Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қабілет Бәделхан: Еңбектеп жүріп ел басқарғандар...

13.06.2016 4749

Қабілет Бәделхан: Еңбектеп жүріп ел басқарғандар

Қабілет Бәделхан: Еңбектеп жүріп ел басқарғандар - adebiportal.kz

 

I

 

Балалықтағы билік


 

 

Қабілет Бәделхан Еңбектеп жүріп ел басқарғандар.jpg

Ауыл ересектері тойға аттанғанда кішкентайлары қойға аттанатын. Бірі иен жіберіп теке мүйізін қараса, енді бірі соңынан ере беретін. Қайсыбірі қайыруға шамасы келмей біресе атпен, біресе қоймен әлек болатын. Ақыры екі-үш қора қойды араластырып жіберіп қой мың, ешкі бес жүз үйге оралатын... Міне сондай оқиғалардың бірі Санжардың басында, бірақ бұл әдейі қосты, әрі қой емес ғаскер араластырған еді.


 

Есіктен жарыса енген Ғабит пен Қасиеттің көздері қара ала сырмақтың үстін ғаскерге толтырып тастап ортасында отырған төрт жасар інілері Санжарға түсті. Екеуі екі жақтан ақырып өз- өз ғаскерлерін іріктей бастады. Оған қыңқ еткен Санжар жоқ, орында қалғаны менікі дегендей отыра берді. Басын байласа да бірікпейтін үш ұлысты қосқан уақыты баянсыз боп қалғанына налитын сияқты. Оның бірі Қазақ хандығы ханы Абылай, келесісі Абақ Керей жасағынан құралған кіші қазақ хандығы. Ханы - Көгадай, бұл екеуіннің басы біріккенімен де, үшінші мемлекетті қосу мүмкін емес еді. Себебі ол өздері «қалмақ» деп атайтын Жоңғария. Бұл үш атауды үш жүз боп соғысып ойнап жүргенін көріп аналары қойып берген еді. Көгадай ұлысынның иесі – Санжар. Өзіне сай азғантай сарбазы бар. Ал ана екі хандықтың иесі - екеуі кезек. Себебі екеуініңде ғаскер сандары көп, армандары - қазақ хандығын басқарғылары келеді. Сондықтан қайсы бұрын шабуылдайды, сонысы Жоңғария болады.


 

Әр хандықтың өзіне сай таңбасы бар. Санжар тәйкесінен аралайды, Ғабит алшысынан, Қасиет омпысынан. Бұл таңбалардың қайсы бірі жоқ асық таласқа түседі. Сондықтан асық қолына тиді, бітті, таңбалайды.


 

Ал ғаскерді - үйдің асығын кезек алады. Көрші-қолаң, ағайын-туыс, ауыл-ауыл деп және жиыстырады. Осылай сарбаз сандары арта түседі. Арасында жиек бояған апаларын аңдып жүріп соның бояуына асықтарын бір-бір малғызып, бояп та алып жүреді. Міне сол бояу мен таңбалардың көмегімен өз-өз ғаскерлерін бөліп алды. Саны да толық екеніне көздері жетті. Санжар өз сарбаздарын алып көк маяузасына, Ғабит пен Қасиет қара ала сырмақтың екі шетіне жайғаса бастады. Бұлардың өз-өз териториялары бар. Одан бір-бірінің рұқсатынсыз аспайды, әрі сыртқа да шықпайды. Бір-біріннің жеріне өтсе айыпбұл салады, ал сыртта шашылып жатса аналары алып ап, бірер күнге тұтқындайды.


 

 

***


 

 
 


 

Әдетте бұлар қамалын тұрғызып, сарбазын сайлап, ғаскерін реттеп болғанан кейін келісіп, не той жасап, не соғыс бастайтын. Бұл жолы басқаша басталды. Ешкімнің келісуінсіз-ақ өзінің кінәсін жуып-шайғысы келгендей кішпейілділік танытып, кішкентай інілері Санжар шығыс қақпасын айқара ашып, асықтан ақ босаға тұрғызып тастапты. Бұлардың салтында қақпаны айқара ашу; құшағым ашық дегенді, ақ босаға тұрғызу; пейілім ақ дегенді білдіретін. (не кешірім сұрағанда, не қатты қуанғанда, ақтан қада орнататын.) Міне той! Міне шақыру! Шақыру белгісін көзі шалысымен тойға аттанды, үлкен ағасы Ғабит түйесі көп екенін көрсеткісі келгендей екі бірдей ақ атан (сақа) жетектеп апарып інісіне тартуға тартты, кіші ағасы Қасиет те қарап қалмады, сенде түйе болса, менде сиыр көп дегендей інісіне төрт өкіріншік (сиырдың) қорасына қамап берді. Тойдың негізгі мазмұны бұларға белгілі еді, сондықтан не болады, не жүргізіледі, сақадай сай дайындықпен келген. Тойда бас бәйге алу – қай-қайсысының да арманы. Той өзімдікі екен деп Санжар да қарап қалмайды. Ең алғаш болып, той реті бойынша, ат жарыс басталды. Аттар өздері күндік жер деп атайтын, Той иесіннің барлық ғаскерінен (хан, би батырларынан басқа) тізілген және соңына қойдың өкіршігі жалғасқан бұрылыс, әрі ирек жолмен жарысады. Той ережесі былай: әркім екі-екі жүйрігін үкілейді, оны асықтардың артына қатарластырып қояды, содан төрт асықты алады да, кезекпен иіреді. Неше алшы түседі, сонша асық жылжытып отырады, әрі біріңғай төрт түскен жағдайда тәйке, бүге шігеге де бір-бір жылжытады. Егерәкім омпы-сомпы түскен жағдайда, он асық бірақ аттайды. Оны нағыз өрен жүйірік санайды. Үш иіргенде орнынан қозғалмаған ат бәйгеден шығарылады.


 

 

***


 

Әр тойдың өзіне сай салтын да, әр жарыстың өзіндік міндетін де айтқызбай білетін халық бәйгеге дайын. Сонымен әр қайсысынан екі-екіден алты жүйрік, бірді он есеге арттырып айтатын өздері үшін алпыс жүйірік бақ сынаспақ.


 

Әне-міне дегенше шаң да аспанға көтерілді. Бәрініңде алғашқы тебіні қатты. Құйғытып келеді, құйғытып келеді. Тек Қасиеттің көкқасқасы сүрініп кетті. Жүйріктер саны онмен азайып қалды. Оған қынжылатын Қасиетте түр жоқ, есіл-дерті алдын бастаған қаракерінде. Бұл тойды Алла қаласа әлі-ақ бағындырармын дегендей, қарқылдап күліп қояды.


 

Екі мен үште қатар өз аты келе жатқан Санжардың жүрегі дүріс-дүріс етеді, «қашан алдынан өз өрендерім көрінер екен» – деп ол әлек. Ал ағаларынның көңілі баяғыдай. Менің атым қыза шабады жер алыс – деп отырғандай. Жүйіріктер арасы алшақтай түсті. Қырық ат құйғытып келеді. Тебіндері де біршама қайтып қалғандай, тек Ғабиттің қос күреңінің біреуіннің шабысы тентек. Шып-шып тер де жаңа шықты, серігі жаңа сүрінгеннен кейін ашумен баласы қамшыны аямай осып-осып жіберген. Сонда ғана үміт өзінде екенін білгендей адымы ашыла түскен.


 

Халық назары оқшаулана түскен Қасиеттің Қаракерінде. Кейбірі дүрбі тартып, айыра алмай әлек. Кімдікі болса да осы тойда алдына ат салмасына шүбәсіз сеніп отыр.


 

Қасиеттің қуанышында шек жоқ. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Кенет шыққыр көзі Санжардың тойға арнап тізіп қойған тайларына ауды. Өзінің Қаракер тұлпарынан аумайтын қос қаракер тай бұған мөлдіреп қарағандай. Енді сәл шыдасаң ғұмыр бойы сенің белдеуіңде тұрамыз, жал-құйрығымызды тарап, өз қолыңмен тұз жалатасың дегендей. Бұл сөздерді оқысымен екі қолы қалтырап қоя берді. Санжардан өтініп қолға түсіре алмай жүрген қос сұлу тайы ауыз ауыртпай, сөз шығындамай өзі келсе, одан артық бақыт бар ма деген ой астамшылық қоймасына бірақ апарды. Осы ойлармен отырып төрт асықты төрт метр жерге шашып иірді, көзді ашып жұмғанша төртінші ат қатарына шегінді де қалды. Бұл өздерінің ішкі заңдарындағы, пәлен тармағының, түген бабы бойынша еді. (Жол қылып тізген асықтан қанша құлатса, сонша шегінетін). Бұл заңдардың көбінің авторы Ғабитті оқты көзімен бір атып алды. Ендігі мақсат соңына қалмасам игі деп ішінен тынды. Тәмам халықты шулатып кертөбел аттың төбелі айқындала түсті. Маңдайындағы төбелі толған айдай жарқырап, соңында тағы кертұлпар адал тері тамшылап көмбеден көрінді. Халық Санжарды аспанға атты. Қос тұлпардың иесін жерге түсірер емес. Сенің орның жоғары дегендей әуелетіп-әуелетіп лақтырады. Ғабит «әттең-ай» әніне салып отырып қалды. Сәл ұзақ болғанда әуеде өзім жүретін едім деп ойлады. Қасиет басын қасып-қасып, атын жетелеп теріс айналып ол кетті. Өзін нысанада танытпақ болып ішінен тынды...


