Ертеде бір күміс тиын болыпты. Жаңадан соғылып шыққан, бет-бедері айнадай жалтырған, кіршіксіз тап-таза күміс тиын:
– Алақай! Енді мынау кең-байтақ әлемді армансыз түгел шарлайтын боламын! – деп шаттана сыңғырлап, домалай шоршып өзінің ұзақ сапарын бастапты.
Ең әуелі бір балақай оны жып-жылы алақанына салып, аялай қысыпты. Одан соң бір сараң адамның сұп-суық тер басқан саусағына сығымдалыпты. Тиын жасы үлкен кісілердің қолына түскенде, олар мұны екі бетіне аударып-төңкеріп қызықтап қарайтын, ал жастардың қолына түскенде, олар тиынды қырымен тұрғызып, домалата шертіп жіберетін. Бұл тиын – құрамында мыстың мөлшері өте аз, саф күмістен соғылған ақша болатын. Осылайша ол өзін соғып айналымға жіберген елдің ішінде бір жыл бойы қолдан қолға өтіп сапарлаумен болды. Бір күні оның шетелге сапары басталды. Ол жат елде жүрген азаматтың әмиянындағы туған елдің ең соңғы тиыны еді. Әмиянының ішін қарманып әлдеқалай қолына іліктіргенге дейін, бұл тиынның барын саяхатшының өзі де білмеген еді.
– Оһо, мынаны қара! Әмиянымда өз елімнің тиын ақшасы әлі бар екен ғой! – деп қуанды ол. – Жарайды, ендеше, бұл тиын өзіммен бірге әлемді шарлайтын болады!
Иесі осыны айтып өзін әмиянның ішінде сүңгіткен кезде тиын қуаныштан сыңғырлай шоршыды. Әмиянның ішінде шетелдік тиындардың арасында жатуға тура келді: олар бірінен соң бірі келіп, үнемі орын ауыстырып жататын. Ал біздің тиын болса, әмиянның түбінде еш қозғалмастан қала беретін. Бұл да болса, оның өзгелермен салыстырғандағы ерекшелігі еді.

Осылайша бірнеше апта өтті. Тиын туған елінен өте алысқа кетті, тіпті қай жерде жүргенін өзі де білмейтін. Жанына келіп түсетін көршілерінен ғана олардың француздық, итальяндық екендерін, қазіргі күні ана қалада, мына қалада жүргендері туралы ғана еститін. Тиынның сыртқы әлем жайлы ешқандай түсінігі жоқ еді. Үнемі әмиянның ішінде жатқан соң, сырттағы өмірді қайдан көрсін!
Бір күні күміс тиын әмиянның ауызы ашық екенін байқапты. Тиынды әуестік жеңіп, кең дүниені аралап көрмек болып саңылаудан сырғып түсіп қалды. Бұл әуесқойлығы өзіне сор болып жабысатынын білсе, мұндай әрекетке бармаған да болар еді. Тиын әмияннан шалбардың қалтасының түбіне сырғып түсті. Кешке таман әмиянды алған кезде, тиын сол қалтаның түбінде қала берді. Қағып тазалау үшін шалбарды дәлізге шығарғанда, тиынның қалтадан еденге құлап түскенін ешкім аңғармады. Сылдыр еткен дыбысты да ешкім естіген жоқ.
Таңертең киімдерді қайтадан бөлмеге алып кірді. Саяхатшы киініп алды да, ұзақ жолға аттанды. Ал тиын еденде қала берді. Көп ұзамай тиынды еденнен тауып алғаннан кейін, оны жаңа сапар жолы күтіп тұрған еді. Ол бейтаныс үш тиынмен бірге жатқан еді.
«Қандай керемет! Мен тағы да дүниені кезіп саяхаттайтын болдым! Жаңа адамдарды көремін, ерекше салт-дәстүрлерді кездестіретін боламын!» - деп ойлады тиын.
Осыны ойлап үлгергенше ол:
– Мынау қандай тиын өзі? - деген әлдекімнің ашулы үні естілді. – Бұл айналымға жарамайтын ақша ғой? Бұл жалған тиын! Ешқайда жарамайды!
Міне, дәл осы сәттен бастап тиын өмірінің төмендегі өзі баяндап берген бейнетті кезеңі басталды.
– Бұл жалған тиын! Ешқайда жарамайды! - деген сөздер мені қақ ортадан бөлшектеп тастағандай сезілді! - деп кейін еске алады тиын. – Мен өзімнің таза күмістен жасалғанымды, сапалы, көркем бейнелі соғылғанымды, үнімнің сыңғырлаған жағымды екенін жақсы білемін ғой! Бұл адамдар шынымен де жаңылып тұрғаны анық. Мені бағалай білсе, олай айтпаған болар еді ғой!
Олар расымен де мен туралы айтып тұрған еді! Ештеңеге жарамайтын жалған тиын деп олар мені нұсқап көрсетіп тұрды! «Жарайды, оқасы жоқ, мен оны ала көлеңке уақытта басқа біреуге өткізіп жіберемін!» - деді, бүгін маған ие болып тұрған адам. Ол шынымен солай істеді де. Ала көлеңкеде алданып ие болған адамдар мені күндізгі жарықта көре сала: «Бұл жалған тиын! Ешқайда жарамайды!», «Тезірек өткізіп құтылу керек!» - деп ашуланып, балағаттап жататын болды.

Әр жолы мені жергілікті тиындармен араластырып жіберіп, келесі біреуге өткізген сайын мен байғұс ұят пен қорқыныштан дірілдеп кететін едім.
– Япырай, мен неткен сорлы тиын едім! Мұнда ештеңеге жарамасам, менің таза күмістен жасалғанымның, қадір-қасиетімнің, бедерімнің әдемі соғылғандығының не қажеті, мән-мағынасы бар? Адамдар әу баста сені қалай қабылдаса, соңына дейін солай болып қала бересің! Ар-ұжданың таза болмаса, арам жолмен алға ұмтылудың қандай қиын екенін ойлашы – мен кінәсіз болсам да, тек кінәлі болып көрінгенім үшін осынша қиналумен болдым!
Қолдан қолға өткен сайын, өзім жайында туындайтын жиіркенішті көзқарастан имене дірілдейтінмін: өйткені қазір мені бірден шетке ысырып тастайтынын, тап бір алаяқтай қабылдап, лақтырып жіберетіндерін білемін ғой!
Сөйтіп жүргенде мен бір кедей әйелдің қолына түстім. Ол мен күні бойы істеген ауыр жұмысының ақысы ретінде алған еді. Әйел мені өткізіп жібермек болып қаншама тырысса да, ешкім алмады. Кедей сорлыға мен нағыз сор болып жабыстым.
«Амал жоқ, енді менің де біреуді алдауыма тура келеді! - деді кедей әйел. - Мен сияқты жоқшылықтың тауқыметін тартқан кедейге мұндай жалған ақшаны сақтаудың не қажеті бар! Мұны ептеп бай наубайшыға ұстатып жіберейін. Ол бұдан кедей болып қалмас! Бірақ қалай болғанда да бұл дұрыс емес! Дұрыс емес болса да, амал жоқ!»
Әйел осы ойға бекініп бай наубайшыға барған еді. Бірақ наубайшы айналымдағы тиындардың қыр-сырын өте жақсы білетін қу екен. Наубайшы мені қолына ұстап көрді де, тура кедей әйелдің бетіне лақтырды. Осылайша кедей әйелдің әмиянында тағы да біраз уақыт жатуыма тура келді: Менің кесірімнен әйелдің нансыз аш қалғанына қатты қапаландым. Біреудің бейнет-соры үшін соғылғаныңды сезіну – қандай қасірет десеңші! Күні кеше ғана өзімнің соғылған бедер-бейнеме, сыңғырлаған үніме риза әрі өзіме сенімді, күш қуатты тиын едім ғой! Ешкім иеленгісі келмейтін кез келген тиын қалай торықса, мен де дәл солай көңілім жүдеп, қатты құлазыдым. Кедей әйел мені үйге қайтадан алып келді де, маған мейірлене қарап отырып былай деді: «Енді сені ұсынып ешкімді алдағым келмейді! Одан да мен сені тесіп қояйын. Сонда сенің жалған тиын екеніңді бәрі біліп жүретін болады. Әй, бірақ... Тоқтай тұр, менің басыма бір ой келіп тұр: мүмкін сен адамға бақыт әкелетін тиын шығарсың? Дәл таптым! Сені тесіп, бау өткізіп, жақсы ниетіммен көршінің кішкентай қызының мойнына тағып берейін!»
Сөйтіп әйел мені тесті. Бұл тесік тескені аса ұнамды болмағанымен, ниеті ізгі болған соң, онысына шыдауға тура келеді. Тесіктен бау өткізіп қойған кезде, медальге ұқсап шыға келдім. Мені жас сәбидің мойнына тағып қойды. Сәби мен көргенде қуана күлімсіреп, сүйіп-сүйіп алды. Сөйтіп осы түнді сәбидің жып-жылы, пәк құшағында өткіздім.
Таңертең қыздың анасы мені қолына алып, әлдебір қалың ойға батқан қалыпта қарап тұрды. Ол ойы да бірден белгілі болды: қолына қайшы алды да, менің бауымды қиды да тастады.
«Бақытты тиын!» - дей ме, тексеріп көреміз оны да!» - деді де, әйел мені қышқылға мала салды. Қышқылға батырған кезде жап-жасыл түске ендім, сосын тесікті тегістеп, біраз тазалаған болды да, бақытты билет сатып алуға шықты. Ала көлеңкеде мені өткізіп жіберу үшін ұтыс билеттерін сатушыға келді.
Ойпырай, мен үшін бұл да қандай ауыр сынақ болды десеңізші! Қысқышқа салып екіге бөліп жатқандай қиналдым! Қазір-ақ оның: «Бұл жалған тиын!» - деп айқай салатынын, жазуы мен бедерін мақтан етіп жатқан өзге жергілікті тиындардың алдында мені масқаралайтынын жақсы білемін ғой!
Бірақ бұл жолы олай болмады! Мен өтіп кеттім! Дүкен іші ығы-жығы, адам көп, сатушының маған зер салып қарауына мүмкіндігі де жоқ болғандықтан шығар, мені түсім ретінде қабылдады да, басқа тиындардың арасына лақтыра салды. Әлгі әйелдің мені беріп сатып алған билеті ұтысқа шықты ма, жоқ па, одан хабарым жоқ. Менің білетінім – ертең-ақ мені көре сала жалған деп танып, шетке іріктеп алып қойып, қайтадан өзгелерді алдауға жіберілетінім еді!
Ал бұл жағдай – адалдықты жаны сүйетін мен үшін мүлде төзгісіз хал еді. Басқасы басқа, осы қасиетімді ешкім тартып ала алмайды ғой! Осылайша мен бір жылдан астам уақыт бойы қолдан қолға өтіп, өлкеден өлкені кезумен болдым. Және барлығы да мені қолына түсіргеніне қатты ашуланып, балағаттап жататын. Ешкім маған сенбеді, мен де өзіме, жалпы бұл жалған дүниеге сенуден қалдым. Мен үшін бұл бір өте ауыр кезең болды!
Сөйтіп жүргенде, бір күні баяғы саяхатшының қолына тап болдым. Әдеттегідей оған да мені байқатпай қыстырып жіберді, бірақ ол мені айналымдағы шынайы ақша ретінде қабылдап алғандай болды.
Саяхатшы есеп айырысу үшін мені өзге біреуге беріп жатқанда: ««Жалған ақша!», «Бұл ешқайда жарамайды!» - деген үйреншікті айқайды естідім. «Маған нағыз ақша ретінде берген еді ғой!» - деп жауап қатқан саяхатшы маған зер сала қарады. Кенет оның жүзінде таңдана жымиыс пайда болды. Мені көргенде мұндай қуанышты кейіпке ену – осыған дейін ешқашан болмаған жағдай еді!
«Жоқ, ол не дегенің!» - деді ол. – Бұл – біздің ақшамыз, менің отанымның тым жақсы, тым шынайы күміс тиыны! Мұны тесіп қойғанына бола сіз жалған деп сенімсіздік танытпақсыз ба! Бұл бір қызық жағдай болды-ау! Сені аялап сақтап, еліме өзіммен бірге ала кететін боламын!»

Осы сөзді естігенде қуанғанымды айтпаңыз! Мені қайтадан жақсы ақша, шынайы күміс тиын деп атағанын естідім. Мені еліме алып кеткісі келеді. Ал ол жақта менің таза ақ күмістен соғылғанымды, бедерім де шынайы екенін әркім біледі және бағалайтын болады. Осыны ойлағанда қуаныштан ұшқын шашар едім, бірақ бұл менің табиғатыма жат. Ұшқынды күміс емес, болат шашады ғой.
Саяхатшы өзге тиындармен араластырып жоғалтып алмас үшін мені жұп-жұқа ақ қағазға орады. Тек салтанатты жағдайларда, жерлестермен кездесулерде ғана шығарып, орауды жазатын. Сол кезде барлығы өзара мен туралы тек тамаша жақсы сөздер айтатын. Барлығы да менің өте тартымды тиын екенімді айтысып, мақтап жататын. Бір ауыз сөз айтпай-ақ тартымды бола алатының қызық та екен!
Сөйтіп ақыры мен өз отаныма оралдым! Бейнеттің бәрі артта қалып, өз елімдегі бақытты өмірім басталды. Жалған тиын деп санап тесіп тастағанымен, таза күмістен жасалған, шынайы соғылған тиын болғандықтан, маған соншалықты зақым келген жоқ. Шынымен де шынайы болсаң, бәрібір мойындатарың анық қой! Иә, бәріне сабыр керек: уақыт өте бәрі де реттеледі! Мен осыған анық сенемін! - деп күміс тиын өз әңгімесін аяқтады.
