Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Қалам ұшынан шашыраған мың сәуле...

Қалам ұшынан шашыраған мың сәуле

19.01.2026

6832

Қалам ұшынан шашыраған мың сәуле - adebiportal.kz

Мағира Қожахметованың рухани ғұмыры

Келер ай яғни 5 ақпанда жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мағира Қожахметова 80 жасқа келеді. 

Сексенге сергек жеткен Мағира апай өмір бойы қолынан қаламы түспей келе жатқан, жазудан әлдебір мән тапқан рухани еңбек адамы. Бүгіннің өзінде балаларға арналған журнал шығарып отыр. Таңертең сурет сұрап хабарласқанымызда, қолында Мәриям Хакімжановаға қатысты қаншама еңбек, дүние бар екенін айтқан еді. Таңғаламыз демейік (сәби мен үлкен кісінің ширақтығына тамсануға қорқасың да), дегенмен, қаламгерге  күш беріп тұрған нәрсе – атақ та, марапат та емес, өмірді түсінуге, мағынаны іздеуге деген ішкі қажеттілік, дүние сырын тануға деген тоқтаусыз құштарлық екені анық. Психология мен нейробиологияда дәлелденген бір қағида бар, егер адам бір істі сыртқы сый үшін емес, ішкі қызығушылықпен атқарса, мида дофамин тұрақты түрде бөлініп отырады да, бұл шаршауды азайтып, еш жалықтырмай, қайта ізденіске жетелей береді екен. Мағира апай ғұмыр бойы журналистикаға қызмет етті, проза жазды, романдары кең тарамаса да, жазудан бас тартқан жоқ, түстер әлемін зерттеді, музыканы зерделеді, өнерді, адамды зерттеді. Мұндай көпсалалы қызығушылықты ғылымда когнитивтік икемділік деп атайды. Яғни ми бір ғана бағытпен шектелмей, түрлі салалар арасынан байланыс табады. Мұндай адамдарда ассоциативтік ойлау жоғары болатындықтан, бір құбылысты екіншісімен байланыстыра алады да, сол арқылы жаңа мағына туады. 

Осы жерде тағы бір маңызды фактор бар. Ұзақ жылдық интеллектуалдық еңбек мидың нейрондық байланыстарын үздіксіз белсенді күйде ұстайды. Ғалымдар мұны нейропластикалылық дейді екен. Яғни ми жаңа ақпаратқа бейімделіп, жаңарып отырады. Мағира апайдың әлі күнге дейін жалықпай жазуы, тоқтамай ізденуі осы табиғи процестің көрінісі деуге болатын шығар. Ол өзін жазуға мәжбүрлемейді, жазу оның өмір сүру тәсіліне айналған. Сондықтан мұнда тек қабілет қана емес, мінез, тәртіп, ішкі еркіндік бар. Мағира Қожахметованың шығармашылық ұзақ ғұмырының сыры да осында деп ойлаймын. 

 

Апайдың «Жантәсілім», «Жападан-жалғыз», «Күннің алтын сынығы», «Жылы шырай» атты прозалық кітаптары, сондай-ақ «Әлем-әуен» секілді публицистикалық еңбектері оқырманға таныс. «Менің шашылған энциклопедиям» – интеллектуалдық сұранысқа жауап беретін салмақты еңбек. Кезінде «Түс-саяхаттардың» үзінділерін «Ақжелкеннен» оқыдық, ал адам санасының күрделілігін танытатын терең танымдық дүние «Адам-құпияның» өзіне тән сырлы әлемі оқырманды бөлекше баурады. Мағира апайдың  бүгінге дейін мониторға үңіліп, саусақтары клавиатурада еркін ойнап, балаларға арналған «Балбұлақ» журналы мен «Дертке дауа» газетін шығарып келе жатқаны да қаламгерлік мінездің айғағы. 

 

Сәті түскен сұхбаттан...

Журналист үшін өзі олжа көретін, журналистік қызметіндегі ұмытылмас сәттердің бірі санайтын сұхбаттар болады. Сондай әңгіменің бірі деп Мағира апайдан алған бірді-екілі сұхбатымызды есептейтініміз рас. Неге? Себебі, мынада. 

Мағира апайдың о бастағы шығармашылық жолынан үнемі ізденістен ізденіс туғызып, іргелі ғылымға жақындатар танымдық журналистиканың белгісі аңғарылатын, мысалы, өнертану немесе белгілі бір тұлғаға қатысты мақала болсын, түстер сыры болсын, қаламгердің тақырыпты қабылдауы мен сезінуі өзгеше. Әрқайсысы қаламгердің жүрегінен өтіп, ішкі түйсік ойға айналып, қаламынан табиғи төгіледі. 

Әдетте авторды тек жазған еңбегі арқылы танығанда, оны көбіне қалам иесі ретінде ғана қабылдайсың. Ал бірақ, кейде адамның болмысы мен шығармасы қабыса бермейтіні де бар (ондайды да көргенімізді жасырмаймыз). Төрт  жыл бұрын «Қазақстан тарихы» порталына алған екі жарым сағаттық сұхбат барысында Мағира апай тұтас бір мазмұнды кітап сияқты әсер қалдырған. Кей пікірлері ойыңды қозғайды, мысалы, тәкаппарлық пен әділетсүйгіштік бақытты болуға кедергі бола ма деген сауалға келгенде жауабы өте шынайлығымен есте қалған еді.

Былтыр «Әдебиет порталының» ютуб каналына сұхбат алдық (оған да бір жыл болыпты). Ол – апайдың Қостанай қаласынан келе жатқан беті екен, ақын Мариям Хакімжанованың кейбір дүниелерін музейге табыстап келе жатқанын айтты. Осы сұхбат барысында апай жақсы ашылды. Өзінің жүріп өткен жолына да сынай қарап, одақ тараған кездегі қазақ баспасөзіне жасалған тарихи әділетсіздікті атап көрсеткенде қаламгердің жан айқайын ұғып отырасың. Газет-журналдар миллиондаған тиражбен шығып, сол табыстың есебінен редакция ғимараттары, демалыс орындары, санаторийлер салынғанымен, бірақ, одақ тарағанда журналистердің маңдай терімен, еңбегімен жиналған ортақ қазынаның жекенің қолына өтіп кеткеніне ең алдымен өзін, өзінің қатарлас, қанаттас журналистер, жазушылар  қауымын кінәлады. Түсінесің, Мағира апай үшін сол редакция ғимараттары жай кеңсе емес, рухани орталық, қасиетті мекен ретінде тұр. Өйткені ол жерлерде ұлттың ірі тұлғалары отырды, ұлттың ойы туды, сөзі шыңдалды, тарихы жасалды ғой. Енді келіп сол кеңістіктің сауда нысанына айналуы тек мүліктен айырылу емес, рухани сабақтастықтың үзілуі емес пе, неге біз қарсы болмадық, неге өз үлесімізді талап етпедік, неге үнсіз қалдық» деген сұрақтарды өзіне де, өзгелерге де қойған Мағира апай, сол кезде беделді редакторлар мен айтулы тұлғалардың өзі сол кезде бірігіп әрекет етпегеннен, сол енжарлықтың салдары бүгінгі қаңғыбас күйге әкелді деген еді. Ойланып қаласың...

 

 

Сонымен бірге журналистердің қадір-қасиетінің аяқасты болғаны да апайды күйіндіреді. Рас қой, бір кезде қоғамды селт еткізген, билікке сөзін өткізе алатын қаламгерлердің бүгін шенеуніктің есігін айлап қағатын хәлге түскеніне, шығармашылық еңбектің бағаланбайтынына, жазғанына ақы төленбейтін жүйе орнағанына өкпелеп жүргенде, бүгінгі келіп жатқан ЖИ де журналистерді ығыстырар деңгейге жетіп қалғаны өтірік емес.  Сол сұхбатта апайдың, әсіресе, биліктің табиғатына қатысты айтқаны, қазіргі жүйені өзін-өзі тонайтын, тұтас елдің байлығын аз ғана топтың иемденуіне жол берген құрылым ретінде ең аяғында  журналистерді де, ұлттық интеллигенцияны да әлсіретті деген ойы да қисынды еді.

 

Бір дәуірдің жады

Мағира апай Мәриям Хакімжанованың үш томдығын жинақтап шығарған, ақынның жеке өмірін, шығармашылық болмысын, тағдырындағы бұралаң жолдар мен ауыр соқпақтарды, кейінгіге көрсеткен қамқорлығын, қандай сынақтан өтсе де кісілігін жоғалтпаған мінезін өмір бойы зерделеп келе жатқан санаулы адамдардың бірі. 

 

 

Менің алдымда қаламгердің «Ұзақ жолдың бойында» деген кітабы жатыр. Осында Мариям Хакімжановаға арналған бірнеше мақаласы енген екен, бәрінде өмір бойы жанында жүріп, мінезін, ішкі болмысын, тағдырмен арпалысын көзбен көріп, көңілмен түйсінген адамның жан сөзі тұр  (мысалы, 1988 жылы Мәриям Хакімжановадан алған сұхбатынан тұтас бір дәуірдің рухани портретін көруге болады).