 

 

***


 

Қабілет Бәделхан Еңбектеп жүріп ел басқарғандар1.jpg 
 


 

Нысана дабылы қағылысымен құралайды көзге атқан мергендер алаңға - орындарына жайғасты. Мергендер саны да алпыс. Ең алғашқысы болып ұрынарға қара таппай тұрған Қасиет атты. Жебе орнында тұрған кішкентай қозы асығын шертіп қалды. Үстінде тұрған нысананы емес, астында тұрған сақасын ұшырды. Бұл кезеңде бәрі де, Қасиеттің ізімен кетті. Тек Ғабиттің асығы нысанаға сәл қағыс тигендіктен, құламай қалды, Келесі кезеңді тағы Қасиет бастады. Бұл жолы да нысанадағы асықты емес, бер жағындағы омпыға тиді. Інісі Санжар да алдыңғы арба ізімен кетті. Ал ағасы басқа жол тапты, өзінен итжейдені бұрын тоздырғандығын көрсетіп, дәл ұшырды. Ептілігі мен мергендігі сонша, жолында тұрған омпы қаз-қалпында қалды, үп еткен жел тимегендіктен әлі орнында. Халық ықыласты қарша боратып, шапалақты нажағайша ойнатты. Қасиеттің қабағынан қарсақ қашып, ит қыңсылады. Бәлем, қазір күресте жамбастарыңды шағармын деп тағы өзіне өз ойын алданыш етті.

 


 

***


 

Мергендер жүлдесі табысталысымен алаң палуанға толды. Тағыда алпыс балуан. Шаң бұрқ етті, бурадай палуандар ар-арасындағы тайлақтай палуандарды аспанға атты. Көзді ашып-жұмғанша ортада отыз палуан қала қалды. Әр ұлыстан он палуан. Алаңда Қасиет пен Санжар палуаны аңдысып жүр. Нысана аяқталғалы Қасиет ешкімге әлі жақ ашпады, тіпті ыржиған да жоқ. Егерәкім біреуге сөйлеп қалса, сол сәтте күші сыртқа шығып кететіндей, үн жоқ, тіл жоқ. Сол райынан қайтпай жүріп қарсыласын жер иіскетті. Әй-шүй жоқ кезегін беріп тұра қалды. Ғабит шертіп қалды, екеуі де бір - біріне сес көрсеткендей алшы түсті. Бұл сынасу палуаннан көрі мергендікке жақын болатын, қалай дегенменде, күш сынасу болғандықтан «палуан» атайтын. Қасиет кезек алысымен мысықша атылды. Өкінішке орай анау алшы, өзі шіге жығылды. Тек бір жамбасын сырмақ жиегі көтергендіктен сәл көтеріңкі. Соны тілге тиек етіп біраз дау туғызып еді, ешкім елемеді. Амал жоқ бұл тойдан құр қайтты, құр қайтқан жоқ соғыс шығара аттанды. «Бәрінің құлағына алтын сырға, мен – Жоңғариямын. Менен сақтаныңдар! Ісім сендермен! Сен, қазақ, сақтан!» - деп Ғабитті нұқыды. «Майданда кездескенше...» -деп қазақ қала берді.

 


 

***


 

Алтын сақа.jpg 
 


 

Халданның сөзіне қазақтың қылшығы да қисаймады, себебі бәріне Абылай хан әзір еді. Үш жүз қашан аттанамыз деп үш сала болып ол тұр. Әрқайсынның алдыңғы қатарында өз-өз билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би билерінен кейін барлық ру-руларынның батырлары, лек-легімен. Ең алдында ханның өзі тұлпар үстінде, екі шетінде екі жырау, Бұқар мен Қожаберген. Қисайғанда сүйеуші, қысылғанда ақылшылары. Ханға қауіп төнсе кеудесін оққа тосатын да солар. Бірақ зәудеғалам болмаса қамалдан жебе асуы мүмкін емес, айнала бірақ сақа, және сиыр өкіріншігімен тұрғызылған. Жау жағына ішінен және қамал тартылады. Одан арғысын уақ мал өкіріншігімен жалғайды. Қамалдың қақ ортасында ханның ордасы тек ғана бір түсті сақадан қаланған. Дәл төрінде аппақ сақа. Ол - алтын тақ, тақтың екі жағын ала тайынша сақалары тәйкесінен тұрғызылған. Олар жыраулар, билер, батырларға арыналған текеметтер. Орда сырты ханның жасауылдары.


 

Соғысқа халқының тең жарымы қатысады. Тек ерлер мен ерте есейген жас батырлар. Қалған жарымы әйелдер мен балалар. Бұлар асықты да ер-әйел деп бөледі. Асық оңқай-солақай болады. Солақайы - еркектер, оңқайы - әйелдер, ал кішкентайлары – балалар. Оңқай асық көзге нәзік әрі кішкентай болады. Солақай асық көзге көлемді қолға толымды, салмағы да біршама ауыр болғандықтан еркек деп атайды. Бұлардың ойынында да, өмірінде де осындай рөлде жүреді.

 


 

***


 

Қамал сыртынан атылған қалмақ жебесі Қыпшақ руының бір сарбазының кеудесіне қадалды. Қақпадан бірінші болып қара қыпшақ Қобыланды шықты ұрандап. Қобыланды қазақ қас батырларынның бірі де, бірегейі. (Бұнда батырлар есімі өз дәуірінде емес, халық жадында сақталғанына қарай атала береді.) Аңызға айналған батырларының барлығы да осында. «Ханның басын хан алар» дегендей Жоңғар ұлысынан Мүлкуатхан батыр атқа қонды. Мүлкуатхан - «Зарқым» жырындағы қалмақ батыры. Әйтеу қалмақ атаулы естіген батырларының барлығы Жоңғар ұлысында. Нелер қасбатырлардың бірі өліп, бірі қалды, Сай-сала денесінен айырылған басқа толды, қан өзен болып ағып, сарбаздар саны күрт азайды. Әсіресе қазақ сарбазының үштен бірі ғана. Ымырт үйіріліп кеткендіктен айқас бір таңға тоқтатылды. (мұндағы бір күн - бір сағат) Екінші «Ақтабан шұбырынды» төндіріп келе жатқан Жоңғарға Абылай хан басқа амал ойлады. Көгадай ханға Бұқар жырауды бас қылып елші аттандырды. Көгадай хан он екі абақтан он екі батырға бас қылып ғаскерінің қырық пайызын жөнелтті. «Ер Жәнібектеп!» ұрандап Абақ-Керей Жоңғарға кезек шапты. Жоңғардың жоны көрініп, жамбасы сынды. Ең соңында сопиып Халдансерен хан жалғыз қалды. Жауының басын қағуға Абылай хан өзі аттанды.


 

Қасиеттің Халдансерен атаған ханы түрі де қалмақтан аумайтын, қаракөк сиямен боялған үлкен еркек қой асығы. Ғабиттің Абылай хан атаған асығы күп-күрең қыр қазағының өзі сияқты көлемі де, кесек. Бірінші болып кезекті Ғабит алды. Көлделең тұрған Қасиеттің қаракөк асығын тұмсығын ала шертіп қалды. Асық айналып келіп алшы түсті, өз асығыда алшы. Бұлар сарбаздарды қатты даярлайтын, барлық асықты тәйкесінен жонып шауып, қалай иірседе алшы түсетіндей етіп табанын текшелейтін. Оның үстіне хан болатын асық, өзі салмақты, өзі теп-тегіс өзі айдай алшы түсуі тиіс. Осылай кезек алмаса берді, талай кезек алды, осал жерін таптым-ау дегенімен де еш шіге түсіре алмады, ұрыс түстен кешке дейін созылды, әбден күн ұясына батар алдында, Халдан аттан құлады. Қазақтар бөркін аспанға атты.


 

ЖЕҢІС! ЖЕҢІС! Той Абылай хан ордасында.


 

Қасиет жеңілгенін мойындап, қырық атан (төрт сақа) айыпбұл төледі. Ғабит Абақ-Керей сарбаздарына он атанымен қоса той шақыруын ұстатып еліне аттандырды. Санжар жасы кіші, сарбаз саны да шамалы болғандықтан үлкен ұрыстарға қатыса бермейді. Көбінде көмек қолын созып, көрермен болады. Тек оқта-текте жүз батырға жүз батыр, он батырға он батыр деген бәс бәсекелеріне қатысып тұрады. Сонда да жеңіске жетуі сирек. Асық ұрысынан қарағанда, ат жарыс, ханталапай, ұтыс, нысана ойындарында алар орны жоғары.


 

Қасиет бүгін оңбай жеңіліске ұшырай берді. Өмір болған соң қуаныш-жұбаныш егіз. Бәлкім келер таң Қасиет үшін тек қуаныш таңы болып атар... Бәрін уақыт көрсетеді. Ертеңгі той өзінің жеңіліс тойы болса да баруға мәжбүр. Жеңілісті жеңіске айналдыру - басында, болған бақыт…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар