Бүгін Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында еліміздегі жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы және «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Біз мемлекеттің өзі мүдделі болып отырған осынау жобалар жайлы оқырманға кеңірек айтып өту үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Кітап ісі басқармасы басшысы Алмаз Мырзахметтен бір ауыз пікір алған едік.

- Мәдениет және ақпарат министрлігі қаламгерлерге қолдау көрсетуде үздіксіз жұмыстар атқарып келеді. Сол жұмыстардың бір нәтижесін қорытындалайын деп отырмыз. Яғни дәстүрлі жыл сайын ұйымдастырылатын Президенттің жас қаламгерлерге арналған арнаулы әдеби сыйлығының жеңімпаздарын анықтайтын боламыз. Бұл бізде төрт номинация бойынша анықталатын болады. Үздік проза, үздік поэзия, үздік драматургия, үздік балалар әдебиеті. Бұл номинациялар бойынша 48 өтінім түскен болатын. Соның ішінен әділқазылар алқасы, комиссия мүшелері үздіктерді таңдады, Үздіксіз өтіп жатқан тағы бір әдеби сыйлықтардың бірі, зиялы қауым ортасында жылы қабылданған ұлттық «Айбоз» әдеби сыйлығының жеңімпаздары да бүгін марапатталады. Бұл байқауға жеті номинация бойынша 180-ге тарта өтінім түскен болатын. Бұл жобалар жастарға және әдеби дамуға өзіндік үлесін қосады деген сенімдеміз.

Жас қаламгерлер – жарқын болашақтың үкілі үміті
Марапаттау салтанаты дәл уақытында басталып, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұлт рухнаияты үшін істеліп жатқан игілікті жұмыстар туралы айта келіп, жеңімпаздарды құттықтады.
«Осы күндері біз тарихи кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Мемлекет басшысының әділдік пен біртұтастыққа, заң мен тәртіпке негізделген ауқымды реформалары ел дамуының жаңа бағдарына айналып отыр. Бұл өзгерістер қоғамды жан-жақты жаңғыртудың берік негізін қалыптастырады. Мемлекетімізде жүріп жатқан конституциялық реформалар – тек құқықтық өзгерістер ғана емес, елдің болашағын айқындайтын, қоғамдық сананы жаңғыртатын, азаматтар мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті арттыратын түбегейлі бетбұрыс. Осындай сындарлы кезеңде қоғамның рухани бағдарын айқындау, елді ортақ мұраттарға ұйыстыру – айрықша маңызды. Расында, тарихи мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау – баршамызға ортақ міндет. Бұл ұстаным алғаш рет Конституция жобасында нақты көрініс тауып, мәдениет пен руханият мемлекет дамуының маңызды тіректерінің бірі ретінде айқындалды. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция жобасында мәдениетке берілген басымдық – сөз өнеріне, шығармашылық еркіндікке, ұлттық ой-сананың жаңаруына бағытталған маңызды шешім деп білемін. Сондай-ақ жаңа Конституцияда білім мен ғылымға, мәдениет пен инновациялық дамуға айрықша басымдық берілуі – мемлекетіміздің стратегиялық ұстанымын айқын көрсетеді. Бұл таңдау елдің басты капиталы – адам әлеуетін дамытуға, әр азаматтың білімі мен дарынын ашуға, прогреске бастайтын жаңа технологиялар мен шығармашылық ойды қолдауға бағытталған. Мұның бәрі Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, ең алдымен рухани қуаты мықты, бәсекеге қабілетті, озық ойлы ұлт қалыптастырумен тікелей байланысты екенін тағы да дәлелдей түседі. Бұл жауапкершілігі зор миссияда қаламгер қауымының рөлі ерекше. Себебі әдебиет – қоғам айнасы, ұлттың жан әлемі. Қалам иесі уақыттың тамырын дөп басып, қоғамдағы өзгерістерді пайымдап қана қоймай, адамгершілік, ізгі құндылықтарды насихат етеді. Бүгін марапат иелері – дәл осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген қаламгерлер екені сөзсіз. Әсіресе, жас қаламгерлер – жарқын болашақтың үкілі үміті. Сондықтан Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда жас буынның ойы еркін, сөзі мен ісі жауапты болуға тиіс», – дей келіп, Президент тапсырмасымен мемлекет тарапынан еліміздің ақын-жазушыларын қолдауда атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

«Жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен қаламгерлеріміздің кітаптары жарық көріп, қаламақы төленуде. Мәселен, өткен жылы 119 кітап 240 мың данадан астам таралымда басылып шығып, еліміздің кітапханаларына таратылды. Сондай-ақ 61 кітаптың авторлық құқығы сатып алынып, авторларға қомақты қаламақы төленді. Өткен жылы Президент бастамасымен «Ұлттық кітап күні» мерекесін алғаш рет кең көлемде атап өттік. Қазақстан Жазушылар одағымен «Стратегиялық әріптeстік» орнату арқылы ірі үш жоба жүзеге асты. Аталған жобалар аясында 35 жаңа кітап жалпы таралымы 24 мың данамен жарық көріп, кітапханаларға табысталды.
Оның ішінде жас қаламгерлер «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы арқылы өңірлердің тарихи-рухани болмысын көркем шығармаға айналдырып, оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Бұл жоба бойынша екі жылда 40 жас қаламгердің кітабы жарық көріп, олардың әрқайсысы көлемді қаламақы алды. Сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Ерлік пен еңбек дастаны» шығармашылық байқауы ұйымдастырылды. Әрине, қаламгер қауымына жүйелі әрі мақсатты қолдау көрсетуде бүгінгі Президенттік жастарға арналған арнаулы әдеби сыйлық пен «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының орны айрықша. Бұл марапаттар – сөз өнеріне деген құрметтің, әдебиетті ұлт руханиятының негізгі тіректерінің бірі ретінде танудың нақты көрінісі. Аталған сыйлықтар арқылы қазақ әдебиетіне мазмұны терең, көркемдік деңгейі жоғары тың туындылар қосылып, шығармашылық кеңістікте жаңа есімдердің ашылуына сеп болып отыр.
Байқау арқылы біз әдеби ой жаңарып, заман талабына сай тың тақырыптар мен жаңа көркемдік ізденістер қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Осы игі бастамалар ұлттық әдебиеттің дамуына серпін беріп, қаламгерлерге жаңа жауапкершілік пен тың мүмкіндіктер жүктейтініне сенімдіміз» деді Аида Балаева ханым.

Президенттік арнаулы әдеби сыйлық иелері
Сонымен 2025 жылғы Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың «Проза» номинациясында «Тергеуші» еңбегімен жеңімпаз атанған Арман Әлменбет, «Поэзия» номинациясы бойынша «Құмдағы хикая» өлеңдер жинағымен жеңімпаз атанған Саян Есжан, «Драматургия» номинациясы бойынша «Ақ киіз» драматургиялық туындысымен жеңімпаз атанған Бауыржан Ширмединұлы, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Жазда атамның аулында..» туындысымен жеңімпаз атанған Аслан Тілеген марапатталды.



Әдебиеттің биылғы «Айбоздары»
Ал енді «Айбозға» келсек, 2025 жылғы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының «Үздік поэзия» номинациясында «Айша бибі» шығармасымен жеңімпаз атанған Хамит Есеман, «Үздік проза» номинациясында «Бруклин көпіріндегі кездесу» шығармасымен белгілі жазушы Дәурен Қуат, «Үздік драматургия» номинациясында «Кенесары хан» шығармасымен жеңімпаз атанған Әділбек Ыбырайымұлы Үздік аударма» номинациясында «Күн қармаған бала» шығармасымен жеңімпаз атанған Әсем Ережеқызы, «Үздік балалар әдебиеті» номинациясында «Алтын бала» шығармасымен жеңімпаз атанған Қанат Әбілқайыр, «Үздік әдеби сын» номинациясында «Мұқағали мен Енхе. Ақын мен адамның драмасы» шығармасымен жеңімпаз атанған Амангелді Кеңшілікұлы, «Үздік комикс» номинациясында «ТАБУ. Жоғалған үміттің ізі» шығармасымен жеңімпаз атанған Ильдар Сансызбайұлы мараптталды



Қазылар пікір білдірді
Биылғы байқау қорытындысының ерекшелігі –қазылар алқада өзінен басқа тағы кімнің бар екенін білмейді және шығарманың авторы құпия болады.
Аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кенжебай Ахметов жазушы, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Асқар Алтай, жазушы, драматург Мәдина Омарова, ақын, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс өз пікір-көзқарастарын жария түрде білдіріп, қай шығармаға не үшін дауыс бергенін, қандай ерекшеліктерін ескергенін түсіндіріп айтып өтті. Бүгінгі салтанатты іс-шараға қатысты видеорепортажды инстаграм парақшадан көруге болады.
«Айша бибі» жеңімпаз болды
«Айбоз» әдеби сыйлығының поэзия аталымы бойынша жеңімпазы Хамит Есаманмен жедел сұхбатты ұсынып отырмыз.

- Бүгінгі Айбоз сыйлығы құтты болсын! Мұндай сыйлықтар қаламгерлерге не береді деп ойлайсың?
- Рахмет! Ешқандай сыйлық та, атақ та қаламгердің талантына талант қоспайды. Бірақ, қалам ұстаған қауымды ынталандыру үшін, шығармашылығын қолдау мақсатында түрлі байқаулардың болғаны дұрыс. Шынайы шығарма жеңімпаз деп танылса, шын талантқа қиянат болмаса, мұндай байқаулардың да ғұмыры ұзақ болады. Шыны керек, қоғамда көп насихатталмайтын да, көп жерден көріне бермейтіндер де осы қаламгерлер. Мұндай байқаулар қаламгерлердің жаңа шығарма жазуына да өзінің септігін тигізеді деп ойлаймын.
- Бүгін бәйгеге қосқан «Айша бибі» поэмасын осы байқауға арнайы жаздың ба, әлде бұрын жазылған дүние ме еді?
- «Айша бибі» поэмасы көптен бері ойда жүрген дүние еді. Біраз жыл дайындалып жүріп, өткен жылы жазып бітірдім. «Айбоз» сыйлығына арнайы жазған жоқпын. Бұл поэма - тек қана Қарахан мен Айша бибінің махаббат хикаясына құрылған шығарма емес. Шамамның келгенінше ұлы даламыздың, оның ішінде Тараз шаһарының тарихи-мәдени, рухани өмірін көрсеткім келді. Өзге елдермен байланыс қазақ даласында сол кезден бастап дамыған. Өркениет өріне ұмтылған кездерді де ашып көрсету мақсат болды.
- Өңірдегі қаламгерлер әдеби ортадан тыс қалып қойып жатқан жоқ па?
- Өңірлердегі қаламгерлер әдеби ортада шығармасымен-ақ бола береді. Жақсы шығарма жазса, оны әдеби ортаның өзі-ақ көреді. Барлық аймақтарда қаламгерлерге қолдау бар деп ойлаймын.
Жедел сұхбат құрған Олжас Сәндібек


