Қадырсұлтан Нүсіпқан – жас ақын, балалар әдебиетінің жазушысы. Республикалық байқаулардың жеңімпазы. «Көңіл сыйы», «Суретшінің тілі», «Балалығым-бал тілім» кітаптарының авторы.
Жүрегімде кісінеген күреңім
Мен түсімде көремін,
Ей, сақи күндердің қабылан бас, қаршыға мойын күреңі,
Күн түбіне жортатын Күлтегін сынды түр-өңі.
Қаба жалыңнан бостандық үнін боздатып,
Күрең тамырымдағы от сөйлемдерді қоздатып,
Күрең сағымға ілесіп құйғыңдар!
О, жылқылар, аспанның заузаты ауадай киелім,
Жез тұяғыңнан шашыраған жасыныңды сүйемін.
Қане, жауатын бұлттай түнеріп өтші күркіреп,
Жүрегімде кісене, кеудемнен өт дүркіреп,
Дүбіріңнен сенің оянам.
Мен сендерді сүйемін,
Ей, падауи тірліктің алдына қара салмас кыл жүйрігі,
Бота тірсек, бура сан, күлтеленіп өрілген қыл құйрығы.
Күрең жондардың үстінен шаңды шұбалтып,
Күрең жолдардың өтінен дауылды боратып,
Күрең күндерге ілесіп ызғыңдар!
О, пырақтар, сенің деміңнен жұмақтың исі аңқыған,
Сағына қалсам, егіліп бордай босап көңіл балқыған,
Қане, салқам сауырды бозғыл айға сүйдіріп,
Көре алмаған дұшпанның ішін күйдіріп,
Көсіліп алыс шабыңдар!
Мен сендерді іздеймін,
Ей, ғапыл дүниенің бөкен қабақ, қамыс құлақ пырағы,
Құлын үнім сіңіп барады бозарып құмдарға құлалы.
Күрең белдерде ер-тоқымыңды жастанып,
Күрең шалдардың күпі исіне мастанып,
Күрең сөздің қазанын қайнатсам деп ем.
О, дүлдүлдер, сұңқылдап байғұз сықсия берет сыртымнан,
Сені көрсем іштегі уым төгілер ме? ұртымнан.
Қане, құдиып маған көз салыңдар қырқадан,
Күрең түстерге менде үйірмін бір табан,
Қиқу салдым жырыммен!
Шідерін мұңның үземін,
Ей, тарпаң тағдырым, менде намыс оты лаулаған,
Кісенесе күреңім, күллі әлемді жаулаған.
Оқ алдымнан тиеді кездерім жоқ жасыған,
Атқа онсам арқам дүр аруақтанып тасығам.
Күрең түске боянып, күн түбінде ой кештім,
Күрең күзде оянып, көк тәңірімен сөйлестім.
Беу, жылқылар, сен күрең тарихтың көзінде сақталдың,
Мен күрең кітаптың сөзінде жатталдым.
Сенің күрең күйлерден жаның бар жаралған,
Менің күрең жаңбырдан қаным бар нәр алған.
Уа, недеген ұқсастық, тектілік бұйырған,
Кеудемде көктейді жауқазын боп түйір дән.
Қане, жүрегімде кісенеші, күреңім!
ДОЛАН ЖИРЕН
Атағашта жерді тарпып бұлқынған,
Ауыздығын қарш шайнап жұлқынған.
Әкемеде бір Долан жирен бар еді,
Жанарынан күреңітіп күн туған.
Нағашысы әкеп берген қиырдан,
Маңдайына бақ болды бұл бұйырған.
Жолаушыдай жоқ іздесе жосылып,
Әкем тері кекіліне құйылған.
Ой мен қырға бөрідейін жосатын,
Қамшыны да салдырмайтын осатын.
Қабылан бас, талыс танау жүйрік деп,
Әкем кейде аламанға қосатын.
Топқа түссе, қара үзіп шабатын,
Сан үміттің отын түртіп жағатын.
Салқам төсі жерді сыза көсілсе,
Бәйгесіне атан түйе алатын.
...көңіл қайда? сол бір сәттер мастанған,
Күндер қайда? ер-тоқымын жастанған.
Бұл өмірдің шын есімі – сағыныш,
Жаңбыр болып төгілемін аспаннан.
Жырларымның ағытам деп көгенін,
Қазбаладым өткен өмір дерегін.
Бір әулетті асыраған жануар-ай,
Әкемдей-ақ, беріп кетті керегін.
Көкіректе көктейтұғын көп арман,
Өткен күндер сағымдайын жоғалған.
Әкем де жоқ, Долан да жоқ жанымда,
Мен бір күзбін жапырағы тоналған.
Кентавр
Көзім ілінсе болды түс көремін.
Көкірегіме сарғыш сәулелер құйылып,
Миымның іші аласапыран қайнап жатады.
Маңайыма шұрқырап, Кентаврлар жиылып,
От тұяғымен тұманды шайқап,
Құдайдың тілімен үн қатады.
Сол сәт тыныштық орнайтын.
Оның тілі күй болып естілетін,
Қоңыр ырғақтар тұла бойымды билейтін,
Жүректегі жаралы жазбалар ескіретін,
Құдды өзімнің айнадағы суретімдей,
Ол сондай ып-ыстық боп көрінетін.
Біз шынымен сағынысып қалыппыз.
Таныс үндерге зәру болғандай құлағым,
Көзімнен де күлгін түстер тамшылап,
Келді сол сәт ағыл-тегіл жылағым.
Жо-жоқ, әлсіз болуға хақым жоқ,
Өз-өзімді өлеңіммен қамшылап,
Тектілігімді еске алдым.
Ол мені оқырана иіскеді.
Менің бойымдағы бөтен иістен именді,
Кім маған арсыздық бояуын жаққан?
Кімдер? бір-бірін алдап, сатып жатқан.
Қайран, бақыр бас, күнаға иленді.
Кешір мені, Кентаврым!
Ер қанаты – ат
Сайра, қане, сайгүліктей жыр тілі,
Ер қанаты дейді бабам жылқыны.
Төрт түліктің төресі деп қазағым,
Жылқы мінсе, ұмытар қайғы-азабын.
Қамбар деуші ек, жылқы пірін киелі,
Исі қазақ кіл жүйрігін сүйеді.
Әз аналар «құлыным» дер баласын,
Жылқыменен тапқан талай жарасым.
Ат жақсысын ерден артық бағалап,
Бар түліктен баққан бабам алалап.
Судың тұнық, шөптің беріп сонысын,
Қаракермен қайырлы еткен қонысын.
Жылқыларым жон-арқамда шұрқыра,
Қылқұйрықтың исі бізден бұрқыра.
Басылар ма саған деген сағыныш,
Айқасқалар, айға мені алып ұш.
Арғымақтар, асыр салып дүркіре,
Менің мынау кеудеме кеп бір түне.
Басылар ма саған деген жерігім,
Қубас атым, Құлагерім – серігім!
Ай туғанда
Керім самалға кекілін таратып,
Дүйім жұртты тамсандыра қаратып,
Әкем ылғи оралады есіме,
Ай қасқасын жүре-тұғын жаратып.
Қас-қабағын айға қарап бағатын,
Айды күтіп сарғайтатын тағатын.
Жаңа айы жарық еткенде аспаннан,
Жұлдыздарды жанарына байлап ап,
Қолын жая, күбірлейтін ай қарап;
-«Жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке»,-дейтін,
Қарашығынан бір тамшы жас тайғанап.
Сонда әкем, таудай болды күбірінің күшімен,
Ай қасқада жарқырайды іңірінің ішінен.
Сол сәттерде, тыншып әлем бір ауық,
Байғұздар да зарламайды жылауық.
Өлара сәт үміт жібін байлап-ап,
Ай астында Ай қасқасын аймалап,
Асыл әкем, ұзақ-ұзақ ой кешкен,
Әппақ жалқын ай сәулемен сөйлескен.
Таң алдында көктем исі бұрқырап,
Ат дүбірі естілетін шұрқырап.
Таң рауанын жандарына лыпа қып,
Ай қасқада алағызып сілкінген,
Ал, әкемнің жанарына нұр сіңген.
....тас обадан оқып болып намазын,
Төменгі елге салушы еді назарын.
Күн сәулесі сол обадан басталар.
Домалатып қаңбақтардың мүрдесін,
Жел көтерет киіз үйдің іргесін.
Әкем болса, желмен бірге желпініп,
Таңғы шайда айтатұғын бір кесім.
Шаңырақтан күн түсетін шашырап,
Арзу тілек көңілге кеп басылат.
Аламанның ортасы ғой бұл өмір,
Сағыныштың нотасы ғой бұл өмір,
Бара жатыр қарашықты жас ырғап...
Жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке!
Боздауық тамшылар
Көп болды қарагерге мінбегелі,
Көп болды көкпарды да ілмегелі,
Құдай-ау, тас қалаға қайдан келдім,
Хал-жайымды сұраман мінбедегі.
Ішімде ақжал өзен күркіреген,
Көзімде көгілдір мұң сіргіреген.
Қаланың шуылынан шаршағанда,
Жаныма сабыр берген шіркін өлең.
Өмірден аз ба екен түсінгенім,
Қарашы өкпе-бауыр ісінгенін.
Ауыл жақты сағынсам қарагерді,
Самғайды өлең деген құсым менің.
Бұл тағдыр қай пендені жылатпаған,
Құйылады жаңбыр боп сұрақ маған.
Кептелісте кенезем кеуіп отыр,
Күндерім-ай, ауылдан жырақтаған.
Көңілдің тұтандырып дүрбелеңін,
Жіпсіз ойға асылып күнде өлемін.
Құйттай ғана жүрегім бөлшегі сен,
Туған жерім күт мені, бір келемін.
Жылқы жыры
О, Жез тұяқтар!
Сенсің қанымда дүбірлеген,
Сенсің құлағыма күбірлеген.
Менің аппақ арым,
Менің тәтті жаным.
Сенің жүрегіңде үлбіреген.
О, Сайгүліктер!
Сен ояттың даламды,
Сен сақтадың данамды.
Менің қанымда тулап,
Менің жанымда шулап.
Еске саласың бабамды.
О, Пырақтар!
Тұяғынан от лаулаған,
Көзімен күнді жаулаған.
Мен жауды күйреттім,
Сен әлемді билеттің,
Қасиетің бөлек баураған.
О, Арғымақтар!
Қалдырып жалтаң жағаны,
Ғарышқа орғи шабады.
Бура бір бұлттан бұлқынып,
Ай бетіне ұмтылып.
Сеңдей жөңгіліп барады.
О, Дүлдүлдер!
Жусан исі бар деміңде,
Азаттық исі бар теріңде.
Өзіңе ғашықпын бұрыннан,
Жырымды өрем қылыңнан.
Біз егізбіз тегінде.
О, Қылқұйрықтар!
Алтын жалды, елік мүсін,
Жыр боп ұшты жерік құсым.
Мен өзіңе қасқа құлын,
Жоқ менде басқа ұғым.
Эх, тұлпарлар, көріктісің!