 

 

Шындап келгенде адамды осындай биіктен бағалау үшін жай сырттай бақылау жеткіліксіз, ол үшін сол тұлғаның жан дүниесіне ене алуың керек. Ол адам қандай жолдан өтті, сол жолды қалай еңсерді, даналығы қай тұстан көрінді, оны өмір бойы тік ұстап тұрған мінезі мен ішкі тірегі не болды, осының бәріне көз жеткізбей тұрып, ол адамға шынайы баға беру еш мүмкін емес. Мағира апайдың Мәриям Хакімжанова туралы жазғандары дәл осы өлшемнен өткен. Сондықтан оның пайымы құрғақ мадақ емес, терең танымға сүйенген ішкі сенім. Осы сенімнен де ол Мәриям Хакімжанованы асқақ мінберден сөйлеген қаһарман ретінде емес, тағдырға мойымай, арын сақтап өткен қазақ әйелінің ең биік үлгісі ретінде ашады. Оны бағалауда басты өлшем атақ та, марапат та емес. Ар тазалығы, адамға деген мейірім, ұлтқа деген адалдық. Автор үшін Мәриямның ұлылығы да осында. Апайдың ақын өміріне қатысты жазған эссе-естеліктерінің көптігі содан.

Ең алдымен Мәриям ақынның келбетін тағдыр арқылы суреттейді. Автор үшін Мәриямның басты қасиеті шыдамы мен ар-ожданға адалдығы (ерте жесір қалуы, сүйген жарынан айырылуы, халық жауының әйелі атануы, жоқшылық пен қорлықты қатар көруі Мәриямды сындырмағанын, қайта ішкі беріктігін шыңдағанын көреміз). Сондықтан да «ар-намысым қолтықта» деген ішкі ұстанымы ақынның бүкіл өмірінің өзегіне айналған. Сондықтан да автор Мәриямды бағалағанда сыртқы атақ-даңққа емес, ішкі тазалыққа, адамдық биіктікке мән береді. Оның, тағдырдың қысымына қарамастан өзін төмендетпеген, қалам ұстаған, билікке жақын талай адамның ортасында жүрсе де, жеке басының пайдасы үшін арын сатпаған тұлға ретінде көрсетеді. Бүгінде уақыт басқа, кешегі дүние бүгін тез-ақ көнеге айналып жатқанда  жас ұрпаққа Хакімжанованың өлеңін оқу да, қабылдау да  қиын, бірақ, Мағира апай Мәриямның ақындығынан бұрын адамшылығын жоғары бағалағандықтан да, оның өлеңдеріндегі шынайы трагедияны, ішке жұтылған шерді, тұншыққан еркіндікті айрықша сезіммен талдайды. Және біз оның ақындық болмысы екіге жарылғанын да көреміз: бір жағынан сол кезеңдегі уақыт  талабымен жазылған мадақ, ұраншыл өлеңдер бар, екінші жағынан жүректі тілген шындық, қуғын-сүргіннің зары, жазықсыз атылған боздақтардың қасіреті бар. Мағира апай осы қайшылықты ақтауға да, даттауға да бармай-ақ,соның бәрін сол заманның тегеурінінен асып кете алмаған ақынның трагедиясы ретінде қабылдайды.  Ақынның ішкі әлемінің тазалығын, мейірімге толы жаратылысын танығаннан да Мағира Қожахметова Мәриямды бүкіл қазақ зиялыларының анасы деңгейіне көтеріп, жасы үлкені де, кішісі де оны паналағанын, ақылын тыңдағанын, үйінің рухани орталық болғанын нақты мысалдармен баяндайды.

 

 

Және Мағира апай Мәриям Хакімжанованың тағы бір қырын –  тарихтың тірі куәгері, ұлт жадын сақтаушылық қырын жақсы көрсеткен екен. Халық ақындарының мұрасын жинауы, олар жайлы естеліктер жазуы, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрған тағдырларды қағазға түсіруі  шынымен де оның рухани аманат арқалаған тұлға екенін дәлелдемей ме?  Міне, Мағира апай  Мәриям апасы жайлы айта отырып, адалдық, мейірім, кеңдік сияқты қасиеттердің азайып бара жатқанын салыстыра көрсетіп, бүгінгі заманға да ишара жасайды. 

 

Қаламгер әйелдер галереясы

Әрине, қазіргі жастардың көзімен қарағанда бір адамды тануға, зерделеуге өміріңді арнау деген әркімге әрқалай көрінуі мүмкін (біреуге ол жеке тұлғаға тәуелділік болып, біреуге шығармашылық еркіндікті шектеу сияқты болып), бірақ Мағира Қожахметованың жағдайында бұл таңдау өз болмысымен үйлескен таңдау. Ол бір ғана Мәриям Хакімжанованы емес, сол адам арқылы тұтас дәуірді, тұтас әйелдер әлемін, ұлт руханиятының бір қабатын зерттеді. Мәриям Хакімжанова ол үшін жеке тұлға ғана емес, замананың символы, әйел тағдырының жиынтық бейнесі болды. 

Бұл рухани миссияға берілгендік. Әркімге бұйыра бермейтін, бірақ жүзеге асса, үлкен нәтиже беретін жол. Мағира апай сол жолды таңдады және адасқан жоқ. Себебі оның еңбектері арқылы бір тұлға ғана емес, тұтас рухани әлем кейінгіге аманат болып қалды. 

Айталық, Мағира апай Мәриям апайдың қасында жүріп, оның шаңырағынан Тәшбүбі Бәрібаева, Нұржамал Саналиева, Әмина Мәметова, Зүфнүн Нұрмақова, Дәмеш Ермекова, Мәриям Мұқанова, Сара Мыңжасарова, Фариза Оңғарсынова, Мәрия Қарақонақова, Әмина Нұғманова секілді қазақтың талай қайраткер әйелін көрді, дидарласты, әңгімесін тыңдады. Түсіне білген адамға бұл жай ғана таныстық емес, өлшеусіз рухани олжа. Журналист пен қаламгер үшін баға жетпес багаж. Мұндай ортаның ішінде жүру адамның дүниетанымын өзгертпей қоймайды, өлшемін тереңдетеді, сөзге деген жауапкершілік жүктейді.

Осы «Ұзақ жолдың бойында» кітабының «Руханият. Тұлға. Уақыт.» бөлімінде қазақтың қайраткер ақын-жазушы әйелдерінің тұтас галереясы жасалғаны тегін емес. Бұл бөлім кездейсоқ қызығушылықтың немесе сырттай құрметтің жемісі емес, ұзақ жылдарға созылған ішкі ізденістің, жанкешті зерттеудің нәтижесі дер едік. Өзім «Прозаның алғашқы арулары» аталатын мақаланы қызығып оқыдым. Сара Мыңжасарова, Ләтипа Құрманаева, Күлиман Жүнісовалар жайлы айта бермейміз. Мысалы мынадай дерек бар,  «Сара Мыңжасарова 1971 жылы орталық партия комитетінің ұсынысы бойынша Байланыс министрлігінің баспасөз тарату бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Осы кезеңде Сара Рахманқызы қазақ тіліндегі газет, журналдардың, жарық көретін кітаптардың кең таралуына өлшеусіз үлес қосты. Ұлтын сүйген жүрек қалауының арқасында 1970-1982  жылдары 15 миллион Қазақстан халқына шаққанда 19 миллион дана газет-журнал таратуға қол жеткізілді. Орыс әріптестеріне «Қазақ кітаптары өтпейді» деген сөзді қойдырған да өзі еді. Орысша жазып, сөйлегенде, алдына жан салмайтын Сара Мыңжасарова «орыс баспасөзіне қауіп жоқ, сендер қазақ баспасөзін сол дәрежеге жеткізуге міндеттісіңдер, сендер осы орында отырғанда, қазақ баспасөзінің жолына кесе-көлденең жатқандарыңда, қазақ басылымдарының таралымы өспейді, қане, дереу іске кірісіңдер» деп қатты айтудан сескенбеді». Ұлттың өз болмысын сақтауына келгенде бұқпай, шын қайрат көрсетудің бір мысалы осы емес пе! «Сара апамның соншалықты терең сырларын айтқанына қайран қалам, оны шығаруға батылым жетпейді. Ол тұншығып өткен адам», – деген еді Мағира апай бізбен сұхбатында.

 

Осы жерде бір нәрсе ойға оралып отыр. Жазушының өз романы «Жантәсілім», жайлы  сөз қозғаған кезде, ондағы оқиға, тағдыр, бәрі өзінің әулетіне қатысты екенін білдік. Апаймен  әңгімемізде мынадай диалог болды.

- Мен халықтың басынан өткен ерекше тағдырды айдаладан іздеп жүрмін ғой, Шыңғыс Айтматовқа табынып, «Ана – Жер Анада» бүкіл үш баласы өлді, қандай қасірет» деп. Сөйтсем, өзімнің әулетімде болған екен сондай қайғы,  сол қасіретке қалай мән бермегенмін? Содан бір ауыз ештеңе білмеймін, бәрін бертінде естідім...

Шынын айтқанда апайдың бұл айтқаны өте ауыр әрі өте шынайы еді.  Шынында адамның өз халқының қасіретіне сырттан қарап, кітап пен кинодан танып жүріп, сол қасіреттің өз шаңырағында, өз тегінде болғанын кеш білуі ішін астаң-кестең етпей қоймайды. Бұл жерде әңгіме тек бір отбасының тарихы туралы емес, тұтас ұлттың басынан өткен үнсіз трагедия жайлы болып отыр. Апай бұл жерде алдыңғы буынды да кінәлап отырған жоқ. Ол тек бұл шындықты кеш білгеніне налиды, бірақ, оны өз тағдырының трагедиясы ретінде ғана емес, ұлттық дерт ретінде түсінеді. 

Оның жазуға, зерттеуге, тұлғалар тағдырын түгендеуге неге сонша құмар болғанының бір себебі де осы сияқты. Айтылмай қалған шындықты айтуға, көмескі тартқан тағдырларды жарыққа шығаруға деген ішкі қажеттілік. Бұл жай кәсіби қызығушылық емес, моральдық борышқа ұқсайды.  

Бұл жердегі үнсіздіктің табиғатын бәріміз де түсінеміз, үлкендер сол заманда шындықты айту қауіпті екенін білді, балаларды қорғау үшін, аман сақтау үшін өткенін ішке жұтты. Бірақ сол үнсіздік кейінгі буынның тарихи жадын үзіп тастады. Біз қасіретті жаттан біліп, оқып, өзегімізге жақындатпай қабылдадық. Ал көбі  өз үйінің қабырғасында қаншама сыр жатқанын білмей өсті.

 

Адамды бағалау неге қиын?

«Өзінің бүкіл жазған-сызғанының нәтижесін көрмеген, жемісін татпаған адаммын. Екі рет статьямен жұмыстан қуылып кеттім. Романым шықпады, драмам қойылмады деп түңіліп кетуге болар еді. 79 жасқа келіп, кітабымның презентациясын жасаған жан емеспін, жеке кешім өткен емес, бұл жақсы деп айта алмаймын, аты шығу үшін жүгіреді екен, оған менің уақытым жоқ, – деді апай. 

Шынында адамды бағалау неге қиын? Біздіңше, бұл сұрақтың түбі бір адамның қадірін білмеуде емес, тұтас қоғамның өлшемінде жатыр. Басты себебі – құндылықтар иерархиясының ауысуында жатқан шығар?  Өйткені бүгінгі қоғамда пайда, жылдам нәтиже, көзге көрінетін табыс бірінші орынға шықты ғой. Ал Мағира Қожахметова сияқты адамдардың еңбегі ұзақ уақыттан кейін ғана білінеді, олардың жазған-сызғаны бір күнде назар аудартпайды, мыңдаған лайк пен қаралым жинамайды, бірақ, уақыт өте салмақтанып,  сананы қалыптастырады. Біз дәл осы баяу, терең әсер ететін еңбекті бағалауға келгенде енжармыз.

Оның үстіне қазір байқасаңыз, қоғамдық ой алаңының да ауқымы тарылып, кішірейді. Әдебиет, баспасөз, руханият қоғамдық талқылаудың өзегінде тұратын кезеңге қашан келеріміз белгісіз, әйтеуір, ақпарат көп болғанымен, ой азайды. Бұндай жағдайда ойы бар, айтары бар, ізденісі бар адамдар көзге түспей қалады. Айғайламайтын, өздерін жарнамаламайтын, керісінше қоғамға сұрақ қоятын, күмәнданатын, күрделі мәселелерді көтеріп, бағыт көрсететін адамдар билік үшін қай заманда да ыңғайсыз, мұндай тұлғаларды көтеру үшін еркін ойды, дербес пікірді мойындайтын орта керек. 

Ал негізі осындай адамдар ұлттың ішкі иммунитеті. Олардың ойы, көзқарасы жедел нәтиже бермейді, бірақ ұрпақтың ойлау қабілетін қалыптастырады, рухани бағдар береді. Егер қоғамда Мағира Қожахметова сияқты жандар болмаса, біз ақпаратты тұтынатын, бірақ мағынаны сезбейтін ортаға айналар едік. Демек, мәселе бізде. Біздің бағалау параметрімізде:  біз қазір тереңдікті тез әсермен, адамның орнын, еңбегін атағымен өлшейтін болдық. Сол өлшем өзгермейінше, осындай адамдар әрқашан тасада қала береді ау...

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan