қабылдамай, кері итердім. Қазір мені мынау қор болған, қорланған күйімде қабылдағайсың! Маған өзге ештеңе емес, сенің аналық махаббатың ғана керек. Менің сол кездегі өзіңді соншалықты жек көрген қылығымды ұмытшы, балаңнан бас тарта көрмеші, анашым! - деп ол еңіреп жылады.
Кедей әйел үнсіз тыңдап тұра берді.
Жұлдыз бала жанындағы алапеске бұрылып:
– Сені үш рет аяп қол ұшын созып едім ғой. Бір рет болса да, мені аясын деп анамнан мен үшін кешірім сұрашы, - деп жалынды.
Бірақ алапес те үн-түнсіз қарап тұрды.
Жұлдыз бала бұрынғыдан да қатты еңіреп жылап, анасына бұрылып:
– Анашым, бойымдағы күш-жігерім жан азабыма төтеп беретін емес. Кешірші, мені, сол істеген қылығым үшін тағы да дүниені кезіп кетуге бармын, - деді.
Сонда кедей әйел қолын оның төбесіне қойып, бәсең үнмен:
– Тұр, орныңнан! - деді.
– Тұр, орныңнан! - деді алапес те.
Жұлдыз бала орнынан тұрып, анасына бір, алапеске бір қарады. Олардың орнында патша мен патшайым тұр еді!
Патшайым алапестен патшаға айналған адамды нұсқап:
– Бұл – сенің әкең. Сенің теңге беріп көмек көрсетіп жүрген адамың – әкең болатын, - деді.
Ал патша қайыршыдан патшайымға өзгерген әйелді нұсқап:
– Бұл – сенің анаң. Сен жаңа оның жараларын сүйдің ғой! - деді.
Патша мен патшайым Жұлдыз баланы құшақтай алып, сағыныштары басылғанша сүйді. Содан кейін барлығы сарайға бет алды.
Сарайда Жұлдыз балаға ең жақсы киімдер кигізіп, оны патша болдырып таққа отырғызды. Сөйтіп ол бұдан былай қаланы билей бастады.
Патша ретінде ол мейірімді де, әділ әмірші болды. Қатігез сиқыршыны елден қуып жіберді. Өзін асырап-сақтап өсірген отыншы мен оның әйелін сый-сыяпатқа бөледі, олардың балаларын сарай қызметіне алды.
Жас патша қатігездікті қатты жек көретін. Ол өз халқын әрқашан сүйіспеншілік пен мейірімділікке үйретті. Елдегі әрбір кедей патшаның тікелей өзіне келіп, көмек сұрай алатын еді. Жас патша бәріне көмектесті: аш-жалаңаштарға тамақ пен киім берді. Осылайша осы елде бейбіт өмір салтанат құрды.
Бірақ жас патшаның бұл мамыражай билігі ұзаққа созылмады. Өткен өмірінің қателіктері үнемі жанын жеп, іштей қиналып азап шегумен болды. Қиналған адамдарды көргенде, патша олармен қоса қиналатын. Ақыры жанын жеген ауыр азапқа шыдай алмай, үш жылдан соң патша өмірден өтті.
