1. Бай Өлке
Шығатын Күні шалқып,
Туатын Айы еркелеп,
Жататын ырысы аңқып,
Байырғы Бай Өлке! – деп...
Басымды иіп төмен
Бастым кеп топырағын,
Сезіммен сүйіп терең
Қырат,
Қыр,
Шоқыларын...
Бес боғда —
Шың — мұздақтан,
Бөкентау — қыран ұшқан.
Манаурап...
Мызғып жатқан
Тәрізді тірі арыстан!..
Төрт түлік толған дүз де,
(Секілді әйел төсі...)
Қайырлы болған бізге,
Байырғы Бай Өлке осы!..
Боғданың асқар шыңы!
Қобданың қара желі!..
...Көздегі қос тамшыны —
Қарт әке,
Кәрі әжені...
Көрдім де,
Не сенерге
Сөз таппай құшақтадым.
Әкеме, шешеме, әлде,
Ұқсаттым...
Ұқсатпадым?!.
Жоғалтып тапқандаймын,
Жанымның бір бөлшегін.
Құныңды батпан қайғым,
Сұраймын кімнен сенің?..
Көңілім босаған жоқ,
Көзіме жас келмеді.
Бұл да бір босағам деп
Қадірлеп, қастерледім!..
Құшағы оттан ыстық,
Құсалы тағдыр көбі.
Шұрқырап кеп табыстық,
Шаттанып жан гүлдеді...
Қазақтың иісі аңқып,
Күні ойнап, Айы еркелеп,
Әні мен күйі шалқып,
Жататын Бай Өлкеге —
Ақ сөзін әз-жүректің,
Арнадым...
Ой кешіп кеп...
Бата оқып, тағзым еттім,
Баянды Бай бесік! – деп.
Байырғы Бай бесік! – деп.
2. Қоңыр Қобда
Қақ жарып өтіп ескі қаланы,
Қабырғамды ұрып, соққылап...
Түнімен Қобда өксіп ағады,
Түсінер ешкім жоқ, бірақ!..
Еңсені езіп ежелгі қайғы,
Егілсе... досы едім мен!..
Түн іші...
Тынып өзен жылайды,
Түңілген жандай өмірден.
Түсі тым суық тарғыл жыланша,
Тіс-өзегінде — қарғыс, у...
Тірідей жұтқан тағдырды қанша,
Түнермей қайтсін, қанды су?..
Сыңсиды сосын айға мұң шағып,
Сыңарсыз жанға жат па, әлем?..
Терең де терең ойға мұншалық
Тегінде мен де батпап ем!
Ағады Қобда даланы өксітіп,
Алады өксіп өзі де...
Қара аспан сауып қара-көк сүтін
Құяды Айдың көзіне!..
Қозғайды шерді
Қобданың мұңы,
Қобданың мұңы — қоп-қоңыр.
Айтпадым мен де арманымды ұлы
Амалым қанша... Өтті өмір!..
.. Қош енді, Қош бол
Қош, Өлгей, Қобдам,
Қорғансыз болсаң, сынаман!..
Сол түні қатты нөсер ғой жауған,
Сен емес, бәлкім, жылаған...
3. ОҚШАУ
Әскерхан Ақтайға.
Әсаға, осы ма еді Бай–Бесігің?
Қой демен, жазам десең айға есімін!
Азабы аз ба, сірә, кеше көрген
Қазағың енді ашпасын қайғы есігін.
Ел деп ем...
Елең еттің, елең еттің,
Талайлы тағдырың бар, не демекпін?
Жем болар жердегі құрт, құмырсқаға,
Қанаты күнге күйсе көбелектің!
Әсаға, осы ма еді, Бай–Өлкеңіз,
(Жігіт боп өскен өңір бой-еңсеңіз)
Қобданың жағасында қолын бұлғап,
Қалды екен қандай ару, қай ерке қыз?..
Тізгіндеп тағдырыңды жылдар жүрдек
Келгенде қайта айналып...
Кім бар, кім жоқ?..
Таба алмай әлдекімді тұрғандайсың
Жауардай жанарыңнан жыр жаңбыр боп.
Әсаға, осы ма еді, Баян–Өлгей,
Жаныңа таптың екен сая нендей?
Көңілде бір жатырқау бар сияқты,
Көзіңе көрінбей ме, баяғы елдей?
Көргендей көшпелі елдің көшін көне
Көп тұрып құлазыдың...
Не үшін, неге?..
Далиып дала жатты төсін кере
Бұл не өзі, айтшы, Әсаға,
Есіңде ме?..
4. САҒЫМ
Әнінде ауыр мұң бар Сағым қыздың,
Деміндей салқын тартқан қоңыр күздің.
Маңдайдан мәңгі-бақи арылмайтын
Сорымыз сонша неге қалың біздің?..
Бірі едім — мен де нағыз жансебілдің,
Білмеймін қанша жылап, қанша егілдім?..
Баяғы атажұртты аңсар ма еді
Баяны Баян-Өлгей болса өмірдің?!..
Жалғанның жарығына жаны құштар
Сазында —
Сан ғасырлық сағыныш бар!..
Бұлбұлға бақ тілеу де бақыт екен
Тотықұс емес темір торына ұстар.
Құмығып құлын даусы қыз-қалқаның,
Шыққанда жаның сыздап, мұздар тәнің.
Азат ой,
Асау арман алабұртып
Азаптың аз-ақ сәтте үзді арқанын!..
Қоңыр бел,
Қоңылтақ жел,
Ескі сарын...
Бұлдырап көз алдымнан көшті сағым.
...Келтіріп қойлы ауылдың кешкі сәнін,
Шіркіннің тағы да бір естісе әнін!..
Бұл тағдыр ашып солай кеш құшағын,
Ұрламақ ғұмырымның есті шағын.
Бірде мұң...
Бірде шаттық... күйге түстім,
Білмеймін, қандай сезім кешті Сағым?!.
5. КӨШ
Етегінен — ел көшкен, басынан — бұлт,
Суынан сүт аңқыған, тасынан құт.
Бұл Алтайдың бер жағы біздің ауыл,
Арғы жағы жүдеген, жасыған жұрт...
Мен де сендей ауыр мұң кештім жылап?
Елемеді онымды ешкім бірақ.
Еміс-еміс естіліп ескі бір ән,
Елестейді көзіме көш бұлдырап.
Әне бір көш құлайды Бесбоғдадан,
Және бір көш жылайды...
Есте ол заман!..
Хабарыңды бер, қалқа, бер ертерек,
Қадір болмас сәлемде кеш жолдаған!..
Тек Тәңірге тұратын басын иіп,
Тәкаппар тау —
Осы Алтай,
Осы Биік!
Топырағын торқа еткен...
Тіршілікті
Тәрк еткеннің басына тасын үйіп.
Бір көш ауып барады Бөкентаудан,
Бір көш қалып барады...
Бекер, қарғам!..
Біреу тынып, бітеді бұл сапарда,
Біреу үміт күтеді жетер таңнан!..
Болар ма еді сонша ауыр сорың дала?
Қорым...
Қора...
Ай құлақ момын мола,
Үнсіз ғана жылайды...
Мұңсыз ғана
Қобда бойлап жүгірген қоңыр бала.
Қоңыр бала жүгірген...
Қобда бойлап,
Жүрсің бе, әлде, жоқ іздеп, жол қарайлап?..
...Өмір,
Өмір, осылай, өтесің-ау,
Арман,
Арман,
Арман-ай,
Арман-айлап!..
БӨРІЛІ...
«Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім – Бөрілі»
/М. ӘУЕЗОВ/
Бөрілі жырым,
Бөрілі мұңым,
Бөктерлеп кеп тұр өз балаң...
Қобыздың мен де қоңыр үнімін,
Қозғаған сайын боздаған.
Қастерлім, кешір, қалдым адасып,
Қасиет жолын таба алмай.
Басымнан сипап, бауырыңа басып,
Баурашы туған анамдай!
Балғын денесін бала Мұхтардың
Балқытып жуған Қарасу*
Сен айтшы, маған далалықтардың
Салты ма, сірә, адасу?..
Басымды иемін, Бөрілі саған,
Басалқы сөзің алданыш.
Сені қайғыдан, мені құсадан
Сақтайтын өзі, бар ма күш?..
Жетпейді саған бар дүние құны,
Жерің де, желің жұпарлы.
Әуез қожаның әулиелігі —
Әлем таныса Мұхаңды!..
Алдыңа келдім, Аяққараған*,
Абайлап басып аяқты.
Бөгеліп қалмай аяп бабадан,
Бақ қылдым құран-аятты!..
Бөрілі мұңым,
Бөрілі мұңым,
Бөбегім — өлең. Жылатпа!
Жазылмады әлі ең ұлы жырым,
Жазғырма, жаным, кінә артпа!..
Ғазиз әкенің, әзиз ананың,
Ғарыш жаратқан жері деп,
Ойшылдың іздеп сәби жанарын,
Ойға шомады төңірек...
Ол жайлы ешкім сыр ашып бізге,
Олжа бермейді. Кең өлкем!..
Бұл жаздың соңы ұласып күзге,
Бұлғайды қолын тағы ертең.
Зулайды солай уақыт деген,
Замана болмас залалсыз.
Арманымды әппақ құлатып төмен,
Азабын тартам амалсыз.
Бөлеулі жырым,
Бөрілі мұңым,
Бөтенсіп, азап кештірме!
Мен де бір МҰҢНЫҢ қоңыр ұлымын,
Мейман боп келген бес күнге!..
*ҚАРАСУ – бұлақ.
*АЯҚҚАРАҒАН – Күзек. Жазушының туған жері.
ШЫҢҒЫСТАУ…
Бұланайдай Мұхтар туған
Уа, Шыңғыстау,
Құрсағың құтты алтыннан!..
Заманалар ауса да заңғарым-ай,
Бір айныған емессің тік қалпыңнан!
Тік қалпыңнан айнымай, нық қалпыңнан,
Ұлылықты ұқтырып Ұлтқа алқынған,
Жарықтығым, жәй ғана жатқаныңмен,
Именеді былайғы жұрт даңқыңнан!..
Уа, Шыңғыстау,
Күмбірлеп күмбезіңде,
Кілең күлік кісінеп туды өзіңде.
Саған іңкәр мұң бар Ай жүзінде,
Саған ынтық бір нұр бар Күн көзінде!
Сен – бірегей таусың дүр...
Сен биіксің!
Тағзым, саған, тәкаппар керме иық шың!
Абайдағы – армансың, ащы азапсың,
Шәкәрімдегі – шеменсің, шер-күйіксің!
Сен сондықтан биіксің,
Тым биіксің!
Тереңдік пе?..
Тереңсің!..
Тұңғиықсың!..
Ұлылықтың бастауы... уа, Шыңғыстау,
Ұлтым деген қызға – құт,
Ұлға – Үйықсың!..
...Сен сондықтан биіксің,
Тым биіксің!
ШЫҢҒЫСТАУ немесе СОҢҒЫ ТОЛҒАҚ…
«Ең соңында толғатты,
Мұхтардай Гималайды...» /Қалихан Алтынбаев/
Қалғаны ма, есі ауып ел жұтаңдап,
Алғаны ма, бақты емес сорды таңдап,
Қорлады ма, бір кесір жолды торлап,
Болғаны ма, шынымен соңғы толғақ?..
Үлгісі – аңыз
Тіл қатшы, Шыңғыс – абыз,
Қайғы жұтып қашанғы мұң құшамыз?
Аласұрып әлі күн арқалап жүр,
Бір кісінің артынан мың кісі арыз.
Танымадық,
Таппадық,
Біз Абайды!..
Арманымыз неге алыс ұзамайды?
Ғасыр өтіп барады, ғасыр өтіп,
Ішімізде кек-құса, ыза-қайғы...
О, Туған жер,
Құшағы от, құрсағы алтын!..
Тынысыңды тарылтып тұмшады әркім.
Тұншықтырып қасірет қырық жылғы
Тұнығынан лайланды-ау тұмса қалпың.
Кесапаттың кісені қолды қажап,
Содан бері кешкенің
Сор!.. Мұң!.. Азап!..
...Ұлы Мұхтар – шынымен соңғы толғақ
Ұлы Абайды таныған соңғы қазақ!
...Бір шындық бар шыңғырған,
Шыңғыстауда,
Сезем соны кеудемді мұң қысқанда.
Айтам оны бір күні!..
Айта алмаса
Ақын үшін одан зор қылмыс бар ма?!.
