Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Қайым Мұхамедханов – адал азамат, тарихи тұлға» а...

«Қайым Мұхамедханов – адал азамат, тарихи тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

13.02.2026

3715

«Қайым Мұхамедханов – адал азамат, тарихи тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті - adebiportal.kz

2026 жылы 11 ақпан күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында көрнекті ғалым-текстолог, абайтанушы, жазушы, драматург, аудармашы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Қайым Мұхамедханов – адал азамат, тарихи тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Конференция барысында өзінің саналы ғұмырында қажырлылықпен еңбек еткен ғалым Қайым Мұхамедхановтың өмір жолына, мен ғылыми мұрасына қатысты кеңінен мағлұмат беретін «Қайым Мұхамедханов: тағдыр, тағылым, тұлға» атты кітап көрмесі ұсынылды.

Халықаралық конференцияға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, алаштанушы ғалымдар, бұқаралық ақпарат өкілдері, жоғары оқу орындарының магистранттары мен студенттері, сонымен қатар Қайым Мұхамедхановтың ғылыми мұрасын зерттеп жүрген бауырлас Әзербайжан, Башқұртстан және Татарстанның тіл мамандары қатысты.

Конференция барысында абайтанушы ғалымдар Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Айгүл Ісмақова, Дина Қайымқызы Мұхамедхан, Гүлтас Құрманбай және басқа да зиялы қауым өкілдері Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығына арналған баяндамалар жасады.

Ғалымның қызы, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, PhD (білім берудің халықаралық дамуы), Қайым Мұхамедханов атындағы білім беру және мәдениет орталығы» қоғамдық ұйымының директоры Дина Мұхамедханова өз баяндамасында: ««ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін Қайым Мұхамедхановтың рөлі» атты баяндамасын жасады: «Құрметті конференция қатысушылар, Қайымға тағзым етуге келген барлығына шын жүректен алғыс айтамын.

Қайым – ер қазақ. Адал азамат. Әлем азамат. Оның ғылыми және мәдени мұрасы, Отан алдындағы еңбегі баға жетпес!

Ал XXI ғасырда Қазақстан дамуы үшін оның рөлі ерекше маңызды.

Қайым тәуелсіз Қазақстан жолындағы күрес тарихында мәңгілік рухани символы. 

Тарихшы-архивист ол көптеген тұлғалардың алғашқы био-библиографы болды: олардың өмірбаяндарын жазды, мыңдаған фотосуреттерін анықтап, тарихи құжаттарын тапты, халқына жеткізді. Ең бастысы, мәтіндер сақтады және ғылыми текстологиялық әдіс арқылы қалпына келтірді. 

Мұның барлығын ең қасіретті кезеңде жүзеге асырды.

Қайым – ӘЛЕМ азаматы! Өзі ғылыми жұмысы арқылы, Әртүрлі тілдерден аударған өлеңдер мен пьесалар арқылы жиырмадан ! астам халықтың мәдениетін қазақ халқының мәдениетімен біріктірді. 

Алғаш рет ол 16 жасында әкесімен бірге тұтқындалды. Ғұмыр бойы көптеген әділетсіздікті көрді. Әкесі үшін, Абай, Шәкәрім, Алаш, Әуезов үшін жанын беру дайын болды.

Ғылым саласында «Қайымтану» терең ғылыми бағыты дайындау уақыт баяғыда келді.

Білім саласында оның тағдырын, мұрасын білу қажет, өйткені бұл мемлекетіміздің рухани іргетасын сақтауға қызмет етеді. 

Алғашқы ізашар әрі тынымсыз, ержүрек күрескер – бойында сан қырлы дарын тоғысқан ерекше тұлға. Ол – ғалым-текстолог, ақын және аудармашы, тарихшы, архивист әрі фольклортанушы, өлкетанушы және оқиғалар шежірешісі, сондай-ақ көптеген тарихи тұлғалардың алғашқы био-библиографы болды.

Ол алғаш рет маңызды тарихи құжаттарды тауып, сақтап, ғылыми тұрғыдан түсіндіріп, баспаға дайындады; ұмыт қалған жүздеген есімді қайта жаңғыртты, ондаған мың беттен тұратын мәтіндерді сақтап, қалпына келтірді.

Әке мен бала – Мұхамедхан мен Қаюм – текті де дарынды пассионар тұлғалар. Олар халқымызды мәдени құндылықтар төңірегіне топтастырып, өздерінің нақты іс-әрекеттері арқылы XIX–XX ғасырларда ұлттың рухани-адамгершілік дамуының бағытын айқындады. Олардың елге қызмет ету үлгісі – мәңгілік.

Ұстаз бен шәкірт. Мұхтар мен Қаюм. Біздің тарихымызда адамдар арасындағы мұндай рухани тұтастық пен адамдық достықтың өзге мысалы жоқ. Өз сенімдеріне адалдықтары оларға ғылыми-мәдени құндылықтарды тәуелсіздік рухында сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Ер қазақ – әке баласын осылай тәрбиеледі: «Біздің үйге келген әр адамды ұмытпа, сен олардан тәлім алдың, тапсырмаларын орындадың», – деп әкесі ұлына өсиет айтатын.

Сол өсиетке адал Қаюм сталиндік қуғын-сүргіннің ондаған жылдарына қарамастан, солардың – ұлттың атылып кеткен асылдарының – абыройлы есімін сақтап қалды.

1980-жылдардың ортасында ресми тыйымдар алынған соң, Қайым Қазақстанда алғаш болып, сталиндік режим ұзақ жылдар бойы тыйым салған көптеген тұлғалардың өмірбаяны мен өзі қалпына келтірген шығармаларын газет беттерінде жариялады. Ол мұны істеуге толық адамгершілік, кәсіби және моральдық құқыққа ие еді.

Шәкәрім мен алашордашылар, «Алаш» партиясының Екінші съезі, А.Бөкейхановтың Абай туралы мақаласы мен ақынның қазасына жазған жоқтауы, алғашқы қазақ әдеби кештері – ғалым халыққа қайта ашқан бұл байлықтардың бәрін санап шығу мүмкін емес. Бұл – халық мұрасының ұлан-ғайыр мұхиты.

Ал бұдан бұрын, қатаң тыйым жылдарында да ол өз үйінде халық үшін «үй университеттерін» ұйымдастырып, жұртты ағартты, тарихымыздың шындығын жасырмай жеткізді..., - деп атап көрсетті, өз баяндамасында.

Конференцияға келіп қатысқан философия ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім ұлы ұстаз Қайым Мұхамедхановпен алғаш қалай танысқандығы туралы естелігін айтып берді: «Қайым Мұхамедхановпен 1967 жылы қыркүйек айында кездестім. Мен Семейдің педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсуге келдім. Келсем қан базар. Бір орынға жиырма кісі. Өтетін түріміз жоқ. Үйге қайтатын түріміз бар. Не армияға кететін түріміз бар. Сол жердегі бай-қуатты адамдардың балалары: «Сенің танысың бар ма?» - деп сұрайды. «Танысым жоқ», - деймін. Ана Қайым Мұхамедханов деген кісі бар. Білесің бе?» «Естуім бар, көрген адамым емес.» «Сол кісі емтихан алады. Таныс болсаң өтесің, таныс болмасаң, үйіңе қайтасың!» - дейді. Сөйтіп кіріп кеттік. Билет алдым ғой. Сол кездегі балалығым ба, шалалығым ба, алдым да орындыққа отырмастан былай дедім: «Сұрақ былай: «Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романындағы Ботагөз қазақ әйелінің сол кездегі типтік бейнесі» екен. «Мына сұрақ дұрыс емес!» Емтихан комиссиясында отырғандар: «Әй, не жұмысың бар сенің! Оқуға түсіп алсаңшы, әуелі!» - деді. Кейбірі: «Неге сен билет сұрағы дұрыс емес дейсің?» - деді. Мен айттым: «Осы кітапты бұған дейін екі рет оқып келдім. Бір рет қоярда қоймай атам оқытқызды. Өйткені атам ол кісімен кездесіп еді. Ботагөз деген – әйел адамның типтік бейнесі емес, бұл концептуальное отношение дедім. 

Бұл – саяси роман. Концептуальное дегенді қайдан білесің деді. Оныншы сынып бітіп келіп тұрмын ғой. «1961 жылдан бастап, «Литературная газетаны» оқимын. Содан білемін», - дедім. Әңгіменің қысқасы осыдан кейін әлгі кісі 5+ деп қойды. Жанындағылар шыр ете түсті. Мынаға «Екінші сұрағыңды айтпай-ақ қой!» - деді. Қайым ағамен осылай алғаш таныстым..., - деп өткен күндерді еске алды, ғалым.

Филология ғылымдарының докторы, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай сөз алып, ұстазы Қайым Мұхамедхановтың сонау зұлмат жылдары Абайдың, Алаш арыстарының мұрасына адалдық жолында көрген азапты тағдыр жолы туралы баяндап берді. Түрме абақтысында ғалымға жан төзгісіз қысым көрсетіп, «қылмысы» үшін қол қоюға мәжбүрлемек болады: «Біз саған ештеңе артпаймыз. «Маған Абайды және оның шәкірттерін жаз деген Әуезов» десең болды. Саған ештеңе істемейміз. Шығарамыз.  Диссертацияны қалпына келтіреміз, жұмысыңды істейсің!» - дейді. «жоқ, олай істемеймін. Мен өз ой-пікіріммен жазып жүрмін!» - дейді. «Ендеше, тілге қатысты, Сергийдің Абайды шоқындыруға үгіттейтін 97-жылғы сөзін Әуезов шығарған деп айт!» - дейді. «Білмеймін, ондайды. Тілге түк қатысым жоқ!» - дейді. Содан қоймайды. Ең соңында «Өз обалың өзіңе!» - деп тергеуші әуелі ыстық камераға салады. Едені де, қабырғасы да, үсті де екі метрлік камераның астынан от жағып, қыздырып жібереді. Ұстайтын жер де жоқ. Не табаныңмен баса алмайсың. Сонда әкемнің айтқаны есіме түсті: «Қандай да сәтте болмасын, сынаққа түскенде, ең бірінші, табан етіңді күйдірме! Табан етіңді күйдірсең, одан кейін адам болмайсың. Ал қол, басқа жердің күйгенін жазуға болады», - деген еді. Солай жасайын деп, ортада ыстық су өтетін құбыр тұр екен, шап беріп әлгіні ұстап алдым да, табанымды тигізбей жабысып тұрып алдым. Іші-бауырым қоңырсып, күйе бастады. Бірақ жабысып қатқан қалпы шыдадым. Есімнен танып кетіппін. Бір уақытта есімді жиып қарасам: «Мынау мойындамады ғой», - деп, шығарды да: «Қол қоясың ба?» - деді. «Қоймаймын!» - дедім. «А, солай ма! Енді мынаны көр!» - деп суық камераға апарды. Гулеген аязға шыдап тұра алмайсың. 

Камераның ішінде шыр айналып жүгіре бердім. Жүгіре бердім, жүгіре бердім. Өкпем өшіп, есімнен танғанша қимылдай бердім. Бір уақытта құладым. Есімді жисам қапқа салып қойыпты. Денеге таңба түсірмеу үшін ұратын қап қой. Соқты кетті, соқты кетті. Содан талып қалыппын. Жаным қиналғанда берілейін-берілейін десем де: «Абай, Алаш дегенде қайта рухтанып, өзімді-өзім ұстаймын. Мен енді одан қайтпаймын. Алаш кетсе, Абай кетеді. Абай кетсе, қазақ кетеді. Тамырсыз, жапырақсыз ел болып, құмның арасында жоқ болып кетеміз. Қазақтың болашағына балта шабылады. Мен сол үшін қайтпадым», - дейді. Бұл қандай қажыр-қайрат десеңізші! – деді өз баяндамасында ғалым.

Өз кезегінде сөз алған конференцияға қатысушылардың барлығы да сегіз қырлы, бір сырлы ұстаз-ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты талқылаулар жасады. Қайым Мұхамедхановтың  110 жыл толуына арналған «Қайым Мұхамедханов – адал азамат, тарихи тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар бүгінгі іс-шарадан мол тағылымды әсер алғаны сөзсіз.

Бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференцияның басты мақсаты – ғалымның ғылыми-шығармашылық мұрасын жан-жақты зерттеу, қазіргі гуманитарлық ғылыммен сабақтастыру, жас зерттеушілерге архивтік деректер мен қолжазбалармен жұмыс істеу тәжірибесін үлгі ету, сондай-ақ отандық және шетелдік ғалымдар арасында ғылыми байланыс орнатып, тәжірибе алмасу болды.

Айтулы тұлға, абайтану ғылымын дамытуға елеулі үлес қосқан ғалым Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша дерек:

Қайым Мұхамедханов (5 қаңтар 1916 ж. – 30 маусым 2004 ж.) – ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері (1996), Қазақ ССР Гимнінің авторы (1945), Абайдың мемлекеттік музейін ұйымдастырушы (1940), Абайдың ақындық мектебі мен Қазақстандағы текстология ғылымы, шәкәрімтану, әуезовтану және алаштану ғылымдарының негізін қалаған көрнекті ғалым, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері.

Ғалымның елі үшін атқарған еңбегі сан-салалы. Мұны конференция барысында сөйлеушілер жан-жақты ашып көрсетті.

Қайым Мұхамедханов — ұлт руханиятындағы ірі оқиғалардың жылнамашысы, уақыттың тірі куәгері әрі ақиқаттың адал сақшысы.

1940 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағының мүшесі. КСРО және Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, Шығыс Қазақстан облысының Семей, Аягөз қалалары, Жаңасемей және Абай аудандарының Құрметті азаматы.

Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері (1995 ж.), Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық Абай сыйлығының бірінші лауреаты (1996 ж.), Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» сыйлығының бірінші лауреаты (1996 ж.), Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты, профессор, 1000-нан аса ғылыми еңбектің авторы.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan