Елімізде «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының кітапханалық қауымдастығының ұйымдастыруымен жылма-жыл өткізіліп келе жатқаны белгілі. Бұған дейін жоба 19 рет ұйымдастырылып, республика көлемінде 100 мыңнан астам мәдени-рухани іс-шара өткізілген екен. Осы акция аясында дәстүрлі оқырман кездесулері, әдеби кештер, көрмелермен қатар, заманауи форматтағы виртуалды көрмелер, арнайы сайттар, онлайн-челлендждер мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып, миллионнан астам аудитория қамтылды.

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының қорытындысы және осы жылы акция аясында оқитын кітапты таңдау арналған отырыс өтті. Комиссия мүшелері болып 23 адам таңдалған болса, оның 8-і онлайн негізде қатысты. Олардың қатарында ҚР Ұлттық кітапханасының басшысы Ғазиза Нұрғалиева, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасының директоры Асхат Байұзақов, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Мерей Қарт, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Қуаныш Оспанов, әл-Фараби қалалық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Анар Жапарқұлова, Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова, Ы. Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапханасының директоры Надежда Теплякова бар.
Офлайн және онлайн форматтағы жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп төрағалық етті.

Биылғы ережеде төрт өзгеріс бар
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Күміс Сейітова «Бір ел – бір кітап» акциясының қалыптасу жолына кеңінен тоқталып, оның қоғамның рухани өміріндегі айрықша маңызын атап, сонымен бірге өзгерістер жайлы да айтып өтті.

- Акцияны ұйымдастыру және өткізу тетіктерін жетілдіру мақсатында биыл ережеге бірқатар түзетулерді енгіуді жөн көрдік. Бұл ұсыныстар алдын ала комиссия мүшелерімен келісілді. Олардың ішіндегі ең маңызды және концептуалды 4 өзгерісті атап өткім келеді: Бірінші, өткен жылдары, акция аясында бірнеше кітапты қатар таңдау тәжірибесі қолданылған. Бұл шешімдер, кезінде, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларының барлығы да оқуға лайық екендігін ескере отырып, оқырман аудиториясын, әсіpece, жастарды кеңінен қамту мақсатында қабылданған болатын.Сонымен қатар, «Бір ел бір кітап» атауын және жалпы жобаның миссиясын ескере отырып, «Бір ел бір кітап» акция аясында бір ғана автордың шығармасы таңдалады» деген өзгеріс енгізілді. Екіншіден, жалпыхалықтық оқу акциясына бірнеше авторлар екі түрлі шығармаларымен екі рет таңдалған екен. (мысалы Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев, Жұмекен Нәжімеденов екі реттен таңдалған). Әрине бұл құптарлық жағдай. Алайда, акцияның басты мақсаты оқырманды автордың үздік шығармасымен таныстыру. Одан әрі оқырман өзінің тандауымен сүйікті авторының басқа да шығармаларын оқи береді деген сенімдеміз. Ал, негізінде әдебиетімізде көрнекті ақын-жазушыларымыз да, керемет шығармаларымыз да баршылық болғандықтан, «Жалпыхалықтық оқу акциясына бір автор бір рет қана таңдалады» деген нормамен толықтырдық.
Үшінші маңызды түзету Комиссия мүшелеріне қатысты. «Арнайы құрылған комиссия мүшелерінің туындылары акцияға ұсынылмайды» деген өзгеріс енгізілді.
Төртіншіден. Ұйымдастыру комитеті алдын жалпыхалықтық оқуға сауалнама жүргізетіні жөнінде және Комиссия осы сауалнаманың қорытындылары негізінде ұсынылған авторлардың арасынан ғана таңдап бірін бекітетіні жөніндегі түзету қарастырылды.

Мета-көрменің кереметі
Кітапхана басшысының айтуынша, «Бір ел бір кітап» акциясына арналған мета-көрмеге әлемнің кез келген жерінен кіруге болады. Ол интерактивті түрде жасалған, яғни көрермен қызығып қарап, белсенді қатыса алады. Мұнда тіпті бірнеше оқырман арнайы пікір алмаса алатын хабарламалық алаң да бар және ерекшелігі әлемнің кез келген жерінен оқырманға қолжетімді. Мұнда 2007 жылдан басталған авторлар мен олардың шыармалары бар. Арнайы QR код арқылы бірден казнэб.кз кітапханасына өтіп оқи алады! на таңдап бірін бекітетіні жөніндегі түзету қарастырылды.
Тоғыз автор іріктелген
Қазақ әдебиетін жүйелі түрде насихаттауды, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, ұлттық әдеби мұраны зерттеуге мүмкіндік жасайтын, сондай-ақ өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуын қамтамасыз етіп, ана тіліне деген құрметін арттыруды көздейтін жоба аясында 2025 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ақын Жұмекен Нәжімеденовтің және көрнекті прозаик Тәкен Әлімқұловтың шығармалары ел көлемінде оқылғаны көзі қарақты жандарға белгілі.
Ал биыл 20-шы рет өткен жыл кітабын таңдау жұмысы екі кезең бойынша жүргізілді:
Бірінші кезеңде республикалық және өңірлік кітапханалар арасында сауалнама жүргізіліп, оқырман сұранысы мен ұсыныстары негізінде алдын ала кітаптар тізімі жасалған болса, екінші кезеңде Ұйымдастыру комитетінің отырысында ұсынылған тізім ішінен жыл кітабы бекітілді.
Алдын ала іріктеліп ұсынылған таңдаулы шығармалардың тізімі төмендегідей болды:
1. Қабдеш Жұмаділов - «Тағдыр»
2. Кеңшілік Мырзабеков - «Дәуір – дастан»
3. Медеу Сәрсеке - «Жаңғырық»
4. Қастек Баянбай шығармалары
5. Олжас Сүлейменов - өлеңдер мен поэмалар
6. Таласбек Әсемқұлов - «Талтүс»
7. Светқали Нұржан - «Ай таранған түн»
8. Ғалымбек Елубай - «Жүз жетінші көктем»
9. Әлеуметтік желідегі оқырмандардың таңдауы: Қадыр Мырза Әли шығармалары


Отырыста қандай ұсыныстар айтылды?
Ақын-жазушылар, журналистер мен Қазақстанның кітапханалары басшыларынан құралған комиссия мүшелері ел болып оқылатын кітапты жабық дауыс беру арқылы анықтады. Дауыс бере келгенде екі автордың шығармасы: өмірден ерте кеткен, соңына анық көркем дүние қалдырған Ғалымбек Елубайдың «Жүз жетінші көктем» кітабы мен елге белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің кітабы бірдей дауыс жинады, озық шығарма жаза алса да, ешқашан не сыйлыққа, не басқалай құрметке ие болып көрмеген жас жазушыға басымдық берер деп күткеніміз рас еді. Жасы үлкен адамдар таңдауларын Қабдеш Жұмаділовке жасады. Әрине, бұл шешімге қарсы өз пікірлерін білдіргендер де болды. Мысалы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ ПЕН клубының мүшесі Бауыржан Қарағызұлы: «Өмірден ерте кеткен, жас кеткен, жалғыз ғана жүріп, әдебиет ортасына түспеген, прозаға көп өзгеріс әкелген Ғалымбек Елубайды таңдауға ұсынамын! Ұлт болып оқиық!», дегеніне ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп: «Жоқ, талап пен ережеге сай өзгерте алмаймыз!» деп жауап қайырды.
Сондай-ақ, ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлының: «Мен де Ғалымбек Елубайды қолдап едім. Соңғы шешімді комиссия төрағасы өзіңіз қабылдайсыз. Өтінішім я ұсынысым дейінші, Ғалымбек небәрі 39 жасында дүниеден озды. Ерте кетті, өте өкінішті. Оның тартпасында басылмай қалған, баспа бетін көрмеген еңбектері мен үлкені 4-5-ші сыныпта оқитын төрт баласы қалды. Кітабын қайта дұрыстап шығарып, балаларына, отбасына қаламақы алуына ықпал етсек?! Мемлекеттік бағдарламаға ұсыналық! Тым құрыса, аруағы риза болсын!» дегеніне Н.Жүсіптің жауабы былай болды: «Уақытында А. Байтұрсыноа, Б. Соқпақбаев, Т. Әлімқұлов, Ж. Нәжімеденов таңдалған. Ғалымбек өмірден ерте кеткендігін, бәрін де жақсы түсінеміз! Бізде екі автор да 5 дауыстан жинап тең тұр. Ғалымбекті де қолдауға болады, бірақ Қабдеш Жұмаділовті оқуымыз қажет. Қастек Баянбай секілді талай аты аталмай, тарихта қалмаған авторлар бар. Қаншама балалар әдебиетінде қосқан үлесі мол. Бірақ, біз Қабдеш Жұмаділовті оқуымыз қажет. Ғалымбекті жоққа шығару емес, шықпаған еңбектерін салалық министрлікке арнайы хатпен шығып, жазуға даярлайық!».
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Қуаныш Оспанов та өз ұсынысын білдірді:
- Менің ұсынысым бар, екі авторға берілген дауыс 5x5 болып шықты. Қабдеш Жұмаділов уақытында мемлекеттік сыйлықты алды ғой, ұлт та, ел де таниды. Ешбірінен кем де емес. Екеуін де ұсынайық!
Нұртөре Жүсіп:
- Заң қабылданды, бір тәртіп, ережемен бір ғана автор таңдалды! Ереже мен тәртіп болсын!
Жазушы, сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Амангелді Кеңшілікұлы:
– Мұнда менің де әкем бар. Небәрі 42 жасында қайтып кетті. Соғыста аты алмай қалған қаншама жандар кетті. Ұсынылмаған авторлар қаншама? Ережеге бағынайық! Созбастан осы автормен тоқтайық!
Сонымен Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» атты тарихи романы таңдалып, 2026 жылы бүкіл ел болып осы туындыны бірге оқитын болды. «Бұл таңдау – тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық рухты тереңдетуге бағытталған ортақ шешім», – деді комиссия төрағасы Нұртөре Байтілесұлы.

Фото: ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
